ӘОЖ: 82.085.800.879(574).
Д16
ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ ТӨРТ ТҮЛІК МАЛҒА БАЙЛАНЫСТЫ ҚОЛДАНЫЛАТЫН ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕРДІҢ ЭТНОЛИНГВИСТИКАЛЫҚ СИПАТЫ
Ф. Қ Кенжеқұлова, Г.Ж.Даниярова
Тараз мемлекеттік педагогикалық институты, Тараз қ.
Қазақ тіл білімі ғылымында тұрақты тіркестерді тақырыптық топтарға бөліп, оларды әр түрлі бағытта қарастыру кең үрдіс алып келеді. Кез-келген тілдік құбылыстың, соның ішінде тұрақты тіркестердің табиғатын оның тілдік заңдылықтарына ғана сүйеніп емес, сонымен қатар халықтың дүниетанымына, салт-дәстүріне, ұлттық болмысына байланысты да қарастырған дұрыс секілді.
Жалпы орын жағынан әбден қалыптасқан, құрамы өзгертуге келмейтін, бәрі тұтасып, бір мағынаны білдіретін, бір ғана сөйлем мүшесі ретінде қолданылатын тіркесті тұрақты тіркестер дейтініміз белгілі. Осы тұрақты тіркестердің тақырыптарына үңілетін болсақ, алуан түрлі. Сол тақырыптардың ішіндегі төрт түлікке қатысты қолданылатын тұрақты тіркестердің этнолингвистикалық сипаттамаларына тоқталсақ. Қазақ тілі этнолингвистикасы жайында А.Т.Қайдар: «Этнолингвистика»- этностың инсандық болмысынан туындап, санасында сараланып, тарихи жадында сақталып, тіл арқылы ғасырлар бойы қалыптасып, қорланып, рухани мәдени мұра ретінде атадан балаға, әулеттен нәсілге үзілмей ауысып келе жатқан дәстүрлі мирасты жаңғыртып, жан-жақты зерттеп, танымдық мәнін ашып болашақ ұрпаққа ұсыну мақсатына байланысты дүниеге келген тіл білімінің күрделі де құнарлы саласы[4,15б],- деп нақты, әрі тұжырымды анықтама береді. Жан-жануарлар атауларынан қалыптасқан тұрақты тіркестерді этнолингвистика тұрғысынан зерттеу, яғни олардың материалдық мазмұнын, тілдік табиғатын, халықтың өзіндік дүниетанымы, салт-дәстүрі, рухани-мәдени өмірі, әдет-ғұрпы негізінде сипаттау болып саналады. Жан-жануарларға соның ішінде, төрт түлікке байланысты айтылатын тұрақты сөз тіркестеріне үңілмес бұрын, төрт түлік ұғымына көңіл бөлсек; түйе, жылқы, сиыр, қой, ешкі малын қосып, «төрт түлік мал» деп ата-бабаларымыз атап кеткен. Бұлардың сақтаушы иесі бар деп ұғынып, оларды Ойсылқара, Қамбарата, Зеңгібаба, Шопаната, Шекшеката деп атаған. Атаулардың ертедегі қалыптасқан ұғымдық мағынасы өте кең. Бұл атаулар ұлтымыздың тарихымен тікелей қатысты, ұлт болып қалыптасудан көп ілгері ру, тайпамен сабақтас жатқан атаулар. Төрт түлік малды оның «иесі», «киесі» бар деп нанып, оларға жалбарынатын, киелі ақ нар, киелі ақ боз айғыр, киелі көк бұқа, киелі көк қошқар деп ат қою салты болған. «Малымның құты» деп, еркек малдан белгілі бір айғырды, бура немесе лөкті, қошқарды қастерлеген де салт болған.
Төрт түліктің ішінде түйе малын байлық ретінде де, көлік ретінде де, азық ретінде де қатты қастерлеген. Осы малдың сақтаушы иесін «Ойсылқара» деп атаған. Ойсылқара атауы ұғымдық жақтан түйе деген мағынаны білдіреді. Атаудың қойылуы сипаттамалы түске ие. Ол басқа түлік атауларына мүлде ұқсамайтын өзіндік ерекшелікпен қалыптасқан. Формалық тұлғалануы жағынан ой+сыл+қара деген толық мағыналы үш сөздің кірігуінен жасалған. Махмұд Қашқаридың «Түркі тілдер сөздігіне» жүгінер болсақ, «ой ат»- қара торы ат. Осындағы «ой» деген сөз көне түркі тілінде қара деген мағынаны білдіретіндігін аңғаруға болады. «Сыл»- зіл, сүлей, «сіл» деген сөз ертеде жеке дара қолданысқа ие болған, тамағы аз деген мағынаны білдіретін сөз. «Қара»- бұл сөзді Шоқан Уәлиханов зерттей келіп, «қара» сөзі ертеде «қасиетті» деген мағына береді,- дейді. Сонда ой+сыл+қара (ойсылқара) деген көне түркі тілінен қазіргі қазақ тіліне сөзбе-сөз аударсақ «қасиетті, тамақты аз жейтін хайуан» деген мағынаны білдіреді. Мұны қысқартып «қасиетті хайуан» деп те атауға болады. Шынында, жылқы, сиырға қарағанда түйе тамаққа да, шөлге де шыдамды хайуан. Халқымыз түйенің ауыр мінезін- тыныштықтың, бейбіт тірліктің қалпына балап, оның мінезінде көрініп қалар «жеңілдікті» жамандыққа жорып, «түйе ойнақтаса, жұт болар»,- деп бағалаған. Күштілікті – «нар жолында жүк қалмас», сұлулықты- бота көзді боз жігіт, бота көзді ару ,- деп суреттеген.
Тұрақты тіркестерде «ақ түйенің қарны жарылды» деген қарық болып қалды мағынасында қолданылады. Мәселен, Сол күннен бастап Итбай ауылында ақ түйенің қарны жарылды (С.Мұқанов). Ал «Сөзі түйеден түскендей» деген тіркес дөрекі, ерсі сөйлейтін адамға байланысты айтылады. Айтар болсақ: Жаманның сөзі түйеден түскендей болады (Мақал). «Түйе үстінен ит қапты» деген фразеологизмде икемсіз, епсіз кісі деген мағына бар. Мысал келтірер болсақ: Күн жаумай су болып, түйе үстінен ит қапқан келеңсіз жігіт мұңын айтты(Т.Ахтанов). Сондай-ақ «Биені бүгімен, түйені түгімен жұту» тұрақты сөз тіркесі- жебір, жемқор, парақор мағынасында жұмсалады. Мәселен: Ыдысысың параның, түйені түгімен, биені жұтсаң бүгімен, қақалмай бір-ақ толғайтын(Д.Бабатайұлы).
Төрт түлік малдың ішінде қай халықтың болса да құрмет тұтатындарының бірі- жылқы малы. М.Қашқаридың «Түркі тілдер сөздігінде» жылқы дегенді іріқара деп түсіндірген. Осыған қарағанда, жылқы деген сөз ертеде іріқара деген мағынаны білдірсе керек. Бірақ қазіргі қазақ тілінде «іріқара» деген- түйе, жылқы, сиыр сияқты ұзын сирақты үй хайуандарының жалпылама атауы. Ал жылқы сөзінің мағынасы өте айқын, ол іріқараның ішінде жылқы түлігін ғана меңзейді. «Қамбарата» міне, осы жылқы түлігінің өте ертеден келе жатқан символдық атауы. Қамбар(қам+бар) деген екі бөліктен құралған. Қам- шаман(шаман діні) деген мағынаны білдіреді.Сонда қамбарата тіркесі- шаман дінінің атасы деген мағынада болуы мүмкін. Бірақ қалай да бұл сөзде әлмисақтық, тотемдік танымның образы, түсі айқын тұлғаланғаны анық.. «Қамбарата» ұлтымызда «Жылқышыата» деп те аталып жүр. Оның себебі «Қамбарата» атауын жылқы үйірінің айғыры деп түсінгендіктен болса керек.
Жер жүзіндегі барлық жаратылыстың түпкі тегі төрт нәрседен- топырақ, су, от, және желден(ауадан) жаралды десек, түйе- сордан, жылқы- желден, сиыр- судан, қой- ауадан жаратылған деп төрт түлікті әр түрлі нәрсенің символы. Ел ішінде жаһанды кезіп жүрген пәлжала иесі - ібіліс, жын-шайтаннан, жәдігөй сияқты қаскөйлер лаңынан тек жылқы ғана құтқара алады деген түсінік қалыптасқан. Қазақ ұлты жылқыны ежелден «киелі», «өте таза», хайуан деп есептейді. Сойған жылқының басын аяқ астына тастамайды. Оны міндетті түрде биікке (үйдің төбесіне, дуалдың үстіне,талдың басына) шығарып қояды. Зерттеушілер «Сақтар Қаһанды үлкен қорғанның ішіне көмгенде, онымен бірге алтын, күміс және ат көметін» дейді. Тұрмысымызда жылқы сән-салтанаттың, көркемдіктің идеалы.
Фразеологизмдерде «алалы жылқы, ақтылы қой»- мыңғырған мал, табын-табын жылқы, қотан-қотан қой мағынасында жұмсалады. Мысалға алар болсақ: Алалы жылқы, ақтылы қой,
Аңдыған бөрі жемей ме?,
Иесі ұйықтап жатқан соң (М.Өтемісұлы). «Жылқыдай жусатып, қойдай өргізді» дейтін болсақ, айтқанына көндіріп, айдауына жүргізді деген мағынаны береді. Мәселен: Бүкіл Дешті Қыпшақты өзіне бағындырып, жылқыдай жусатып, қойдай өргізуің керек. (І.Есенберлин). Ал «Айғыр үйір шолақ жылқы» фразеологизмі аз ғана, бір топ мағынасында қолданылады. Айтар болсақ: Сол жобамен маңайдағы жерлерден, сай-саладан іздеп жүріп, айғыр үйір шолақ жылқыға кездесті(Қазақ ертегілері).
Төрт түліктің бірі- сиыр малы жайлы да тілімізде жеке атаулар мен тұрақты тіркестер де едәуір. Зеңгібаба- сиыр түлігін меңзейтін атау. Н.Ізтілеуов «Рүстем дастанында» зеңгі- түр-түсі қара халық, негрлер, үндістандықтар да зеңгі деп аталады,- деп түсіндірген. Ал біздің «зеңгібаба» дегендегі осы «зәңгі» сөзінің дыбыстық өзгерісі арқылы ауысқан сөз. Сонда «зеңгібаба» деген тіркесті қазақи ұғымға сәйкестендірсек, «түр-түсі қара халықтардың бабасы, екінші сөзбен айтқанда, сиыр үнділердің бабасы» деп аударуға тура келеді. Көне түркілік тілімізде «сиыр судан жаралған» деген тұрақты сөз тіркесі бар. Үнді дінінің мүрәсімдерінің көбі дария бойында өтеді, сумен қатысты.Осыған қарағанда Үнді діні сиырдың ерекшелігін негізгі тұтқа еткен дін деп айтуға болатын сияқты.
Халық даналары: «жаман сиыр өрешіл» деп, «құдай сүзеген сиырға мүйіз бермейді» деген, «сиыр сипағанды білмейді» деп, сиыр мінез- теріс, шадырмінезді кісілерді осылай атаған екен. Мүйіздескен сиырдай тіркесі- жанжалдасу, өзара қастасу мағынасында жұмсалады. Осырған сиырдай қылды- әбден ұялтты, масқаралады деген ұғымды білдіреді. Мысалы: Кешегі жаптым жала жақтым күйеге салынған адамды барша кісі осырған сиырдай етті(А.Тоқмағанбетов). Ал, сиырдың бүйрегіндей бытырады бұл – бет-бетіне, жан-жаққа тарап кетті мағынасында. Мәселен: Жүр, анда! Сиырдың бүйрегіндей бытырауға айналған екенбіз, тек арты қайырлы болсын(С.Мұқанов).Сиыр құйымшақтатты- аяқсыз қалдырып берекесіз етті мағынасында қолданылатын сөз тіркесі. Мысал келтірер болсақ: Матайдың сөзінің басы қандай болса да, аяғы сиыр құйымшақтап келіп, қылдай болып кетті (М.Әуезов). Бәрі де сау сиырдың боғы емес, үшеуі де бірдей. Бәрінің де ұрлығы бірдей деген сөйлемдегі сау сиырдың боғы емес тұрақты тіркесі бір бәлесі, сұмдығы бар деген мағына беріп тұр. Сиырдың жорғасы секілденіп қартайғанда жалғыз өзім болсам деймін(Абай). Осы сөйлемдегі фразеологизм еп қуып, майда жүріске салыну ұғымын білдіріп тұр.
Төрт түлігіміздің ішінде жуастықтың, момындықтың, бейбітшіліктің баламасы ретінде алынған - қой малы. Ал сақтаушы иесін «Шопаната» деп біеміз. М.Қашқари өзінің сөздігінде заманымыздан бұрынғы IV- ғасырда «қос мүйізді» қолбасшы Е.Зұлқарнайын Сақ еліне соғыс ашып, «Шұ» (Хи) қаласына басып кіргендігі жөніндегі аңызды жазып қалдырған. Осындағы айтылып отырған «Шұ» қаласы- «қойлылар қаласы» , «қойлы ел қаласы» дегенді білдіреді. «Шұ немесе шо» сөзі біздіңше «шұбан, шопан» деген сөзбенен қатысы бар. Өйткені «шұбан» сөзін құрап отырған «бан» сөзі жеке тұрып та, сондай-ақ қосымша болып келгенде де «бағушы, күзетуші, қараушы» деген мағынаны білдіретіні анық. Қазақ тіліндегі «шопанның» нақ мағынасы – бақташы, қойшы.
Момын, жуас деген мағынада көптеп жұмсалатын тұрақты тіркесіміздің бірі- қой аузынан шөп алмас. Түнде қойға шапқан қасқырдай ол әдетте Орта Азия хандарының бөтен елге жорыққа кеткен кезін аңдып тұратын (І.Есенберлин). Осы сөйлемдегі тұрақты тіркесіміз: қойға шапқан қасқырдай- қырып жою, тас-талқан қылу турасында айтылып тұр. «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалады» фразеологизмі- тыныштық, бейбіт заман орнады мағынасында. Мәселен: Асан қайғы желмаяға мініп, жиһан кезіп, «Жер ұйық» дейтін ну орманды, көкорай шалғынды сулы жер, қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын қоныс іздейді (Қазақ ертегілері). «Сенген қойым, сен болсаң»- үміт етіп, сенген адамы ойлаған жерінен шықпай, көңілі қалғанда айтылатын тұрақты тіркес. Мысалға, Сенген қойым сен болсаң, күйсегенің құрысын! Ақмоладан оқып келгенде, одан «қосшы болыс» атағанда жылпос Жақыпқа бір ауыз сөз айта алмадың,- деді Тәуке Әлжанға (Ғ.Мұстафин). «Ақсақ қой түстен кейін маңырайды» деген тұрақты тіркесіміз мезгілінен кешеуілдеу, ерте туып, кеш қалу деген мағынаны білдіреді.
Төрт түлікке қоймен қосылып айтылатын мал- ешкі. Мал баққан жұрт ешкінің серкесін қатты құрметтейді. «Серкесіз қой болмайды» деп қоралы қойға басшы ретінде серке қояды да, оны көсем серке дейді. Қолданыстағы «тоқал ешкідей қылды» деген фразеологизм – жатсынды, жатырқады мағынасында жұмсалады. «Ешкі көзденді» – бақырайды, аларды деген мағынаны береді.Мысал келтірер болсақ, Ит көрген ешкі көзденіп, елерме жынды сөзденіп (Абай).
Қорыта айтқанда, біз жоғарыда төрт түлік малға қатысты тілімізде қолданылатын тұрақты сөз тіркестерінің этнолингвистикалық сипатын анықтауға тырыстық. Жалпы біздің ойымызша, тіліміздегі қайсыбір болмасын тұрақты тіркестердің табиғатына үңіліп, тілдік заңдылықтарға негіздей отырып қарастыру – халқымыздың дүниетанымын, салт-дәстүрін, ұлттық болмысын тағы да жан-жақты тануымызға мүмкіндік береді деп білеміз. Сол себепті де тіліміздегі қолданылатын төрт түлік малға қатысты тұрақты тіркестер мәселелері әлі баршылық. Біз бұл мақаламызда тілші ғалымдардың ғылыми еңбектеріне сүйене отырып өз топшылауымызды тілге тиек еттік. Ал бұл тақырыптарды зерттеп талдау, өзіндік бағасын беру болашақ тілші ғалымдардың үлесінде болмақ.
Қолданылған әдебиеттер:
-
«Төрт түлік төресі кім?», Қайнар баспасы, А.,1990ж.
-
«Ер қанаты», Қайнар А., 1987ж.
-
І.Кеңесбаев «Фразеологиялық сөздік», Ғылым А.,1977
-
Ә.Қайдаров «Этнолингвистика негізі» А.,1998ж.
-
Қазақ әдебиеті газеті № 11, 18.03.2005ж.
6. «Қазақ ертегілері», Жазушы, А.,2002ж.
Достарыңызбен бөлісу: |