Уату-алдарқату жырлары (потешки). Уату-алдарқату жырларының міндеті - тынышсызданған баланы алдандырып, сергітіп, көңілін басқа жаққа аудару. «Қуырмаш» өлеңін бала саусағын ретімен жұмып, ретімен аша отырып айтады. Өлең соңында баланың алақанын қытықтайды.
Қуыр-қуыр қуырмаш,
Балаларға бидай шаш.
Тауықтарға тары шаш,
Әжең келсе есік аш,
Қасқыр келсе, мықтап бас.
Мына жерде қой бар,
Мына жерде ешкі бар,
Мына жерде сиыр бар,
Мына жерде түйе бар,
Мына жерде жылқы бар,
Мына жерде күлкі бар
Қытық! Қытық!
Уату-алдарқату жырлары – бала көңілін аулайтын ермек қана емес, тәрбие құралы.
Бас бармақ,
Балалы үйрек
Ортан терек
Шылдыр шүмек
Кішкентай бөбек
Сен тұр - қозыңа бар,
Сен тұр - қойыңа бар,
Сен тұр - жылқыңа бар,
Сен тұр - түйеңе бар.
Сен - қария
Қазан түбін жалап,
Үйде жат!
Кішкентай бөбек (шынашақ) қозы бағатын болса, үлкен адам қария үйде отырып демалмақ. Үлкенге жасалатын құрмет осындай болмақ. Сондай-ақ, саусақтарды ретімен жұмып, ретімен ашу да бала ұғымын жүйелілікке тәрбиелейді. Бүл қимылдың өсіп келе жатқан баланың ми қызметін жақсартуға, сөйлеу дағдысын жетілдіруге әсері бар. Сол себепті болар, саусақ ойындары Азия елдерінде ғана емес, славян халықтары арасында да кеңінен таралған.
Большаку дрова рубить,
А тебе воды носить,
А тебе печку топить,
А малышке песенки петь!
Бесік жасынан асқан балаға ойын қажет. Бұл жерде қызықтаманың ролі үлкен.
Қызықтама (прибаутки). Фольклорлық балалар поэзиясының күрделілеу түрі - қызықтама. Қызықтамалардың ең басты ерекшелігі, өлеңдік баяндауға құрылатындығы. Олардың сюжеті үнемі тізбекті болып келеді. Бұл жанрдың кейіпкерлері түйе, түлкі т.б. («Түлкі, түлкі, түлкішек», «Түйе, түйе, түйелер» т.б.) хайуанаттар болып келеді. Қызықтама бала қиялын ұшқыр етеді, сұрақ- жауап түріндегі диалогтық форма өлеңге динамизм дарытады. Бұл өлеңдерді балалар ынталана тыңдап қана қоймай, оның астарындағы юморды да түсіне білуі шарт.
Түлкі, түлкі, түлкішек,
Түнде қайда барасың?
Әжем үйіне барамын.
Әжең саған не берер?
Сиыр сауып сүт берер,
Ешкі сойып бұт берер.
Оны қайда қоясың?
Жалпақ тасқа қоямын.
Ит жаласа қайтесің?
Таяқ алып қуамын..
Кір боп қалса қайтесің?
Ағын суға жуамын.
Ағып кетсе қайтесің?
Пароходпен қуамын
Фома туралы орыс балалар қызықтамасын мысалға келтірейік:
Куды, Фома, едешь?
Куды погоняешь?
Сено косить!
На что тебе сено?
Коровок кормить!
На что тебе коровы?
Молоко доить!
На что тебе молоко?
Ребяток кормить!
Қызықтамалар бала назарын өзіне лезде аударатындықтан тез жатталады. Балалар шығармашылығының кіші жанрларының басым көпшілігін тақпақ, сұрамақ, қаламақ, санамақ, жаңылтпаш, жұмбақ пен мақал-мәтелдер құрайды. Тақпақ («Торғай», «Қарға», «Сауысқан» т.б) - шағын көлемді шығарма. Тақпақта дыбыстық үйлесімдер жарасымы анық байқалады. Мазмұны балалардың таным- түсінігіне, күнделікті тірлігіне етене жақын болып келеді. «Жазда» деп аталатын халық өлеңі жазды қалай қызықтауға болатындығын баяндайды. Өлең бір топ балаға емес, бір балаға, балақайға арналуымен өзгеше.
Балақай-ау, балақай,
Жаз келеді-ау, алақай!
Жалаң аяқ жүреміз
Балақты да түреміз.
Көлден балық сүземіз,
Жалтылдатып тіземіз.
Тау мен тасты кеземіз,
Сан қызықты көреміз,
Сайдан жидек тереміз.
Тайға мініп желеміз,
Алтыбақан тебеміз.
Сұрамақ («Қарға, қарға, қарғалар», «Ауылың қайда?»,
«Бақа» т.б.) диалогқа құрылып, екі баланың кезектесіп айтуына ыңғайлы болып келеді. Өлең құрылысы да ойнақы, жеңіл, шымыр ұйқасқа құрылады. Қаламақ (жеребьевки) және санамақ (считалки). Балалар ойынының басталуында қаламақтың да, санамақтың да атқарар рөлі зор. Қаламақ пен санамақ арқылы балалар екі топқа бөлінеді. Қаламақ бойынша ойыншылар төмендегідей сұрақ-жұмбақ жасырады.
Аспандағы жұлдыз керек пе?
Судағы құндыз керек пе?
Орыс балалар қаламағы төмендегіше келеді:
Матка, матка, кого надо?
Коня вороного
Или казака удалого?
Травки – муравки
Али золотой булавки.
Мәтін таңдауда баланың тапқырлығы, түсіну қабілеті, талғамы байқалады әрі ұшталады. Қаламақтардың құрылысы өте қарапайым. Екі жол өлеңдегі заттық ұғымдардың мәнінен бала жанының талай сырын ұғуға болады. Біріншіден, баланың әрқашан күнделікті тұрмыста таныс, өз ұғымына жақын заттарды таңдайтыны көрінеді. Екіншіден, бала талғамына халық шаруашылығының да елеулі әсер ететіндігі байқалады. Сонымен қаламақтар баланың ішкі дүниесінен мол хабар береді. Санамақ қаламаққа қарағанда көлемдірек. Санамақ көбінесе санды негізге алады. Мағынасы түсініксіз сөздер санамақта жиі кездеседі.
Бірім, екім,
Алма, текім,
Сары шымшық,
Сартылдауық,
Сен тұр,
Сен шық!
Бұл жанрдың да тәлімдік мәні өте зор. Ең алдымен ұйқасты өлеңдер баланы әдемі сөйлеуге дағдыландырады. Жаттау қабілетін, танымдық ой-өрісін дамытады. Санамақ тәртібін бұзбай айту баланы сергектікке, байқампаздыққа баулиды.
Достарыңызбен бөлісу: |