Қазақ мемлекеттік қыздар


XIX ғасырдағы кіші жүз ру-тайпаларының зерттелу тарихы



бет5/23
Дата15.06.2016
өлшемі1.71 Mb.
#137238
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   23

XIX ғасырдағы кіші жүз ру-тайпаларының зерттелу тарихы
Меңілбаев Ғ.А.- т.ғ.к., доцент (Алматы қ.,Абай атындағы ҚазҰПУ)
Кіші жүз жерлері оңтүстікте Сырдария мен Үстірт қыраттарынан, Каспийдің шығыс жағалауларынан басталып, солтүстікте Жайық, Ырғыз, Ембі, Тобол және толып жатқан шағын өзендер мен дала көлдері алқаптарын қамтыды .

Кіші жүзді ірі үш тайпа- Байұлы, Әлімұлы және Жетіру құрады. Бұл жүз мекендеген ортаның бір бөлігінің екінші бөлігінен айқын айырмашылығы бар: Жайық, Тобыл өзендерінің бойларындағы алқаптар шұрайлы жайлымдықтарға бай болса, Үстірт қыраттары суға тапшы, Сырдария алқабының суы мол болса, Қарақұм, Қызыл-құм тұтасқан шөл дала. Қазақстанның бұл бөлігінің климаты да айқын құрлықтық, күн мен түн қызуы өзгеріске түсіп отырады. Кіші жүз жерлері қазіргі әкімшілік бөлініс бойынша Қызылорда, Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Орал, Қостанай облысының солтүстік-батыс бөлігін және Торғай облысының оңтүстік-батыс бөлігін қамтыды. Үш жүзге бөлінген қазақтардың біртұтас мемлекеттік құрылымы болмағандығын айта кетуіміз керек, әр жүздің өз ханы болды, сұлтандар бастаған ұлыстар соларға тікелей бағынғандығын айта кеткеніміз дұрыс болар. Елді Шыңғыс хан әулетінен шыққан феодалдық билеушілер, атап айтқанда Шыңғыс хан ұрпақтары басқарды. XVII ғасырда олардың жалпы саны мың адамға жетер –жетпестей ғана болды.

XVI - XVII ғасырлар аралығында неғұрлым жігерлі де беделді сұлтандар басқарған қазақ хандығы пайда болғанымен, олар этникалық жағынан қалыптасқан жерлерді мекендейтін барлық қазақтарға бірдей билік жүргізе алмады.

Қазақтардың үш жүзге бөлінуінің өзі де ең алдымен экономикалық себептерге, дәлірек айтқанда, бір жайлаудан екіншісіне, қыстаулардан – көктеулерге, көктемгі орындарынан жазғы жайлымдарға, одан әрі күздік қоныстарына, сөйтіп қысқы жайлымға қайта оралуға байланысты қалыптасты

Қазақ қауымдарының кіші жүз тайпалары Сырдария жағалауларынан Торғайға, Ырғыздан - Тобылға, Үстірттен - Ұя және Обаған өзендерінің бойына, одан әрі Жайық, Елек, Сақмар т.б. өзендер бойындағы жайылымдарға дейін көшіп баратын. Г. Волконский «Ұлы, Орта және Кіші Орда болып бөлінетін қырғыз-қайсақтар туралы» деген еңбегінде қазақ халқының құрамындағы көптеген ру-тайпалардың қоныстарын, көш-қонысын, мекендеген жерлерін т.б.туралы мол мағлұматтар келтіреді. Осы еңбектің ішінде кіші жүз құрамындағы Байұлы тайпасының Жаппас руына байланысты шағын ғана жазбаша түп-деректерден мысал келтірген : «Байұлы тайпасы жаппас руының 7.200 отбасынан тұратын алты атасы бар. Жаппастар сауда-саттық жасау мақсатында Троицк пен Жаман-қала қамалдарына барып-қайтып жүреді». Байұлы тайпасы Алтын руының 5.000 отбасынан тұратын төрт атасы мен Таздар руының 800 отбасына дейін жететін екі атасы және Жетіру тайпасы тілеу руының 2.800 отбасынан тұратын төрт атасы Торғай, Қарасқай өзендерінің бойын,Ұрқаш-Кіндік көл жағалауларын жайлап, қыста Сырдарияның сол жағалауларын, Темірлік шатқалынан Қуаңдариядағы шатқалдарына дейінгі жерлерді тұрақ етеді. Байұлы тайпасы адай руының 10.000 отбасына дейін жететін он екі атасы және Масқар руының 3.000 отбасына жететін бес атасы, Қызылғұрт руының 3.000 отбасына жететін бес атасы, Таздар руының 3.000 отбасына жететін алты атасы, Есентемір руының 3.000 отбасына жететін төрт атасы, «жаппас» руының 1.000 отбасына жететін екі атасы осылардың барлығы да Жайық пен Жем өзендерінің аралығын, Бұлдырты, Жусалы, Шыңғырлау, Ақаты өзендерінің төңірегін, Қобда өзеніне дейінгі жерлерді жайлайды. Олар Каспий теңізі жағалауындағы Маңғышлақта, Айрақты шатқалында, Жем, Жайық өзендерінің сағаларын, Гурьев, Сорочикоп қамалдарының қарсы беттеріндегі шығанақтар мен Орал шебімен жоғарғы жақтағы жерлерді қыстады. XVIII ғасырдың соңында, М.Мұқановтың «Қазақ жерінің тарихы» еңбегінде: «Кіші жүз тайпаларының руларының 217 атасында 165.700 отбасы бар» - деген дерек келтірілген. Осы жерде әрбір қазақтың отбасында бес адамнан тұрды деп есептегенде, кіші жүздегі 165.700 отбасында 828.500 адам тұрған болып шығады. Ал, үш жүздегі халқымыздың жалпы саны төмендегідей мөлшерде болуы мүмкін деп ойлаймын: Үш жүздегі 395.100 отбасындағы жанұя мүшелерінің жалпы саны 1.975.500 адам болып шығады.

Қысқарта айтқанда, XVIII ғасырдың соңында қазақ халқының жалпы саны 1.975.500 болды деуге толық негіз бар. 1822 жылы 22 шілдеде «Сібір қазақтары туралы жарлығы» шығып, қазақ даласында сыртқы округтер құруға байланысты ереже қабылданды. Басқару жүйелері:

1.Облыстар-

2.Округтер-

3.Болыстар- ( әр болыста 10-12 ауыл )

4.Ауылдар- ( әр ауылда 50-70 шаңырақ )

Бұл округтер рулас немесе бір ұрпақтан тарап, қашаннан бірге тұруға әдеттенген болыстардан құрылды. Округтердің өз көші-қоныстық жерлері болды және өздерінің округтық сұлтандарының рұқсатынсыз өз еріктерімен басқа біреулердің көші-қоныстық жерлерін пайдалануға хақылы болмады.

Ауылдарды шаңырақ иелері 3 жыл мерзімге сайлайтын ауыл ақсақалдары басқарды,болыстар билігі мұрагерлік жолмен сұлтандардың қолында болды.

Әр округта болыс сұлтандары өз орталарынан 3 жылға сайлайтын аға сұлтан басқаратын Округтік приказ құрылды.

Аға сұлтанның қол астында округтық диуан (кеңес) қызмет етті, оған: Облыс бастығы тағайындайтын 2 орыс шенеунігі және билер мен ақсақалдар 2 жылға сайлайтын 2 қазақ енгізілді.( М.Мұқанов.Қазақ жерінің тарихы) Кіші жүз қазақтары Орынбор қазақтары облысының құрамына енді. Бұл облыс 1825 ж. үш бөлікке: Шығыс, Орта, Батыс бөлікке бөлінді.Шығыс бөліктің шекаралары мынадай болды: Шығыста- Звериноголовск станциясынан (Сібір шебінде, Обаған өзенінен сәл шығысқа қарай) оңтүстікте ол Сырдария бойымен, батыста Үй, Үлкен Қобда, Ойыл өзендерінің бойын, Шалқар көлінен Сырдариядағы 2-ші бекініске дейінгі жерлерді қамтыды. Орта бөліктің шекарасы: шығыста Шығыс бөліктің шекарасымен шектесіп, батыста-Үлкен Қобда сағасының батыс бөлігі, Ойыл және Жем өзендерінен Арал теңізіне дейінгі, солтүстікте-Үлкен Қобданың сағасынан Елек және Бердянка өзендерінің бойы Жаманқала Степная станциясына дейінгі аймақты қамтыды.

Батыс бөліктің шекарасы: шығыста-Орта бөліктің аймағына, солтүстікте Елек және Жайық өзендерінен Орал қаласына, батыста-Жайық өзені, Гурьев, Каспий теңізі, оңтүстікте-Үстірт жазығына дейін жетті. Екі қамал аралығындағы жерлер дистанциялар деп аталып, Орынбор қазақтары облысының құрамына енетін территориялықбірлікті құрады. Бір дис-танцияда орта есеппен 2000-ға дейінгі шаруашылық болды. Дистанциялар 1831 жылдан 1858 жылдар аралығында ашыла бастады, үш бөлікте (Шығыс, Орта және Батыс) 57 дистанция ашылды.

Орынбор қазақтары облысының «батыс» бөлігін негізінен Байұлы тайпасының: Адай, Алшын, Байбақты, Тана, Қызылғұрт, Масқар, Ысық, Шеркеш, Есентемір, Беріш, Таздар, Жаппас рулары, сондай-ақ Жетіру тайпасының тама, табын, кердері рулары және Әлімұлы тайпасының кете руы жайлайды. Бұл облыстың орта бөлігін негізінен Әлімұлы тайпасының: шекті, шөмекей және кете рулары қоныстанды. Басқа тайпалардан: тама және жағалбайлы рулары болды. Бұл облыстың Шығыс бөлігін Әлімұлы тайпасының шекті және Байұлы тайпасының «жаппас», «алтын» рулары мекендеді; Орта жүз қазақтарының да едәуір бөлігі, оның арғын, қыпшақ, керей және уақ тайпалары осы облыс құрамына енді.

Орынбор қазақтары облысына 1840-1841 жылдарда барлығы 500.000 еркегі бар 120081шаңырақ, ал 1864 жылы- 828.363 еркегі бар 175678 шаңырақ қарады .

Қазақстанның барлық аймақтарында мал жайлымдары тапшы болды. Міне, осы жағдай Бөкей хан бастаған қазақтардың бір бөлігін 1801 жылы Жайықтың сол жағалауынан Жайық пен Еділ аралығына өтуге мәжбүр етті. Олардың саны - 5000 шаңырақ болды.

Осы уақыттан бастап Байұлы, Әлімұлы және Жетіру тайпаларынан тұратын қазақтардың бұл бөлігі Бөкей ( Ішкі ) Ордасы деп аталды.1802 жылы Ордада 31.105 адамы бар 6265 шаңырақ болды. Ол 1812 жылы Бөкей хандығы деп аталды. Ал, 1845 жылдан кейін Ішкі Орда Астрахан губерниясының құрамына қосылды. Жалпы, Ішкі Орда халқы осы кезде 16 рудан тұрды. Халқының жалпы саны төмендегідей мөлшерде болды:

1.Беріш руы - 25 мың 785 адам,

2.Байбақты руы - 16 мың 025 адам,

3.Алаша руы - 11 мың 150 адам,

4.Адай руы - 7 мың 515 адам,

5.Жаппас руы- 4 мың 520 адам, т.б. рулар мен тайпалар болды.

«1867 жылы 11 шілде күні Түркістан генерал-губернаторлығы құрылды.Орталығы Ташкент қаласы болды. Бұл өлкенің тұңғыш генерал-губернаторы болып К.П.Кауфман келді. Түркістан генерал-губернаторлығы екі облыстан құралды. Олар – Жетісу облысы және Сырдария облыстары болды. 1867-1886 жылдар аралығында бұл өлкеде Жер-суды заңдастыру жөнінде дайындық жұмыстары жүргізілді. 1886 жылы бұл заң қабылданды, осы заң негізінде жермен айналысатындардың жерлері жекелікке бөлініп беріліп, көшпелі мал шаруашылығымен айналысатындардың жері мемлекет меншігі болып жарияланды .

Жетісу және Сырдария облыстарында жерге қоныстанған әрбір казактың жанұясы мен орыс шаруаларына көптеген жеңілдіктер мен артықшылықтар берілді. Атап айтқанда, оларға 30 десятинадан жер берілді, 100 сомнан қайтарымсыз несие берді( жәрдемақы ), 15 жылға дейін рекруттық әскери борыштан және алым-салықтардан босатылды, әртүрлі міндеткерліктер атқаруда кешірім берілді.

1892 жылы Түркістан өлкесіне Ресейдің ішкі жақтарынан 3.000 жанұя келіп қоныстанды. 1893-1905 жылдар аралығында қазақ даласына Кауфман, Кузнецов, Щербина т.б. экспедициялары шығып, қоныс аударып келгендер үшін елді-мекендер салуға лайықты жерлер іздестірілді, бұл табылған жерлер шұрайлы, сулы, егін егуге ыңғайлы, табиғаты жақсы болуына басты назар аударылды. «Қоныс аудару қоры» құрылды. 1893-1905 жылдар аралығында қазақтардан 4 млн.десятина жер тартып алынған болса, 1906-1912 жылдары жергілікті халықтан 17 млн.десятина жер тартып алынды. Бұл нәтиже 1917 жылдан кейін 45 млн. десятина жерден асып кеткен. Қазақтардың жерлерін тартып алу негізінен ауа-райы мейлінше жайлы, топырағы құнарлы уездердің-Қостанай және Ақтөбе уездерінің аймақтарында жүргізілді.

1906 жылға қарай қоныстанушылардың пайдасына 1.022 167 десятина таңдаулы жерлер тартып алынды. Қостанай уезі Торғай облысының солтүстік- шығыс бөлігіне орналасты. Оның солтүстік шекарасы Үй өзенінің бойымен өтіп, солтүстік-батыста және батыста қоныстанушылар пайдасына тартып алынған жер белгісімен жүрді.

Ол оңтүстікте Ақтөбе, Ырғыз және Торғай уездерімен, ал шығыста-Ақмола облысымен шектесті. Қостанай уезді 81.441 қазақ өмір сүретін 10 болыстан тұрды. Уезд егін шаруашылығы жақсы дамыған аймақтарға жатты: 1909 жылы жалпы есепке алынған 18.010 шаруашылықтың 15.951-і (88.5 %) егіншілікпен айналысып, олардың егістік жер көлемі 107.440 десятинаға жетті. Уезде мына тайпалар мекендеді:

1.Орта жүзден – қыпшақ (Ұзын, Көлденең, Торы, Торыайғыр, Қарабалық рулары), Арғын, (Төменгі Шекті, Бәсентин, Қаракесек рулары), Керей(Балта, Сибан, Қожебе рулары) болса,

2.Кіші жүзден – Байұлы (Жаппас), Жетіру (Жағалбайлы,Тілеу, Тама рулары) мекендеген.

Жаппас руының қауымдары Желқуыр өзенінің бойын, Сандықсор, Айқамыс, Сопалы т.б.көлдердің төңірегін иеленді.

Уездің қалған барлық бөлігіне Орта жүз тайпалары орналасты: керейлер солтүстік және солтүстік-шығыс бағытты, Қарақамыс көлінің айналасын, Алабұға өзенінің жағалаулары мен осы өзеннің айналасын қыстады. Уездің шығыс және оңтүстік шығыс бөлігіне арғындар жайғасып, олар Обаған өзенінің оң жағалауларынан Обаған көліне дейінгі жерлерде, Жалтыр, Қарақамыс көлдерінің айналасында, Ащысу өзенінің бойында т.б.жерлерде көшіп-қонып жүрді. Арғындардан батысқа қарай орналасқан қыпшақтар Тобыл, Әйет өзендерінің бойында, уездің солтүстік - батысында жиі кездесетін толып жатқан ұсақ көлдердің айналасында неғұрлым жинақы орналасты .Орта жүз тайпалары арасында Бай-ұлы тайпасының( кіші жүз ) жаппас руының үлкен қауымдары өмір сүрді: Олар Қарасудың оң жағасын, Алқасор, Жаңғызкөл, Майтау көлдерінің төңірегін, Обаған, Тобыл өзендерінің бойы мен басқа да жерлерді мекендеді. Байұлы тайпасының жаппас руының бірнеше қауымы уездің, яғни Ақтөбе уезінің солтүстік- шығыс шалғайларында көшіп-қонып жүрді.

Торғай уездінде 14370 шаруашылықтан тұратын 12 болыс болды, негізінен орта жүз қазақ-тары: арғындар, қыпшақтар, сонымен бірге уездің оңтүстік-батысында, Сарықопа,Сары-мойын көлдерінің төңірегі мен басқа да жерлерді Кіші жүздің Әлімұлы (шекті руы) мен Байұлы (алтын және жаппас рулары) тайпалары жайлады, бірақ олар Орта жүз руларына қарағанда әлдеқайда азшылық еді .

Перовск уезді, Қазалы уездінің шығыс жағына Сырдарияның жағалауына орналасты. Ол солтүстікте Торғай облысымен, бір бөлігі Ақмола облысымен шектеседі. Алып жатқан жер көлемі 61.420 шаршы шақырым. Уезд тұрғындары негізінен қазақтар 179.800 адам. Уезд жерін Орта жүз тайпаларының-найман, қыпшақ, қоңырат рулары және Кіші жүздің Байұлы тайпасының жаппас руының 1.714 шаңырағы мекендеді. Жаппас руының көпшілік аталығы Перовскінің шығыс жағынан Сұлутөбе шатқалына дейінгі жерлерді жайлаған.

Біздің мақсатымыз, кезінде ата-бабаларымыз білектің күшімен, найзаның ұшымен қан төгіп қорғап қалған қасиетті жеріміздің кім-көрінгеннің уысында кетпей, келешек ұрпаққа мұра болып қалуын, ұлтжанды ұрпақтардың қатары көбейіп, олар аман-есен болса екен, халқымыздың өткен тарихы бүгінгілерге сабақ болса екен деген оймен осы мақаланы жаздық .

әдебиеттер

1.Мұқанов М. Қазақ жерінің тарихы. Алматы, 1994.22,24, 58 ,69.

2.Хамит Маданов. Кіші жүздің шежіресі. Алматы, 1994 .

3.Қазақстан ұлттық энциклопедия. 3-том.(г-ж). Алматы, 2001 .

4. Никитин В. В. По живописным местам Кавминводы, Теберда, Архыз,

Ставрополь,1964 г.

5. Бекмаханов Е.Қазақстан 19 ғасырдың 20-40 жылдарында. Алматы, 1994.
РЕЗЮМЕ

В данной статье рассматривается расселение родового и племенного состава младшего и старшего жузов, а также колониальная политика царской России на территории Казахстана.


ТҮЙІНДЕМЕ

Мақалада Кіші жүз рулары мен тайпаларының орналасуы мен патшалық Ресейдің жүргізген отарлық саясаты қарастырылған.



Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарындаҒЫ Қазақстан жастарыНЫҢ аштықпен күресі (1920-1925 жж.)
Сайлан Б. -т.ғ.т.доцент (ҚазмемқызПУ)
XX ғасырдың 20-жылдарында өмір сүрген Түркістан Республикасының халық шаруашылығының негізгі саласы — ауыл шаруашылығы болды. Қазан революциясынан соң республикада іске асырыла бастаған негізгі шаралардың бірі — бұл аграрлы реформа. Кеңес үкіметінің саясатының іс жүзіне асырылуы да осы аграрлы реформаның түбегейлі мәселелерін шешуге тәуелді болатын. Республика халқының негізгі бөлігі шаруалар болуына байланысты, үкіметтің бұл әлеуметтік тапқа қатысты саясатының зор маңызы бар еді. Жастар мен шаруалар республикада ұлттық жұмысшы табы мен ұлттық интеллигенцияның қалыптасар ортасы, толықтырар қайнар көзі болатын.

Түркістан Республикасында 1921—1922 жылдары жүргізілген аграрлы реформаның, яғни жер-су реформасының саяси, әлеуметтік және экономикалық маңызымен қатар, ең алдымен ұлттық мәселе болғаны айқын. Реформаның барысында ауыл шаруашылығы саласындағы, жер қатынасы мәселесіндегі патша үкіметінің отарлау саясатының қалдықтарын жою, яғни жергілікті халықтар мен келімсектердің (орыс қоныс аударушы шаруаларының және орыс-казактардың) жерді пайдалану кұқын іс жүзінде теңестіру сияқты аса шиеленісті, өте күрделі мәселені шешуге талпыныс жасалынды. Патша үкіметі мен қоныс аудару басқармасы қоныс аударушы орыс шаруаларына жергілікті халықтың ата қоныс шұрайлы коныстарын тартып алып, сол жерлерге орналастырған еді. Түркістанға қоныстанған соң ерекше құқықтар мен артықшылықтарға ие болып, жергілікті халықты қанау арқылы орасан зор байлыққа кенеліп, отарлау дертін бойларына жұқтырған орыс қоныс аударушы шаруалары кеңес өкіметінің аграрлы саясатына жанталаса қарсылық көрсетті. Реформа барысында аса шиеленісті мәселелерді қарудың күшімен шешуге тура келді, яғни сол жылдары әскери күштің көмегімен республикада 151 орыс поселкесі, 175 казак хуторлары таратылып, зорлықпен салынған 95 елді мекен жойылды. Түркістан аумағынан Ресейге аса ықпалды орыс отаршыларының 1084 отбасы көшірілді. Орыс кулактарынан тартып алынған 250 мыңнан аса десятина шұрайлы жер бөліктері бұрынғы иелеріне қайтарылды және иесі табылмаған 12,8 мың десятина жер жергілікті халықтардың кедейлеріне үлестіріліп берілді /1, 414-б./.

Бірақ көптеген обьективті қиыншылықтар мен субъективті қателіктердің кесірінен реформа өз мақсатына толық жете алмады. Реформадан соң да шаруалардың 37,6 пайызын тақыр кедей, жерсіз шаруалар құрады, ал орта дәрежелі шаруашылығы бар шаруалардың саны 1,4 пайыздан аспады /1, 415-б./.

Қазақстанның аштық билеген губернияларында жастар ашыққандарды, әсіресе жасөспірімдер мен балаларды қабылдау мен орналастыруда, қоғамдық тамақтандыруды ұйымдастыруда (асханалар, тамақтандыру орындары), көші-қонды реттеу шараларына да қатысып отырды. Жастар қоғамдық істерді өткізуге және астықты ашыққан аудандарға жеткізуге тиіс қажетті коммуналар мен жасақтарды ұйымдастыруға көмек берді.

Жастар ұйымдары партияның тапсырмасымен ашыққандарға көмек беру апталықтарын ұйымдастырып, сол шараның барысында қаражат пен қайырымдылық тартуларын жинауға мәжбүрлі түрде кірісті.

Партияның сенімді көмекшісі атына ие болған жастар ұйымы мен оның мүшелері митингілер, қойылымдар, ән-жыр кештерін ұйымдастыруға көмек бере отырып, аталған шаралардан түскен қаражаттар ашыққандарға көмек беруге жұмсалуын қадағалап, сондай-ақ сенбіліктер ұйымдастырып, қайырымдылық тартуларын жинап отырды. Қайырымдылық тартуларын жинау үшін плакаттары мен ұрандары бар арнайы арбалар ұйымдастырылып, әр түрлі аймақтар мен ауылдарға жіберілді.

Жергілікті жерлердегі жастардың ұйымдары әрбір екі апта сайын РКЖО обкомына жасалған істері жөнінде баяндап отырды. Мұрағатта сақталған сондай мәліметтердің көпшілігінде, жиналған ақша көлемі де нақты көрсетілген. Мысалға, Көкшетау жастар ұйымы 1921 жылдың жазында шамамен 15 млн. сом ақша жинаса, Ақмола губерниясының үш уезді бойынша 29 млн. сом жиналған /2/. Жиналған ақша көлеміне қарай отырып, өздері аштықта отырып, осынша ақша қорын жинау дегеніңіз үлкен күшті, белсенді іс-әрекетті қажет еткенін көруге болады. Сондай үлестің бір бөлігі қазақ жастарының мойнына түсуі және осы жүкті қазақ жастарының қандай қиыншылықпен атқарғандығы таңдандырады.

Социалистік қоғамның негізін қалаушылармыз деген большевиктер партиясы жастарды шебер пайдалана отырып, оларды салық жинау науқанына жұмылдырып отырған. Мысалы, әл-ауқатты деп танылған Ақмола, Семей губернияларына азық-түлік салығын жинау мен астықты күзету үшін жастардың 50%-ын жұмылдыру шешімін қабылдаған /2, 8-п./.

Кеңес өкіметі 1922 жылы ашыққандарды құтқару мақсатында деген сылтаумен шіркеулік құндылықтарды тәркілеу жөнінде қаулы қабылдаған. Осы қаулының шешімдерін орындау және бұл істің қажеттілігін халыққа түсіндіру үшін жасақталған компанияларға комсомолды қатыстыра отырып, жастарды белсенді түрде пайдаланған. Сөйтіп, партия ұйымы жастарға шіркеулік құндылықтарды тәркілеу бойынша жұмыс жүргізуге тікелей тапсырмамен бірге нұсқау беріп отырған.

1921 жылдың маусым айында өткен І Бүкілресейлік конференция ауылшаруашылық кооперациясын құру жөніндегі міндетін қойды. Бұл міндетті орындау жастар ұйымының мақсатына айналып, оны орындауға жастар ұйымы кірісіп те кетті. Өйткені Орталықтан шешілген әкімшіл-әміршіл жүйенің нұсқаулары мен қаулыларын бұлжытпай орындау комсомолдың басты тапсырмасына айналды.

1921 жылдың орталарына қарай Қазақстанда (Сырдария мен Жетісуды қоспағанда) 779 артель, 132 коммуна, 45 кеңшар саналды, олардың көпшілігінде жастардың бастауыш ұйымдары құрылды /2, 6-п./. Мысалға, Семей губерниясында: “Заря”, “Коммунар”, “Энергия”, “Истинный путь”; Қостанай губерниясында “Заря”; Орынборда “Ленин”; Орал губерниясында “Спартак” және “Роза Люксембург” атындағы және т.б. губернияларда көптеген коммуналар ұйымдастырылды. Бұл коммуналар жастарды жұмыс істеуге мәжбүрледі. 1922 жылы тек Орал уезі бойынша осындай жасөспірімдер коммуналарында 237 бозбалалар мен қыздар қамтылып, жұмыс жасады /2, 8-п./.

Айта кететін бір жайт, 1923 жылдан бастап, қоғамдық өзара жәрдем көрсетудің ауылдық та комитеттері құрыла бастады. 1924 жылға қарай, олардың саны 727, ал 1925 жылға қарай – 1264 болды /3/. Қостанай уезінің өзара жәрдем көрсету ауылдық комитетінің жұмысы жөніндегі әртүрлі басылымдарда мәліметтер беріле бастады. Мысалға, 1923 жылдың қарашасынан бастап, 1924 жылдың ақпан айына дейінгі аралықта аталмыш комитет қорына 500 пұт астық жиналғандығы жөнінде мәлімденді /3, 14-п./.

Қазақ жастарын кәсіптік оқумен қамтуға байланысты 1921 жылы Қазақстан жастар облыстық комитеті ауылдық жастар ұйымдарының барлық мүшелеріне ашылып жатқан 6-айлық ауылшаруашылық курстарын аяқтауды ұсынды. Дегенмен, аштық және оның салдарымен күрес бұл жұмысты барынша тежеді. Бірақ, көптеген қиыншылықтарға қарамастан, 1922 жылы әрбір уезде қараша мен наурыз айлары аралығында тек жастардан жасақталатын курстардың ашылуы ұйымдастырылды.

Мұндай үйірмелердің оқу бағдарламалары социалистік ұранға сәйкес мәселелерді қамтыды: 1) егіске дайындық; 2) тұқымды өңдеу; 3) құрғақшылықпен күрес; 4) нені егеміз? 5) дала жауларымен күрес және т.б. /4/.

Агротехникалық білімдерді үгіттеу бірден аштық пен оның салдарларын жойғаннан кейін басталып кетті. Мәселен, 1922 жылы бірқатар губернияларда ауылшаруашылық кәсіпке үйрету бойынша көрнекі еңбек шеберханалары ұйымдастырылды. Мысалға, тек бір ғана Ақмола губерниясы бойынша 10 шеберхана ашылды /5/.

Ресей Федерациясының Орталық Атқару Комитетінің шешімінің негізінде 1924 ж. ауыл шаруашылық қажеттіліктеріне бұқара мамандарды дайындау мақсатымен, ауылдардағы жалпы білім беру мектептерін қайта ұйымдастыру жүргізілді. Селоларда жеті жылдық мектеп негізінде ауылшаруашылық бағыттағы шаруа жастары мектептері (ШЖМ) құрылды.

20-шы жылдардың басында кеңестік жүйе “жеке сауданы жою және жастарға ауылшаруашылық кооперация қатарына мүшелікке өту жөнінде” қаулы қабылдады. Осы қаулы негізінде Жастар Одағы бастауыш ұйымдары жанында кооперативтік үйірмелер де құрылды.

Жастар артель, несиелік бірлестіктер, өндірістік, тұтынушылық және ауылшаруашылық кооперативтерінің белсенді мүшелері қатарында болды. 1925 жылдың басына қарай кооператив басқармасы мүшелері ретінде тек бір Орал губерниясы бойынша 6 қазақ және 11 орыс жастары сайланды. 38 жас кооператив басқармасына уәкіл ретінде енгізілді. Ақмола губерниясы бойынша 1925 жылы 1500 жас кооперация мүшесі болды, олардың 8-і кооператив басқармасына сайланып, 18 – ревизиялық комиссияға мүше болды, ал 48 жас осы кооперативтердің басқармасына өтті /5, 101-п./.

Партия нұсқауымен жүргізілген жұмыстың нәтижесінде Қазақстан республикасындағы кооператив желісі айтарлықтай кеңіді. 1924 жылдың 1 қазанынан бастап, 1925 жылдың 1 қазаны аралығында селолық тұтынушылар қоғамдарының саны 369-дан 599-ға дейін, ал ауылдық – 4 еседен аса артты (54-тен 233-ке дейін). 1926 жылдың 1 қазанына қарай Қазақстанда 700 селолық, 287 ауылдық және 36 қалалық кооператив болды, олардың құрамындағы мүшелерінің саны сәйкесінше: 144292 мүше селолық, 70111 мүше – қалалық кооперативтерде саналды /5, 107-п./.

Қазақ халқының бір бөлігінің көшпелі өмір салтына байланысты, оны кооперациялау айтарлықтай қиындықтар тудырды. Ең алдымен, халықтың бұл бөлігіне тұрғылықты өмір салтына көшуде көмек көрсету қажет болды. Қазақ жастар баспасөзі тұрғылықты өмір салтын кеңінен үгіттеуді қолға алды. Сонымен қатар, жастар алдына күрделі міндеттер қойыла бастады. “Ауыл жастарының міндеттері» атты мақалада: «Қазақтардың тұрғылықты өмір салтына көшуіне байланысты, жастар алдында үлкен міндеттер тұр. Ең алдымен, ауылшаруашылық білім алу қажет” - деп көрсетілді /6/.

“Жастар–біздің үмітіміз, ауыл шаруашылығының болашақ басшылары. Бірақ бұл үшін, олар білім алып, алған білімдерін үлкендерге жеткізулері қажет. Ауылшаруашылық кітаптарды көп оқу керек. Жастар, жер өңдеуді үйреніңдер!” – делінді /6/. Осы жерде айта кетер бір жайт қазақ зиялыларының қазақ жастарының тек қара жұмысты істегендеріне қарсы болып жоғары жаққа қазақ жастарының оқуы жайлы жоғары жаққа хаттар жазды. Мысалға, С. Садуақасов бастаған бір топ зиялы Мәскеуге хат жаза отырып, қазақ жастарының оқу жайлы мынанадай ұсыныстар жасады;

“Қазақ төңкерісінен кейінгі қазақ жастарының басты қызметі былай болу керек еді. Төңкеріс қырғыз (қазақ) жастарын жасампаздыққа емес, күресуге үйретті. Сондықтан жастарға енді оқу, жасампаздықты және жасай білуді үйрену қажет. Бірақ жасай білу үшін, білім керек, үстіртін білім емес, қайта терең және салиқалы білім керек. Біздің алдымызда ұшы – қиыры жоқ жұмыс тұр. Біз ірі индустрия, ұтымды ауыл шаруашылығын және үлгілі санитарлық гигиеналық жағдайлар жасауымыз қажет. Бұл үшін барлық мамандықтар бойынша инжинерлер, агрономдар, мал дәрігерлері және медицина қызметкерлері керек. Және бұл адамдарды қырғыз (қазақ) жастары беруге тиіс. Біз техникалық білімді шетелде, атап айтқанда Германияда алған мейілінше дұрыс деп санаймыз. Жас адамдарды шетелге жіберудің дұрыстығын таза психологиялық сипаттағы себептермен де дәлелдеуге болады. Біздіңше, елден сырт жүргенде өзіңді өз ісің үшін елдегіден гөрі анағұрлым жауапты сезуің мүмкін” – делінді /7, 41-б./. Сөйтіп, С.Сәдуақасов ұлты үшін қызмет атқаратын қазақ жастарының терең білім алу керек екенін Орталыққа осы хаты арқылы жеткізді.

Қазақстан жастары Қазақ АКСР партия ұйымы мен Кеңес өкіметіне азық-түлік салығын жинау мен азық-түліктерді дайындауда көмек көрсетті. Азық-түлікті бөлудің азық-түлік салығымен ауыстырылуына наразылық білдірген халықтың ауқатты тобы салық салынатын нысаналарды жасырып, азық-түлік салығының жиналуын бұзуға тырысып бақты. Осы істе де билік партиясы жастарды айналымға қосып, оларды халық арасына жұмсады.

Азық-түлік салығын жинау үшін, партия жастарды азық-түлік инспекторлары ретінде пайдаланды. Азық-түлік инспекторлары арнайы құрылған азық-түлік курстарында дайындалды. Азық-түлік инспекторлары армиясы салық салынған жасырын нысаналарды, артылып қалғандарды анықтап, кеңес өкіметінің азық-түлік салығы саясатын дұрыс жүргізілуін қамтамасыз етуге мәжбүрленді.

Мысалға, Азат болысының Төліғары ауылының (Ақмола губерниясының) жастар ұйымының мүшесі Леонтьев “ ауыл байларының бірі 300 пұт астықты жасырып қалды” - деп мәлімдеген. Жастар ұйымының мүшесі Леонтьев астықты дайындау жөніндегі мәселе қарастырылған жиналыстан қайтып келе жатқанда бай шаруаның соққысына тап болып сабалған /2, 4-п./. Сөйтіп, биліктің солақай саясатының қате шешімдері үшін жастар отқа да, суға да түсіп отырған.

Ал Қазақстандағы жұмыссыздық көбіне ауыл шаруашылығы жағдайымен байланысты болды: астықты жылдары жұмыссыздар армиясы жоққа дерлік кеміп, астықсыз жылдары күрт артып отырды. Жұмыссыздардың ең көп болған шағы 1922 жылға келеді (астықтың шықпауы, жұт). Мәселен, 1922 жылдың қаңтарында “Степная правда” газетінің мәлімдеуіне сәйкес, 1922 жылдың 26 қыркүйегінде Қазақ республикасы бойынша 18 мың жұмыссыз тіркелді, сол жылдың мамыр айында бұл сан 23 мыңға дейін артты /2, 21-п./. Қазақстанның бірқатар губернияларында 1924 жылы астықтың шықпауы жұмыссыз жасөспірімдердің қатарын арттырды. Тек бір Орынбор бойынша 173 жұмыссыз жасөспірім тіркелді /2, 25-п./.

Сонымен, жоғарыда айтылғандарды сараптай келе, большевиктер өкіметті басып алғаннан кейінгі жылдары қазақ жері екі дүркін – 20 жылдар басында және 30 жылдар басында жантүршігерлік ашаршылықты бастан өткергенін көре аламыз.

Осы аштықтарда қазақтың қырылғаны қырылып, аман қалғаны бас сауғалап тоз-тоз болып, халық ретінде жойылудың аз-ақ алдында қалды.

Ақиқатқа жүгінсе, аштықтың төркінінде большевиктер партиясының көсемі Лениннің және оның партиялас серіктестерінің бұралаң іздері сайрап жатыр. Сөзіміз дәлелді болуы ішін “ұлы көсемнің көзі тірі кезіндегі зобалаңға бір сәт көз жүгіртіп өтейік. Мұхамеджан Тынышбайұлы ағамыздың есебі бойынша 1917 жылы Қазақстанда 2.910.000 қазақ өмір сүрген болса, М.Г. Сириустың 1924 жылғы жүргізген санағы бойынша қазақтар саны 1.965.443-ке әрең жетіп жығылған /8, 24-б./.

Табиғи өсімді есептемегеннің өзінде 1 млн. қазақ қайда кеткені белгісіз. Профессор С.П. Швецов есеп-қисап бойынша тек 1921 жылғы ашаршылық салдарынан Қазақстанда болған кемудің өзі ғана 30 пайыздан кем емес екендігін де айта кетеді /8, 24-б./. Мұны нақты деректер де мақұлдайды.

Қазақ қалай аштыққа ұрынды? Мұрағат қойнауында сақталған көптеген ресми құжаттар оқырманды шатастырып бұл сұрақтың жауабын – ауа-райының қолайсыз болып, егін шықпай қалғанынан, әрі кеткенде жергілікті жердегі асыра сілтеуден іздейді.

Десек те кейбір зерттеушілердің “мұндай аштық Ресейдің өзінде, Еділ бойында да болды емес пе?!” – деуі әбден мүмкін. Ол рас. Бірақ мынаны ұмытпауымыз керек: орыс жері ақ пен қызылға бөлініп алып қырылып азамат соғысын жандандырады да, ауыл шаруашылығымен шыңдап айналысуға өздеріне де өзгелерге де мүмкіншілік бермеді.

Қазақстандағы 1921-22 жылғы ашаршылыққа шындығына келсек ауа райы, құрғақшылық емес, өздері өкіметті бір түнде басып алған соң, кешікпей-ақ азамат соғысынан тұтанатынын, ал одан шаруашылық күйзеліп, халық аштан қырылуы мүмкін екенін біле тұра, қатерлі бағыттарынан қайтпай қойған большевиктер және олардың партиясының біржақты саясаты кінәлі.
ӘДЕБИЕТТЕР
1.Қоңыратбаев О. Т.Рысқұлов, қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметі. – Алматы: Қазақстан, 1994. – 448 б.

2.ҚР ПМ. 160-қ, 1-т, 25-іс, 8-п.

3. ҚР ПМ. 142-қ, 1-т, 228-іс, 21-22-пп.

4. ҚР ПМ. 142-қ, 1-т, 58-іс, 1-2-пп.

5. ҚР ПМ. 142-қ, 1-т, 58а-іс, 1-2-пп.

6. Қадірлі жастар жанына // Жас қайрат. – 1924. – 12 қаңтар. – №1.

7. Сәдуақасов С. Жастарға жаңа жол. –Орынбор, 1921. – 41-б.

8. Омарбеков Т. Ашаршылық ақиқаты // Ақиқат. – 1997. – №5, – 24-б.


ТҮЙІНДЕМЕ
Мақалада 1920-1925 жж.кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында Қазақстан жастары ның аштықпен күресі баяндалған.
РЕЗЮМЕ
Статья посвещена борьбе казахстанской молодежи с голодом в первые годы советской власти.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   23




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет