Қазақстан Республикасының Бюджет кодексі


-тарау. Бюджеттік инвестициялар мен концессиялық жобаларды



бет15/18
Дата20.07.2016
өлшемі326.4 Kb.
#211566
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   18

31-тарау. Бюджеттік инвестициялар мен концессиялық жобаларды
жүзеге асыру
      Ескерту. 31-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР 03.12.2013 № 150-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      157-бап. Бюджеттiк инвестициялық жобаларды iске асыру
      1. Бюджеттiк инвестициялық жобалар олардың белгiленген тәртiппен бекiтiлген техникалық-экономикалық негiздемелерiне сәйкес iске асырылады.
      2. Бюджеттiк инвестициялық жобаларды iске асыру шеңберiнде көзделетiн құрылыс қызметi белгiленген тәртiппен бекiтiлген жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес жүзеге асырылады.
      3. Бюджеттiк инвестициялық жобаларды iске асыру шеңберiнде көзделетiн шет мемлекеттер аумағындағы құрылыс қызметi осы жоба аумағында iске асырылатын мемлекеттiң заңнамасында белгiленген тәртiппен бекiтiлетін жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес жүзеге асырылады.
      4. Бiрыңғай техникалық параметрлерi бар инвестициялық жобалар бойынша үлгiлiк жоба әзiрлеу жүзеге асырылады.
      Үлгi жобаларды әзiрлеуді және оларға сараптама жүргiзудi қаржыландыру сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөнiндегi уәкiлеттi органның тиiстi бюджеттiк бағдарламасының қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
      Бюджеттiк инвестициялық жобаларды iске асыру кезiнде үлгi жобаларды қолдану құрылыстың нақты алаңына бекiту жолымен жүзеге асырылады.
      5. Жобалау-сметалық құжаттаманы түзетуге немесе оған бекітілген техникалық-экономикалық негіздемеде немесе бюджеттік инвестициялық жобаның үлгілік жобасында көзделмеген, қосымша бюджет шығыстарына әкеп соғатын қосымша компоненттерді енгізуге байланысты бюджеттік инвестициялық жобалардың сметалық құнын бюджет комиссиясының қарауынсыз және ұсынысынсыз ұлғайтуға жол берілмейді.
      6. Республикалық немесе жергiлiктi бюджетке енгiзiлмеген бюджеттiк инвестициялық жобалар бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзiрлеуге жол берiлмейдi.
      7. Алып тасталды - ҚР 2011.11.24 N 495-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
      8. Алып тасталды - ҚР 2011.11.24 N 495-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
      9. Республикалық бюджет есебiнен қаржыландырылатын аяқталған инвестициялық жобалар бойынша инвестициялық жобалардың iске асырылуын бағалауды Қазақстан Республикасының Үкiметi уәкiлеттiк берген орган жүргiзедi.
      Жергiлiктi бюджет, оның iшiнде республикалық бюджеттен берілетін нысаналы трансферттер есебiнен қаржыландырылатын инвестициялық жобалардың iске асырылуын бағалауды жергiлiктi атқарушы орган уәкiлеттiк берген орган жүргiзедi.
      10. Республикалық бюджеттік инвестициялық жобалардың және республикалық бюджеттен нысаналы даму трансферттері есебінен іске асырылатын жергілікті бюджеттік инвестициялық жобалардың іске асырылуы мониторингін республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілері жүзеге асырады.
      Бюджеттік инвестициялық жобалардың іске асырылуы мониторингін жүргізу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
      Бюджеттік инвестициялық жобалардың іске асырылуын бағалауды мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілері мониторингінің қорытындылары бойынша жылдық есептің негізінде жүзеге асырады.
      Бюджеттік инвестициялық жобалардың іске асырылуын бағалауды жүргізу кезінде мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын заңды тұлғаны тартады.
      Бюджеттік инвестициялық жобалардың іске асырылуын бағалауды жүргізу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
      11. Жергілікті бюджеттік инвестициялық жобалардың іске асырылуы мониторингін және оны бағалауды мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті орган жүзеге асырады.
      Ескерту. 157-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2011.11.24 N 495-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 13.06.2013 № 102-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.12.2013 № 150-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
      158-бап. Концессиялық жобаларды іске асыру
      1. Концессиялық жобалар «Концессиялар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес концессия шартының негізінде іске асырылады.
      2. Концессиялық жобалардың іске асырылуы мониторингін концессия объектілерін құру (реконструкциялау) және оларды кейіннен пайдалану кезеңінде тиісті саланың орталық уәкілетті органы жүзеге асырады.
      3. Концессиялық жобалардың іске асырылуын бағалауды мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асырады.
      Концессиялық жобалардың іске асырылуын бағалауды жүргізу кезінде мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын заңды тұлғаны тартады.
      4. Концессиялық жобалардың іске асырылуы мониторингін және оны бағалауды жүргізу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
      Ескерту. 158-бап жаңа редакцияда - ҚР 03.12.2013 № 150-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      159-бап. Мемлекеттiң заңды тұлғалардың жарғылық капиталына
                қатысуы арқылы бюджеттiк инвестицияларды жүзеге
                асыру
      1. Мемлекеттiң заңды тұлғалардың жарғылық капиталына қатысуы арқылы бюджеттiк инвестицияларды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының Үкiметi және жергiлiктi атқарушы органдар жүзеге асырады.
      1-1. Заңды тұлғалардың жарғылық капиталына мемлекеттің қатысуы арқылы салынатын бюджеттік инвестициялар белгіленген тәртіппен бекітілген қаржылық-экономикалық негіздемелерге сәйкес іске асырылады.
      2. Жарғылық капиталына мемлекет қатысатын заңды тұлғалардың жарғылық капиталын ұлғайтуға және олардың еншiлес ұйымдарының жарғылық капиталын ұлғайтуға заңды тұлғалардың жарияланған акцияларын төлеуге ақша аудару бағалы қағаздар нарығын реттеудi және қадағалауды жүзеге асыратын уәкілетті органның тиiстi куәлiгiмен расталатын жарияланған акцияларын (бағалы қағаздарды) шығару мемлекеттiк тiркеуден өткеннен кейiн жүзеге асырылады.
      Квазимемлекеттік сектор субъектісінің еншілес, тәуелді және өзімен үлестес ұйымдардың жарғылық капиталдарын ұлғайтуға жарияланған акцияларды (бағалы қағаздарды) төлеуге ақша аударуы республикалық бюджет туралы заңда не мәслихаттың жергілікті бюджет туралы шешімінде тиісті қаржы жылына көзделген ақша квазимемлекеттік сектор субъектісінің шотына түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.
      3. Заңды тұлғалардың жарғылық капиталына мемлекеттің қатысуы арқылы республикалық бюджеттік инвестициялардың және республикалық бюджеттен нысаналы даму трансферттері есебінен іске асырылатын инвестициялардың мониторингін республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері жүзеге асырады.
      Заңды тұлғалардың жарғылық капиталына мемлекеттің қатысуы арқылы бюджеттік инвестициялардың іске асырылуын бағалауды мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілері мониторингінің қорытындылары бойынша жылдық есептің негізінде жүзеге асырады.
      Заңды тұлғалардың жарғылық капиталына мемлекеттің қатысуы арқылы бюджеттік инвестициялардың іске асырылуын бағалауды жүргізу кезінде мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын заңды тұлғаны тартады.
      Заңды тұлғалардың жарғылық капиталына мемлекеттің қатысуы арқылы бюджеттік инвестициялардың іске асырылуы мониторингін және оны бағалауды жүргізу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
      4. Заңды тұлғалардың жарғылық капиталына мемлекеттің қатысуы арқылы жергілікті бюджеттік инвестициялардың іске асырылуы мониторингін және оны бағалауды мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті орган жүзеге асырады.
      Ескерту. 159-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2011.11.24 N 495-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.02.16 N 557-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 13.06.2013 № 102-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.12.2013 № 150-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
9-бөлім. Мемлекеттік концессиялық міндеттемелер
      Ескерту. 9-бөлім жаңа редакцияда - ҚР 04.07.2013 № 131-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
32-тарау. Мемлекеттік концессиялық міндеттемелер
      160-бап. Мемлекеттік концессиялық мiндеттемелер туралы
                жалпы ережелер
      1. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң және жергiлiктi атқарушы органдардың мемлекеттік концессиялық мiндеттемелердi қабылдауы Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына және Қазақстан Республикасының концессиялар туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      2. Мемлекеттік концессиялық мiндеттемелер:
      1) Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң мемлекеттік концессиялық мiндеттемелерi;
      2) жергiлiктi атқарушы органдардың мемлекеттік концессиялық мiндеттемелерi болып бөлiнедi.
      3. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң мемлекеттік концессиялық мiндеттемелерін орындау республикалық бюджет қаражатының есебiнен жүзеге асырылады.
      4. Жергiлiктi атқарушы органдардың мемлекеттік концессиялық мiндеттемелерін орындау жергiлiктi бюджеттер қаражатының есебiнен жүзеге асырылады.
      5. Қазақстан Республикасының Үкiметi мен жергiлiктi атқарушы органдар бiр-бiрiнiң мемлекеттік концессиялық мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi.
      6. Қазақстан Республикасы Үкiметiнің және жергiлiктi атқарушы органдардың мемлекеттік концессиялық мiндеттемелерi жасалған концессия шарттары бойынша мемлекеттік концессиялық мiндеттемелер толық төленген кезде орындалды деп есептеледі.
      Концессионер концессия шартын тиісінше орындамаған жағдайда, концессия шартында қамтылған, қабылданған міндеттемелерді концессионердің орындауын бағалау критерийлері негізінде концедент мемлекеттік концессиялық міндеттемелер көлемін азайтуды жүргізеді.
      7. Концессиялық жобалар бойынша инвестициялық шығындардың өтемақысын беру тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.
      7-1. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік концессиялық міндеттемелерінің лимиттерін айқындау әдістемесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
      Ескерту. 160-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 03.12.2013 № 150-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      161-бап. Мемлекеттік концессиялық мiндеттемелердi
                есепке алу және олардың мониторингi
      1. Мемлекеттік концессиялық мiндеттемелер бюджеттi атқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi органда Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен тiркеуге және есепке алуға жатады.
      2. Бюджеттi атқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң мемлекеттік концессиялық мiндеттемелерiнiң мониторингiн жүзеге асырады.
      3. Бюджеттi атқару жөнiндегi жергiлiктi уәкiлеттi органдар жергiлiктi атқарушы органдардың мемлекеттік концессиялық мiндеттемелерiнiң мониторингiн жүзеге асырады.
      4. Мемлекеттік концессиялық мiндеттемелердiң мониторингi Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен жүзеге асырылады.
      162-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң мемлекеттік
                концессиялық мiндеттемелердi қабылдауы және
                орындауы
      1. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң мемлекеттік концессиялық мiндеттемелер қабылдауы:
      1) жоспарлы кезеңге концессияға ұсынылатын объектiлер тiзбесiн қалыптастыру;
      2) Қазақстан Республикасы Үкіметінің мемлекеттік концессиялық мiндеттемелерінің лимиттерін белгiлеу;
      3) жасалған концессия шарты негiзiнде жүзеге асырылады.
      2. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң мемлекеттік концессиялық мiндеттемелердi қабылдауын бюджеттi атқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасы Үкiметiнің әрбiр жеке концессиялық жоба бойынша шешiмi негiзiнде жүзеге асырады.
      3. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң мемлекеттік концессиялық мiндеттемелердi қабылдауы республикалық бюджет туралы заңда белгiленген лимитпен шектеледi.
      4. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң мемлекеттік концессиялық мiндеттемелердi орындауын республикалық бюджетте көзделген бюджет қаражаты есебiнен концедент жүзеге асырады.
      Ескерту. 162-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 03.12.2013 № 150-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
33-тарау. Жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік концессиялық міндеттемелері
      163-бап. Жергiлiктi атқарушы органдардың мемлекеттік
                концессиялық мiндеттемелерді қабылдауы
      1. Жергiлiктi атқарушы органдардың мемлекеттік концессиялық мiндеттемелердi қабылдауы:
      1) жоспарлы кезеңге концессияға ұсынылатын объектiлер тiзбесiн қалыптастыру;
      2) жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік концессиялық мiндеттемелерінің лимиттерін белгiлеу;
      3) жасалған концессия шарты негiзiнде жүзеге асырылады.
      2. Жергiлiктi атқарушы органдардың мемлекеттік концессиялық мiндеттемелердi қабылдауын бюджеттi атқару жөнiндегi жергiлiктi уәкiлеттi орган облыс, республикалық маңызы бар қала, астана мәслихатының әрбiр жеке концессиялық жоба бойынша шешiмi негiзiнде жүзеге асырады.
      Ескерту. 163-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 03.12.2013 № 150-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      164-бап. Жергiлiктi атқарушы органдардың мемлекеттік
                концессиялық мiндеттемелер қабылдауын шектеу
      1. Жергiлiктi атқарушы органның мемлекеттік концессиялық мiндеттемелердi қабылдауы тиiстi жергiлiктi атқарушы органның мемлекеттік концессиялық мiндеттемелерiнiң белгiленген лимитiмен шектеледi.
      2. Жергiлiктi атқарушы органның мемлекеттiк концессиялық мiндеттемелерiнiң лимитiн үш жылдық кезеңге Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
      Ескерту. 164-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 02.07.2014 N 225-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).
      165-бап. Жергiлiктi атқарушы органдардың мемлекеттік
                концессиялық мiндеттемелердi орындауы
      Жергiлiктi атқарушы органдардың мемлекеттiк концессиялық мiндеттемелердi орындауын жергiлiктi бюджеттердiң қаражаты есебiнен концедент жүзеге асырады.
      Ескерту. 165-бап жаңа редакцияда - ҚР 03.12.2013 № 150-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
10-бөлім. ГРАНТТАР
34-тарау. БАЙЛАНЫССЫЗ ЖӘНЕ БАЙЛАНЫСТЫ ГРАНТТАР ТУРАЛЫ ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
      166-бап. Байланыссыз гранттар
      Байланыссыз гранттарды тарту, пайдалану, мониторингін жүргізу және пайдаланылуын бағалау Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.
      167-бап. Байланысты гранттарды жоспарлау
      1. Орталық мемлекеттік органдардың донорлардың өтеусіз қаржылық және техникалық көмек беру туралы ұсыныстарына негізделген байланысты гранттар тартуға өтінімдер қалыптастыру, ұсыным жасау және іріктеу жөніндегі қызметі байланысты гранттарды жоспарлау болып табылады.
      2. Байланысты гранттарды тартуға арналған өтінімдерді орталық мемлекеттік органдар жергілікті өкілді және атқарушы органдардың өтінімдерін ескере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға ұсынады.
      3. Байланысты гранттарды тартуға арналған өтінімдерді іріктеуді мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган:
      1) байланысты грантты тартуға арналған өтінімнің Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының басымдықтарына сәйкестігі;
      2) байланысты грантты тартуға арналған өтінімнің донорлардың байланысты гранттарды беру саясатына сәйкестігі негізінде жүзеге асырады.
      4. Байланысты гранттарды тартуға арналған іріктелген өтінімдердің негізінде мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен байланысты гранттарды тартуға арналған өтінімдердің тізбесін қалыптастырады.
      168-бап. Байланысты гранттарды тарту
      1. Байланысты гранттарды тартуға арналған өтінімдер тізбесінің негізінде мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган донорларға байланысты гранттар беруге арналған өтінімдер жібереді.
      2. Байланысты гранттар беруге арналған өтінімдерді толтыруды донорлар белгілеген нысан бойынша мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның сұрау салуы негізінде тиісті орталық мемлекеттік немесе жергілікті өкілді немесе атқарушы органдар жүзеге  асырады.
      Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісіп алмай донорларға өтініш жасауға тыйым салынады.
      3. Байланысты грантты тартуға өтінімді донор мақұлдаған жағдайда, оны тартудың орындылығын тиісті бюджет комиссиялары айқындайды.
      Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган байланысты гранттарды тартуға арналған өтінімдер тізбесін қалыптастырады және оны Республикалық бюджет комиссиясының қарауына енгізеді, сондай-ақ оны жергілікті атқарушы органдарға тиісті бюджет комиссияларының қарауына өтінімдер енгізу жөніндегі жұмысты ұйымдастыру үшін жібереді.
      4. Байланысты грант туралы келісім республикалық немесе жергілікті бюджеттер бекітілгеннен кейін жасалады.
35-тарау. БАЙЛАНЫСТЫ ГРАНТТАРДЫ ПАЙДАЛАНУ
      169-бап. Байланысты гранттарды пайдалану
      1. Байланысты гранттарды пайдалану жеке бюджеттік бағдарлама бойынша көзделеді және оны байланысты грант туралы келісімге және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік ұйымдар - гранттарды алушылар жүзеге асырады.
      2. Мемлекеттік ұйымдар - байланысты гранттарды алушылар:
      1) байланысты грант туралы келісімде көзделген өздеріне қабылдаған міндеттемелерді уақтылы орындауға;
      2) алынған байланысты гранттардың нысаналы және тиімді пайдаланылуын қамтамасыз етуге;
      3) байланысты гранттардың есебінен сатып алынған жабдықтар мен материалдардың балансқа қойылуын қамтамасыз етуге;
      4) гранттардың есебінен сатып алынатын тауарлар импорты кезінде кедендік декларациялауды уақтылы жүзеге асыруға;
      5) ай сайын бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органға байланысты гранттарды пайдалану туралы ақпаратты ұсынуға міндетті.
      3. Байланысты грантты пайдалану аяқталған соң мемлекеттік ұйымдар - байланысты гранттарды алушылар мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға донордың уәкілетті өкілі және өтінімі бойынша байланысты грант беру жүзеге асырылған орталық мемлекеттік немесе жергілікті өкілді немесе атқарушы органдардың бірінші басшысы қол қойған байланысты грантты пайдалану туралы түпкілікті есепті ұсынады.
      Ескерту. 169-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2010.06.30 N 297-IV (2010.07.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
      170-бап. Байланысты гранттарды пайдалану мониторингі және
                бағалау
      1. Байланысты гранттарды пайдалану мониторингі:
      1) орталық мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың байланысты гранттарды пайдалану барысы мен нәтижелері туралы ақпарат жинауын және оны өңдеуін;
      2) орталық мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың байланысты гранттарды пайдалану барысы мен нәтижелері туралы есептерді мемлекеттік жоспарлау және бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органдарға табыс етуін көздейді.
      2. Есептілікті табыс ету тәртібі мен мерзімдерін және нысандарын, сондай-ақ байланысты гранттарды пайдалану барысы мен нәтижелері туралы берілетін ақпаратқа қойылатын талаптарды мемлекеттік жоспарлау және бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органдар айқындайды.
      3. Байланысты гранттарды пайдалануды бағалауды мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган байланысты гранттарды пайдалану мониторингінің негізінде жүзеге асырады және:
      байланысты гранттарды тартудың орындылығын бағалауды;
      байланысты гранттарды пайдаланудың жоспарланған және қол жеткізілген нәтижелерін салыстыруды, сондай-ақ олардың республика мен өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына әсер етуін талдауды;
      байланысты гранттарды пайдалануға әсер еткен әртүрлі сыртқы факторларды бағалауды және талдауды көздейді.
      4. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган оларды бағалау нәтижелеріне негізделген байланысты гранттарды пайдалану туралы жиынтық есепті қалыптастырады және оны есепті жылдан кейінгі жылдың 1 сәуірінен кешіктірмей Қазақстан Республикасының Үкіметіне табыс етеді.
11-бөлім. БЮДЖЕТТІК КРЕДИТТЕУ
36-тарау. БЮДЖЕТТІК КРЕДИТТЕУДІҢ ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕРІ
      171-бап. Бюджеттік кредиттеу туралы негізгі ережелер
      1. Бюджеттік кредиттеу бюджеттік кредитті беру, пайдалану, оған қызмет көрсету және оны өтеу туралы шешім қабылдау рәсімдерін қамтитын процесті білдіреді.
      2. Кредитор, бюджеттік бағдарлама әкімшісі және қарыз алушы арасындағы бюджеттік кредитті беру, пайдалану, оған қызмет көрсету және оны өтеу кезінде тараптардың құқықтық қатынастарын белгілейтін келісім кредиттік шарт болып табылады.
      3. Бюджеттік кредиттер заңды тұлғалардың жарғылық капиталдарына қатысу мақсаттарына, қарыз алушылардың шаруашылық қызметінің залалдарын жабуына, сенім білдірілген өкілдердің (агенттердің) көрсетілетін қызметтеріне ақы төлеуге берілмейді.
      4. Бюджеттік кредиттер мынадай талаптар сақталған жағдайда беріледі:
      1) салық берешегінің болмауы;
      2) қарыз алушының бюджеттік кредит бойынша міндеттемелерді орындауды қамтамасыз ететін жағдайының болуы;
      3) қарыз алушының бұрын берілген бюджеттік кредиттер бойынша берешегінің болмауы.
      172-бап. Бюджеттік кредиттеу принциптері
      Бюджеттік кредиттерді беру мынадай:
      1) бюджеттік кредитті кредит шартына сәйкес өтеу міндеттілігін көздейтін қайтарымдылық;
      2) міндеттемелердің орындалуын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәсілдермен қамтамасыз ететін жағдайының болуын көздейтін қамтамасыз етілу;
      3) бюджеттік кредиттің берілгені үшін қарыз алушының сыйақы төлеуін көздейтін ақылылық;
      4) бюджеттік кредитті беру мерзімін белгілеуді көздейтін мерзімділік принциптеріне сәйкес жүзеге асырылады.
      173-бап. Бюджеттік кредиттеу өлшемдері
      Бюджеттік кредиттер мынадай өлшемдер сақталған жағдайда беріледі:
      1) іс-шараларды бюджеттік кредиттеу арқылы іске асырудың
экономикалық және әлеуметтік тиімділігі;
      2) бюджеттік кредит есебінен іске асырылатын іс-шаралардың өзін-өзі ақтауы;
      3) қарыз алушының Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын өлшемдерге сәйкес кредиттік қабілеті.
      174-бап. Бюджеттік кредиттеу субъектілері
      1. Кредитор, бюджеттік бағдарламаның әкімшісі, қарыз алушы, соңғы қарыз алушы және сенім білдірілген өкіл (агент) бюджеттік кредиттеу субъектілері болып табылады.
      2. Бюджеттік кредиттеу субъектілерінің құқықтары мен міндеттері осы Кодекске және Қазақстан Республикасының басқа да заңнамалық актілеріне сәйкес кредиттік шартпен және (немесе) тапсырма шартымен айқындалады.
      175-бап. Кредитор
      1. Қазақстан Республикасының бюджеттік және азаматтық заңнамасына сәйкес бюджеттік кредит беретін кредит шартының тарабы кредитор болып табылады.
      2. Республикалық бюджеттен бюджеттік кредиттеу кезінде Қазақстан Республикасының Үкіметі кредитор болып табылады.
      Бюджеттік кредиттеу кезінде бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан кредитор ретінде әрекет етеді.
      3. Жергілікті бюджеттен бюджеттік кредиттеу кезінде тиісті жергілікті атқарушы орган кредитор болып табылады.
      4. Кредитор осы Кодекске және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бюджеттік кредит беруді қамтамасыз етеді, кредит шарты талаптарының орындалуын бақылауды жүзеге асырады.
      176-бап. Бюджеттік кредиттеу субъектісі ретіндегі
                бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі
      Бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі бюджеттік кредит беру кезінде кредиттік шарттың тарабы болып табылады және:
      1) қаржы агенттіктерін қоспағанда, мамандандырылған ұйымдар мен сенім білдірілген өкілдерді (агенттерді) конкурстық негізде айқындауды;
      2) бюджеттік кредиттердің нысаналы және тиімді пайдаланылуын, өтелуі мен оларға қызмет көрсетілуін бақылауды және мониторингін жүзеге асырады.
      177-бап. Қарыз алушылар
      1. Бюджеттік кредитті алушы, негізгі борышты өтеу және сыйақы, сондай-ақ кредиттік шартқа сәйкес басқа да төлемдерді төлеу жөнінде міндеттемелер алатын кредит шартының тарабы қарыз алушы болып табылады.
      2. Мыналар:
      1) мамандандырылған ұйымдар - банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар, сондай-ақ акцияларының бақылау пакеттері мемлекетке не ұлттық холдингке, не Қазақстан Республикасының резиденттері болып табылатын ұлттық басқарушы холдингке тиесілі ұйымдар;
      2) жергілікті атқарушы органдар;
      3) шет мемлекеттер;
      4) жеке тұлғалар қарыз алушылар бола алады.
      178-бап. Түпкілікті қарыз алушылар
      1. Мамандандырылған ұйым оған кредитор немесе қаржы агенттігі айқындаған шарттармен беретін бюджеттік кредитті соңғы алушы түпкілікті қарыз алушы болып табылады.
      2. Қазақстан Республикасының резиденттері болып табылатын, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар түпкілікті қарыз алушылар бола алады.
      3. Түпкілікті қарыз алушыларды іріктеуді және кредиттеуді бюджеттік бағдарламаның нысаналы мақсатына, сондай-ақ өздерінің кредиттік саясатына сәйкес мамандандырылған ұйымдар жүзеге асырады.
      179-бап. Сенім білдірілген өкілдер (агенттер)
      1. Тапсырма шартының негізінде кредитордың (сенімгердің) атынан және оның есебінен және оның нұсқауларына сәйкес бюджеттік кредит беруге байланысты белгілі бір тапсырмаларды жасайтын тұлға сенім білдірілген өкіл (агент) болып табылады.
      2. Сенім білдірілген өкіл (агент) кредитордың (сенімгердің) тапсырмасы бойынша мынадай іс-әрекеттерді орындай алады:
      1) бюджеттік кредиттерге қызмет көрсету;
      2) қарыз алушылармен есеп айырысу;
      3) бюджеттік инвестициялық жобалардың қаржыландырылуы мен іске асырылуына мониторинг жүргізу;
      4) қарыз алушылардың қаржылық жай-күйіне мониторинг жүргізу;
      5) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес берешекті өндіріп алу;
      6) қарыз алушы-жеке тұлғаларды анықтау және олармен кредиттік шарттар жасасу.
      3. Банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым немесе акцияларының бақылау пакеті мемлекетке немесе Қазақстан Республикасының резиденттері болып табылатын ұлттық холдингке не ұлттық басқарушы холдингке тиесілі ұйым сенім білдірілген өкілдер (агенттер) бола алады.
      4. Қаржы агенттігін қоспағанда, сенім білдірілген өкілді (агентті) бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган немесе бюджеттік бағдарламаның әкімшісі Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес айқындайды.
      5. Егер тапсырыс шартында өзгеше көзделмесе, бюджеттік бағдарламаның әкімшісі тиісті бюджет қаражаты есебінен сенім білдірілген өкілге (агентке) тапсырманы орындағаны үшін сыйақы төлеуді жүзеге асырады.
      Сенім білдірілген өкілге (агентке) тапсырмаларды орындағаны үшін төленетін сыйақының мөлшері тапсырма шартында белгіленеді.
      Ескерту. 179-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 02.07.2014 N 225-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   18




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет