Қазақстан Республикасы Президентінің



Дата03.07.2016
өлшемі95.87 Kb.
#174360


Қазақстан Республикасы

Президентінің

2010 жылғы 24 ақпанда

928 Жарлығымен

БЕКІТІЛГЕН

«Валюталық операция туралы хабарлама куәлік беру»

мемлекеттік қызметтер көрсету стандарты

1. Жалпы ережелер
1. «Валюталық операция туралы хабарлама куәлік беру» мемлекеттік қызметтер көрсетудің осы стандарты (бұдан әрі – Стандарт) валюталық операциялар туралы хабарлау бойынша мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібін айқындайды.

2. Көрсетілетін мемлекеттік қызметтер нысаны:

1) ішінара автоматтандырылған (Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің орталық аппаратында);

2) автоматтандырылмаған (Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің аумақтық филиалдарында).

3. Мемлекеттік қызметтер «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» 2005 жылғы 13 маусымдағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 9-бабы және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2006 жылғы 11 желтоқсандағы № 129 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында валюталық операцияларды жүзеге асыру ережесінің 4-бөлімі негізінде көрсетіледі.

4. Мемлекеттік қызметтерді Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің орталық аппараты және аумақтық филиалдары осы Стандарттың 1-қосымшасында көрсетілген мекенжайлар бойынша және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің интернет-ресурсында (www.nationalbank.kz) көрсетеді.

5. Көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің аяқталу нысаны (нәтижесі) хабарлама туралы куәлік беру болып табылады.

6. Мемлекеттік қызметтер Қазақстан Республикасының резиденттері – заңды және жеке тұлғалар (бұдан әрі - тұтынушы) валюталық операцияны жасаған кезде оларға көрсетіледі.

7. Мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде уақыт бойынша шектеу мерзімдері:

1) мемлекеттік қызметтер валюталық шарт туралы ақпарат берілген күннен бастап жеті жұмыс күні өткеннен кейін көрсетіледі;

2) банктер берілетін деректердің құпиялылығын және түзетілмейтіндігін қамтамасыз ететін қорғаудың криптографиялық құралдарымен ақпарат жеткізудің кепілдік берілген тасымалдау жүйесін пайдалана отырып электрондық түрде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің орталық аппаратына хабарлайды.

Заңды (банктерден басқа) және жеке тұлғалар Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі аумақтық филиалының әкімшілік-шаруашылық бөлімінің қызметкеріне не құжаттарды қабылдауға уәкілетті өзге де тұлғаға валюталық операция туралы толтырылған хабарламаны кезек күтпестен осы Стандарттың 1-қосымшасында көрсетілген мекенжайлар бойынша тапсырады (немесе хат-хабар қабылдауға арналған арнайы жабдықталған жәшікке салады);

3) хабарлама туралы куәлікті тұтынушыға (сенімхат негізінде оның сенім білдірілген тұлғасына) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің орталық аппараты бөлімшесінің немесе аумақтық филиалының жауапты орындаушысы кезек күтпестен осы Стандарттың 1-қосымшасында көрсетілген мекенжайлар бойынша береді.

8. Мемлекеттік қызметтер тегін көрсетіледі.

9. Хабарлама куәлігін беру бойынша мемлекеттік қызметтер көрсету стандарты Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің орталық аппаратында және аумақтық филиалдарында тұтынушылар үшін қолжетімді орынға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің интернет-ресурсына (www.nationalbank.kz) орналастырылған.

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің мемлекеттік қызметтер көрсететін орталық аппараты бөлімшелерінің және аумақтық филиалдарының мекенжайлары және байланыс деректері осы Стандарттың 1-қосымшасында көрсетілген.

10. Құжаттарды қабылдау және беру демалыс және мереке күндерін қоспағанда, сағат 13.00-ден 14.00-ге дейінгі үзіліспен сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін күн сайын көрсетіледі.

Құжаттарды қабылдау және беру кезек күтпестен, алдын ала жазылусыз және жеделдетілген қызмет көрсетусіз жүзеге асырылады.

11. Мемлекеттік қызметтер Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің орталық аппараты және аумақтық филиалдарының ғимараттарында осы Стандарттың 1-қосымшасында көрсетілген мекенжайлар бойынша көрсетіледі. Орталық аппараттың және аумақтық филиалдардың ғимараттары шектеулі мүмкіндіктері бар адамдарға қолжетімді болуы үшін пандустары бар кіру есіктерімен жабдықталған.

Мемлекеттік қызметтерді көрсету кезінде кезектіліктің болмауына байланысты күту залы көзделмеген.


2. Мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібі
12. Тұтынушы хабарлама туралы куәлікті алу үшін
осы Стандарттың 2-қосымшасына сәйкес нысан бойынша валюталық операция туралы толтырылған хабарламаны Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне ұсынады.

Осы Стандарттың 7-тармағының 1) тармақшасында көзделген мерзімдерде, валюталық операциялар соның негізінде жүзеге асырылатын валюталық операцияларды жасау жағдайларын нақтылау мақсатында Қазақстан Республикасының валюталық шартын талап етуге құқылы.

13. Валюталық операция туралы хабарламаның нысанын Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің интернет-ресурсынан (www.nationalbank.kz) және/немесе Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің орталық аппараты бөлімшесінің және/немесе аумақтық филиалының жауапты орындаушысынан осы Стандарттың 1-қосымшасында көрсетілген мекен-жайлар бойынша алуға болады.

14. Банктер Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің орталық аппаратына электронды түрде хабарлайды.

Заңды (банктерден басқа) және жеке тұлғалар Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі аумақтық филиалының әкімшілік-шаруашылық бөлімінің қызметкеріне не құжаттарды қабылдауға уәкілетті өзге де тұлғаға валюталық операция туралы толтырылған хабарламаны осы Стандарттың 1-қосымшасында көрсетілген мекенжайлар бойынша тапсырады (немесе хат-хабар қабылдауға арналған арнайы жабдықталған жәшікке салады).

Қабылданғаннан және тіркелгеннен кейін валюталық операция туралы толтырылған хабарламаны әкімшілік-шаруашылық бөлімнің қызметкері не құжаттарды қабылдауға уәкілетті өзге де тұлға Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі аумақтық филиалының басшылығына Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің аумақтық филиалының жауапты бөлімшесіне бұдан әрі қарауға жіберу үшін ұсынады.

15. Банктердің электрондық түрде келіп түскен хабарламалары Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің «Статистика» автоматтандырылған ақпараттық шағын жүйесіне орналастырылады.

Құжаттар пакетін қолына тапсырған жағдайда тұтынушының (банктерден басқа) қолына осы Стандарттың 3-қосымшасына сәйкес құжаттардың алынғаны туралы талон беріледі.

Талонды Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің аумақтық филиалы әкімшілік-шаруашылық бөлімінің жауапты орындаушысы не құжаттарды қабылдауға уәкілетті өзге де тұлға осы Стандарттың 1-қосымшасында көрсетілген мекенжайлар бойынша жазады.

Құжаттар пакетін хат-хабар қабылдауға арналған арнайы жабдықталған жәшік арқылы тапсырған жағдайда құжаттардың алынғаны туралы талон берілмейді.



16. Хабарлама туралы куәлікті Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің орталық аппаратының және/немесе аумақтық филиалының жауапты орындаушысы тұтынушыға не оның сенім білдірілген тұлғасына (сенімхат болған кезде) жеке басын куәландыратын құжатын ұсынған кезде хабарлама туралы куәліктерді беруді есепке алу журналына қол қойғыза отырып береді.

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің мемлекеттік қызметтер көрсететін орталық аппараты бөлімшелерінің және аумақтық филиалдарының мекенжайлары және байланыс деректері осы Стандарттың 1-қосымшасында көрсетілген.

3. Жұмыс қағидаттары
17. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі тұтынушыға қатысты басшылыққа алатын жұмыс қағидаттары:

1) әдептілік;

2) көрсетілетін мемлекеттік қызметтер туралы толық ақпарат;

3) мемлекеттік қызметтердің уақтылы көрсетілуі;

4) тұтынушының қарауға ұсынған құжаттарының сақталуы;

5) тұтынушы құжаттарының мазмұны туралы ақпараттың қорғалуы және құпиялылығы;

6) тұтынушы құжаттарды алу үшін келмеген жағдайда Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің іс қағаздарын жүргізу жөніндегі нормативтік құқықтық актіcінде белгіленген мерзімде олардың сақталуы.

4. Жұмыс нәтижелері
18. Тұтынушыларға мемлекеттік қызметтер көрсету нәтижелері осы Cтандарттың 4-қосымшасына сәйкес сапа және қолжетімділік көрсеткіштерімен өлшенеді.

19. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің жұмысы бағаланатын мемлекеттік қызметтер көрсетудің сапа және қолжетімділік көрсеткіштерінің мақсатты мәндерін арнайы құрылған жұмыс тобы жыл сайын бекітеді.

5. Шағымдану тәртібі
20. Тұтынушы Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің орталық аппараты мен аумақтық филиалы уәкілетті лауазымды тұлғаларының
іс-әрекеттеріне (әрекетсіздіктеріне) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі орталық аппаратының немесе тиісті аумақтық филиалының басшылығына осы Стандарттың 5-қосымшасында көрсетілген мекенжайлар бойынша шағым жасай алады.

Егер тұтынушы қабылданған шараларға қанағаттанбайтын болса немесе мәселені жоғары тұрған сатының қарауы талап етілсе, тұтынушы шағымды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының атына не оның орнындағы тұлғаға жазбаша түрде жолдай алады.

Іс-әрекеттерге (әрекетсіздіктерге) шағым жасау және шағымды дайындауға жәрдемдесу тәртібін түсіндіруді Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің орталық аппаратының және тиісті аумақтық филиалының жауапты орындаушысы осы Стандарттың 1-қосымшасында көрсетілген мекенжайлар бойынша жүзеге асырады.

21. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының не оның орнындағы тұлғаның атына берілетін мемлекеттік қызметтер көрсету жөніндегі шағымдар почта бойынша жазбаша түрде немесе мынадай мекенжай бойынша: 050040, Алматы қаласы, «Көктем-3» шағын ауданы,
21-үй, қолына тапсырылады.

22. Қабылданған шағым жеке (заңды) тұлғалардың өтініштерін есепке алу журналында тіркеледі. Шағымның қабылдануын растайтын құжат оның екінші данасы не оның көшірмесі болып табылады, онда шағымды қабылдайтын тұлға шағымды қарау мерзімін және қарау барысы туралы байланыс деректерін көрсетеді.

Шағымдарды тіркеу, есепке алу және қарау «Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау тәртiбi туралы» 2007 жылғы 12 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тәртіппен және мерзімде жүзеге асырылады.

Шағымдарды қарау нәтижелері туралы тұтынушыға жазбаша түрде хабарланады.

6. Байланыс ақпараты
23. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төлем балансы және валюталық реттеу департаментінің басшысы қабылдау бөлмесінің байланыс деректері: телефоны (8727) 259 - 68 -18.

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің аумақтық филиалдары басшылығының қабылдауы Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің тиісті аумақтық филиалында тұтынушылар үшін қолжетімді орынға орналастырылған Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің аумақтық филиалы басшылығының жеке және заңды тұлғаларды қабылдау кестесіне сәйкес осы Стандарттың 5-қосымшасында көрсетілген мекенжайлар бойынша жүзеге асырылады.

24. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің мемлекеттік қызметтер көрсететін орталық аппараты бөлімшелерінің және аумақтық филиалдарының мекенжайлары және байланыс деректері осы Стандарттың


1-қосымшасында келтірілген.
____________________________




Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет