Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерінің ұшуын орнитологиялық қамтамасыз ету қағидасын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 27 маусымдағы № 713 Қаулысы
«Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 15 шілдедегі Заңының 13-бабының 35) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерінің ұшуын орнитологиялық қамтамасыз ету қағидасы бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К.Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2011 жылғы 27 маусымдағы
№ 713 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерінің ұшуын орнитологиялық қамтамасыз ету қағидасы 1. Жалпы ережелер
1. Осы Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерінің ұшуын орнитологиялық қамтамасыз ету қағидасы (бұдан әрі - Қағида) Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (бұдан әрі - ИКАО) стандарттарын және ұсынымдарын ескере отырып, «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді, Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясында ұшуды орнитологиялық қамтамасыз ету тәртібін айқындайды және Қазақстан Республикасының барлық азаматтық авиация ұйымдарына қолданылады.
2. Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясында ұшуды орнитологиялық қамтамасыз ету тәртібі:
1) ұшуды орнитологиялық қамтамасыз етуді ұйымдастыру тәртібін;
2) құстардың шоғырлануын туғызатын жағдайларды айқындауды және жоюды;
3) күрделі орнитологиялық жағдайда ұшу кезінде экипаждарға орнитологиялық жағдай туралы хабарлаудың және азаматтық әуе кемелері экипаждарының іс-қимыл тәртібін қамтиды.
3. Осы Қағидада пайдаланылатын негізгі терминдер мен анықтамалар:
1) авиациялық орнитология - ұшудың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты бөлігінде фаунаны, экологияны, құстардың қарекетін және өрісін зерделеумен, сондай-ақ құстардың әуе кемелеріне соқтығысуының алдын алу жөніндегі іс-шараларды әзірлеумен және жүзеге асырумен айналысатын жалпы орнитологияның қолданбалы пәні;
2) орнитологиялық жағдай - қандай да бір уақыт аралығында құстардың жерде (суда) және әуе кеңістігінде болуы;
3) ұшуды орнитологиялық қамтамасыз ету - құстардың әуе кемелеріне соқтығысуын болдырмауға бағытталған іс-шаралар кешені;
4) құстар тобы - ұзақ уақыт кезеңі ішінде ортақ тіршілік ету кеңістігіне ие болатын дарақтар жиынтығы.
4. Ұшуды орнитологиялық қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жоспарын ұшуды орнитологиялық қамтамасыз етуге жауапты әуеайлақ пайдаланушысының қызметі әзірлейді.
Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 30.12.2013 № 1429 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).
5. Іс-шаралар жоспары әуеайлақта және оған жақын аумақтарда құстардың шоғырлануын туғызатын жағдайларды айқындау және жою жөніндегі іс-шараларды, авиациялық-орнитологиялық тақырып бойынша әуежай қызметкерлерімен сабақтар өткізуді және әуежай жұмысының ерекшелігі мен жергілікті орнитологиялық жағдайға негізделген өзге де іс-шараларды қамтиды.
6. Халықаралық рейстерге қызмет көрсетуге рұқсат етілген әрбір әуежайда ұшуды орнитологиялық қамтамасыз ету бойынша кадрларды даярлау жөніндегі бағдарлама әзірленуі тиіс.
7. Тұрақты рейстерді орындайтын Қазақстан Республикасының азаматтық авиация ұйымдарында ұшуды орнитологиялық қамтамасыз етуге жауапты адам болуы ұсынылады.
Орнитологиялық жағдай күрделі және әуе кемелеріне құстардың соқтығысу жағдайлары орын алған әуеайлақтарда авиациялық орнитология жөніндегі маман лауазымы енгізіледі.
Әуе кемелеріне құстардың планердің, қозғалтқыш элементтерінің зақымдануына немесе оның жұмысының бұзылуына әкеп соқтырған соқтығысу жағдайлары - инциденттер болған халықаралық әуежайлар мен сыныпталған әуежайларда әуеайлақтық қызмет штатында ұшуды орнитологиялық қамтамасыз ету жөнінде кемінде 2 маман болуы қажет.
8. Әуежайдың басшысы әуежайдың құстарды үркітуге қатысатын өз персоналына балама ретінде келісімшарт негізінде авиациялық орнитологияда кемінде 3 жыл практикалық жұмыс өтілі бар орнитолог-мамандарды (авиациялық бейіндегі) немесе мамандандырылған ұйымдарды тарту мүмкіндігіне ие.
Штаттық орнитологтар және орнитологиялық қамтамасыз етуге жауапты адамдар үш жылда кемінде бір реттен сиретпей мамандандырылған курстарда міндетті біліктілікті арттырудан өтуі тиіс.
9. Алынып тасталды - ҚР Үкіметінің 30.12.2013 № 1429 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).
10. Әуежайдың авиациялық орнитология жөніндегі маманы мыналарды жүзеге асырады:
1) осы Қағидаға сәйкес ұшуды орнитологиялық қамтамасыз ету бойынша жалпы басшылық;
2) авиациялық орнитология мәселелері бойынша әуежай қызметтерінің арасында тікелей өзара іс-қимылды ұйымдастыру;
3) орнитологиялық жағдайды талдау және болжау;
4) тиісті бөлімшелер басшыларына және ұшу құрамына әуеайлақтағы орнитологиялық жағдай туралы ақпарат беру;
5) әуежайдың қызметкерлерімен авиациялық орнитология бойынша сабақтар мен консультациялар өткізу;
6) ӘК-ге құстардың соқтығысуын болдырмау жөніндегі шаралардың дұрыс және уақтылы қабылдануын бақылау.
11. Практикалық іс-шараларды орындауға азаматтық авиация ұйымының басшысы әуеайлақ қызметінің (бұдан әрі — ӘҚ), авиациялық қауіпсіздік қызметінің (бұдан әрі - АҚҚ) қызметкерлерін, ұшу қауіпсіздігі жөніндегі инспекторды (бұдан әрі - ҰҚИ), ұшуды іздестіру, авариялық-құтқарумен қамтамасыз ету қызметтерін (бұдан әрі - ҰІАҚҚҚ) және азаматтық авиация ұйымының басқа қызметкерлерін тартады.
12. Тиісті әуе қозғалысына қызмет көрсету диспетчерлеріне (бұдан әрі – ӘҚҚ), әуеайлақ, авиациялық қауіпсіздік, инженерлік-авиациялық және әуежайдың басқа да қызметтерінің қызметкерлеріне авиациялық орнитология бойынша сабақтарды әуеайлақ қызметінің бастығы ұйымдастырады және әдетте жылдың көктемгі және күзгі мезгілінің алдында техникалық оқу сағаттарында өткізіледі.
Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 30.12.2013 № 1429 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).
13. Авиациялық орнитология бойынша сабақтарды өткізуге келісімшарт негізінде авиациялық орнитологияда кемінде 3 жыл практикалық жұмыс өтілі бар орнитолог-мамандар (авиациялық бейіндегі) тартылуы мүмкін.
14. Авиациялық орнитология бойынша сабақтарда мынадай мәселелер зерделенеді:
1) әуеайлақ ауданында әртүрлі жыл маусымдарындағы орнитологиялық жағдайдың ерекшеліктері: (түр құрамы, әуе кемелерінің ұшуы үшін қауіп төндіретін құстардың топталуы және ұшып өтудің негізгі маршруттары);
2) осы әуеайлақта әуе кемесіне құстардың соқтығысу жағдайларын жыл маусымдары, тәулік кезеңдері, биіктіктер бойынша болу;
3) әуеайлақта ұшуды орнитологиялық қамтамасыз етуді ұйымдастыру;
4) әуеайлақ ауданында орнитологиялық жағдайды көзбен шолып және радиолокациялық бақылау;
5) әуеайлақ ауданында құстардың шоғырлануын тудыратын жағдайларды жою;
6) ұшып келе жатқан экипаждың әуе кемесіне құстардың соқтығысу мүмкіндіктерін және қауіп-қатерін азайту жөніндегі іс-қимылы;
7) әуе кемелеріне құстардың соқтығысу салдары (материалдық залал, ұшудағы қауіпті жағдайлар).
15. Қазақстан Республикасының азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органының жанындағы азаматтық авиация әуе кемелерінің ұшуын орнитологиялық қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимылды бақылау және үйлестіру үшін әуе кемелеріне құстардың соқтығысу мәселелері жөніндегі комиссия құрылады, Әуе кемесіне құстардың соқтығысу мәселелері жөніндегі комиссия Қазақстан Республикасының азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органы әзірлеген және бекіткен ережеге сәйкес жұмыс істейді.
16. Әуе кемелерін пайдаланушылар әуе кемелеріне құстардың соқтығысуы туралы жедел және жылдық есептерді жинайды және құстармен соқтығысу туралы ИКАО ақпарат жүйесінің дерекқорына енгізу үшін жыл сайын оларды ИКАО-ға жөнелтетін Қазақстан Республикасының азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органына жібереді.
Халықаралық әуежайларда құстардың шоғырлануын тудыратын орнитологиялық жағдайлардың және шарттардың сипатын анықтау мақсатында - жыл сайын, ал Қазақстан Республикасының басқа сыныпталған әуежайларында - үш жылда кемінде бір рет, құстар тудыратын қауіп-қатерлер және оларды азайту әдістерінің мәселелері бойынша ИКАО талаптарына сәйкестігіне аудит өткізіледі.
17. Әуе кемелеріне құстардың соқтығысу оқиғаларын тексеру Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін Авиациялық оқиғалар мен инциденттерді тексеру қағидасына сәйкес жүргізіледі.P96000755
2. Ұшуды орнитологиялық қамтамасыз етуді ұйымдастыру тәртібі
18. Ұшуды орнитологиялық қамтамасыз етуді ұйымдастыру тәртібі мыналарды қамтиды:
1) ұшуды орнитологиялық қамтамасыз етуді талдау;
2) жақын аумақта құстардың шоғырлануын туғызатын жағдайларды анықтау және жою;
3) ұшуды орнитологиялық қамтамасыз етуге қатысатын әуежай қызметкерлерімен, авиакомпаниялардың пилоттарымен авиациялық-орнитологиялық тақырып бойынша сабақтар өткізу.
19. Әуе кемелеріне құстардың соқтығысуының алдын алу бойынша ұшуды орнитологиялық қамтамасыз ету жөніндегі маман жыл басында ұшуды орнитологиялық қамтамасыз етуге талдауды жүргізеді, ол мыналарды қамтиды:
1) әуеайлақта және оған жақын аумақта құстардың топталуы мен ұшып өту мерзімдері мен орындарын экологиялық-орнитологиялық тексеру, көзбен шолып және радиолокациялық бақылау және орнитологиялық тексеру нәтижелері бойынша нақтылау;
2) әуеайлақ ауданында құстардың шоғырлану және жаппай ұшып өту себептерін нақтылау;
3) әуе кемелеріне құстардың соқтығысуының неғұрлым жиі қайталанатын жағдайларын (әуе кемелерінің үлгісі, ұшу биіктігі және жылдамдығы, соқтығысу орны, құстардың түрі, тәулік пен жылдың уақыты) анықтау;
4) соқтығысу салдарын (әуе кемелері зақымдануының саны мен сипаты, әуе кемелерін жөндеуден, тұрып қалудан, кідіртуден, тоқтатылған ұшулардан және мәжбүрлі қонулардан болған материалдық залал) анықтау;
5) әуе кемелерін құстармен соқтығысудан қорғау шараларын орындау бойынша азаматтық авиация ұйымдарының қызметтері мен бөлімшелерінің қызметін талдау.
20. Әуе кемелеріне құстардың соқтығысуы туралы деректер соқтығысулардың талданатын жағдайларының жылдық өзгерістерін анықтау мақсатында осы Қағидаға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жасалған әуеайлақтағы орнитологиялық жағдай журналына енгізіледі.
Әуеайлақтағы орнитологиялық жағдай журналында:
1) әуеайлақта құстардың қауіпті шоғырлануын бақылау күні және уақыты (жергілікті);
2) құстардың шоғырлануы байқалған ұшу алаңының учаскесі;
3) анықталған құстардың жалпы саны (оңдықтарға, жүздіктерге, мыңдықтарға дейін дөңгелектеніп жазылады);
4) топтың неғұрлым жиі байқалған шамасының градациясы (азы - 10 дарақтан аз немесе көбі - 10 және одан көп дарақ);
5) неғұрлым жиі байқалған құстардың түрі, сондай-ақ құстардың көлемі бойынша градациясы (торғай, қараторғай шамасындағы және одан да ұсақ құстар), көгершін, шағала, үйрек, қаршыға, ақ тұмсық қарға шамасындағы орташа құстар, қаз, құтан, бүркіт шамасындағы және одан да ірі құстар);
6) құстардың ұшудағы басты бағыты (құстардың ұшып өту бағыты деп құстардың қай жаққа ұшқандығын көрсететін бағыт алынады және ол румбпен жазылады: С, С-Ш, Ш, О-Ш);
7) құстардың көп мөлшері ұшып өткен биіктік аралығы (он және бір жүз метрге дейінгі дәлдікпен жазылады);
8) уақытын, орны мен күнін көрсете отырып, соқтығысудан өлген құстардың саны көрсетіледі.
Құстардың топталуы және ұшып өтуі, сондай-ақ олардың себептері туралы талдау уақыты кезеңінде алынған барлық қосымша мәліметтер тиісті схема-карталарға, диаграммаларға, графиктерге және кестелерге енгізіледі.
21. Әуеайлақты және әуеайлақ маңындағы аумақты экологиялық-орнитологиялық тексеру әуеайлақтағы және әуеайлақ маңындағы аумақтағы орнитологиялық жағдайдың сипатын айқындау, құстардың шоғырлануын туғызған жағдайларды анықтау мақсатында жүзеге асырылады және кемінде екі жылда бір рет жоспар бойынша жүргізіледі.
22. Алынып тасталды - ҚР Үкіметінің 30.12.2013 № 1429 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).
23. Әуеайлақтарда көзбен шолып орнитологиялық бақылауды ӘҚҚ диспетчерлері немесе штаттағы авиациялық орнитолог жүзеге асырады. Мұндай қадағалау әуе кемелерінің ұшу және қонуға бет алу секторлары шегінде ұшу және қонуға бет алуы кезінде тұрақты жүргізіледі. Орнитологиялық бақылау барысында ҰҚЖ және оған жақын ұшу алаңының аумағы қаралады.
24. Ұшу және қонуға бет алу секторында құстардың топталуы көзбен шолып анықталған кезде, сондай-ақ тілшіден (әуе кемесінің экипажы, ӘҚ, АҚҚ, ҰҚИ, ҰІАҚҚҚ және т.б.) ӘҚҚ диспетчеріне ақпарат келіп түскен жағдайда, ӘҚҚ диспетчері осы ақпаратты барлық мүдделі пайдаланушыларға қозғалыс қызметі диспетчерлерінің жұмыс технологиясына сәйкес хабарлайды.
Ескерту. 24-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 30.12.2013 № 1429 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).
25. Азаматтық авиация ұйымының басшысы орнитологиялық қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралардың ұйымдастырылуын және өткізілуін жалпы бақылауды жүзеге асырады.
Практикалық іс-шараларды орындауға азаматтық авиация ұйымының басшысы әуеайлақ қызметінің (бұдан әрі - ӘҚ), авиациялық қауіпсіздік қызметінің (бұдан әрі - АҚҚ) қызметкерлерін, ұшу қауіпсіздігі жөніндегі инспекторды (бұдан әрі - ҰҚИ), авариялық-құтқару қызметінің (бұдан әрі - АҚҚ) және азаматтық авиация ұйымының басқа да қызметкерлерін тартады.
26. Әуежай басшысы құстармен соқтығысу жағдайларын болдырмау үшін барлық қажетті шаралардың қабылдануына жауап береді. Әрбір әуеайлақта қажетті шаралар кешені жергілікті жағдайларды ескере отырып анықталады.
Әуежайдың басшысы:
1) әуеайлақты және әуеайлақ маңындағы аумақты экологиялық-орнитологиялық тексеруді өткізуді;
2) әуежайдың орнитологиялық бағдарламасын әзірлеуді және енгізуді;
3) әуеайлақтан құстарды үркіту үшін орнитологиялық топ құруды;
4) әуе кемесіне құстардың соқтығысуын болдырмау жөнінде әуеайлақ ауданында қажетті жұмыстарды жүргізу үшін кез келген меншік нысанындағы ұйымдармен шарт жасасуды, орнитологиялық қамтамасыз етуді жақсарту бойынша жаңа, тиімді әдістерді практикаға енгізуді;
5) әуе кемесіне құстардың соқтығысуын болдырмауға бағытталған жұмыстар мен іс-шараларды өткізу кезінде мемлекеттік органдармен және ұйымдармен өзара іс-қимыл жасауды, орнитологиялық қамтамасыз етуді жақсарту бойынша жаңа, тиімді әдістерді практикаға енгізуді;
6) азаматтық авиацияның басқа ұйымдарымен авиациялық орнитологиялық мәселелер бойынша өзара іс-қимылды;
7) ұшуды орнитологиялық қамтамасыз етуді және әуеайлақ ауданында орнитологиялық жағдайды жақсарту бойынша іс-шаралар әзірлеуді;
8) әуежайдың айналасында қосалқы шаруашылықтар құруды немесе кеңейтуді бақылауды;
9) әуежайдың аумағында ауыл шаруашылығы жұмыстарының болмауын бақылауды ұйымдастырады.
27. Әуеайлақтың ұшу басшысы әуеайлақтың ҰҚЖ ауданындағы орнитологиялық жағдайдың қиындағаны туралы ӘҚ, АҚҚ, ҰҚИ баяндамалары мен ақпараты негізінде ұшуды тоқтату, шектеу немесе жаңарту туралы шешім қабылдайды.
Әуеайлақта немесе әуеайлақ ауданында құстардың шоғырлануы пайда болған жағдайда ӘҚҚ диспетчері АҚҚ қызметкерлеріне құстарды үркітуді жүргізуге тиісті нұсқау береді, сондай-ақ осы Қағидаға 2-қосымшаға сәйкес схема бойынша әуеайлақта құстардың болуы туралы әуе кемелері экипаждарына ескертеді.
28. Ұшу қауіпсіздігі жөніндегі инспекция:
1) әуе кемесіне құстардың соқтығысу жағдайларын есепке алады және тексеруге қатысады, олар туралы Қазақстан Республикасының азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органды, әуежайдың жоғары тұрған бөлімшелерін хабардар етеді, нұсқаулық құжаттардың және авиациялық орнитология жөніндегі нұсқаулардың орындалуын бақылайды.
2) құстар соқтығысқан әуе кемесін қарап тексеруге қатысады, қажетті құжаттамалардың уақтылы және дұрыс ресімделуін бақылайды.
29. Инженерлік-авиациялық қызмет әуе кемесін құстардың зақымдауын анықтайды және ол туралы мәліметтерді ҰҚИ мен ӘҚ-қа береді, құстар соқтығысқан кезде зақымданған әуе кемесінің бөліктерін фотосуретке түсіреді, қажет болған жағдайда үлгілік тиістілігін анықтау үшін құс сүйектерін соқтығысу жағдайларының қысқаша сипаттамасымен бірге зерттеуге жібереді, әуе кемесінің зақымданған бөліктері мен агрегаттарын қалпына келтіруге шығыстар калькуляциясын жасайды.
3. Құстардың шоғырлануын туғызатын жағдайларды анықтау және жою тәртібі
30. Әуежайды әуеайлақтық қамтамасыз ету қызметінің қызметкерлері ұшып көтерілу-қону жолағында (бұдан әрі - ҰҚЖ) құстардың шоғырлануын туғызған жағдайларды анықтайды және жояды, әуе кемесі соққан, ҰҚЖ-дан және оның маңынан табылған құстардың сүйектерін жинайды және анықтайды.
31. Әуежайдың ӘҚҚ ӘҚБ диспетчерінен құстардың топталуы туралы хабарламаны алған соң әуеайлақтың әуе кемелеріне ықтимал қауіп-қатер төндіретін құстар табылған аумағына дереу шығады.
Атыс қаруы, пиротехникалық құралдар, жарық арқылы сигнал беретін ракетницалар арқылы әуеайлақ аумағынан құстарды үркіту жөніндегі әрекеттерді әуе кемелерінің қозғалысына құстар қатер төндірмейтін сәтке дейін жүргізеді.
Құстардың топталып жиналатын жағдайларында көктемгі-жазғы-күзгі кезеңдерде оқ-дәрілердің жеткілікті мөлшері бар атқыштар мынадай жерлерде:
1) қону нүктесінде, ұшып көтерілу нүктесінде және әуе кемесінде (ұшу жолағынан тыс);
2) ӘҚҚ диспетчерінің «тоқта» деген командасына дейін рульдеу жолдарының ұшу-қону жолағына қиылысқан жерлерде қойылады.
32. Құстардың шоғырлануын туғызатын жағдайларды жою жөніндегі іс-шаралардың барлығы:
1) әуеайлақтарда жүргізілетін;
2) әуеайлақ маңы аумағында жүргізілетін деген топтарға бөлінеді.
33. Әуеайлақтарда құстардың шоғырлану себептерін ӘҚ қызметкерлері немесе орнитолог-мамандар жояды.
34. Әуеайлақтарда жүргізілетін негізгі іс-шаралардың қатарына:
1) ҰҚЖ маңында құстарды ұя жасауға, демалуға және түнеуге тартатын ағаштар мен бұталарды кесу;
2) әуеайлақтағы шөп жабындысын оңтайлы биіктікке дейін шабу;
3) құстардың әуеайлақтағы ангар-құрылыстарда және басқа да ғимараттарда ұя салу мүмкіндігін азайту;
4) әуеайлақтағы ылғалданған және батпақты учаскелерде мелиорациялық жұмыстар, оларды құрғату және көму;
5) тамақ қалдықтарын жабық контейнерлерде сақтау арқылы ұшақ және әуеайлақ асүйлерінің, әуежай мейрамханасы мен асханаларының тамақ қалдықтарына кіруін болдырмау, қалдықтарды құстар кірмейтін жабық үй-жайларда толық кәдеге жарату;
6) құс аулауға арналған тұзақтар орнату;
7) құстар шоғырланатын жерлерде құстардың өлі денелері мен тұлыптарын қою;
8) әуеайлақ аумағын құстарды өзіне тартатын ауыл шаруашылығы дақылдары үшін пайдалануға жол бермеу;
9) әуеайлақ аумағында құстарды өзіне тартатын жәндіктерге қарсы химиялық өңдеу жүргізу;
10) құстар ұя сала бастағанда құстардың ұясы топтасып орналасқан ағаштардың жоғарғы бұтақтарын кесу немесе ұяларды суатқыштардың көмегімен бұзу;
11) әуеайлақтың бақылау нүктесінен он бес километрден жақын қашықтықта тағам қалдықтарын тастайтын орындарды, аң өсіру фермаларын, қасапханаларды және құстарды өзіне тартумен және олардың топталып жиналуымен ерекшеленетін басқа да объектілер құрылысын орналастыруға тыйым салу;
12) әуеайлақтан 15 км радиуста тағам қалдықтарын жою/тастауды болдырмау немесе оларды құстар шоғырланған жерлерден қоқысқа ұшатын құстар ҰҚЖ-ны және оған баратын жолдарды кесіп өтпейтіндей есеппен басқа жаққа көшіру;
13) әуеайлақтың айналасындағы дәнді дақылдар егілген ауыл шаруашылығы алқаптарын тек қана түнгі уақытта жырту және қайта жырту;
14) ұсақ құстардың көп мөлшерін тартуды болдырмау үшін әуеайлақ маңында мал жаюға тыйым салу;
15) әуеайлақ маңындағы аумақ арқылы ұшып өтетін құстардың шоғырлану орны болып табылатын әуеайлақ маңындағы ұсақ су айдындарын құрғату;
16) құстардың жаппай ұя салу, демалу және түнеу орны болып табылатын әуеайлақ маңында орналасқан су айдындарында жағалау маңындағы биік өсімдіктерді кесу жатады.
35. Әуеайлақтардан құстарды үркіту әртүрлі құралдардың (биоакустикалық қондырғылардың, қарулардың, ракетницаның, пиротехникалық құралдардың, пневматикалық тапаншаның, механикалық үркіткіштің, айналы шарлардың, лазерлі қондырғылардың, өлі құстар денесінің, шытырлақтың, газды зеңбіректің, жыртқыш құстар макетінің, өрт сөндіру машиналарының, жалаушалардың және өзге де құралдардың) көмегімен жүргізіледі.
36. Әуеайлақтарда құстарды аулау тұзақпен, аулармен, өрмек аулармен, қақпанмен, ұйықтататын заттармен және басқа да құралдармен жүргізіледі.
37. Құстарды үркіту және аулау бойынша іс-шараларды өткізуге әуеайлақтың әртүрлі қызметтерінің қызметкерлері тартылады.
38. Құстардың сүйектерін олардың қай түрге жататынын анықтау үшін зерттеуді авиакомпаниялардың басшылары (егер құстардың сүйектері әуе кемелерінде табылса), әуежайлардың басшылары (егер құстардың сүйектері ұшу алаңынан табылса) жүзеге асырады.
4. Экипаждарға орнитологиялық жағдай туралы хабарлау тәртібі және күрделі орнитологиялық жағдайда ұшу кезінде азаматтық әуе кемелері экипаждарының іс-қимылы
39. Құстардың топталуы және ұшып өтуі туралы ақпаратты әуе кемелерінің экипаждарына ӘҚҚ диспетчерлері әуеайлақта немесе оған жақындау кезінде құстардың топталуы анықталған жағдайда береді.
40. Әуе кемелерінің экипаждары орнитологиялық жағдай туралы (қажет болған жағдайда) ақпаратты ұшу алдында немесе қонуға бет aлу кезінде ӘҚҚ диспетчерлерінен алады.
41. Экипаждарға құстар туралы мынадай ақпарат хабарланады:
1) олардың анықталған жерлері;
2) ұшу бағыты (мүмкіндігінше);
3) биіктігі;
4) саны;
5) мүмкіндігінше құстардың түрі.
42. ӘҚҚ диспетчеріне әуе кемелерінің ұшып көтерілуіне, егер оның ұшып көтерілу бағыты бойынша құстардың қарқынды ұшып өтуі байқалатын болса, рұқсат беруге болмайды.
43. Ұшу басшысы әуеайлақ ауданындағы орнитологиялық жағдай туралы баяндамалардың және ақпараттың негізінде ұшуды тоқтату (шектеу) мен қайта бастау туралы шешім қабылдай алады.
44. Ұшуға шешім қабылдау алдында әуе кемелерінің командирі әуеайлақ ауданындағы орнитологиялық жағдай туралы ӘҚҚ диспетчерінің ақпаратын ескереді.
45. Атқарушы стартта әуе кемесінің командирі орнитологиялық жағдайдың қиындағаны туралы ӘҚҚ диспетчерінен ақпарат алғаннан кейін ұшып көтерілуді орындау мүмкіндігін бағалайды. Мұндай жағдайда ұшып көтерілу фараларды қосу арқылы жүргізіледі.
46. Маршрут бойынша ұшу кезінде құстардың топталуы анықталған жағдайда экипаж оларды айналып өтеді немесе олардың үстінен ұшып өтеді.
Әуе кемесінің экипажы әуеде ірі құстармен кездескен уақытта ерекше назар аударады. Мұндай жағдайда әуе кемесінің экипажы құстарға жақындауды болдырмау жөнінде қимыл жасайды.
47. Күрделі орнитологиялық жағдай аймағын айналып ұшу мүмкін болмаған жағдайда әуе кемесінің командирі ұшу пунктіне қайтып оралады немесе жақын жердегі қосалқы әуеайлаққа қонады.
48. ӘҚҚ-дан күрделі орнитологиялық жағдай туралы ақпаратты алғаннан кейін қонатын әуеайлаққа жақындаған кезде немесе құстарды көзбен шолып анықтаған кезде экипажға:
1) сақтықты арттыру;
2) фараларды қосу (егер олар бұрын қосылмаған болса);
3) қозғалтқыштың (қозғалтқыштардың) жұмыс параметрлерін бақылауды арттыру;
4) қажет болған жағдайда екінші айналымға өту қажет.
49. Авиациялық жұмыстар уақытында әуе кемесінің командирі учаскені жерден немесе әуеден тексеру кезінде оны өңдеу басталғанға дейін орнитологиялық жағдайға және әуе кемесінің ұшуы үшін қауіп төндіретін құстардың топталуы мүмкін учаскелерге назар аударады.
Егер өңделген учаске аумағында құстардың топталуы немесе қарқынды ұшып өтуі байқалса, авиациялық жұмыстарды жүргізуге болмайды.
50. Авиациялық жұмыстар кезеңінде құс базарлары мен жерде және суда құстардың топталуы мүмкін жерлердің үстінен ұшу құстармен соқтығыспай өтуге кепілдік беретін биіктікте ұсынылады.
51. Ұшу уақытында ұшуға қауіп төндіретін құстардың топталуын байқаған әуе кемелерінің экипаждары ол туралы ақпаратты дереу ӘҚҚ-ның тиісті диспетчеріне береді.
Ұшу құрамы ұшу кезінде ӘҚҚ диспетчерлерінің әуе кемелеріне құстардың соқтығысу ықтималдығын болдырмайтын ұсынымдарын орындайды, әуеайлақтың ауданында құстардың шоғырлануы туралы ӘҚҚ қызметінің қызметкерлерін хабардар етеді, Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясы саласындағы уәкілетті органының қызметкерлеріне құстардың соқтығысу жағдайлары туралы қажетті мәліметтерді береді.
Ұшып шығуға шешім қабылдау алдында әуе кемесінің командирі әуеайлақ ауданындағы орнитологиялық жағдай туралы ӘҚҚ диспетчерінің ақпаратын ескереді.
Атқарушы стартта ӘҚҚ диспетчерінен орнитологиялық жағдай туралы ақпарат алғаннан кейін әуе кемесінің командирі ұшуды орындаудың мүмкіндігін бағалайды және қосылған фаралармен ұшуды орындайды.
Экипаж әуеайлаққа жақындаған кезде ӘҚҚ диспетчерлерінен күрделі орнитологиялық жағдай туралы ақпаратты алғаннан кейін сақтығын арттырады, қону фараларын қосады, қозғалтқыштардың жұмыс параметрлерін бақылауды арттырады, қажет болған жағдайда екінші айналымға немесе қосалқы әуеайлаққа өтеді.
Қазақстан Республикасының
азаматтық әуе кемелерінің
ұшуын орнитологиялық
қамтамасыз ету қағидасына
1-қосымша
Әуеайлақтағы орнитологиялық жағдай журналы
Күні________________ Оқиға уақыты _______________
ӘК үлгісі___________ ӘК № _________________
Авиакомпания ______________________ рейстің № _______________
Болған оқиға туралы кім хабарлады: ______________________________
ҰҚЖ құстардың қандай қалдықтары табылды:_________________________
Табылған орындары (ҰҚЖ осіне және таяу жердегі РЖ қатысты): _____
Ұшу кезеңдері (биіктігі, жылдамдығы, ұшу-қону): _________________
Құстардың түрлері және саны: ____________________________________
Құстардың ӘК-ге соқтығысқан орны: _______________________________
Зақымдану: ______________________________________________________
Экипаж мәліметтері: _____________________________________________
ҰҚЖ жұмыс курсы: ________________________________________________
ҰҚЖ соңғы қаралған уақыты: ______________________________________
Оқиға болған сәттегі орнитологиялық жағдай: _____________________
Метеожағдай: ____________________________________________________
Рейсті орындау үшін салдары: ____________________________________
Ескертпе:
Т.А.Ә. _________________
20__ж. «__»__________ қолы ___________________
Қазақстан Республикасының
азаматтық әуе кемелерінің
ұшуын орнитологиялық
қамтамасыз ету қағидасына
2-қосымша
Әуеайлақта құстардың шоғырлануы анықталған жағдайда қызметтердің жедел өз ара іс-қимыл
СЫЗБАСЫ
Ескерту. 2-қосымшаға өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 30.12.2013 № 1429 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).
АҚҚ - авиациялық қауіпсіздік қызметі
ӘҚ - әуеайлақ қызметі
ӘҚҚ – әуе қозғалысына қызмет көрсету
ҰҚИ — ұшу қауіпсіздігі жөніндегі инспекция
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" ШЖҚ РМК
Достарыңызбен бөлісу: |