Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі шәКӘрім атындағы семей мемлекеттік



бет2/3
Дата10.06.2016
өлшемі399 Kb.
#126373
1   2   3
Нартайлақ пен Айсұлу”. Заман өзгерісін адамның рухани дамуын, өзін-өзі жетілдіру мәселелерін шығармашылығында негізгі діңгек етіп алған Шәкәрім ақын, поэмаларында да ескіше өмір сүрудің адам дамуына кедергі келтіретін тұсын, жаңашылдық, рухани өрлеу адам болмысын жақсартудың жолдарын кейіпкерлері арқылы бейнелейді.

Адам жан-дүниесінің қалтарыстарын, қат-қабат адам мінездерінің қайшылықты кездерін, қоғам мен заман шындығын бірлестіріп, сан алуан түрлі салыстырулар мен пайымдаулар арқылы шындық картинасын түзеді. Шығармашылығымен адамның жан-әлемін қоршаған орта мен тіршілік түйткілдерін, адам тағдырының аяқ асты жаншылуын “Нартайлақ пен Айсұлу” дастанында ашып көрсетеді.

Залымдық, күндестік, араздық, мейірімсіздік, өгейлік, рахымсыздық, бақталастық бар жерде, ақ жүрекке, әділетке, махаббатқа бөгет екендігін, барлығы да адамның өзінің ішкі әлеміндегі, адам жанында деген ойды насихат етеді.

Залымды жек көргізіп, күйгізеді,

Ақ жүрек әділетті сүйгізеді.

Өгейлік, өзімшілдік, бақ-күндестік,

Мейірімсіз залалкесті білгізеді./2/

“Нартайлақ-Айсұлу” поэмасы 1929 жылы жазылған.

Махаббат шын асықты неткендігін,

Құрбан боп жар жолында кеткендігін,

Тұрғанда әлі жетіп, ашу кешіп,

Махаббат дұшпанға да еткендігін./3/

Осы жолдардан дастанның негізгі тақырыптық желісі мен мазмұны көрініп тұр.

Шәкәрім әдеттегідей дастанның басын “әңгіменің сыры” деп бастайды. Дастандарында ең бастапқыда негізгі оқиға мен көтерген мәселесіне анализ жасайды. Кей тұстарында дастан соңында түйінді өз ойларын ашып айтады. “Еңлік-Кебек” поэмасында “әңгіме алдында аз сөз” деп бастап, негізгі айтпақ мәселесі. “Ақылдың кей ісі жауы, кей ісі досы” деп ғибаратты сөздерден бастайды.

“Нартайлақ пен Айсұлу” поэмасында қазақ өмірінің салт-дәстүрі, күйбің тіршілік, жер-су аттары, жеке адамның жетілуіне, сүйіспеншілікке тосқауыл, өлім, зұлымдық әрекеттер мен адамның дұрыс жолына келтірген кедергілер мен бөгеттер аясында оқиғалар өрбиді.

Мен бардым сол Ақтасқа түлкі қағып,

Үңгірде өткенді ойлап тұрдым бағып.

Тастағы қырау еріп күн нұрымен,

Тастан да көзімнен де жас кетті ағып.

Дастан оқиғасының күрделі де трагедиялы екендігін автор алдын-ала байқатады.

Шәкәрім дастандарында адам психологиясын тереңдеп ашып көрсетуге бірталай көркемдік компоненттерді пайдаланады. Адамның ішкі жан-дүниесі, ой-сезімдерін диалог, монолог арқылы шебер бейнелейді.

Адам мен өмір сүрген ортасындағы тартыс барысындағы адам жан-дүниесі, ішкі әлемін даралап көрсету адамгершілік немесе қатыгездік, мейірімсіздік, зұлымдықтың бет-пердесін айқындау.

Адамдар арасындағы өзара теңсіздік, қарым-қатынастарында байқалатын қарама-қайшылықтар сырын тереңдеп көрсету мақсатын ұстанады. “Ақын әлемнің әлі де ойдағыдай жетілмеуі, әділетсіздік пен бақытсыздықтың басым болу жағдайында қоғамды жақсылыққа, дұрыстыққа бастау үшін жоғарыда аталған құндылықтарды адам бойына сіңіру қажеттігін үнемі айтады. Шәкәрім әр шығармасында осы адами категориялардың орындарын ауыстырып пайдаланады. Олай болуы ақынның қандай мәселені көтеріп отырғандығына байланысты болса керек.”

Адам өміріндегі әділет, ынсап, мейірім-арлылықты, ұжданды болуды көксеген ақынның кейіпкерлерге қойған талабы да жоғары. Кейіпкерлерін сан түрлі қам-қарекет арасынан, қоршаған ортасынан даралап сипаттағанда әділет пен мейірім, махаббат, адалдық, жан тазалығы тұрғысынана бейнелейді. Шәкәрім кейіпкерлерін материалдық құндылық деңгейінен жоғары қойып, жан әлемі байлығы, жан тазалығы тұрғысынан суреттейді.

Әрбір кейіпкерін дара тұлға ретінде суреттегенде, әртүрлі көркемдік бейнелеу тәсілдерін қолданады. Кейіпкерлерінің болмысын, мінезін, ішкі әлемін, рухани дүниесін пайымдағанда олардың қоршаған ортамен байланысын, жан-дүниесін, ішкі әлемін, дүниетанымын әлеуметтік жағдайын анықтағанда диалог, монолог қолдануы психологиялық жағдайын, ой-сезімін ашуда ақынның шеберлігін, шығармашылық ізденісінің биіктігін көрсетеді.

Қоршаған ортасының зұлымдық іс-әрекетінен құрбан болған Айсұлу бейнесі махаббатқа беріктігі мен адалдықтың көрінісі. Ол сүйген Нартайлақ адал, ниеті таза адам.

Айсұлу айтты ызалы күлкіменен:

“Барлыға қосылмайды менің денем.

Не басқа біреу алар, не жер алар,

Ол сырды жасырмаймын, жеңгем сенен”

Міне, Айсұлу сөзіне берік, өзі сүймеген жігітке басын байлағысы келмейді. Зұлымдық іс-әрекеттерімен Айсұлу өліміне себепкер бірнеше кейіпкерлер бар. Барғана, Ханым, Самсы.

Ханымның іс-әрекеті былай суреттеледі:

Деді де жетіп барды Айсұлуға:

“Бай керек пе салдақы сендей қуға!”

Жұлқылып бүркеншігін ішке тепті,

Ойнастан дайынсың деп ұл табуға.

Былқылдақ барып еді арашалап,

Қоймады Айсұлуды иттей талап.

Енесі, ауылдасы бәрі келіп,

Шығарды әзер үйден көптеп қамап

Зұлымдықтың құрбаны болған Айсұлу бейнесі дастанда биік те, өрлікті, қайсарлықты, сүйгеніне адал, мойымайтын кесек тұлға ретінде суреттеледі. Нартайлақ Айсұлуды сүйгеніңмен, өмірдің, қоршаған ортаның тауқыметін жеңуге келгенде әлсіздік көрсетеді.

Айсұлудың сіңілісі де Күнсұлудың да апайына қарағанда әлсіздік пен қорқақтық көрсететін тұстары кездеседі.

Арсызға Барғанадай малы тәтті,

Жетімге Күнсұлудай жаны тәтті.

Амалсыз жылап тұрып сырын айтты,

Қайтсын-ай, қатты қинау жанға батты.

Тайлақты жасырмады көргендігін

Жүзігін Айсұлудың бергендігін.

Үш күннен қалмай жетсін Нартайлақ деп,

Тағы да айтты сәлемінің келгендігін.

Айсұлудың сыры ашылуына, оқиғаның күрделенуіне осы жүзік себеп болады. Жүзік-бұнда детальдық қызмет атқарып тұр.

Дастанда ханымның бейнесі зорлықшыл, дарақы, парықсыз адам ретінде суреттеледі. Ханым бейнесін ақын мына сияқты оралымдармен береді.

“Дарақы, тантық өскен Ханым қатын”, не болмаса,“Боқтап жүр Ханым қатын бәрін жерлеп, “Өлтірем, ойнастан - деп - туған бала”, “Тағы ұрған Ханым оны жыладың,- деп, Ойлама енді мұнда тұрармын”,-деп, немесе:

Текпілеп үйден шық деп шаштан алған,

Көсеумен шыдай алмай о да салған.

Ханымның ұрған көсеу басын жарып,

Жығылып сол соққыдан талып қалған/9/,-деген шумақтар Айсұлудың өліміне себепкер Ханымның зұлымдығын ақын айқын суреттейді. Бұнда “көсеу” тұрмыстық деңгейде детальдық қызмет атқарып тұр. Поэмада қазақ тіршілігі, әсіресе тұрмыстық деңгейдегі көріністер көп кездеседі.

Кейіпкерлердің өмірін, тіршілігін, ішкі жан-дүниесін өмірін шындықтарымен қат-қабат байланыстырып, ашып көрсету ақын мақсатттарының бірі.

Кейіпкерлердің ішкі әлемі мен өмір шындығын, орта әсерін жайып салуда бұл әдіс-тәсіл орынды қолданыста тұр.

Кейіпкерлердің ішкі әлемі қоршаған орта әсерімен байланыста. Қазақ ортасында заман тауқыметі, салт-дәстүр кейіпкерлер жан дүниесінің рухани әлемінің жетілуіне, кейіпкерлердің ішкі жан бостандығына, еркіне мүмкіншілік бермейтін. Сол себепті ақын кейіпкерлердің сан-түрлі әрекеттері арқылы қоғам қайшылығын да көрсетуді жөн санайды.

Мағауин Мұхтар осы поэма жөнінде былай дейді: “Шәкәрімнің ескілік тақырыбына арналған үшінші поэмасы “Нартайлақ пен Айсұлу” - бұл топта біршама оқшау тұрған шығарма. Сырттай қарағанда, поэмаға ескі ел аңызы, бағзы бір кездердегі Айсұлу, Нартайлақ дейтін бақытсыз ғашықтар тағдыры өзек болған тәрізді көрінеді. Алайда шығарма сюжеті бастан-аяқ ақын қиялының ғана жемісі екені байқалады.”

Шәкәрім кейіпкерлер бейнесін өмір шындығымен байланыста суреттейді. Дастандағы сөз тіркестері, бейнелі сөздер, сол кездегі қазақ халқының тұрмысына, ұғымына лайық қолданылған сөздер көп кездеседі.

Кейіпкерлер мінезін ашуда, қазақтың тұрмысын, мал шаруашылығымен айналысқан тіршіліктен аз-маз белгілер, салт-дәстүрлерді аңғартатын сөздер, бейнелі оралымдар эпитет, теңеу, метафоралар жиі ұшырайды.

Ш.Қ. Сәтбаева былай дейді: “Нартайлақ пен Айсұлуда” бірсыпыра жер аттары сол аймақтағы тарихи немесе адам тағдыры ісіне байланысты екеніне де көңіл бөледі. “Айсұлудың ақтасы” “бұл жонды Үшбозша деп атайтыны”, “Тасқызыл”, “Құр менен Қаранайдың құйғанында”, кейбір ру аттарының шығу тарихы, мекені де нақталанады. “Шоқпақтан бұзып айтып деген - Шақшақ”, “болған соң шашы сары бұзып айтып аталған Тіріжетім - Сарыжетім деп келетін сөз тізбектері көркем сөз бен тарихтың кейбір сипаттары астаса жүретін көріністерінің сырын ашуға бағытталған”.

Дастанда жер-су аттары негізгі кейіпкерлер тағдырымен қоса қабат суреттеледі.

Осыған байланысты Мағауин Мұхтар мынандай дерек айтады: “Атақты Әмір-Темір заманында” өтіпті-міс оқиғаның мекені-Бақанас, Байқошқар, Балқыбек, Құр, Балға өзендерінің бойы қазіргі әкімшілік-территориялық бөліс бойынша Семей облысы Шұбартау ауданының “Горный”, “Алғабас” аталатын совхоздарына тиесілі, ішінара Абай ауданының “Бірлік” совхозымен шекетесіп кірігетін жерлер.

Сонымен қатар поэмада Үшқызыл, Қаранай, Тазқызыл, Тектұрмас, Балғашоқы, Сапанай, Үйтас, Томан, Бірбет, Самсы, Ақтас, Шолақ өзек, Нартайлақ т.б. тау, қоныс аттары ұшырасады. Бұлардың бәрі де қазіргі Шұбартау ауданына қарасты, революциядан бұрынғы кезеңде тобықтымен көршілес керей руына тиесілі мекендер. Шәкәрім осы өзен-су, жайлау-қыстау жерлердің барлығының да атауларын Нартайлақ-Айсұлу хикаясымен байланыстырады; өзендерінің бәрі-осы оқиғаға тікелей, немесе жанама қатысы бар кісілердің есіміне қойылған, ал, тау мен сай, жайлау, қыстаулардың дәл солай атаулары-сондай да себептермен.

Дей тұрсада Шәкәрім көркем туындысында негізгі кейіпкерлердің ішкі жан-дүниесін, адами сезімі мен мінездерін, әділет пен адалдықты суреттеуімен құнды.

Зұлымдық пен әділеттің тай-таласы қатыгездік пен адалдық, зорлықшыл, күншілдік пен жан таразылығы айқасы дастанда қым-қиғаш оқиғалар желісінде өрбіп, көрініп отырады.

Дастанда ақ ниетті, адамшылығы мол Томан бейнесі тамаша суреттеледі. Осы зұлымдық, зорлықшыл, күншілдік, қатыгездіктің қоршаған ортаның әділетсіздігі адам бойындағы имандылықты жоя алмағандығын Томан бейнесінен көруге болады.

Томанды зорлық пен зомбылық, қара ниетті іс-әрекеттер де жаншылта алмайды. Айсұлудың аманат қылған баласын Нартайлаққа тапсырады.

Сәтбаева Ш.Қ. былай дейді: Ақын өзі әңгімелеп отырған жастар өміріне іш тартып, жақтап отырады, олардың достары, көмекшілері етіп халық арасынан шыққан қарапайым адамдар. Мысалы, шаруашылыққа бейім, мейірімді күзетші кемпір Томан оларға қиын жағдайда жәрдемдеседі, өгейлік күндестік пен қорлыққа шыдай алмаған Айсұлу асылып өлгенде, оның аманат, өсиет еткен баласын тәрбиелеп, әкесіне-Нартайлаққа тапсырады.

Шәкәрім Томан арқылы адал ниетті, бойында ізгілігі мол жан бейнесін суреттейді. Мұхтар Мағауин: “Томан, поэмадағыдан “күң кемпір” емес, керей руын билеген атақты би, тобықты Кеңгірбайдың жасы кіші замандасы.Өзі тұсында ру арасындағы дау, егеске көп түскен шешендігімен, ұтқырлығымен топтан озған адам: дәулет қумайтынын дәлелдеу үшін ғұмыр бойы қара күркеде тұрған. Өлген соң өз өсиеті бойынша егесті жердің шегіне, тобықты, найман, керей үшеуі бірдей тоқайласатын шекараға қойылыпты, саз кесектен өрілген күмбезі күні бүгінге дейін бар,- Шәкәрім айтқандай: “Балқыбектің басында” қазір Томан аталатын жерде тұр, ешкімде күңнің зираты демейді, бидің зираты дейді , діндар ұрпақтары қасиетті санап, ақтық байласады”,-деген дерек айтады. Әрине, Шәкәрім поэмасы көркем туынды. Ғалым, Ғабдулина А.А. тарихи жырлар туралы мынандай пікір айтады:

“Әрине, тарихи жыр – тарихтың дәлме-дәл көшірмесі емес, ол–халық даналығының көркем шығармасы. Сондықтан онда кейбір тарихи фактылардың өзгеріске ұшырауы, халық фантазиясынан қосылған көріністер болуы – табиғи нәрсе” .

Тарихи жағдайлармен көркем туынды жұптаса келіп ақын қиялы мен танымынан тамаша бір адамдар өмірі мен тағдыры жайлы сюжетті поэма туындаған.
Бақылау сұрақтары:


  1. «Қалқаман-Мамыр» поэмасының тарихи-көркемдік сипаттары

  2. «Еңлік-Кебек» поэмасындағы тарихи және көркем шындық.

Ұсынылатын әдебиеттер:

1. Шәкәрім шығармалары. Алматы, Жазушы, 1988.

2. Шәкәрім. Тұлғалық энциклопедиясы. 2008.

3. Ш.Құдайбердиев. Жолсыз жаза.Алматы, 1988

4. Ш.Құдайбердіұлы. Аманат. Әңгімелер. Алматы,1989

5. Ш.Құдайбердіұлы. Үш анық.Алматы, 1991

6. Әбдіғазиев Б. Асыл арна. Алматы, 1992
Дәріс 12-13. Шәкәрімнің «Қалқаман-Мамыр» дастаны мен «Еңлік-Кебек» поэмасы.
Дәріс мазмұны:


  1. «Қалқаман-Мамыр» дастанының жазылу тарихы

  2. Ақын поэмаларының жанрлық бітімі

  3. Поэмалардағы тіл көркемдігі және этнолингвистикалық ерекшеліктер

Қазақ әдебиеті тарихында, Шәкәрім творчествосында өзіндік лайықты орын алуға жарарлық шығармалардың бірі – “Еңлік – Кебек” поэмасы. Поэма тұңғыш рет 1912 жылы Семейде “Жәрдем” баспасында жарияланады. Поэма негізінде махаббат тақырыбында, екі жастың арасындағы сүйіспеншілік бейнеленеді. Еңлік пен Кебек сөздері тұтастай диалогқа құрылған. Кейіпкерлердің бір-біріне сыр ашу сұхбатынан екеуінің де терең танымы мен ақылдылықтары байқалады.

Осымен қатар, Шәкәрім сол кездегі қазақтың қалпы мен салт- дәстүрін көрсете білген. Бүкіл қазақ аясына сыйдыра білген. Қазақ даласындағы тайпалар мен өзара қарым-қатынастағы наразылығын, ру басшыларының қақтығыстарының қоғамға, әсіресе жастарға зияны туралы Шәкәрім көп толғанғанда сол қоғамдық кеселді, сұмдықты болдырмау жолын іздеген, тарих тағылымы арқылы ондай озбырлықтың қайталанбауын, ел есіне салуды ойлайды. Сөйтіп ол адам тағдыры, адал махаббат жолындағы күрес, билеуші таптың әділетсіз әрекетіне наразылық, бірін-бірі ұнатқан жастардың қайғылы өмірі туралы “ Еңлік-Кебек ” поэмасын жазды. Сонымен оқиғаның негізгі арқауы қыз бен жігіт басындағы махаббат болғанымен ойшыл Шәкәрім дастанда сол кездегі әлеуметтік жағдайға, қоғамдық қайшылықтарға айырықша мән бере қарайды. Кейіпкерлер сомдалған, шынайы, тарихта болған адамдар. Ақын басты кейіпкерлерін суреттегенде сыртқы келбеті мен ішкі жан дүниесіне қатар мінездеме беріп отырады. Еңліктің ұстамдылығын “ Аз күндік арам жүріс аужал емес ” деген батылдығын байқаймыз. Шәкәрім сомдаған тұлға Еңлік сұлу өзінің ешкімнен кем еместігін біледі. Жастардың адал махаббатына озбырлық еткен орта қайшылығы, рушылдық, ескі салт-дәстүр сыналады. Шығыста әйелдің күң ретінде есептелуі тәрізді мәселелерге сын көзбен қарайды. “ Еңлік – Кебек” шынайы махаббаттың иелері, ізгіліктің символы. Моральдық, адамгершілік тұрғыдағы шығарманың көркемдігі де ерекше. Шәкәрімнің “Еңлік-Кебек” поэмасынан қазақ өмір тіршілігіндегі, рулық-патриархалдық жүйенің қамытын киген қазақ ортасындағы жекеге жалпының кері ықпал, әрекетін көреміз. Осыдан барып жеке адамның жетілуіне, олардың бірге өмір сүруіне жалпының қайшылықты көзқарастары туындайды. Неге? Себебі, біріншіден рулық деңгейдегі қоғамда, рулық санамен маталған ой-сана тек қана сол ортаның заңдылығына ғана лайықталған еді. Екіншіден, ру-рудың арасындағы дау-дамайлардың, қақтығыстардың өзі белгілі топ мүддесіне ғана шешілетін еді. Жекенің мүддесі деген ұғым, қауым, көпшілікке жем болып, жаншылып қалатын кезең болатын. Үшіншіден, жер дауы, жесір дауы, барымта сияқты дау-жанжалға апаратын, бір-бірімен бітісе алмай, кектеніп өтетін тұстар да рулық-патриархалдық қоғамға тән. Осылардың барлығы да түптеп келгенде адамның жеке дамуы мен еркіндігіне нұқсан келтіретін еді.

Поэмада жеке адамның, жалпының шешіміне, бөгетіне қарсылық пен олардың амалсыздық шаралары өлімге әкеледі. Өлім көпшілік қауым қолымен жасалады. Бұл да көпшілік қауымның ішкі заңдылықтарына бағына отырып зұлымдыққа баруларында сөкет көрмеуінің көрінісі.

“Қалқаман – Мамыр” поэмасын Шәкәрім “ Қазақ тілінде тарихи хикая ” деп атап, “Мұтылған” деген бүркеніш лақап атпен жарияланған. Поэма түрлі нұсқада ел есіне сақталған. Жас жігіт Қалқаман мен Мамыр бір-біріне ғашық болып қосылады, алайда олардың тағдырына зұлым қара күш араласады. Ескі салт-сананы қуаттаушылар, феодалдық рушылдық қоғам өкілдері жастардың бір рудан шыққандығын “дәстүр бұзып” некеленген деп сылтау етіп қуғындайды.

Поэмада өмір тауқыметіне, озбырлыққа, өктемдікке мойымайтын, еркіндік аңсап өскен Қалқаман образы жастарға үлгі етілген.

Поэмада Мамыр зұлым күштің қолынан қаза тапса, Қалқаман елінің зұлымдық әрекетіне өкпелеп, нағашы жұртына кетеді. Поэманың қысқаша сюжеті осы. Тағылымдық мәні зор, “Еңлік – Кебек” сарындас, тақырыптас келгенмен, көркемдік тұрғыда өзіндік ерекшелікпен өріс тапқан. Тақырыбы тарихи оқиғаға құрылған поэмада қоғам шындығы әшкереленеді. Жастарды азаттыққа, адал махаббатқа үндеумен қатар бұнда қоғамның былықшылығынан, рушылдық дәстүрінен жеру бар.

Поэмада осы арқылы қазақ ортасындағы алауыздықты көрсетіп өтеді. Яғни жер дауы, жесір дауы айықпас дертке айналғандығын көрсетеді. Осыдан кейін қазақ даласында дәл осындай оқиға қайталанбаса, надандықтан қазақ жұрты сейілсе деген позиция аңғарылады.

Сонымен “Қалқаман – Мамыр” поэмасында жеке адамның бақытына бөгет болған қазақ ортасы, дәстүрі айыпталады. Олар ар бостандығын, ой бостандығын түсінуге қабілетсіз. Әнет баба сияқты адамның өзі, надан түсінікке ықпалын өткізе алмайды. Махаббаттары баянсыз болған екі жас ақыры трагедиялық қазаға душар болады. Поэманың идеялық арқауы зұлымдық пен ізгіліктің тайталасы.

Қалқаман, Мамыр бейнелері тазалықты, адалдықты, Жаратушысы жүрегінде, рухани әлемі бай жандар.

“Қалқаман – Мамыр” поэмасында Қалқаман Мамырға :

- Ей, Мамыр, адамды Алла жаратыпты,

Хауа –Ана адамға қаратыпты.

Бірін-еркек, біреуін әйел қылып,

Екеуінен көп жанды таратыпты.

Құдай неге қылмаған адамды тақ,

Балаларын өзінен өстіріп –ақ.

Хауа-Ананы жаратудай мақсұты не?

Сол арасын білеуге ақылын шақ.

Осы жолдардан бастап қарасаңыз Қалқаман кейіпкері арқылы ақынның дүниетанымын байқаймыз. Қалқаман кейіпкердің адам баласының жаратылу негізі жөнінде имани түсінікті өзінің диалогқа құрылған сөзінен аңғарамыз. Яғни, ақынның кейіпкері махаббат отына шарпылған және имандылық жөнінде, құран негізін білетін, түсінік-танымы терең адам. Ал, Мамыр жауабы :

- Ей, Қалқаман, тегі жоқ, құдай жалғыз,

Мұқтаж емес жолдасқа тіпті армансыз,

Адамзатқа көмексіз, махаббатсыз,

Өмір қызық дегенді естен қалғыз.

Жоқ болса махаббатты бір сүйгенің,

Ойлашы керегі не дүниенің.

Сүйсін, жолдас болсын деп жаратты Алла,

Бұл туралы білгенім осы менің.

Міне, Мамыр сөзінде тереңдік бар. Ақынның жаратушы жайлы ойлары мен танымы көрініп тұр. Ақынның поэма жазу үлгісінің бір ерекшелігі осында жатыр. Мамыр мен Қалқаман сөзі, диалогқа құрылған. Ақын құран іліміндегі терең ойларды кейіпкерлері арқылы поэтикалық өрнекпен жеткізеді. Дастандарының тақырыбы, мазмұны, сюжеттік оқиғалары да ақынның қазақ поэзиясындағы орнын және ерекше бір үлгісін көрсетіп тұр.

Поэма жанрында да елеулі еңбек сіңірген ақынның туындыларындағы ортақ тақырып – махаббат. Шәкәрім поэзиясында махаббатты сан қырлы бояулар мен ойлар, таным арқылы суреттейді. Шәкәрімнің дастандарының ерекшеліктеріне баға бере келе Әлихан Бөкейханов былай дейді: “Қалқаман – Мамыр” өлеңі біздей ақын емес надан сынына аса жақсы көрінеді. “Қалқаман – Мамырда” бұрынғы қазақ жұртының салты, қазақ мінезі, қазақтың ісі-қылығы әлгі орыс өлеңдеріне қарағанда, тіпті аз. Шәкәрім жақыннан қайырып, ойдағыдай толымды қылып жазбады. Жұрт көзін ашуға “Қалқаман – Мамыр” сияқты өлең өте керек. Рас, біздің қазаққа осы бойымен де “Қалқаман – Мамыр” айтулы жақсы өлеңнің бірі болар. Бірақ, “Көп көргеннен көп сұралады”, - деген. Мұны Шәкәрімнен көп сұрап жаздым”,- дейді ( Қалқаман-Мамыр. (Шәкәрім) ) сын мақаласында “Қыр баласы” деген атпен берілген.

Дастан финалында екі жасты аяусыз жазалаған ел де шапқыншылық құрбаны болады. Кешегі өздеріне билік айтқан Әнет бабаның да елі жұртта қалғандығын ғана емес, даналық пен ақылға да қазақ ортасында орын жоқ дегенді аңғартады.

Шәкәрім осы сюжет арқылы әр адам өзі үшін күрескер болса, қоғам гүлденер еді деген ойды танытады.


Бақылау сұрақтары:

  1. «Қалқаман-Мамыр» дастанының жазылу тарихы

  2. Ақын поэмаларының жанрлық бітімі

  3. Поэмалардағы тіл көркемдігі және этнолингвистикалық ерекшеліктер

Ұсынылатын әдебиеттер:

1. Шәкәрім шығармалары. Алматы, Жазушы, 1988.

2. Шәкәрім. Тұлғалық энциклопедиясы. 2008.

3. Ш.Құдайбердиев. Жолсыз жаза.Алматы, 1988

4. Ш.Құдайбердіұлы. Аманат. Әңгімелер. Алматы,1989

5. Ш.Құдайбердіұлы. Үш анық.Алматы, 1991

6. Әбдіғазиев Б. Асыл арна. Алматы, 1992
Дәріс 14. Шәкәрім мақалалары.
Дәріс мазмұны:

1. “Айқап”, “Қазақ” газет-журналдарында жарияланған мақалалары.

2. “Білімділерден бес түрлі сөздің шешуін сұраймын”, “Би һәм билік туралы”, “Қазақша ай аты жоқ”, “Ашық хат”, “Семей обылысына қараған барша қазақ ағайындарына ашық хат”, “Сын һәм сынауды сынау”, «Сөз таласы» мақалаларының өткірлігімен, сонылығымен ерекшеленуі.
Кезінде Шәкәрім қазақ баспасөз беттерінде оның ішінде “Айқап”, “Қазақ” газет-журналдарында көптеген мақалалары жарияланып тұрған. “Білімділерден бес түрлі сөздің шешуін сұраймын”. (“Айқап” 1912 ж. №5, 96-бет) “Қазақ” газеті, 16 – июнь, №18. “Қазақ” газеті, 1914 жыл 4-сәуір, №54. Мақалалары жарияланған.

“Би һәм билік туралы” (Қазақ газеті, 1914 жыл, 8-маусым №65)

“Қазақша ай аты жоқ” (Сарыарқа газеті, 1918 жыл, 22 наурыз №25)

“Ашық хат” (Сарыарқа газеті, 1918 жыл, 15 сәуір, №38)

“Семей обылысына қараған барша қазақ ағайындарына ашық хат” (“Сарыарқа” газеті, 1918 жыл, 21 сәуір, №39)

“Сын һәм сынауды сынау” (“Қазақ тілі” газетінің, 1924 жылғы,

4 марттағы, №26 Мұтылған деген атпен басылған Шәкәрімнің мақаласы).

Сөз таласы.(“Айқап” журналы, 1915 жыл, №6)

Шәкәрім әдеби, поэзиялық шығармашылығымен қоса, мақалалар жазып, сол арқылы ел ішіндегі жағдай, қазақ қоғамының алға жылжуына өз тарапынан көптеген ой-пікірлерімен септігін тигізуге әсер еткен адам. Оның шағын мақалаларына зер салсақ, қысқа, шағындығымен қоса, қойып отырған мәселесінің өткірлігімен, сонылығымен ерекшеленеді.

Ел ішіндегі жағдайлар мен қазақтың әлеуметтік мәселесіне, білім мен мәдениетін арттыру сияқты келелі істер жөнінде маңызды мәселелер төңірегінде әлсін-әлсін мақалалар жазып тұрған.

Ел өркендеуін, халықтың игілікті өмір сүруін, қоғамның алға жылжуы жөнінде шағын мақалаларымен-ақ талай-талай мақсатты да, болашақты көздейтін ойларын айтқан.

Би мен билік жөнінде билеуші мен биліктің ара қатынасын ашып, қазаққа тиімді жолдарын көрсетеді. Қазақ халқының мақсат-мүдделеріне сай келетін биліктің маңыздылығына мән береді. Халықтың көкейкесті мәселелерін шешуге қабілетті, биліктің тиімді жағына назар аударады.

“Би һәм билік туралы” мақаласында (“Қазақ” газеті, 1914 жыл, 8- июнь, №65) былай дейді:

Қазақтың дауын орыс судьясы бітіргенімен қолайсыздығын біз айтпасақта тамам қазақ біледі. Мысалы, қазақ көтере алмастай шығын, оның үстіне әдет-рәсімге теріс болып көп қиыншылық залал болмақ.

Билік туралы қазақтың ескі жолы жоқ емес, қазылған қара жолдай жолы бар. Бірақ ол жолы ұмытылған. Себебі көбінесе орыс законына қарағандықтан болған. Мысалы сөйлеу туралы закон, пара жақындықпен би болуға ыңғайлы болып, кім болса, сол би болып аузына не келсе, соны айтқан және бір - себебі жазылмай қалғандықтан. Қазақ халқын ойдағыдай басқару үшін әділетті, заңға бағынған биліктің жүйесін ұсынады.

Сонымен Шәкәрім билік жөнінде ойын ары қарай өрбітеді:

“Ол ескі жолдың көбі осы күнгі өмірге қолайлы. Бұрынғы ережелерде көбінесе сол жолға сүйеніп айтылған. Соларды тексеріп, қолайлысын алып,осы күнгі өмірге келісімсіздігін түзетіп, бір жоба жол қылып жазса, қазаққа сонан қолайлы жол болмас еді. Оны жазу-қазақтың ескі құлақты кемеңгерлері мен оқымысты жастарының ақылдасуымен табылады. Өзге жұрт қазақ тілін қанша білемін десе де анық жете білмейді.”

Иә, Шәкәрімнің билік туралы дербес ойлары болған, ақын билік мәселесінде қазақ қоғамында орын алып отырған кемшіліктер табиғатын түсінген.

Билік ісі өте маңызды. Билік дұрыс болса, ел дамуы дұрыс болмақ. Ал, Шәкәрім өмір сүрген кезеңдегі биліктің кемшілігі, сыртқы күштердің басымдылығына байланысты.

“Қазақтың жайын, қазақтан артық ешкім білмейді” - дейді ақын. Бірақ та қазақ қоғамын отаршыл орыс заңына сүйеніп басқару-жаманшылық, зорлықтың, әділетсіздіктің көздері деп есептейді ойшыл ақын. Тығырықтан шығар жол - қазақтың төл мемлекеттілігі кезінде қалыптасқан заңдарды өзгереген өмір талаптарына сәйкестендіре отыра пайдалану. Қазақтың қоғамдық қатынастарды реттеу жүйесі тіптен, оның ұлттық санасы элементтеріне айналып кеткен. Мысалы, Шәкәрім қазақтың мақал-мәтелдерінен ондаған мысалдар келтіреді: “мысалы: 1)Би екеу болса, дау төртеу болады. 2) Дау құтырса, биін табар ит құтырса иесін қабар. 3) Куәлі істі куә табар, куәсізді гүман табар. 4) Айғақтың тазасы гүманмен мойынға салар. 5) Бір дауда екі гүман жоқ, бір істе екі жаза жоқ. 6) Барымта қайтыс болмай, дау айтыс болмас.”

Осымен қатар қоғам үнемі қозғалыста, қоғаммен бірге билікте өзгеріске ұшырап, дамып отыруға тиісті. Басқаша болған жағдайда, билік қоғамдық қатынастарды реттеуге қабілетсіз.

Демек, билік жаңа дәуір талаптарына сәйкес болуға тиісті. Мұсылман елінде шариғаттың заңдарын билікті жетілдіру үшін пайдалануға болады деген ой айтады.

Ақын өзі былай білдіреді.

“Қазақтың ескі жолының бір талайы шариғатқа да жанасады. Шариғат ешқашан тастай қатып қалмайды. Әр заманның ыңғайына қарай іс қылуға лайықтайды. Оны тастай қатыратын шала молдалар. Шариғаттың тастай қатқан жері әр заманға бірдей істерде тастай қатпайтұғынының мысалын көрсетуге болады” - деп ары қарай бірнеше мысалдар келтіреді. Биліктің әділетті болмағының заңға сүйенуі маңызды. Қоғамды, елді басқарудың әділетті жүйесі мен адалдығы жақсаруы мен өркендеуінің өлшемі болмақ. Қазақ халқын басқарудағы билік жүйесінің қандай сапада болуы жайында түйінді де, маңызды ойларын ақын былай жеткізеді: “Менің ойымша билерді азайту керек. Оларды қауым шармен сайлау керек.”

Иә, билік басқару мен бағынуға негізделген. Басқаратын билердің әділеттілігі, елін сүюі, адалдығы отаншылдығы, жаңашыл болуы, халық игілігіне қызмет жасауы, ұлт өркенін өрбітетін басты дүние екені сөзсіз. Ақынның осы шағын ғана мақаласында түйіндеп айтқаны көксегені ел мүддесі, ел болашағы үшін қажетті де маңызды ойлар.

Талай-талай ойларын өлеңмен өрнектеген ақынның билік пен билеушілер жайында да өлеңмен нақыштаған танымы баршылық. Ал енді осы шағын мақаланың өзінде-ақ, негізгі тақырыпты ашып, қазақтың тамаша мақал-мәтелдерін орын-орнымен, жиып-теріп пайдаланған. Жүйелі оймен мақаланың негізгі тақырыбын ашу үшін қазақтың небір оралымды сөйлемдерін мағыналы да, мазмұнды сөз тіркестерін тамаша қолдана білген. Сөз зергері, шағын мақаласына тап-тұйнақтай қылып, оқырмандарына жете түсіндіріп, сөздерді құбылтып, ауыспалы мағынасында да қолданған.

“Билік туралы қазақтың ескі жолы жоқ емес, қазылған қара жолдай жолы бар.”

Осындағы “ескі жол”, “қазылған қара жолдай жолы бар”деген қолданыстары мақала авторының тақырыпты ашуда өте орынды пайдаланып, қай кезеңде болсын маңызын жоймайтын тың ойларын, қазақтың сөздік қорының байлығын айқындайтын, түсінік танымына жақын қолданыспен беріп отырғаны көзге ұрып тұр.

Ақын мақалаларында қойған тақырыбының өткірлігімен, жаңашылдығы сол кезең баспасөздерінде тың мәселе болатын. Заманның жаңаруы, қоғам өзгерісі, қоғамдағы сан түрлі мәселелер ақын көтерген өзекті де, соны тақырыптар болатын.

Қазақтың баспаларында жарық көрген мақалаларының тақырыптары әр түрлі. Бірде ел ішіндегі жағдайларға байланысты болса, бірде әдеби сын жөнінде де өз ойларын пікірлерін білдіре келген мақалалары да баршылық.

“Сын әм сынауды сынау” деген мақала, “Қазақ тілі”газетінің 1924 жылғы 4 марттағы 26-номерінде Мұтылған деген атпен басылған: “Бірақ, сын немене, ол қалай болуы керек. Сыншы, сыналушы, жақтаушылар не қылу керек. Істің қатты керектісі де, қиыны да-осы” Сын мәселесі, сын мәдениеті, сынның сауаттылығы жөніндегі бұл мақала, осы күні де мағынасын жоймақ емес.

“Менің ойымша сын: кекеу-мысқыл, күндеу-өзімшілдік, айла-қиянаттан аулақ болса екен деймін. Мұндай іс кіріскен сыннан сын иесі түгіл халыққа көп зияны шығады. Себебі келіп мазақталушының неше мыңнан бір болмаса кек қумай, ыза болмай қалмайды. Сондықтан сыншылар аталған жаман мінезден аулақ отырып, таза жүрекпен сынау жөн. Менің ойымша кемшілігі мынау, оған дәләлім мынау!” деген жөн.

Сынаушылар да өз ісіне сын салынғанды көргенде: ыза, өзімшіл, мақтанды әбден жағалатып, салқын қан, таза ақ көңілмен сын айнасына бұзылмай қарау керек. Егерде сын дұрыс болса, бас иіп мойындау керек.

Міне, адамның ең толығы осындайлар. Олар ондай жерде кек, өзімшілдік деген антұрғанға құл болмақ түгілі, мінін тапқандарға мың рахмет айтады- деген пікірін білдіреді ақын.

Қарап отырсаңыз мақалада қозғаған тақырыбы өзі қай заманда болмасын ең өзекті ең бір шешуін табатын мәселенің бірі.

Ары қарай ақын өзінің поэмалық шығармашылығындағы көтерген адамның ішкі сапасының ақылдың, әділеттің, ішкі дүние тазалығының сонымен қоса кеселді, кері кетіретін мақтаншақтық, өзімшілдік, айланың да сыншының дұрыстығына бөгет болатын әрекеттерді де ашып отырады.

Ақын сынның табиғатын аша отырып, тәрбиелік негізді, сынның болмысын, мәдениетін қазақ жұртына үлгі етіп көрсетеді.

Сондықтан ақын былай дейді: “Сынаушы кім болу керек”, - деген сөзге айтатыным: айтуға әркім ерікті болғаны сияқты, сынауға да әркім ерікті. Бірақ, нағыз таза сыншы, жоғарыда айтылғандай жаман мінез, теріс қылықтар науқасынан таза, “Сау ақыл!” Ондай ақылдың сынын бүгінгілер алмаса да, кейінгі әбден ақыл көзі ашылғандар алатынына дау жоқ.

Сөз қорытындысы: сыншы да, сыналушы да, жақтаушы да тапса, таппаса да таза жүрекпен істеу жөн. Егер олай болмай, біздің қазақтың сыншы, сыналушы жақтаушылары бүйтіп, кекеу-мысқыл, мақтау-өзімшіл, айла-күншілдікпен жүре берсе, қазақ сорлыға: “топырағың жеңіл болып, алдыңнан жарылқасын!” - деп күдер үзіп отырамыздағы!…

Иә, ақынның кей тұстары баса айтып, негізгі іске бағдар беріп отырғанын байқауға болады.

Шәкәрім тағылымы ұрпақтар санасынан орын алып, тәрбиелік жүйеге енер тұстары көп. Себебі, оның көтерген кез-келген мәселесі, бүгінгі күннің де өзек жарды, ең бір келелі де түйінді дүниелері.
Бақылау сұрақтары:


  1. Айқап”, “Қазақ” газет-журналдарында жарияланған мақалалары.

  2. “Білімділерден бес түрлі сөздің шешуін сұраймын”, “Би һәм билік туралы”, «Сөз таласы» мақалаларының өткірлігімен, сонылығымен ерекшеленуі.

Ұсынылатын әдебиеттер:

1. Шәкәрім шығармалары. Алматы, Жазушы, 1988.

2. Шәкәрім. Тұлғалық энциклопедиясы. 2008.

3. Ш.Құдайбердиев. Жолсыз жаза.Алматы, 1988

4. Ш.Құдайбердіұлы. Аманат. Әңгімелер. Алматы,1989

5. Ш.Құдайбердіұлы. Үш анық.Алматы, 1991

6. Әбдіғазиев Б. Асыл арна. Алматы, 1992
Дәріс 15. Шәкәрімнің прозалық шығармалары
Дәріс мазмұны:


    1. “Мұсылмандық шарты” трактаты

    2. “Бәйшешек бақшасы”, “Шын бақтың айнасы” әңгімелер топтамасының тәрбиелік-тағылымдылық мәні.

    3. “Әділ-Мария” романы

    4. “Мәнді сөздер” афористік топтамасының қазақ проза тарихының дамуындағы рөлі.

Шәкәрімнің творчествосы сан қырлы, алуан жанрлы. Ол тек поэзияда ғана өз талантын айшықтап қойған жоқ, прозада да қомақты үлес қосқан жазушы. Қазақ әдебиетінде бұрын поэзия, эпос, дастан, поэма, өлең басым болса, ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасыр басында шын мәнінде көркем проза пайда болып, жедел дами бастады. Шәкәрімнің прозалық туындылары - тарихи, ғылыми, философиялық шығармалары, шежірелері - “Қазақ-қырғыз һәм хандар шежіресі”/Арабшадан аударған Ахат Шәкәрімұлы (Семей таңы. -1990. -17, 24-қараша. -1,8,15-желтоқса), “Қазақтың түп атасы кім? - шежіре тарихты жыр қылған ұзақ сүрелі өлеңдер” (Абай. -1992. -№ 1. -30-36 б.), Қазыбек би сөзі: Шәкәрім ақсақал айтуынша (Таң. -1925. -№ 3. –101 б.) деген толғамдары қосылды. Шәкәрімнің прозалық шығармалары да оның ағартушылық, демократиялық, гуманистік көзқарастарын уағыздау бағытында жазылған

“ Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі ” 1911 жылда Орынборда 1000 данамен басылған. Қазақ баспасөз беттерінде 1990 жылы “Парасат” журналының 7-санында, 1991 жылы “Жұлдыз” журналының 1-санынды жарияланған. Бұл өзінің құндылығымен мәнді, маңызын жоймайтын шығарма . Шәкәрімнің бұдан да басқа “Мұсылмандық шарты” трактаттары (Ана тілі. -1991. -22-29 тамыз) газет-журналдарында жарияланып тұрған. “Бәйшешек бақшасы ”, “Шын бақтың айнасы” әңгімелер топтамасының тәрбиелік – тағылымдылық мәні зор. Жас ұрпақтың тәрбиесіне баса назар аударғанын байқаймыз. “Бәйшешек” – символды түрде алынған жас буын, балаларша дегенді меңзеген.

“Әділ-Мария” романы, “Мәнді сөздер” афористік топтамасы қазақ проза тарихының дамуында өзіндік рөл атқарды. “Мәнді сөздер” философиялық тұрғыда құрылған, Шәкәрім қара сөздері деп те аталады.

“Әділ-Мария” – автор бұл шығармасын “Қайғылы роман” деп атаған. Роман ескі қазақ ауылының 1910 жылдардағы өмір тұсын бейнелейді. Роман 1925 жылы жазылған.

Шәкәрім прозасын тарихи-философиялық трактат, мақала, әңгіме, эссе, роман сияқты көптеген мән-мағына ұдайы сезіліп тұрады.

Шәкәрімнің қазақ баспасөз беттерінде оның ішінде “Абай”, “Жалын”, “Қазақ” газет-журналдарында көптеген прозалық шығармалары жарияланған. Сонымен қатар алғаш рет қолжазба бойынша прозалық шығармалары жинақталып кітап шығарылған. Прозалық шығармалары: Әділ - Мария: Қайғылы роман / 1925 жылы жарық көрді. “Шын бақтың айнасы”, деген мақала 1918 жылы “Абай” журналының 4-санында басылап шықты. Бәйшешек бақшасы: Прозалық миниатюралар 1988 жылы “Жалын” журналының 4-санында жарияланған.
Бақылау сұрақтары:

1. “Мұсылмандық шарты” трактаты

2. “Бәйшешек бақшасы”, “Шын бақтың айнасы” әңгімелер топтамасының тәрбиелік-тағылымдылық мәні.

3. “Әділ-Мария” романы

Ұсынылатын әдебиеттер:

1. Шәкәрім шығармалары. Алматы, Жазушы, 1988.

2. Шәкәрім. Тұлғалық энциклопедиясы. 2008.

3. Ш.Құдайбердиев. Жолсыз жаза.Алматы, 1988

4. Ш.Құдайбердіұлы. Аманат. Әңгімелер. Алматы,1989

5. Ш.Құдайбердіұлы. Үш анық.Алматы, 1991

6. Әбдіғазиев Б. Асыл арна. Алматы, 1992



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет