Қазақстан Республикасының су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларын бекіту туралы



Дата09.06.2016
өлшемі141.56 Kb.
#123978
Қазақстан Республикасының су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 31 шілдедегі № 861 қаулысы


      «Азаматтық қорғау туралы» 2014 жылғы 11 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы 11-бабының 14) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының су айдындарындағы қауіпсіздік қағидалары бекітілсін.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының


      Премьер-Министрі                           К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы   


Үкіметінің         
2014 жылғы 31 шілдедегі   
№ 861 қаулысымен       
бекітілген         

Қазақстан Республикасының су айдындарындағы қауіпсіздік


қағидалары

1. Жалпы ережелер



      1. Осы Қазақстан Республикасының су айдындарындағы қауіпсіздік қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының су айдындарын демалу және туризм үшін пайдалану кезінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету тәртібін айқындайды.
      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) су айдындары – өзендер және оларға теңестірілген арналар, көлдер, су қоймалары, тоғандар мен басқа да ішкі су айдындары, аумақтық сулар;
      2) құтқару бекеті – бұл құтқарушылармен жасақталған, құтқару жабдығымен жарақталған, су айдындарында адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі функцияларды орындайтын және заңды және жеке тұлғалар құратын акваторияның нақты учаскесіндегі бекет;
      3) су айдынындағы демалу орны – шомылуға жабдықталған орындар (жағажайлар), катерлерді, желкенді қайықтарды, қайықтарды, гидроциклдер мен катамарандарды жалға беру станциялары;
      4) шағын көлемді кеме – ұзындығы 20 метрден аспайтын, бортындағы рұқсат етілген адам саны 12 адамнан аспайтын, балық аулау үшін салынған немесе жабдықталғаннан басқа жүк тасуға, жетекке алуға, пайдалы қазбаларды іздеу, барлау және өндіру, құрылыс, жол, гидротехникалық және басқа да осындай жұмыстарды жүргізуге, лоцмандық және мұз жару, сондай-ақ су объектілерін ластану мен бітеліп қалудан қорғау іс-шараларын жүзеге асыратын кеме;
      5) құтқаратын «Александров жібі» – суға батып бара жатқан адамға көмек көрсететін құрал, ол диаметрі 40 сантиметрлік ілмегі және екі қалқымасы бар ұзындығы шамамен 30 метрлік қалқыма түрінде болады;
      6) оқу орны – жүзу бойынша ұжымдық және жеке сабақтарды өткізу үшін барынша ыңғайланған, жағажай аумағында арнайы жабдықталған орын;
      7) қалалық жағажай – жергілікті атқарушы органның қарамағындағы су айдынындағы демалу орны.
      3. Су объектілерінде және су шаруашылығы құрылыстарында жаппай демалуға, туризм және спортқа арналған орындарды облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдары экологиялық талаптар мен адам өмірінің қауіпсіздігін сақтай отырып, су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау және су тарту саласындағы уәкілетті органмен, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органмен, халықтың санитариялық-эпидемологиялық салауаттылығы саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша белгілейді.
      4. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), жергілікті атқарушы органдары азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында, жалпы суды пайдалану қағидаларында өңірлік жағдайлардың ерекшеліктерін ескере отырып, тиісті өңірдің аумағында орналасқан су объектілерінде шомылуға, ішуге және тұрмыстық мұқтаждар үшін су алуға, мал суаруға, шағын көлемді кемелермен және басқа да жүзетін құралдармен жүзуге тыйым салынған орындарды айқындайды.
      5. Құтқару бекеттерінің құтқарушыларын оқытуды және даярлауды азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері (бұдан әрі – аумақтық бөлімшелер) ұйымдастырады.
      6. Демалу орындарын иеленушілер су айдындарындағы демалатын орындарда топырақ алу, мұз тесу, түбін тереңдету жөніндегі жұмыстарды жүргізу кезінде жұмыс жүргізіліп жатқан учаскелерді қоршау, ал жұмыс аяқталғаннан кейін су айдынының түбін тегістеу бойынша шаралар қабылдайды.
      7. Шомылу маусымының ұзақтығын, су айдындарындағы демалу орнының жұмыс уақытын жергілікті атқарушы органдар су айдындарындағы демалу орындарын иеленушілермен келісім бойынша белгілейді.
      8. Су айдындарында жүзу құралдарын қолдана отырып балық аулау жеке құтқару құралдары болған кезде жүзеге асырылады.

2. Су айдындарын демалу және туризм үшін пайдалану кезінде


қауіпсіздікті қамтамасыз ету тәртібі

      9. Қазақстан Республикасының су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті орган және жергілікті атқарушы органдар мынадай шараларды қабылдайды:


      1) су айдындарында төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмыстарды ұйымдастыру және өткізу;
      2) қаладағы медициналық көмек көрсету пункттерін және қоғамдық қауіпсіздік бекеттерін ұйымдастыру;
      3) қаладағы жағажайлардағы суға түсу шекарасының қоршауын, қоршау белгілерін, су айдындарында қауіпсіздік қағидаларын сақтау туралы ақпарат бар стенділер орнату;
      4) шомылу үшін қауіпсіз орындарды айқындау және жабдықтау;
      5) шомылуға арналған жағажай акваториясының түбін қарау және тексеру;
      6) Қазақстан Республикасының су айдындарында суда құтқару және сүңгуірлік-іздестіру жұмыстарын жүргізу.
      10. Жазатайым оқиғалардың алдын алу және суда зардап шеккен адамға көмек көрсету мақсатында көпшілік демалатын орындардағы табиғи және жасанды су айдындарында осы су айдыны немесе жағажай бекітілген ұйым осы Қағидаларға 1-қосымшада көзделген талаптарына сәйкес келетін құтқару бекетін құрады.
      11. Суға шомылу маусымы басталар алдында су айдынындағы демалыс орны иесінің тапсырысы бойынша аумақтық бөлімшенің сүңгуірлері немесе су астында жұмыстар жүргізуге тиісті жабдығы мен жарағы бар ұйымдардың сүңгуірлері жағажайды тексереді және тексеріс қорытындылары бойынша орындалған жұмыстар актісі жасалады, оны аумақтық бөлімшенің немесе тексеруді жүзеге асырған ұйымның басшысы бекітеді.
      12. Су айдындарының қауіпті және демалу, шомылу үшін жабдықталмаған учаскелерінде аумақтық бөлімшелер мен жергілікті атқарушы органдар тыйым салатын және алдын алу белгілерін орнатады.
      13. Су айдындарындағы демалыс орындарында аумақтық бөлімшелер радиотрансляциялық қондырғылардан және басқа да бұқаралық ақпарат құралдарының көмегімен демалушылар арасында судағы жазатайым оқиғалардың алдын алу бойынша көпшілік-түсіндіру жұмысын жүргізеді.
      14. Су айдынында демалу орнында:
      1) су мен ауа температурасы, жел бағытының күші және ағын жылдамдығы көрсетілген тақтайша;
      2) құқық қорғау органдарының, құтқару қызметтері мен ең жақын орналасқан суда құтқару станциясының телефон нөмірлері мен мекенжайлары;
      3) ең үлкен тереңдіктер және қауіпті жерлер көрсетілген аумақтар мен акваториялардың схемалық бейнесі;
      4) судағы қауіпсіздікке жауапты адамдар көрсетіле отырып, сабақтар, жаттығулар, жарыстар кестесі бар стенділер орналастырылады.
      15. Демалушылардың қоғамдық орындарда жүріп-тұру қағидаларын бұзуына жол бермеу үшін жергілікті атқарушы органдардың шешімі бойынша ішкі істер органдарының жол-патрульдік полициясының кезекшілігі ұйымдастырылады.
      16. Шомылу үшін жабдықталмаған орындар осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес шомылуға тыйым салатын белгілермен белгіленеді.
      17. Шағын кемелерде жүзуге рұқсат етілмеген орындарда белгілер орнатылады.
      18. Су айдынында демалу орындарында болғанда:
      1) мас күйінде немесе есірткіге масайған күйде суға түсуге және шомылуға;
      2) қайықтардан, катерлерден, өткелдерден, сондай-ақ осы мақсатқа арналмаған құрылыстардан суға секіруге;
      3) тексерілмеген, жабдықталмаған жерлерде суға сүңгуге;
      4) жүзу шегін білдіретін қалтқы белгілерден асуға;
      5) жүзуге арналмаған заттармен жүзуге;
      6) су айдындарын ластауға және қоқсытуға;
      7) жағалауда және киім ауыстыратын орындарда демалушыларды жарақаттауы мүмкін қоқыстарды қалдыруға;
      8) жалған дабыл беріп айғайлауға;
      9) техникалық және алдын алу белгілерінің, қалтқы белгілерінің үстіне шығуға рұқсат етілмейді.
      19. Су айдындарының жабдықталмаған учаскелерінде шомылуға рұқсат етілмейді.

3. Су айдындарында демалатын орындарды жабдықтау тәртібі

      20. Су айдынындағы демалу орны:
      1) осы Қағидаларға 1-қосымшада көзделген талаптарға сәйкес құтқарушылармен жасақталған, құтқару жабдығымен және жарағымен жарақталған құтқару бекетімен;
      2) тереңдігі 1,2 метрден аспайтын балалардың шомылуына арналған учаскемен және арқанға бекітілген қалтқылар жолымен белгіленеді;
      3) дауыс зорайтқыш құрылғылармен және телефон байланысымен;
      4) алғашқы медициналық жәрдем көрсетуге арналған кезекші медициналық персоналы бар, қажет аспаптармен және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген үй-жаймен жабдықталады.
      21. Су айдынындағы демалу орнын жабдықтау кезінде:
      1) шомылуға арналған орындар жағалау бойымен акваториялар шекаралары көрсетіле отырып, белгілермен белгіленеді;
      2) су айдындарындағы демалу орындары сарқынды су ағызылатын жерден кемінде 500 метр биік және кемежай құрылыстарынан, кеме пирстерінен, мұнай құю құрылғыларынан 1000 метр төмен орналасуы керек;
      3) су айдындарындағы демалу орындарында, сондай-ақ балаларға арналған жағажайларда әр 50 метр сайын және судан 15 метрден аспайтын жерлерде құтқару шеңберлері мен «Александров жібі» ілінген қалқандар орнатылады;
      4) қалтқы белгілер, стендтер және белгілер суға шомылу маусымы басталғанға дейін орнатылады.
      22. Су айдындарындағы демалу орындарында суға секіруге арналған учаскелер жабдықтауға рұқсат етіледі.
      23. Суға секіруге арналған учаскелер түбінің тереңдігі көрсетіле отырып, жалпы шомылатын жерлерден алыс жабдықталады.
      24. Суға секіруге қауіпті орындар белгілермен қоршалады.
      25. Суға секіруге арналған биіктігі 3 метрден бастап және одан да биік мұнара платформасына шығуға нұсқаушылардың (жаттықтырушылардың) рұқсатымен және олардың қатысуымен ғана рұқсат етіледі. Мұнара платформасы және мұнараның сатылы маршы тұтқасымен жасалады, сатылардың биіктігі мен ені құрылыс нормаларында белгіленген өлшемдерден асырылмайды, сатының жабыны тайғанамайтын материалдардан жасалады.
      26. Жануарларды жуындыруға арналған жерлер жағалау бойындағы акватория шегі көрсетілген белгімен белгіленеді.

4. Балалардың судағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету тәртібі

      27. Балалардың су айдындарындағы демалу орындарындағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін шомылуға және балаларды жүзуге үйретуге жабдықталған балаларға арналған жағажай құрылады.
      28. Балалардың су айдындарының маңында болуына ересектермен бірге болған кезде рұқсат етіледі.
      29. Балалардың шомылуына арналған жерлер жағалау бойындағы акватория шегі көрсетілген белгілермен белгіленеді.
      30. Балалардың шомылуына арналған учаскелер бір-бірінен 3 метрден аспайтын арақашықтықта түбіне қағылып, сақиналармен бекітілген қалтқылар желісімен белгіленеді.
      31. Шомылып жүрген балаларға кезекші нұсқаушылар (жаттықтырушылар) және медициналық қызметкерлер үзіліссіз бақылау жүргізеді.
      32. Балалар шомылған кезде жағажайдың бүкіл аумағында қайықпен және катерлермен жүзуге, ойындар мен спорттық іс-шараларды өткізуге жол берілмейді.
      33. Суға шомылу маусымы кезеңінде аумақтық бөлімшелердің құтқарушылары балаларды жүзуге үйрету үшін қалалық жағажайларда қауіпсіз оқу орындарын жабдықтайды.
      34. Балаларды шағын көлемді кемелерде серуендету кезінде:
      1) кемені белгіленген нормадан артық жүктеуге;
      2) 7 жасқа дейінгі балалардың серуендеуіне;
      3) кемеден суға секіруге;
      4) жеке құтқару құралдарынсыз серуендеуге;
      5) шомылуға бөлінген акваторияға кіруге, сондай-ақ кеме жүретін ахуал белгілеріне жақындауға, оларға кемені арқандап байлауға және кеме жүретін жолда тоқтауға рұқсат етілмейді.

5. Қысқы кезеңде су айдындарындағы қауіпсіздік тәртібі

      35. Мұз қатқан су айдынынан өту үшін арнаулы мұз өткелдерi (жаяу жүргіншілерге және автокөлік жолы) жабдықталады.
      36. Қыстың басында және соңында мұздың үстіндегі өткелдің ашылу және жабылу уақытын, сондай-ақ оның тәулік бойғы жұмыс режимін жергілікті атқарушы органдар белгілейді.
      37. Өткелге бөлінген орындар 25-30 метр қашықтықта орналасқан белгілермен белгіленеді.
      38. Күн сайын азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері өткел орындарында мұздың қалыңдығын өлшеуді жүргізеді.
      39. Өткел автокөлік құралдары үшін мұздың қалыңдығы кемінде 25-30 сантиметр болғанда және жаяу жүргіншілер үшін кемінде 10 сантиметр болғанда жабдықталады.
      40. Өткелдерден түсетін жерлерде екі жақтан да арнайы қалқандарда арнайы қысқы құрал-жабдықтар (ілгектер, сатылар, құтқару шеңберлері, бөренелер) қойылады.
      41. Өткелдерге кіреберістерде өткелдің атауы, жұмыс уақыты және оны құру мен ұстауға жауаптылардың деректері көрсетілген маңдайшалар орнатылады.
      42. Өткелдерде балықты кәсіпшілік аулауға арналған ау салуға және балық аулау үшін шұңқыршалар тесуге жол берілмейді.
      43. Мұз үстінде болғанда:
      1) жұқа және бекімеген мұз үстіне шығуға;
      2) мұздың жекелеген учаскелерінде топпен жиналуға;
      3) мұздағы жырмаларға, жарықтарға, ойықтарға жақындауға;
      4) автомобильдермен өткелдерден тыс жерлерге шығуға рұқсат етілмейді.
      44. Мұз үстіне түнгі уақытта және дұрыс көрінбейтін кезде шығуға рұқсат етілмейді.
      45. Құтқару құралдары (тақтайлар, ілгектер) болғанда мұз астынан балық аулауға рұқсат етіледі.
      46. Мұз астынан балық аулау кезінде:
      1) шектелген алаңда екеуден артық шұңқырша оюға;
      2) от жағуға рұқсат етілмейді.

6. Жүзу құралдарын жалға беретiн станцияларды күтіп ұстау және


пайдалану тәртібі

      47. Жүзу құралдарын жалға беру станцияларын күтіп ұстау және пайдалану кезінде мынадай талаптар сақталады:


      1) қайық аялдайтын орын құтқару шеңберлерімен (аялдайтын орын сызығының 10 метріне бір шеңбер) және басқа да құтқару жабдықтарымен және жарақтарымен, сондай-ақ өрт сөндіру керек-жарағымен жабдықталады;
      2) жалға беру пунктінің су акваториясы қалқымалы белгілермен белгіленеді;
      3) әр жалға беру станциясының жанында құтқару жарақтары, жабдықтары және жасақшы-құтқарушылары, сондай-ақ дауыс зорайтқыш құрылғылары және прожекторлары бар кезекші құтқару қайығы үнемі тұрады;
      4) жалға берілетін шағын көлемді кемелер жыл сайынғы техникалық тексеруден өткізіледі, жарамды күйде болады, ескек тұтқалары мен ескектердің жиынтықтары, аялдау арқаны, суға арналған ожау және құтқару жарақтары (құтқару шеңберлері, кеудешелері, белдіктер, «Александров жібі») болады;
      5) жалға беру станцияларының кассалары және демалушыларға арналған орындықтар жағада орналастырылады. Қайыққа отырғызу және қайықтан түсіру орындары қайықтарды күту орындарынан оқшауланған. Отырғызу және түсіру жалға беру станциясының жасақшы-құтқарушысының бақылауымен жүргізіледі.
      48. Жалға беру пунктінің әр аялдау орнында көзге көрінетін жерлерде:
      1) жалға беру пунктінің серуендеуге рұқсат етілген шегі көрсетілген су акваториясының схемасы;
      2) жүзу құралдарын пайдалану тәртібі;
      3) суда адамдардың жазатайым оқиғаларға ұшырау мүмкіндігінің алдын алу және алғашқы медициналық жәрдем көрсету жөніндегі плакаттар;
      4) құқық қорғау органдарының жақын маңдағы бөлімшелерінің, құтқару станцияларының және жедел жәрдемнің телефондары мен мекенжайлары;
      5) жалға беру пунктін ұстайтын ұйымның атауы және оның толық мекенжайы мен телефон нөмірлері;
      6) вахталық журнал, шағымдар мен ұсыныстар кітабы қойылады.
      49. Жүзу құралдары:
      1) жеті жасқа толмаған балалары бар азаматтарға;
      2) ересектерсіз жүрген 16 жасқа дейінгі балаларға;
      3) мас күйіндегі адамдарға жалға берілмейді.

                                  Қазақстан Республикасының   


су айдындарындағы       
қауіпсіздік қағидаларына   
1-қосымша          

Құтқару бекетінің құрылуына қойылатын талаптар



Р/с


Атауы

Бірлік тер саны

Ескертпе

I.

Штаттық құрамы:







1.

Бекет басшысы-құтқарушы

1




2.

Жасақшы-құтқарушы

1- 2




II.

Жабдық:







1.

Ескекті немесе моторлы қайық

2

борттарында
«құтқару» деген жазуы бар

2.

Құтқару шеңберлері

2




3.

Құтқаратын «Александров» жібі

2




4.

Мегафон

2




5.

Дәрі-дәрмектері бар санитариялық сөмке (дәрі қобдишасы)

1




6.

Ілмекті трал

1




7.

Құтқару тақтайлары 5-6 м

2

қысқы кезеңге

8.

Құтқару кеудешелері

2




9.

Сырықтар, құтқару ілмектері

2




10.

Қызыл кресі бар ақ ту

2




      Ескертпе: бір құтқару бекеті жүзу сызығынан 200 метрден аспайтын қашықтыққа қойылады.

Қазақстан Республикасының  


су айдындарындағы     
қауіпсіздік қағидаларына  
2-қосымша        

Судағы қауiпсiздiк белгiлерi



Р/с


Белгiдегi жазу

Белгiнің жалпы түрi

1.

Шомылу орны (шекаралары метрмен көрсетiлген)

Жасыл раманың ішінде. Жазу үстiңгі жағында. Төменде жүзiп келе жатқан адам бейнесi. Белгi ақ бағанға бекiтiледi.

2.

Балалар шомылатын орын (шекаралары метрмен көрсетiлген)

Жасыл раманың ішінде. Жазу үстiңгі жағында. Төменде су ішінде тұрған екі баланың бейнесі. Белгі ақ бағанға бекітіледі.

3.

Жануарларды суға түсіруге арналған орын (шекаралары метрмен көрсетiлген)

Жасыл раманың ішінде. Жазу үстiңгі жағында. Төменде жүзіп келе жатқан ит бейнесi. Белгi ақ бағанға бекiтiледi.

4.

Шомылуға тыйым салынады
(шекаралары метрмен көрсетiлген)

Қызыл раманың ішінде. Жазу үстiңгі жағында. Төменде жүзіп келе жатқан адам бейнесі. Бейне жоғарыдағы сол жақ бұрыштан бастап қызыл сызықпен диагональ бойынша сызылады. Белгi қызыл бағанға бекiтiледi.

5.

Мұз үстiмен жүруге болады.

Тұтастай жасылмен боялады. Жазу ортасында ақ түстi. Белгi ақ бағанға бекiтiледi.

6.

Мұз үстiмен жүруге болмайды.

Тұтастай қызыл түске боялады. Жазу ортасында ақ түстi. Белгi қызыл бағанға бекiтiледi.

7.

Сүңгуге тыйым салынады

Қызыл раманың ішінде. Жазу үстiңгі жағында. Төменде сүңгіп бара жатқан адам бейнесi. Бейне жоғарыдағы сол жақ бұрыштан бастап қызыл сызықпен диагональ бойынша сызылады. Белгi қызыл бағанға бекiтiледi.

8.

Жүзу құралдарының қозғалысына тыйым салынады.

Қызыл раманың ішінде. Жазу үстiңгі жағында. Төменде iлме моторлы шағын көлемді кеме бейнесi. Бейне жоғарыдағы бұрыштан бастап қызыл сызықпен диагональ бойынша сызылады. Жағажайдың акваториясын қоршайтын қалтқы белгiлермен бірге қойылады.

9.

Қауіпті! Иірім!

Қара жиектемедегі жасыл үшбұрыш ақ фонда және ортасында екі ирек көлденең сызықпен сызылған леп белгісі. Үстіңгі жағында «Қауіпті!» деген жазу. Төменгі жағында қара жиектемеде «Иірім!» деген жазу. Белгі қалқымалы, су кемерінен 5-10 метр жерде, тереңдіктер күрт алмасатын ауданға қойылады.


Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет