ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
ҰЛТТЫҚ БАНКІ
№ 32 БАСПАСӨЗ Р Е Л И З І
2011 жылғы 12 қазан
Қаржы нарығындағы ахуал туралы
1. Ресми қайта қаржыландыру ставкасы туралы
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы 2011 жылғы 1 қазаннан бастап Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми қайта қаржыландыру ставкасын жылдық 7,5% деңгейінде белгілеуге қаулы етті.
-
Инфляция
Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің ресми деректері бойынша инфляция 2011 жылғы қыркүйекте 0,3% (2010 жылғы қыркүйекте – 0,6%) деңгейде қалыптасты. Азық-түлік тауарларының бағасы 0,2% (өсуі – 0,4%) төмендеді, азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 0,4% (өсуі – 0,5%) және ақылы қызмет көрсету 1,0% (өсуі – 0,8%) өсті.
Азық-түлік тауарлары нарығында өткен айда көп дәрежеде жұмыртқа - 5,4%, ет және ет өнімдері – 1,4%, оның ішінде сиыр еті – 2,3%, қой еті – 1,2%, сүт өнімдері – 0,9% қымбаттады. Жарманың бағасы 2,6% төмендеді. Жемістер мен көкөністер 6,0%, қант – 7,2% арзандады.
Азық-түлікке жатпайтын тауарлар тобында бензиннің бағасы 1,3%, дизель отыны – 0,7% өсті.
Ақылы қызмет көрсету құрылымында тұрғын үй-коммуналдық саласындағы қызметке ақы төлеу 0,5% өсті. Бұл ретте суық суға тарифтер– 2,3%, кәріз – 1,9%, сұйытылған газ – 1,6%, қоқыс жинау – 1,1% ұлғайды. Ақылы қызмет көрсету арасындағы барынша елеулі өсу жоғары білім беру үшін ақы төлеудің 12,9%-ға көтерілуіне байланысты білім беру қызметі 7,9% болды.
2011 жылғы 9 айда инфляция 6,2% (2010 жылғы қаңтар-қыркүйекте – 5,2%) болды.
2011 жылғы қаңтар-қыркүйекте инфляция қарқынының жеделдетілуіне азық-түлік тауарлары бағасының 7,9% (2010 жылғы қаңтар-қыркүйекте – 6,0%) және ақылы қызмет көрсету – 6,4% (5,5%) қымбаттауы себепші болды. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар 4,0% (3,9%) қымбаттады (1-график).
1-график
2010 және 2011 жж. қаңтар-қыркүйектегі
инфляция және оның құрамдас бөліктері
2011 жылғы қыркүйекте инфляция жылдық көрсетуде 8,7% (2010 жылғы желтоқсанда – 7,8%) болды. Азық-түлік тауарлары 12,0% (10,1%), азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 5,6% (5,5%), ақылы қызмет көрсету – 7,7% (6,8%) қымбаттады.
3. Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 1-жартыжылдықтағы төлем балансы
Ағымдағы операциялар шотының профициті 2010 жылғы 1-жартыжылдықтағы осындай көрсеткішпен салыстырғанда 2,1 еседен астам ұлғая отырып, 2011 жылғы 1-жартыжылдықта 9,2 млрд. АҚШ долл. құрады.
Ағымдағы операциялар балансының 2010 жылғы 1-жартыжылдықпен салыстырғанда айтарлықтай жақсаруы тауар экспорты құнының энергия тасымалдауыштардың әлемдік бағаларының қолайлы конъюнктурасына байланысты өсуімен қамтамасыз етілді. Орташа алғанда 2011 жылғы 1-жартыжылдықта brent сұрыпты мұнайдың әлемдік бағасы бір баррель үшін 111,0 АҚШ долл. құрады, бұл оның 2010 жылғы 1-жартыжылдықтағы орташа деңгейінен (бір баррель үшін 77,67 АҚШ долл.) 42,9% жоғары. Бұл ретте 2011 жылғы 2-тоқсанда мұнайдың орташа әлемдік бағасы бір баррель үшін 117,1 АҚШ долл. жетті, бұл оның 2011 жылғы 1-жартыжылдықтағы деңгейінен 11,6% жоғары. Нәтижесінде, тауарлар экспорты 2010 жылғы осындай кезеңмен салыстырғанда 46,5% ұлғайып, 43,9 млрд. АҚШ долл. құрады. Бұл ретте тауарлардың ресми экспорты 43,4 млрд. АҚШ долл. деңгейінде қалыптасты. Экспорттың негізгі тауар номенклатурасының құрылымында 27,9 млрд. АҚШ долл. (64,4%) мұнай мен газ конденсатының экспортына тиесілі болды (2010 жылғы 1-жартыжылдықта 18,7 млрд. АҚШ долл.). Қара металдар экспортының құны 42,2%, түсті металдар экспортының құны 45,5% ұлғайды. Бұл ретте, қарастырылып отырған кезеңде тауарлардың жиынтық экспортының өсуіне келісімшарттық бағалардың үлкен көлемде өсуі себепші болды.
Импорттық операциялардың көлемі 2010 жылғы 1-жартыжылдықпен салыстырғанда 38,9% ұлғая отырып, есепті тоқсанда 18,7 млрд. АҚШ долл. құрады (ресми импорт – 16,6 млрд. АҚШ долл.). Импорттың өсуі негізгі номенклатураның барлық тауар топтары бойынша байқалды. Аралық тұтыну тауарлары (оларға 2011 жылғы 1-жартыжылдықта импорттағы неғұрлым үлкен үлес – 41,1% тиесілі болды) бойынша 29,1% ұлғаю болды. Инвестициялық тауарлар импортының өсуі 23,9%, тұтыну тауарларының өсуі 33,9% құрады. Бұл ретте азық-түлік тұтыну тауарларын жалпы әкелу 45,4%, ал азық-түлікке жатпайтын тауарларды жалпы әкелу 25,4% өсті. Экспорттық операциялардан айырмашылығы, импорт құнының ұлғаюы негізінен сандық жеткізулердің өсуімен қамтамасыз етілді.
Тұтастай алғанда сауда балансы 2011 жылғы 1-жартыжылдықта 25,2 млрд. АҚШ долл. оң сальдомен қалыптасты, бұл 2010 жылғы 1-жартыжылдықпен салыстырғанда 52,6% (16,5 млрд. АҚШ долл.) көп.
Қызмет көрсету балансының дефициті 2010 жылғы 1-жартыжылдықтағы көрсеткішпен салыстырғанда 20% төмендей отырып, 2011 жылғы 1-жартыжылдықта 2,3 млрд. АҚШ долл. құрады. Қызмет көрсетудің теріс дисбалансының қысқаруы қызмет көрсету импортының 2010 жылғы 1-жартыжылдықпен салыстырғанда 9,2% азаюымен қамтамасыз етілді.
Тауарлар экспортынан түсетін түсімдердің ұлғаюы салдарынан экономиканың тиісті салаларының шетелдік тікелей инвесторлары кірістерінің өсуі жалғасып отыр. Шетелдік тікелей инвесторларға төлемдер 12,5 млрд. АҚШ долл. деңгейге дейін жете отырып (2010 жылғы 1-жартыжылдықта 8,2 млрд. АҚШ долл.), 53,8% ұлғайды. Тікелей инвестициялау қатынастарымен байланысты емес кредиторларға сыйақы төлемдері де есепті кезеңде 1,6 млрд.АҚШ долл. аса отырып, 30,9% ұлғайды. Нәтижесінде инвестициялық кірістер балансының теріс сальдосы 2010 жылғы 1-жартыжылдықтағы 8,6 млрд. АҚШ долл. салыстырғанда 2011 жылғы 1-жартыжылдықта 13,1 млрд. АҚШ долл. құрады.
Қаржылық шот бойынша 2011 жылғы 1-жартыжылдықта 2011 жылғы 2-тоқсандағы операциялар себепші болған 1,5 млрд. АҚШ долл. нетто-әкетілумен қалыптасты. Шетелге тікелей инвестициялар бойынша 3,3 млрд. АҚШ долл. нетто-әкетілу акционерлік капитал мен Қазақстан кәсіпорындарының өздерінің шетелдік аффилиирленген компанияларына берген несиелерінің өсуімен қамтамасыз етілді. Шетелдік тікелей инвестициялардың (ШТИ) Қазақстанға таза түсуі 2010 жылғы 1-жартыжылдықтағы 5,7 млрд. АҚШ долл. салыстырғанда 7,5 млрд. АҚШ долл. құрады. 2010 жылғы 1-жартыжылдықта елге ШТИ нетто-әкелінуіне қатысты ұлғаю көбіне шетелдің қатысуы бар банктердің акционерлік капиталының толықтырылуымен, сондай-ақ банктік емес сектор кәсіпорындарының жарияланған, бірақ өздерінің бас компанияларына төленбеген дивидендтері есебінен қамтамасыз етілді. Нәтижесінде тікелей инвестициялау операциялары бойынша оң баланс 2011 жылғы 1-жартыжылдықта 4,2 млрд. АҚШ долл. құрады.
Портфельдік инвестициялар балансы Ұлттық қордың шетелдік активтерінің 6,4 млрд. АҚШ долл. астам өсуімен, сондай-ақ резидент еместердің Ұлттық Банктің қысқа мерзімді ноттарымен жүргізген операцияларымен сипатталады. 2011 жылғы 1-тоқсанда резидент еместер Ұлттық Банктің қысқа мерзімді ноттарын белсенді сатып алды, соның нәтижесінде резидент еместердің портфеліндегі ноттар көлемі сол кезеңде 2,3 млрд. АҚШ долл. артты. Алайда 2011 жылғы 2-тоқсанда резидент еместердің қолдарындағы ноттар көлемінің 0,7 млрд. АҚШ долл. төмендегені байқалады.
Сондай-ақ 2011 жылғы 1-жартыжылдықта еурооблигациялардың жаңа шығарылымдары нәтижесінде банк секторы міндеттемелерінің, сондай-ақ банктердің және банктік емес сектор кәсіпорындарының арнайы мақсаттағы кәсіпорындар (АМК) шығарған еурооблигациялар бойынша эмитентті ауыстыру жөніндегі операцияларының өсуі байқалды. Сонымен қатар банктердің бұрын шығарылған еурооблигациялар бойынша міндеттемелерді өтеуі және қосалқы нарықтағы операциялар белгілі бір дәрежеде банктердің портфельдік инвестициялар бойынша міндеттемелерінің ұлғаюын нивелирледі, нәтижесінде 2011 жылғы 1-жартыжылдықта жүргізілген операциялар есебінен (төлем балансының операцияларына кірмейтін құндық және басқа да өзгерістерді есептемегенде) банктер міндеттемелерінің өсімі 0,4 млрд. АҚШ долл. құрады. Жалпы алғанда, портфельдік инвестициялар бойынша нетто-әкету 3,9 млрд. АҚШ долл. болды.
Жалпы сыртқы борыш
2011 жылғы 2-тоқсанда Қазақстан Республикасының жалпы сыртқы борышының (бұдан әрі – ЖСБ) көлемі 2009 жылғы 1-тоқсаннан бергі динамикамен (азаю жағына қарай) нақтыланды, ол негізінен респонденттердің өткен кезеңдердегі есептерінің түзетілуімен байланысты болды. Мәселен, аудиторлық тексеру нәтижесінде ірі респонденттің фирмааралық берешегінің бір бөлігі қайтаруға жатпайтын капитал ретінде танылды.
Осы деректерді есептегенде 2011 жылғы 1-тоқсанның аяғында ЖСБ 123,2 млрд. АҚШ долл. мөлшерінде бағаланды (қайта бағалауға дейінгі 124,2 млрд. АҚШ долл. қарағанда).
Жалпы алғанда, 2011 жылғы 1-жартыжылдықта ЖСБ шамамен 6,0 млрд. АҚШ долл. өсті, оның ішінде 2011 жылғы 2-тоқсанда 0,9 млрд. АҚШ долл. өсті. Сонымен қатар 2011 жылғы 2-тоқсанда борыш Ақша-кредиттік реттеу органдары бойынша 0,9 млрд. АҚШ долл. (2011 жылғы 1-жартыжылдықта 1,5 млрд. долл. өсу) және Банктер бойынша 1,2 млрд. АҚШ долл. (2011 жылғы 1-жартыжылдықта 1,3 млрд. долл. төмендеу) төмендеді. Ақша-кредиттік реттеу органының сыртқы борышы негізінен резидент еместердің Ұлттық Банктің қысқа мерзімді ноттарымен операцияларына байланысты өзгерді. Банктердің сыртқы борышының төмендеуі көбіне Банктердің резидент еместердің портфеліндегі облигацияларының нарықтық бағаларының айтарлықтай азаюымен байланысты болды.
Мемлекеттік басқару секторы сыртқы борыштық міндеттемелердің 0,2 млрд. АҚШ долл. ұлғайғанын көрсетті, ол негізінен Қаржы министрлігінің резидент еместердің қолындағы бағалы қағаздары көлемінің ұлғаюы есебінен болды. Басқа секторлардың сыртқы борышы 2011 жылғы 1-жартыжылдықта 5,5 млрд. АҚШ долл., оның ішінде 2011 жылғы 2-тоқсанда 2,8 млрд. АҚШ долл. өсті, оның ішінде фирмааралық борышқа тиісінше 4,0 млрд. АҚШ долл. және 2,6 млрд. АҚШ долл. тиесілі.
Осылайша, 2011 жылғы 30 маусымдағы жағдай бойынша республиканың ЖСБ 124,1 млрд. АҚШ долл. құрады, оның ішінде 6,5 млрд. АҚШ долл. немесе 5,3%-ын мемлекеттік сектордың сыртқы борышы құрайды, 56,2 млрд. АҚШ долл. немесе 45,3% фирмааралық берешектің, 18,6 млрд. АҚШ долл. немесе 15,0% банк секторының үлесіне тиесілі.
Тауарлардың және қызметтердің экспортына (ТҚЭ) және ЖІӨ қатысты сыртқы борыштың салыстырмалы өлшемдері жақсара түсуде, бұл ТҚЭ мен ЖІӨ-нің озып өсуіне байланысты болды. Атап айтқанда, 2011 жылғы 30 маусымда ТҚЭ-ге ЖСБ-нің қатынасы 2011 жылғы 31 наурыздағы 178,9%-ға және 2010 жылғы 31 желтоқсандағы 181,5%-ға қарағанда 156,8% құрады. ЖІӨ-ге ЖСБ-нің қатынасы есепті күні 2011 жылғы
1-тоқсанның аяғындағы 80,2%-ға және 2011 жыл басындағы 79,8%-ға қарағанда 77% болды.
Елдің мемлекеттік секторы ретіндегі сыртқы борыштық активтерінің (негізінде Ұлттық Банктің резервтік активтері және Ұлттық қордың активтері есебінен), сондай-ақ банктердің және Басқа секторлардың (борыштық қаржы құралдарының барлық түрлері бойынша) айтарлықтай өсуі салдарынан Қазақстанның 2011 жылғы 2-тоқсандағы таза сыртқы борышы 5,1 млрд. АҚШ долл. қысқарғанын атап көрсету керек. Нәтижесінде Қазақстанның 2011 жылғы 30 маусымдағы таза сыртқы борышы 15,6 млрд. АҚШ долл. құрады. Бұл ретте 2011 жылғы 30 маусымда банктер таза борышкер позициясынан таза кредитор позициясына көшті. Қазақстанның халықаралық инвестициялық позициясы да айтарлықтай жақсарғанын көрсетті (2011 жылғы 1-тоқсанда 6,4 млрд. АҚШ долл. және 2011 жылғы 1-жартыжылдығында 9,8 млрд. АҚШ долл.).
4. Халықаралық резервтер және ақша агрегаттары.
2011 жылғы қыркүйекте Ұлттық Банктің халықаралық резервтері төмендеді. Ұлттық Банктің жалпы халықаралық резервтері 32,5 млрд. АҚШ долл. дейін 9,8%-ға төмендеді (жыл басынан өсуі – 14,9%). Ұлттық Банктің таза халықаралық резервтері 10,0%-ға төмендеп, 31,9 млрд. АҚШ долл. құрады (жыл басынан өсуі – 15,2%). Ішкі валюта нарығында валютаны сату, Үкіметтің сыртқы борышына қызмет көрсету, Ұлттық қордың активтерін алтынвалюта резервтері шоттарынан толықтыру Үкіметтің Ұлттық Банктегі шоттарына валютаның түсуімен және Ұлттық Банкте банктердің корреспонденттік шоттарындағы шетел валютасындағы қалдықтардың ұлғаюымен ішінара бейтараптандырылды. Нәтижесінде 2011 жылғы қыркүйекте таза валюталық активтері (ЕАВ) 10,4%-ға төмендеді. Алтындағы активтер әлемдік нарықтардағы оның бағасының төмендеуі есебінен 6,7%-ға төмендеді.
2011 жылғы қыркүйекте Ұлттық қордың шетел валютасындағы активтерін (алдын ала деректер бойынша 40,0 млрд. АҚШ долл.) қоса алғанда елдің халықаралық резервтері 5,1% төмендеп, 72,5 млрд. АҚШ долл. құрады (жыл басынан өсуі – 22,4%).
2011 жылғы қыркүйекте ақша базасы аз ғана 0,1%-ға тарылып, 2883,1 млрд. теңге құрады (жыл басынан кеңеюі – 12,1%). Тар ақша базасы, яғни Ұлттық Банктегі екінші деңгейдегі банктердің мерзімді депозиттері ескерілмеген ақша базасы шамалы
2621,5 млрд. теңгеге дейін 0,03%-ға кеңейді.
2011 жылғы тамызда ақша массасы 2,3%-ға 9514,3 млрд. теңгеге дейін төмендеді (жыл басынан өсуі – 12,2%). Айналыстағы қолма-қол ақша көлемі 1,6%-ға өсті және 1254,1 млрд. теңге құрады (жыл басынан өсуі – 9,2%). 2011 жылғы тамызда банк жүйесіндегі депозиттер 2,9%-ға 8260,2 млрд. теңгеге дейін төмендеді (жыл басынан өсуі – 12,6%). Ақша массасы құрылымындағы депозиттердің үлесі айналыстағы қолма-қол ақша көлемінің өсуі аясында депозиттердің төмендеуі салдарынан 2011 жылғы шілдедегі 87,3%-дан 2011 жылғы тамызда 86,8%-ға дейін төмендеді.
Ақша мультипликаторы 2011 жылғы шілдедегі 3,05-тен 2011 жылғы тамыздың қорытындысы бойынша 3,30-ға дейін өсті, бұл ақша базасының тарылуы қарқынымен салыстырғанда 2011 жылғы тамызда тіркелген ақша масасының неғұрлым төмендеу қарқынына байланысты болды.
5. Валюта нарығы
2011 жылғы қыркүйекте ішкі валюта нарығындағы ахуал шетел валютасы сұранысының оның ұсынысынан асуы жағдайында қалыптасты. Осы ай ішінде теңгенің АҚШ долларына бағамы 1 доллар үшін 146,46-147,87 теңге диапазонында өзгерді.
2011 жылғы қыркүйекте теңге 1,0% әлсіреді және теңгенің биржалық бағамы айдың аяғында 1 доллар үшін 147,99 теңгені құрады.
2011 жылғы қыркүйекте қыркүйекте Қазақстан қор биржасындағы биржалық операциялар көлемі қосымша сауда-саттықтағы мәмілелерді ескере отырып, 2011 жылғы тамызбен салыстырғанда 4,3% азайып, 7,0 млрд. АҚШ долл. болды. Биржадан тыс валюта нарығында операциялар көлемі 35,2% төмендеп, 3,3 млрд. АҚШ долл. құрады.
Тұтастай алғанда ішкі валюта нарығындағы операциялар көлемі 18,5% төмендеді және 10,1 млрд. АҚШ долларын құрады. 2011 жылғы қыркүйекте Ұлттық Банк ішкі валюта нарығында басым түрде шетел валютасын нетто-сатушы болды.
Қазіргі сәтте теңгенің құнсыздануын жүргізуге себептер жоқ. Теңге бағамына әсер етудің негізгі факторы, шикізаттың бағасы жеткілікті түрде жоғары деңгейде. Осы фактіге байланысты бұған дейін орын алған теңгенің нығаюы айтарлықтай болды.
Теңгенің бағамына әсер етудің басқа факторы – ресей рублінің динамикасы. Әдетте, теңге мен рубль бір бағытта дамиды. Бұл ретте рубль бағамы ауытқуларының диапазоны нығаю жағына, сол сияқты әлсіреу жағына да теңгемен салыстырғанда едәуір кеңірек.
Мәселен, 2009 жылғы ақпанның соңынан 2010 сәуірге дейінгі аралықта ресей рублінің нығаюы 18% құраған кезде теңге тек 2,3% нығайды. Кейіннен 2010 жылғы мамыр - желтоқсан аралығында ресей рублінің әлсіреуі 4,1% құраса, теңге 0,4% әлсіреді. 2011 жылғы 7 айда ресей рублінің нығаюы 9,2%, теңгенікі 0,9% болды, 2011 жылғы тамыз-қыркүйекте ресей рублі 15,2%, ал теңге 1,2% әлсіреді.
Тиісінше, бұдан әрі ресей рублімен бірдей теңгенің әлсіреуі күтілмейді. Теңгенің құнсыздану ықтималдылығы ресей рублінің әлсіреуі ағымдағы деңгейден 25% астам болған жағдайда артуы мүмкін.
6. Мемлекеттік бағалы қағаздар нарығы
2011 жылғы қыркүйекте Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздарын орналастыру бойынша 4 аукцион болды. Оларға 3 жылдық МЕОКАМ (10,7 млрд. теңге), 6 және 13 жылдық МЕУКАМ (тиісінше 13,9 млрд. теңге және 10 млрд. теңге), 19 жылдық МЕУЖКАМ (15 млрд. теңге) орналастырылды.
Орналастырылған бағалы қағаздар бойынша тиімді кірістілік 3 жылдық МЕОКАМ бойынша - 3,10%, 6 және 13 жылдық МЕУКАМ бойынша тиісінше - 3,61%, 5,00% және 19 жылдық МЕУЖКАМ бойынша инфляция деңгейінен 0,01% жоғары болды.
Қаржы министрлігінің айналыстағы бағалы қағаздарының көлемі өткен аймен салыстырғанда 2,2%-ға ұлғайып, 2011 жылғы қыркүйектің аяғында 1916,6 млрд. теңге болды.
Қазақстан Ұлттық Банкінің қысқа мерзімді ноттары.
Ұлттық Банк ноттарының эмиссия көлемі 2011 жылғы тамызбен салыстырғанда 2,1 есе ұлғайып, 2011 жылғы қыркүйекте 246,6 млрд. теңге болды.
Бұл ретте 3 айлық ноттарды (28,9 млрд. теңге, 45,8 млрд. теңге және 64,6 млрд. теңге) орналастыру бойынша 3 аукцион, 6 айлық ноттарды (60 млрд. теңге) орналастыру бойынша 1 аукцион, 9 айлық ноттарды (38,2 млрд. теңге және 9,1 млрд. теңге) орналастыру бойынша 2 аукцион болды.
Орналастырылған ноттар бойынша тиімді кірістілік 3 айлық бойынша – 0,92%, 1,01% және 1,01%, 6-айлық бойынша – 1,46%, 9 айлық бойынша – 1,75% және 1,73%-ды құрады.
Айналыстағы ноттардың көлемі 2011 жылғы тамызбен салыстырғанда 25,0% төмендеп, 2011 жылғы қыркүйектің аяғында 742,6 млрд. теңге болды.
7. Банкаралық ақша нарығы
2011 жылғы тамызда орналастырылған банкаралық депозиттердің жалпы көлемі 2011 жылғы шілдемен салыстырғанда 19,7% азайып, баламасы 2276,8 млрд. теңге болды.
Орналастырылған банкаралық теңгелік депозиттердің көлемі 42,7% төмендеп, 901,8 млрд. теңгені құрады (орналастырылған депозиттердің жалпы көлемінің 39,6%). Бұл ретте орналастырылған банкаралық теңгелік депозиттер бойынша орташа алынған сыйақы ставкасы 2011 жылғы тамызда 0,67%-дан 0,71%-ға дейін өсті.
Ұлттық Банктің банктерден тартқан депозиттерінің көлемі 2011 жылғы шілдемен салыстырғанда 2011 жылғы тамызда 838,2 млрд. теңгеге дейін 45,7%-ға төмендеді.
2011 жылғы шілдемен салыстырғанда 2011 жылғы тамызда доллармен орналастырылған депозиттердің көлемі 3,4% өсіп, 8,1 млрд. АҚШ долл. құрады (орналастырылған депозиттердің жалпы көлемінің 51,9%). Доллармен орналастырылған депозиттер бойынша орташа алынған сыйақы ставкасы 0,10%-дан 0,15%-ға дейін өзгерді.
2011 жылғы тамызда еуромен орналастырылған депозиттердің көлемі 0,6 млрд. еуроны құрай отырып, 90,7% ұлғайды (орналастырылған депозиттердің жалпы көлемінің 5,4%). Еуромен орналастырылған депозиттер бойынша орташа алынған сыйақы ставкасы 0,83%-дан 0,74%-ға дейін төмендеді.
Ресей рублімен орналастырылған депозиттердің көлемі 2011 жылғы тамызда 22,9%-ға өсіп, 13,7 млрд. рубльді құрады (орналастырылған депозиттердің жалпы көлемінің 3,1%). Орналастырылған рубльдік депозиттер бойынша орташа алынған сыйақы ставкасы 3,25%-дан 3,24%-ға дейін төмендеді.
Шетел валютасындағы банкаралық депозиттердің үлесі 2011 жылғы тамызда орналастырылған депозиттердің жалпы көлемінен 44,5%-дан 60,4%-ға дейін ұлғайды. Резидент емес банктерде орналастырылған шетел валютасындағы депозиттердің үлесі 44,0%-дан 59,4%-ға дейін өсті.
8. Депозит нарығы
Резиденттердің депозиттік ұйымдардағы депозиттерінің жалпы көлемі 2011 жылғы тамызда 8260,2 млрд. теңгеге дейін 2,9% төмендеді (жыл басынан бері 12,6% өсті). Заңды тұлғалардың депозиттері 5744,8 млрд. теңгеге дейін 4,4% төмендеді, жеке тұлғалардың депозиттері 2515,4 млрд. теңгеге дейін 0,7% өсті.
2011 жылғы тамызда шетел валютасындағы депозиттердің көлемі 2595,6 млрд. теңгеге дейін 2,0% төмендеді, ұлттық валютадағы депозиттер 5664,6 млрд. теңгеге дейін 3,3% азайды. Теңгедегі депозиттердің үлес салмағы 2011 жылғы шілдемен салыстырғанда 2011 жылғы тамызда 68,9%-дан 68,6%-ға дейін азайды.
Халықтың банктердегі салымдары (резидент еместерді қоса алғанда) 2011 жылғы тамызда 2551,6 млрд. теңгеге дейін 0,6% өсті (жыл басынан бері 13,4% өсті). Халықтың салымдары құрылымында теңгедегі депозиттер 1497,8 млрд. теңгеге дейін 0,7% өсті, шетел валютасындағы депозиттер 1053,7 млрд. теңгеге дейін 0,4% ұлғайды. Нәтижесінде теңгедегі депозиттердің үлес салмағы 58,6%-дан 58,7%-ға дейін өсті.
2011 жылғы тамызда банктік емес заңды тұлғалардың теңгедегі мерзімді депозиттері бойынша орташа алынған сыйақы ставкасы 2,7% (2011 жылғы шілдеде – 2,9%), ал жеке тұлғалардың депозиттері бойынша 8,3% (7,6%) құрады.
9. Кредит нарығы
Банктердің экономиканы кредиттеуінің жалпы көлемі 2011 жылғы тамызда 8281,1 млрд. теңгені құрап, 1,2%-ға көтерілді (жылдың басынан бастап өсуі 9,1%).
Ұлттық валютадағы кредиттердің көлемі 5161,8 млрд. теңгеге дейін 2,2%-ға артты, шетел валютасында – 3119,3 млрд. теңгеге дейін 0,5% төмендеді. 2011 жылғы тамызда теңгедегі кредиттердің үлес салмағы 2011 жылғы шілдемен салыстырғанда 61,7%-дан 62,3%-ға дейін көбейді.
2011 жылғы тамызда ұзақ мерзімді кредиттеу 6828,8 млрд. теңгеге дейін 0,4%-ға артты, қысқа мерзімді кредиттеу 1452,3 млрд. теңгеге дейін 5,2% ұлғайды. 2011 жылғы тамызда ұзақ мерзімді кредиттердің үлес салмағы 2011 жылғы шілдемен салыстырғанда 83,1%-дан 82,5%-ға дейін төмендеді.
2011 жылғы тамызда заңды тұлғаларға кредиттер 6056,0 млрд. теңге болып, 1,8%-ға өсті, жеке тұлғаларға кредиттер 2225,1 млрд. теңгеге дейін 0,4% төмендеді. Жеке тұлғаларға кредиттердің үлес салмағы 2011 жылғы шілдеде 27,3%-дан 2011 жылғы тамызда 26,9%-ға дейін төмендеді.
Шағын кәсіпкерлік субъектілерін кредиттеу 2011 жылғы тамызда 1340,5 млрд. теңгеге дейін 2,2% төмендеді, бұл экономикаға кредиттердің жалпы көлемінің 16,2%-ын құрайды.
Банктердің экономикаға кредиттерінің неғұрлым айтарлықтай сомасы салалық бөлуде сауда (жалпы көлемдегі үлесі – 20,5%), өнеркәсіп (11,6%), құрылыс (18,3%), көлік (4,0%) және ауыл шаруашылығы (3,8%) сияқты салаларға тиесілі.
2011 жылғы тамызда банктік емес заңды тұлғаларға ұлттық валютамен берілген кредиттер бойынша орташа алынған сыйақы ставкасы 11,8% (2011 жылғы шілдеде – 12%), жеке тұлғалардікі – 19,9% (21,0%) болды.
Достарыңызбен бөлісу: |