23-1-бап. Конкурс тәсілімен электрондық мемлекеттік сатып алуға қатысуға өтінімнің қамсыздамасы
1. Конкурс тәсілімен электрондық мемлекеттік сатып алуға қатысуға өтінімнің қамсыздамасын әлеуетті өнім беруші:
1) оны конкурсқа қатысушы деп таныған жағдайда белгіленген мерзімде өзінің конкурстық баға ұсынысын беретіндігіне, ал кейіннен өзінің конкурстық баға ұсынысын кері қайтарып алмайтынына;
2) оны конкурстың жеңімпазы деп анықтаған жағдайда мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасатындығына және конкурстық құжаттамада көзделген мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді енгізетіндігіне кепілдік ретінде енгізеді.
2. Конкурс тәсілімен электрондық мемлекеттік сатып алуға қатысуға өтінімді қамтамасыз ету электрондық мемлекеттік сатып алуды жүргізу ережесінде анықталған тәртіппен тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу үшін бөлінген соманың бір пайызы мөлшерінде енгізіледі.
3. Әлеуетті өнім беруші конкурсқа қатысуға өтінімді қамтамасыз етудің мынадай түрлерінің бірін:
1) мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының банк шотына не мемлекеттік органдар және мемлекеттік мекемелер болып табылатын мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушылар үшін Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында көзделген шотқа енгізілетін кепілдікті ақшалай жарнаны;
2) банктік кепілдікті таңдауға құқылы.
Әлеуетті өнім берушінің үшінші тұлғаларда тұтастай алғанда не бір бөлігінде оның конкурсқа қатысуға өтінімінің қолданылу мерзімі өткенге дейін енгізілген кепілдікті ақшалай жарнасына талап ету құқығының туындауына әкеп соқтыратын іс-әрекет жасауына жол берілмейді.
Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының, осы баптың 5 және 6-тармақтарында көрсетілген іс-әрекеттерді қоспағанда, әлеуетті өнім беруші енгізген кепілдікті ақшалай жарнаны пайдалануына жол берілмейді.
4. Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы мынадай жағдайлардың бірі басталған кезде әлеуетті өнім берушіге конкурсқа қатысуға өтінімді қамтамасыз етуді қайтармайды:
1) конкурсқа қатысушы деп танылған әлеуетті өнім беруші белгіленген мерзімде өзінің конкурстық баға ұсынысын бермесе не кері қайтарып алса;
2) конкурс жеңімпазы деп анықталған әлеуетті өнім беруші мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасудан жалтарса;
3) конкурс жеңімпазы мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасып, конкурстық құжаттамада белгіленген мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді енгізу және (немесе) енгізу мерзімі туралы талаптарды орындамаса не уақтылы орындамаса.
5. Осы баптың 4-тармағында көзделген жағдайлардың біреуі басталған кезде конкурсқа қатысуға өтінімді қамтамасыз ету сомасын тиісті бюджеттің, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің, мемлекеттік кәсіпорынның, дауыс беретін акцияларының (үлестерінің) елу және одан көп пайыздары мемлекетке тиесілі заңды тұлғаның немесе олармен аффилиирленген заңды тұлғалардың кірісіне есептеледі.
6. Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы мынадай жағдайлардың біреуі басталған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде:
1) осы әлеуетті өнім беруші конкурсқа қатысуға өтінімдер берудің соңғы мерзімі өткенге дейін өзінің конкурсқа қатысуға өтінімін кері қайтарып алғанда;
2) конкурсқа қатысуға жіберу туралы хаттамаға қол қойғанда. Көрсетілген жағдай конкурсқа қатысушылар деп танылған әлеуетті өнім берушілерге қолданылмайды;
3) конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу қорытындысы туралы хаттамаға қол қойғанда. Осы жағдай конкурс жеңімпазы деп анықталған конкурсқа қатысушыға қолданылмайды;
4) мемлекеттік сатып алу туралы шарт күшіне енгенде және конкурс жеңімпазы конкурстық құжаттамада көзделген мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді енгізгенде әлеуетті өнім берушіге ол енгізген конкурсқа қатысуға өтінімді қамтамасыз етуді қайтарады.
|