Фольклорлық балалар поэзиясы. Балалар фольклорының ең бір үлкен саласы - фольклорлық балалар поэзиясы, немесе балаларға арналған халық өлеңдері. Фольклорлық балалар поэзиясын жалпы атаумен балалар фольклоры деп те атай береді. Балалар фольклорының кейбір үлгілерінде мазмұнға жеткілікті мән беріле бермейді.
Ұйқасы оңай, ойнақы болса, ондай өлеңдер көбірек қолдау табады. Осындай өзгешелік ойын өлеңдерінен анық көрінеді. Мазмұнға жеткілікті көңіл бөлінбеу мысалын санамақтардан анық байқаймыз. «Бірлан, сірлан, қабылан, қатыс, мірлан отыз, сен тұр, сен шық». Балаларға арналған халық өлеңінің бір түрі осындай. Өлең жеңіл ұйқасқа құрылған, ойнақы. Өлең шумағындағы біраз сөздің мағынасы түсініксіз. К.Ісләмжанұлы төмендегіше түсініктеме береді: «Ғалымдардың пайымдауынша, жұмбақ сөздердің шығу тегі сонау алғашқы қауымдық құрылысқа тіреледі. Ол кезеңде шаруашылықтағы құралдардан бастап, аң-құс, табиғат құбылыстарының көпшілігі тура аталмай, шартты атауларға ие болған. Санамақтарда сол дәстүрдің сарқыны бар. Балалар тірлігінде ол әлі күнге сол дәрежесінде көрініс тауып келеді - деген ғылыми пайымның дұрыстығын қазақ санамақтарының табиғаты да дәлелдейді» (50,98). Қазақ балалар санамақтарында орыс тілінен енген кірме тіркестер де кездеседі.
Они,
Вани Туфли
Вани Васкаризм
Оңшыл, молшыл,
Гологоншыл,
Кошкин дом
Вышел вон,
Балалар фольклорында коллективтік сипат басым келеді. Халық өлеңдерін балалар жаттап алып, айтып жүреді. Кезекпе-кезек айтылатын өлең түрлері де («Бақа», «Түйе, түйе, түйелер», «Түлкі, түлкі, түлкішек» т.б.) балалар фольклорында мол. Халық сатирасымен тамырлас мазақтамалар да балалардың есінде жүреді. Табиғи ерекшеліктерін сезініп өзара бөлектене бастайтын ұлдар мен қыздардың бір-бірін мазақтап, ызаландыруға көшкен әрекеттері балалар айтысынан көрінеді.
Балалар фольклорында түрлі көне түсініктер (арнау- тілек өлеңдері), ырым, салт жоралғылары (тұсау кесу жыры), жан-жануарлардың даусы мен қимылына еліктеу құбылыстары(ойындар мен ойын өлеңдері) байқалады. Балалар ойындары өлеңдерінің орындалуы ойындық шартты әрекеттермен байланысты келеді. Ал арнау-тілек өлеңдерінің шығу тегі ай, күн т.б. құбылыстарды киелі деп есептеген анимистік ұғымнан туындайды. Және түрлі жануарларды тотемге айналдырған халық түсінігі де бар. Бала өміріне қатысты дәстүрлі ғұрыптарға, ырым, салттарға байланысты орындалатын өлеңдер де бұған дәлел.
Балалар фольклоры балалар коллективінің өзіндік сүзгісінен өтеді. Өз ұғымдарына, түсініктеріне, тіл оралымына, іс-әрекеттеріне сәйкес емес туындылар балалар тарапынан қабылданбайды. Ал қабылданған жағдайда балалар шығармашылығының дәстүріне лайықты өзгеріп, өңделеді. Міне, осы айтылған ерекшеліктердің барлығына фольклорлық балалар поэзиясын іштей саралауда назар аударылады. Бұл шарттарды К.Ісләмжанұлы төмендегіше жинақтап көрсетеді:
-шығармаларды кім шығарып, кімдердің орындайтындығын және қалай орындайтындығын ескеру;
-шығармалардың атқаратын қызметін ескеру;
-балалардың жас ерекшелігін ескеру;
-шығармалардың поэтикасын (шығармалардың тақырыптық, мазмұндық, сюжеттік, композициялық құрылымын, сөз саптасын, тіл кестесін т.т.) ескеру. Сонымен аталған принциптер бойынша К.Ісләмжанұлы балаларға арналған халық өлеңдерін мынандай топтарға жіктеп, ішкі жанрлық түрлерге бөледі: Әлпештеу поэзиясы (бесік жыры, сәбилік ғұрып жырлары, мәпелеу жырлары, уату-алдарқату жырлары); Жеткіншектер поэзиясы(маусымдық жырлар, арнау-тілек өлеңдері, балалар өлеңдері:тақпақ, сұрамақ; қызықтама, өтірік өлең, мазақтама); Ойындық фольклор (ойын өлеңдері: тәжікелесу, жаңылтпаш, жұмбақ, балалар айтысы, ойынға байланысты жырлар: ойынға шақыру, қаламақ, санамақ, драмалық ойындар)
Достарыңызбен бөлісу: |