Қазақстан халқы Ассамблеясы” кафедрасының аға оқытушы ф.ғ. к. Есқараева А. Д



Дата09.06.2016
өлшемі64.33 Kb.
#123252
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті
Қазақстан халқы Ассамблеясы” кафедрасының

аға оқытушы ф.ғ.к. Есқараева А.Д.
Сөздердің сигнификаттық мағынасы
Қандай сөз болса да, ол мағынасымен есепке алынып, белгілі кәдеге, қатынас құралы болуға жарайды. Бірақ сөздердің барлығы мағына жағынан міндетін бірдей өтей бермейді. Мысалы, дербес лексикалық мағынасы бар зат есім, сын есім, сан есім, есімдік, етістік, үстеу, еліктеуіш сөздердің қызметі бірдей емес. Айталық, жер, аспан, дәу, қызыл, кел деген сөздерде лексикалық мағына белгілі ұғымға телініп, оны анық аңғартып тұрса, мен, сен, ол деген есімдіктер мен бес, он, жиырма деген сан есімдердің лексикалық мағынасы белгілі болғанмен ұғымды нақтылы көрсете алмайды. Есімдіктердің аңғартатын ұғымы текстен аңғарылады. Мысалы сен деген сөзден нақтылы кім екенін біле алмаймыз. Оның Асан не Сәрсен әлде Бейсен екені тексте ғана белгілі болады. Ал сан есімдер өзімен қатар тұрған заттық ұғыммен ғана нақтылы ұғым бере алады. Егер, он бес, елу, жетпіс десек, ол сандар ненің саны екені белгісіз. Он бес дәптер, елу студент, жетпіс мектеп дегенде ғана сан есім мағынасы ашылады.

Сөздің лексикалық мағыналарын жақсы түсіну үшін академик В.В.Виноградов үлгісімен сөздің тура мағынасы мен фразеологиялық байлаулы мағынасын, синтаксистік шартты мағынасын білу қажет. Сөздің тура мағынасы деп тікелей шындыққа қатысты лексикалық мағынаны айтамыз.

Тура мағыналы сөз басқа сөздермен еркін байланыса береді. Бірақ шексіз емес. Мысалы, кітап үлкен, кіші, қалың, жұқа, қызық, ескі, жаңа болуы мүмкін, сондықтан үлкен кітап, кіші кітап, қалың кітап, жұқа кітап, қызық кітап, ескі кітап, жаңа кітап деп айтыла береді. Алайда қисық кітап, тура кітап, қомақай кітап деуге болмайды. Оның орнына қисық арық, тура жол, қомақай бала дейміз.

Тура мағыналы сөздердің басқа сөзбен еркін байланысы фразеологиялық оралыммен салыстырылып айтылған. Ал фразеологиялық оралымдарда тура мағына емес, байлаулы мағына болады.

Фразеологиялық байлаулы мағына деп тұрақты сөз тіркестерінде қолданылатын лексикалық мағынаны айтамыз. Мысалы, ашық сөзі тура мағынасында ашық есік, ашық терезе, ашық кеуде болып бірнеше сөзбен тіркесе, ашық ауыз дегенде фразеологиялық мағынаға ие болып, сыр жасыра алмайтын мінезді аңғартады. Төкті деген сөз тура мағынасында су төкті, айран төкті деп айтыла берсе, тер төкті деген тұрақты тіркесте тер сөзімен ғана тіркесіп еңбектенді, қиналды деген мағынаға ие болды. Көк сөзі тура мағынада заттың түсін білдіріп, көк шен, көк кітап, көк есік, көк көз сияқты тіркестерде кездесе, көк тайғақ, көк тиын, көк желке деген фразеологиялық тіркестерді әр қайсысы жеке-жеке фразеологиялық байлаулы мағынада қолданылып тұр. Біріншісінде-нағыз, жалтыр дегенді, екіншісінде – түк те, дәнеңе де, үшіншісінде дәл, шүйде, қарақұс деген ұғымды аңғартады.

Синтаксистік шартты мағына. Сөздің қай мағынада қолданылып тұратындығы тек сөйлем ішінде анық болады. Жеке тұрғанда кей сөз басқа ұғым берсе, сөйлемде қолданылуына, синтаксистік қызметіне қарай басқа-басқа мағынаға ие болуы мүмкін. Мысалы. Осы баланың басы бар. Олар нағыз хайуан ғой. Онеы адам деп жүрсек есек екен. Ол түлкілігін қоймай жүр деген сөйлемдерде бас сөзі ақыл, хайуан сөзі топас, адамгершілігі жоқ есек сөзі милау, ақымақ, түлкі-қу деген мағынаны аңғартып тұр.

Сөз шеберлері сөзді синтаксистік шартты мағынада қолдану арқылы көркемдік бояуы мол да әсерлі, сезімге әсер ететін сөйлемдер құрайды. Мысалы; Байлар біздің еңбегіміздің қаймағын жесе, біз әлі өз еңбегіміздің қаспағына да қолымыз жете алмай жүрміз. /Ғ.Мүсірепов/ дегенде де қаймақ, қаспақ сөздері, синтаксистік шарттары мағынада қолданылып тұр. Бірақ бұл сөздер жалпы халық тілінде дәл осы мағынада қолданыла бермеуі мүмкін.Сондықтан да сөйлем ішінде сөздің мағыналық жақтан құбылып, әр түрлі мағынада жұмсалуы синтаксистік шартты мағына деп аталады.

Қазақ тілінде сөздің синтаксистік шартты мағынасы көбінесе эмоцияға лайықталып айтылады. Мысалы: тарлан, сұңқар, лашын сияқты сөздер жағымды эмоцияны аңғартса түлкі, жылан, есек сияқты сөздер жағымсыз эмоцияны білдіреді.

Сөздің көп мағыналылығы. Тіліміздегі сөздер белгілі бір ұғым атауын білдірумен бірге ауыспалы мағынада қолданылу арқылы түрлі өзгеріске ұшырап көп мағыналы сөздер пайда болады. Тіліміздегі сөздердің баюы көп мағыналы сөздің жасалуына да байланысты.

Көп мағыналы сөздер сөйлемде қолданылуына қарай жеке-жеке мағынаға ие болады. Мысалы, аспанға қара, көйлегіңе қара, терезеге қара дегенде көзді бір нәрсеге бағыттау, көру ұғымын берсе, малға қара, балаға қара дегенде қамқорлық жасауды, ал артыңа қара, айналаңа қара дегенде, ойлан, сақ бол дегенді білдіреді.

Көп мағыналылық ұзақ уақыт қолданылып, сол тілде сөйлеуші халықтың санасында қалыптасу арқылы пайда болады. Сондықтан да басқа тілден жаңадан енген сөздерге, неологизмдерде көп мағыналық болмайды.

Көп мағыналы сөздерді омонимдерден ажырата білу керек. Сөздердің өзара ішкі байланысы /метафора, метонимия, синекдоха, қызмет ұқсастығы/ анық байқалып тұрады, сондықтан олар қолдануда тура мағынадан алшақ кете алмайды.

Метафора. Белгілі бір затты не құбылыс атауы басқа бір зат не құбылыстың түрі, тұлғасы, қимыл-әрекет ұқсастықтарына қарай ауысып аталу тәсілін метафора деп атайды. Мысалы; иненің көзі, бұлақтың көзі, істің көзі, күн көзі дегендегі көз сөздері адам не жануардың көру мүшесі-көзге ұқсату арқылы аталған ауыспалы мағынадағы сөздер.

Метафора тәсілі арқылы жасалған ауыспалы мағыналар жалпы халыққа түсініктілігі мен қолданылуы жағынан бірдей болып келе бермейді. Көркем әдебиеттегі метафоралар жалпы халық тіліндегі метафорадан бөлектеу болады. Көркем әдебиетте күнделікті қолданылып жүрген метафоралардан әлдеқайдан образды, әлі халыққа тарамаған күйде келеді. Мысалы; З.Шүкіровтің “Орамал” атты өлеңінде;

Белінен бомба омырған жас қарағай,

Жер құшты әлсіз сыңсып жас баладай.

Оны да осы әлемет қынжылтқандай,

Күн де әне қанды қызыл шашқан арай.

Соғыс жылдарындағы алапат оқиғаны суреттеуде жас қарағайдың әлсіз сыңсып жас баладай жер құшуын, ал күн қанды қызыл шашқан арай деп метафора арқылы поэзияның образдылық бояуын арттырады.

Қазақ тіліндегі метафора арқылы ауыспалы мағына туғызу тәсілі үш түрге бөлінеді. Тілдік, тұрақты және индивидуалдық метафора.



  1. Тілдік метафоралар жалпы халық тілінде: сөйлеу, жазу, оның ішінде әдеби шығармаларда да кең қолданылады. Бірақ олар әдебиетте көркем образ, суреттеу құралы ретінде емес, стиль аралық лексика түрінде қолданылады. Мысалы; таудың басы, өзеннің басы, шһөп басы, қос басы, сөз басы, әскер басы; кітап беті, істің беті, судың беті, жердің беті.

  2. Тұрақты метафоралар жалпы халық тілінде қолданылатын, бірақ

суреттеу құралы ретінде образдылығымен ерекшеленетін ауыспалы мағыналы сөздер. Мысалы; сары алтын /бидай/, қара алтын /көмір/, ақ алтын /мақта/, көгілдір экран /телевизор/.

  1. Индивидулдық метафоралар. Бұл топқа сөз шеберлерінің метафора тәсілі арқылы қолданған көпшіліктің қолданысында жоқ метафоралар енеді. Ол жеке қаламгер қолданысында ғана немесе стиль түрлерінде авторлық үлгімен берілуі мүмкін. Мысалы ақынның “Арал” атты шығармасында;

Шарқ ұрған қиядағы шағалаңдай.

Төсіңнен ұшып еді қанаттанып.

Төсіңнен ұшып еді қанаттанып деген метафора теңіз жағасындағы елді мекендерден түлеп ұшқан әр түрлі еңбек адамдарын суреттеу үшін қолданылып отыр.

Метонимия. Қазақ тілінде сөз мағынасының ауысып қолданылу тәсілінің бірі метонимия. Метонимия да метафора сияқты сөз байлығын оның икемділік, образдылық қасиетін арттыратын тәсіл болып есептелінеді.

Қазақтың ірі ғалым – лингвисі А.Байтұрсынов метонимияны былайша түсіндіреді: “Арасында жақындығы бар екі нәрсенің атын ауыстырып, бірінің орнына бірін айту, алмастыру, ауысу яғни метонимия деп аталады”. Осы сияқты тұжырымдарды З.Қабдолов, М.Белбаева, С.Хасановалардың да бергені белгілі. Ал Ә.Болғанбайұлы мен Ғ.Қалиұлының “Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы” деген көлемді еңбектерінде метонимияның жасалу жолдарына талдау жасаған. Ақынның “Балапандар” деген өлеңінде;

Жетімдік тағдар сұрқы жат,

Бір арсыз мейман кірді үйге...

Жетімдік тағдар сұрқы жат, бір арсыз мейман деген метонимияны өлім туралы хабар не соғыстан қара қағаз келді деген сөздің орнына ауыстырып қолданған.

Синекдоха. Сөз мағынасын ауыстырып қолдануда жиі кездесетін тағы бір тәсіл – синекдоха. Синекдоха деп бүтіннің орнына бөлшекті, жалпының орнына жалқыны, немесе керісінше атау арқылы сөз мағынасының ауысуын айтады. Синекдоха да көркем әдебиетте жағымды да жағымсыз эмоция туғызу үшін қолданылады.

Сөздің синекдохалық мағынасы басқа стиль түрлеріне қарағанда әсіресе сөйлеу стилі мен көркем әдебиет, публицистикалық стильдерде көбірек байқалады. Мысалы; Ақынның “Аға ұстаз” деген шумағынан мысал келтірсек.

Өтер оның алдынан бізше ардақтап,

Талай ұрпақ ақ бурыл бастарды иіп.

Осындағы ақ бурыл бастарды иіп деген синекдоха ерекше құбылысқа тұрғызылған ескерткішті, оның қадір-қасиетін таныту үшін және сол ескерткіштерді бүгінгі ұрпақ ардақтап, әр кез барып, гүл қоятынын айта келіп, әлі талай ұрпақтар бастарын иіп, ескерткішке тағзым ете береді деген ойды жеткізу үшін қолданылған. Жалпының орнына жалқы атауды қолданып отыр.

Теңеу. Қазақ тіл білімінде теңеу жан-жақты зерттелген. Қазақ тіл білімінің тұңғыш зерттеушісі А.Байтұрсынов: “Теңеу заттың, құбылыстың ерекше белгілерін көрсетпей-ақ, оны басқа затпен, құбылыспен салыстыра суреттейді” деп көрсетеді.

Теңеу мен метафораның негізгі мақсаты – ойдың образдылығын жеткізу. Мысалы: Ақынның “Қыс” өлеңінде;



Келіндей бүгін түскен иіліп тұр,

Қыз-терек ақ моншағын тағынып ап.

Бұл тармақтағы теңеу мен метафораның қолданысы ерекше. Екеуі бір ұғымға параллель тұрғыда анықтауыштық қызмет атқарған. Келіндей-терек// теңеу ал, қыз-терек// метафора.


Қорыта келе сөздердің сигнификаттық мағыналары дегеніміздің өзі сөздердің мағыналық түрлері.






Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет