ҚАЗАҚ СПОРТ ЖӘНЕ ТУРИЗМ АКАДЕМИЯСЫ
ОЛИМПИЯДАЛЫҚ СПОРТ ФАКУЛЬТЕТІ
ЭССЕ
Тақырыбы:«дене мәдениеті»
Орындаған: Омаров Ақжол ФОС 21-6
Тексерген: Курманкулова К.А
Алматы 2024
Дене тәрбиесі – тәрбиенің құрамдас бөлігі. Ол денені жетілдіруге, яғни денсаулықтың дене амуының және дене әзірлігінің жоғары деңгейіне жетуіне бағытталған. Бұл анықтама дене тәрбиесінің салыстырмалы түрде даралық ерекшелігін көрсетеді. Ол тәрбиенің басқа түрлері – адамгершілік, эстетикалық, ақыл-ой, еңбек т.б тәрибелермен байланысты. Дене тәрбиесі – денсаулықты нығайту, денені дамыту, еңбек ету мен әскери қызметке денені дайындау үшін пайдаланылатын адам мен қоғамның жалпы мәдениетінің бір бөлігі. Дене тәрбиесі мазмұнының негізін қозғалыс қызметін тиімді пайдалану, жас ұрпақтың және ересектердің еңбек етуге жарамдылығын дамытуға бағытталған құралдар мен әдістерді даярлаудағы қоғам жетістіктерінің жиынтығы құрайды. Мәдениеттің бұл түрі адамның рухани дамуын әлеуметтендіруге көмектесетіндіктен де, жалпы адамзат үшін мәдени мәнге ие, құндылықтарды қалыптастыратын болғандықтан да адамгершілік бағытқа ие. Қазіргі адамның түсінуінше қоғам мен жеке адамның мәдениеті дене мәдениетінің дамуынсыз толыққанды бола алмайды . Қазіргі уақытта сырқаттанудан сақтандыру мен денсаулықты нығайту ісінде ғана емес, сондай-ақ тиімді психологиялық реттеу мен тәрбиелеу құралдары мен әдістері есебінде де дене шынықтыруға үлкен маңыз беріледі. ХОК, ЮНЕСКО және ДДҰ-ның қамқорлығымен 1999 жылдың 3-5 қарашасы аралығында Берлин қаласында (Германия) өткен, дене тәрбиесі бойынша Дүниежүзілік саммитке қатынасушылар дене тәрбиесінің орасан зор әлеуметтік-саяси маңызын бірауыздан мойындады. Жастардың дене белсенділігі өсіп келе жатқан жас ұрпақ арасында жағымсыз құбылыстардың (стресс, қозғалыстың жетіспеушілігі, есірткіні пайдалану және т.с.с.) едәуір қысқаруына әкеледі. Дене шынықтыру саласындағы мамандар үшін осының барлығы дәлелденген ақиқат секілді, бір қарағанда, бұл жөнінде соншалықты маңызды форумда еске салудың мәні жоқ секілді. Бірақ бұл тек бір қарағанда ғана. Қазақстандағы дене тәрбиесіне көзқарас шамамен жарты ғасыр бұрын Батыс елдеріндегі болған жағдай секілді. Егер Батыс елдерінде бұқаралық спортпен халықтың 38%-ы шұғылданса, осы уақытта республикада – 16%-дан астам тұрғындар ғана спортпен айналысады [2]. Бұрынғы жылдары дене тәрбиесі ЖОО-ын бітірушілердің кәсіби бағыты көп жағдайда дәстүрлі түрде олардың жаттықтырушылық қызметке ұмтылуы болды. Қазіргі уақытта халықтың денсаулығын нығайтуға, аурудан сақтандыруда, еңбек өнімділігін арттыруда, бос уақытты ұйымдастыруда, өмір мен ізденісті, шығармашылық белсенділікті ұзартуда дене тәрбиесінің алатын орны артуда. Қазір оқушылардың дене дайындығының деңгейінің төмендеу бет алысы айқын болып отыр. Қазіргі жағдайда дене тәрбиесінің әлеуметтік маңыздылығын есептей отырып, Қазақстан Республикасының 1999 жылдығы № 490-1 «Дене шынықтыру және спорт туралы» Заңының 9-бабында «Дене тәрбиесі» оқу пәні аймағына, оқу орнының ерекшелігіне, материалдық база жағдайы мен өзге де себептерге қатыссыз, барлық оқу орындары орындау үшін міндетті, ал үйрету бағдарламасы азайтылу жағына қарай өзгертілмейді деп ерекше атап көрсетілген . Cонда «дене шынықтыру» терминінен нені түсінеміз? Біз «дене шынықтыру» - бұл адамдарда болатын табиғи маңызды нәрселерді, бәрінен бұрын олардың тәнге қатыстыларын адамның игілігіне айналдыру, табиғатпен қарым-қатынас жасауда үйлесімділікке қол жеткізу, дене және психикалық, табиғи және әлеуметтік қатынастар арасындағы өзара байланысты оңтайландыру мақсатында адам организмінің қызметін мәдениеттендіру деп түсінеміз. Сөйтіп, қоғамда биологиялық және рухани белсенділіктің қажетті деңгейі, денсаулық жағдайы үшін жауапкершілік қалыптасады, әлеуметтік және биологиялық байланыс айқын көрінеді, ал адамның өзі қоғам дамуының басты мақсаты болып қала береді. Дене тәрбиесінің ең маңызды белгілері денені және рухани тұрғыдан өзін жетілдірудегі еркін әрекет болып табылады. Адамның денесін жетілдіруі, оның көмегімен әлеуметтік қызмет жүзеге асатын тетіктердің қызметін атқарады. Бұл ретте, адамның биологиялық мәнділігі оның өзінде, ал әлеуметтік мәнділігі одан тыс – қоғамдық қатынастар жүйесінде болады. Сөйтіп, біздің пікіріміз бойынша, дене шынықтыру процесі – бұл ерекше жаттығулар арқылы адамның биологиялық және рухани табиғатын үнемі жетілдіріп отыру. Зерттеуші М.С. Каган «дене шынықтыру шындығында мәдениет деп аталады, себебі ол адамның жеке өзіне табиғат бергендерді оның қайта өзгертуінің нәтижесі мен тәсілі болып табылады». Өйткені мәдениеттің осы түрі ерекше рухани және материалдық құндылықтар мен мекеменің бірлігі есебінде мәдени орта аясында дамиды. Сонымен бірге мәдени орта мәдениеттің өзін дамытатын элемент болып табылады, осы жағдайда дене мәдениеті, оның қоғамдағы салт-дәстүрлері және мекемелер бұған қатысты болып табылады .Дене жаттығулары адамның белсенді қызметімен байланысты болуы, оларға тән белгі болып табылады. Өйткені дене жаттығулары күйзелу, ойлау жұмысы, қимыл-қозғалыс туралы түсінік секілді көптеген психикалық процестермен байланысты болғандықтан, мақсатты және саналы әрекеттерді білдіреді, сезіну мен қызығушылықты, ерік пен мінезді дамытады, сөйтіп, дене жаттығулары адам денесінің дамуына ғана емес, оны рухани дамытуға да қызмет етеді. Сондықтан дене жаттығуларын, адамның дене және психикалық қызметінің бірлігі көрініс беретін іс-әрекет есебінде қарастыру керек. Олар организмге ғана емес, сондай-ақ жаттығуды орындаушының жеке тұлғасына да әсер етеді. Cонымен «Дене тәрбиесі» атауы – педагогикалық процесс. Ол тәрбиелік және білімділік міндеттері шешуге тиіс. Дене тәрбиесінің басқа тәрбиелерден айырмашылығын айтатын болсақ, біріншіден бұл процесті дене сапаларын дамытумен бірге тиімді дағды, әдет қозғалыстарын қалыптастыру арқылы дене жұмыскерлігін арттыру деп ұғынамыз. Қорытып айтқанда, «дене тәрбиесі» дегеніміз – ол адам бойындағы морфофункционалдық қасиеттерді дамытатын, білімін байытып, шеберлігін, қозғалыс дағдыларын арттыру негізінде еңбек көрсеткіштерін жақсартумен бірге Отанымызды қорғауда жоғары жетістіктерге жетуге бағытталған педагогикалық процесс. «Дене тәрбиесі» ұғымының екі мағынасы болуы мүмкін. Біріншісі – дене жөніндегі білімділік, екіншісі – ден қасиеттерінің тәрбиесі.
Достарыңызбен бөлісу: |