ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗДАР ПЕДАГОГИКА ИНСТИТУТЫ
Магистратура
6N0205 – Филология (Қазақ тілі)
Курстық жұмыстың тақырыбы:
Қазақ тілі синтаксисінің зерттелуі
Орындаушы: Шайбекова А.Б.
Ғылыми жетекшісі: п.ғ.д., проф. м.а. Бейсембаева З.Б.
Кафедра меңгерушісі: ф.ғ.д. Ермекова Т.Н.
Алматы, 2008 ж.
Жоспар:
Қазақ тілі синтаксисінің теориялық тұрғыдан зерттелуі;
Қазақ тілі синтаксисінің әдістемелік жағынан зерттелуі;
Кіріспе
Қазақстан Республикасында Мемлекеттік тіл мәртебесі қазақ тілінің дамуына ауқымды міндеттер қояды. Бір ғасырдан астам тарихы бар қазақ тіл білімінің синтаксис саласы - өзіндік ерекшелігімен қалыптасып, дамып келе жатқан сала.
Синтаксис грамматикалық ілім ретінде мынандай негізгі екі салаға бөлінеді: 1) сөз тіркесінің синтаксисі. Онда сөздердің өзара тіркесу қабілеттілігі, тіркесу тәсілдері мен формалары, сөз тіркесінің құрамы, олардың түр-түсі қарастырылады; 2) Сөйлемнің синтаксисі. Онда сөйлемнің құрылу принциптері, сөйлемнің құрамы, олардың түр-түсі қарастырылады.
Синтаксис бұл мәселелерді сөздердің грамматикалық құрылысы жөніндегі ілімнен бөліп алып, олардан оқшау тұрған нәрсе деп қарамайды, өзара тығыз байланыста қарастырады. Сондықтан сөздердің морфологиялық құрылысы синтаксистік және граммтикалық талдаудың негізі болады. Лексикология мен морфология тіл ғылымының дербес салалары болуымен қатар, олар синтаксистен байланысын үзбейді.
Сөз тіркесі – сөйлем құраудың материалды негізі де, сөйлем – кісінің ойын айтудың негізгі формасы. Синтаксис сөз тіркесін, сөйлемді, олардың түрлерін, сөйлем мүшелерін және басқа синтаксистік формаларды адамның ойын білдірудің грамматикалық тәсілдері ретінде, өзара байланысты катетегориялар ретінде қарастырады. Синтаксис сөздерді сөйлемнің бөлшектері ретінде , ал жалғауларды сөйлемдегі сөздерді бір-бірімен қиюластырып тұратын морфологиялық-синтаксистік категория ретінде тексереді [ 1, 4 б.].
Сөйлем – синтаксис зерттейтін басты тілдік бірліктердің бірі. Ол атқаратын қызметі тұрғысынан да, синтаксистік форма ретіндегі алынған сөзден , сөз тіркесінен түгелдей өзгеше категория болып саналады.
«Сөйлем – белгілі бір мағыналық және интонациялық тұтастыққа ие, граммтикалық тәртіппен байланысқан сөздер тізбегі ретінде адамдар тілінің кіші бөлшегі. Сөйлем, сонымен бірге, қарым-қатынас бөлшегі бола отырып, ойдың да қалыптасуыменберілісінің единицасы ретінде тіл мен ойлаудың бірлігін көрсетеді. Сөйлем логикалық пікірмен қатысты, бірақ онымен парапар емес: әрбір пікір сөйлем түрінде беріледі, бірақ кез-келген сөйлем пікірді білдіре алмайды. Сөйлем адам әрекетін білдіре отырып, оның еркі мен сезіміне қатысты эмоциялық, сезімдік ұғымдарды білдіруге де қызмет етеді. Сөйлемнің грамматикалық негізін шақ, жақ, модальдік категорияларының және хабарлау интонациясының жиынтығынан тұратын предикативтілік құрайды...» [2, 227 б.].
Қазан революциясына дейін түркі тілдерінің барлығының да синтасистік құрылысы жөнді зерттелмеді. Практикалық граммтикалардың кейбіреуінде ғана болмаса, көшілігінде синтаксис тіпті атаусыз қалып отырды.
Синтаксис мәселелерінің едәуір көлемде қамтылған түрі 20 жылдардан басталды. Бұл кезде сөйлеу мен сөйлем, сөйлем мен сөз қазірде қолданылып жүрген тұрлаулы, тұрлаусыз мүшелер, олардың түрлері, әр мүшенің грамматикалық белгілер мен орналасу тәртібі, қай сөз таптарынан болатындары кейінгі кезеңдерде қамтылып, жай сөйлемдер өз ішінен толымды, толымсыз, болымды, болымсыз, хабарлы, сұраулы, лепті, тілекті, бұйрықты деп бөлінді, сөйлем мүшесі бола алмайтын оқшау сөздер көрсетілді. Құрмалас сөйлемдер мен олардың түрлері талданды.
30-жылдар ішінде бастауыш сыныптарға арналған 3-4 грамматикалық оқулық, синтаксис мәселеріне арналған 20-дай мақала, бір жинақ, отызыншы жылдың екінші жартысында орта мектептерге арнеалған екі оқулық шығарылды. «Ауыл мұғалімі», «Халық мұғалімі» журналдары беттерінде жарияланған мақалалардың басым көпшілігі сөйлем мүшелерін айқындай түсуге арналды. Бұған, әсіресе, белсенді ат салысқандар – Х.Басымов пен С.Жиенбаев.
30 жылдардың екінші жартысында мақалаларадың басым көпшілігі сөйлем мүшелерін талдауға арналды. «Ауыл мұғалімі» журналының 1935 жылы 7 санында С.Жиенбаевтың «Сөйлемнің үйірлі мүшелері туралы» деген мақаласы жарияланды. Мақалада автор үйірлі мүшені танытатын үш түрлі белгі бар дейді де, оларға: а) үйірлі мүше тобымен жүреді, бірінен бірі айырылмайды; ә) интонациялық жақтан жай мүшелер сияқты; б) өзіндік үзілісі (пауза) жоқ дегендерді келтіреді. Осы мақаланың толықтырылған түры 1936 жылы «Труды казахского института национальной культуры» дейтін жинақта жарық көрді [3, 70 б.].
Елуінші жылдарға дейін жанама толықтауыш пен мекен пысықтауышын бір-бірінен ажыратуда көптеген қайшылықтар болды. Бұл, әсірісе, оқыту ісіне үлкен зиянын тигізді. Мұны бір ізге келтіру мақсатымен «Халық мұғалімі» журналы М.Балақаевтың мақаласын жариялап, соның негізінде пікір алу ұйымдастырды. Бірнеше жылға созылған пікір таласы «Қазақ тілі мен әдебиеті» журалының 1959 жылғы екінші санында қорытындыланды.
1936 жылы орта мектепке арналған тұңғыш оқулық шығарылды. Оның авторы Қ.Жұбанов жай сөйлемдерді мағынасына қарай және құрылысына қараай жіктеді. 1939 жылы С.Аманжолов пен Н.Сауранбаев авторлығымен шығарылған «Қазақ тілінің грамматикасы» атты оқулықтан бастап атаулы сөйлем қосылды. Бірақ бұл сөйлемді С.Аманжолов жай сөйлемдердің мағынасына қарай жіктелген тобына қосса [4, 10-17 б.], Н.Сауранбаев құрылысына қарай жіктеген тобына қосты [5, 191 б.]. 30 жылдардың аяғына дейін жай сөйлемдердің қазірде аталып жүрген түрлерінің барлығы да тегіс қамтылды. Сондай-ақ сөйлем мүшелерінің құрылыс сипаттары – күрделі, үйірлі, бірыңғай мүше дегендери де, кейінде синтаксистің күрделі бір саласы ретінде қаралып жүрген сөздер тіркесі жөнінде бастама пікірлер де осы кездерде дүниеге келіп қалыптаса бастады. Осылардың арқасында, 40-жылдардан бері қарайғы жұмыстар бұрын ашылмаған тың бірдемелерді ашу бағатында емес, жай сөйлемнің болсын, сөйлем мүшелерінің болсын, айқындалып ашылған түрлерін кеңейте, тереңдете зерттеу бағытында жүргізілді.
1940 жылы С.Аманжолов «Қазақ тілі ғылыми синтаксисінің қысқа курсы деген оқулық шығарды. Оқулық екі бөлімнен құралған: оның «Синтаксистің методология мәселелері» деп аталатын теориялық бөлімі – социологияға толы, екінші бөлімі – «Арнаулы бөлім» деп аталған. Мұнда сөйлем мүшелері, сөз таптарының сөйлем мүшесе болу қызметі, сөйлем мүшелерінің өзара байланысы, жалғаулар мен шылаулардың мағыналары, жай сөйлем мен құрмалас сөйлем, олардың түрлері сөз болады.
1941 жылы С.Жиенбаевтың «Синтаксис мәселелері» деген шағын кітапшасы шықты. Сөйлем мүшелерін жіктеу, олар арасында болатын синтаксистік қатынастар туралы айтқандары болмаса, бұл кітапшаның алға қойған негізгі мақсаты – құрмалас сөйлемді жіктеу болған.
Синтаксистің негізгі нысаны сөйлем емес, сөз тіркесі, сөйлемнің өзі сол сөздер тіркесінің бір түрі ғана емес, сөз тіркесі сөйлемнің , сөйлемнің өзі сол сөздер тіркесінің бір түрі ғана дейтін пікірді орыс тіл білімнің көрнекті өкілі Ф.Ф.Фортунатов пен оның көп шәкірттерінің бірі – М.Н.Петерсон қолдады. М.Петерсон 1923 жылы жариялаған «Очерки синтаксиса русского языка» дейтін еңбегінде синтаксистің ең түйінді мәселесі және негізгі нысаны – сөздер тіркесі, сөйлем сол сөз тіркестерінің бір түрі [6, 28 б.] деп жазды.
1968 жылы О.Төлегеновтің «Жалпы модельді және мақсат мәнді жай сөйлем типтері» деп аталған кітабы шықты. Сөйлемдегі модальділік мән қазақ тіл білімінде арнайы сөз болмаған тақырып, автор аталған еңбегінде соны талдап шешуге талпынған.
1972 жылы Р.Әмірова «Особенности синтаксиса казахской разговорной речи» деп аталатын монографиясында сөйлеу тілі синтаксисінің практика үшін де, теория үшін де мәні зор екендігін тілдік бай материалдарға сүйене отырып зерттеп шыққан. Бұл тақырыпты арнайы сөз еткен зерттеулер көп емес, солардың ішінен екі түрлі еңбекті бөліп айтуға болады: оның бірі – Р.Сыздықованың «Абай өлеңдерінің синтаксистік құрылысы» деген атпен 1970 жылы жарық көрген монографиялық зерттеуі де, екіншісі осы еңбек авторының «Поэзиялық шығармалардың синтаксистік құрылысы» деген атпен 1964 жылы жарияланған еңбек.
Синоним мәселесі лексика тұрғысында болмаса, синтаксистік жақтан зерттелмеген. Тың жақтан осы мәселе М.Серғалиевтің «Синтаксистік синонимдер» деген атпен 1981 жылы жарияланған монографиялық еңбегі арқылы жарыққа шықты. Автор осы тақырыпқа қатысты тұжырымдарды жинақтап, соған сүйене отырып, қазақ тіліндегі синонимдік құбылыстарды нақты тілдік фактілермен айқындап, сөйлемдер мен сөздер тіркесіндегі синонимдік құбылыстарды оларға азды-көпті ұқсайтын, бірақ синонимге жатпайтын тілдік тұлғалардан, тіркестерден ажыратудың жолдарын көрсеткен.
Қазан революциясына дейін қазақ тілі граммтикасының басқа салаларынан едәуір құнды пікірлер айтылды, бірақ мұндай пікірді құрмалас сөйлемге байланысты айтуға болмайды [7]. 1917 жылы жарық көрген 7-8 практикалық грамматикалардың ешқайсысында да құрмалас сөйлем сөз болған емес, тек П.Мелиоранский мен В.Катаринский жазған қазақ тілі граммтикаларында ғана «сложное предложение», «подчиненное предложение» деген атаулар кездеседі. Бірақ бұларда да құрмалас сөйлемнің сырын ашу мақсатында емес, етістіктің есімше, көсемше түрлерінің синтаксистік қызметтерін айқындау үстінде ғана «бұлар бағыныңқы сөйлем баяндауышы болады» деген түрде аталады.
30-жылдардан екінші жартысынан бастап, құрмалас сөйлемге байланысты мақалалар, орта мектепке арналған оқу бағдарламасы мен оқулық жарық көрді. Бұлардың ішінде баспа бетін бұрын көргені – оқу бағдарламасы. Бағдарламада лингвистикада қалыптасқан жалпы дәстүр бойынша, құрмалас сөйлем, салалас, сабақтас делінік екі түрге бөлінген. Салалас сөйлем компоненттерінің бір-бірімен құрмаласуының 10 түрлі жолы көрсетіліп, мағыналық қатынастарына қарай: ыңғайлас, ереуіл, талғама, себеп-салдар, шарт-жағдай салаласы делініп, 5 түрге бөлінген [8, 359 б.]
1938 жылы «Ауыл мұғалімі» журналының 6-санында Н.Сауранбаевтың «Құрмалас сөйлем туралы» деген мақаласы жарияланды. Мақалада құрмалас сөйлемдерді салалас, сабақтас, аралас деп үшке бөлген.
30-жылдар ішіндегі еңбектердің құрмалас сөйлемдерді едәуір жан-жақты сипаттағаны – С.Аманжолов пен Н.Сауранбаевтың «Қазақ тілінің грамматикасы» атты оқулығы болды. Оқулықта аталған мақала ізімен құрмалас сөйлемді салалас, сабақтас, аралас деп үш топқа бөлген. Салалас сөйлемді жалғаулықты, жалғаулықсыз деп бөлу де тұңғыш рет осы оқулықтан басталды.
40-жылдар ішінде құрмалас сөйлем синтаксисіне байланысты жарияланған мақалалар саны да, оқулықтар түрі де, жазылған ғылыми еңбектер де әлдеқайда көп болды. С.Аманжолов жоғарыда аталған оқулығында құрмалас сөйлемді үшке бөлсе, «ғылыми курсында» оның үстіне «тиянақты басыңқысыз сабақтас» дегенді қосып, төртке бөлді. 1939 жылғы оқулығында сабақтасты 10-ға бөлсе, 40-жылғы «курсында» 18-ге бөледі. Құрмалас сөйлемді арнайы зерттеген Н.Сауранбаев 1948 жылы шыққан «Қазақ тіліндегі құрмалас сөйлемдер жүйесі» дейтін кітабында құрмалас сөйлемді іргедес құрмалас, салалас құрмалас, сабақтас құрмалас деп үшке бөлсе, 1954 жылы баспадан шыққан «Қазіргі қазақ тілі» атты кітапта салалас, сабақтас, аралас, үйірлі мүшелі құрмалас деп төртке бөлді. Автор еңбегіндесабақтасты сөйлем мүшелерінің атымен анықтауыш бағыныңқы, толықтауыш бағыныңқы, пысықтауыш бағыныңқы т.б. деп алты түрге бөлсе, соңғы кітапта мезгіл, себеп, амал, мақсат т.б деп жеті топқа бөлген.
Елуінші жылдарға дейін жарық көрген кейбір академиялық басылымдарды «оқу құралы ретінде пайдалануға болады» деген ұсыныс айтылғанмен, олардың ешқайсысы да оқу бағдарламасына сәйкес жазылған оқулық емес еді. Қазақ тіл білімінің барлық саласынан да оқу бағдарламасына сәйкес оқулықтар жазу талабы елуінші жылдардың аяқ кезінде ғана қолға алынды. Соның нәтижесінде 1961 жылы «Қазіргі қазақ тілі» деген атпен жоғары оқу орындарына арналған оқулық жарық көрді. Тұтас алынған құрмаластың болсын, оның жеке салаларының (сабақтас, салалас түрлерінің) болсын жіктеулеріндегі ала-құлалақтар бір жүйеге келтірілді.
1960-жылдардан бері қарай құрмалас сөйлемге арналған біраз еңбектер жарық көрді. 1969 жылы Қ.Есенов «Қазіргі қазақ тіліндегі шартты және қарсылықты бағыныңқылы сөйлемдер» деген еңбек жариялады. Осы тақырыпта автор кандидаттық диссертация қорғаған болатын. Еңбекте шартты және қарсылықты бағыныңқылы сабақтастың қалай жасалатындығы сөз болады. 1974 жылы «Қазақ тіліндегі күрделенген сөйлемдер» деген екінші кітабы жарық көрді. Автор еңбекте сөйлемнің мүшелерінен оқшау тұратын айқындауыш, оңашаланған мүше, қаратпа, қыстырма сөздер, бірыңғай мүшелер арқылы құрамы ұлғайып, күрделеніп айтылатын сөйлемдерге арналған.
Достарыңызбен бөлісу: |