Қазақ спорты. – 2010. - № 40-41. – 14 желтоқсан
Әшімұлы Б.
Боксшыларға құрмет
Өткен сәрсенбіде Қазақстан бокс федерациясының президенті Тимур Құлыбаев Гуанжоуда өткен жазғы Азия ойындарының бокстан жеңімпаздары мен жүлдегерлерін, олардың жаттықтырушылары мен аталмыш федерация мүшелерін қабылдады.
Тимур Асқарұлы кездесуге қатысушыларды Азия ойындарындағы табыстарымен құттықтай келе, Гуанжоуда өзі куә болған жеңістер мен болмай тұрмай тын жеңіліс сабақтары туралы әңгіме қозғады.
Басқосуда жаттықтырушылар штабының атынан Қазақстанның бокстан ұлттық құрама командасының бас жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов пен әйелдер құрама командасының аға жаттықтырушысы Вадим Присяжнюк сөз алып, лебіздерін білдірді. М.Айтжанов федерация президентіне Гуанжоуда өткен Азиаданың естелік медалін берді.
Ал бокстан ұлттық құрама команданың капитаны, 69 келі салмақ дәрежесінде 16-Азия ойындарының чемпионы атанған Серік Сәпиев федерация боксшыларына құрама бұл жетістікпен шектелмейтініне, алдағы негізгі меже – 2012 жылғы Лондон олимпиадасында алтын тұғырдан көрінуге біздің боксшылар бар күш-жігерін жұмсайтынына уәде берді.
Кездесу барысында Тимур Құлыбаев пен ҚСРО және Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, федерацияның вице-президенті Юрий Цхай, Парламент мүшесі, АИБА-ның бюро мүшесі Серік Қонақбаев спортшылар мен олардың жаттықтырушыларына бағалы сыйлықтар табыс етті.
Салтанатты рәсімге Гуанжоудағы Азия ойындарында бокстан күміс жүлдегер атанған Саида Хасенова (Алматы қ.), Біржан Жақыпов (ОҚО) пен құрама жаттықтырушылары Нұрғали Сафиуллин, Нұрлан Ақүрпеков, алтын жүлдегерлер Данияр Елеусінов (Астана қаласы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің 2-курс студенті) пен жаттықтырушысы Марат Елеусінов, Серік Сәпиев (Қарағанды) пен жаттықтырушысы Александр Стрельников, күміс жүлдегер Иван Дычко (Қостанай) мен қола жүлдегер Данабек Сужанов (ШҚО), тағы бірқатар бокс мамандары қатысты.
Достарыңызбен бөлісу: |