ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
ҰЛТТЫҚ БАНКІ
№ 38 БАСПАСӨЗ Р Е Л И З І
2012 жылғы 10 қазан
Қаржы нарығындағы ахуал туралы
-
Инфляция
Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің ресми деректері бойынша инфляция 2012 жылғы қыркүйекте 0,6% (2011 жылғы қыркүйекте – 0,3%) деңгейінде қалыптасты. Азық-түлік тауарларының бағасы 0,4% (төмендеуі 0,2%), азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 0,2% (өсуі 0,4%), ақылы қызмет көрсету 1,3% (өсуі 1,0%) өсті.
Азық-түлік тауарлары нарығында өткен айда көп дәрежеде ұн 3,5%, көкөністер – 1,1%, оның ішінде қырыққабат 6,9%, картоп 1,6%, күнбағыс майы 1,0%, нан 0,7%, балық және теңіз өнімдері 0,6%, макарон өнімдері 0,4%-ға қымбаттады. Қант бағасы 1,3%-ға, жарма – 0,7%-ға, сары май 0,4%-ға төмендеді.
Азық-түлікке жатпайтын тауарлар тобында киім мен аяқ киімнің бағасы 0,4%-ға, күнделікті үй заттары 0,2%-ға, дәрі-дәрмек 0,2%-ға көтерілді. Бензиннің құны өзгеріссіз қалды, дизель отынының құны 0,1%-ға төмендеді.
Ақылы қызмет көрсету тобында тұрғын үй-коммуналдық саласындағы қызметке ақы төлеу 0,9%-ға өсті. Бұл ретте ыстық судың тарифтері 3,5%-ға, кәріз 1,5%, салқын су 1,4%-ға, электр энергиясы 1,1%-ға көтерілді. Өткен айда білім беру қызметтерінің бағасы 7,8%-ға, оның ішінде жоғары білім беру 13,7%-ға, орта білім беру 2,8%-ға, медициналық қызметтер 0,5%-ға көтерілді.
2012 жылғы қаңтар-қыркүйекте инфляция 3,9%-ды (2011 жылғы қаңтар-қыркүйекте – 6,2%) құрады. Азық-түлік тауарлары 2012 жылдың басынан бастап 3,2%-ға (7,9%-ға), азық-түлікке жатпайтын тауарлар 2,2%-ға (4,0%-ға), ақылы қызметтер 6,5%-ға (6,4%-ға) қымбаттады (1-график).
1-график
2011 және 2012 жж. қаңтар-қыркүйектегі инфляция және оның құрамдас бөліктері
2012 жылғы қыркүйекте инфляция жылдық көрсетуде 5,0%-ды (2011 жылғы желтоқсанда 7,4%) құрады. Соңғы 12 айда азық-түлік тауарлары 4,4%-ға (9,1%-ға), азық-түлікке жатпайтын тауарлар 3,4%-ға (5,3%-ға), ақылы қызметтер 7,5%-ға (7,3%-ға) қымбаттады.
-
Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 1-жартыжылдығындағы төлем балансы (есептік деректер)
2012 жылғы 1-жартыжылдықта ағымдағы операциялар шотының профициті 2011 жылғы осындай көрсеткішпен салыстырғанда 27,8%-ға ұлғайып, 8,7 млрд. АҚШ долл. астам немесе ЖІӨ-нің 10,4%-ын (2011 жылғы 1-жартыжылдықта 9,2%) құрады.
2012 жылғы 1-жартыжылдықта brent сұрыпты мұнайдың әлемдік бағасы 2011 жылғы 1-жартыжылдықтағы орташа деңгейінен (бір баррель үшін 111,0 АҚШ долл.) аздап өсіп, орташа алғанда бір баррель үшін 113,7 АҚШ долл. деңгейінде қалыптасты. Әлемдік бағалардың өсуімен салыстырғанда мұнайдың келісімшарттық бағаларының үдемелі өсу қарқынының нәтижесінде тауарлар экспорты 2012 жылғы 1-жартыжылдықта 2011 жылғы 1-жартыжылдықпен салыстырғанда 10,4%-ға өсіп, 46,9 млрд. АҚШ долл. құрады. Тауарлар импорты 13,1%-ға ұлғайып, 20,9 млрд. АҚШ долл. асты.
Тауарлардың ресми экспорты 46,8 млрд. АҚШ долл. деңгейінде қалыптасты, оның ішінде 29,7 млрд. АҚШ долл. (немесе 63,4%) мұнай және газ конденсатының экспортына тиесілі. Қара металдар экспортының құны 22,3%-ға, түсті металдар экспортының құны 30,3%-ға ұлғайды. Бұл ретте қара және түсті металдар экспортының өсімі жеткізулер санының өсуімен ғана қамтамасыз етілді.
Ресми сауда статистикасы тіркеген тауарлар импорты 21,3%-ға ұлғайып, 19,7 млрд. АҚШ долл. құрады. 2012 жылғы 1-жартыжылдықта импорттағы айтарлықтай үлес салмақ (39,0%) тиесілі инвестициялық тауарлар импортының өсімі 40,9%-ды құрады. Аралық өнеркәсіптік тұтыну тауарларын әкелу 6,8 млрд. АҚШ долл. құрап, іс жүзінде өзгеріссіз қалды (2011 жылғы 1-жартыжылдықтағы деңгейде). Тұтыну тауарлары бойынша тұтастай алғанда 25,6%-ға ұлғаю болды. Бұл ретте азық-түлік тұтыну тауарларын әкелу 3,6%-ға төмендеді, ал азық-түлікке жатпайтын тауарлар импортының өсімі 52,2%-ды құрады. Импорттың негізгі тауар номенклатурасының барлық топтары бойынша нақты көлемнің өсімі байқалғанын атап өткен жөн.
Нәтижесінде сауда балансы оң сальдосы 2012 жылғы 1-жартыжылдықта қызмет көрсетулермен, кірістермен және трансферттермен операциялар бойынша ресурстардың нетто-әкетілуін жаба отырып, 8,3% өсті және 26,0 млрд. АҚШ долл. сомасында қалыптасты.
Қызмет көрсету балансының дефициті 2011 жылғы 1-жартыжылдықпен салыстырғанда 52,4% ұлғая отырып, 2012 жылғы 1-жартыжылдықта 3,4 млрд. АҚШ долл. жетті, бұл республиканың мұнай-газ кен орындарының инфрақұрылымын одан әрі дамытуға байланысты болды.
2012 жылғы 1-жартыжылдықта 12,5 млрд. АҚШ долл. мөлшерінде қалыптасқан инвестициялық кірістер балансының дефицитіне бұрынғыша шетелдік тікелей инвесторларға кірістер төлеу себепші болды, ол 2011 жылғы 1-жартыжылдықтың осындай көрсеткіштерімен салыстырғанда төмендеуіне (14,4%) қарамастан 11,6 млрд. АҚШ долл. сомасын құрады. Тікелей инвестициялау қатынастарына байланысты емес кредиторларға сыйақы төлеу 2012 жылғы 1-жартыжылдықта 9,5% өсті.
Қаржы шоты бойынша 920,4 млн. АҚШ долл. таза ағын басым түрде 2012 жылғы 2-тоқсандағы операциялармен қамтамасыз етілді.
Шетелге тікелей инвестициялар бойынша 1,3 млрд. АҚШ долл. нетто-әкетілу Қазақстан кәсіпорындарының шетелдік филиалдар мен еншілес ұйымдардың акционерлік капиталын ұлғайтуын көрсетеді. Сонымен қатар 2012 жылғы 1-жартыжылдықта Қазақстан акционерлерінің шетелдік филиалдары алдындағы борыштық міндеттемелерінің шамалы өсуі (244 млн. АҚШ долл.) байқалады.
Қазақстанға шетелдік тікелей инвестициялардың (ШТИ) жалпы ағыны 2011 жылғы 1-жартыжылдықтағы 11,1 млрд. АҚШ долл. салыстырғанда 10,9 млрд. АҚШ долл. құрады. Акционерлік капиталдың 1,7 млрд. АҚШ долларынан 2012 жылғы 1-жартыжылдықтағы 3,2 млрд. АҚШ долл. дейін өсуі бірінші кезекте резидент еместердің «Қазақтелеком» ААҚ-ның GSM Қазақстан» ЖШС және «Шұбаркөл көмір» АҚ Қазақстан кәсіпорындарына қатысу үлестерін сатып алуымен, сондай-ақ ақ ҮИИДМБ шеңберіндегі жобалар бойынша қаржыландырумен түсіндіріледі. Сонымен қатар акционерлік капитал бойынша 2012 жылғы 1-жартыжылдықта Қарашығанақ жобасына қатысу үлесінің 10%-ын Қазақстан Республикасының сатып алуы бойынша мәміленің аяқталуына байланысты операциялар нәтижесінде әкетілу тіркелді.
Сонымен қатар, ШТИ жалпы ағыны фирмааралық берешек бойынша міндеттемелердің өтелуімен, сондай-ақ өткен кезеңдердің кірістерін белсенді бөлу нәтижесінде реинвестициялардың қысқаруымен ішінара өтелді. Нәтижесінде Қазақстанға ШТИ таза түсуі 2012 жылғы 1-жартыжылдықта 7,2 млрд. АҚШ долл. құрады.
Нәтижесінде, тікелей инвестициялау операциялары бойынша оң баланс 2011 жылғы 1-жартыжылдықтағы 5,1 млрд. АҚШ долл. салыстырғанда 2012 жылғы 1-жартыжылдықта 6,0 млрд. АҚШ долл. болып қалыптасты.
Портфельдік инвестициялар бойынша 9,2 млрд. АҚШ долл. мөлшеріндегі нетто-әкетілу, негізінен, Қазақстан резиденттерінің бағалы қағаздар нысанындағы шетелдік активтерінің өсуімен (8,3 млрд. АҚШ долл.) қамтамасыз етілді, ол өз кезегінде басқа секторлардың сыртқы активтері қысқарған кезде Ұлттық қор портфелінің 8,6 млрд. АҚШ долл. өсуі есебінен қалыптасты.
Портфельдік инвестициялар бойынша міндеттемелер 2012 жылғы 1-жартыжылдықта 0,9 млрд. АҚШ долл. төмендеді, бұған банктердің борыштық бағалы қағаздар бойынша өз міндеттемелерін өтеуі себепші болды.
Банктік емес сектор кәсіпорындарының резидент еместерден тартқан несиелер мен қарыздар бойынша міндеттемелерінің таза ағыны және резидент еместерге банктер берген несиелер мен қарыздар бойынша активтердің төмендеуі басқа орта және ұзақ мерзімді инвестициялар бойынша 2,5 млрд. АҚШ долл. нетто-әкелуді қамтамасыз етті.
Сонымен бірге, резидент еместердің 2012 жылғы 1-жартыжылдықта қайтаруға жататын несиелер мен қарыздар бойынша берешекті толық өтемеуіне байланысты ұзақ мерзімді банк қарыздары бойынша активтердің төмендеуі банктердің мерзімі өткен берешек түріндегі қысқа мерзімді активтерінің өсуімен толық өтелді.
Басқа да қысқа мерзімді капитал бойынша 1,8 млрд. АҚШ долл. нетто-әкелу басым түрде банктердің операцияларымен банктердің шетелдік шоттардағы активтерінің азаюы, сондай-ақ резидент еместердің Қазақстан банктеріндегі шоттардағы активтерінің ұлғаюы есебінен айқындалды.
Жалпы сыртқы борыш
2012 жылғы 30 маусымда жалпы сыртқы борыш 132,3 млрд. АҚШ долл. құрады, оның 5,0 млрд. АҚШ долл. немесе 4% мемлекеттік сектордың (Үкіметтің және Ұлттық Банктің міндеттемелері) сыртқы борышын құрайды, фирмааралық берешектің үлесіне 64,8 млрд. АҚШ долл. немесе 49%, банк секторына 14,5 млрд. АҚШ долл. немесе 11% тиесілі.
2012 жылғы 2-тоқсанда жалпы сыртқы борыш «Басқа секторлардың» (фирмааралық берешекті қоса алғанда) сыртқы берешегі есебінен 2,8 млрд. АҚШ долл. ұлғайды, оған өсімнің 3,3 млрд. АҚШ долл. тиесілі, ал қалған секторлар («Мемлекеттік басқару секторы» (Үкімет), «Ақша-кредиттік реттеу органдары» (Ұлттық Банк) және «Банктер» (екінші деңгейдегі банктер және «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ) сыртқы борышы кезең ішінде аздап төмендеді (тиісінше 105,4, 118,6 және 328,2 млн. АҚШ долл.).
Үкімет міндеттемелерінің аталған қысқаруы, ең бастысы, Қаржы министрлігінің резидент еместердегі қазынашылық облигациялары көлемінің 154,6 млн. АҚШ долл. төмендеуі есебінен болды.
Ұлттық Банктің сыртқы міндеттемелерінің азаюы, негізінен, резидент еместердің депозиттерінің 108,4 млн. АҚШ долл. қысқаруына байланысты болды.
Банктердің сыртқы борышының төмендеуіне, ең бастысы «Облигациялар және басқа да борыштық бағалы қағаздар» бабы бойынша міндеттемелердің 446,1 млн. АҚШ долл. төмендеуі себепші болды. «АТФБанк» АҚ номиналы 200 млн. долл. болатын 7 жылдық еурооблигацияларды өтеді, «Банк ЦентрКредит» АҚ 144,7 млн. АҚШ долл. сомаға еурооблигацияларды мерзімінен бұрын сатып алды, сондай-ақ банктердің еурооблигациялары құнының төмендеуі (-380,1 млн. АҚШ долл.) құн бойынша ауытқу есебінен, сол сияқты бағамдық ауытқулар есебінен болды.
Міндеттемелердің осы азаюы «БТА Банк» АҚ-ның облигацияларды қалпына келтіру үшін (recovery units) балансқа қабылдауын ішінара нивелирледі, олар сыртқы борыштың әдіснамасына сәйкес нарықтық құны бойынша есепке алынды.
Бұдан басқа, банктер тартқан қарыздар бойынша негізгі борышты өтеу қарқыны (717,0 млн. АҚШ долл.) қаражатты игеру қарқынынан айтарлықтай асып кетті (399,5 млн. АҚШ долл.). Сонымен қатар 2-тоқсанда резидент еместердің қазақстандық банктердегі шоттарындағы депозиттері (473,8 млн. АҚШ долл.) едәуір ұлғайды.
2012 жылғы 2-тоқсанда «Басқа секторлар» сыртқы борышының ұлғаюы, көбінесе, резиденттердің тікелей инвесторлардан, сол сияқты басқа резидент еместерден қарыздарды тартуы есебінен болды. Осы санаттағы борыштың өсуі 3,8 млрд. долл. (оның ішінде, «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ-ның Karachaganak Petroleum Operating Group Консорциумы «Қарашығанақ» жобасындағы 10%-дық үлесін сатып алу үшін ұсынған 1 млрд. АҚШ долл. қарыз) болды. Аталған өсім 2012 жылғы 2-тоқсанда тікелей инвесторларға бұрын есептелген дивидендтерді, борыштық бағалы қағаздар бойынша купондық сыйақыны төлеумен, сондай-ақ бағалы қағаздардың қайталама нарықтарында «Басқа секторлар» эмитенттерінің еурооблигациялары құнының (-241,0 млн. АҚШ долл.) төмендеуімен ішінара нивелирленді.
Осылайша, 2012 жылғы 30 маусымда «Басқа секторлардың» сыртқы борышы 112,8 млрд. АҚШ доллар болды, оның ішінде фирмааралық берешек – 64,8 млрд. АҚШ долл., басқа (үлестес емес) резидент еместер алдындағы міндеттемелер – 48,1 млрд. АҚШ долл. болды.
Елдің ЖІӨ-не байланыстырылған сыртқы борыштың салыстырмалы өлшемдері 2012 жылғы 2-тоқсанда іс жүзінде өзгерістерге ұшыраған жоқ. Атап айтқанда, 2012 жылғы 31 наурыздағы сияқты ЖІӨ-ге жалпы сыртқы борыштың қатынасы 30 маусымда да 67,7% болды.
Алайда, 2012 жылғы 2-тоқсанда сыртқы борыштың өсу қарқыны тауарлар мен қызметтер экспортының (ТҚЭ) өсу қарқынынан асып кетуіне байланысты, осы көрсеткішке байланыстырылған салыстырмалы өлшемдер шамалы нашарлады. Мәселен, 2012 жылғы 30 маусымда ТҚЭ-ге жалпы сыртқы борыштың қатынасы 2012 жылғы 1-тоқсандағы 131,7%-бен салыстырғанда 135,4% құрады.
Осының салдарынан, елдің міндеттемелерінің өсуі активтердің өсуінен басым болды, Қазақстанның таза сыртқы борышы 2012 жылғы 2-тоқсанда 2,4 млрд. АҚШ долл. ұлғайды және 2012 жылғы 30 маусымда 14,6 млрд. АҚШ долл. болды.
Ұлттық Банктің халықаралық резервтері сыртқы активтердің маңызды, әсіресе валюталық өтімділікпен байланысты проблемаларды реттеу жағынан маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. 2012 жылғы 30 маусымда бастапқы өтеу мерзімі бойынша халықаралық резервтер қысқа мерзімді сыртқы борыштан 3,2 есе артық болды.
-
Халықаралық резервтер және ақша агрегаттары
2012 жылғы қыркүйекте Ұлттық Банктің халықаралық резервтерінің ұлғаюы болды. Ұлттық Банктің жалпы халықаралық резервтері 1,7%-ға 30,1 млрд. АҚШ долл. дейін ұлғайды (жыл басынан бастап – 2,6%-ға өсу). Ұлттық Банктің таза халықаралық резервтері 1,7% өсті және 29,6 млрд. АҚШ долл. болды (жыл басынан бастап – 2,7%-ға өсу). Үкіметтің Ұлттық Банктегі шоттарына валютаның түсуі, Ұлттық Банктегі банктердің шетел валютасындағы корреспонденттік шоттарындағы қалдықтардың ұлғаюы Үкіметтің сыртқы борышына қызмет көрсету және Ұлттық қордың активтерін толықтыру бойынша операциялармен ішінара бейтараптандырылды. Нәтижесінде таза валюта қорлары (ЕАВ) 2012 жылғы қыркүйекте 0,5%-ға өсті. Алтындағы активтер жүргізілген операциялар және оның әлемдік нарықтардағы бағасының өсуі нәтижесінде 7,1%-ға өсті.
2012 жылғы қыркүйекте елдің халықаралық резервтері тұтастай алғанда, Ұлттық қордың шетел валютасындағы активтерін қоса алғанда (алдын ала деректер бойынша 55,4 млрд. АҚШ долл.), 2,0%-ға 85,5 млрд. АҚШ долл. дейін ұлғайды (жыл басынан бастап – 17,2%-ға өсу).
2012 жылғы қыркүйекте ақша базасы 5,1%-ға кеңейді және 2953,1 млрд. теңге (жылдың басынан бастап – кеңеюі 4,1%) болды. Тар ақша базасы, яғни екінші деңгейдегі банктердің Ұлттық Банктегі мерзімді депозиттерін есептемегендегі ақша базасы 5,7%-ға 2856,6 млрд. теңгеге дейін кеңейді.
2012 жылғы тамызда ақша массасы 2,4%-ға 10328,2 млрд. теңгеге дейін төмендеді (жыл басынан бастап – 5,9%-ға өсу). Айналыстағы қолма-қол ақшаның көлемі 0,5%-ға 1405,2 млрд. теңгеге дейін ұлғайды (жыл басынан бастап – 2,9%-ға өсу), банк жүйесіндегі депозиттер 2,8%-ға 8923,1 млрд. теңгеге дейін төмендеді (жыл басынан бастап – 6,4%-ға өсу). Депозиттердің ақша массасы құрылымындағы үлесі 2012 жылғы шілдедегі 86,8%-дан 2012 жылғы тамыздағы 86,4%-ға дейін төмендеді. Айналыстағы қолма-қол ақшаның депозиттердің қысқаруы аясында көлемінің өсу қарқынының ұлғаюы депозиттер үлесі төмендеуінің негізгі себебі болды.
Ақша мультипликаторы ақша массасының төмендеуімен салыстырғанда ақша базасының анағұрлым жоғары қарқында тарылуы салдарынан 2012 жылғы шілдедегі 3,59-дан 2012 жылғы тамыздың қорытындылары бойынша 3,68-ға дейін өсті.
-
Валюта нарығы
2012 жылғы қыркүйекте теңгенің АҚШ долларына қатысты бағамы 1 АҚШ доллары үшін 149,34–150,15 теңге ауқымында өзгерді. 2012 жылғы қыркүйекте теңге 0,2% әлсіреді және айдың аяғында теңгенің биржалық бағамы бір АҚШ доллары үшін 149,86 теңгені құрады.
2012 жылғы қыркүйекте Қазақстан Қор Биржасындағы биржалық операциялардың көлемі қосымша сауда-саттықтардағы мәмілелерді ескергенде 2012 жылғы тамызбен салыстырғанда 31,5% төмендеді және 4,3 млрд. АҚШ долл. болды. Биржадан тыс валюта нарығындағы операциялардың көлемі 4,5% өсіп, 2,3 млрд. АҚШ долл. болды.
Жалпы алғанда, ішкі валюта нарығындағы операциялардың көлемі 22,2% төмендеді және 6,5 млрд. АҚШ долл. құрады.
3. Мемлекеттік бағалы қағаздар нарығы
2012 жылғы қыркүйекте Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздарын орналастыру бойынша 11 аукцион өткізілді. Онда 3 жылдық МЕОКАМ (5,0 млрд. теңге), 5-жылдық МЕОКАМ (8,1 млрд. теңге, 10,3 млрд. теңге, 8,6 млрд. теңге, 0,3 млрд. теңге және 0,5 млрд. теңге), 7, 10, 15, 16-жылдық МЕУКАМ (12,9 млрд. теңге, 2,1 млрд. теңге, 5,1 млрд. теңге және 6,3 млрд. теңге), 19-жылдық МЕУЖКАМ (30 млрд. теңге) орналастырылды.
Орналастырылған бағалы қағаздар бойынша тиімді кірістілік 3-жылдық МЕОКАМ – 4,40%, 5-жылдық МЕОКАМ – тиісінше 4,45%, 4,55%, 4,86%, 4,55% және 4,55%, 7, 10, 15, 16-жылдық МЕУКАМ – тиісінше 6,00%, 5,30%, 5,49% және 5,50%, 19-жылдық МЕУЖКАМ бойынша инфляция деңгейінен 0,01% болды.
Қаржы министрлігінің айналыстағы бағалы қағаздарының көлемі өткен аймен салыстырғанда 3,6%-ға ұлғайып, 2012 жылғы қыркүйектің аяғында 2546,4 млрд. теңге болды.
Қазақстан Ұлттық Банкінің қысқа мерзімді ноттары. Ұлттық Банктің ноттары эмиссиясының көлемі 2012 жылғы тамызбен салыстырғанда 2012 жылғы қыркүйекте іс жүзінде 2 есе қысқарып, 26,6 млрд. теңгені құрады.
Бұл ретте 3 айлық ноттарды орналастыру бойынша 1 аукцион (14,1 млрд. теңге) және 9 айлық ноттарды орналастыру бойынша 1 аукцион (12,5 млрд. теңге) өтті.
Орналастырылған ноттар бойынша тиімді кірістілік 3 айлықтар бойынша – 1,05%, 9 айлықтар бойынша – 1,82% болды.
Айналыстағы ноттар көлемі 2012 жылғы тамызбен салыстырғанда 2012 жылғы қыркүйектің аяғында 7,5% қысқарып, 414,9 млрд. теңге құрады.
6. Банкаралық ақша нарығы
2012 жылғы тамызда орналастырылған банкаралық депозиттердің жалпы көлемі 2012 жылғы шілдемен салыстырғанда 7,1% азайып, баламасы 1827,4 млрд. теңге болды.
Орналастырылған теңгедегі банкаралық депозиттердің көлемі 63,2% ұлғайып, 473,6 млрд. теңге (орналастырылған депозиттердің жалпы көлемінің 25,9%) болды. Бұл ретте орналастырылған теңгедегі банкаралық депозиттер бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 2012 жылғы тамызда 0,68%-дан 1,02%-ға дейін өсті.
Ұлттық Банк банктерден тартқан депозиттердің көлемі 2012 жылғы шілдемен салыстырғанда тамыз айында 438,4 млрд. теңгеге дейін 56,4%-ға ұлғайды.
2012 жылғы тамызда 2012 жылғы шілдемен салыстырғанда орналастырылған доллардағы депозиттердің көлемі 17,6%-ға азайды және 8,6 млрд. АҚШ долл. (орналастырылған депозиттердің жалпы көлемінің 70,6%) құрады. Орналастырылған доллардағы депозиттер бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 2012 жылғы тамызда 0,15%-дан 0,13%-ға дейін төмендеді.
Ресей рублінде орналастырылған депозиттердің көлемі 18,8% азайып, 10,3 млрд. рубльді (орналастырылған депозиттердің жалпы көлемінің 2,7%) құрады. Орналастырылған рубльдегі депозиттер бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 5,08%-дан 5,05%-ге дейін өзгерді.
Еурода орналастырылған депозиттердің көлемі шамалы – орналастырылған депозиттердің жалпы көлемінің 0,8%.
Шетел валютасындағы банкаралық депозиттердің үлесі 2012 жылғы тамызда орналастырылған депозиттердің жалпы көлемінің 85,2%-нан 74,1%-на дейін азайды. Шетел валютасында резидент емес банктерде орналастырылған депозиттердің үлесі орналастырылған банкаралық депозиттердің жалпы көлемінің 85,1%-дан 73,5%-ға дейін азайды.
7. Депозит нарығы
Резиденттердің депозиттік ұйымдардағы депозиттерінің жалпы көлемі 2012 жылғы тамызда 2,8%-ға 8923,1 млрд. теңгеге дейін азайды (жыл басынан ұлғаю 6,4%). Заңды тұлғалардың депозиттері бір айда 4,7%-ға 5837,1 млрд. теңгеге дейін төмендеді, жеке тұлғалардың депозиттері 0,9%-ға 3086,0 млрд. теңгеге дейін ұлғайды.
2012 жылғы тамызда шетел валютасындағы депозиттердің көлемі 3,6%-ға 2833,3 млрд. теңгеге дейін азайды, ұлттық валютада – 2,5%-ға 6089,7 млрд. теңгеге дейін азайды. Теңгедегі депозиттердің үлес салмағы 2012 жылғы шілдедегі 68,0%-бен салыстырғанда 2012 жылғы тамызда 68,2%-ға дейін ұлғайды.
Банктердегі халықтың салымдары (резидент еместерді қоса есептегенде) 2012 жылғы тамызда 0,9%-ға 3118,1 млрд. теңгеге дейін өсті (жыл басынан бастап өсу 13% ). Халықтың салымдары құрылымында теңгедегі депозиттер 1,0%-ға 1804,2 млрд. теңгеге дейін ұлғайды, шетел валютасындағы депозиттер 0,7%-ға 1313,9 млрд. теңгеге дейін өсті. Нәтижесінде теңгедегі депозиттердің үлес салмағы 2012 жылғы шілдедегі 57,8%-бен салыстырғанда 57,9%-ға дейін өсті.
2012 жылғы тамызда банктік емес заңды тұлғалардың теңгедегі мерзімді депозиттері бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 2,1% (2012 жылғы шілдеде – 2,0%), ал жеке тұлғалардың депозиттері бойынша – 7,8% (8,0%) болды.
-
Кредит нарығы
2012 жылғы тамызда банктердің экономиканы кредиттеуінің жалпы көлемі 9394,0 млрд. теңгені құрап, 1,1%-ға ұлғайды (жыл басынан бастап өсу 6,6%).
2012 жылғы тамызда ұлттық валютадағы кредиттердің көлемі 6405,5 млрд. теңгеге дейін 1,8% өсті (жыл басынан бастап – 12,7%), шетел валютасында – 2988,5 млрд. теңгені құрап, 0,3%-ға төмендеді (жыл басынан бастап 4,5%-ға төмендеу). Теңгедегі кредиттердің үлес салмағы 2012 жылғы шілдедегі 67,7%-бен салыстырғанда 2012 жылғы тамызда 68,2%-ға дейін өсті.
2012 жылғы тамызда ұзақ мерзімді кредиттеу 7609,1 млрд. теңгеге дейін 0,5% өсті, қысқа мерзімді кредиттеу 1784,8 млрд. теңгеге дейін 4,0%-ға ұлғайды. Нәтижесінде ұзақ мерзімді кредиттердің үлес салмағы 2012 жылғы шілдедегі 81,5%-бен салыстырғанда 2012 жылғы тамызда 81,0%-ға дейін төмендеді.
2012 жылғы шілдеде заңды тұлғаларға кредиттер 6750,9 млрд. теңгені құрап, 0,7%-ға өсті, жеке тұлғаларға – 2643,1 млрд. теңгеге дейін 2,2%-ға ұлғайды. Жеке тұлғаларға берілген кредиттердің үлес салмағы 2012 жылғы шілдедегі 27,8%-бен салыстырғанда 2012 жылғы тамызда 28,1%-ға дейін өсті.
2012 жылғы тамызда шағын кәсіпкерлік субъектілерін кредиттеу 1379,3 млрд. теңгеге дейін 1,0%-ға ұлғайды, бұл экономикаға берілген кредиттердің жалпы көлемінің 14,7% құрайды.
Банктердің экономикаға берілген кредиттерінің неғұрлым айтарлықтай сомасы салалық бөлуде сауда (жалпы көлемдегі үлесі – 19,8%), құрылыс (14,7%), өнеркәсіп (12,2%), көлік (3,9%) және ауыл шаруашылығы (3,1%) сияқты салаларға тиесілі.
2012 жылғы тамызда банктік емес заңды тұлғаларға ұлттық валютада берілген кредиттер бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 11,2% (2012 жылғы шілдеде – 11,1%), жеке тұлғаларға – 20,5% (20,8%) құрады.
Достарыңызбен бөлісу: |