Қазақ тілі сабағында шетелдік тыңдаушылардың жазу дағдыларын қалыптастыру мәтбек Нұрсұлу Құрманбекқызы, ф.ғ. к



Дата07.07.2016
өлшемі45.13 Kb.
#183019
ҚАЗАҚ ТІЛІ САБАҒЫНДА ШЕТЕЛДІК ТЫҢДАУШЫЛАРДЫҢ ЖАЗУ ДАҒДЫЛАРЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУ

Мәтбек Нұрсұлу Құрманбекқызы, ф.ғ.к.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

e-mail: nursulu.m@mail.ru

Тыңдаушылардың дәрісханада жазу дағдыларын қалыптастыру мақсатында оқытушының басшылығымен жаттығу жұмыстары жүргізіледі. Есту бойынша жазу дағдыларын жетілдіру дәріс (лекция) жазуға дайындауды мақсат етеді. Жазу дағдыларын дамыту жұмыстары үшін түрлі жаттығулар қолданылады. Олардың арасында әртүрлі, бірте-бірте күрделеніп отыратын жазба жұмыстардың түрлері маңызды орынға ие. Бұл жерде кез келген сөз не мәтін таңдалынып алына салмайды, тыңдаушылардың дүниетанымын кеңейту мақсаты да қоса қамтылады. Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің ЖОО-ға дейінгі дайындық кафедрасында биыл 5-жыл білім алып келе жатқан ауғанстандық тыңдаушыларға қазақ тілін оқыту барысында алғашқы апталарда қазіргі қолданыстағы кириллше мен олардың мемлекеттік тілі болып табылатын парсы жазуының айырым-белгілерін салыстыра үйрету олардың жазу дағдыларын тезірек меңгеруіне ықпал етеді.



1. Әріп диктанты. Сабақта таныстырылған әріптер оқылады, тыңдаушылардың біреуі тақтаға жазады, қалғандары дәптерлеріне жазады. Бас әріп, кіші әріптің ерекшеліктері салыстырыла түсіндіріледі. Мәселен, араб графикасында сөз басындағы, сөз ортасындағы және сөз соңындағы әріптердің жазылуы түрліше болғанымен, кириллицадағы бас әріп пен кіші әріптің айырымындағыдай әріптердің ұзынды-қысқалығында айырмашылық жоқ.

Бас әріптер мен бас әріп биіктігіндей жазылатын кіші әріптер: Бб, Вв,һ (парсы тіліндегі -ﻄ ,ﻅ ,ﻞ ,ﺍ ﮒ ,, әріптеріндей) немесе төмен қарай созылып жазылатын: д,з,ф,ұ,ү,у; (,,,,- т.б.), әріп үсті белгілері бар әріптер үшеу-ақ екендігі: ё, й, і (ﺖ, ﻖ ,ﺫ ,ﺰ ﻍ ,ﻆ, ﻒ - т.б.), немесе жазылуында азғана айырмасы бар: к-қ, н-ң, ш-щ, г-ғ, о-ө, ү-ұ әріптері (ت ث, پ, ݕ , ) де көп еместігі, қосарлы (екі дыбыстан тұратын) әріптердің жазылуы: ё (й+е), ю(й+у), я(й+а) әріп диктантын жазу барысында меңгертіледі.



2. Буын диктанты. Дауысты мен дауыссыз әріптерден немесе дауыссыз бен дауысты әріптерден құралған буындар жазылады: ла, ал, лә, әл, ло, ол, лө, өл, лұ, ұл, лү, үл, лы, ыл, лі, іл, ли, ил, ле, ел т.б. Дауысты (жуан, жіңішке) және дауыссыз дыбыстарды ажырата білу үйретіледі. Қазақ тілінде кейбір екі түбірден құралған жер-су атаулары болмаса, екі дауыстының қатар келе бермейтіндігі, олардың айтылуындағы ерекшелік – қатар тұрған екі дауыстының қазақ тілінің үндестік заңы бойынша (кейінді ықпал) алғашқысының айтылмайтындығы түсіндіріледі: Сарыарқа – Сарарқа, Сарыағаш – Сарағаш, Қараой – Қарой т.б).

3. Көру диктанты. Оқытушы сөздерді тақтаға жазады, қиындық туғызатын әріптердің асты сызылады, содан кейін тақтадағы сөздер өшіріліп, тыңдаушылар оларды есте сақтағандары бойынша жазады: мен, сен, сіз, ол, біз, сендер, сіздер, олар т.б.

4. Сөздік диктанты. Оқытушы сөздерді баяу екі реттен қайтара оқиды, тыңдаушылар сөздерді дәптерлеріне жазады. Жазып болған соң диктант мәтіні түгелдей жылдамырақ оқылады, тыңдаушылар жазғандарын тексереді: ата, әже, әке, шеше, аға, іні, әпке, қарындас, бала, немере т.б. Сөздік диктантында бірте-бірте сөз тіркестері беріледі: менің атам, сенің әжең, сіздің әкеңіз, оның анасы (шешесі), біздің ағамыз, сендердің інілерің, сіздердің әпкелеріңіз, олардың немересі т.б.

Сөз тіркестерінен бірте-бірте сөйлемдер құрастырылады:



Менің досым. Менің досым – Әли. Бұл менің досым – Әли. Соңғы сөйлемді олар есте сақтауы бойынша жазады.

Мен барамын. Мен сабаққа барамын. Мен жатақханадан сабаққа барамын.

Мен келемін. Сен келесің. Сен қалаға келесің. Сен ауылдан қалаға келесің.

Ол оқыды. Ол кітап оқиды. Ол қызық кітап оқиды.

Грамматикалық тапсырма қамтылған сөздік диктантында тыңдаушыларға сөздер жекеше түрде оқылады, олар оны көпше түрде жазады: кітап..., дәптер..., қалам..., парта... . Сөз тіркестері: менің кітаб(п)...ым, сенің дәптер...ің т.б.

Дауыс ырғағы қамтылған диктант. Бұл кім? Мынау мектеп пе? Бұл – университет (сұраулы және хабарлы сөйлемдер беріледі).

Оқытушының ауызша сұрағына тыңдаушылар жазбаша жауап береді. Бұл кітап кімдікі? немесе Бұл кімнің кітабы? Сен дәрігерсің бе? т.б.

Диктант (мәтін). Бұл – біздің университет. Бұл – дәрісхана. Дәрісхана кең және жарық. Университетте дәрісханалар, асхана және кітапхана бар. Тақта таза. Мынау дәрісхананың есігі мен терезесі. Шамдар дәрісханаға жарық береді. Дәрісханада парталар бар.

Диктант жазу барысында бірте-бірте тыныс белгілері (сөйлем соңына қойылатын: нүкте, сұрау және леп белгілері; сөйлем ішіне қойылатын: үтір, сызықша, қос нүкте, нүктелі үтір, көп нүкте т.б.) туралы түсінік беріледі. Оқылған мәтін ішіндегі тыныс белгілеріне көңіл аудартылады. Шетелдік тыңдаушыларға (әсіресе кешенді тест тапсыратын шетелдегі қазақ диаспорасы өкілдеріне сызықша мен дефистің айырмашылығын, сөз ішіне – дефис (-), сөйлемге – сызықша ( – ) қойылатындығын үйрету маңызды. Себебі бастауыш пен баяндауыштың арасына, төл сөзді және диалогті сөйлемдерге, кейбір құрмалас сөйлемдердің құрамындағы жай сөйлемдердің арасына, бірыңғай мүшелерден кейін келген жалпылауыш сөздің алдынан, өз ішінде үтірі бар айқындауыш мүшелердің екі жағынан – сызықшаның қойылатындығын, ал қос сөздердің ортасына, цифрмен берілген сан есімдерге қосымша жалғанғанда, кейбір қысқарған сөздерге қосымша жалғағанда т.б. жағдайларда дефис қойылатындығын меңгерту қазақ тілінен теориялық материалды терең ұғынуға септігі тиеді, сауатты жазуға ықпал етеді. Қытай Халық Республикасынан келген тыңдаушыларда дефисті – «сызықша», сызықшаны «сызық» деп айту қалыптасқан. Қазақ тілінде «-ша, -ше» жұрнақтары кішірейту мәнін білдіретіндіктен (мысалы, кітапша, сандықша, күрекше) әрі бірінен бірінің қысқарақ белгіленуіне орай, осылай атау көңілге қонымды. Бірақ бізде орыс тіліндегі «дефис» атауы қолданылып келеді.

Қазақ тілін үйретуде сөйлесім әрекеті бес түрге бөлінеді: оқылым, жазылым, тыңдалым, айтылым, тілдесім. Тілдік қатынасқа байланысты іске асатын сөйлесімні осы бес әрекеті де шетілдік дәрісханада сөйлеу үшін, бірін-бірі түсіну үшін аса қажет. Қазақ тілін сауатты, терең үйрету үшін жоғарыда көрсетілген жазба жұмыстардың түрлері әрбір сабақта жүргізіліп отырылуы тиіс.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Нуршаихова Ж., Мұсаева Г. Қазақ тілі: Алғаш бастаушыларға арналған оқу құралы. – Алматы: Қазақ университеті, 2011. – 144 б.



2. Ибрагимов Қ., Базарғалиева Б. Қазақ тілі: Жоғары оқу орындарына түсушілерге арналған оқулық-тест. – Алматы: Шың кітап, 2006. – 266 б.

3. Оразбаева Ф.Ш., Рахметова Р.С. Қазақ тілін деңгейлік оқытудың ғылыми-методологиялық негіздері. – Алматы, 2012. – 227 б.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет