Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
К.Қ. Мәсімовке
2015 жылғы 24 маусымда жарияланды
Депутаттық сауал
Құрметті Кәрім Қажымқанұлы!
Сізге өтініш жасауымызға 2013 жылғы 22 мамырдағы қазақстандық авиакомпанияларға қатысты тарифтік саясатты мемлекеттік реттеу проблемалары туралы № 98 депутаттық сауалымызға «Эйр Астана» акционерлік қоғамынан қайтадан келген ұжымдық хаты негіз болып отыр.
2013 жылғы 17 маусымда Қазақстан Республикасының әуе кеңістігі шегінде ішкі тұрақты авиарейстерді орындайтын әуе кемелеріне қызмет көрсету кезінде республикалық авиатасымалдау нарығын дамыту үшін жағдайлар жасау мақсатында табиғи монополиялар саласындағы және де реттелетін нарықтардағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) бекіткен ставкаларға уақытша төмендету коэффициентiн қолдану мүмкіндігі берілетіні туралы Сіздің түсіндірмеңізді алдық.
Алайда, «Эйр Астана» АҚ-ының хатында уәкілетті органның жаңа басшылығы уақытша төмендету коэффициентiн қолдану мүмкіндігін берудің орынды болатынына қатысты ұстанымын өзгерткенін және тиісінше аэронавигацияның реттелетін қызметтеріне арналған ставкаларына уақытша төмендету коэффициентiн қолдану мүмкіндігін беруден бас тарту туралы шешім қабылдағанын атап өткен.
Уәкілетті орган өзінің бас тартуын авиатасымалдаушылардың экономикалық тиімділік пен уақытша төмендету коэффициентiн бекіту қағидаттарының талаптарына жауап бермейтіндігімен түсіндіреді.
Сонымен қатар уақытша төмендету коэффициентiн қолдану мүмкіндігін алу үшін уәкілетті орган авиакомпаниялардың әуе кемелері үшін өндірістік көрсеткіштер көлемін ұлғайтуды да қосымша талап еткен.
Жолаушылар айналымы көлемінің көп еместігіне байланысты, әуе кемелеріне лизинг берудің шығыны көп болатынын салыстырсақ, сондай-ақ еліміздің кейбір әуежайларының инфрақұрылымдық деңгейі төмен болғандықтан, өз кезегінде, «Эйр Астана» АҚ-ының ақпараты бойынша 2015 жылға еліміздің ішкі бағыттары бойынша өндірістік көрсеткіштер деректерін ұлғайту, шын мәнінде, мүмкін емес.
Осындай жағдайға қарамастан, «Эйр Астана» АҚ-ы 2015 жылғы ақпанда аэронавигацияның реттелетін қызметтеріне арналған уақытша төмендету коэффициентiн қолдану мүмкіндігін алу мақсатында уәкілетті органға қайталап өтініш берген.
Бұл ретте, «Эйр Астана» АҚ-ы ұсынған құжаттарда «Қазаэронавигация» РМК-ның (республикалық мемлекеттік кәсіпорнының) реттелетін қызметтері бойынша көлемдердің нақты ұлғаюы 2014 жылға қарағанда жоғары әуе кеңістігінде 12%-ға және әуеайлағы ауданында 10%-ға өскенін көрсетіп берді.
Сонымен бірге, уәкілетті орган бұл ақпаратты назарға алмастан, авиакомпаниялардың әуе кемелері үшін өндірістік көрсеткіштер көлемінің азая түскенін атап өте келіп, уақытша төмендету коэффициентiн қолдану мүмкіндігін беруден бас тарту туралы тағы да шешім қабылдады.
Ал осы уақытта, «Эйр Астана» АҚ-ымен бірдей жағдайда тұрған «SCAT» авиакомпаниясы» АҚ-ы уәкілетті органнан уақытша төмендету коэффициентiн қолдану мүмкіндігін алған.
Жоғары деңгейлі менеджментке ие ұлттық авиатасымалдаушы, сондай-ақ мемлекеттің қатысу үлесі бар, авиақызмет көрсетудің отандық және сол секілді халықаралық нарығында отандық авиацияның мақтанышы болып отырған «Эйр Астана» АҚ-ы өзінің іскерлік беделіне нұқсан келтірмеу үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға анық ақпаратты береді.
Осыған байланысты, «Эйр Астана» АҚ-ы ұжымы уәкілетті орган бір авиатасымалдаушыларды басқалармен салыстырғанда тең емес бәсекелестік жағдайларға қоя отырып, бәсекелестікке келгенде өзіне ойдан шығарылған және әділетсіз себептер бойынша бас тартады деп есептейді.
Авиатасымалдаудың ішкі нарығында «Эйр Астана» АҚ-ы мен «SCAT» авиакомпаниясы» АҚ-ы өзара бәсекелес авиакомпаниялар екенін ескеретін болсақ, уәкілетті органның әлгіндей әрекеттері «SCAT» авиакомпаниясы» АҚ-ына айрықша артықшылықтар мен бәсекелестік артықшылықтарды негізсіз бере отырып, оның жағдайын айтарлықтай жақсарта түседі.
Осы тұста Монополияға қарсы реттеу тұжырымдамасында Қазақстан Республикасында адал және әділ бәсекелестікті дамыту үшін бірыңғай тәсілдерді белгілеу көзделгенін айта кеткен жөн.
Мемлекет басшысының бес институционалдық реформасын іске асыру жөніндегі «100 нақты қадам» атты Ұлт жоспарының
67-қадамына сәйкес «Эйр Астана» АҚ-ы ұлттық авиатасымалдаушыны дамыту, нақты айтқанда, басты күш-жігерді халықаралық бағыттарға және әлемнің негізгі қаржы орталықтарына (Нью-Йорк, Токио, Сингапур) ыңғайластыру көзделіп отырғанын ерекше атап өтуіміз керек.
Бұл ретте, уәкілетті орган тарапынан жасалған бәсекеге қарсы кез келген әрекеттер ұлттық авиатасымалдаушының елімізде және сонымен қатар халықаралық деңгейде дамуына теріс әсер етуі мүмкін, ол қорытындысында Ұлттық жоспарда айқындалған, жоғарыда аталған міндеттердің мерзімінде орындалмауына алып келуі ықтимал.
Жоғарыда жазылғандардың негізінде, құрметті Кәрім Қажымқанұлы, Сізден осы мәселені қарауыңызды және тиісті мемлекеттік органдарға отандық авиатасымалдау нарығында әділ және адал бәсекелестіктің болуына кедергі келтіретін жағдайларды жою үшін және оның тезірек дамуына қажетті шараларды қабылдау жөнінде тапсырма беруіңізді сұраймыз.
Құрметпен,
С.Ө.Нұрғисаев
Н.Н. Логутов
Орынд.: Ғ.Қаражанов
+7 (717) 2-746523
Достарыңызбен бөлісу: |