Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 18 ақпандағы №151 Қаулысы


ҚР жағдайларына бейімделуі мүмкін бар проблемаларды шешу бойынша оң шетелдік тәжірибені шолу



бет3/19
Дата13.06.2016
өлшемі1.65 Mb.
#133049
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19
3.5. ҚР жағдайларына бейімделуі мүмкін бар проблемаларды шешу бойынша оң шетелдік тәжірибені шолу

 

Тамақ өнімдерін тұтынудың қарқынды өсуімен және бір уақытта су, жер, отын-энергетика ресурстары тапшылығының артуымен әлемдік халықтың өсуі орын алуда, бұл азық-түлік өнімдеріне бағаның өсуіне әкеледі. Жалпы 2020 жылға қарай әлем халқы 7,6 млрд. адам құрайды, яғни 2011 жылмен салыстырғанда 600 млн. адамға өседі. Тамақ өнімдерін тұтыну құрылымы өзгереді: етті, сүтті және сүт өнімдерін, балықты, көкөніс пен жемістерді тұтыну үлесі артады. Әлемде ауыл шаруашылығы алдында тұрған негізгі міндет өндірісті 2050 жылға қарай 70 %-ға арттыру болып табылады. Осы мақсатқа қол жеткізу ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі өсуінің баяулай түсуімен және су ресурстарының шектеулі болуымен қиындайды. Ауыл шаруашылығы жерлерінің шөлейттену және тозу процесі жүруде. Біріккен Ұлттар Ұйымының (бұдан әрі - БҰҰ) Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасының деректері бойынша жыртылған жерлердің үштен бірі тозуға ұшырауда, бұл 100-ден астам елдегі 1 млрд. астам адамның өмір сүруіне кері әсерін тигізеді.

1998 жылы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (бұдан әрі - ЭЫДҰ) кіретін әлемнің дамыған елдері өкілдерінің министрлері кездесуінде аграрлық сектордағы мемлекеттік саясаттың бірлескен қағидаттары туралы келісімге қол жеткізілді, оларға сәйкес мемлекеттік саясаттың қолданылатын шаралары мынадай сипатқа ие болуы тиіс:

1) ашықтылық: нақты айқындалған міндеттерге, шығындарға, пайдаларға және игілік алушыларға ие болуы;

2) нәтижелілік: нақты айқындалған нәтижелер;

3) оңтайлылық: шығыстар нақты айқындалған нәтижелерге қол жеткізу үшін барынша аз қажетті болуы тиіс;

4) икемділік: ауыл шаруашылығында туындайтын жағдайлардың әр түрлілігін көрсету, міндеттер мен басымдықтардағы өзгерістерге ден қоюға дайын болу, сондай-ақ қойылған нәтижелерге қол жеткізу үшін қажетті уақыт ішінде қолданылатын болуы;

5) тең мәнділік: қолдауды секторлар, фермерлер мен өңірлер арасында бөлу әсерлерін назарға алу.

ЭЫДҰ ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау саясаты азық-түлікке деген жылдам өсіп келе жатқан әлемдік сұранысты, бағалардың күрт ауытқуын және жаһандық нарықтардың өзгергіштігін ескеруі тиіс деп санайды. Сол ұйымның ЭЫДҰ елдерінің, сондай-ақ Бразилия, Қытай, Ресей, Украина және Оңтүстік Африканың статистикаларын талдау негізіндегі соңғы зерттеулерінің (2011 ж.) нәтижелері бойынша жасаған ұсынымдарында аграрлық саясатты әзірлеу кезінде акцентті мемлекеттік дотациялардан өндіргіштікті арттыруға, ресурстарды ұтымды пайдалануға арналған инвестицияларға ауыстыру ұсынылады.

Әлемнің әр түрлі елдерінің ауыл шаруашылығын қолдау тәжірибесін қорыту көптеген елдердің субсидиялауды ауыл шаруашылығы өндірісін қолдаудың шешуші құралы ретінде пайдаланатынын көрсетті. Алайда алдыңғы қатарлы ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттаушы елдер (Австралия, Жаңа Зеландия, Аргентина, Бразилия және т.б.) өндірушілерді тікелей субсидиялауды қолдамайды.

Дамыған елдерде пайдаланылатын субсидиялау жүйелерінен аграрлық секторды мемлекеттік реттеудің мынадай негізгі нысандарын бөлуге болады: бағаны қолдау (АҚШ), гектар мен мал басына төлемдер арқылы табысты қолдау (ЕО елдері), тарихи табыс деңгейінің негізіндегі төлемдер арқылы табыстарды қолдау (Канада) және кредит берудің артықшылық режимдері (Бразилия). Әкімшілендіру тұрғысынан алғанда субсидиялаудың қарапайым түрі гектарға немесе мал басына төлеу болып табылады.

Экономиканың аграрлық секторын қолдау деңгейінің көрсеткіштері бойынша Қазақстан салыстырмалы көрсеткіштерде орташа деңгейде тұр. Ауыл шаруашылығын жалпы қолдау бұл жағдайда ауыл шаруашылығы құрылымдарына бюджеттен төлемдерді де, жанама қолдау шараларын да (мысалы, тарифтік қорғау) қамтиды.

 

15-сурет. Елдің ЖІӨ-нің үлесі ретінде а/ш жалпы қолдау, 2008 - 2010 жылдардағы орташа көрсеткіш, %

 

 

Дерек көзі: ЭЫДҰ PSE/CSE деректер базасы; Қазақстан бойынша деректер алдын ала, түпкілікті деректер OECD Review of Agricultural Policies in Kazakhstan, 2013. OECD, Paris (Қазақстанның ауыл шаруашылығы саясатын ЭЫДҰ шолуы, 2013 жыл., Париж) жарияланатын болады.

 

Қазіргі уақытта ДСҰ шеңберінде ауыл шаруашылығын тікелей мемлекеттік қолдау шараларынан бас тарту бойынша үрдіс басым болуда. ДСҰ мен әлемдік аграрлық азық-түлік нарықтарында Керн тобының елдері (Австралия, Аргентина, Жаңа Зеландия, Канада және басқалары) неғұрлым көп мәнге ие болуда, оларда ауыл шаруашылығына тікелей субсидиялардың ең төмен деңгейі бар және саланы өндірістің бәсекеге қабілеттілігін және тиімділігін өсіру есебінен дамытуда. Ауыл шаруашылығын тікелей қолдауды пайдаланбайтын Керн тобы елдерінің тәжірибесі субсидиялардан бас тартқаннан кейінгі кезеңдегі өндіріс факторларының жиынтық өндіргіштігінің неғұрлым жоғары өсуін көрсетеді.

Қазақстанға қатысты бұл әрбір ел өзінің ауыл шаруашылығын қолдау жүйесін әзірлейтінін растайды, бастысы сол қолдау өндірушілерді ынталандыруы, жер мен малдардың өнімділігін арттыруы, экспортты ынталандыруы тиіс.

Аграрлық саладағы алдыңғы қатарлы елдердің қазіргі даму үрдістерін талдау Қазақстанның АӨК одан әрі дамуы мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыру және аграрлық бизнесті дамыту үшін тең қолайлы жағдайлар жасау есебінен ауыл шаруашылығы өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағдарлануы тиіс екендігін көрсетті.

Бұдан басқа дамыған елдерде ауыл шаруашылығының жеке бағыты - органикалық өнімнің өндірісі қалыптасты. Әлемдегі органикалық өнім нарығының дамуы дәстүрлі ауыл шаруашылығы өнімдерімен салыстырғанда неғұрлым жоғары және тұрақты бағаларға қарамастан жеткілікті жоғары өсу қарқынын көрсетуде. Органикалық өндірістің отандық өнімдері әлемнің дамыған елдерінде мойындалған органикалық өндірісті сертификаттау жүйесін енгізгеннен кейін ғана шетелдік тауарларға қатысты бәсекеге қабілетті болуы мүмкін.

 

3.6. Агроөнеркәсіптік кешеннің күшті және әлсіз жақтарын, мүмкіндіктері мен қауіптерін талдау



 

ҚР-да АӨК-ні дамытудың күшті жақтары қазіргі уақытта даму бағдарламаларын мемлекеттік қолдау, агротехнологияларды қолданудың жинақталған мол тәжірибесі болып табылады. АӨК-ні дамытудың әлсіз жақтары сақтау қуаттылықтарының, логистикалық қуаттылықтардың жеткілікті мөлшерінің болмауы, ғылыми-зерттеу тәжірибе-конструкторлық жұмыстарды (бұдан әрі - ҒЗТКЖ) енгізудің төмен деңгейі, ветеринариялық қауіпсіздіктің төмен деңгейі және дамудағы басқа теңгерімсіздіктер болып табылады.

 

6-кесте. АӨК-ні SWOT талдау



 

Күшті жақтары:

- АӨК жалпы өнімінің тұрақты өсуі;

- Қазақстан бидай мен бидай ұны өндірісінде әлемдік көшбасшы болып табылады;

- Қазақстанның АӨК-сі едәуір мемлекеттік қолдау алады;

- жер және су ресурстарымен қамтамасыз етілуі;

- органикалық өнім өндірісі мен экспортының жоғары әлеуеті.

Әлсіз жақтары:

- малдардың төмен өнімділігі;

- өсімдік шаруашылығының негізгі дақылдарының төмен шығымдылығы;

- төмен еңбек өнімділігі;

- кәсіпкерлік субъектілері рентабелділігінің төмен деңгейі;

- ҒЗТКЖ төмен енгізілуі;

- заманауи агротехнологиялық білімді таратудың төмен дәрежесі;

- қаржыландыру және сақтандыру жүйесінің төмен тиімділігі.

Мүмкіндіктері:

- бірқатар АӨК салаларында импорт алмастыруды дамыту және экспорттық әлеуетті іске асыру;

- саланы тиімді мемлекеттік қолдауды қалыптастыру;

- тауарлық балық аулауды, ІҚМ етінің экспортын, жайылымдық мал шаруашылығын, алма, майлы дақылдар және басқа өнім түрлері өндірісін дамыту.

Қауіптері мен тәуекелдері:

- сала өніміне әлемдік бағаның ішкі және сыртқы коньюнктурасының нашарлауымен шартталған макроэкономикалық тәуекелдер;

- ДСҰ-ға кіруге байланысты бірқатар өнім түрлері бойынша халықаралық нарықтардағы бәсекелестіктің өсуі;

- табиғи-климаттық жағдайлардың қысқа мерзімді де, ұзақ мерзімді де қолайсыз өзгерулері (климаттың жаһандық жылынуы және осымен байланысты шөлді және шөлейтті жерлердің артуы, су ресурстары тапшылығының артуы, ауа-райы жағдайларының тұрақсыздығы және басқалар);

- өнімді нысаналы өткізу нарықтарына дейін тасымалдау нарығының сыни тозуы және осымен байланысты жеткізу құнының қымбаттауы;

- жануарлар мен өсімдіктер ауруларының таралуы және табиғи ортаның ластануы, өсімдіктердің, жануарлардың, балықтардың, жәндіктердің зиянкес түрлерінің таралуы, бұл жер, су және басқа ресурстар қолжетімділігінің төмендеуін және жалпы сала өнімділігінің төмендеуін тудырады, ҚР АӨК экспорттық әлеуетін төмендетуі мүмкін;

- пайдаға қысқа мерзімді бағдарлану, қаржыландыру тапшылығы, ресурстарды пайдаланудың ғылыми ұсынылған нормативтерін сақтамау нәтижесінде жер, су, биологиялық ресурстар әлеуетінің, жануарлардың, өсімдіктер мен балықтардың генетикалық әлеуетінің төмендеуі;

- саланы тиімсіз мемлекеттік реттеу тәуекелі, бұл АШТӨ транзакциялық шығындардың өсуін, саланы дамытуды қолдауға бөлінген мемлекеттік қаражаттың тиімсіз пайдаланылуын, нарық сигналдарын бұрмалауды және өнімді өндіру мен тұтыну құрылымындағы қайшылықтарды тудыруы мүмкін.

 

Дерек көзі: Салаларды талдау

 

 

ҚР Үкіметінің 2014.30.06. № 750 Қаулысымен 4-кіші бөлім жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

4. Негізгі тұжырымдар

 

«Мемлекет басшысының 2014 жылғы 17 қаңтардағы «Қазақстан жолы - 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауында:



1) азық-түлікке артып келе жатқан жаһандық сұранысты ескере отырып, ауыл шаруашылығын ауқымды жаңғыртуға;

2) шығымдылықты елеулі өсіруге;

3) егістік алқаптарын ұлғайтуға;

4) жаңа технологияларды енгізуге;

5) мал шаруашылығының жемшөп базасын әлемдік деңгейде құруға;

6) жаппай өндіру ірі экспорт нарықтарын игеруге мүмкіндік беретін азық-түлік өнімдерінің түрлерін айқындауға;

7) елдің экологиялық таза өндіріс саласындағы жаһандық ойыншылар қатарына кіруін қамтамасыз ете отырып, экологиялыққа баса назар аударумен бәсекеге қабілетті ұлттық брендтер құруға;

8) ауыл шаруашылығында, оның ішінде қуаң өңірлерде жаңа технологияларды енгізуге;

9) озық технологияларды енгізу, еңбек өнімділігін арттыру бойынша міндеттемелерді көздейтін ашық баға қалыптастыру және инвестицияларды тарту қағидаттарында тиімді жер нарығын құруға;

10) агробизнесті енгізуге, кооперация процесіне, жерді тиімді пайдалануға бөгет жасайтын кедергілерді жоюға;

11) ауыл шаруашылығы субъектілерінің ұзақ мерзімді қаржыландыруға және өткізу нарығына тікелей қолжетімділігін қамтамасыз етуге;

12) қарыздарды кепілдендірудің және сақтандырудың тиімді жүйесін құруға;

13) ауыл шаруашылығы мен денсаулық сақтауда ғылыми зерттеулерді кеңейтуге, оның ішінде сынақтық ғылыми-инновациялық кластерлерді құруға және құрғақшылыққа төзімді гендік түрлендірілген өнімдер мәселесін зерделеуге бағытталған агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі шараларды әзірлеуді тапсырған болатын.

Республиканың агроөнеркәсіптік кешенін дамыту мақсатын белгілеу кезінде Мемлекет басшысының жоғарыда көрсетілген тапсырмалары мен сыртқы ортада және еліміздің АӨК-тегі ағымдағы жағдайлардың қалыптасқан түйінді үрдістері ескерілді:

1) экстенсивті дамыту мүмкіндіктерінің аяқталуы орын алды, бұл азық-түлікке артып келе жатқан жаһандық сұранысты ескере отырып, ауыл шаруашылығын ауқымды жаңғыртуды қажет етеді;

2) алдағы ДҰС-ға кіру және КО шеңберіндегі қызмет жағдайларында, халықаралық сауданы, көлік және коммуникация құралдарын белсенді дамыту, өнім стандарттарын көтеру, тұтынушылар қалауының өзгеруі кезінде бәсекеге қабілеттілігіне және онымен тікелей байланысты еңбек өнімділігі, АШТӨ-нің экономикалық тиімділігі, өнім сапасы мен оның маркетингі мәселелеріне қойылатын талаптар бірінші кезекке қойылады;

3) өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығындағы субсидиялауды қоса алғанда, саланы қаржылық сауықтыру, АШТӨ үшін тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін арттыру, сондай-ақ АӨК субъектілерін ветеринариялық, фитосанитариялық қауіпсіздік және сумен қамтамасыз ету саласында мемлекеттік қамтамасыз етуді дамыту, жер қатынастары, техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік реттеу мен мемлекеттік бақылау және қадағалау жүйесінің тиімділігін арттыру мақсатында АӨК салаларын мемлекеттік қолдау жөніндегі бірқатар жүйелі шаралар талап етіледі.

Бағдарламаның мақсаттарын іске асыру үшін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің және ведомстволық бағынысты ұйымдардың күш-жігерін мынадай бағыттарға жұмылдыру қажет.

Өсімдік шаруашылығы.

Өсімдік шаруашылығы саласын дамыту дақылдарды өңдеудің ғылыми негізделген ылғал-ресурс үнемдеуші технологияларына көшу, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді ұтымды пайдалануды қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығы айналымына жаңа және қазір пайдаланылмайтын жерлерді тарту жолымен ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемін арттыруға бағытталатын болады.

Бұл ретте егістік алаңдарын әртараптандыру жалғастырылатын болады, ол майлы, жемшөп, бақша сияқты және басқа басым ауыл шаруашылығы дақылдарына арналған егіс алаңдарын ұлғайтуды болжайды.

Егіс алаңдарын белгіленген ғылыми-негізделген ауыспалы егістерге сәйкес келтіру қажет.

Өсімдік шаруашылығында өнімділікті арттыру мақсатында минералдық тыңайтқыштарды, өсімдіктерді қорғау құралдарын, тұқымдар мен көшеттерді сатып алу кезіндегі шығындарды субсидиялау түрінде ауыл шаруашылығы өндірушілерін мемлекеттік қолдау жалғастырылатын болады.

Суармалы егіншілік салалардың қолайсыз табиғат жағдайларына тәуелділігін төмендетуге, тұрақты ауыл шаруашылығы өндірісін және ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осыған байланысты суармалы жер алаңдарын қалпына келтіру және су үнемдеу (тамшылатып және жаңбырлатып суару) технологияларын қолдану кезінде инвестициялық субсидиялау тетігін енгізу жөніндегі жұмыс жүргізілетін болады.

Астық өндірісінің инфрақұрылымын дамытуға ерекше назар аудару қажет, өйткені дәнді дақылдар ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау құрылымында неғұрлым үлкен үлеске ие. Элеваторлар мен астық тасығыштардың жетіспеушілігі проблемасын астықты өңдеу мен сақтауға, сондай-ақ оны тасымалдауға арналған қуатты құру және кеңейту есебінен шешу керек.

Мал шаруашылығы.

Мал шаруашылығы саласында ІҚМ етінің экспорттық әлеуетін арттыру және АШТӨ-ні етті мал шаруашылығын дамытуға ынталандыру бойынша жұмысты жалғастыру қажет. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін асыл тұқым базасын дамыту және мал мен құстың генетикалық әлеуетін арттыру бойынша жұмысты, оның ішінде одан әрі репродукциялау үшін асыл тұқымды малдарды импорттау есебінен жалғастыру қажет.

Дәстүрлі мал шаруашылығы салаларын дамыту үшін жайылымдық мал шаруашылығын, оның ішінде қой шаруашылығын дамытуды ынталандыратын іс-шаралар кешені қабылданатын болады.

Сондай-ақ шағын және орта фермаларды және отбасылық үлгідегі шаруашылықтарды құру бойынша жұмыс күшейтілетін болады.

Мал шаруашылығы үшін мықты жемшөп базасын құру жөнінде бірқатар шаралар қабылданатын болады. АШТӨ-нің шахталы және құбырлы құдықтарды салу және қалпына келтіру кезінде жайылымдарды суландыруға; жемшөп дақылдарын өсіруге арналған суармалы жүйені сатып алу және енгізу кезінде; мал шаруашылығы мен құс шаруашылығы кәсіпорындарының қажеттілігін сапалы және құнарлы жемшөптермен қамтамасыз ету үшін жемшөп зауыттарын салуға салған инвестициялық салымдарының бір бөлігі өтелетін болады.

Мал шаруашылығында еңбек өнімділігін арттыруға, қуаң аймақтарда ауыл шаруашылығы жануарларын суаруды қамтамасыз ету үшін суды сақтау жүйесін енгізуге бағытталған заманауи технологиялар енгізілетін болады.

Өңдеу өнеркәсібі.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласында отандық өнім сапасын арттыру, азық-түлік тауарларының түр-түрін кеңейту және сол арқылы КО бойынша негізгі сауда әріптестерімен бәсекелестікке тең жағдайлар жасау үшін өндірісті техникалық және технологиялық қайта жарақтау, халықаралық сапа стандарттарына көшу өзекті болып қалуда.

Осы арада, мемлекеттік органдардың стратегиялық құжаттарына техникалық реттеу, сауда, бәсекелестікті қорғау, ақпарат, кеден және шекара қызметтері мәселелерінде түзетулерді жүргізу қажет. Отандық тамақ және өңдеу өнеркәсібі өнімдерінің ішкі нарығын ұлғайту және сыртқы нарығын кеңейту мақсатында мүдделі уәкілетті органдармен ынтымақтастықта ішкі нарықты импорттық тауарлардың жасырын демпингінен қорғау; техникалық реттеу саласындағы заңнаманың сақталуын бақылауды күшейту; отандық тамақ өнімдерін басым сатып алу бөлігінде заңнама талаптарының орындалуын қамтамасыз ету; отандық өнімдерді сауда желілерінің сөрелеріне жеткізу тетігін жетілдіру; сауда-логистикалық инфрақұрылымды дамыту; отандық өнімді сыртқы нарықтарға шығару; аралас салаларды дамыту; ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізу бойынша шаралар қабылдау қажет.

Ветеринария және фитосанитария.

Ветеринариялық және фитосанитариялық қауіпсіздік жүйесін дамытуға ерекше назар аудару қажет. Жоспарланып отырған ДСҰ-ға кіру АШТӨ-ден азық-түлік қауіпсіздігінің халықаралық стандарттарына сәйкес келетін сапалы және қауіпсіз өнімді жеткізуді талап етеді. Осыған байланысты халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық шеңберінде заңнамалық базаны жетілдіру мәселесін пысықтау қажет, малдардың аурулары қарсы күрес стратегиясын қайта қарап, ауруларға бақылау, қадағалау және мониторингтеу үшін ықпалдастырылған кеңейтілген ақпараттық жүйесі бар зертханалардың тармақталған желісін құру керек. Мемлекеттік ветеринариялық ұйымдардың ауылдар деңгейінде жұмыс істеуін қамтамасыз ету қажет. Фитосанитария саласында аса қауіпті организмдермен күресудің заманауи қауіпсіз әдістерін енгізу жөнінде бірқатар іс-шаралар жүргізу қажет.

Агробизнес жүргізуге, кооперация процесіне, тиімді жер пайдалануға бөгет болатын кедергілерді жою.

Мемлекет басшысының кәсіпкерлерге мемлекеттік бақылау мен қадағалау жүйесінің тиімділігін арттыру, оларға әкімшілік қысым көрсетуді азайту жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында мемлекет тарапынан жүргізілетін тексерістерді жоспарлауды жүйелендіру мен азайту жөнінде жұмыс жүргізілетін болады.

Отандық инвесторлар үшін де және шетелдіктер үшін де ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін жалға беру мерзімін ұзарту, сондай-ақ ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді пайдалану мәселесі пысықталатын болады.

Мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіру.

«Агробизнес-2020» бағдарламасының бағыттарын нақтылау АӨК басым бағыттарын дамыту жөніндегі шебер-жоспарларда көзделеді.

Импортқа тәуелділікті азайту және отандық АӨК өнімдерінің экспортын ұлғайту жөнінде Бағдарлама көрсеткіштеріне қол жеткізу шебер-жоспарларды іске асырудың негізгі мақсаты болып табылады. Шебер-жоспарлар Бағдарламаның жылдар бойынша және олардың мамандануын ескере отырып, өңірлер бөлісінде жоспарлы көрсеткіштерін (оның ішінде) жан-жақты бөлуді көздейтін болады.

Жергілікті атқарушы органдардың шебер-жоспарларда бекітілген көрсеткіштерге қол жеткізуін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі тұрақты негізде ресми сайтта тиісті ақпаратты орналастыру арқылы жұртқа жеткізеді.

Бұдан басқа табиғи-климаттық жағдайларды, өткізу нарығы мен өңірлердің даму әлеуетін ескере отырып, ауыл шаруашылығы өнімдерінің нақты түрлерін өндіру үшін ауыл шаруашылығы жерлерін оңтайлы пайдалану бойынша өңірлерді мамандандыру енгізілетін болады. Өңірлерді мамандандыруды енгізу ескерілген егіс алқаптарының жоспарлы құрылымы осы Бағдарламаға 1-қосымшада ұсынылған.



Өңірлерді мамандандыру схемасы АӨК-те мемлекеттік саясатты сараланған түрде және неғұрлым тиімді өткізуге мүмкіндік береді. Осыған байланысты агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне мемлекеттік қолдау шараларын беру қағидалары өңірлерді мамандандыру схемасын ескере отырып, түзетіледі және өңірлерді мамандандыру схемасы шеңберінде ұсынылмайтын ауыл шаруашылығы өндірісін субсидиялауды кезең-кезеңмен тоқтатуды көздейтін болады.

Бұл ретте жергілікті атқарушы органдар аудандар бөлінісінде өңірлерді мамандандыру схемасына сәйкес 2016 жылға дейін дайындау кезеңін көздейтін ауыл шаруашылығы өндірісін субсидиялауға; мамандандыру схемасының тиісті ұсынымдарына 50 %-ға сәйкес келетін ауыл шаруашылығы өндірісін 2017 жылдан бастап 2019 жылға дейін субсидиялауға, ал 2020 жылдан бастап толығымен өңірлерді мамандандыру схемасына сәйкес ауыл шаруашылығы өндірісін субсидиялауға кезең-кезеңмен ауысу жоспарларын әзірлеп, аумақтарды дамыту бағдарламаларына енгізетін болады.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары мен тетіктері әзірленетін болады.

Озық технологияларды енгізуді ынталандыру және отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндіріс көлемін ұлғайту мақсатында қолданыстағы қолдау шараларымен қатар жеке дақылдарды тікелей субсидиялаудан жеңілдетілген қаржыландыру арқылы қолдауға біртіндеп көшуді (кредиттер және лизинг бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау, қаржы ұйымдары алдындағы АШТӨ қарыздарын кепілдендіру жүйесін және сақтандыру жүйесін енгізу), сондай-ақ жобаларды іске асыру кезінде инвестициялық субсидиялауды көздеу қажет. Ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының қаржылық тұрақсыздығын болдырмау және олардың қысқаруына жол бермеу мақсатында аталған кәсіпорындарды қаржылық сауықтыруды жүзеге асыру қажет.

Мемлекеттік қолдау тиімділігін арттыру мақсатында субсидиялау жүйесін жетілдіру қажет. ДСҰ-ға кіру, сондай-ақ КО мен Бірыңғай экономикалық кеңістіктегі мүшелік аясында отандық АШТӨ-ге тең жағдайларды қамтамасыз ету үшін жоспарланып отырған кезеңде мемлекеттік қолдау деңгейін ықпалдастыру процестері шеңберінде тиісті келісілген көрсеткіштерге дейін жеткізу қажет.

 

 

ҚР Үкіметінің 2014.30.06. № 750



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет