Қазақстан Республикасындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2011 2015 жылдарға арналған салалық бағдарламаны бекіту туралы



бет1/2
Дата23.02.2016
өлшемі272 Kb.
#4891
  1   2
Қазақстан Республикасындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2011 - 2015 жылдарға арналған салалық бағдарламаны бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 31 наурыздағы № 308 Қаулысы



      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2011 - 2015 жылдарға арналған салалық бағдарлама (бұдан әрі - Бағдарлама) бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (қаржы полициясы) (келісім бойынша) мүдделі мемлекеттік органдармен, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдерімен бірлесіп, Бағдарламада көзделген іс-шаралардың тиісінше және уақтылы орындалуын қамтамасыз етсін.
      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігіне (қаржы полициясы) (келісім бойынша) жүктелсін.
      4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының


      Премьер-Министрі                           К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы


Үкіметінің      
2011 жылғы 31 наурыздағы
№ 308 қаулысымен  
бекітілген     

Қазақстан Республикасындағы сыйбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2011 - 2015 жылдарға арналған салалық бағдарлама

1. Паспорты

      Ескерту. 1-бөлімге өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2012.06.28 № 866 Қаулысымен.

Атауы                        Қазақстан Республикасындағы сыбайлас
                             жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі
                             2011 - 2015 жылдарға арналған салалық
                             бағдарлама (бұдан әрі - Бағдарлама)

Әзірлеу                      «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік


үшін негіздеме               жоспарлау жүйесі туралы» Қазақстан
                             Республикасы Президентінің 2009 жылғы 18
                             маусымдағы Жарлығы;
                             «Қазақстан Республикасының 2020 жылға
                             дейінгі Стратегиялық даму жоспары
                             туралы» Қазақстан Республикасы
                             Президентінің 2010 жылғы 1 ақпандағы №
                             922 Жарлығы

Бағдарламаны                 Қазақстан Республикасы Экономикалық


әзірлеуге және іске          қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы
асыруға жауапты              күрес агенттігі (қаржы полициясы) (бұдан
мемлекеттік орган            әрі - Агенттік)

Мақсаты                      Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың


                             тиімділігін арттыру

Міндеттері                   Халықаралық ынтымақтастықты кеңейту және


                             сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл
                             мәселелері бойынша ұлттық заңнаманы
                             жетілдіру;
                             Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл,
                             сондай-ақ сыбайлас жемқорлық қауіптерін
                             азайту жөніндегі мемлекеттік органдар
                             қызметінің тиімділігін арттыру; Сыбайлас
                             жемқорлыққа қарсы көзқарасты жоғарылату;
                             Көлеңкелі экономика деңгейін төмендету.
                             Осы міндеттер негізінде әзірленген
                             шаралар талдауда көрсетілген
                             кемшіліктерді барынша азайту және
                             қауіптерді жою үшін бар күшті жақтарды
                             пайдалануға мүмкіндік береді

Іске асыру                   Бағдарламаны іске асыру 2011-2015 жылдар


мерзімдері (кезеңдері)       аралығындағы кезеңде жүзеге асырылатын
                             болады

Нысаналы                     Қазақстан 2015 жылға қарай «Транспаренси


индикаторлары                Интернэшнл» рейтингінде сыбайлас
                             жемқорлықты түйсіну индексі бойынша 180
                             елдің арасында 90 орынды иеленеді

Қаржыландыру көздері         Бағдарламаны іске асыруға жалпы сомасы


және көлемі                  362523,5 мың теңге қаражат бөлу
                             көзделуде:
                             оның ішінде, республикалық бюджеттен -
                             362523,5 мың теңге, оның ішінде:
                             2011 жылы - 27915,5 мың теңге;
                             2012 жылы - 243523,5 мың теңге;
                             2013 жылы - 30361,5 мың теңге;
                             2014 жылы - 30361,5 мың теңге;
                             2015 жылы - 30361,5 мың теңге.
                             Шығын сомалары толық емес және тиісті
                             қаржы жылына арналған республикалық
                             бюджет жобасын қалыптастыру кезінде
                             Республикалық бюджет комиссиясы
                             нақтылайтын болады.
                             Жергілікті бюджет есебінен
                             қаржыландырылатын іс-шараларды іске
                             асыру бөлінген қаражат шегінде
                             көзделеді.

2. Кіріспе

      Сыбайлас жемқорлық Қазақстанның, қауіпсіздігіне, мемлекет пен қоғамның тұрақтылығына жүйелі қауіпті білдіреді, халықаралық аренада Қазақстан Республикасының жағымсыз имиджін жасай отырып, жүргізіліп жатқан экономикалық және әлеуметтік реформаларға кедергі жасайды.


      Сыбайлас жемқорлық сыбайлас жемқор және адал (жергілікті немесе шетелдік) кәсіпкерлерді алдын ала теңсіздік жағдайына қоя отырып, сыртқы және ішкі нарықтардағы бәсекелестікке нұсқан келтіріп, ұлттық экономикаға жағымсыз әсер етеді. Сыбайлас жемқорлық жөніндегі тәуелсіз сарапшылар қауымдастығының бағалауы бойынша ол Қазақстанда тауарлар мен қызметтердің құнын 50%-га дерлік көтереді, бұдан елдің барлық халқы зиян шегеді.
      Сыбайлас жемқорлық бизнес жүргізудің экономикалық және қаржылық ортасын бұрмалайды, мемлекеттік басқару мен бизнестің тиімділігін, инвестицияларға ынталарын төмендетеді, экономикалық және саяси дамуды тежейді, әлеуметтік теңсіздікті туындатады, сондай-ақ саяси үдеріске белгілі бір тұрақсыздықты енгізеді.
      Мысалы, өткен ғасырдың 80-ші жылдарының басында экономиканы епсіз басқарумен ұштасқан сыбайлас жемқорлық Венесуэла сияқты мұнайға бай елді төлем қабілетсіздігіне әкелді. Демократиялық және демократиялық емес институттары бар бай елдер де, кедей елдер де сыбайлас жемқорлыққа бейім болады. Сыбайлас жемқорлықтың Жапония үкіметінде болған өзгерістерде, Италияның саяси жүйесін қайта ұйымдастыруда, Заирдағы үкіметтік биліктің, заңның және тәртіптің коллапсында түйінді рөл атқарғаны белгілі.
      Осылайша, сыбайлас жемқорлықтың қазіргі қоғамға әсері экономикалық шектен шығады. Сыбайлас жемқорлық экономика мен қоғамның әртүрлі салаларына ене отырып, елдің тұрақты саяси-экономикалық дамуына ыдыратушы әсер етеді, сондықтан оның ұлттық қауіпсіздігіне елеулі қауіп болып қала береді.
      Мәселен, 2005 - 2010 жылдар кезеңінде Қазақстан Республикасында 10929 сыбайлас жемқорлық қылмыс анықталды.
      Бұл ретте, осы көрсеткіштің жыл сайынғы өсу үдерісі байқалады, егер 2005 жылы осындай қылмыстар саны 1505 болса, 2010 жылдың нәтижелері бойынша - 1911, яғни 27 %-ға өскен.
      Осыған байланысты елдің ұзақ мерзімді бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету мақсатында ел алдында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың белсенді саясатын жалғастыру міндеті тұр.
      Бұл ретте, сыбайлас жемқорлыққа тек мемлекеттік және құқық қорғау органдарының күшімен ғана қарсы тұру сыбайлас жемқорлық деңгейін барынша төмендетуге мүмкіндік бермейтіндіктен, бұл жеделдетілген экономикалық және әлеуметтік даму бойынша елде жүргізіліп жатқан қайта құруларды тежейді.
      Сондықтан сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Қазақстанның және Президент Н. Назарбаевтың мемлекеттік саясатының аса маңызды стратегиялық басымдығы болып табылады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттік саясат елдегі әлеуметтік, экономикалық және саяси тұрақтылықты күшейтуге, азаматтар мен қоғамның құқықтарын, бостандығы мен заңды мүдделерін жалпы қылмыстық көріністерден қорғау деңгейін көтеруге мүмкіндік береді.
      Бұрын іске асырылған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің мемлекеттік бағдарламаларының нәтижелері сыбайлас жемқорлықтың одан әрі дамуына кедергі жасайтын пәрменді жағдайларды қалыптастыру бойынша барлық мемлекет пен қоғамның дәйекті жүйелі жұмысын одан әрі жүргізудің мақсаттылығы мен қажеттілігін көрсетті.
      Мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам іске асыратын сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға бағытталған өзара байланысты іс-шаралардың кешенін әзірлеу мақсатында осы Бағдарлама әзірленді.
      Бағдарлама Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 1 ақпандағы № 922 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарының негізгі мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған.

3. Ағымдағы жағдайды талдау

      Ескерту. 3-бөлімге өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2012.06.28 № 866 Қаулысымен.



      Сыбайлас жемқорлық қазіргі қоғамның тұрақты түрде мұқият зерделеуді, жүйелік ұстанымды, кешенді және жедел қарсы іс-қимылды талап ететін жағымсыз құбылысы болып табылады.
      Елдегі сыбайлас жемқорлықтың деңгейі мен ауқымы экономикалық дамуға кедергі жасайды, инвестициялық ахуалға жағымсыз әсерін тигізеді, елдің имиджін, Қазақстан Республикасымен ынтымақтастыққа деген халықаралық қызығушылықты төмендетеді.
      1998 - 2010 жылдар кезеңінде қабылданған заңнамалық актілерді, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің мемлекеттік бағдарламаларын талдау оларда сыбайлас жемқорлыққа қарсы маңызды әлеуеттің негізі қаланғанын және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды заңнамалық қамтамасыз ету бойынша бірқатар шаралар іске асырылғанын көрсетеді.
      Халықаралық сарапшылардың бағалауы бойынша Қазақстан Республикасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес үшін ең тиімді болып танылған заңнамалық база қалыптастырылды.
      Әкімшілік кедергілер төмендетіліл, лицензияланатын қызмет түрлері мен рұқсаттар саны 3 есе азайтылды.
      Тиісті нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеу мен қабылдау, жеңілдіктер және үкіметтік емес қоғамдық ұйымдар арасында әлеуметтік мемлекеттік тапсырысты орналастыру түріндегі азаматтық қоғам институтын дамытуды белсенді мемлекеттік қолдау халықтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы белсенділігін арттыруға әкелді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің нәтижесіне сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялардың, атап айтқанда заң шығару қызметіне табысты қатысатын «Нұр Отан» Халықтық-демократиялық партиясының жұмысын жандандыру оң әсерін тигізеді.
      Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласындағы халықаралық келісімдер мен халықаралық ынтымақтастықты іске асыру мақсатында 2008 жылғы 4 мамырда Қазақстан Республикасы Біріккен Ұлттар Ұйымының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясын ратификациялап, Румыния, Польша, Эстония, Хорватия, Грузия, Словакия, Латвия, Қытай, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері, Египет және Франция үкіметтерімен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша 12 келісімге қол қойды.
      Мәселен, 1998 - 1999 жылдар кезеңінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің пәрменді құралы болған және мемлекеттік қызметшілердің мәртебесін, құқықтары мен міндеттерін, олардың моральдық-адамгершілік бейнесін және іскерлік сапасын белгілейтін «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» және «Мемлекеттік қызмет туралы» Қазақстан Республикасының заңдары, сонымен қатар «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің ар-намыс кодексі туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 3 мамырдағы № 1567 Жарлығы қабылданды.
      Атап айтқанда, мыналарды қабылдау сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің маңызды кезеңдері болды:
      «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы, ол арқылы сотталған адамның қылмыстық жолмен алынған және басқа адамдардың меншігіне берілген мүлкін тәркілеу енгізілген;
      мыналарға:
      сыбайлас жемқорлық қылмыс және құқық бұзушылық жасағаны үшін айыппұл санкциясын арттыру және мүлкін тәркілеуді енгізу жолымен лауазымды адамдардың жауапкершілігін күшейтуге;
      мемлекеттік органдардың, мемлекеттік ұйымдардың және мемлекет қатысатын ұйымдардың басшыларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл үшін дербес жауапкершілік белгілене отырып, осы жөнінде тікелей міндет жүктеуге;
      азаматтардың сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың жолын кесу мен оны ашуға жәрдемдесуге бағытталған қызметін көтермелеу тетіктерін қамтитын, азаматтардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекетін ынталандыру жөнінде шаралар белгілеуге;
      «корпоративтік сыбайлас жемқорлыққа» қарсы іс-қимыл шараларын әзірлеуге бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті одан әрі күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы.
      Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің заңнамалық базасын жетілдірудің жүйелі және кешенді тәсілі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағыты бойынша халықаралық қоғамдастықтың мемлекетті бағалауын жақсартуда өз бейнесін тапты. «Транспаренси Интернэйшнл» сыбайлас жемқорлықты түйсіну индексінің рейтингіне сәйкес Қазақстан 178 елдің ішінде 2010 жылы 105 орынды иеленсе, 2009 жылы 120-орынды, 2008 жылы 145-орынды иеленген.
      Соңғы жылдары құқық қорғау органдарының қызметін жандандыру нәтижесінде сыбайлас жемқорлық қылмыстарды анықтау құрамының сапасы артты. Жауапкершілікке тартылатын сыбайлас жемқорлардың ішінде мемлекеттік билік органдарының басқарушы буынының өкілдері жиі кездеседі.
      Алайда, құқық қорғау органдары қабылдап жатқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес шараларына қарамастан, олар айтарлықтай нәтиже бермей отыр.
      Осылайша, сыбайлас жемқорлық қылмыстардың ауқымы, оның әлеуметтік-экономикалық даму үдерісіне жағымсыз әсері сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралардың дәйекті жалғасын талап етеді.
      Мемлекеттік сатып алу, жер қойнауын пайдалану, жер қатынастары мен құрылыс, кеден және салық саласы қазіргі уақытта неғұрлым сыбайлас жемқорлық салалары болып табылады, онда соңғы жылдары келтірілген зиянның едәуір өсуі байқалады.
      Егер 2005 жылы анықталған сыбайлас жемқорлық қылмыстар бойынша келтірілген зиян сомасы 379 миллион теңгені ғана құраса, 2010 жылы осы көрсеткіш 6,8 миллиард теңгеге дейін өскен.
      Осыған байланысты сыбайлас жемқорлық көріністерін болдыртпау мақсатында Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен заңнамаға:
      сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаудың жоғары қауіпі бар лауазымдар тізбесін анықтау үшін негіздерді;
      осы лауазымдарға түсу және қызмет өткеру үшін жоғарылатылған талаптарды;
      көрсетілген лауазымдарды иеленуге үміткер тұлғалар үшін, олардың сыбайлас жемқорлықты сақтауына қатысты арнайы тексерістер қолдану мүмкіндігі туралы міндеттерді анықтауға бағытталған түзетулер енгізілді.
      Мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында әр мемлекеттік орган өз веб-сайтының жұмыс істеуін қамтамасыз етті, министрліктер мен ведомстволардың басшылары үкіметтік порталда ел халқымен сұхбаттарды жүзеге асыратын жеке блогтарын құрды.
      Барлық мемлекеттік органдар ведомстволық бағдарламалар мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша жоспарларды қабылдауда, оларда әр түрлі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралар белгіленген.
      Атап айтқанда, салық органдары Қазақстан Республикасы Салық қызметі органдарындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес стратегиясын Салықтық қатынастардағы сыбайлас жемқорлық салаларының тізімін және олардың сыбайлас жемқорлық көріністерін жою жөніндегі іс-шараларын, Салық қызметі органдары қызметкерінің кәсіптік этика кодексін, Салық төлеушінің хартиясын бекітті.
      Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің 2006 - 2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының іс-шаралар жоспарын орындау мақсатында барлық облыстарда, сондай-ақ Астана және Алматы қалаларында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің өңірлік бағдарламалары мен олардың іске асырылуы жөніндегі іс-шаралар жоспарлары қабылданды. Қабылданған бағдарламаларды іске асыру барысы туралы ақпарат Президент жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі комиссияның отырыстарында қаралады.
      Мемлекеттің Интернет-ресурс арқылы халықпен толыққанды кері байланысын құруға мүмкіндік беретін «электрондық үкіметті» енгізу іске асыру сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда оң рөл атқарады.
      Мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру үшін мемлекеттік қызметтер ұсынудың нақты стандарттары енгізілуде, бұл мемлекеттік органдар жұмысының ашықтығы мен айқындығын жақсартуға, қабылданатын шешімдердің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
      Жоғарғы Сот сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі іс-шаралар шеңберінде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Астанадағы орталығы, Америка Құрама Штаттарының халықаралық ынтымақтастық жөніндегі агенттігі (ЮСАИД), Германия техникалық ынтымақтастық қоғамы (ГТЦ), Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы (БҰҰДБ), Біріккен Ұлттар Ұйымының босқындар істері жөніндегі Жоғарғы Комиссар басқармасы (БҰҰ ҚЖКБ), «Адам құқықтары үшін хартия», «Трансперенси Қазақстан» қоғамдық қорлары және басқалар сияқты халықаралық және қоғамдық ұйымдармен азаматтардың сот әділдігіне, сот үдерісінің айқындығына қол жеткізуін қамтамасыз ету бойынша бірлескен жобаларды іске асыра отырып, ынтымақтастық жасайды.
      Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың жинақталған тәжірибесі жүргізіліп жатқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралардың тиімділігін арттыруға жақсы әлеует болып табылады.
      Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді саясат жүргізу үшін айрықша мүмкіндіктерге ие Қазақстан Республикасының әлсіз жақтары, мүмкіндіктері мен қауіптері бар, талдауға сәйкес оларға мыналар жатады:

Күшті жақтары

Әлсіз жақтары

1. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша нормативтік-құқықтық базаның болуы
2. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың қалыптасқан тәжірибесі

1. Халықтың құқықтық сауаттылығының жеткіліксіз деңгейі
2. Мемлекеттік және жергілікті атқарушы билік органдары қызметі ашықтығының жеткіліксіздігі

Мүмкіндіктері

Қауіптері

1. Халық тұрмысының жоғары деңгейі
2. Қолданыстағы заңнаманы халықаралық стандарттар деңгейіне дейін жетілдіру
3. Инвестициялық ахуалды жақсарту
4. Сыбайлас жемқорлық деңгейін бағалаудың халықаралық рейтингтерінде Қазақстан көрсеткіштерін көтеру
5. Мемлекеттік институттардың азаматтық қоғаммен ынтымақтастығын нығайту

1. «Көлеңкелі экономика» деңгейінің ұлғаюы
2. Инвестициялық тартымдылықтың төмендеуі
3. Мемлекеттік жобалар құнының «сыбайлас жемқорлық» құрамы есебінен өсуі
4. Экономикалық тиімділіктің төмендеуі
5. Халық тұрмысы деңгейінің төмендеуі және әлеуметтік шиеленістің артуы
6. Азаматтық қоғам тарапынан қолдау көрсетілмеуі

      Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың мемлекеттік реттелуінің қолданыстағы саясатын талдау қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың құқықтық және ұйымдастыру негіздері қалыптасып, жұмыс істейтінін көрсетті, олар мынадай актілерде көрсетілген:
      Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 шілдедегі Қылмыстық кодексі;
      Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 13 желтоқсандағы Қылмыстық-іс жүргізу кодексі;
      Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 13 желтоқсандағы Қылмыстық-атқару кодексі;
      Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 30 қаңтардағы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі;
      Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 15 мамырдағы Еңбек кодексі;
      «Жедел-іздестіру қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 1994 жылғы 15 қыркүйектегі Заңы;
      «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 17 сәуірдегі Заңы;
      «Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 19 маусымдағы Заңы;
      «Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды әкімшілік қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының 1996 жылғы 15 шілдедегі Заңы;
      «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі Заңы;
      «Сыбайлас жемқорыққа қарсы күрес туралы» Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 2 шілдедегі Заңы;
      «Мемлекеттік құпиялар туралы» Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 15 наурыздағы Заңы;
      «Мемлекеттік қызмет туралы» Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 23 шілдедегі Заңы;
      «Күзет қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 19 қазандағы Заңы;
      «Кемтар балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы» Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 11 шілдедегі Заңы;
      «Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 13 сәуірдегі Заңы;
      «Біріккен Ұлттар Ұйымының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясын ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 мамырдағы Заңы;
      «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 6 қаңтардағы Заңы;
      «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 6 қаңтардағы Заңы;
      «Қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүйесін жетілдіру шаралары туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 20 сәуірдегі № 377 Жарлығы;
      «Қазақстан Республикасы Президентінің жанынан Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі комиссия құру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2002 жылғы 2 сәуірдегі № 839 Жарлығы;
      «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту, мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар қызметіндегі тәртіп пен реттілікті нығайту жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 14 сәуірдегі № 1550 Жарлығы;
      «Қазақстан Республикасында қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту және құқық қорғау қызметін одан әрі жетілдіру жөніндегі қосымша шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 22 сәуірдегі № 793 Жарлығы;
      «Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 24 тамыздағы № 858 Жарлығы;
      «Қазақстан Республикасында құқық қорғау қызметі мен сот жүйесінің тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 17 тамыздағы № 1039 Жарлығы.
      Сонымен бірге, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың қолданылып жүрген құқықтық жүйесі халықаралық заңнамасы талаптары мен нормаларының бірқатар бағыттарынан кейін қалып отыр, бұл жүргізіліп жатқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарламалардың тиімділігін төмендету қаупін тудырады және қосымша норма шығару жұмыстарын жүргізуді талап етеді.
      Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бөлігінде қолданыстағы заңнаманы одан әрі жетілдіру қажет. Атап айтқанда, сыбайлас жемқорлық салаларын, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық үшін жағдай жасайтын заңнамадағы олқылықтарды анықтау, оларды одан әрі жою мақсатында қылмыстық жағдайға тұрақты түрде талдау жүргізу қажет.
      Сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы ұлттық заңнаманың халықаралық стандарттарға толық сәйкестігін қамтамасыз ету қажет.
      Негізгі проблемалар, сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетудің үрдістері мен алғышарттары.
      «Транспаренси Интернэшнл» сыбайлас жемқорлықты түйсіну индексінің рейтингінде елді бағалаудың белгілі бір деңгейге көтерілуіне қарамастан, Қазақстанның 105-орынды иеленуі мемлекет пен қоғам тарапынан сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар кешенін одан әрі қабылдау қажеттілігін растап отыр.
      Осыған байланысты табысты іске асыру үшін мынадай басты факторларды бөлу қажет.
      Халықаралық құқық нормаларын іске асыруға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы халықаралық шарттар мен келісімдерге қосылуға, елдің құқық қорғау органдарының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласын реттейтін беделді халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұйымдармен ықпалдасуына байланысты құқықтық салада да елеулі проблемалар бар. Мәселен, сыбайлас жемқорлық үшін қылмыстық жауапкершілік туралы және сыбайлас жемқорлық үшін азаматтық-құқықтық жауапкершілік туралы конвенцияларға.
      Мемлекеттік органдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының, қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың барлық қол жетімді құралдарды пайдалана отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамалар бойынша түсіндіру жұмыстарын қамтамасыз етудегі күшін одан әрі үйлестірудің маңызы ерекше зор.
      Алдын алу шараларын табысты жүргізу қызметі одан әрі жетілдіруді талап ететін сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағыттағы азаматтық қоғам институттарының қолдауынсыз мүмкін емес.
      Жұртшылықты тартпайынша, тұрмыстық және төменгі сыбайлас жемқорлыққа тиімді қарсы тұру мүмкін емес, өйткені басқарудың төменгі деңгейлерінде сыбайлас жемқорлық жоғарыдан келетін әрекеттерді аз сезінеді және бірінші кезекте, азаматтардың өздерінің және олар құрған азаматтық қоғам институттарының іс-әрекетімен тежелуі мүмкін.
      Сыбайлас жемқорлық «айла-амалдарды» қысқартудан басқа бюджет шығыстарын қысқарту түріндегі елеулі экономикалық әсер беретін лицензиялық-рұқсат жүйесін жетілдіру жөніндегі жұмыс жалғастыруды талап етеді.
      Қазақстан Республикасының аумағында қолданылатын барлық рұқсат құжаттарының (рәсімдерінің) түпкілікті тізбесін көздейтін Рұқсат құжаттарының бірыңғай ұлттық тізілімін заңнамалық деңгейде бекіту қажет. Осы шара кәсіпкерлік қызметті реттеу саласындағы сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы іс-қимылдың тиімділігін жақсартуға мүмкіндік береді.
      Халықаралық ынтымақтастық шеңберінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарламаларды шет елде іске асыратын тиісті құрылымдармен өзара іс-қимылды жандандыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің ұлттық тәжірибесін ескере отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тәжірибесіне шетелдің оң тәжірибесін енгізу қажет.
      Кеңейтіліп жатқан халықаралық байланыстар жағдайында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселесі жеке алынған елде шешілмейді және жұмыс істеп жатқан және жаңадан құрылып жатқан халықаралық ұйымдар шеңберінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың барабар үйлестірілген шараларын талап етеді.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет