Ақпараттық-насихат тобының мемлекеттік органдармен өзара әрекеттесуі
АНТ қызметі олардың құзіретіне ішкі саясат, діни ахуалды бақылау және діни бірлестіктермен қарым-қатынас мәселелері енетін биліктің жергілікті атқарушы органдарымен тікелей өзара әрекеттесу арқылы жүзеге асырылады.
АНТ қызметін ұйымдастыру ісінде жергілікті мемлекеттік органдарға ұсыныстар:
-
ақпараттық-насихат топтарының пәрменді қызмет атқаруы үшін ұйымдастырушылық жағдайлар жасау (кеңсемен қамтамасыз ету, іс-шараларға тұрғындардың әртүрлі әлеуметтік топтарының өкілдерін шақыру);
-
насихат жұмыстарының тұрғындарды теңдей қамтуына және мақсаттылығына қолғабыс ету;
-
ақпараттық-насихат топтарына тұрақты түрде әдістемелік көмек көрсету және оларды конфессиялық саясат мәселелеріне арналған мазмұнды ақпараттық материалдармен қамтамасыз ету (брошюралар, парақшалар, буклеттер және т.б.);
-
ақпараттық-насихат топтарын талдау материалдарымен сүйемелдеу және АНТ қызметін БАҚ-тарда, мемлекеттік органдардың ресми интернет-ресурстарында кеңінен жарыққа шығаруды қамтамасыз ету;
-
АНТ басшылары мен мүшелерін жүйелі түрде оқытуды ұйымдастыру;
-
АНТ мүшелерімен кездесулерде тұрғындар тарапынан көтерілетін сауалдарға мониторинг және талдау жүргізу және олардың шешімін табуына көмек көрсету.
АНТ басшылары мен мүшелерінің жүргізіліп отырған жұмысқа жауапкершіліктерін арттыру мақсатында Дін істері агенттігі мен облыстардың, Астана және Алматы қалаларының Дін істері басқармаларында ақпараттық-насихат топтарының жауапты басшыларының есептерін мерзім сайын тыңдап отыру ұсынылады.
-
АНТ ҚЫЗМЕТІНІҢ БАҒЫТТАРЫ
АНТ қызметі тұрғындардың санасында елдегі дін саласында орын алып отырған оқиғалардың толық көрінісін қалыптастыруға бағытталған ақпараттық-түсініктемелік сипатқа ие. Осыған орай, ақпараттық-насихат жұмыстарының пәрменділігін арттыруға мүмкіндік беретін АНТ қызметінің негізгі бағыттарын айқындап алу қажет.
3.1. Конфессияаралық келісімді насихаттау
Еліміздің тұрғындары арасында азаматтардың сенім бостандығын қамтамасыз ету құқығына және діни бірлестіктермен өзара әрекеттесуге негізделген конфессияаралық және ішкіконфессиялық бейбітшілік пен келісімді сақтау мен нығайтуға бағытталған іс-шараларды өткізу - ақпараттық-насихат топтарының негізгі бағыттарының бірі болып табылады. Бұл шаралардың барлығы Қазақстан азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын, адамгершіліктері мен денсаулықтарын қорғауға бағытталған.
АНТ қызметін ұйымдастыру барысында ауыл тұрғындары мен жастар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуге ерекше назар аударған жөн.
Бұл бағыттағы жұмыстар ақпараттық-насихат топтарының діни бірлестіктермен, қоғамдық ұйымдармен және мемлекеттік органдармен ынтымақтастығы жағдайында жүргізілуі тиіс.
Конфессияаралық келісімді насихаттауға арналған түсіндіру жұмыстарындағы негізгі тақырыптар тұрғындарды келесідей бағыттарда ақпараттандыруға бағытталуы тиіс:
-
тәуелсіз Қазақстанның қазақстандық қоғамда конфессияаралық ауызбіршілік пен келісімді қамтамасыз ету саясатында қол жеткізген жетістіктері туралы;
-
этносаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық моделі және оның халықаралық деңгейде мойындалуы туралы;
-
Қазақстанда тұрақты түрде өткізіліп отырған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездері туралы;
-
Қазақстан халқының дәстүрлері, рухани мәдениеті мен толеранттылығы туралы.
3.2. Діни және құқықтық сауаттылықты көтеру
Азаматтардың діни сауатын көтеру деструктивті идеялардың таралуының алдын алуда және оған жол бермеудегі басым бағыттардың бірі болып табылады. Қызметтің осы түрі мемлекеттің дін саласындағы саясатын түсіндіруді және діни бірлестіктер мен ағымдар туралы ақпараттандыруды қамти отырып, деструктивті сипаттағы дәстүрлі емес діни ағымдардың тұрғындар мен азаматтардың діндарлығын өз мақсаттарына пайдалануға ұмтылған талпыныстарына қарсы тұра алатын иммунитет қалыптастырудың негізі болып табылады.
Дін мәселесіндегі құқықтық мәдениет діни сауаттылықтың ажырамас бөлігі болып табылады. Аталған аспект қалың көпшілікке елдегі діни қызмет саласындағы заңнамалардың жұмыс істеу тетіктерін түсіндіруге, оларға діни қызмет саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі ережелерін жеткізуге мүмкіндік береді.
Ақпараттық-насихат топтарының діни-құқықтық сауаттылық деңгейін арттыру бағытындағы қызметін ұйымдастыру барысында келесідей тақырыптарды пайдалану ұсынылады:
-
Қазақстанның мемлекеттік құрылысының зайырлылығы және құқықтық сипаты туралы;
-
дін саласындағы мемлекеттік саясат туралы;
-
соған сәйкес мерзімдегі өзгерістерді ескере отырып, діни қатынастар саласын реттейтін нормативтік-құқықтық база туралы;
-
әділет органдарында тіркеуден өткен діни бірлестіктер мен олардың еліміздегі қызметі туралы;
-
тіркеуден өтпеген және деструктивтік сипатағы діни ағымдар туралы, олардың қоғамға төндіретін қатері жөнінде.
-
Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу
Экстремизм – күш қолдану, өшпенділік, араздықты қоздыру және терроризм арқылы көрініс табатын шетін көзқарастар мен әрекеттерді ұстануды білдіреді.
Дін атын жамылып қызмет атқаратын экстремистік ұйымдардың мақсаты - мемлекеттің ішкі бірлігін бұзу, діни негіздегі алауыздықты тудыру, конфессияаралық қатынас саласында тайталастық отын тұтату және қоғамды құлдырату.
Экстремизмге қарсы iс-қимыл – ол мемлекеттiк органдардың:
-
адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға;
-
конституциялық құрылыс негiздерiн экстремизмнен қорғауға;
-
елдің тұтастығы мен ұлттық қауiпсiздiкті қамтамасыз етуге;
-
экстремизмнің алдын алуға, анықтауға, жол бермеуге және оның зардаптарын жоюға;
-
экстремизмнің іске асуына ықпал ететiн себептер мен жағдайларды анықтауға және жоюға бағытталған қызметi.
Терроризм – күш қолдану идеологиясы және тұрғындарды үрейлендірмен байланысты күш қолдану және (немесе) өзге де қылмыстық әрекеттерді жасау арқылы немесе қоқан-лоққы жасау жолымен мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының немесе халықаралық ұйымдардың шешім қабылдауына ықпал етуі және тұлғаға, қоғамға және мемлекетке зардап тигізу тәжірибесі.
Терроризмге қарсы іс-қимыл - мемлекеттік органдардың және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының келесідей бағыттардағы қызметі:
-
терроризмнің алдын алу;
-
террористік іс-әрекеттерді анықтау, жолын кесу, террористік қылмыстарды ашу және тергеу;
-
шұғыл медициналық көмек көрсету, медициналық-психологиялық сүйемелдеу, апаттық-құтқару және өртке қарсы іс-шаралар өткізу, террористік әрекетке ұшыраған объектілердің қалыпты жұмыс істеуін және экологиялық қауіпсіздігін қалпына келтіру, террористік актінің салдарынан зардап шеккен және оның жолын кесуге қатысқан адамдарды әлеуметтік оңалту, терроризм актісінің салдарынан зардап шеккен адамдардың моральдық және материалдық зардаптарын өтеу арқылы терроризм салдарларын барынша азайту және (немесе) жою.
Құқықтық, ұйымдастырушылық, тәрбиелік, насихат және басқа да жұмыстар жүргізу жүйесінен тұратын алдын алу шаралары - қоғамдық ортадағы экстремизм және терроризм көріністерімен күресудегі негізгі бағыттардың бірі болып табылады.
Дін саласындағы алдын алу және түсіндіру жұмыстарын жүргізу барысында тұрғындардың кең әлеуметтік топтарын, оның ішінде бірінші кезекте қоғамның жас буынын мейлінше қамту аса маңызды. Тұрғындардың аталмыш санаты жастық ерекшеліктеріне және әртүрлі әлеуметтік мәселелерге байланысты идеологиялық алдар-арбауларға шалдығуға, түрлі сипаттағы әлеуметтік ортадан жырақталған және қылмыстық топтардың теріс ықпалына бой алдыруға бейім келеді.
Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға бағытталған түсіндіру жұмыстарының негізгі тақырыптарын төмендегі ақпараттар құрай алады:
-
экстремистік діни ағымдар мен террористік ұйымдар туралы;
-
өздерінің әрекетін дін атын жамылып жүзеге асыратын экстремистік және террористік ұйымдардың деструктивті идеологиялары туралы;
-
дін атын жамылып әрекет ететін діни экстремистік және террористік ұйымдардың тұлғаға, отбасына, қоғам мен мемлекетке төндіретін қауіп-қатері туралы;
-
дәстүрлі емес діни ұйымдардың өз ұстанушыларының өмірі мен денсаулығына тигізетін психологиялық ықпалы туралы;
-
заманауи әлемнің өткір мәселесі ретіндегі діни экстремизм мен терроризм туралы;
-
Қазақстан Республикасының «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» және «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» Заңдары туралы.
-
АНТ ЖҰМЫСЫНЫҢ ФОРМАЛАРЫ МЕН ӘДІСТЕРІ
АНТ қызметінде мақсатты аудиторияның ерекшеліктерін бағамдай отырып, іске асырылып отырған идеологиялық жұмыстың формалары мен әдістерін жетілдіру мен жаңарту маңызды орын алады.
Форма – ақпараттық-насихат жұмыстарының мазмұнынан туындайтын ақпараттық-насихат тобының құрылымы, түрі, ұйымдастыру тәсілі.
Әдіс – ақпараттық-насихат тобының үгіт-насихат, ақпараттық-түсіндіру жұмысының алға қойып отырған нақты мәселелерін шешуді көздеген әдіс-тәсілдер жүйесі, іс-әрекеттерінің жиынтығы.
4.1. АНТ жұмысының негізгі формалары мен әдістері
АНТ қызметін ұйымдастыруда келесідей ұстанымдарды басшылыққа алу қажет:
-
қызмет бағыттарының тұтастығы, жүйелілігі мен кешенділігі;
-
үгіт-насихат және түсіндіру жұмыстарының әртүрлі формаларының өзара әрекеттестігі мен бірін-бірі толықтыруы.
АНТ жұмысының әдістерін таңдауда мақсатты аудиторияның ерекшелігін және ақпараттық-насихат жұмысының мақсатты бағытталуын ескеру өте маңызды.
Тәжірибе көрсетіп отырғандай, қолданбалы мақсатта АНТ жұмысының ең пәрменді формалары мыналар:
-
интерактивті семинар-тренингтер;
-
баспасөз-конференциялар;
-
дәрістер;
-
алдын алу және сақтандыру сипатындағы ақпараттық материалдарды тарату (буклеттер, брошюралар және т.б.);
-
қоғамдық-саяси, мәдени, спорттық іс-шараларға қатысу;
-
нақты оқиға/«оқиғалар қатары» желісінде жекелеген әлеуметтік санаттағы адамдар топтарымен ресми және бейресми кездесулер (мақсатты бағытталған нақты жұмыс) өткізу.
4.2. Мақсатты аудиториялар
Мақсатты аудитория – қандай да бір ортақ мақсаттар мен міндеттер үшін біріккен және ортақ белгілерге ие адамдар тобы.
АНТ жұмысының басым күші соларға бағытталуға тиіс тұрғындардың кең тараған келесідей санаттарын мақсатты аудитория ретінде анықтауға болады:
Бірінші өлшем. Жастар – жас ерекшеліктеріне байланысты деструктивтік және экстремистік идеологиялардың ықпалына тез түсіп қалады:
-
дүниетанымдық ізденістер;
-
құндылықтар өлшемінің орныға бастауы мен қалыптасуы;
-
азаматтық ұстанымының қалыптасуы;
-
психологиялық тұрақсыздық;
-
экономикалық, саяси, әлеуметтік және этномәдени және өзге де қызметтерге тартылуы.
Екінші өлшем. Діндарлар - белгілі бір діннің өкілдері. Оларды діндарлықтарының тереңдігіне сай келесі түрде жіктеуге болады:
-
олардың өмірлері мен жүріс-тұрыстарында діни сенім басты орын алатын аса діндарлар;
-
өмірлерінде діни сенім екінші орынға ие және олардың жүріс-тұрыстары дінмен айқындалмайтын діндарлар;
-
берік діни сенімі жоқтығы олардың жұріс-тұрыстарынан көрініс табатын және дін мен атеизмді таңдауда солқылдақтық танытатын адамдар.
Аталған аудиторияның дін саласына қатысты басым сипаттары:
-
дін мәселелеріне асқан қызығушылық таныту, өзін-өзі жетілдіруге, көп білуге ұмтылу;
-
дін жолына түскен соң өзіне қажетті ақпараттарды іздестіруде, ал мәлімет жеткіліксіз болған жағдайда деструктивті және радикалды ілімдердің тұзағына арбалу;
-
БАҚ беттерінде жарық көрген дін және діни экстремизм мен терроризмге қарсы күрес туралы материалдарға жоғары қызығушылық таныту;
-
баламалы және бейресми ақпарат көздеріне (интернет, шетелдік БАҚ-тар) ерекше назар аудару;
-
діни қайраткерлердің, лидерлердің пікірлеріне тым қатты еліту.
Үшінші өлшем. Қылмыс жасағандары үшін бас бостандығынан айырылғандар және олардың туыстары.
Экстремистік және террористік әрекеттерді жүзеге асырғаны немесе қатысқандығы, деструктивті сипаттағы жалған діндер мен радикалды идеяларды таратқаны үшін сотталған жазасын өтеушілермен, оның ішінде бас бостандығынан айырылған жандардың туған-туыстарымен арнайы түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырған жөн.
Жазасын өтеушілердің жақын туыстарымен жұмыстар жүргізу ақпараттық-насихат топтарына аталған санаттағы тұлғалармен алдын алу шараларын ұйымдастыруға, оларды радикалдық жолға түсуге алып келген себептер мен жағдайларды мақсатты түрде анықтауға, және осыған сәйкес алдын алу және ескерту сипатындағы нақты шараларды жасақтауға мүмкіндік береді.
Осы ретте, АНТ қызметіне бас бостандығынан айырылған азаматтардың жақын туыстарымен қатар (радикалдық ілімнен зардап шеккендер ретінде) жазасын өтеп шығып, дұрыс жолға түскен (өмірлік тәжірибесі арқылы сендіру мақсатында) азаматтарды тартудың маңызы айтарлықтай зор деуге болады.
Аталған аудиторияның дін мәселелеріне қатысты басым сипаттары:
-
бір жағдайда деструктивті және радикалды сипаттағы қатаң діни сенімде болады;
-
басқа бір жағдайда, мұндай азаматтар өткеніне өкініп, түзелуге және дұрыс діни жолға түсуге үміттене отырып, қажетті шынайы ақпаратты іздестіруде болады;
-
балама және бейресми ақпарат көздеріне тым артық сену тән (интернетке, шетелдік БАҚ-тарға, өздерінің орталарындағы виртуалды және шынайы діни көсемдерге);
-
діни лидерлердің, сонымен қатар бұрынғы террористердің пікірлеріне тез бой алдыру.
Төртінші өлшем. Мемлекеттік қызметкерлер – Қазақстан Республикасында белгіленген заннамалық тәртіппен республикалық не жергілікті бюджеттен немесе Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкісінің қаражатынан төленетін жалақыға мемлекеттік органда лауазымға ие және мемлекеттің қызметтері мен міндеттерін орындау мақсатында лауазымдық өкілеттікті жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының азаматы.
Аталған аудиторияның дін саласына қатысты басым сипаттары:
-
мемлекеттік саясат, оның ішінде дін саласына қатысты шаралар бойынша шешімдер қабылдауға және іске асыруға қатысуы;
-
құқықтық сауаттылығы;
-
экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимылға арналған тақырыптарға қызығушылығының жоғарылығы;
-
діни сауатының деңгейі төмен болуы мүмкін.
Бұдан бөлек, АНТ жұмысын ұйымдастыру барысында қазіргі күнде олардың арасында дәстүрлі емес діннің ұстанушыларының өсімі байқалып отырған мақсатты аудиториямен жұмыстар жүргізуге ерекше назар аудару қажет. Олар:
-
жұмыссыз жастар;
-
әлеуметтік тұрмысы төмен топтардың өкілдері;
-
ауыл тұрғындары;
-
шағын мешіттерге келушілер;
-
дәстүрлі емес дін өкілдерінің тұрғылықты жері, жұмыс орны бойынша қоршаған әлеуметтік ортасы.
Мақсатты топтарды осы түрде бөліп қарастыру, өз кезегінде, олардың жұмыстары ұзақ негізде не болмаса бір реттік іс-шара шеңберінде жүзеге асатын ақпараттық-насихат топтарының саны мен құрамын дұрыс анықтау мен бөлуге мүмкіндік береді.
Жалпы алғанда, АНТ қызметі шеңберіндегі мемлекеттік органдардың нақты аудиториялармен жұмыстар жүргізудегі міндеті жергілікті жерлерде іске асырылатын ақпараттық-насихат жұмыстарын соған сай сипатта қамтамасыз етуден көрініс табады. Осыған орай, үгіт-насихат және түсіндіру жұмыстарымен айналысатын баяндамашылардың қажетті ақпаратты түсінікті, дәлелді және сенім ұялататындай жеткізе білуі өте маңызды.
Түсіндіру жұмыстарында пайдаланылатын көрнекі сүйемелдеулерді, электрондық таныстырылымдар мен диаграммаларды дайындауда техникалық мүмкіндіктерді қолдану зор мәнге ие.
Ақпараттық-насихат топтарының нақты аудиториямен жүргізетін жұмыстарының пәрменділігін арттыру бойынша талаптар:
-
мақсаттылық. Аудиторияның жас мөлшеріне, кәсібилігіне, этникалық және басқа да ерекшеліктеріне сәйкес идеологиялық әсер етудің формалары мен әдістерін бөлу қажет;
-
ақырын іске асыру. Үгіт-насихат және түсіндіру қызметі ұзақ мерзімде іске асыруға есептелгендіктен олар терең ойластыру мен кезең-кезеңмен жүзеге асыруды талап етеді;
-
бірізділік. Күнделікті жұмыстар тұрғындардың әртүрлі топтарының стереотиптері мен психологиялық ұстанымдарына назар аударуды талап етеді;
-
жаңашылдық. Әрқашан аудиторияға ықпал етудің жаңа тәсілдерін, соны жұмыс формалары іздестіру қажет;
-
айқындылық және бейнелілік. Тыңдармандардың басым көпшілігіне түсінікті эмоциялық әсер ету, ұрандарды пайдалану құралдары мен жолдарын қолдану қажет;
-
қол жетімділік және түсініктілік. Шынайылық. Түсініктеме аппараты қабылдауға оңай және мағынасы бірегей болуы тиіс. Өмірде бар өзекті мәселелер мен оларды шешудің жолдары дәл, нақты көрсетілу керек.
-
АНТ ҚЫЗМЕТІН ӘДІСТЕМЕЛІК ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ
Әдістемелік қамтамасыз ету – АНТ мүшелерінің біліктілігін көтеруді, олардың ақпараттық-әдістемелік және талдау-әдістемелік қамтамасыз етілуін қамтитын АНТ қызметін тиімді жүргізуге қажетті әдіс-тәсілдер кешені.
Ақпараттық-әдістемелік қамтамасыз ету АНТ іс-шараларын жүргізу барысында қолданатын баспа, аудио және бейне өнімдер жиынтығынан тұратын материалдар кешенімен ақпараттық-насихат топтарын қамтамасыз ету болып саналады.
Талдау-әдістемелік қамтамасыз ету БАҚ-тарға мониторинг жүргізу, ақпараттық-насихат жұмыстарының барлық бағыттары бойынша талдамалық, әдістемелік материалдарды әзірлеу мен басып шығаруды қамтиды.
АНТ жұмысы өңірдің өзіндік діни ерекшелігімен қатар, әрбір аудиторияға өзекті дәрістер тақырыбын таңдауға мүмкіндік беретін социологиялық зерттеулер нәтижесін ескере отырып жүргізілуі тиіс.
5.1. АНТ мүшелерін оқыту және олардың біліктілігін
арттыруды ұйымдастыру
АНТ мүшелерін оқыту және біліктілігін арттыру курстарын өңірлерде құрылып жатқан коммуналдық мемлекеттік мекеме базасында жүйелі негізде жүргізу ұсынылады.
Осы ретте, АНТ мүшелеріне арналған әдістемелік сипаттағы кешенді іс-шараларды, яғни: жұмыс отырыстарын, оқыту семинарларын, насихат жұмыстарын ұйымдастыру әдістері мен түсіндіру жұмыстарының мазмұны мәселелеріне арналған семинар-тренингтерді тұрақты негізде әзірлеу мен жүзеге асыру ұсынылады.
Дін істері агенттігі жыл сайын АНТ мүшелерінің дін мәселелері бойынша біліктіліктерін көтеруге арналған семинарлардың типтік бағдарламаларын әзірлейді және оны жұмыста басшылыққа алу үшін облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдіктеріне жолдап отырады.
Осы орайда, облыстардың, Астана және Алматы қалалары әкімдіктерінің әр жыл сайын АНТ мүшелеріне арналған оқыту іс-шараларының нақты кестесін бекітіп отырғаны жөн. АНТ мүшелеріне арналған оқыту іс-шараларын әр тоқсанда бір реттен кем өткізбеу ұсынылады.
Дін мәселері жөніндегі қалалық және аудандық АНТ мүшелерін оқыту іс-шараларымен мейлінше кең қамту мақсатында осындай әдістемелік іс-шараларды жекелеген аудандар мен қалаларда өткізу ұсынылады.
АНТ мүшелерін оқытуды ұйымдастыру барысында дәріскерлер мен жаттықтырушылар ретінде білікті отандық дінтанушыларды, теологтарды, психологтар мен әлеуметтанушыларды, сондай-ақ дін саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырудың негізгі бағыттарына тікелей қатысатын әртүрлі деңгейдегі мемлекеттік органдардың мамандарын тарту ұсынылады.
АНТ мүшелерінің біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастыру барысында аталған сабақтарды жүргізуге бөлінген сағаттар санына ерекше назар аудару қажет.
Дәрістер мен тәжірибелік сабақтардың ұзақтығы қажетті ақпараттың көлемімен анықталады.
Дін мәселелері жөніндегі АНТ мүшелерінің біліктілігін арттыру курстарында төмендегі ақпараттарға қатысты мәліметтер берілуі қажет:
-
елдегі және әлемдегі діни ахуал жағдайы мен динамикасы туралы жалпы ақпараттар;
-
радикалды идеялар кең таралған өңірлер, сондай-ақ деструктивті доктриналардың таралу динамикасы мен себептері, олардың ерекшеліктері туралы мағлұматтар;
-
зайырлы сипаттағы дінтанушыларды, сондай-ақ теологтарды дайындайтын мамандандырылған жоғары зайырлы және діни білім беру орындары, олардың саны мен орналасқан мекен-жайлары туралы ақпараттар;
-
дін саласындағы әлеуметтік зерттеулердің нәтижелері;
-
елдегі және шетелдердегі орын алуы мүмкін ықтимал террористік қауіп-қатерлерді салыстырмалы талдау туралы ақпарат;
-
адамдарды радикалдық ағымдарға тартудың әдіс-тәсілдері, формалары мен қаржыларын анықтау, сондай-ақ олардың алдын алу тәсілдері туралы ақпарат;
-
ақпараттық-насихат топтарының мақсатты түсіндіру жұмыстарының пәрменділігін арттыру шаралары туралы ақпарат.
АНТ мүшелерінің біліктілігін арттыру барысында шеберлік-кластар, пікірталастар және т.б. әдістер арқылы олардың шешендік өнерінің қалыптасуына баса назар аудару қажет.
5.2. АНТ қызметтерін ақпараттық-әдістемелік материалдармен қамтамасыз ету
АНТ қызметін ұйымдастыру барысында жергілікті мемлекеттік органдарға АНТ қызметінің негізгі бағыттары бойынша сызба және кесте түріндегі ақпараттық материалдарды беру, статистикалық мәліметтерді даярлау, баспа өнімдерін (парақшалар, жадынамалар, брошюралар, кітаптар) әзірлеу мен басып шығару, БАҚ-тар мен интернет-ресурстарда жарық көретін мақалаларды әзірлеу, тақырыптық деректі фильмдер мен бейнероликтерді дайындау ұсынылады.
Ақпараттық материалдардың көрнекі түрде жарық көруі ақпараттық-насихат және түсіндіру жұмыстарының пәрменділігін арттырады.
Барлық деңгейдегі АНТ жұмыстарына арналған әдістемелік және ақпараттық материалдарды әзірлеу және таралымын көбейту барысында олардың тұрғындардың нақты аудиториясына мақсатты бағытталуын ескеру қажет.
-
АНТ қызметіне талдамалық-әдістемелік материалдарды әзірлеу және қамтамасыз ету
Ақпараттық-насихат топтарының қызметін талдамалық-әдістемелік қамтамасыз етуді дін саласындағы өзекті мәселелер туралы талдамалық материалдар мен әдебиеттерді әзірлеу, басып шығару және тарату арқылы іске асырған дұрыс.
АНТ мүшелеріне арналған талдамалық-әдістемелік және анықтамалық құралдар тыңдаушылардың деңгейі мен сұранысына, дәрістер мен тәжірибелік курстардың тақырыбына сай әзірленуімен қатар, «АНТ қызметінің бағыты» атты №3-бөлімде ұсынылған тақырыптарды басшылыққа алуы керек.
АНТ жұмыстарын талдамалық-әдістемелік қамтамасыз ету мақсатында әдістемелік әдебиеттерді, таратуға арналған материалдар мен ұсыныстарды аталған мәселелермен айналысатын мамандардың көмегімен өңірлердегі КММ түріндегі Дін мәселелерін зерттеу орталықтарының базасында әзірлеу және басып шығару қажет. Аудиторияға ұсынылатын материалдардың мағынасы айқын, ұғынықты әрі қабылдауға жеңіл болуы тиіс.
Агенттік мемлекеттің дін саласындағы уәкілетті органы ретінде дін саласындағы өзекті мәселелер бойынша анықтамалық және әдістемелік материалдарды әзірлеуге қолдау көрсетеді.
6. АНТ ҚЫЗМЕТІН АҚПАРАТТЫҚ СҮЙЕМЕЛДЕУ
АНТ іс-шараларының БАҚ беттерінде – баспасөз құралдарында, теледидарда, радиода - жеткілікті түрде жарыққа шықпауы АНТ қызметін ұйымдастыру барысында жиі кездесетін мәселелердің бірі. Белгілі бір нақты тақырып бойынша өткізілген іс-шаралар көбінесе баспасөз тарапынан ескерусіз қалып, ол туралы ақпарат халыққа таралмай жатады.
Дін тақырыбын жақсы білетін және осы кеңістікте орын алып отырған үдерістерді сауатты түрде жеткізе алатын журналистердің жеткіліксіздігі - осы қатардағы тағы бір маңызды мәселе болып табылады. Осыған орай, ақпараттық-насихат топтарының БАҚ-тармен өзара әрекеттесуі барысында жоғарыда көрсетілген мәселелерді ескеру керек.
Достарыңызбен бөлісу: |