Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі туралы
ЕРЕЖЕ
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі (бұдан әрі – Агенттік) Қазақстан Республикасы Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін, мемлекеттік қызмет саласында басшылықты, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер сапасына бағалауды және мемлекеттік бақылау жүргізетін мемлекеттік орган болып табылады.
2. Агенттіктің облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада аумақтық органдары болады.
3. Агенттік өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентінің және Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілеріне, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
4. Агенттік мемлекеттік мекеменің ұйымдастыру-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауымен мөрі және мөртабаны, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.
5. Агенттік азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.
6. Агенттік, егер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы бола алады.
7. Агенттік өз құзыретінің мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Агенттік төрағасының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
8. Агенттіктің құрылымы мен жалпы штат санын Агенттік төрағасының ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
9. Агенттіктің заңды мекенжайы: Қазақстан Республикасы, 010000, Нұр-Сұлтан қаласы, Сарыарқа ауданы, Абай даңғылы, 33 а.
10. Агенттіктің толық атауы – "Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі" мемлекеттік мекемесі.
11. Осы Ереже Агенттіктің құрылтай құжаты болып табылады.
12. Агенттіктің қызметін қаржыландыру республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.
13. Агенттікке кәсіпкерлік субъектілерімен Агенттіктің функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
Егер Агенттікке кіріс әкелетін қызмет атқаруға заңнамалық актілермен құқық берілсе, онда сондай қызметтен алынған кіріс мемлекеттік бюджет кірісіне жолданады.
Достарыңызбен бөлісу: |