3 ЖАСТАН БАСТАП 4 ЖАСҚА ДЕЙІНГІ БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН БАҒДАРЛАМА
БАЛАЛАРДЫҢ ЖАС ЕРЕКШЕЛІК МҮМКІНДІКТЕРІНЕ СИПАТТАМА
Сюжеттік-рөлдік ойындар 3 жастан бастап 4 жасқа дейінгі баланың тұлғалық, интеллектуалдық, жалпы психологиялық дамуында ерекше орын алатын жетекші іс-әрекет болып табылады. Бұл кезең баланың тілге, оның дыбысталуы мен мағынасына ерекше қызығушылығымен, сезімталдығымен ерекшеленетіндіктен, баланың тілін дамытуға өте қолайлы.
Мектепке дейінгі кіші жастағы балалар ересектермен қарым-қатынас жасауға өте ықыласты болады, әртүрлі сұрақтар қойып, өздері білетін ертегілерді бар ынтасымен айтып береді, танымдық қызығушылығы белсенді болады. Ересектермен қарым-қатынас жасау қажеттілігі қанағаттанбаған кезде, олардың арасында эмоционалдық жатырқаушылық пайда болады. Төрт жасқа қарай бала құрдасын ортақ іс-әрекетке қатысушы есебінде қабылдайды.
3-4 жасар баланың өзін-өзі бағалауы өте жоғары деңгейде, бұл ол үшін әбден заңды, өйткені біреу оның тұлғалық қасиеттерін дұрыс бағаламаған кездегі өз-өзін қорғаудың «тұлғалық» тетігі болып табылады.
3 жас пен 4 жас аралығында баланың сенсорлық процесінің сапалы жаңа қасиеттері қалыптасады: фонематикалық есту, түсті ажырату, көз қырағылығы, заттардың пішінін ажырату қабілеттері жетіле түседі.
Балалар заттарды ұстап көріп танудан, көзбен көру арқылы тануға көшеді.
Тіл - 3-4 жастағы балалардың сенсорлық процестерін дамытуда жетекші орын алады. Балалар тілін заттардың сынын, бір-бірімен қарым-қатынасын білдіретін, мазмұнды қабылдауын қалыптастыратын жаңа сөздермен байытады.
3-4 жастан бастап баланың есі еріксіз сипатта болады. Бала материалды өзі іс-әрекетке тікелей қатысу арқылы есіне сақтайды. Бұл жастағы баланың ойлау қабілеті сапалық өзгешелігімен ерекшеленеді: оған қиял мен шындықты ажырату қиынға соғады. Ол - өзімшіл. Оған анимастикалық түсініктер тән: айнала қоршаған заттардың бәрін өзімен салыстырады, олар да өзі сияқты ойлауға және сезінуге қабілетті деп ойлайды. Нысандарды қарастыра отырып әдетте, ол заттың ең айқын бөлігін ажыратады.
Мектепке дейінгі кіші жастағы балаларда кеңістік, уақыт, сан туралы қарапайым түсініктері қалыптаса бастайды.
3-4 жасар балалар ауа райы құбылыстары мен оның салдары арасындағы қарапайым байланыстарды түсіне бастайды. Тек өзі ғана емес, басқа да тіршілік иелері де тағам мен судағы қажеттілігі бар екенін түсінеді. 3-4 жасар балаларда құрастыру әрекеті әлі де ойынмен бірге ұштаса отырып жүргізіледі. Әр түрлі материалдармен тәжірибе жасау барысында балалар олардың қасиеттері мен құрылысын танып-біледі.
Бұл кезеңде балалар қарапайым қол еңбегі түрлерінің әдістерін (бүктеу, умаждау, жырту және ұсақ-түйектерді қолдан жасау) меңгереді.
4 жасқа қарай балалар көркем шығарма мәтінін эмоционалды және тұтастай қабылдайды. Оның материалды қаншалықты түсінгендігі сөйлеу тілінде ғана емес, заттарды ажырату және ойын әрекеттері үстінде байқалады.
Бала үшін бейнелеу іс-әрекеті - бұл өзі жасаған бейнелер. Бұл бейнелер жарқылдақ, аңғал, ашық, ауыз әдебиетті еске түсіреді.
Мүсіндеу, жапсыру, сурет салу барысында сызықтар мен пішіндер тіріліп, баланың көз алдында жағу, сызу арқылы бейнеге айналады.
Бала сызықтарды, пішіндерді, түсті дақтарды, жағуларды қолданып, қарапайым сюжеттерді бейнелей алады.
Бұл кезеңде балалардың көпшілігінің музыкаға ықыласы жоғары деңгейде болғандықтан, бұл жаста музыка мәдениетін меңгерту өте қолайлы.
Мектепке дейінгі кіші жаста баланың моторлық қызметтері қарқынды дамиды. Балалардың қозғалыс белсенділігі іс-әрекет дербестігінің жоғары деңгейлігімен сипатталады.
3 жастан бастап нақты және саналы қызығушылығы біліне бастайды, бұл кезеңде бала өзіндік еркі бар жеке адам екенін түсіне бастайды. Ми қызметі мен психикалық қызметі қарқынды дамуын жалғастырады, мінез-құлқында өзгерістер пайда болады. Көркем шығармаларды қабылдауы мен музыкаға деген ықыласы артады. Бұл баланың қызығушылығы мен қабілеттерін анықтауға мүмкіндік береді. Көпшілікпен ойнайтын ойындарға қызығушылығы арта түседі. Үш жасар бала - қажымас қайраткер, ол желімдеуге, мүсіндеуге, сурет салуға дайын, бірақ ұзақ әңгімелер мен түсіндірулерді қабылдай алмайды.
3-4 жасар баланың тұлғалық дамуының базистік мазмұны өзінің көпқырлылығымен, әрдайым даму үстінде және әр жас кезеңінің өзіндік мазмұнының ерекшеленуімен сипатталады. Дер кезінде тұлғаның базистік сипатын қолайлы қалыптастыру жағдайының жоқтығынан әрі қарай айтарлықтай деформация пайда болуы мүмкін.
3-4 жастағы балалардың базистік сипаттамасына: құзыреттілік, эмоционалдылық, ынталылық, дербестік жатады.
Достарыңызбен бөлісу: |