Источник: ИС ПАРАГРАФ, 02.09.2011 08:59:39
Автомобиль көлігімен жүктерді тасымалдау қағидасын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 18 шілдедегі № 826 Қаулысы
«Автомобиль көлігі туралы» Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 4 шілдедегі Заңының 12-бабының 9) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Автомобиль көлігімен жүктерді тасымалдау қағидасы бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
|
К. Мәсімов
|
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2011 жылғы 18 шілдедегі
№ 826 қаулысымен
бекітілген
Автомобиль көлігімен жүктерді тасымалдау
қағидасы
1. Жалпы ережелер
1. Осы «Автомобиль көлігі туралы» Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 4 шілдедегі Заңының 12-бабының 9) тармақшасына сәйкес әзірленген Автомобиль көлігімен жүктерді тасымалдау қағидасы (бұдан әрі – Қағида) автомобиль көлігімен жүктерді тасымалдау тәртібін реттейді, ол мыналарды:
1) жүкті жеткізу мерзімін;
2) жүкті автомобильмен тасымалдауды ұйымдастыру және жүзеге асыру тәртібін;
3) тауар-көлік жүкқұжатының нысанын және оны қолдану тәртібін;
4) жүк тиеу және түсіру пункттеріне қойылатын талаптарды;
5) жүктерді автомобильмен тасымалдауға қабылдау, сондай-ақ жүкті межелі пунктінде өңдеу, сақтау және беру тәртібін;
6) тез бүлінетін жүкті өткізу тәртібін;
7) құндылығы жарияланған жүктерді тасымалдау тәртібін;
8) жүкті таңбалау тәртібін;
9) жүкті пломбалау тәртібін;
10) актілер жасау тәртібін;
11) жүкті тасымалдау шарттарын өзгерту және бұзу тәртібін;
12) жүкті ұстап қалу тәртібін;
13) жүктің жекелеген түрлерін тасымалдау тәртібін;
14) халықаралық қатынаста тез бұзылатын жүктерді тасымалдайтын автокөлік құралдарын куәландыру тәртібін;
15) тез бұзылатын жүктерді тасымалдайтын автокөлік құралдарына қойылатын талаптарды қамтиды.
2. Қағидада пайдаланылатын негізгі ұғымдар:
1) автопоезд – жүк автомобилі мен тіркемеден (тіркемелі автопоезд), ершікті тартқыш пен жартылай тіркемеден (ершікті автопоезд) тұратын құрамалы автокөлік құралы;
2) автомобильмен тасымалдаушы (бұдан әрі – тасымалдаушы) – меншік құқығымен немесе өзге де заңды негіздерде автомобиль көлігі құралдарына иелік етуші, жолаушыларды, багажды, жүктерді немесе поштаны тасымалдауда ақыға немесе жалға қызметтер көрсететін және соған белгіленген нысанда берілген лицензиясы немесе тиісті рұқсаты бар заңды немесе жеке тұлға;
3) автомобиль тіркемесі (бұдан әрі – тіркеме) – қозғалтқышпен жабдықталмаған және жүк автомобилінің немесе ершікті тартқыштың құрамында қозғалу үшін арналған автокөлік құралы. Термин жартылай тіркемелер мен ұзартылма тіркемелерге қолданылады;
4) ершікті тартқыш – жеке қозғалтқышпен жабдықталған және тек қана немесе көбіне тіркеме мен жартылай тіркемені тіркеп сүйреуге арналған автокөлік құралы;
5) жүк автомобилі – автомобиль жолдарымен жүктерді тасымалдауға арналған механикалық жетекті автокөлік құралы;
6) жүк алушы – жүкті автомобильмен тасымалдау шарты негізінде немесе өзге де заңды негіздерде жүк алуға уәкілетті жеке немесе заңды тұлға;
7) жүк автокөлік құралы (бұдан әрі – автокөлік құралы) – жүк автомобильдерін, автомобиль тіркемелерін, ершікті тартқыштарға жартылай тіркемелерді, сондай-ақ мамандандырылған автомобильдерді (жүктердің белгілі бір түрлерін тасымалдауға арналған) қамтитын жүк автомобиль көлігінің жылжымалы құрамының бірлігі;
8) жүк автомобиль тасымалдары – автомобиль жолдарымен жүк автокөлік құралдарымен жүзеге асырылатын жүк тасымалдары;
9) жүк жөнелтуші – оның атынан жүк жөнелту ресімделетін жеке немесе заңды тұлға;
10) тез бүлінетін жүк – шектеулі жарамдылық мерзімі бар және тасымалдау мен сақтаудың ерекше жағдайларын қажет ететін жүк.
2. Жүктерді жеткізу мерзімі
3. Егер автомобиль көлігімен жүктерді тасымалдау шартында өзгеше көзделмесе, тасымалдаушылар жүктерді баратын жеріне мынадай мерзімде жеткізеді:
1) 250 километрге дейін (бұдан әрі – км) қоса алғанда – бір тәулік;
2) 250 км-ден астам әрбір толық немесе толық емес 250 км-ге жарты тәулік қосылады.
4. Егер шартта өзгеше көзделмесе, жүктерді жеткізу мерзімдері жүктерді тасымалдауға қабылдаған тәуліктің 24-00 сағатынан бастап есептеледі.
Жеткізу мерзімдері қосымша ұлғаяды:
1) жүктерді су айдыны арқылы кемелермен және паромдармен өткелмен тасымалдау кезінде – бір тәулікке;
2) жүктерді тау жолдарымен тасымалдау кезінде – 30 пайызға (%);
3) жол үстінде ветеринарлық немесе өзге де бақылауды жүзеге асыру үшін кідірген кезде - кідірістің барлық уақытысында.
5. Осы Қағиданың 4-тармағында көрсетілген мерзімдер тез бүлінетін жүктерді тасымалдауға қолданылмайды, олардың тасымалдау мерзімдері осы Қағиданың 78-тармағында белгіленген.
3. Жүктерді автомобильмен тасымалдауды ұйымдастыру және жүзеге асыру тәртібi
6. Автомобиль көлігімен жүктерді тасымалдауды ұйымдастыру тәртібі, олардың тасымалдау қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жалпы талаптар, сондай-ақ автомобиль көлігімен жүктерді тасымалдаудың қатысушыларының арасында өзара қарым-қатынастар осы Қағидада және шарттарда регламенттеледі.
7. Қағида Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында қолданылады және меншік нысандарына қарамастан, барлық жеке және заңды тұлғаларға қолданылады.
8. Осы Қағида мыналарға қолданылмайды:
1) форс-мажорлық жағдайда және төтенше жағдайлар салдарын жою кезінде қорғаныс қабілетін, құқық тәртібін қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылатын автомобильмен жүк тасымалдаулары;
2) ішкі шаруашылық көлігіне жататын (зауыт ішінде, карьер ішінде) өздігінен жүретін және доңғалақты көлік құралдарымен жүзеге асырылатын және елдің көше-жол торабына шаруашылық субъектінің (кәсіпорындар, ұйымдар) аумағы шегінен шықпай жұмыс істейтін жеке мұқтажы үшін технологиялық ішкі шаруашылық жүк тасымалдаулары.
9. Жүктерді автомобильмен тасымалдау 1999 жылғы 1 шілдедегі Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің, Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы көлік туралы» 1994 жылғы 21 қыркүйектегі, «Автомобиль көлігі туралы» 2003 жылғы 4 шілдедегі заңдарының, осы Қағиданың және шарттардың талаптарын сақтай отырып жүзеге асырылады.
Жүктерді халықаралық тасымалдау халықаралық шарттардың, «Қазақстан Республикасындағы кеден ісі туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 30 шілдедегі Кодексінің және осы Қағиданың талаптарын сақтай отырып жүзеге асырылады.
10. Тез бүлінетін жүктерді халықаралық автомобильмен тасымалдау кезінде тасымалдаушылар Халықаралық тез бүлінетін тамақ өнімдерін тасымалдау туралы және осы тасымалдауларға (ТБТҚ) (бұдан әрі – ТБТҚ) арналған арнайы көліктік құралдары туралы келісімнің ережелерін сақтайды (1970 жылғы 1 қыркүйекте Женевада жасалды).
4. Тауар-көліктік жүкқұжаттамасының нысаны және оны қолдану тәртібі
11. Жүктерді тасымалдау тауар-көлік жүкқұжатымен ресімделеді, ал үйіп (бос) тасымалданатын жүктердің кейбір түрлерін тасымалдаған жағдайларда, өлшеу актісімен немесе таразыға тарту актісімен ресімделуі мүмкін.
Автокөлік құралдарын уақыттық тариф бойынша төлеу арқылы пайдалану (автокөлік құралының жұмысына ақы төлеу бір жұмыс күні (ауысым) ішіндегі сағаттық есеппен жүргізіледі) автокөлік құралының жүрісін және жүк жөнелтушінің (жүк алушының) қарамағында болған уақытын көрсете отырып, жүргізушінің түскі үзіліс уақытын шегеріп жолдама парақта № 4-п нысаны бойынша осы Қағиданың 1-қосымшасына сәйкес жазумен ресімделеді.
Автокөлік құралдарын, олардың жұмысын кесімді тариф бойынша төлеу арқылы пайдалану (автокөлік құралының жұмысына ақы төлеу тасымалданған тонналар үшін жасалады) жүк жөнелтушінің (жүк алушының) жолдама параққа № 4-с нысан бойынша осы Қағиданың 2-қосымшасына сәйкес жазуымен ресімделеді.
Кесімді және уақыттық тарифтер бойынша жолдама парақтарды ресімдеу тәртібі осы Қағиданың 20-22-тармақтарында келтірілген.
12. Жүк жөнелтуші тасымалдаушыға тасымалдауға берілген жүкке төрт данада жасалған тауар-көлік жүкқұжатын ұсынады, ол негізгі тасымал құжаты болып табылады және ол бойынша жүк жөнелтуші осы жүкті есептен шығарады және жүк алушы оны кіріске алады.
13. Тауар-көлік жүкқұжатын толтыру осы Қағиданың 14-18-тармақтарында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
14. Автомобиль көлігімен жүктерді тасымалдауға арналған тауар-көлік жүкқұжатын жүк жөнелтуші әрбір жүк алушының атына, мынадай деректемелерді: жүк алушының атауын, жүктің атауын, тасымалданатын жүктің санын, салмағын, салмақты анықтау тәсілін (таразыға тарту, трафарет, стандарт, өлшеу бойынша), орама түрін, тиеу және түсіру тәсілін, автокөлік құралының тиелуге берілген уақыты мен тиеліп біткен уақытын, тұрып қалған уақытын толтыру арқылы жасайды.
Тауар-көлік жүкқұжатында көрсетілген мәліметтердің дұрыс еместігі, дәл еместігі немесе толық еместігі салдарынан туындаған зиянды жүк жөнелтуші өтейді.
15. Жүк жөнелтушіден жүктерді тасымалдауға қабылдау тауар-көлік жүкқұжатының барлық даналарында тасымалдаушының қолымен куәландырылады.
Бірінші дана жүк жөнелтушіде қалады және тасымалдауға берілген жүктерді есептен шығаруға арналады. Екінші, үшінші және төртінші даналарды жүк жөнелтуші тасымалдаушыға тапсырады.
Екінші дананы тасымалдаушы жүк алушыға тапсырады және алынған жүктерді кіріске алу үшін пайдаланылады.
Үшінші және төртінші даналар тасымалдаушыда қалады. Үшінші дана тасымалдау есебіне тігіледі және жүк жөнелтушімен (жүк алушымен) есеп айырысуға негіз болады, ал төртінші жолдама параққа тіркеледі және көліктік жұмысты есептеу үшін негіз болады.
Жүк жөнелтуші қажет кезде тауар-көлік жүкқұжаттарының қосымша даналарын жазып береді, олардың саны жүк жөнелтуші мен тасымалдаушының арасындағы келісіммен белгіленеді.
16. Тауар-көлік жүкқұжатының барлық даналарына жүк жөнелтуші автокөлік құралдың келу, кету және тұру уақытын қояды, сондай-ақ тиеу тәсілін, жүктің салмағын, жүк орындарының санын, тасымалдаушы орындайтын қызметтердің түрлерін көрсетеді және тауар-көлік жүкқұжаттарын қолмен, мөрмен немесе мөртабанмен растайды.
Жүк жөнелтуші жүктің сапасын және жабдықтаушы мен сатып алушының өзара қарым-қатынастарын анықтайтын құжаттарды (сертификаттар, куәландырулар, куәліктер, рұқсаттар және тағы басқа) берген кезде, тасымалдаушы бұл құжаттарды қабылдайды және оларды жүкпен бірге жүк алушыға береді.
17. Жүкті тапсыру кезінде жүргізуші тауар-көлік жүкқұжатының үш данасын жүк алушыға береді, ол әрбір тауар-көлік жүкқұжатының данасында жүкті қабылдағанын өзінің қолымен және мөрмен (мөртабанмен) куәландырады және тауар-көлік жүкқұжаттарының барлық даналарында автокөлік құралының келген және кеткен уақытын көрсетеді.
18. Автокөлік құралдың тиелуге (түсірілуге) келген және кеткен уақыты осы Қағиданың 39-41-тармақтарына сәйкес көрсетіледі.
Жүк жөнелтуші немесе жүк алушы автомобильдің тиелуге (түсірілуге) келген және тиеу-түсіру жұмыстарының аяқталған уақытын қате көрсеткен жағдайларда, жүргізуші өзінде бар барлық тауар-көлік жүкқұжаттарына жүк жөнелтушінің (жүк алушының) өкілінің көзінше уақыттың қате қойылғаны туралы жазуы және нақты келу және кету уақытын көрсетуі тиіс.
Жүк жөнелтуші (жүк алушы) жүргізушінің жазуымен келіспеген жағдайда, жүргізушінің қатысуымен, ал соңғысы акті жасаудан бас тартқан кезде, мүдделі емес тараптың екі өкілінің қатысуымен акті жасайды.
Жүк жөнелтушінің немесе жүк алушының аумағында тасымалдаушының диспетчерлік пункті болған кезде, келу уақытының қате белгіленуі туралы акті жасау үшін көрсетілген пункттің диспетчері шақырылады.
19. Тасымалданатын жүктердің өлшеу актісін немесе таразыға тарту актісін жүк жөнелтуші үш данада жасайды, олардың:
1) бірінші данасы жүк жөнелтушіде қалады және тасымалдаудың орындалатын көлемдерін есептеу үшін негіз болады;
2) екінші және үшінші даналары тасымалдаушыға тапсырылады. Екінші дана тасымалдаушының жүк жөнелтушімен өзара есеп айырысуын салыстыру үшін негіз болады және есепке қоса беріледі, ал үшінші жолдама параққа қоса беріледі де, көліктік жұмыс есебі үшін негіз болады.
20. Автокөлік құралының жолдама парақтары алғашқы есептің негізгі құжаттары болып табылады, олар тауар-көлік жүкқұжатымен немесе өлшеу (таразыға тарту) актісімен бірге автокөлік құралының жұмысын есептеуге, жүктерді тасымалдау үшін есеп айырысуды жүзеге асыруға арналған, сондай-ақ жүргізушіге жалақы есептеуге арналған көрсеткіштерді белгілейді.
Жолдама парақтың жыртылмалы талонын жүк жөнелтуші толтырады және тасымалдаушы жүк жөнелтушіге төлемдік талап есебін беру үшін негіз болып табылады. Жыртылмалы талон есепке қоса беріледі, ал жолдама парақ тасымалдаушыда қалады, онда жүк жөнелтушідегі (жүк алушыдағы) автокөлік құралдың жұмыс уақыты туралы бірдей жазулар қайталанады.
Жүктерді тасымалдаудың уақыттық төлемі кезінде жолдама параққа тауар-көлік құжаттарының нөмірлері жазылады, олардың бір данасы жүктің тасымалданған тонналарының мөлшерін және басқа көрсеткіштерді есептеу үшін жолдама параққа қоса беріледі.
21. Жолдама парақты толтыруды тасымалдаушы жүзеге асырады. Бұл ретте жеке деректерді сондай-ақ жүк жөнелтуші (жүк алушы) толтырады.
22. № 4-к және № 4-у нысандағы жолдама парақтар тасымалдаушының бір жұмыс күнге (ауысымға, рейске) берілген күні, мөртабаны немесе мөрі көрсетіліп, алдыңғы жұмыс күнінің жолдама парағын тапсыру шартымен бір жұмыс күніне (ауысымға, рейске) ғана берілгені осы Қағиданың 1 және 2-қосымшасына сәйкес ресімделеді.
5. Жүктерді тиеу және түсіру пункттеріне қойылатын талаптар
23. Егер шартта өзгеше көрсетілмесе, жүктерді автокөлік құралына тиеуді, жүктерді бекітуді, жабуды және байлауды – жүк жөнелтуші, ал жүктерді түсіруді, бекіткіштер мен жапқыштарды алуды – жүк алушы жүргізеді.
24. Жүк жөнелтуші мен жүк алушы тиісінше автокөлік құралының ернеулерін және цистерналардың люктерін ашу мен жабуды, цистерналардың люктеріне шлангаларды салу мен алуды, шлангаларды бұрау мен ағытуды жүргізеді.
Жүк жөнелтушінің (жүк алушының) бақылау-өткізу пункттерінде брезентті алып жүкті тексеру және тексеруден кейін жүктерді жабу, цистерналардың люктерін ашу және жабу және тағы басқа жүргізілген жағдайларда, көрсетілген операциялар жүк жөнелтушінің (жүк алушының) күшімен орындалады.
25. Түсіру-тиеу жұмыстары кезінде тасымалдаушы автокөлік құралына тиеудің белгіленген нормаларын сақтау, автомобильмен тасымалдауды орындау қауіпсіздігін және жүктің сақталуын қамтамасыз ету мақсаттарында жүктің салынуы мен бекітілуін бақылайды.
26. Егер шарттың талаптарында тиеу-түсіру жұмыстарын тасымалдаушы жүзеге асыратыны көзделген жағдайда, соңғысы тиеу-түсіру жұмыстарын жүргізу кезінде қызметкерлердің автомобиль көлігінде еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы қағидасын сақтауын бақылауды қамтамасыз етеді, сондай-ақ осы тармақта көрсетілген қағидаларды орындамау нәтижесіндегі жазатайым оқиғаларды болдырмау жөніндегі шараларды қабылдайды.
27. Жүктерді тиеу және түсіру пункттеріне қойылатын талаптар мыналар:
1) Қазақстан Республикасының мемлекеттік стандарттарына сәйкес келетін тиеу-түсіру және қосымша жұмыстарды жүргізуге арналған штаттағы және қосымша жабдықтың болуы;
2) өртке қарсы, санитарлық-эпидемиологиялық және экологиялық нормативтердің сақталуын қамтамасыз ету;
3) тиеу-түсіру жұмыстарын орындау кезінде жүктің сақталуын және жұмыс істеушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
4) кез келген ауа-райы жағдайларында автокөлік құралдарының тиеу (түсіру) орнына еркін және қауіпсіз өтуін қамтамасыз ететін кіріс жолдарының болуы;
5) тәуліктің кешкі және түнгі уақытында жарықтандыру Қазақстан Республикасының құрылыс нормаларына сәйкес келуі және тиеу-түсіру жұмыстарын орындау қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған талаптарға сай келуі тиіс;
6) механизация құралдарымен тиеу (түсіру) посттарының саны мен жабдықталуы қайта өңделетін жүктің түрі мен көлеміне сәйкес келуі және автокөлік құралдарының тиелу (түсірілу) үшін нормативтік уақыт шегінде тұруын қамтамасыз етуі тиіс;
7) қажетті құжаттардың сапалы және уақтылы ресімделуін қамтамасыз етуге арналған жеке үй-жайдың болуы;
8) телефон және басқа байланыс түрлерінің болуы;
9) бақылау-өткізу пункттері, жөнелтілетін және келіп түсетін жүктің сапасы мен массасын анықтауға мүмкіндік беретін таразыға тарту және басқа жабдығы, сондай-ақ автокөлік құралдарының шанақтарын тез бүлінетін жүктерді түсіргеннен кейін тазарту, жуу және дезинфекциялау бойынша жұмыстар жүргізуге арналған арнайы орындарының болуы.
28. Тиеу жұмыстарын жүзеге асыру кезінде жүкті, оның салмағы автокөлік құралы шанағының барлық ұзындығы бойынша біркелкі бөлінетіндей етіп, рұқсат етілген салмақтық және көлемдік параметрлерден асырмай орналастырылады.
Үйіп тасымалданатын сусымалы жүктерді тиеу кезінде жүктің беті, жүктің қозғалыс кезінде шашылуын болдырмау мақсатында автокөлік құралы ернеулерінің жоғарғы шеттерінен шықпауы тиіс. Тасымалдаушы жүк жөнелтушімен бірге сусымалы жүктердің бүркемелермен жабылуын қамтамасыз етеді.
29. Қабылдануы мен тиелуі уақыт шығынынсыз мүмкін емес ыдыссыз тасымалданатын майда даралы жүктерді (металл шыбықтар, құбырлар және тағы басқа) жүк жөнелтуші сыммен үш-бес жерден бумаларға немесе орамдарға байлап ірілеу тиеу бірліктеріне біріктіруі тиіс. Буу беріктігі шығыранның ілгегімен кез келген сым байламын көтеру мүмкіндігін қамтамасыз ететіндей болуы тиіс.
30. Ыдыссыз ауыр жүктерде іліп алу үшін арнайы механизмдері (шығыңқы жерлер, рамалар, ілгектер, сырғалық саңылаулар және басқалар) болуы тиіс.
31. Тегендерде тасымалдау кезінде жеке жүк орындары (жүк жөнелтушінің пломбасымен тасымалданатын жәшікті жабық тегендерді қоспағанда), олардың тегендегі күйін және бекітілуін бұзбай санын тексеру мүмкін болатындай жиналады.
32. Жүктер автокөлік құралында жылжып кету, құлау, есіктерге қысым түсіру, тасымалдау кезінде жүктің қажалуы немесе зақымдалуы болмайтындай етіп, сондай-ақ тиеу, түсіру кезінде және жол үстінде автокөлік құралдарының сақталуын қамтамасыз ететіндей жиналады және мықты бекітіледі.
Жүктерді шегелермен, қаусырмалармен және автокөлік құралын зақымдайтын басқа құралдармен бекітуге рұқсат етілмейді.
33. Тиеу және тасымалдау үшін қажетті құрал-жабдықтарды, қосалқы материалдарды (сандалдар, тіреулер, науалар, сым, қалқанды қоршаулар және тағы басқалар), сондай-ақ жүктерді жылы ұстау үшін қажетті құралдарды (көрпелер, төсемелер және тағы басқалар) жүк жөнелтуші береді және қояды, ал жүк алушы алады.
34. Белгілі бір жүкті тасымалдауға арналған автокөлік құралдарын қосымша жабдықтауды және жарақтандыруды жүк жөнелтуші тасымалдаушымен келісім бойынша ғана жүргізуі мүмкін, ал қауіпті, бөлінбейтін ірі көлемді немесе ауыр салмақты жүктерді тасымалдау жағдайында Қазақстан Республикасының жол полициясы органдарымен келісіледі.
35. Жүк жөнелтушіге тиесілі барлық құрал-жабдықтарды тасымалдаушы жүк алушыға жүкпен бірге береді немесе жүк жөнелтушіге оның тауар-көлік жүкқұжатында көрсетуіне сәйкес қайтарылады.
36. Тасымалдаушы тиеу пункттерінде жүктің автокөлік құралдарына салынуы мен бекітілуінің жол қозғалысы қауіпсіздігі және автокөлік құралының сақталуын қамтамасыз ету талаптарына сәйкес келуін тексереді, сондай-ақ жүк жөнелтушіге жүктің жиналуы мен бекітілуіндегі байқалған оның сақталуына қауіп төндіретін жетіспеушіліктер туралы хабарлайды. Жүк жөнелтуші тасымалдаушының талап етуі бойынша жүктің салынуы мен бекітілуінен табылған кемшіліктерді жояды.
37. Жүк жөнелтуші мен жүк алушы тиеу-түсіру жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік техникасының сақталуын бақылауды қамтамасыз етеді.
38. Жүктерді автокөлік құралына тиеу және жүктерді түсіру мерзімдері, сондай-ақ жүктерді тиеумен және түсірумен байланысты қосымша операцияларды орындау мерзімдері шартта белгіленеді.
39. Автокөлік құралдардың тиелуге келген уақыты жүргізуші жолдама парақты тиеу пунктінде көрсеткен сәттен бастап, ал түсірілуге келген уақыты жүргізуші тауар-көлік жүкқұжатын түсіру пунктінде көрсеткен сәттен бастап есептеледі.
40. Тиеу және түсіру пункттерінде (темір жол станцияларынан басқа) кіру қақпалары немесе бақылау-өткізу пункттері немесе жүктерді талдау бойынша зертханалар болған кезде автокөлік құралдың тиелуге немесе түсірілуге келген уақыты жүргізуші жүк жөнелтушіге немесе жүк алушыға жолдама парақты немесе тауар-көлік жүкқұжатын кіру қақпаларының жанында немесе бақылау-өткізу пунктінде немесе зертханада көрсеткен сәтінен бастап есептеледі.
41. Жүргізушіге тиісті түрде ресімделген тауар-көлік жүкқұжаты мен жолдама парақ, сондай-ақ тиелген немесе түсірілген жүкке арналған өзге де қажетті құжаттар тапсырылғаннан кейін тиеу және түсіру аяқталды деп есептеледі.
42. Автокөлік құралдың қақпалардан немесе бақылау-өткізу пунктінен тиеу немесе түсіру орнына және керісінше жүрген уақыты автокөлік құралдың тиеліп немесе түсіріліп тұрған уақытын есептеу кезінде шегеріледі.
43. Автокөлік құралдары тиелуге келісілген уақыттан бұрын келген жағдайда, егер жүк жөнелтуші оларды тиеуге нақты келген сәтінен бастап қабылдаса, автокөлік құралдары тиелуге келісілген уақытта келді деп есептеледі.
44. Жүк жөнелтуші (жүк алушы) тауар-көлік жүкқұжатында және немесе жолдама парақта автокөлік құралының тиеу (түсіру) пунктіне (нен) келген (кеткен) уақытын белгілейді.
Достарыңызбен бөлісу: |