ҚАЗАҚ ФИЛОСОФИЯСЫНДАҒЫ АДАМ БОЛМЫСЫНЫҢ ДАРАЛЫҚ ДЕҢГЕЙІ
Филос.ғ.к. Бегдаулетова Қ.Д.
Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты, Шымкент, Қазақстан
Қазақ философиясының ерекшелігі жалпы философия тарихында жан-жақты қарастырылмағанымен, адам туралы, оның болмысы туралы ұлы далада туындаған ойларға зер салатын болсақ олардан терең сырды, далаға тән даналықты байқауға болады. Л.Н. Гумилев өзінің «Этногенез және жердің биосферасы» деген еңбегінде «Көшпелілер мәдениеті өзінің 3 мың жылдық ғұмырында Жерорта теңізі мен Қиыр Шығыс елдеріне қарағанда шығармашылық эволюцияны бастан өткерді» - деп тұжырымдауы осыған дәлел.[1, 5 б.].
Адам болмысының даралық, ерекшелік, жалпылық деңгейлері жалпы адамзаттың дамуының белгілі бір кезеңдеріне сәйкес келгенімен, олардың қайсысы болмасын бүгінгі күні де өз өзектілігін жоғалтқан жоқ. Себебі әр адам өмір сүру үдерісінде бүкіл адамзат тарихының әр кезеңінен өтуі тиіс. Яғни дүниеге келген әр адам болмыстығын анықтау үшін біріншіден өзінің өзгелерден даралығын, сосын ерекшелігін және жалпылығын анықтауы қажет. Тек сондай жағдайда ғана ол адам деген ұлы атқа сәйкес өмір сүре алады. Осыған байланысты бүгінгі күнге дейін жетіп отырған отты аттап өтуге, күлді басуға, суға түкіруге сияқты т.б. тыйымдар ескінің қалдығы емес, керісінше дүниеге келген әр адамның табиғатпен үйлесімділікте болуының алғышарттары. Мұндай тыйымдардың әр халықта әр түрлі болуы, олардың табиғатпен, қоршаған ортамен қарым-қатынастарының ерекшеліктері арқылы анықталады. Жер бетіндегі әр халықтың табиғатпен үйлесімділікте өмір сүруге талпынысы осының айғағы болып табылады. Үйлесімділік арқылы болмысының даралығын анықтаған адам ғана өзінің дамуының келесі сатысына, яғни ерекшелік деңгейіне өте алады.
Қазақ санасында адам болмысының даралық деңгейінен ерекшелікке өту қалай басталғандығы Т.Х. Ғабитовтың «Философия» атты оқулығында жан-жақты талқыланған. «Дәстүрлі мәдениетте уақыт басымдылығын жоғалтып, жаңашылдықтарға бейімделе бастайды. Мысалы көшпенділердің дәстүрлі құдайы Тәңірі уақыт өте келе Алла бейнесімен бірігіп кетеді, Албасты бірте-бірте исламның зұлым рухтары қасиеттерін бойына сіңіріп, ал Баба түкті Шашты Әзиз мұсылман әулиесіне айналады». [2, 114 б.].
Егер Еуропада адам болмысының даралық деңгейінен ерекшелікке өту үдерісі еврейлердің иудаизм дінімен тікелей байланысты болса, қазақтар үшін бұл үдеріс ислам дінінің енуінен басталады. Үлкенді сыйлау, олардың жолын кесіп өтпеу, тіпті дастархан басында әр адамның өз орнының болуы адам болмысының даралық деңгейіне тән өнегелілік заңдылықтары еді. Ендігі жерде өнегеліліктің орнын исламдық моральдық-этикалық нормалар жиынтығы басады. Мұндай үдеріс адам болмысының ерекшелік деңгейіне сәйкес келетін табиғи қажеттілік болып табылады. Себебі ерекшелік деңгей адамның дүниедегі орнын анықтауға емес, керісінше оның бойындағы қасиеттерін ашуға бағытталған. Адам бойындағы қасиеттер әрқилы болатындықтан өзара қарым-қатынасқа түсу үдерісін даралық деңгейге тән өнегеліліктің негіздері толық қамти алмайды. Осыған байланысты қоғамдық ортаны реттеп отыратын белгілі бір моральдық-этикалық нормалар жиынтығы қажет болды. Бұл жерде ислам дінінің қазақ халқының өркениетінің дамуына тигізген әсерін байқаймыз.
Жалпы қазақ халқында адам болмысының даралық деңгейінің тарихи ұзақ уақытқа созылуы біріншіден табиғи ортаға байланысты болса, екіншіден қазақтардың табиғатқа деген қамқорлық қасиетімен тығыз байланысты болды. Бұл туралы А.Байтұрсынов өзінің «Қобыланды аңызындағы әйел бейнесі» атты шығармасында «Кең байтақ ... және өзгелерге толығымен таңсық болған қазақ даласы өз ұлдарына ұлттық сипат пен халықтық ерекше бет-бейнені әуел бастапқы тазалығын бүлдірмей, ұзақ уақыт сақтап қалуға септігін тигізді. Сыртқы ықпалдан жер ана арқылы қорғалған қазақтар әдет-ғұрпын, өз халқына (номадқа) тән өзіндік өмір тәртібін сақтап қалды» - деп тұжырымдайды. [3, 49 б.].
Алайда ислам дінінің қазақ даласына келуі адам болмысының ерекшелік деңгейін анықтауға үлкен септігін тигізді. Шаманизм негізінде қалыптасып, бытыраңқы жатқан халық ислам дінін қабылдау негізінде белгілі бір тұтастыққа қол жеткізді. Осыған байланысты неліктен қазақ жерінде біртұтас ислам мемлекеті орнаған жоқ? – деген сұрақтың туындауы да орынды. Расында мемлекет түсінігі әлсіз дамыған, бытыраңқы жатқан халыққа исламның моральдық-этикалық қағидаларын мемлекеттік деңгейдегі, жалпыға бірдей заңдар жүйесі ретінде қабылдап, қазақ жерінде исламдық мемлекет орнатуға болар еді. Алайда мұндай үдеріс көшпенді халықтың болмысына қарама-қайшы. Себебі «мұсылман дінінің моральдық-этикалық жүйесінің бүкіл іргетасы ... бағыныштылық талаптармен құрылғаны белгілі». 2, 122 б.]. Ендеше кең байтақ далада еркін өскен қазақ үшін өзін-өзі белгілі бір діни талаптарға бағындыру оның болмысына, рухына қарсы көрініс. Исламның қазақ даласында мемлекеттік деңгейге көтеріле алмауының тағы бір себебі – ол қазақ жерінің географиялық орналасуы. Солтүстік батысында Ресей, оңтүстік шығысында Қытай сияқты мемлекеттердің орналасуы, олармен өзара қалыптасқан тарихи қатынастар қазақ жерінде бір ғана діннің етек алуына үлкен кедергі болды. Қандай да болмасын ерекшелік өзіне қарсы тұрған өзге ерекшелік арқылы анықталынады. Батысында христиан, шығысында конфуциандық және буддизм сияқты ұлы діндер өркендеген мемлекеттердің әрқайсысының өзіне тән болмыстық ерекшеліктері бары сөзсіз. Осыған орай сырттан келген ислам дінін терістемей, көршілес орналасқан христиан, конфуциандық және буддизм сияқты діндерді қабылдамау – қазаққа тән болмыстық ерекшелік осы. Адам болмысының ерекшелік деңгейіне тән бұл қасиетті батыс пен шығысқа бірдей болған Абылай ханның саясатынан да байқауға болады. Қандай да болмасын діннің қазақ жерінде абсолютті түрде дами алмайтындығына бүгінгі күні әркімнің көзі жетіп отыр.
Дегенмен қазақ жеріне ислам енгеннен бастап адамдар арасындағы өзара қарым-қатынастар да күрт өзгеріске ұшырады. Тарихи қалыптасқан дәстүрлі мәдениеттің орнын басқан жаңашылдық адамдар санасына үлкен әсерін тигізді. Осы кезеңнен бастап адам табиғаттың бір бөлшегі емес, ол өз бойына біткен қасиеттер арқылы анықталатын ерекшелік. Ислам діні бойынша адам өз бойындағы жақсылық қасиеттерді қаншалықты аша алса, ол соншалықты Алланың алдында құрметке ие болады. Ендігі жерде «құранның моральдық қағидалары күнделікті өмірдің барлық қырын қамтиды: отбасы қатынастары, туыстар арасындағы міндеттер, айналысатын пайдалы нәрселер жиыны, өзге дін (христиан, иудей) өкілдерімен қатынас, саудамен және қолөнермен айналысу, тыйымдар, парызды өтеу және т.б.». [2, 122 б.].
Өз болмысының даралық деңгейінде табиғатпен үйлесімділікте, еркін өскен қазақ үшін исламның моральдық-этикалық жүйелеріне байланысты болған өзгерістер оның өміріне айтарлықтай қайшылықтар тудырды. Солардың бірі Құранның негізгі қағидаларына орай мұсылмандарға ізгілікпен қарап, дінсіздерді қудалау болатын. Адамдарға деген бұндай қатынас көшіп-қонып жүрген қазақ үшін жат еді. «Көшпендінің кең пейілділігі мен қонақжайлылығы мына мақалдан көрініс табады: «Кездескен адамыңды сыйла, мүмкін оны соңғы рет кездестірген шығарсың». [2, 124 б.]. Жапан далада жалғыз қалып қою әркімнің басынан өтері мүмкін, осыны түсіне білген көшпенді үшін даладан келген адамды күтіп алу үлкен құрмет. Дегенмен ислам дініндегі дінсіздерді қудалау түсінігінде басқа бір сыр жатыр. Ендігі жерде ерекшелік мәселесі адамдар арасында ғана емес, дүниетанымдық, яғни діндер арасындағы өзара ерекшелік деңгейіне көтерілді. Бұндай үдеріс халықтар арасында қарама-қайшылықтар тудырады. Оның соңы мемлекеттер арасындағы түсініспеушілікке, өзара соғысқа, халық зардабына әкеледі. Алайда бұндай көріністер адам болмысының ерекшелік деңгейіне тән тарихи объективті құбылыс болып табылады. Себебі біз жоғарыда тоқталып өткендей, адам болмысының ерекшелік деңгейі адамдар арасында өзара бәсекелестік тудырадыда олар өз жағынан ұлттар, мемлекеттер арасындағы бәсекелестікке ұласады. Қандай да болмасын бәсекелестіктің негізі адамның болмысында, оның бойына тән қасиеттердің әртүрлілігінде жатыр. Бес саусақ бірдей емес сияқты адамдар да, олардың бойындағы қасиеттер де әр түрлі болады. Жақсылық бар жерде жамандықтың, аңғалдық бар жерде айлакерліктің болуы табиғи қажеттілік. Себебі олар бір-бірінсіз өмір сүре алмайды. Адам болмысының ерекшелік деңгейі оның бойына тән қасиеттердің бәрін «сыртқа» шығарады. Өйткені адам өзінің өзгелерден ерекшелігін анықтау үшін ең алдымен өзін бойына тән қасиеттер арқылы білуі тиіс. Сонымен қатар адам өз-өзін тек басқа адамдармен қарым-қатынасқа түскенде ғана ұғына алады. Өзара қарым-қатынас белгілі бір жағдайларға байланысты туындайтындықтан, адам бойынан көрініс табатын қасиеттер де әр түрлі болуы мүмкін. Өзара түсінбеушіліктің, қарама-қайшылықтың туындауының негізгі себебі қарым-қатынастың мағынасына орай анықталынады. Егер кімде-кіммен қарым-қатынас жақсы болса ол адам біз үшін жақсы адам болып есептеледі. Кім біледі ол тек біз үшін ғана жақсы адам шығар? Бұл жерде назар аударатын басты нәрсе адамның кім екенінде емес, керісінше онымен арадағы туындайтын қарым-қатынасты реттей білу қажет. Адамның ең басты қасиеті оның адамшылығы болғандықтан, олардың өзара қарым-қатынасын реттеп, белгілі бір жүйеге келтіретін өнегелілік болып табылады. Кең байтақ далада еркін өскен қазақ исламның моральдық-этикалық қағидаларын объективті түрде толық қабылдай алмағандықтан, оларға қажет өнегелілік туралы тұжырымдар қазақтың өз жерінде туындады.
Жүсіп Баласағұнның, Қожа Ахмет Иассауидің, Махмұт Қашқаридің, Ахмет Игүнекидің, Асан Қайғының, жыраулардың, қазақ ағартушыларының ой-толғаулары адам болмысының ерекшелік деңгейінің өнегелілік негізі болып табылады.
Ж.Баласағұн өзінің «Құтты білік» атты еңбегінде адам болмысының ерекшелік деңгейі туралы сөз қозғай отырып, әділеттілікті адамға тән негізгі табиғи қасиет ретінде анықтайды. Әділеттілік адам болмысының тұрақтылығының, толықтығының негізі. «Ал ақыл да, дәулет те, қанағатшылдық сезім де жүре бітер қасиеттер. Оның үстіне тұрақтылықпен ерекшеленбейді. Дәулет баянсыз, тұрақсыз, түлеп, жаңғырып тұрады. Ақыл адалға да, арамға да бітеді, қанағат сараңдықпен шектесуі мүмкін».[4, 139 б.]. Ж.Баласағұнның философиялық көзқарастарында әділеттілік адамның адамдығын анықтайтын өнегеліліктің бастамасы ретінде қарастырылады.
М.Қашқари адам бойындағы қасиеттердің әр-түрлі болатындығын өзінің мақал-мәтелдері арқылы көрсетеді. Мысалы «Қазан айтар «Түбім алтын», шөміш айтар «Мен қайданмын?!» деген мәтел арқылы адам болмысына тән мақтаншақтықты сынаса, «Түлкі өз ініне үрсе, қотыр болар» деп адам бойына тән сатқындық қасиеттерді әшкерелейді.
Егер М.Қашқари өзінің шығармаларында адам болмысының ерекшелік деңгейіне тән жаман қасиеттер туралы толғанса, А.Игүнеки «Ақиқат сыйы» атты дастанында білімділік, жомарттық, кішіпейілділік, адамгершілік, әдептілік сияқты адамның өнегелілік қасиеттерін жамандыққа қарсы қояды. «Оның бар ойы, әрекеті адамдарды жаман қылық әрекеттерден құтқару, мүмкіндігінше, адам деген қасиетті жоғары ұстауы. Тән жарасы жазылар, бірақ та жанға түскен жара, тіл салған жара жазылмас деп айтуы үлкен бір адамгершіліктің, әдептіліктің, философиялық толғаныстың, өз заманының адал перзенті болған үлкен азаматтықтың белгісі деп ойлаймыз». [4, 158 б.].
Адам болмысының ерекшелік деңгейін анықтауда Ж.Баласағұн, М.Қашқари және А.Игүнеки сияқты ойшылдар жеке адамдарға тән әр түрлі қасиеттер туралы ой қозғаса, Асан қайғы мен Бұқар жырауды ұлт мәселесі, ұлтқа тән ерекшеліктер толғандырады. ХV ғасырда Қазақ хандығы құрылғаннан бастап болмыс ерекшелігі ұлттық деңгейге көтерілді. «Асан қайғы өз жыр, толғауларында, шешендік сөздерінде хандық мемлекетті нығайту,елдің қорғаныс қабілетін арттыру қажеттігін насихаттайды, Жәнібек ханды табысқа мастанбауға, елдің түбегейлі болашағын ойлауға шақырады». [4, 164 б.].
Қандай да болмасын мемлекет өзінің өзгелерден ерекшелігін анықтау үшін ең алдымен оның белгілі бір мемлекеттік шекарасы болуы тиіс. Сонымен қатар қоғамдық ортада болмыстың даралық деңгейіне тән болған дәстүрлік қатынастың орнына ерекшелік келген кезде адамдар арасындағы қарым-қатынастарды реттейтін белгілі бір заңдылық қажет. Осыған байланысты Асан қайғы қазақ хандығын қуатты мемлекет ретінде ұйымдастыру жолында адамдардың әдет-ғұрпына, өзара қарым-қатынастың моральдық-этикалық жақтарына көп көңіл бөледі. Оның «Еділ бол да, Жайық бол. Ешкімменен ұрыспа, жолдасыңа жау тисе, жаныңды аяп тұрыспа», деп жырлауы халықты елдікке, татулыққа шақыруының, сырттан келген жауға қарсы бірігу керектігінің айғағы.
Болмыстың ерекшелік деңгейіне сай адамдар, рулар, ұлттар арасындағы алауыздық, бәсекелестік, көре алмаушылық сияқты жағымсыз қасиеттер Бұқар жырау өмір сүрген кезде өздерінің мәнін одан әрі айқындай түсті. «Абылай тұсы осының алдындағы Тәуке заманынан мүлде өзгеше еді. Үш жүздің жігі ыдырап, ескі бірлік жойылды, хан – сұлтандар бас-басына би болып кетті, рулық, руаралық тартыс, өзара қырқыс күшейді. Қазақ даласында болып жатқан өзгерістердің екінші бір алуаны – оның Россияға қосылуына байланысты еді.
Сондықтан Бұқар өзі өмір сүріп отырған заманға оншама ризашылық білдіре қоймайды». [5, 92 б.]. Ел арасындағы алауыздыққа бұғау салу үшін жер бетінен жойылып кеткен қара қалмақтар (жоңғарлар) мемлекетін мысал ретінде қарастыра отырып, Бұқар жырау елді бірлікке, ынтымақтастыққа шақырады. Елдің бірлігін, әлеуметтік теңсіздігін сақтап қалу идеялары Дулат, Шортанбай, Мұрат сияқты ақындардың жыр-толғауларынан да кеңінен орын алған. Өз шығармаларында қайырымдылық пен зұлымдықты, мырзалық пен сараңдықты талдаған Дулат ақын адам болмысының даралық деңгейінің орнына ерекшеліктің келгенін дәл анықтай білді. «Әлеуметтік теңсіздік, зорлық-зомбылық және қанаушылық жаңа заман жемісі: бұл ата-бабаның бұрыннан келе жатқан салт-дәстүрін, шариғат заңын бұзғандығынан дейді ақын». [4, 182 б.].
Адам үшін оның өз болмысынан басқа ешқандай ақиқат жоқ. Сыртқы феноменалды дүние – алдамшы. Ол тек адам болмысының ерекшелік деңгейіне ғана сәйкес келеді. А.Иассауидің ойынша «Адам өзін-өзі тану арқылы феноменалды, көрнекті, өзіндік мәнін жояды, оның орнына өзіндік, нақты ақиқат менін табады». [4, 145 б.]. Ол үшін адам өз-өзіне сенуі қажет. Сенім жүректе орналасқан. Адамгершілік қасиет адамға құдайдан келмейді, ол оның өзінің адамдығының белгісі. Егер адам өз болмысының ерекшелік деңгейінде анықталған қасиеттердің барлығынан адамгершілікті ең жоғары қоятын болса, ол үшін жалпылыққа жол ашылады.
Адам болмысының ерекшелік деңгейі оның бойындағы қасиеттері арқылы анықталанатыны көрсетілді. Адам бойындағы қасиеттердің қоршаған ортадан, қоғамдық жүйеден тәуелсіз екендігі белгіленді. Бойындағы қасиеттері арқылы адамның өз мәнін анықтауы тарихи қажеттілік екендігі анықталды. Қасиеттердің әр түрлілігі адамдар арасындағы өзара қарама-қайшылықтардың пайда болуының себебі. Бойындағы қасиеттерді жан-жақты ашу үдерісі адамға тән жігер арқылы іске асатындығы белгіленді.
Қолданылған әдебиеттер тізімі
-
Гумилев Л.Н. Этногенез и биосфера земли. ІІІ т. - Л., 1979, т.2.
-
Философия: жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған оқулық // Құрастырған Т. Ғабитов. Аударған Б. Сатершинов. – Алматы: Қаржы-Қаражат, 2002.
-
Байтұрсынов А. « Шахар» 1994. № 2.
-
Философия және мәдениеттану: Оқу құралы / Құраст. Ж. Алтаев, Т. Ғабитов, А. Қасабеков және т.б. – Алматы, Жеті жарғы, 1998.
-
Мағауин М. Қобыз сарыны. – Алматы., 1968.
Достарыңызбен бөлісу: |