Патруль
105. Патруль:
қызметті қырағылықпен өткеруге, әскери қызметшілердің өзін-өзі ұстауын қадағалауға және байқалған бұзушылықтар туралы патруль бастығына баяндауға;
патруль бастығының бұйрықтарын нақты және жылдам орындауға және оның рұқсатынсыз ешқайда кетпеуге;
патруль бастығының рұқсатынсыз ұсталғандардан ештеңе қабылдамауға және оларға бермеуге;
патруль бастығына ұсталғандардың өтініштері туралы баяндауға;
патрульдеу аяқталғаннан және әскери бөлімге келгеннен кейін патруль бастығының рұқсатымен өз бөлімшесіне қайтып оралуға және бөлімше бойынша кезекшіге өзінің келгені туралы баяндауға міндетті.
106. Патрульдің жеке құрамы өз міндеттерін атқарған кезде әскери тәртіпті, әскери киім нысанын кию ережелерін, әскери сәлемдесуді және әскери сыпайылықты сақтауда өнегелі болуға тиіс. Қызмет өткеру кезінде оған бөгде әңгімелерге кірісуге және өз міндеттерін атқарудан назарын аударуға тыйым салынады.
6-тарау. Қарауылдық қызметті ұйымдастыру
Жалпы ережелер
107. Қарауылдық қызметті өткеру жауынгерлік міндеттерді орындау болып табылады және жеке құрамнан осы Жарғының барлық ережелерін нақты сақтау, жоғары қырағылық, пәрменді шешімділік пен бастама талап етіледі.
Қарауылдық қызметтің талаптарын бұзуға кінәлілер тәртіптік және қылмыстық жауапкершілікте болады.
108. Қарауылдық қызметті өткеру үшін қарауылдар тағайындалады.
Жауынгерлік туларды, әскери және мемлекеттік объектілерді күзету мен қорғау жөніндегі жауынгерлік міндеттерді орындау үшін, сондай-ақ гауптвахтада және тәртіптік әскери бөлімде ұсталатын адамдарды күзету үшін тағайындалған қаруланған бөлімше қарауыл деп аталады.
Қарауылдық қызметті өткеру жөніндегі міндет әскери бөлімшелерге жүктелмеген әскери бөлімдерде объектілерді күзетуді ведомстволық күзет бөлімшелері жүзеге асыруы мүмкін. Жауынгерлік туларды, жауынгерлік кезекшілікті атқаратын күштер мен құралдарды күзету мен қорғау тек әскери қарауылдарға жүктеледі.
Қарауылдар гарнизондық және ішкі (кемелік) болады, олар тұрақты немесе уақытша болуы мүмкін.
Гарнизондық қарауыл жалпыгарнизондық мақсаттағы объектілерді және бір-біріне тікелей жақын орналасқан бірнеше әскери бөлімнің объектілерін күзету үшін тағайындалады.
Ішкі (кемелік) қарауыл бір бөлімнің (кеменің) объектілерін күзету және қорғау үшін тағайындалады. Авиациялық бөлімнің ұшақтары (тікұшақтары) мен басқа да объектілері әуеайлақтарда авиациялық-техникалық бөлімнен, қамтамасыз ету бөлімінен (бөлімшесінен) тағайындалатын ішкі қарауыл күзетеді және қорғайды.
Тұрақты қарауылдар қарауылдар кестесімен көзделеді.
Уақытша қарауылдар қарауылдар кестесіне енгізілмейді; олар әскери мүлікті тиеу (түсіру) немесе қоймаларға уақытша қою кезінде, көліктің әр түрімен тасымалданатын әскери жүктерге ілесіп жүру кезінде күзету мен қорғау, сондай-ақ тұтқындалғандарды (қамауға алынғандарды) күзету үшін гарнизон бастығының немесе әскери бөлім командирінің бұйрығымен тағайындалады.
109. Гарнизондық қарауылдар гарнизон бастығына, қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекшіге және оның көмекшісіне бағынады.
Гауптвахта жанындағы қарауыл әскери полиция органы бойынша кезекшіге және гауптвахта бастығына бағынады.
Ішкі (кемелік) қарауылдар әскери бөлімнің командиріне (кеме командиріне), әскери бөлім (кеме) бойынша кезекшіге және егер әскери бөлім бойынша кезекшінің көмекшісі офицер болса, оның көмекшісіне бағынады. Әскери бөлімнің қалған бөлімшелерінен жеке орналасқан батальонның (дивизионның) объектілерін күзететін ішкі қарауыл, одан басқа, осы батальон (дивизион) командиріне және әскери атағы қарауыл бастығымен тең немесе атағы бойынша одан жоғары батальон (дивизион) бойынша кезекшіге бағынады.
Сержанттар (старшиналар) қатарынан тағайындалған әскери бөлім бойынша кезекшінің көмекшісіне бастығы офицерлер емес қарауылдар бағынады.
Қарауылдар осы адамдардың бағынысына таралым кезінде қарауылдар (әскери бөлім, кеме) бойынша кезекшіні қарсы алу үшін «ТІК ТҰР» командасы берілген сәттен бастап кіреді, ал олардың бағынысынан қарауыл бастығы ауысымнан кейін өз әскери бөліміне (бөлімшесіне) қарай жүру үшін «Адым - БАС» командасын берген сәттен бастап шығады.
110. Қарауыл құрамына: қарауыл бастығы, постылар мен ауысымдар саны бойынша қарауылдар, таратушылар, ал қажет болған кезде қарауыл бастығының көмекшісі, техникалық күзет құралдары бойынша операторлар ауысымы (ауысымдағы операторлар саны күзетілетін объектінің маңыздылығына, оның периметрінің ұзындығына, орнатылған бейне қадағалау жүйелерінің санына байланысты айқындалады, бірақ кемінде үш әскери қызметші болуға тиіс, олардың біреуі қарауыл бастығының техникалық күзет құралдары бойынша көмекшісі болып тағайындалуы мүмкін), қарауыл бастығының қарауылдық иттер қызметі жөніндегі көмекшісі және көлік құралдарының жүргізушілері (жауынгерлік машиналар экипаждары) тағайындалады.
Штабтар мен басқару пункттерін күзету бойынша бірлестіктерден және одан жоғары, сондай-ақ аталған адамдардан басқа, мекемелерді күзету бойынша қарауылдарға бақылау-өткізу пункттерінің қарауылдары, ал гауптвахта жанындағы қарауылға - шығарушылар тағайындалады.
111. Объектілерді тікелей күзету мен қорғау үшін қарауылдар қатарынан сақшылар қойылады.
Қарауыл - объектіні (постыны) күзету мен қорғау жөніндегі жауынгерлік міндеттерді орындау үшін тағайындалған қарауыл құрамының әскери қызметшісі.
Сақшы, оған тапсырылған постыны күзету мен қорғау жөніндегі жауынгерлік міндетті орындайтын қаруланған қарауыл деп аталады.
Сақшыға күзету мен қорғау үшін барлық тапсырылғандар, сондай-ақ ол өз міндетін орындайтын жер немесе жергілікті жердің учаскесі пост деп аталады. Постыларға техникалық күзет құралдарының көмегімен күзетілетін объектілер мен осы құралдар орнатылған жергілікті жердің учаскелері жатады.
Объектілерді күзетуді сақшылар объекті айналасындағы сыртқы қоршаулардың ішкі жағының бойында сақшы жолымен (бақылау-іздік жолақтарды) патрульдеу, сондай-ақ мұнаралардан бақылау жолымен жүзеге асырады. Жекелеген объектілер қозғалмайтын сақшылармен күзетілуі мүмкін.
112. Гарнизондар бастықтары, әскери бөлімдердің командирлері, әскери объектілердің бастықтары, сондай-ақ олардың барлық тікелей бастықтары жеке құрамның объектілерді күзету мен қорғау үшін қажетті санын қысқартуға үнемі қол жеткізуге міндетті. Оған:
сақшыларды қоймастан, постыларды күзетудің техникалық құралдары мен қарауылдық иттерді пайдалана отырып күзетуге көшумен (5-қосымша);
ортақ қоршауы бар, қатар орналасқан, әр түрлі әскери бөлімдерге жататын сақтау орындарын, қоймаларды, парктер мен басқа да күзетілетін объектілерді бір қарауылдың күзетуіне біріктірумен;
қозғалмайтын сақшылары бар постылардың санын қысқартумен және объектілердің күзетін жаяу тәртібімен және көлік құралдарымен патрульдеу тәсілімен ұйымдастырумен қол жеткізіледі.
113. Объектілерді күзетуді патрульдеу тәсілімен ұйымдастыру кезінде объектінің қоршауына және жергілікті жердің жағдайларына байланысты сақшыға белгіленген уақыт ішінде күзету мен қорғау үшін: күндіз - 2 шақырымға дейін, түнде - 1 шақырымға дейін, ал техникалық күзет құралдарымен жабдықталған объектілерді: күндіз - 3 шақырымға дейін, түнде - 2 шақырымға дейін ұзындықпен белдеу учаскесі тағайындалады. Қолайсыз ауа райында (қалың тұман, жаңбыр, қар жауу) объектілерді күзетуді күшейту үшін гарнизон бастығының (әскери бөлім командирінің) бұйрығымен қосымша қарауылдар немесе көлік құралдарындағы патрульдер тағайындалуы мүмкін. Қосымша қарауылдардың қызмет өткеру тәртібі мен патрульдеу тәртібін бұл жағдайда гарнизон бастығы (әскери бөлімнің командирі) айқындайды.
Сақшылар бақылау-іздік жолақтарды, жергілікті жерлер мен қоршауларды қарау үшін, сондай-ақ байланыс құралдары бойынша қарауыл бастығына қызметтің өткерілуі туралы баяндау үшін қысқа тоқтаулар жасай отырып, объектінің сенімді күзетілуін қамтамасыз ететін жылдамдықпен жаяу тәртіппен қозғалыс бағдарлары бойынша жүреді.
Күн ашық болса, егер жергілікті жердің жағдайлары мүмкіндік берсе, қарауыл бастығының рұқсатымен күзетілетін объектілерді қадағалауды сақшылар қадағалау мұнараларынан жүргізуі мүмкін.
114. Сақшыларға көмек көрсету үшін әрбір қарауылдық үй-жайда қарауылдардың сергек және демалған ауысымдары қатарынан резервтік топтар құрылады, олар қарауыл бастығының (қарауыл бастығы көмекшісінің, таратушының) «ҚАРУҒА» командасы бойынша қарауылды шақырған кезде бұзушылық орнына келеді және жағдайға байланысты әрекет етеді. Топтарды бұзушылық орнына тез жеткізу, қашық орналасқан постылардың сақшыларын ауыстыру және оларды тексеру үшін қарауылдар қажет болған кезде көлік құралымен, ал ерекше жағдайларда броньды транспортерлермен (жауынгерлік машиналармен) қамтамасыз етіледі.
115. Қарауылдың жеке құрамы қарауыл киім нысанын (6-қосымша) киюге, ақаусыз және ұрысты қалыпты жүргізуге келтірілген сүңгі-пышағы бар автоматтармен (сүңгісі бар карабиндермен) қарулануға тиіс. Басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың, сондай-ақ әскери полиция органдарының қарауылдары арнайы құралдармен қарулануы мүмкін.
Бақылау-өткізу постыларының сақшылары пистолеттермен қарулануы мүмкін.
Қарауылдар бастықтары және олардың көмекшілері өздерінің штаттық қаруымен қаруланады.
Қарауыл жауынгерлік патрондармен: әрбір автомат пен пистолетке - екі жарақтандырылған оқжатар; әрбір карабинге оқтізерлерде 30 патрон есебімен қамтамасыз етіледі. Қарауылдың жауынгерлік патрондарын жаңарту кемінде үш айда бір рет жүргізіледі.
Одан басқа, гарнизон бастығының (әскери бөлім командирінің) бұйрығы бойынша қарауылдардың қарулануында олардың әрқайсысына үш жарақтандырылған оқжатары бар оқшашарлар (100 патроны бар жарақтандырылған екі лента), әрқайсысына екі граната есебінен қарауылдың барлық құрамында қол гранаталары болуы, сондай-ақ жауынгерлік техникамен күшейтілуі мүмкін.
Пистолеттермен қаруланған адамдардан басқа, қарауылдың жеке құрамына оқ-дәрілер практикалық сабақтардан кейін қарауыл қалашығында беріледі. Міндеттерін әскери бөлімнен қашықта орындайтын қарауыл, оқ-дәрілерді қарауыл қалашығында жарақтандыратын қарауыл бастығынан басқа, оқ-дәрілермен қарауылдық үй-жайда, осы үшін арнайы жабдықталған немесе бөлінген орында жарақтандырылуы мүмкін. Бұл жағдайда оқ-дәрілер тәуліктік нарядтың таралымына құлыпқа жабылған металл жәшікпен шығарылады.
116. Қаруды оқтау постыларға шығар алдында, ұсталғандарды, тұтқындалғандарды, сотталатындар мен сотталғандарды күзету үшін, сондай-ақ қарауылды тексеретін адамдарға ілесіп жүру үшін жүргізіледі.
Қаруды оқтау мен оғын алу қарауыл бастығының немесе оның көмекшісінің командасы бойынша және олардың тікелей қадағалауымен қарауылдық үй-жай жанында оқтосқауылы бар арнайы жабдықталған және жарық түсірілген орында, ал ауысымдар постыларға машиналармен жүргенде - таратушының командасы бойынша қарауыл бастығына берілген нұсқаулықта көрсетілген оқтосқауылымен жабдықталған орындарда жүргізіледі. Оқтаған және оқты алған кезде қарудың ұңғысы жоғары (45-60 градус бұрышқа) және маңындағы тұрғын үй мен күзетілетін объектілерден шетке алшақ бағытталуы тиіс. Егер қарауылдық үй-жайға жақын және маңында тұрғын және қызметтік үй-жайлар орналасқан болса, қаруды оқтау және оғын алу қарауылдық үй-жайда оқтосқауылмен жабдықталған арнайы үй-жайда жүргізілуі мүмкін. Қарудың оғын алу және оны тексеру қарауылдық үй-жайға қайтып келгеннен кейін дереу жүргізіледі.
Пистолеттер бөлімшелерде патрондарды алғаннан кейін оқталады, ал олардың оғы қарауыл ауысымы бөлімшеге келгеннен кейін алынады.
Қарауылға шабуыл жасалған жағдайда қарауыл жеке құрамы қаруды өз бетімен оқтайды.
117. Қару тиісті қару түрлері үшін оқ ату ісі жөніндегі басшылықтарда көрсетілген ережелер бойынша оқталады, бұл ретте патрон патронникке жіберілмейді.
Автомат жарақтандырылған оқжатармен оқталады. Оқталар алдында ол тексеріледі (бұл ретте шүріппе түсіріледі) және сақтандырғышқа қойылады. Бекітпе рамасы оқжатар қосылғаннан кейін артқа жылжытылмайды.
Карабин толық көлемде жарақтандырылған оқжатармен оқталады. Карабин оқталғаннан кейін бекітпе жайлап жабылады (бұл ретте патрон патронникке жіберілмейді), сақтандырғышы алынады, шүріппесі түсіріледі және карабин сақтандырғышқа қойылады.
Пистолет жарақтандырылған оқжатармен оқталады, оқтау кезінде бекітпе артқа жылжытылмайды. Оқтау алдында пистолет сақтандырғышқа қойылады.
Оқшашарлар мен қол гранаталары, оларды тікелей қолданар алдында оқталады.
Арнайы құралдар қолдануға ұдайы әзірлікте болады.
118. Гарнизон бастығының (әскери бөлім командирінің) бұйрығы бойынша қарауылдық үй-жайда: әрбір автомат немесе карабинге - металл жәшіктегі мырыштарда сақталатын 150 патрон, пистолетке - 16 патрон есебімен жауынгерлік патрондардың қоры құралады.
Қол гранаталары жекелеген металл жәшіктерде сақталады, бұл ретте тұтандырғыштар гранаталардан бөлек су өтпейтін орауларда сақталады.
Жәшіктерде: қарауылдың жауынгерлік патрондарының қорын есепке алу кітабы (7-қосымша), қол гранаталары мен оларға тұтандырғыштар қорын есепке алу кітабы, оқ-дәрілер мен гранаталарды салу актісі, әскери бөлімнің қоймасынан оқ-дәрілер мен гранаталарды алуға тәртіптеме данасы, ішкі тізбе, сондай-ақ мырыштарды ашуға арналған пышақ сақталады. Жәшіктер құлыпқа жабылады, гарнизонның (әскери бөлімнің) штаб бастығымен мөрленеді және қарауылдық үй-жайда болатын қарауыл мүлкі мен мүкәммалының тізбесіне енгізіледі. Оқ-дәрілері бар жәшіктер мөрлерінің көшірме бедерлері мен кілттері қарауыл бастығының сейфінде (құлыпқа жабылатын стол жәшігінде) сақталады. Кілттерді басқа адамдарға беруге тыйым салынады. Қосымша кілттер бөлім бойынша кезекшіде, штаб бастығының мөрімен мөрленген тубуста сақталады.
Қарауылға немесе күзетілетін объектіге шабуыл жасалған кезде қосымша жауынгерлік патрондар мен гранаталар қоры бар жәшікті ашуды кейіннен қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекшіге баяндаумен қарауыл бастығы дербес жүзеге асырады.
Қарауыл бастығы жауынгерлік патрондардың қоры, гранаталар мен тұтандырғыштар бар жәшіктердің сақталуына жеке өзі жауапты болады.
119. Оқ-дәрілер қорының қолда бары және жай-күйі кемінде айына бір рет: гарнизондық қарауылдарда - гарнизонның штаб бастығымен, ішкі қарауылдарда - әскери бөлімнің штаб бастығымен тексеріледі.
Тексеру нәтижелері жауынгерлік патрондар (гранаталар мен оларға тұтандырғыштар) қорын есепке алу кітабына және постылық ведомосқа жазылады.
120. Қарауылдық үй-жайлар мен постылары осы Жарғыда көзделген жабдықпен, күзет пен байланыстың техникалық құралдарымен қамтамасыз ету, күзетілетін объектілерді қоршау және оларды мүкәммалмен (8-қосымша) қамтамасыз ету, сондай-ақ постыларға кіреберістерді жабдықтау (9-қосымша) әскери объектінің бастығына (әскери бөлімнің командиріне) жүктеледі.
Әскери объектінің бастығына (әскери бөлімнің командиріне), сондай-ақ қарауылдық үй-жайларға жарық түсіруге және оны отын және постылық киіммен қамтамасыз ету жүктеледі.
121. Ауысу үшін келген қарауылдың нақты осы мақсат үшін тағайындалғанын, сондай-ақ гарнизон бастығынан немесе қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекшіден бұйрықпен келген адамның расымен осыған өкілеттілік берілгенін растау үшін тиісті бастық пароль (құпия сөз) белгілейді.
Пароль қандай да бір қаланың атауымен белгіленеді, оны әрбір күнге, әрбір қарауыл үшін жеке: гарнизондық қарауылдар үшін - гарнизон штабының бастығы, ішкі қарауылдар үшін - әскери бөлім штабының бастығы белгілейді.
Парольдар кемінде 10 күн бұрын белгіленеді және гарнизон (әскери бөлім) штабының бастығында, мөрленген сейфте сақталатын парольдер кітабына енгізіледі.
Дабыл жарияланған кезде түсетін жаңа қарауылдар үшін парольдер қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекшіде мөрленген пакетте сақталады.
Парольді білетін адамдар оны қатаң құпияда ұстауға және сұраған кезде оны дауыстамай, жазбамен хабарлауға міндетті, одан кейін жазба дереу жойылады.
Пароль бар жазбаны жоғалтқан кезде немесе пароль жария болған басқа да жағдайларда қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекші оның қолданысын дереу тоқтатады, ол туралы гарнизон штабының бастығына (әскери бөлімнің штаб бастығына) баяндайды.
122. Қарауылдың күзетінде тұрған сақтау орындарын (қоймаларды, парктерді) ашуға немесе жауынгерлік машиналардың, қару-жарақтың, әскери және басқа техниканың тұрағына жіберуге гарнизон бастығы (әскери бөлімнің командирі) бекіткен күзетілетін объектіні ашуға наряд негізінде (10-қосымша) және гарнизон бастығының (әскери бөлімнің штаб бастығының) қолы қойылған және елтаңбалы мөрмен расталған тұрақты немесе біржолғы рұқсаттама (11-қосымша) болған кезде рұқсат етіледі.
Күзетілетін объектілерді ашуға наряд объектілер (әскери бөлім қызметтері, сақтау орындары, қоймалар) бастықтарының тапсырыстары негізінде күнделікті гарнизонның штаб бастығы (әскери бөлімнің штаб бастығы) жасауы, гарнизонның бастығы (әскери бөлімнің командирі) бекітуі және қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекшіде болуы тиіс.
Рұқсатнамада: оның нөмірі және бастыққа ол берілген қарауылдың нөмірі; ашуға (жабуға) жататын күзетілетін объектінің атауы; ашу (жабу) күні мен уақыты; ашу (жабу) үшін келген адамның әскери атағы, тегі, аты мен әкесінің аты көрсетіледі.
Осы немесе өзге де сақтау орындарын (парктерді, қоймаларды) ашуға құқығы бар немесе тұрақтарда тұрған жауынгерлік машиналарды, қару-жарақты, әскери және басқа техниканы қарауылдан қабылдауға рұқсатнама берілуі мүмкін адамдардың тізімі гарнизон бастығының (әскери бөлім командирінің) бұйрығымен жарияланады.
Түпнұсқа қолдары қойылған рұқсатнама үлгілері, осы немесе өзге де сақтау орындарын (парктерді, қоймаларды) ашуға құқығы бар немесе оларға жіберілуі мүмкін адамдардың тізімі, сондай-ақ гарнизон штабының бастығы (әскери бөлімнің штаб бастығы) қол қойған және елтаңбалы мөрмен расталған мөрлер таңбаларының (пломба бедерлерінің) үлгілері қарауылдық үй-жайда болуы тиіс.
ҚР Президентінің 2013.15.04. № 541 Жарлығымен 123-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
123. Қоймалардың (базалардың, арсеналдардың) техникалық аумағына, өрт қаупі бар және ерекше маңызды объектілерге кіру тәртібін Қарулы Күштер Бас штабының бастығы және басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың тиісті басшылары арнайы ережелерге (нұсқаулықтарға) сәйкес белгілейді.
124. Әуеайлақтағы ұшақтар (тікұшақтар) тұрақтарын және авиациялық бөлімнің басқа да объектілерін ашу үшін рұқсатнамаларға осы бөлімнің штаб бастығы қол қояды.
Тұрақтар ашқаннан кейін және оларды қарауылдың күзетуіне тапсырғанға дейінгі ұшақтарды (тікұшақтарды) күзету тәртібін осы Жарғының талаптарына қатысты әскер түрлерінің Бас қолбасшылары, тектерінің, өңірлік қолбасшылықтардың қолбасшылары және Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың тиісті басшылары айқындайды.
ҚР Президентінің 2013.15.04. № 541 Жарлығымен 125-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
125. Ерекше жағдайларда әскери және басқа да объектілерді күзету мен қорғау жөніндегі қарауылдық қызметті өткеру тәртібін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының бастығы және басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының тиісті басшылары қосымша айқындайды.
Техникалық күзет құралдарын қолдану
126. Техникалық күзет құралдары объектілерді сенімді күзетуді арттыру және қарауыл жеке құрамының санын қысқарту мақсатында қолданылады. Олар: периметрлік және объектілік анықтау құралдарын, объектілік күзет дабылдамаларын, алдын алу және ықпал етудің техникалық құралдарын, өрт дабылдамаларын, техникалық күзет құралдарының белгілерін қабылдау аппаратурасын және кабельдік немесе радиожелісінің дабылдамаларын қамтиды.
Техникалық күзет құралдарын қолдана отырып, объектілерді күзетудің сенімділігі: техникалық күзет құралдарының типін дұрыс таңдаумен және оларды инженерлік бөгеттермен кешенді пайдаланумен, күзет құралдарын орнату жөніндегі өткізілетін іс-шаралардың жасырындығымен; монтаждаудың жоғары сапасымен, ұдайы қызмет көрсетумен және олардың жай-күйін бақылаумен; техникалық күзет құралдары өздігінен іске қосылған кезде қарауыл жеке құрамының қырағылығымен және уақтылы іс-қимылымен қол жеткізіледі.
Техникалық күзет құралдары, оларды бүркемелеу және қауіпсіздік шаралары қолданыла отырып, орнатылуы тиіс.
127. Объектіде қолданылатын техникалық күзет құралдарының типі мен саны олардың маңыздылығына, физикалық-географиялық, пайдалану және басқа да ерекшеліктеріне байланысты айқындалады.
128. Техникалық күзет құралдарының белгілерін қабылдау аппаратурасы қарауылдық үй-жайда қажетті аппаратураны орнатуды қамтамасыз ететін осы үшін арнайы жабдықталған бөлмеде немесе қарауыл бастығының бөлмесінде орнатылады.
Объектілер өрт дабылдамасымен белгіленген ережелерге сәйкес жабдықталады.
Техникалық күзет құралдарының үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін 24 сағаттан кем емес үздіксіз жұмысын қамтамасыз ететін резервтік қоректендіру көзі орнатылады.
Гарнизонда (әскери бөлімде) өртке қарсы қорғану және құтқару жұмыстарының әскери командасы болған кезде өрт дабылдамасының белгілерін қабылдау аппаратурасы осы команданың үй-жайында орнатылуы мүмкін.
Техникалық күзет құралдарын ақаусыз күйде ұстауды осы үшін тағайындалған штаттық бөлімше, ал осындай штаттық бөлімше болмаған кезде - әскери бөлімнің командирі (объектінің бастығы) тағайындаған офицердің (сержанттың) басшылығымен пайдалану тобы жүзеге асырады.
129. Техникалық күзет құралдарымен жабдықталған объектілерді күзетуді және қорғауды сақшылар қоюмен, бақылау-күзету топтарының кезекшілігі тәсілімен немесе аралас тәсілмен жүзеге асырылуы мүмкін. Сақшыларды қоюмен күзету тәсілі негізгі болып табылады. Барлық тәсілдер кезінде объектілерді күзетуді күшейту үшін қарауылдық иттер пайдаланылуы мүмкін.
Техникалық күзет құралдарын қолдану және осы жағдайларда сақшыларды қою қажеттілігі, сондай-ақ қарауылдық иттерді пайдалану туралы шешімді қарауылдар кестесін бекітуге құқығы бар командир (бастық) қабылдайды (осы Жарғының 135-тармағы).
130. Сақшыларды қоюмен, әдетте, техникалық күзет құралдарымен жабдықталған, ұдайы қадағалауды және күшейтілген күзетті талап ететін, қару-жарағы, оқ-дәрілері бар қоймалар мен басқа объектілер күзетіледі. Мұндай жағдайларда сақшылар қызметті осы Жарғының 317-329-тармақтарында көрсетілгендей өткереді.
Техникалық күзет құралдарының белгілерін қабылдау аппаратурасын бақылауды қарауыл бастығының техникалық күзет құралдары жөніндегі көмекшісі (оператор), ал ол болмағанда - қарауыл бастығы немесе оның көмекшісі (таратушы) жүзеге асырады.
131. Бақылау-күзету топтарының кезекшілігі техникалық күзет құралдарының белгілерін қабылдау аппаратурасын оператордың үздіксіз бақылауы, бақылау-күзету топтарының постыларды кезең-кезеңімен тексеруі және олардың техникалық күзет құралдары рұқсатсыз өздігінен іске қосылған жағдайда әрекет етуге ұдайы әзірлігі болып табылады.
Постыларды тексеруді бақылау-күзету тобы кесте бойынша жүзеге асырады, оның құрамына қарауыл бастығы немесе оның техникалық күзет құралдары жөніндегі көмекшісі, бір-екі қарауыл, ал объектілерді күзетуді күшейту үшін қарауылдық иттер пайдаланылған кезде қарауыл бастығының қарауылдық иттер қызметі жөніндегі көмекшісі (жетекшісі) кіреді.
Тексеру барысында қоршаудың, бақылау-іздік белдеудің, есіктердің (қақпалардың), сақтау орындары (қоймалар) терезелері мен қабырғаларының жай-күйлері, мөрлердің (пломбаның) саны мен сәйкестігі, сондай-ақ техникалық күзет құралдарының жұмыс істеуі сырттай қарап тексеріледі.
132. Объектілерді күзетудің аралас тәсілі бақылау-күзету топтарының кезекшілігі тәсілімен бір уақытта периметрдің жекелеген учаскелеріне немесе ғимараттар (үй-жайлар) жанындағы постыларға сақшылар қоюмен үйлесімділік болып табылады. Бұл ретте техникалық күзет құралдарының белгілерін қабылдау аппаратурасын бақылауды қарауыл бастығы немесе оның көмекшісі жүзеге асыруы мүмкін, ал бақылау-күзету тобының орнына қарауылдың резервтік тобы әрекет етуі мүмкін.
Қарауылдар наряды
133. Қарауылдар наряды қарауылдар кестесі негізінде жүргізіледі.
Қарауылдар әрбір тәулік сайын ауысуы тиіс.
Әскери бөлім оқу-жаттығуларда болған кезеңде қарауылдар кестесін бекітуге құқығы бар бастықтардың бұйрығымен офицердің басшылығымен 7 тәулік мерзімге дейін ауыспайтын қарауыл тағайындалуы мүмкін.
134. Гарнизондық қарауылдар кестесін гарнизонның штаб бастығы, ал ішкілерді - олардың маңыздылығын, техникалық күзет құралдарын жабдықтауды, қоршауларды және сақшылардың барынша аз санымен сенімді күзетуді қамтамасыз етуді ескере отырып, гарнизон бастығының (әскери бөлім командирінің) объектілерді күзету мен қорғауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулары негізінде әскери бөлімнің штаб бастығы жасайды. Қарауылдар кестесін жергілікті жерлердегі объектілердің орналасу жағдайларымен және күзетілу ерекшеліктерімен танысқаннан кейін жасалуы тиіс. Өз күзет бөлімшелері бар орталық бағыныстағы объектілерді күзету жөніндегі қарауылдар кестесін әскери объекті (қойма, база) бастығы жасайды.
ҚР Президентінің 2013.15.04. № 541 Жарлығымен 135-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
135. Әскери оқу орындарының гарнизондық, сондай-ақ ішкі қарауылдар кестелері Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабы бастығының және басқа да әскерлері мен әскери құралымдары тиісті басшыларының, ал әскери бөлімдердің ішкі қарауылдар кестелері жоғары тұрған командирдің (бастықтың) бекітуіне ұсынылады.
Кестеге әрбір қарауыл постыларының орналасу схемасы қоса беріледі.
136. Қарауылдар кестесімен бір уақытта әрбір қарауыл үшін постылардың орналасу схемасы, постыларға табельдер, қарауыл бастығына нұсқаулық; жауынгерлік әзірлік белгілерін алған кезде ауысатын қарауылдар үшін, сонымен бірге - жауынгерлік әзірлік белгілерін алған жағдайдағы құжаттама, ал құрамына қарауыл бастығының техникалық күзет құралдары жөніндегі (оператор) және қарауылдық иттер жөніндегі көмекшілері кіретін қарауылдар үшін - қарауыл бастығының техникалық күзет құралдары жөніндегі көмекшісінің (оператордың) және қарауылдық иттер жөніндегі көмекшісінің құжаттамасы жасалады.
Постылардың орналасу схемасында: постылар мен тыйым салынған аймақтардың шекаралары, тыйым салынған шекаралар, қоршау түрі, жарық түсіру аспаптары орнатылған орындар, сақшының белдеуі (жолы), бақылау-іздік жолақтары; техникалық күзет құралдарымен жабдықталған объектілер; қарауыл көлік құралдарының, постылар ауысымдарының және көлік құралдарындағы патрульдердің жүру бағдарлары; сақшылар мен бақылау-күзету (патруль) топтарының күндізгі және түнгі уақытта жүру бағдарлары; окоптардың, қадағалау мұнараларының, байланыс және өрт сөндіру құралдарының (нүктелерінің), қарауылдық иттер постыларының орналасқан жерлері; постыларға анағұрлым қауіпті кіреберістер, оқ атудың қатерлі бағыттары көрсетіледі.
Постылар табелінде (12-қосымша): әрбір постыда күзетуге және қорғауға не жататыны; постыда қызмет өткерудің нақты шарттары мен байланыс құралдары арқылы баяндау мерзімдерін ескере отырып, сақшының ерекше міндеттері; сақшыға мұнарадан қадағалау жүргізуге рұқсат етілетін уақыт; сақшыға бөгде адамдарды постыға жақын жіберуге тыйым салынатын арақашықтық; постыға, көрші постыларға шабуыл жасалған және постыда өрт болған жағдайда сақшының іс-әрекеті; сақшыға қандай жағдайларда қару қолдануға рұқсат етілетіні, сондай-ақ оқ атудың қатерлі бағыттары көрсетіледі. Техникалық күзет құралдарымен жабдықталған постылар үшін әрбір постыдағы техникалық құралдардың атауы мен саны, олардың жұмыс істеу ерекшеліктері, бақылау-күзету тобының постыны тексеру және оның қару қолдану тәртібі көрсетіледі. Қарауылдық иттердің қызмет өткеруі көзделген постылар үшін еркін қарауылдау учаскесі немесе блок-посты (қатаң байлау) көрсетіледі.
Қарауыл бастығына нұсқаулықта: қарауыл міндеттері, қарауылға тапсырылған объектілерді күзету мен қорғау бойынша қарауыл бастығының ерекше міндеттері және қарауыл лауазымды адамдарының (оның ішінде техникалық күзет құралдарымен жабдықталған және қарауылдық иттер күзетіндегі) объектілерді күзетуге қабылдау мен өткізу кезіндегі іс-қимылдарының тәртібі, оларды бақылау-күзету топтарының тексеру кестесі мен тәртібі; объектілердің күзетін түнде және жауын-шашын ауа райында күшейту жөніндегі шаралар; қарауылдың күзетілетін объектілерге, сақшыларға немесе қарауылдық үй-жайға шабуыл жасалған кездегі, техникалық күзету құралдары өздігінен іске қосылған және істен шыққан жағдайдағы, төтенше жағдайлар кезінде, жауынгерлік дайындық дабылдары бойынша іс-қимылдары туралы нұсқаулар, сондай-ақ қаруды сақтау мен оқ-дәрілері бар жәшіктерді ашу тәртібі мазмұндалады.
Жауынгерлік әзірліктің жоғары деңгейіне келтіруге белгі алған жағдайға құжаттама: постыларға берілетін табельдерді, постылардың орналасу схемаларын, қарауыл бастығына нұсқаулықты, постылық ведомостың бланкілері мен парольді қамтиды. Бұл құжаттар қарауылға тапсырылған объектілерді күзету мен қорғау тәртібін әскерлердің жауынгерлік және жұмылдыру даярлығының жоспары бойынша іс-қимылдарын ескере отырып, айқындайды.
Қарауыл бастығының техникалық күзет құралдары жөніндегі көмекшісінің (операторының) құжаттамасы нұсқаулықтан (күзетілетін объектілерді күзетуге қабылдау мен өткізу, аппаратураға бақылауды жүзеге асыру тәртібі туралы, сондай-ақ техникалық күзету құралдары өздігінен іске қосылған немесе сөніп қалған кездегі іс-қимылдарының ерекшеліктері туралы нұсқаулардан); техникалық күзету құралдарымен жабдықталған күзет объектілерінің тізбесінен (постының нөмірі, объектінің атауы, ашу және жабу уақыты); техникалық күзету құралдарының жұмыс істеуін бақылаудың аппараттық журналынан (13-қосымша) (объектінің атауы, объектіні күзетуге қабылдау және өткізу уақыты, орнатылған құралдардың техникалық жай-күйі, олардың жұмыс істеуі мен жай-күйін тексеру уақыты, техникалық күзету құралдарының өздігінен іске қосылған уақыты мен орны және қолданылған шаралар) және объектіде орнатылған күзет жүйесін пайдалану жөніндегі басшылықтан тұрады.
Қарауыл бастығының қарауылдық иттер қызметі жөніндегі көмекшісінің құжаттамасы нұсқаулықтан, иттерді күту, ұстау және тамақтандыру жөніндегі жадынамадан, қарауылдық иттер постыларының орналасқан схемасынан тұрады.
Осы тармақта көрсетілген құжаттарды гарнизон бастығы (әскери бөлімнің командирі) бекітеді.
137. Қарауылдардың кестесі негізінде гарнизонның (әскери бөлімнің штаб бастығы) штаб бастығы қарауылда қызмет өткерудің әскери бөлімдер (бөлімшелер) арасындағы кезегін әрбір айға айқындайды, ол гарнизондық (тәуліктік) наряд ведомосында сипатталады және оны гарнизон бастығы (әскери бөлім командирі) бекітеді.
Постылардың орналасу схемасының, постылар табельдерінің, қарауылдар бастығына нұсқаулықтардың және қарауыл бастығының техникалық күзет құралдары жөніндегі және қарауылдық иттер қызметі жөніндегі көмекшілері (операторлар) құжаттамаларының көшірмелері гарнизондық наряд ведомосының көшірмесімен бірге гарнизонның гарнизондық наряд қызметін өткеруге тартылатын барлық әскери бөлімдеріне жаңа ай басталардан кемінде 10 тәулік бұрын жіберіледі.
Әскери бөлімнің штабы жаңа ай басталардан кемінде бес тәулік бұрын қарауылдар тағайындалатын бөлімшелер командирлеріне қарауылдар құрамы мен олардың нарядқа түсетін күндерін хабарлайды.
Постылардың орналасу схемасындағы және постыларға берілетін табельдегі әрбір өзгеріс туралы гарнизонның бастығы (әскери бөлімнің штаб бастығы) уақтылы әскери бөлімдерге (бөлімшелерге) хабарлайды.
Жауынгерлік әзірліктің жоғары деңгейіне келтіруге белгілер алу жағдайына құжаттама қарауыл бастығында, елтаңбалы мөрмен мөрленген пакетте сақталады. Құжаттаманың екінші данасы осы белгілерді алу жағдайында ауысым үшін тағайындалған қарауыл бастығына нұсқаулар беру үшін гарнизонның (әскери бөлімнің) штаб бастығында сақталады.
138. Объектіде бес және одан да көп пост болған кезде қарауыл бастығы болып офицер, ал постылардың аз мөлшері кезінде - сержант (старшина) тағайындалады.
Ерекше маңызды объектіні күзететін қарауыл бастығына постылар санына қарамастан офицер тағайындалады.
Әскери оқу орындарында қарауылдар бастықтарына постылардың санына қарамастан үлкен курстардың курсанттары тағайындалады.
Қарауыл бастығының көмекшісі сержанттар (старшиналар) қатарынан тағайындалады. Егер қарауыл бастығының көмекшісі тағайындалмаса, оның міндеттерін бірінші таратушы атқарады.
Қарауыл бастығының техникалық күзет құралдары жөніндегі көмекшісіне (оператор) техникалық күзет құралдары жөніндегі мамандардан немесе гарнизон бастығының (әскери бөлім командирінің) бұйрығымен тағайындалатын басқа әскери қызметшілерден тағайындалады.
Қарауыл бастығының қарауылдық иттер қызметі жөніндегі көмекшісі қарауылдық иттерді жүргізушілердің аға жетекшілерінен тағайындалады.
139. Қарауылдар құрамына сержанттар (старшиналар) немесе ефрейторлар (аға матростар) қатарынан таратушылар тағайындалады.
Таратушылардың саны әрбір таратушы бестен көп емес сақшы шығаратын, ал постыларға бару, сақшыларды ауыстыру және қарауылдық үй-жайға қайтып оралу бір сағаттан аспауы тиіс есебінен постылар санына және орналасуына байланысты айқындалады. Постыларға бару және сақшыларды ауыстыру бір сағаттан көп болған жағдайда көлік құралы бөлінеді.
Қарауылға бірнеше таратушы тағайындалған кезде: бірінші таратушы, екінші таратушы деп аталады және одан әрі.
Егер қарауыл бір постыны күзетсе, таратушы тағайындалмайды, оның міндеттерін қарауыл бастығы атқарады.
140. Қарауылдар сарбаздар (матростар) қатарынан тағайындалады. Сарбаздардың (матростардың) саны жетпеген кезде қарауылдар болып сержанттар (старшиналар) тағайындала алады. Бұл жағдайда олардан постының (постылардың) барлық ауысымы, бақылау-күзету тобының барлық құрамы құралады, ал таратушы болып қарауылдардың әскери атақтарынан төмен емес әскери атақтағы әскери қызметші тағайындалады.
Қарауылдардың саны осы қарауыл постылары үшін белгіленген санына байланысты айқындалады, оның ішінде тәулік бойы постыны күзету үшін сақшылардың үш ауысымы, ал тек түнде күзету үшін (қараңғы түскеннен бастап таң атқанға дейін немесе қойма, сақтау орындары жабылғаннан ашылғанға дейін) - сақшылардың екі ауысымы тағайындалады.
141. Қарауыл құрамы, оның ішінде қарауыл бастығы, әдетте, бір бөлімшеден, тіпті болмаса - бір әскери бөлімнен нарядқа түскенге дейін бір тәуліктен кешіктірілмей тағайындалады.
Бір әскери бөлімнен жасақталатын барлық гарнизондық қарауылдар гарнизон бастығының бұйрығымен, әр түрлі әскери бөлімнен құрама қарауыл тек Қарулы Күштер, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар бірінші басшыларының бұйрығы бойынша тағайындалуы мүмкін.
Достарыңызбен бөлісу: |