Қазақстан Республикасы
Президенті мен Үкіметі актілерінің
жинағында толық мәтіні және республикалық
баспасөзде мазмұны жариялануға тиіс
Қазақстан Республикасының құқық қорғау жүйесін одан әрі дамыту
шаралары туралы
ҚАУЛЫ ETEMIH:
1. Қазақстан Республикасының құқық қорғау жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2014-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы (бұдан әрі – Бағдарлама) бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарының кадр саясаты тұжырымдамасы мақұлдансын.
3. Қазақстан Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар:
1) Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісім бойынша Бағдарламаны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бip ай мерзімде әзірлесін және бекітсін;
2) «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесінің одан әpi жұмыс істеуінің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 4 наурыздағы № 931 Жарлығымен айқындалатын мерзімде және тәртіппен Бағдарламаның іске асырылу мониторингінің нәтижелерін Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне ұсынсын;
3) Осы Жарлықты іске асыру жөніндегі өзге де шараларды қабылдасын.
4. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
5. Осы Жарлық қол қойылған күннен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н.Назарбаев
Астана, Ақорда, 2013 жылғы 31 желтоқсан
№720
«Қазақстан Республикасының құқық қорғау жүйесін одан әрі дамыту шаралары туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің
2013 жылғы 31 желтоқсандағы № 720 Жарлығына
түсіндірме
Қазақстан Республикасының Президенті өзінің Жарлығымен Қазақстан Республикасының құқық қорғау жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2014-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын (бұдан әрі - Бағдарлама) бекітті және Құқық қорғау органдарының кадр саясатының тұжырымдамасын (бұдан әрі - Тұжырымдама) мақұлдады.
Бағдарламаның негізгі мақсаты - азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, қоғам мен мемлекеттің заңды мүдделерін тиімді қорғауды қамтамасыз ету арқылы құқықтық тәртіп органдарына деген сенім деңгейін арттыру.
Бағдарлама құқық қорғау саласында мемлекеттік қызмет түрлерін кеңейтіп, стандарттауды, сонымен қатар олардың сапасын арттыру шараларын қамтыған.
Құқықтық тәртіп органдарының халықпен, азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимылының жаңа түрлері дамитын болады.
Құқық қорғау қызметінің құқықтық және ұйымдық негіздерін жетілдіру, оның ішінде қылмыстық қуғындау органдарының жұмысын бағалаудың жаңа критерийлерін әзірлеу көзделген.
Сот актілерін мәжбүрлеп орындаудың тиімді жүйесін құру және сот-сараптама қызметтерін бір органға шоғырландыру белгіленген.
Тұжырымдаманы әзірлеудің мақсаты құқық қорғау органдарының кәсіби кадр құрамын қалыптастыру, оның ішінде:
адам ресурстарына қажеттілікті жоспарлауды;
кадрларды іріктеуді, аттестаттауды және орналастыруды;
кадрлық әлеуетті кәсіби дамытуды;
ұйымдық-штаттық құрылымдарды оңтайландыруды;
тәрбие жұмысын және қызметкерлерді ынталандыруды көздейтін жүйелі шараларды әзірлеу болып табылады.
Тұжырымдаманы іске асыру құқық қорғау органдарының кәсіби ресурстарын жақсартуға, қызметтің имиджі мен беделін арттыруға, жеке құрам арасындағы тәртіп пен заңдылықтың жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.
Бағдарламаны іске асыруды екі кезеңде: бірінші - 2014-2016 жылдары, екінші - 2017-2020 жылдары жүзеге асыру жоспарланған.
Бұл ретте Қазақстан Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар Бағдарламаны іске асыру бойынша іс-шаралар жоспарын қабылдайды.
Бағдарламаның іске асырылуы «Қазақстан-2050» стратегиясының мақсаттарына және жалпы қабылданған халықаралық стандарттарға сай құқық қорғау жүйесін қалыптастыру процесін аяқтауға мүмкіндік береді.
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің
Құқық қорғау жүйесі бөлімі
Достарыңызбен бөлісу: |