ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ ФРАЗЕОЛОГИЗМДІК ҰЙЫТҚЫ СӨЗДЕРДІҢ ҚАЗІРГІ ТҮРІК ТІЛІНДЕ ҚОЛДАНЫЛУ
Күнделікті өмірде қолданылатын тұрақты сөз тіркестерінің құрамында бұл күнде аса көп қолданылмайтын, мағынасы күңгірт тартқан немесе мүлде түсініксіз біраз сөздер кездеседі. Бұл тұрақты тіркестердегі сөздерді жеке қолдану мүмкін емес, әйтседе сол жеке сөздердің мағынасын ашып көрсетуге болады. Біз түрік тілін меңгере отырып, қазақ тіліндегі фразеологизмдердің құрамындағы мағынасы күңгірт тартқан көптеген сөздердің түрік тілінде актив болып жеке қолданылатынын байқадық. Сол себепті бұндай зерттеу жасап көрдік. Мұндағы көздеген негізгі мақсатымыз белгілі тұрақты тіркестегі белгілі бір сөздің не сөз тіркесінің бұрынғы және қазіргі түркі тілдеріндегі қолданысына, яғни сөз мағынасының өзгерісіне, дамуына назар аудару. Сонымен қатар талдаған бірсыпыра сөздердің түп-төркінін, яғни қай тілдікі екенін де ашып беруді көздедік. Бұл әрекетіміз көбінесе тұрақты тіркестегі сөздің қазіргі түрік немесе моңғол, араб, парсы тілдеріне тән сипатын айқындау түрінде жүргізілді. Алдымен фразеология деген түсінікке келейік. «Фразеология» дегеніміз, біріншіден, «белгілі бір тілдің сөздік құрамында орныққан фразеологизмдердің жиынтығы, әлемі, қазынасы», екіншіден, «фразеологизмдерді зерттейтін ғылым саласы» 1, 94 б . Фразеологизмдер – «құрамындағы сыңарлары өте тұрақты болып келетін, қолданысқа әрдайым даяр қалпында жұмсалатын, «тұрақтылық», «тұтастылық», «тиянақтылық», «түйдектілік», «бөлек бітімділік», «бейнелілік» сияқты басты қасиеттерімен сипатталатын тұрақты сөз тіркестері» 2, 140 б ғана емес, «қандай да бір күрделі ұғымды, идеяны, ойды мазмұнды көркем бейнемен атайтын», «қоғамдық-әлеуметтік, шаруашылықтық, діни т.б. экстралингвистикалық факторлар ауанымен пайда болып», тілдің ішкі заңдылықтарына сай қалыптасып, тұрақтанатын, «ойдың сан алуан эмоционалдық-экспрессивтік реңкін көрнекі етіп жеткізуге қабілетті күрделі тілдік құрылымдар». Олардың «образдылығында және метафоралы ауыспалы қолданыстарында, компоненттер құрамында, жалпы ұғымдық тұтастығында халықтың күн-көрісі, тұрмыс – тіршілігінің мазмұндық белгілерінің жинағынан тұратын мәдени ақпараттық ішкі құрылым болады» 2, 157 б . Түркі тілдеріндегі фразеологизмдерді жан-жақты зерттеудің алдағы міндеттері жайлы, соның ішінде тарихи фразеологияны қолға алу төңірегінде сөз қозғай отырып, өзінің төл еңбегінде академик І. Кеңесбаев төмендегідей пікір айтады: «Көптеген тіркестер теориясын тарихқа байланыстыра тексергенде ғана фразеологизмдердің туу жолдарын толық біле аламыз. Ол – түсінікті де. Тіркес этимологиясын ашу үстінде өзге тілдерге де қатысты ортақ құбылыстардың басы ашылмақ. Құрылымы бір немесе құрылымы бөлек тілдердің ортақ және айырма қасиеттеріне ұластыра, жүйелі талдау фразеологизм үшін де мейлінше қажет. Басқасын былай қойғанда, бірнеше ортақ нақтылы бір фразеологизмнің өзі бірде тұлғасы ортақ, мағынасы бөлек, енді бірде керісінше болып келетін реттерін ескере отырған мақұл» [1, 12 б]. «Фразеологизмдердің қалыптасуында семантикалық жағынан негізгі ұғымды білдіріп, басқа сөздерді өз айналасына топтап, идиомаландырып тұратын сөздер болады.
Бір кездерде фразеологизмдердің тууына түп қазық, тірек болған сөздерді фразеологиялық ұйытқы сөздер дейміз. Кез келген сөз фразеологизмге ұйытқы бола алмайды. Тілдің 304 лексикалық құрамының негізін қалаған, халықтың өзімен бірге жасасып келе жатқан байырғы сөздері ғана фразеологизмге ұйытқы бола алады» [2, 209 б] демекші байырғы сөздер ұйытқы болған тұрақты тіркестер қазақ тілінде көптеп кездеседі. Төмендегі мысалдардан біз қазіргі қазақ тіліндегі фразеологизмдердің құрамындағы жеке сөздердің бүгінгі қазақ тілінде сирек қолданылатын пассив сөз ретінде келетінін байқадық. Ал керісінше бұл тұрақты тіркес құрамындағы жеке сөздердің қазіргі түрік тілінде фразеологизмдер құрамында емес, күнделікте өмірде қолданылатын актив сөздер болып келетінін байқап жатырмыз. Сөзімізді келесі мысалдармен дәлелдей түсеміз. Мысалы: Шырқын бұзу – берекені кетіру, сәнін кетіру, сүйкімсіз ету [3, 774 б] деген тұрақты тіркестің құрамындағы çirkin – көзге, құлаққа жақсы келмеген, сүйкімді болмаған [4, 84 б] деген мағынада қазіргі түрік тілінде актив сөз ретінде қолданылады. Келесі мысалдардан да біз бұл құбылысты байқаймыз: Қазіргі қазақ тілінде толас таппады – бәсеңсімеді, толастамады [3, 681 б] деген мағынаға сайса, оның құрамындағы dolaşmak түрік тілінде қыдыру, айналып қайту мағынасындағы актив сөз. Борша-боршасы шықты – быт-шыт болды, күл-талқаны шықты. Бұндағы борша деген сөз түрік тілінде parça ретінде кездеседі. Parça – заттың бір бөлігі. Осыдан біз жоғарыдағы борша-боршасы шықты деген тұрақты тіркестегі борша сөзінің қай мағынаны білдіретінін табамыз. Дембел денелі – орта бойлы толықша келген адам. Осындағы дембел қазіргі түрік тілінде басқаша мағынада кездеседі. Мысалы, tembel – жұмыс істеуді қаламайтын, артық шаршамауды қалайтын еріншек адам [4, 278 б]. Бізде тәрік қылды тіркесі дүниені тәрік қылды фразеологизмі ретінде жұмсалады. Оның беретін мағынасы – дүниеден безді, дүниеден күдер үзді. Ал қазіргі түрік тілінде түгел сөзге қолданылатын актив сөз. Terk etmek – қалдыру, кету, босату. Сес көрсету – дауыс шығарды, қоқан-лоқы көрсетті [3, 614 б]. Ses – қазіргі түрік тілінде дауыс, дыбыс деген мағынада қолданылатын актив сөз. Сонда сес көрсету дегендегі сестің мағынасын туыс тілдегі мағынасынан айқын көріп таба аламыз. Опат болды – дүние салды, өлді. Бұл тұрақты тіркестегі опат сөзі түрік тілінде «vefat» болып актив түрде кездеседі. Фразеологиялық сөздікте пұшайман болды – қатты өкінді [3, 589 б] деген тұрақты тіркес бар. Бұл тұрақты тіркестің қазіргі тілімізде пұшайман деген компоненті жеке қолданылмайды. Ал қазіргі түрік тілінде бұл сөз «pişman» болып жеке қолданылады. «Pişman» – өкініш, өкіну [4, 225 б]. Cонымен қатар, фразеологизмдердің құрамындағы сөздердің тіркесі о баста ықылым замандағы нақтылы бір құбылысты, қимыл-әрекетті көрсете жүріп, кейін ол құбылыс, әрекет, әдет-салт ескіріп, тарих сахнасынан шыққанда, оны бейнелейтін сөз тіркесі тілде сақталып, бірақ өзге ұқсас құбылысты, әдет-ғұрыпты бейнелеуге қолданылғанын көреміз. Осы жағдайға ұқсас мысалдарды көптеп келтіре беруге болады. Мысалы: Парқы білінбейді – айырмасы көрінбейді [3, 585 б]. Түрік тілінде «fark» – айырмашылық [4, 120 б]. Көзіне шөп салды – ерлі-зайыпты жандардың арасындағы адалдық бұзылып, бірінің жасырын опасыздық жасауына орай айтылатын сөз [3, 336 б]. Бұндағы «шөп» біз білетін өсімдік мағынасында емес, басқа мәнде қолданылып тұр. Өйткені қазіргі түрік тілінде «çöp» қоқыс дегенді білдіреді. Сонда жоғарыда айтылған тұрақты тіркестің құрамындағы «шөп» сөзі түрік тіліндегі «қоқыс» мағынасына пара-пар. «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ» деген тұрақты тіркестің құрамындағы «қожа» ие деген мәнде емес, мұғалім, ұстаз мәнінде қолданылып тұр. Қазіргі түрік тіліндегі «hoca» сөзінің ұстаз мәнінде қолданылуы сөзімізді дәлелдей түседі.
Достарыңызбен бөлісу: |