Қазақстан республикасының Қазіргі кездегі қОҒамдық дамуындағы саяси-қҰҚЫҚТЫҚ ойларының ерекшеліктері жарекеев Қуаныш Жақсыбайұлы заңтану магистрі Муйденова Алия Калжановна – заң ғылымдарының магистрі



Дата13.06.2016
өлшемі159.3 Kb.
#133684
321:332.02 :340.13(574)
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҚАЗІРГІ КЕЗДЕГІ ҚОҒАМДЫҚ ДАМУЫНДАҒЫ САЯСИ-ҚҰҚЫҚТЫҚ ОЙЛАРЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Жарекеев Қуаныш Жақсыбайұлы - заңтану магистрі

Муйденова Алия Калжановна – заң ғылымдарының магистрі

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті
Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алып, дербес ел болып еңсесін көтергелі бері әлемдік кеңістікпен қарым-қатынасты жаңа сатыға көтеру стратегиясы мемлекеттік саяси бағдарламаның ең басты шарттарының біріне айналып отыр. Қазақстан әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті елдердің қатарына кіру үшін экономика, саясат, білім беру, мәдениет және т.б. шараларды іске асырып, дамыған азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекет құруды көздейді.[1].

Тәуелсіз Қазақстан көптеген терең реформаларды жүзеге асырды, оның нәтижесі жеке адамның және қоғамның құқығында негізделген нағыз мемлекеттің құрылуы болды. Осы бостандық пен тәуелсіздік жолында Қазақстан Республикасы дүние жүзіндегі барлық халықтардың мүдде-мақсатын қамтитын мәселелерді шешуіне толық кірісті деп айта аламыз.

Сонымен, бүгінгі таңда жеке адам және қоғам, құқықтық мемлекеттің негіздерін құру мәселелері ойдағыдай шешіліп жатқанына өзіміз куәміз. Біз жолдың басында тұрмыз, және оның бағытын нақты айқындап алдық.

Құқықтық мемлекет теориясының негізгі сұрақтарының бірі – адам құқығының теориясы. Адам құқығының әлеуметтік тамырлары адамзат дамуындағы әлеуметтік-мәдени “мәңгі” мәселесі. Мыңдаған жылдар бойы саяси, құқықтық, этикалық, философиялық және діни ойларының ортаңғы сұрағы болды. Тарихтың әр түрлі кезеңдерінде бұл мәселе саяси-құқықтық болғанымен, билік басындағы әлеуметтік позицияға байланысты біресе діни, біресе этикалық, біресе философиялық бағытта дамиды. Адам құқығы – жан-жақты құбылыс[2, 76б.].

Құқықтық мемлекет құру мен қоғамды демократияландыру – қайшылықты, ұзақ та күрделі процесс.

Елімізде құқықтық және әлеуметтік мемлекет құру жолында адамның рухани дүниесінің қалыптасуы ерекше орын алады. Жеке тұлғаның еркін рухани дамуы елімізде жаңа қоғам құрудың негізі ретінде қарастырамыз. Ұлттық сананы дамыту жолында алдыңғы қатарлы мемлекеттік білім беру, денсаулық сақтау, демалыс, неке және отбасы, еңбек, қоршаған орта және т.б. қатынастарды ескерген жөн. Әр ұлттың өзіне тән психологиясы, менталитеті бар екендігіне ешқандай күмән жоқ, бірақ жалпы адамзаттың өмірге деген әлеуметтік жағдайына деген қатынасы бір десек, қателеспеген болар едік. Себебі, қандай да болсын адам, жеке тұлға жақсылық пен жамандық категориясына келгенде, олардың көзқарастары бір екендігін ұмытпаған жөн. Ертедегі шығыс ойшылдары Конфуций, Лао-цзы, антик дәуірінің ойшылдары Сократ, Платон, Аристотель және т.б. қандайда адам болмасын оның табиғи және рухани сұраныстары бір екендігін айтып кеткен. Бұл себепке байланысты құқықтық мемлекет құрудың жолында ең алдымен оның негізі - еркін рухани дамуы.

Ұлттық идеяның мәні дүниежүзілік қауымдастықтың сұраныстарына сай келуі қажет, яғни қоғамдық сананы өзгерту, әр жеке тұлғаның мемлекетке, заңға, құқықтық және моральдық нормаларға, саясатқа қатынасы және де мемлекеттің адамдарға деген қатынасы. Мысалға, И. Бентамның ойынша, заң шығарушылардың мақсаты қоғамның игілігі және заңдарды қабылдаудың негізі барлығының игілігі үшін болып табылады.

ХХ ғасырдың басында пайда болған «өмір сүру философиясының» мәні адам өмірі, оның әлеуметтік мәні ең бірінші құндылық екенін дәлелдеді. Әлеуметтік мемлекеттің негізгі қағидасы осы философияға сай келеді. Бұдан 25 ғасыр бұрын өмір сүрген әйгілі қытай философы Конфуций өз ілімінің негізі ретінде «адамсүйгіштік» (жэнь) мәселемін алды. Платонның «Мемлекет» деген еңбегінде де идеалды мемлекет құру мақсатын алға қойып, ол адам игілігі, болашағы үшін керектігін атап өткен [3, 72б.].

Қазақстан Республикасы құқықтық мемлекет құру жолында 1993 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының Ата Заңы Жоғарғы Кеңесті республиканың бірден-бір заң шығару және жоғары өкілді органы деп таныды. Ол мейлінше кең өкілеттіктерді еншіледі, бұл мемлекеттік билікті бөлу және тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін құру қағидаттарын жүзеге асыруды қиындата түсті. Әйтсе де Жоғарғы Кеңес қабылдаған заңдар жаңа мемлекеттік құқықтық жүйенің негізгі элементтерінің іргесін қалады.

1995 жылғы Қазақстан Республикасының Ата Заңы заң шығару функцияларын жүзеге асыратын Парламентті айқындады. Біздің Парламент екі палатадан – Сенат пен Мәжілістен тұратын болды.ҚР Парламентінің қос палаталы құрылымы саяси тұрғыдан әлеуетті болып шықты, еліміздің саяси болмысында принципті түрде жаңа элементке айналды және парламентаризмнің әлемдік тәжірибедегі жалпыға ортақ қағидаттарына сай келеді. Құқықтық демократиялық мемлекетте Ата Заңның аса жоғары мәнге ие екендігі белгілі. [4, 125б.].

З.Кенжалиевтің пікірі бойынша, «конституциялық-құқықтық мұраттар, құндылықтар мен қағидаттар Ата Заңның ғана негізін қалап қоймай, сол арқылы еліміздің құқықтық нормативтік жүйесінің, бүкіл заңнамалық кешенінің негізін құрайды». Ғалымның жазуына сәйкес, «өз мемлекеті бар кез келген халық үшін (қазір дүние жүзінде 200-ден астам мемлекет бар) ең басты нәрсе – сол мемлекеттілігін сақтап, соның тұрақтылығын, мызғымас беріктігін қамтамасыз етіп, күшейте беру. Дүние жүзінде үш мыңнан (кейбір деректер бойынша алты мыңнан астам) астам ұлт пен ұлыстар болса, солардың екі жүзден астамының ғана мемлекеті бар. Сондықтан, өз мемлекеттігін орнатқан кез келген ұлт үшін осы мемлекетті сақтап қалу, оны нығайтып өркендете беру – оның ұлт есебіндегі басты міндеттерінің бірі. Осы тұрғыдан алғанда Ата Заң – елдің мемлекеттік және құқықтық жүйесінің нормативті бастауы әрі негізі ретінде – мемлекеттілікті сақтап, оны көркейте берудің басты да пәрменді ресми құралдарының бірі».

Ел Ата Заңы егемен мемлекет құру жолында қазақ ұлтының тарихы, жері, тілі ең басты объективті алғышарттар және факторлар болғандығын, болып отырғандығын және бола беретіндігін ресми түрде мойындап қана қоймай, олардың осы ресми дәрежелерін одан әрі бекіте және дамыта түсу керек екендігін де паш етіп отыр. Ата Заңның талабы – жалпы адам құқықтарын құрметтеу, нақты адамды қадірлей білуден бастау алатыны. Әрине, бүгінгі Қазақстан халқы және қазақстан қоғамы үшін де адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары ең асыл құндылықтар болып табылады. БҰҰ декларациясында әр түрлі әлемдік, аймақтық және мемлекетаралық келісімшарттар мен өзге де құжаттардағы оның негізгі жағдайларының іске асуы, глобальды ауқымдағы тәжірибелік іс болуда. Әлем мемлекеттері құқықтық мемлекет құрудың әр түрлі сатыларын бастан кешуде. Кейбір (мысалы Швеция, Норвегия, Финляндия) елдер оның аяқталу сатысында; Еуропаның басқа елдерінде (Ұлыбритания, ГФР, Франция, АҚШ және Канада, Жапония) оның негізі берік қаланған. Еуропаның кеңестік елдерінде (Венгрия, Польша, Румыния, Словакия) және кеңестік кеңістікте қалыптасқан, жаңа тәуелсіз мемлекеттерде (Ресей Федерациясы, Қазақстан Республикасы және т.б.) құқықтық мемлекеттің негізі енді ғана қалануда. Әлемнің басқа бөлігінде бұл қағида басты саяси ілім ретінде меңгеріліп жатыр.

Мемлекет пен құқықтық әлемдік теориясы уақыт өте келе, құқықтық мемлекет елдерінде, оның ішінде Қазақстанның жеке жағдайларында құрудың, теориялық тәжірибесін меңгеру негізінде баи түседі. [5].

Құқықтық мемлекеттің бүгінгі концепциясының келесі бастамаларын айқындайық.

Адамның табиғи, тумысынан біткен құқықтары мен бостандықтарын Ата Заңмен бекіту. Оның қалыптасуының мысалы ретінде, толық негізбен адам құқығының жалпыға ортақ декларациясын (БҰҰ, 1948) тануға болады. Әрбір іс жүзіндегі демократиялық мемлекет өз Ата Заңы мен ағымдық заңдарына сүйенуі тиіс.

Халықаралық-құқықтық стандарттарға жауап беретін, әлемдік қауымдастықпен танылған, адам құқықтары мен бостандықтарының тізімі 1995 жылғы ҚР Ата Заңының «Адам және азамат» атты 2 бөлімінде көрініс тапқан. Ресей Федерациясының Ата Заңында да (1993) оның «каталогы» бекітілген. «Адам, оның құқығы мен бостандығы – ең үлкен байлық. Адам құқығы мен бостандығын тану, сақтау және қорғау – мемлекеттің міндеті» деп РФ Ата Заңының 2 бабында жазылған. Ресейлік қоғамның дамуының бүгінгі сатысында бұл құқықтар әлсіз қорғалса да, тұлғаның жоғарғы мүмкіндіктері, оның автономиясы, саналы индивидуализм конституциялық жағдайлар мен нормаларда мойындалды.

Мемлекеттік биліктің, оның демократиялық қалыптасатын, өзара қарама-қайшылық пен шыдамдылық жүйелері балансталған, заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөліну принципінің іске асуы. Адам құқы мен бостандығының сақталуына кепілдікті тек осы бастаманың сақталуы береді .

ҚР Ата Заңы осы принципті, оған өзгерістер енгізу арқылы ұстанады. Ол мынамен байланысты: Қазақстан бүгінгі таңда күрделі өтпелі кезеңді бастан кешуде, сол себепті биліктің барлық тармағының қызметін бағыттайтын, басқарудың мықты президенттік түріне мүдделі. ҚР Ата Заңында оны қалыптастырудың демократиялық негіздері, сонымен қатар, Президентті жалпыхалықтық тікелей дауыс беру жолымен сайлау қарастырылған.

Жалпыны қамтитын, қарама-қайшылықсыз, иерархияға құрылған ұлттық құқықтық жүйенің қалыптасуы. Осындай күрделі, еңбекті көп қажет ететін және ұзақ мерзімді үрдіс Қазақстанда басталды.

Заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ететін органдар мен конституциялық бақылаудың арнайы органдарын құру. Көптеген елдерде мұндай органдар болып Жоғары сот (АҚШ-та) немесе конституциялық сот табылады.

Қазақстан Республикасында бұл Ата Заңның жаңа қабылданған заңдармен сәйкестігін куәландыратын, Конституциялық кеңес (оған арналған Конституцияның 4 бөлімі) және осы сәйкестікті бақылайтын Прокуратура. Конституциялық кеңестің бұрынғы төрағасы Ю.А. Ким атап өткендей, Конституциялық Кеңес «ұлттық құқық жүйесіндегі Конституцияның басымдығын қамтамасыз етеді, сәйкесінше, заңдылық пен құқықтық тәртіп жағдайын, елдегі адам мен азамат құқығы мен бостандығының қорғалу деңгейін қадағалайды…».

Жалпы және құқықтық мәдениеттің, әсіресе азаматтар мен қоғамның құқықтық санасының міндетті деңгейі. Құқықтық мемлекет қоғамдық ұйымдарға адам және азаматтардың құқықтарын қорғауға, жария етуге жағдай жасайды, мемлекеттік шенеуніктерді, әсіресе құқық қорғау органдары қызметкерлерін Ата Заңды, заңдарды және азаматтарды сыйлауға тәрбиелеуге көмектеседі . Әрине, халықтың құқықтық санасының жоғарылау үрдесі ұзақ уақытты және көп қаражатты талап етеді. Бұл іс Қазақстанда басталған.

Азаматтардың құқықтарын, бостандығы мен мүдделерін, қоғамдық ұйымдарын, өндірістік және өзге де кәсіпорындарын тиімді құқықтық қорғауды қамтамасыз ету. Оларсыз дамушы елдердің тәжірибесі көрсеткендей, құқықтық мемлекеттің қағидалары тиімсіз болады. Егемен Қазақстандағы президенттік институт қазақстандық мемлекеттіліктің қалыптасуына және қоғамның дамуына шешуші әсер етеді. Саяси, экономикалық, әлеуметтік қайта құрулар кезінде дәл осы институт мемлекеттік биліктің жоғары органдарының барлық жүйесі үшін, оның тармақтарға бөліну принципі жүзеге асқан жағдайда, жүйені қалыптастырушы бола алады.

Азаматтық қоғам мен демократияның арақатынасы өте өзекті мәселе болып табылады. Азаматтық қоғам демократияның құрамдас бөлігі ретінде біртіндеп өсіп, барлық қоғамды біріктіреді.

Демократия – «көпшіліктің басымдығы» принципі жүзеге асатын іс-шаралар жиынтығы. Демократиялық тәртіп азаматтық қоғам жоқ жерде де бекітілуі мүмкін (Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін американдықтар императорлық Жапонияға демократиялық конституциялық құрылым енгізеді).

Қазақстан Республикасында жалғасып келе жатқан құқықтық мемлекетті құру үрдісі, мемлекеттік биліктің ҚР Ата Заңына сай бөліну принципіне негізделген. Онда интеграциялық, баланстық орталық президенттік институт болып табылады.

1995 жылдағы Қазақстан Республикасының Ата Заңына сәйкес ҚР мемлекеттік құрылымы ең алдымен биліктің “заң шығарушы, атқарушы және сот тармағын салмаққа қайшы және ұстамды жүйені қолдану” (3 бап, 4 т.). Құқықтық мемлекеттің негізі болып табылатын бұл принцип Республикада мемлекеттің ауыспалы кезеңді өмір сүруі ерекшелігіне байланысты классикалық түрден сәл ауытқыған түрде жүзеге асады. Бұл жерде мемлекеттік биліктің үш тармағы басында Ата Заңға сәйкес президент тұрады.

Ата Заң республикада мемлекеттік биліктің қалыптасуының демократиялық принциптерін толық қамтамасыз етеді.

ҚР жоғарғы өкілетті органы парламент болып табылады, ол заң шығару қызметін атқарады.Парламентті биліктің тармағы ретінде есептеуге болады, өйткені Президент барлық тармақтарды “үйлестіруші” ретінде парламентті тарата алады, парламенттің, үкіметтің қызметіне бақылауын шектейді және т.б. Бұл ҚР Ата Заңының парламент туралы қағидасының ерекшелігінде көрсетіледі.

Жоғарғы билік органы жүйесінде маңызды орынды конституциялық кеңес алады. ҚР Ата Заңның 71-74 бб. Сәйкес конституциялық кеңес 7 мүшеден тұрады, оның 3 – төраға және 2 мүшесі – президентпен тағайындалған, 2 – мәжіліс төрағасымен тағайындалады. Олардың құзіреттілігінің мерзімі 6 жыл деп көрсетілген. Конституциялық кеңес заңды Ата Заңға сәйкес, арнайы түсінік беру құқығына ие. Конституциялық кеңес қалыпты түрде билік тармағы арасында салмаққа қайшылықты реттеу қызметін атқарады, мемлекеттің маңызды мәселелерді шешу құқығына ие. Күшті президенттік билікте бір ғана тұрақтылық пен салмаққа қайшылық жүйесі демократиялық жүйенің жұмысын атқаруға жеткіліксіз іс-тәжірибелік шаралар мен процедуралар кешені толық көлемде қалыптасуы мен іске алуы үшін уақыт пен тәжірибе қажет.

Президенттік Республика биліктің бөліну принципі оның әр тармақтарының заңдық теңдігінде көрініс табады., бұл, мысалы, АҚШ Ата Заңында бекітілген. Алайда, бұл билік тармағының толық автономдығын көрсетпейді. Олардың заңдық теңдігі нақты неде көрініс табады? Ең алдымен әрбір тармақ “заң шығарушы, атқарушы, соттық - өз қызметіне ие. Оған басқа тармақ араласпауы тиіс. Биліктің бөліну принципі барлық билік тармақтарының бағыты мен негізі біртұтас екендігін көрсетеді. Мемлекеттік органдардың құрылымымен қызмет механизмі осы мақсатқа бағынышты. Биліктің бөлінуі биліктің узурпациясына жол бермеуге және құқық пен еркіндікке қолсұқпауға негізделген, билік жағынан азаматтарға зиян жасаудан шектейді. Бұл принципке құқықтық мемлекеттің конституциялық кепілі ретінде үлкен орын беріледі. Ауыспалы кезеңінің жағдайындағы күшті президенттік билік – объективті фактор. Егер біріккен қылмысты белсендіру мен сыбайластық сияқты құбылыстарға орталытанған тайтарыс беру қажеттілігін ескерсек, ҚР конституциясында атқарушы билікті күшейтуге акцент жасалған [6, 306б.].

Президенттік және заң шығарушы билік қатынастарында Ресей Федерациясы президенті мен федералдық органдар актілер арасындағы бақтыластық ерекше назар аударады. Бұл жерде заңдағы үлкен олқылықтар негізінде құқықтық мемлекет шеңберіндегі құқық көздерінің иерархиясы принципі толық бұзылған. Заңның жоғары тұру принципі Қазақстанның нормативтік құқық актілер жүйесінде кездеседі.

Өз заманында Дж. Локк былай деген: “… үкімет билігі халықтың еркіндігі өмір үшін тұрақты құқық иеленуге, осы қоғамда заңдық билікте бекітілген және құқыққа негізделеді, бұл заң тиім салмайтын барлық жағдайда өз ықыласымен жүру және басқа адамның тұрақсыз белгісіз билігінен тәуелсіз болу еркіндігі”. Қазіргі уақытта қалыптасқан азаматтардың қоғамның өзіндік ұйымдасу мәселесін шешуді талап етеді.

Құқықтық мемлекет адамға қатысты, оның құқықтық бостандығына жағдай жасап, мынадай қағидаға негізделеді: “Дозволено все, что не запрещено законом”. Адам автономдық субъект ретінде өзінің күшімен, мүмкіндіктерімен және мүлкімен пайдалануға ерікті. Құқық, бостандықтың түрі және өлшемі ретінде жеке тұлғаның шектеу шекарасын максималды түрде ашу. Осы қағиданың пайда болуы және дамуы саяси билікті өзінің мүддесіне пайдалануға қарсылық ретінде болады. Себебі мемлекет әр түрлі әлеуметтік институт сияқты, әр түрлі мақсатта пайдаланылуы мүмкін. Кейбір жағдайда жеке топтардың мүддесін іске асыру үшін, онда ол қоғамның «қожайыны» ретіндегі рөлді атқарады. Басқа жағдайда барлығының мүддесін іске асырған жағдайда ол қоғамның құл рөлін атқарады. Сондықтан қоғам алдында мемлекетті «қожайыннан құлға» айналдыру құралын іздестіру мәселесі әрқашан тұрған.

Ондай құрал ретінде құқықты ойлап тапты, себебі басқа әлеуметтік нормаларға қарағанда, құқықтық норма өз мүддесін іске асыру қолайлы жағдай туғызады. Бір жағынан, мемлекеттік билікті шектеп бақылап отырады, екінші жағынан – азаматтардың бостандығы мен міндеттерін бекітеді.

Мемлекеттік билікті құқықпен байланыстыру қағидасын іске асырудың мынадай құралдары мен әдістері бар.

Билік бөлінісі. Оның негізгі талабы, саяси бостандықты бекіту, қандайда әлеуметтік топ жағынан билікті өз еркімен пайдалануға тиым салу, заңдылықты қамтамасыз ету, сондықтан билікті заң шығарушы, атқарушы және сот билігі етіп үшке бөліп тастау. Ол биліктер өз алдына бір-бірінен тәуелсіз болуы тиіс .

Халықтың тәуелсіздігін мойындау. Алғашқыда жоғарғы билік халықтың қолында болуы, кейін сайлау арқылы мемлекеттің жоғарғы орғаны парламентке беріледі.

Мемлекет құқыққа бағынуы. Осы шарт құқықтық мемлекеттің негізгі және жалғыз белгісі ретінде саналады. Мемлекеттің құқыққа бағынуы құқықтық мемлекеттің тәжірибелік тұжырымының мәні. Ғылымда осы қағиданың екі негізгі қағидасы қалыптасқан:

1) Мемлекеттің өздері шығарған құқықтары арқылы іс-әрекетін шектеу.

2) Мемлекеттің іс-әрекетін идеалды, әділетті құқық арқылы шектеу.

Кейінгі кездері осы қағидаға сәйкес, құқыққа мемлекеттік органдар ғана емес, сонымен қатар азаматтар мен олардың ұйымдары бағыну керек деген көзқарас айтылып жүр. Азаматтардың құқықтары мен міндеттері бір болу, яғни мемлекет пен жеке тұлғаның жауапкершілігі бір. Мемлекеттік билік қана емес, қоғамдық өмірдің өзі құқықтық бастаманы ұйымдастырып іске асыру қажет.

Мемлекет пен жеке тұлғаның өзара жауапкершілігі. Бұл қағида мемлекет, яғни саяси билікті алып жүруші және азамат осы билікті іске асыруға қатысушы ретінде заңды-құқықтық қатынастарының бастамасы. Жеке тұлға мен қоғамдық бостандықтың заңды түрін құру арқылы мемлекеттің өзі өзінің шешімдері мен іс-әрекетінде шектеулі. Заң арқылы өзінің іс-әрекетінде азаматпен, қоғамдық ұйымдар және басқа мемлекеттермен әділетті қарым- қатынасты қамтамасыз етуді мойынына алу.

Құқықтық мемлекетті саяси-құқықтық тұрғыдан қарастырғанда, оның ерекшелігін байқауға болады. Құқықтық мемлекетті саяси-құқықтық тұрғыда қарастырғанда, оның мораль, ізгілік, намыс, әдептілік, салт-дәстүр, тәлім-тәрбие, адамгершілік және т.б. құндылықтар алдыңғы қатарда тұратынын көрдік. Құқықтық мемлекет құру барысында жоғарыда аталған құндылықтарды ескерген жағдайда әділетті, яғни құқықтық мемлекет құруға жол ашылады. Сондықтан, аталған құндылықтарды ескерген жөн екендігін байқаймыз.

Құқықтық мемлекеттің қалыптасу жолының ерекшелігі құқықтық сана және құқықтық мәдениеттің қалыптасып дамуымен тығыз байланысты. Ал құқық моральмен байланысты. Құқықтық нормалар моральдық нормалар сияқты әдет-ғұрыптардан туындайды. Осы тұрғыда құқық мораль сияқты позитивті. Құқық пен мораль туралы мәселеге келгенде, олар әлеуметтік тәртіпті қалай қадағалайды деген сұраққа назар аудару қажет. Осыдан келіп, олардың арасындағы айырмашылықты байқауға болады. Сондықтан құқықтық мемлекеттің саяси-құқықтық негізін қарастырғанда моральға көңіл бөліп отырмыз. Құқық өзінің табиғаты бойынша моральді, яғни құқықтық нормаларда моральдың нормаларына қарама-қайшы келетін іс-әрекет жоқ. Сондықтан, құқықтық мемлекет құруда моральдың алатын орны ерекше.

Басқа мемлекеттермен шаңырағы тең екендігін дәлелдеп, Қазақстан құқықтық мемлекет құруға жол ашты. Қазақ халқының саяси-құқықтық ойларында құқықтық мемлекет құру ертеден бастап дамыған. Ол кезде құқықтық мемлекет туралы нақты мәселе қозғалмаса да, осындай мемлекетке жетудің жолдары бекітілді. Кеңестер Одағы тұсында осы мәселені кеңінен зерттеуге мүмкіндік болған жоқ. Қазір осындай мүмкіндіктер пайда болғаннан бастап, көптеген бізге беймәлім мәліметтердің беті ашылды.

Құқықтық мемлекетті құқықты моральдандыру арқылы құруға болады. Себебі көптеген заңгерлер, саясаттанушылар және басқа да ғалымдардың ойынша, мемлекетте мықты, қатал заң болса ғана құқықтық мемлекет болады деген тұжырым бар. Біздің ойымызша, ол қате көзқарас. Өйткені қоғам тірі организм, оның өзінің тәуелсіз заңдылықтары бар. Сондықтан ең бірінші тәлім – тәрбиелік, ізгіліктікке назар аударған жөн.

Ең бірінші, ол өзін сыйлап барып қана, басқаларды да сыйлайды. Заңға қорқыныш сезімі арқылы бағынбай, керісінше, сыйластық арқылы өзінің болашағы, қоғамның болашағы деген көзқараспен қарау қажет. Жеке тұлға мен мемлекет арасында өзара сүйіспеншілік пайда болу, сыйластық пайда болудың рөлі ерекше.

Тарихтан белгілі тоталитарлық режим өкіметке деген сенбеушілік, өкімет алдында адамдардың қорқыныш сезімін тудырады. Не себептен көнеден бастап қандай да болмасын ойшыл әділетті мемлекет моделін іздеп, соны құруға тырысты. Осы себептен екені айдай ашық.

Құқықтық мемлекет құрудың ел үшін маңызы зор, болашағы бар.Қазақ халқында көнеден мәдениетке, салт-дәстүрге деген көзқарас ерекше болған. Міне, сондықтан қазіргі таңда өткендегі салт-дәстүрімізді жаңғырту арқылы, соны құқықтық мемлекет идеясымен байланыстыру арқылы нәтижеге жетеміз.

Құқықтық мемлекет азаматтық қоғаммен тығыз байланысты, сондықтан азаматтық қоғамсыз құқықтық мемлекет құруға болмайды. Қандай мемлекет болмасын, оның өз алдына тәуелсіз ұйымдар, партиялар, жеке кәсіпорындар, қауымдастықтар болу шарт. Мемлекеттен тәуелсіз осы субъектілер өз алдына құқықтық мемлекет құруға себептігін тигізеді. Азаматтық қоғам арқылы әлеуметтік қоғам пайда болады, өйткені олар бірін-бірі толықтырып отырады. Сондықтан, жеке адамдар өздерінің құқықтарын қорғау арқылы құқықтық мемлекет құра алады. Осыған орай құқықтық мемлекет құру жолында ең алдымен қоғамдық сана формаларының бірі – моральдық санаға ерекше көңіл бөлген жөн. Құқықтық мемлекет құруда моральдық сананың ролі артады. Өйткені біз өмір сүріп тұрған қоғамда әртүрлі әлеуметтік топтар арасында қайшылық көп, сондықтан бір-біріне деген адамгершілік сезімін дамыту, сол қоғамды материалдық, рухани жағынан дамытып жетілдіреді.

Құқықтық мемлекет құруда моральды негізге алатын болсақ, моральдық сананы ізгілікке негіздеп дамытатын болсақ, онда құқық жазалаушы түрі ретінде емес, қоғамда адамдар арасындағы қарым-қатынасты реттейтін формалардың бірі болады. Моральдық принципі жоғары тұрған адамға құқықтық нормалардың қажеті жоқ. Оған сот та, жазалаушы орган да, оның өзінің ар ұяты. Міне, сондықтан қоғамда заңға бағынушы, құқықтық нормаларды сыйлайтын индивидті тәрбиелеп шығарғымыз келсе, оны моральдық жағынан тәрбиелеуіміз керек. [7, 106б.].

Моральдық принциптерді негізге ала отыра, заңдарды қабылдау керек. Осыған орай құқықтық нормалардың негізінде моральдық принцип жатыр. Бірақ ол жеткіліксіз, сондықтан құқықтық мемлекет құру үшін оны жетілдіру керек. Қабылданған заңдарға моральдық сипат беру қажет.


ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
1 Назарбаев Н.Ә. «Қазақстан-2050» Стратегиясы-қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Қазақстан халқына Жолдауы. // Қазақстан Республикасы Президентінің http://www.akorda.kz. ресми сайты.

2 Мұхамедов М., Сатершинов Б., Сырымбетұлы Б. Саяси-құқықтық ілімдер тарихы. – Алматы: Заң әдебиеті, 2003.

3 Руссо Жан Жак. Қоғамдық келісім-шарт туралы немесе саяси құқық принциптері. / Ауд. Б.Ж. Смағамбет. – Алматы: Үш Қиян, 2004.

4 Аюпова З.К., Сабикенов С.Н. Концепция правового государства. – Алматы: Ғылым, 1996.

5 Кенжалиев З. Конституция және қоғамдық сана. // Егемен Қазақстан. – 2012. - 25 тамыз.

6 Өзбекұлы С. Қазақстанның саяси-құқықтық ой-пікір тарихының өзекті мәселелері. – Алматы: Білім, 2004.

7 Жоламан К.Д. Мемлекет және құқық теориясы. – Алматы: Жеті жарғы, 2004.
Summary

Құқықтық мемлекеттің қалыптасу жолының ерекшелігі құқықтық сана және құқықтық мәдениеттің қалыптасып дамуымен тығыз байланысты. Осыған орай құқықтық мемлекет құру жолында ең алдымен қоғамдық сана формаларының бірі – моральдық санаға ерекше көңіл бөлген жөн. Тәуелсіз Қазақстан қоғамы үшін адам мен азаматтың өмірі, құқықтары мен бостандықтары ең асыл құндылықтар болып табылады.Құқықтық мемлекет құруда моральдық сананың ролі артады.

Особенности становления правового государства тесно взаимосвязаны с развитием правосознания и правовой культуры. В созданий правового государства также надо уделять внимание на моральное сознание Жизнь, права и свободы человека и гражданина являються высшей ценностью общества независимого Казахстана

After getting independence Kazakhstan became one of the developed legal states in the world. To build the legal state and democratize the society is a hard and long process. The Independent Kazakhstan developed many deep reforms and now we see the results of them. The legal state is closely related with civil society, that’s why it’s not possible to build the legal society.



Кілт сөздер

Құқықтық мемлекет, азаматтық қоғам, заң.

Правовое государство,гражданское общество, право, закон.

Legal state, сivil society, law, reform.







Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет