Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті
Филологиясы факультеті
Қазақ әдебиеті кафедрасы
«Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы үшін
«Әдебиет теориясы» пәні бойынша
студенттерге арналған оқу - әдістемелік кешені
Семей - 2013
Құрастырушы: ф.ғ.к. А.С.Ақтанова
Қазақ әдебиеті кафедрасының отырысында бекітілген.
/ «___» ____________ 2013 ж. № 1 хаттама./
Кафедра меңгерушісі ф.ғ.к.: А.С.Ақтанова
Қазақ филологиясы факультетінің Оқу-әдістемелік кеңесінде талқыланған.
№ __ хаттама « ___»_______________ 2013 ж.
Қазақ филологиясы факультетінің Ғылыми кеңесінде бекітілді.
№ __ хаттама « ___»_______________ 2013 ж.
Факультет деканы ф.ғ.к.: Қадыров А.Қ.
Мазмұны
1.Глоссари_______________________________________________4-бет
2. Дәрістердің қысқаша мазмұны____________________________ 8-бет
3. Тәжірибелік сабаќтардың мазмұны_________________________36-б
4. Студенттердің оқытушының басшылығымен орындайтын өздік жұмыстарының тақырыптары_______________________________ 47-б
5. Студенттерге өздігінен оќуға берілетін таќырыптар__________48-б
6. Әдістемелік нұсқаулық___________________________________50-б
7.Қолданылатын әдебиеттер_________________________________52-б
ГЛОСАРИИ
АЗАМАТТЫҚ ЛИРИКА – лирикалық поэзияның заман жайын, әлеуметтік мәселелерді қозғайтын үлкен бір саласы.Өмір жөнінде, халықтың тағдыры туралы ой-толғамдар ақынның өз көңіл күйімен терең ұштасып, өзінің өмірге қатынасын суреттеу арқылы көрінеді. Адамның белгілі бір дәуірге байланысты ой-арманын, мақсатын жырлайды, жалпы әлеуметтік мәселелерді толғайды.
АҚ ӨЛЕҢ (ағылшын. Blank verse – ақ өлең) – силлабикалық және силлабо-тоникалық өлең жүйесіндегі ұйқассыз Эуропа халықтарының поэтикалық жадында «ақ» сөзінің «белгісіз, аяқталмаған, толықтырылмаған» деген ұғымдардың семантикалық эквиваленті ретінде қолданылуына байланысты. (Бұл ретте қазақ тіліне калькалау арқылы енген «ақ таңдақ» тіркесін еске алыңыз). Яғни тармақтардың соңындағы сөздердің дыбыстық тұрғыда үйлеспеуі, қабыспауы (ұйқастың белгісіз қалыпта, «ақ» күйінде қалуы) бұл өлең үлгісін «ақ өлең» атауға себеп болған.
АЛЛИТЕРАЦИЯ (латын. Аd-littera – дыбыстас) – шығармаларда бірыңғай дыбыстардың үндестігі, дәлірек айтқанда дауыссыз дыбыстардың қайталануы. Бүкіл әлем поэзиясында ертеден қалыптасып келе жатқан стилистикалық айшық (фигура).Әдеби тілді ажарлап, сөздің реңін келтіре түсетін көркемдік тәсіл.
АМФИБРАХИЙ (грекше amphi – айнала,brachys – қысқа) – Көне дүние поэзиясында туып-қалыптасқан өлшем; орыс поэзиясында силлабо-тоникалық өлең жұйесіне тән ұшбуынды ырғақтық өрнек: бірінші буын мен үшінші буын екпінсіз, ортаңғы буын екпінді болып келеді. Өлең тармағында осы өрнек бірнеше рет қайталанады.
АНАГРАММА (грекше апа – қайта, gramma - әріп ) – Атау сөз ішіндегі әріп орнын алмастыру арқылы бүркеншік ат жасау. Мәселен, орыс жазушысы Харитон Макентиннің Антиох Кантемир деген псевдонимі болған. Сол сияқты қазақ ақындары Мұзафар Әлімбаевтің – «Мәлім», Әлімқұлов Нұрсұлтанның – «Ән», Мырзалиев Қадырдың «Мырза Әли» деген лақап аттары бар.
АНЕПЕСТ (грекше anapasitos – соңы сәулелі) – Көне дүние метрикасында қалыптасқан, орыс поэзиясында силлабо- тоникалық өлең жүйесінде қолданылатын өлшемнің бірі, үшбуынды ырғақтық өрнек. Екі екпінсіз буыннан соң үшінші буын екпінді болып келеді. (- ).Өлең тармағында осы өрнек бірнеше рет қайталанады.
АЛОГИЗМ (грекше а – жоққа шығару жұрнағы, (logismos – ақыл ) – біріне бірі логикалық қисыны жағынан кереғар, қарама- қайшы ұғымдарды әдейі жақындатып, жалғастыру арқылы ойды айрықша әсерлі етіп жеткізетін стильдік тәсіл.
ӘДЕБИ ҚАҺАРМАН - әдебиеттің идеялық-эстетикалық роліне сай бейнеленетін тұлға. Ол қатардағы кейіпкерлерге, персонаждарға қарағанда бас кейіпкер, жан-жақты сомдалған толыққанды образ саналады, эпостық және әдеби эпикалық шығармаларда негізгі қаһарман ретінде жағымды түрде бейнеленеді.
ӘДЕБИ ПРОЦЕСС – бұл белгілі бір дәуірде, сонымен қатар, ұлттар мен елдердің, аймақтардың, әлемнің күллі тарихи кезеңдерінде өмір сүріп келе жатқан әдебиеттің тарихи – заңды қозғалысы.
ӘДЕБИ СЫН – көркем шығармаларды талдап, баға беріп, олардың идеялық-көркемдік мәнін, әдеби процестегі алатын орнын анықтайтын әдебиеттану ғылымының негізгі бір саласы. Сын - әдебиеттің тарихымен және теориясымен тығыз байланысты.
ӘДЕБИЕТ ТЕОРИЯСЫ - әдеби творчестваның табиғаты мен қоғамдық функциясын зерттейтін және оны талдаудың методологиясы мен методикасын айқындайтын әдебиет жөніндегі ғылымның негізгі салаларының бірі. Әдебиет теориясы зерттейтін мәселелер негізінен 3 циклдан тұрады: Жазушының өмір шындығын образды түрде бейнелеу ерекшеліктері жөнінде ілім; шығарманың әдеби көркемдік құрылымы жөніндегі ілім; әдеби процесс жөніндегі ілім.
ӘДЕБИЕТТІҢ КӨРКЕМДІК МӘНІ –сөз өнерінің бейнелілік, суреттілік қасиетінен туындайтын, адамның эстетикалық ой-сезімін қалыптастыруға үлкен әсер ететін ең басты сипатының бірі. Әдебиеттің қоғамдық маңыздылығы оның танымдық, тәрбиелік және көркемдік мәніне негізделеді.
ӘҢГІМЕ – оқиғаны баяндап айтуға негізделетін, қара сөзбен жазылған шағын көркем шығарма. Әңгіменің жанрлық ерекшеліктері алдымен оқиғаны баяндау тәсілі, композициялық, сюжеттік құрылысы, кейіпкер жүйесі арқылы айқындалады. Әңгімеде әдетте бас-аяғы жинақы, тиянақты бір оқиға айтылады.
БАЛЛАДА (француз., ballada – би әні) – поэзия жанры, оқиғаға құрылған, лирикалық сарындағы ұзақ өлең. Орта ғасырлардағы француз поэзиясының би үстінде айтылатын махаббат тақырыбын жырлайтын оқиғалы жыры ретінде пайда болған баллада кейінірек ағылшын, шотланд поэзиясына сіңісіп, халық әдебиетінің лиро- эпикалық әмбебап, шағын жанры болады.
БАРОККО (итальян тілінде әшекейлі, астарлы деген мағынада) – еуропа мәдениетінде Қайта өрлеу дәуірінен кейін ХҮІ ғасырдың аяқ кезінен бастап дамыған көркемдік стиль. Барокко – көпсырлы, көтеріңкі стиль. Бұған театрлық қасиет те, бұлдыр сағым мен фантастика да, ақиқат та тән. Барокко әсірелеу, астарлау тәсілдерін қолданып, сирек кездесетін тосын жағдайларға ұмтылғыш келеді.
ГЕРМЕНЕВТИКА – (грекше,hermenlike – hermecno – түсіндіремін, түсінік беремін, ұғындырамын) текстерді ұғындыру және оның принциптерін түсіндіру жөніндегі ілім.
ГРАДАЦИЯ (лат. Gradation – біртіндеп көтеру), яғни дамыту – айшықтаудың бір түрі: алдыңғы сөзден соңғы сөзді, алдыңғы ойдан соңғы ойды асыра, асқақтата түсу. Поэзияда, прозада да қолданылады.
ДӘЙЕКТЕМЕ (цитата) – баспасөз материалдарында, ғылыми еңбектерде, кітаптар мен түрлі қолжазбаларда, баяндамалар мен сөйлеген сөздерде келтірілетін, белгілі бір мәселе жөнінде айтылған немесе жазылған ой-тұжырымдардан сөзбе-сөз алынған үзінділер.
ДРАМА (грекше drama – қимыл-әрекет) – сахнаға арналған, уақиғаны, оған қатысушы кейіпкерлердің іс-әрекетін, көңіл-күйін көрсету арқылы баяндайтын әдеби шығармалар. Драмаға уақиғаны қызу тартысқа құрып, мейлінше шиеленістіріп, шарықтау шегіне әбден жеткізіп барып тану – айрықша тән қасиет.
КАЛЬКА – бір тілдегі сөзді, не сөз тіркесін басқа тілге құрылыс қалпын сақтап, дәлме-дәл аудару.
КЕЙІПТЕУ (олицетворение) - әр түрлі табиғат құбылыстарын, жансыз нәрселерді адам кейпіне келтіріп немесе қалайда жан бітіргендей етіп суреттейтін көркемдік тәсіл.
КОМПОЗИЦИЯ -әдеби шығарманың құрылысы, оның үлкен-кішілі бөлім-бөлшектерінің бір-бірімен қисынды түрде қиюластырылып, әр түрлі тәсілмен байланыстырылған тұтастық бірлігі. Шығарманың құрылысы шымыр болуы, бас-аяғы, жеке тараулары жинақы келуі жекеленген бөлім-бөлшектердің орынды жалғасуна байланысты.
МЕТАФОРА, АУЫСТЫРУ – екі нәрсені, құбылысты салыстыру және жанастырып – жақындату негізінде астарлы тың мағына беретінбейнелі сөз немесе сөз тіркесі.
ӨЛЕҢ ҚҰРЫЛЫСЫ - өлең сөзде қолданылатын өлшем-өрнектердің жасалу жүйесі, оның ырғағына, дыбысүндестігіне тән ерекшеліктерді белгілейтін негізгі шарттар мен заңдылықтар.
ПАРАЛЛЕЛИЗМ – екі нәрсені қатарластыра, жанастыра алыпбейнелеу тәсілі. Екі түрлі ұғымды білдіретін тіл элементтері бір-біріне әсер етіп, тұтас поэтикалық бейнені тудырады.
Дәрістердің қысқаша мазмұны
1 – дәріс. Әдебиет теориясы – ғылым. Қазақ ұлттық әдебиет теориясы ғылымы туралы.
Дәрістің мақсаты: Әдебиет теориясы ғылымы туралы мағлұмат беру. Қазақ ұлттық әдебиет теориясы ғылымы туралы.
Тірек сөздер: Әдебиет теориясы. Өмір шындығы. Сұлулық, әсемдік.
Дәрістің жоспары:
Әдебиет теориясы – ғылым.
1.Өнер табиғаты туралы.Әдебиет – сөз өнері.Өнер ғылымы туралы.
2. Әдебиеттің теориялық мәселелерінің дамуы.
3. Қазақ ұлттық әдебиет теориясы ғылымы туралы
Зерттеуге тиіс ғылыми аялар мен проблемалар. Әдебиет қағидаларының басқа әдебиеттану ғылымдарының нақты зерттеу жұмыстарына әдіснамалық тұрғыдан жетекшілігі. Фольклортану мен әдебиеттану арасындағы ортақ әдістемелер мен дара ұстанымдар. Әдебиет теориясының эстетикамен тығыз байланысы. Әдебиет пен өнер - өмір шындығын тану, игеру, жемісі, сұлулық пен әсемдік мұраттарын орнықтырушы. Әдебиет теориясы қарастыратын нысанның молдығы, кеңдігі, ғылыми зерттеу тәсілдерінің жан-жақтылығы.
Әдебиеттану ғылымы – көркем әдебиет туралы ғылым. Бұл негізінде үш саладан құралады: әдебиет тарихы, әдебиет теориясы, әдебиет сыны. Бұлар қашан да болсын бір-бірімен нық байланысты.
Әдебиет тарихы белгілі бір халықтың әдебиеті қай кезден басталады, шығармасымен қоса авторлық аты сақталған ең алғашқы ақыны кімдер, олардан қандай мұралар қалды, олардың өзара байланысы қандай, бірі себебі, екіншісі нәтижесі бола алды ма, қандай жүйеде дамыды, қандай тарихи кезеңде туды, онда қандай таптардың көзқарасы, тартыстары суреттеледі, міне, осы мәселелерді зерттейді.
Әдебиет теориясы көркем әдебиеттің әлеуметтік мәнін, өзіне тән ерекшеліктерін, әдеби құбылыстардың қоғамдық негізін, әдебиеттің даму заңдарын, әдебиеттік метод, бағыт, олардың себебін, әдебиет тектері (жанр), оның түрлері, көркем шығарманың композицясы, тілі, өзіне тән ерекшеліктері, өлең құрылысы тәрізді мәселелерді қамтиды.
Әдебиет сыны өз кезіндегі әдебиеттің даму жолдарын бақылайды. Оның жетістіктерін жұртшылыққа түсіндіреді, жақсыларын үлгі етеді, кемшілігін сынға алады. Қысқасы, шын мәніндегі сын өз тұсындағы көркем әдебиеттің дұрыс бағытта ілгерілеуіне жөн ілтеп, жол көрсетеді. /Әдебиет теориясы Қ. Жұмалиев/
Әдебиет теориясы көркем әдебиеттің болмысы мен бітімін, әдеби шығарманың сыры мен сипатын, әдеби дамудың мағынасым мен мәнін байыптайды. Әдебиеттің өзіне тән ерекшелігін, оның қоғамдық қызметін, көркем шығарманы талдаудың принциптері мен методикасын, әдеби жанрлар мен оның түрлерін, өлең жүйелерін, тіл мен стиль, әдеби ағым мен көркемдік әдіс мәселелерін түп-түгел тек әдебиет теориясынан ғана танып білуге болады.
Әдебиет теориясын білмей, қандай да болса әдеби құбылысты нәзік түсіну, шынайы сөз өнерінің шындық өмірге қарым-қтысын білу, әдебиеттің өсіп-өрбуіндегі заңдылықты ұғу, керек десеңіз, бүкіл ілгерішіл адам баласының жалпы көркемдік дамуындағы сыр-сипатын тану мүмкін емес. /Сөз өнері З. Қабдолов/
Дәрісті бекіту сұрақтары:
-
Әдебиет теориясының эстетикамен тығыз байланыстылығы
-
Әдебиет теориясының зерттеу объектісі
-
Көркем әдебиеттің әлеуметтік мәні
Ұсынылатын әдебиеттер тізімі:
1. Ахметов З. Өлең сөздің теориясы.-А.,1973.
2. Әдебиеттану. Терминдер сөздігі.-А.,1996
3. Байтұрсынов А.Әдебиет танытқыш // кітапта:А.Байтұрсынов.Шығармалары.-А., 1989 ж.
4. Жұмалиев Қ. Әдебиет теориясы.-А.,1964
5. Қабдолов З. Әдебиет теориясының негіздері:Оқу құралы.-А., 1970
6. Нұрғали Р. Әдебиет теориясы.-А., 2003
7. Нұрғали Р. Сөз өнерінің эстетикасы.-А., 2003
2 – дәріс. Эстетикалық ойдың даму кезеңдері. Әдебиет теориясы мен эстетикалық ерте кезеңі
Дәрістің мақсаты: Әдебиет теориясы жайлы алғашқы ұғымдарды түсіндіру және көне дәуір эстетикасындағы өмірге деген көзқарасты айқындау.
Тірек сөздер: Антикалық дәуір. Классика дәуірі. Аристотель эстетикасы.
Дәрістің жоспары:
Эстетикалық ойдың даму кезеңдері.
-
Әдебиет теориясы мен эстетиканың ерте кезеңдері
-
Көне үнді және шумер елдерінің мәдени ескерткіштері
-
Антикалық дәуір эстетикасындағы бағыттар
Әдебиет теориясы жайлы алғашқы ұғымдар. Көне үнді, шумер елдерінің мәдени ескерткіштері. «Махабхарата», «Ригведа», «Рамаяна» эпостарындағы сұлулыққа қатысты сезім, пайымдар, өлең түзу ережелері. «Гильгамеш» жырындағы ерлік, достық, махаббат идеялары. Энкиду бейнесінің көшпенділер эстетикасымен тамырластығы. Антикалық дәуір эстетикасындағы екі бағдар. Өмірге материалистік көзқарас және объективті, субъективті идеализм. Дүниетанымның тарихи, әлеуметтік, философиялық алғышарттары. Соңғы классика дәуірі және Аристотель. Поэзияның табиғатқа еліктеуіштік қызметі. Өнерде нанымды құбылыстарды бейнелеу. Қиял, өмірлік материалды іріктеудің маңызы. Көркемдік танымның ғылыми танымнан өзгешелігі. Рухани тазару, «катарсис» теориясы және шығарманы қабылдау мәселелері. Гораций Флакк. Пизондарға арнау атты өлеңмен жазылған трактат. Шығармадан қарапайымдылықты талап ету. Көлемдік шектеу. Шынайылыққа және нанымдылыққа айрықша мән беру.
Әдебиет теориясы туралы ой-пікір, көзқарастар ерте заманнан бері айтылып келеді. Көркем әдебиеттің өзіне тән ерекшеліктеріне, оның даму заңдарына біздің жыл санауымызға дейінгі замнның ойшыл ғалымдары да көңіл аударып, кейбіреулері терең ғылыми пікірлер айтты. Әдебиеттің теориясы туралы ең алғашқы үздік еңбек ескі грек елінің философы Аристотельдің «Поэтика» атты кітабы болды. (біздің жыл санауымыздағын бұрынғы ІҮ ғасырда). Аристотель өзінен бұрынғы философ, теоретиктерден әдебиет мәселелеріне басқаша қарады. Әдебиеттің қоғам тіршілігіне керектілігін жоққа шығарып, оны «мәңгілік идеяның» көлеңкесі деп түсіндіретін идеалистік көзқарастарға қарсы, әдебиет нақтылы өмір шындығының сәулесі, әдебиеттің басты мәселесі – адам және ол өмірді таныту, тәлім-тәрбие беруді енгізгі нысанасы етеді деген тәрізді материалистік пікірді ұсынушы бірінші адам Аристотель болды. Сонымен қатар искусствоның бір түрі поэзияның ерекшеліктерін көрсетуші де, оның ғылымнан айырмашылығын бірінші рет түсіндіруші де Аритотель. Ол поэзияның тегі: эпос, лирика, драмаға жалпылап болса да сипаттамалар берді. Драмалық жанрдың бір түрі трагедия, оның суреттеу үшін алған өмір құбылысы, қаһармандары және алға қоятын мақсат-міндеттері жөнінде айтқан терең пікірлерінің мәні зор. Әрине, Аристотельдің көзқарасында материализмді идеализммен шатастырып ала берушілік сықылды өзіне тән қайшылықтар да бар. Әйтсе де оның «Поэтика» атты кітабы - өз дәуірінде әдебиетке теориялық негіз, әдебиетті зертеу үшін болашаққа жол салған еңбек.
Көп уақыттар бойы Аристотельдің «Поэтикасы» әдеби-теориялық ой-пікірдің ең биігі саналады. Оның себебі Аристотельдің бұл еңбегі ескі грек елінің Гомер, Эсхил, Софокл, Эврипид, Аристофан тәрізді ұлы ақын, драматургтарының жазушылық тәжірибесіне негізделгендігінен, өзінің тероиялық көзқарасын, талдауларын сол құнды әдеби материалдарға сүйгендігінен еді. Ол жазушылардан қалған қымбат мұралар кейінгі ғасырларда да өзінің мәнін жоғалтпады. Бұл Аристотельдің әдебиет теориясы жөніндегі еңбегін өте құнды еткен ең негізі жайттың бірі болды.
Әдеби-теориялық мәселелердің екіншібір дами түскен кезеңі ХҮІІІ ғасыр болды. Әрине, бұл сөзден сонау Аристотельден бері қарай, ХҮІІІ ғасырға дейін, әдебиет теориясы жөнінде мүлде еш нәрсе болмады деген ұғым тумасқа керек. Әдебиеттің теориялық мәселелерін көтерушілер де болды. Бірақ олар сонау ескі замандағы Аристотельдің айтқан пікірлерінен артық ештеңе айта алмады.Тіпті кейбір мәселелерде одан ғылымдық дәрежесі көп төмен жатты.
Сөз өнері жайлы топшылаулардың тарихын, жалпы өнерге тән қасиет (әдемілік)
Хақындағы қағидалардың қалыптасу тарихын әдебиет пен өнер зерттеуші ғалымдар б. э. б.ҮІ ғ., яғни Пифагор тұсынан бері қарай тұтастыра жүйелеп жүр. Дұрысында адам баласының көркемдік талғамының алғашқы белгілері грек цивилизациясынан ондаған ғасыр бұрын, Ніл мен Нигер, Хуанхэ мен Янцзы, Инд пен Ганг, Тигр мен Ефрат жағалауларын мекендеген көне халықтардың рухани өмірі мен өнерінен пайда болған.
Байырға вавилон жұртының «Көрмегені жоқ кісі туралы» дастаны немесе көне үнді халқының «Ригведа», «Махабхарата», «Рамаяна» жырлар тәрізді еңбекші бұқараның жер бетінде тұңғыш туғызған әдеби ескерткіштерге бақсақ, адам баласының сөз өнері, соған сабақтас көркемдік пен көріксіздік, ерлік пен ездік, жақсылық пен жамандық, білімджарлық пен надандық туралы талаптары мен талғамдары тіпті б.э.б. 3-2 мыңыншы жылдарда туып, тұрлаулы ұғымға айнала бастағанын аңғарамыз.
«Көрмегені жоқ кісі туралы» дастан бірінші - вавилон династиясы тұсында , яғни б.э.б. 2 мыңыншы жылдар шамасында туған батырлық поэма. Мұнда Урук қаласының патшасы Гильгамеш оның досы Энкиду, олдардың ерлік істері жырланады. «Көрмегені жоқ кісі туралы» дастан – адам жайлы, адамның сұлулығы мен ұлылығы, асылдығы мен батырлығы хақындағы гимн:
Зұлымдық көзін жоқ қылмай келсем – маған сын,
Жауыңмен өзің айқасып өлсең – Адамсың.
Осынау екі жолдың өзінен бұдан төрт мың жыл бұрын өмір сүрген адамдардың абзал һәм асқақ мінезін, адамға тән асыл қасиет, сұлу сипат - ерлік, өрлік, қайсарлық туралы түсінігін, моральдық-этикалық идеясын, эстетикалық идеалын байқау қиын емес.ХҮІІ ғасырдың орта тұсында Баумгартен «Эстетика» деп ат беріп, айдар таққан әдемілік туралы ілімнің түп тамыры жалпы өнер тарихының тұңғиық тереңінде жатыр дейтінім сондықтан.
Тигр мен Ефрат маңында Гильгамеш батыр жырға айналған сол б.э.б. ХХ ғ. шамасында Инд пен Ганг жағалауындағы көне үнді жұрты жалпы көлемі «Иллиада» мен «Одиссеяға» барабар бір мың жиырма сегіз гимн шығарып, оларды «Ригведа» атанған он кітапқа топтастырып жатты. Гимндердің классикалық қопармалы тіліндегі әсем айшық-өрнектерге, лирикалық толғаныстарға, көркем образдарға қарағанда үнді халқында тіпті «Ригведаға» дейін де ғасырлар бойы дамып, жетіліп келген сөз өнері болғанға ұқсайды.
«Ригведа» гимндері арқылы қалыптасқан әдеби дәстүр, эстетикалық талғам тағы бір мың жыл өткен соң үнді халқының әлемге әйгілі ұлы дастандары «Махабхаратаға», одан келе «Рамаянаға» ұласады.
«Махабхарата» - керемет көркем ескерткіш; дастанның 19 кітабындағы өлең көлемі – 214 мың жол, яки «Илиада» мен «Одиссеядан» 8 есе артық.
«Махабхаратаның» бір алуан («Наль туралы») аңызын кезінде В. А. Жуковский аударып, оның көркемдік құнын В. Г. Белинский жоғары бағалағаны мәлім. Осы фактінің өзі-ақ көне үнді поэтикасында әжептәуір эстетикалық талап және талғам болғанын аңғартады.Екі поэмадағы бас кейіпкелер – «Махабхаратадағы» Кришна, «Рамаянадағы» Рама мифтік нанымдар тұтқынында бұлыңдап, құдайға баланған қалпында қалып қоймайды, жерге түседі, кәдімгі жер басып жүрген адам бейнесінде суреттеледі. Әсіресе «Рамаянаның» 2, 6 кітаптарындағы суреттеулер мен баяндаулар шынайы, әрі шыншыл. Осыған қарағанда, я болмаса поэманың көркемдік ерекшеліктеріне (лиризмге, символға, суреттілікке т.б.) қарағанда көне үнді поэтикасында әжептәуір эстетикалық принцип және жүйе болғаны кәміл.
Қысқасы, эллада эстетикасынан жүздеген жылдар бұрын көне үндінің көркемдік көзқарасы туып, қалыптасқан; сол арқылы үнді поэтикасының өзгеше заңы, ережелері белгіленген. Ол заң ереже бойынша, үнді жазушылары өздерінің көркем шығармаларын әрқашан тек «Ригведа» гимндеріндегі, «Махабхарата» және «Рамаяна» дастарындағы сюжеттер мен образдар негізінде ғана жазуы шарт болған. Мысалы, аты шулы Калидаса өзінің «Шакунтала» драмасын «Махабхаратаның» бір эпизодына құрса, одан 1108 жылдан кейін Тулси Дас (ХҮІ ғ.) «Рамаяна» сюжетін негізге алып, «Рамаяна, яки Рамачаритаманаса» деген поэма жазған.
Дәрісті бекіту сұрақтары:
-
Көне үнді, шумер елдерінің мәдени ескерткіштері
-
Классика дәуірі және Аристотель
-
Көркемдік танымның ғылыми танымнан өзгешелігі
-
Шығармадан қарапайымдылықты талап ету
Ұсынылатын әдебиеттер тізімі:
1. Ахметов З. Өлең сөздің теориясы. – А.,1973.
2. Әдебиеттану. Терминдер сөздігі. – А.,1996
3. Байтұрсынов А.Әдебиет танытқыш // кітапта:А.Байтұрсынов.Шығармалары –А., 1989 ж.
4. Жұмалиев Қ. Әдебиет теориясы. – А.,1964
5. Қабдолов З. Әдебиет теориясының негіздері:Оқу құралы. – А., 1970
6. Нұрғали Р. Әдебиет теориясы. – А., 2003
7. Нұрғали Р. Сөз өнерінің эстетикасы. – А., 2003
Қосымша әдебиетттер:
1.Абрамович Г.Л. Введение в литературоведение.-М.,1970
2. Ахметов З.Казахское стихосложение.-А.,1964
3. Бахтин М.М.Эстетика словесного творчество.-М.,1979
4. Бахтин М.М. Вопросы литературы и эстетики. – М., 1975
5. Веселовский А.Н.Историческая поэтика.Л.,1989
6. Выготский Л.С. Психология искусства. – М., 1968
7. Поспелов Г.Н. Проблемы литературного стиля. – М., 1970
8. Потебня А.А. Эстетика и поэтика. – М., 1976
9. Теория литературы. М., Академия, 2004, под редакцией Н.Д. Тамарченко
10. Тынянов Ю.Н. Поэтика. История литературы. Кино. – М., 1977
11. Хализев В.Е. Теория литературы. М., 2004
12. Халезев В.Е. Драма как род литературы. М., 1986
3-дәріс. Орта дәуір және қайта өрлеу дәуірінің эстетикасы
Дәрістің мақсаты: Орта дәуір және қайта өрлеу дәуірінің эстетикалық ой-толғамдарын түсіндіру, қазақ ұлттық эстетикалық дүниетанымының қалыптасуы.
Тірек сөздер: Сұлулық, тұтастық, үйлесім, айқындық, абсолюттік, игілік.
Дәрістің жоспары:
Орта дәуір және қайта өрлеу дәуірінің эстетикасы
-
Орта ғасыр эстетикасындағы діни сарындар. Абсалютті сұлулық туралы.
-
Ұлттық эстетиканың қайнар бұлағы
-
Қайта дәуір дәуіріндегі адам тұлғасының асқақтығы.
Орта ғасыр эстетикасындағы діни, құдайшылық сарындардың жетекші сипат алуы. Ерте орта ғасырда өмір сүрген Аврелий Августиннің абсолютті сұлулық туралы пікірлері. Кейінгі орта ғасыр эстетикасының өкілі – Фома Аквинский. Әсемдіктің объективтілік сипатын мойындау. Сұлулықты анықтау үшін қойылатын үш шарт: тұтастық, үйлесім, айқындық. Құдай – абсолютті сұлулық әрі абсолютті игілік. Ұлттық эстетиканың қайнар бұлағы. Андрон, Беғазы-Дәндібай мәдениеттерінің бірі. Қаңлы жазуы. Сақ-скиф бейнелеу өнері. VI-IX ғасырлардағы ортақ түркі әдеби мұралары саналатын «Күлтегін», «Тоныкөк» жырларында, X-XII ғасырлар әдебиетіндегі М.Қашқаридің «Диуани лұғат ат-түрік», Ж.Баласағұнның «Құтадғу біліг», А.Яссауидің «Диуани хикматында» ұшырасатын жалпыадамдық асқақ сезім, әсем ой, биік әсер көріністері. Әбунасыр әл-Фарабидің өнер саларының теориясына қосқан үлесі. Музыканың ұлы кітабы. Әуеннің үш түрі. Музыкалық қабілет. Дарын. Ұстаздық. Батыс Еуропадағы ояну дәуірінің (ренессанс) әдебиет пен өнердегі іргелі жаңалықтарға бастауы. Қоғам өміріндегі алғышарттар. Адам тұлғасының асқақ орны. Ізгілік пафосы.
Сырдария бойында – ертедегі түркі халықтарының кіндік қаласы Отырарда (Фарабта) туып-өскен ұлы ойшыл, ғұлама ғалым Әбу Насыр Әл-Фарабидің (870-950) бүкіл дүниежүзілік білім мен мәдениет аспанында жарық жұлдыздай жарқырап, Аристотельден кейінгі екінші ұстаз дәрежесіне көтерілуі – адам таң қалғандай ғажайып құбылыс.
Әл-Фараби – дана философ қана емес, майталман математик, үлкен дәрігер, дарынды музыкант, мықты әдебиетші болған адам. Әдебиет пен өнерге байланысты данышпан ғалымның бүкіл әлем эстетикасына айтулы үлес болып қосылған «Музыканың ұлы кітабы» атты көлемді күрделі зерттеуін, «Музыка ғылымына кіріспе», «Музыка жайлы талдау», «Ырғақтарды топ-топқа бөлу» т.б. әр алуан ғылыми еңбектерін атауға болады. Бұлардың қай-қайсысы болсын, әл-Фарабидің ірі эстетик, іргелі теоретик екеніне айғақ. Ал оның «Поэзия өнерінің канондары туралы трактаты» мен «Поэзия өнері туралы» еңбегі өлең жайлы, жалпы ақындық өнер хақындағы аса бағалы байыптаулар болып табылады.
Әл-Фараби «Поэзия өнерінің канондары туралы трактатта» Аристотельдің «Поэтикасын» талдап-түсіндіруді мақсат ете тұра оны рет-ретімен және егжей-тегжейіне дейін түгел тексеріп жатпайды, поэзияны трагедия, комедия, драма, эпос, риторика, сатира, поэма т.б. осылдар тәрізді бірнеше түрге бөледі де, әрқайсысына жеке-жеке жанрлық сипаттама береді. Айталық, «комедия - деп түсіндіреді әл-Фараби, - арнаулы өлшемі бар поэтикалық жанр. Комедияда әр алуан әрсіз әрекеттер баяндалады, келеңсіз кісілер, олардың кесірлі қылықтары мен кеспірсіз мінездері сықақ етіледі». Бұл – кәдімгідей қалыптасқан, көп ретте дәл және тұрлаулы теориялық тұжырым.
Әл-Фараби өлең жазатындарды 3 топқа бөледі: бірі – тумысынан ақпа-төкпе, ағыл-тегіл дарындар; екіншісі – туғаннан соң жетілген, өлең өнерінің барлық құпиясымен жете таныс, «ойлампаз» таланттар; үшіншісі – тума қабілеті де, табиғи таным-дарыны да жоқ, жоғарғы екеуіне еліктеумен ғана жүретіндер. Бұлардың біріншісі – ауыз әдебиетіндегі суырып салма – импровизатор жырауларға, екіншісі – жазба әдебиетіндегі профессионал ақындарға, үшіншісі - әр тұста да бола беретін әшейін әуесқойларға берлген мінездемелер секілді.
Әл-Фарабидің «Поэзия өнері туралы» трактаты түгелімен өлең құрылысына - өлең өлшемдерін талдауға, өлеңдегі ырғақ пен буын мәселелерін тексеруге арналған.
Осы трактаттарының қай-қайсысында болсын, ұлы ғалым өнер атаулының ақиқат өмірден ғана туатынын терең білгірлікпен тап басып, дәл айтқан. Бұдан мың жылдан астам бұрынғы «соқтықпалы, соқпасыз» бұлыңғыр дәуірде мұншалық сара ой-сана иесі болу адам баласының парасат тарихында дара туған даналардың ғана үлесіне тиген. Демек, Әбу Райхан Бируни (973-1050), Әбу Әли Ибн-Сина (980-1037), Омар Һәйям (1048-1130), Роджер Бэкон (1214-1294), Әбдірахман Жәми (1414-1492) секілді әлемге әйгілі ойшыл-ғұламалардың Әл-Фараби еңбектерін ғұмыр бойы үлгі, өнеге тұтып өтулері тегіннен-тегін емес.
Достарыңызбен бөлісу: |