Жаңа редакциядағы «Пошта туралы»
Қазақстан Республикасының Заң жобасына
тұжырымдама
1. Заң жобасының атауы
Жаңа редакциядағы «Пошта туралы» Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі - Заң жобасы).
2. Заң жобасы қажеттілігінің негіздемесі
Заң жобасы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің «Пошта туралы» ҚР Заң жобасы мен Тұжырымдама жобасын жаңа редакцияда әзірлеу және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы бірінші тоқсанға арналған заң жобалау жұмыстары жоспарына енгізу туралы 2014 жылғы 3 шілдедегі №И-493 тапсырмасына сәйкес әзірленді.
2014 жылғы 26 маусымда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының пленарлық отырысында Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары бастамашы болған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының пошта туралы заңнамасының нормаларын Дүниежүзілік пошта одағы актілерінің нормаларымен біріздендіру мәселелері бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» Қазақстан Республикасының Заң жобасы қаралды және қабылданды. Осы отырыс барысында депутаттар Қазақстан Республикасының Үкіметіне пошта саласында бар проблемаларды шешуге қабілетті жаңа заң жобасын әзірлеу және халық үшін, әсіресе ауылдық жердегі халық үшін пошта байланысы қызметтерін көрсетуді қазіргі заманғы талаптар мен халықаралық стандарттарға сәйкес келетін қажетті деңгейге шығару қажеттігі туралы өтінішке бастамашы болды.
Қолданыстағы «Пошта туралы» Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі - Пошта туралы заң) пошта байланысы саласындағы негізгі ұғымдарды, пошта операторлары қызметінің және көрсететін қызметтерінің түрлерін, пошта байланысы саласындағы мемлекеттік органдардың құзыретін, Ұлттық пошта операторының құзыретін, пошта байланысының қызметтерін ұсыну кезінде міндеттемелерді бұзғаны үшін жауапкершілікті белгілейді.
Пошта туралы заң пошта операторына пошта байланысы қызметтерінің барлық немесе жекелеген түрін көрсетуді таңдау, пошта желісін құру және пошта байланысының басқа да құралдарын пайдалану құқығын береді және пошта желісін құру және оның жұмыс істеуі мен дамуын қамтамасыз етудің механизмдері туралы нормаларды қамтымайды, уәкілетті орган белгілеген бірыңғай талаптар мен нормативтерді пошта байланысы қызметтерін ұсыну кезінде пошта операторлары іс жүзінде сақтамайды. Пошта саласындағы қызметті лицензиялауды алып тастаумен пошта операторлары өз қызметін пошта байланысы қызметтерін көрсету бойынша белгіленген нормативтер мен рәсімдерді сақтамай жүзеге асырған жағдайлар қалыптасты.
Пошта саласының әрі қарай дамуы жөніндегі кешенді шараларды қабылдау, сондай-ақ ұзақ уақыт бойы жиналып қалған, нормативтік реттеуді қажет ететін проблемаларды шешу мақсатында, мыналар ұсынылады:
2.1. Пошта байланысы саласындағы операторлардың қызметін мемлекеттік реттеу
Қолданыстағы Пошта туралы заңның 8-бабында ҚР Үкіметінің, пошта байланысы саласындағы уәкілетті органның құзыреті айқындалған. Бұл ретте, Пошта туралы заңда мемлекеттік реттеудің қағидаттары мен міндеттері жоқ.
Заң жобасымен пошта байланысы саласындағы операторлардың қызметін мемлекеттік реттеудің негізгі қағидаттары мен міндеттері белгіленетін болады, сондай-ақ пошта байланысы саласындағы уәкілетті органның құзыреті мына функциялармен толықтырылатын болады: пошта операторының пошта төлемінің белгілерін келісу және пошта төлемінің мемлекеттік белгілерін қоспағанда, пошта төлемінің белгілерін қолдану тәртібін анықтау; филателиялық өнім ретінде қолдану мақсатында пошта төлемінің мемлекеттік белгісін пошта айналымынан алуды жүзеге асыру; электрондық абоненттік пошта жәшіктерінің бірыңғай жүйесін қолдану және пайдаланушыларды авторластыру қағидаларын бекіту; пошта индекстерін беру жөніндегі қағидаларды бекіту; операторды тағайындау және тағайындалған оператордың өкілеттіктерін кері қайтарып алу қағидаларын бекіту; пошта төлемінің мемлекеттік белгілері мен филателиялық өнімді шығару, сату қағидаларын бекіту; абоненттік пошта жәшіктерін орналастыру, күтіп ұстау және техникалық сипаттамалары жөніндегі талаптарды бекіту.
Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында пошталық құпия деген ұғым жоқ, осыған байланысты Пошта туралы заң пошта жөнелтілімдері, пошталық ақша аударымы, жөнелтілімдер мен адресаттар туралы қандай мәліметтер құпия болып табылатынын ашып көрсетпейді. Бұл ретте, ҚР Конституциясының 18-бабы 2-тармағымен әркім өзінің жеке салымдары мен жинаған қаражатының, жазысқан хаттарының, телефон арқылы сөйлескен сөздерінің, почта, телеграф арқылы және басқа жолдармен алысқан хабарларының құпиялылығы сақталуына құқығы бар деп бекітіп берілген. Осы құқықты шектеу заңмен тікелей белгіленген жағдайда және тәртіпте ғана жол беріледі. Халықаралық тәжірибе пошталық құпия деген ұғымды заң деңгейінде бекітіп беру дұрыс екендігін көрсетеді, мәселен «Пошта байланысы туралы» Беларусь Республикасының заңында «пошта байланысы құпиясы» деген ұғым және оған не жататыны ашып көрсетіледі, сондай-ақ оны ашу тәртібін регламенттейтін нормалар бекітіліп берілген. Осыған байланысты, Заң жобасымен пошта байланысы қызметтерін пайдаланушылардың мекен-жай деректері туралы, пошта жөнелтілімдері туралы, олардың ішіндегілері мен орналасқан жерлері туралы мәліметтер жатқызылатын болатын «пошталық құпия» деген ұғымды енгізу көзделеді.
ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 246-бабының 1-тармағына сәйкес хаттарда, жеделхаттарда, радиограммаларда, бандерольдерде, сауқаттарда және басқа да пошта жөнелтілімдерінде іс үшін маңызы бар мәліметтер, құжаттар және нәрселер қамтылған деп пайымдауға жеткілікті негіздер болған кезде оларға қатысты жасырын бақылау жүзеге асырылуы мүмкін. Алайда, Пошта туралы қолданыстағы заң пошта операторлары мен жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын органдар арасындағы өзара іс-қимылды регламенттейтін нормаларды қамтымайды. Осыған байланысты, Заң жобасымен пошта операторларының пошта қызметінде Жедел-іздестіру қызметі туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, пайдаланушылар туралы қызметтік ақпаратты жинауды, сақтауды және жоғарыда көрсетілген органдарға ұсынуды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін, техникалық құралдарды және жабдықты қолдануына бағытталған, жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын органдар мен пошта операторлары арасындағы өзара іс-қимыл регламенттелетін болады.
Пошта туралы заңның 10-бабына сәйкес пошта байланысы қызметтеріне арналған тарифтер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгіленеді. Заң жобасымен Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес пошта саласындағы қызметтерге арналған тарифтерді пошта операторларының белгілеуімен қатар, табиғи монополия саласындағы пошта байланысы қызметтеріне арналған тарифтерді (бағалар, алым мөлшерлемелері) уәкілетті орган бекітетін болады, ал пошта саласындағы тиісті нарықта үстем (монополиялық) жағдайға ие нарық субъектісі болып табылатын пошта операторының қызметтеріне арналған бағаларды «Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес белгіленеді деп толықтыру көзделеді. Бүгінгі күні пошта байланысының әмбебап көрсетілетін қызметтеріне арналған тарифтерді мемлекет атынан уәкілетті орган белгілейді, жазылым бойынша мерзімді баспа басылымдарын тарату, тапсырысты жазбаша хат-хабарды жіберу қызметтеріне және Ұлттық пошта операторы көрсететін кассалық операцияларға арналған бағалардың шекті деңгейін де уәкілетті орган реттейтін болады. Осыған байланысты, тарифтерді мемлекеттік реттеу (бағалар, алым мөлшерлемелері) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасымен көзделген.
Заң жобасында тарифтер саласындағы мемлекеттік реттеуді регламенттейтін нормаларды бекітіп беру пошта саласындағы қызметтердің белгілі бір түрлеріне баға белгілеу тәртібі тиісті заңнамалық актімен реттелетін болады деп айқындауға мүмкіндік береді.
2.2. Пошта саласындағы қызметтің және көрсетілетін қызметтердің түрлерін нақтылау және кеңейту, пошта операторларының өкілеттіктерін кеңейту, пошта желісін құру және дамыту, сондай-ақ қызметтерді пайдаланушылардың құқықтары мен міндеттерін белгілеу
Пошта туралы заңда пошта және қаржы қызметі, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де қызметтер көзделген. Бұл ретте, Пошта туралы заң қаржы нарығындағы қатынастарды реттеу саласындағы негізгі заң болып табылмайтын болғандықтан, қаржы қызметін реттеуді жүзеге асырмайды. Қаржы нарығындағы пошта операторларының қызметі қаржы саласындағы ҚР заңдарымен реттеледі. Осыған байланысты, Пошта туралы заң бойынша негізгі қызмет пошта қызметі болып табылады, пошта операторлары жүзеге асыра алатын, қызметтің басқа түрлері өзге ретінде қарастырылуы керек.
Заң жобасымен пошта және өзге қызмет қарастырылады, бұл ретте қызмет пен көрсетілетін қызметтердің түрлерін нақтылау және кеңейту мына себептерге байланысты:
Пошта қызметі
Пошта қызметіне Пошта туралы қолданыстағы заңмен көзделген пошта байланысының барлық қызмет түрі кіреді: пошта байланысының әмбебап көрсетілетін қызметтері; тiркелетiн пошта жөнелтiлімдерiн жiберу бойынша көрсетілетін қызметтер; пошта байланысының жедел және курьерлiк көрсетілетін қызметтері; пошталық ақша аударымы; жазылым бойынша мерзімді баспа басылымдарын тарату және бөлшек сату бойынша көрсетілетін қызметтер. Пошта қызметі: пошта төлемінің белгілерін және филателиялық өнімді сату бойынша көрсетілетін қызметтер; электрондық пошта қызметтері және гибридтік жөнелтілімдерді жіберу бойынша көрсетілетін қызметтерді енгізумен кеңейтілді.
Пошта туралы заңда көзделген пошта байланысы қызметтері қызметтерді көрсетудің негізгі шарттары мен ережесін регламенттейтін жекелеген нормалар ашып көрсетілмеген, бұл ретте Пошта туралы заң тапсырысты пошта жөнелтілімдері, құндылығы жарияланған пошта жөнелтілімдері бойынша және пошта байланысының әмбебап көрсетілетін қызметтері жөніндегі нормалармен ғана шектелген.
Осыған байланысты, Заң жобасына Пошта туралы заңда көзделмеген, пошта байланысының әмбебап қызметтерін көрсетудің, тіркелмейтін және тіркелетін пошта жөнелтілімдерін жіберу бойынша қызметтердің, пошта байланысының жедел және курьерлік қызметтерінің, пошталық ақша аударымының, жазылым бойынша мерзімді баспа басылымдарын таратудың, мерзімді баспа басылымдарын бөлшек сатудың, пошта төлемінің белгілерін, пошта төлемінің мемлекеттік белгілерін және филателиялық өнімді сатудың, электрондық пошта қызметтерінің, гибридтік жөнелтілімді жіберу бойынша қызметтердің негізгі ережесін регламенттейтін, сондай-ақ оператордың қызметтеріне ақы төлеу тәртібін белгілейтін нормалар енгізілді. Пошта жөнелтілімін алғаны туралы хабарламаны және пошта жөнелтілімін қайтаруды, мекен-жайды өзгерту немесе түзетуді регламенттейтін қолданыстағы Пошта туралы заңның нормалары Заң жобасында өзгеріссіз қалды.
Мысалы, қолданыстағы Пошта туралы заң электрондық пошта және гибридтік жөнелтілімді жіберу қызметтерін көрсету механизмін толығырақ регламенттемей, электрондық пошта қызметтерінің ұғымын ашумен ғана шектелді. Ал Заң жобасы электрондық пошта және гибридтік жөнелтілімді жіберу қызметтерін көрсетудің негізгі ережесін ашып беруге және бекітіп беруге мүмкіндік береді. Бұл ретте, электрондық пошта және гибридтік жөнелтілімді жіберу қызметтерін ұсыну қарапайым пошта жөнелтілімдері үшін жіберудің кейбір кезеңдерінен өтпей, жедел тәртіпте электрондық және гибридтік жөнелтілімді адресатқа жеткізуге және табыс етуге мүмкіндік береді. Осыған байланысты, Заң жобасымен электрондық пошта қызметтеріне: электронды нысандағы хаттарды (хабарламаларды), оның ішінде электрондық құжаттарды пайдаланушының электрондық абоненттік пошта жәшігіндегі ақпараттық жүйелерді пайдалану арқылы жіберу; электрондық пошта қызметтеріне: электрондық нысандағы хаттарды (хабарламаларды), оның ішінде электрондық құжаттарды жеке кезеңде ақпараттық жүйелерді пайдалану және тіркелмейтін немесе тіркелетін пошта жөнелтілімі (гибридтік жөнелтілім) түрінде жеткізу арқылы жіберу қызметтері жатқызылатыны көзделген. Осыған байланысты, Ұлттық пошта операторының әрбір жылжымайтын мүлік объектісіне берілетін болатын, электрондық абоненттік пошта жәшіктерінің жаңа институты енгізіледі, сондай-ақ пайдаланушы өтініш білдірген жағдайда жеке электрондық абоненттік пошта жәшігі берілуі мүмкін. Қызметтерді алға жылжыту және дамыту мақсатында Қазақстан Республикасының аумағында жаңа пошта индексациясын енгізу көзделеді. Осы жаңалық пошта жөнелтілімін электрондық форматта жеделдетілген түрде жіберуге немесе гибридтік жөнелтілімдерді жіберуді пайдалануға мүмкіндік береді, сондай-ақ мемлекетке көбірек қамтылатын мемлекеттік қызметтерге қолжеткізуді және Қазақстан Респубикасының бүкіл аумағына электрондық құжат айналымы тегіс қолданылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жоғарғы сотпен бірлесіп электрондық пошта қызметтері арқылы сот шақыру қағаздары мен хабарламаларын жіберуді жүзеге асыратын, Ұлттық пошта операторының пилоттық жобасы қызметті енгізудің оң тәжірибесінің жарқын үлгісі болды. Қазіргі уақытта осы қызметті ҚР Бас прокуратурасымен және ҚР салық органдарымен бірге енгізу мәселесі қарастырылуда. Осы қызметтер халықаралық аренада енгізіліп қойылған және оны Италия, Австрия, Австралия, Канада, сондай-ақ Ресей мен Белорусия қолданады. Онымен қоса, қызметтердің осы түрі Қазақстан мүшесі болып табылатын Дүниежүзілік пошта одағының актілерімен регламенттелген.
Өзге қызмет
Қолданыстағы Пошта туралы заңда көзделген «қаржы қызметі» деген терминді пайдалану Заң жобасында Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында «қаржы қызметі» деген термин болмағандықтан, алынып тасталды. Осылайша, «Қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы» ҚР Заңымен қаржы қызметтерін ұсыну бойынша кәсіпкерлік қызмет ұғынылатын қаржы нарығындағы кәсіптік қызмет көзделеді. Бұл ретте, қаржылық қызметтер сақтандыру нарығына, бағалы қағаздар нарығына, ерікті жинақтау зейнетақы қорына қатысушылардың қызметінен, банктік қызметтен, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес алынған лицензиялар негізінде жүзеге асырылатын, банктік операциялардың жекелеген түрлерін жүргізу бойынша ұйымдардың қызметінен тұрады. Ұлттық пошта операторы қаржылық қызметтерді ұсынуы оның негізгі қызметі болып табылмайтынын ескерсек, онда Заң жобасымен банктік операциялар мен қаржылық қызметтерді өзге қызметке қосу, сондай-ақ Пошта туралы заңның нормалары негізінде пошта операторларының наржы нарығындағы қызметті жүзеге асыру құқығын алып тастау көзделген, өйткені базасында пошта-жинақтау жүйесі құрылған және жұмыс істейтін Ұлттық пошта операторының қызметін қоспағанда, Пошта туралы заңмен мұндай қызмет регламенттелмейтін болады.
Заң жобасында өзге қызметке: банктік операциялар; қаржылық қызметтер; тауарларды (жүктерді) тасымалдау, өңдеу, қоймалау және сақтау бойынша қызметтерді көрсетуге байланысты логистикалық қызметтер; Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес тапсырма және (немесе) комиссия шартын жасасу жағдайларындағы агенттік қызметтер және ҚР заңнамасында көзделген өзге де қызметтер жатқызылатын болады.
Банктік операцияларға жеке және заңды тұлғалардың депозиттерін қабылдау, олардың банктік шоттарын ашу және жүргізу; банктік операциялардың жекелеген түрлерін жүзеге асыратын, банктер мен ұйымдардың корреспонденттік шоттарын ашу және жүргізу; кассалық операциялар: қолма-қол ақшаны ұсақтауды, айырбастауды, қайта есептеуді, сұрыптауды, буып-түю мен сақтауды қоса алғанда оларды қабылдау мен беру; аударым операциялары: жеке және заңды тұлғалардың төлемдер мен ақша аударымы жөніндегі тапсырмаларын орындау; банкноттарды, монеталарды және құнды заттарды инкассациялау және қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыруды қоса алғанда, шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру жатқызылған. Қаржылық қызметтерге Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген тәртіпте брокерлік, дилерлік және трансфер-агенттік қызмет жатқызылған. Өзге қызметке зейнетақы, жәрдемақы және өзге де әлеуметтік төлемдерді төлеу және жеткiзу бойынша көрсетілетін қызметтер; заңды тұлғалардың тапсырмасы бойынша бюджеттiң атқарылуы жөнiндегi уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшелерiнiң чектерiмен мемлекеттiк мекемелерге қызмет көрсетуге арналған есеп айырысуларды жүзеге асыру, ауылдық елді-мекендерге тауарларды жеткізу және жүзеге асыру жатқызылған.
Банктік операциялар мен қаржылық қызметтер бойынша өзге қызметті бұлай нақтылау ҚР Азаматтық кодексінде, «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы», «Бағалы қағаздар нарығы туралы» және «Ақша аударымы мен төлемі туралы» ҚР Заңдарында көзделген талаптарға байланысты.
Пошта операторларының өкілеттіктерін кеңейту
Заң жобасы пошта операторлары мен Ұлттық пошта операторының өкілеттіктерін регламенттейтін, Пошта туралы заңның қолданыстағы нормаларын қамтиды.
Заң жобасымен пошта операторларына қызметтерді көрсету кезінде жеке пошта жәшіктерін, сондай-ақ пошта байланысы қызметтеріне ақы төленген фактіні растайтын, пошта төлемінің белгілерін пайдалану, сондай-ақ пошта төлемінің белгілерін сатуды жүзеге асыру құқығы қосымша беріледі. Мұндай жаңашылдық пошта операторларына пошта байланысының әмбебап қызметтерін көрсетуге мүмкіндік береді. Қолданыстағы Пошта туралы заң бойынша пошта операторларында пошта жәшіктерін және пошта төлемінің белгілерін қолдану мүмкіндігі болмады, бұл өз кезегінде жазбаша хат-хабарды жіберуге қатысуға оларды шектеуге әкеп соқты, өйткені ҚР қолданыстағы заңнамасында пошта төлемінің мемлекеттік белгілерін қолдана отырып жазбаша хат-хабарды міндетті жіберу жөніндегі талап белгіленген. Сондай-ақ, хатты пошта операторының өндірістік объектісіне бармай-ақ, пошта жәшігі арқылы жіберуге болады. Осы жаңашылдық бар шектеулерді алып тастауға және пошта операторларының пошта байланысы қызметтерін толық көлемде көрсетуіне мүмкіндік береді.
АҚШ-та ұлттық пошта қызметімен қатар басқа операторлардың да жеке пошта жәшіктері болу және пайдалану құқығы бар. Көшелер мен ғимараттарда АҚШ ұлттық пошта қызметінің пошта жәшіктерінің жанында басқа операторлардың пошта жәшіктері орналастырылған, бұл оларға халыққа қызмет көрсетуге тең мүмкіндіктермен қатысуға мүмкіндік береді.
Пошта туралы заңның 1-бабының 48) тармақшасына сәйкес Ұлттық пошта операторы - Үкiметтің шешiмiмен құрылған, ұлттық басқарушы холдинг жалғыз акционерi болып табылатын, пошта байланысының әмбебап қызметтерiн, арнаулы байланыстың көрсетілетін қызметтерiн, қаржылық қызметтерді ұсыну және қаржылық қызметті жүзеге асыру жөнінде мiндеттемелер жүктелген акционерлiк қоғам деп айқындалған. Сондай-ақ, Пошта туралы заңның 6-бабында Ұлттық пошта операторының өкілеттіктері бекітіліп берілген.
Заң жобасымен Ұлттық пошта операторының қызметін реттейтін, қолданыстағы нормалар сақталады, бұл ретте Заң жобасымен Ұлттық пошта операторының негізгі міндеттемелерін өкілеттіктер деңгейінде қосымша бекітіп беру, сондай-ақ өзге қызмет көрсету бойынша құзыретті кеңейту көзделеді.
Ұлттық пошта операторы «Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы» ҚР Заңына сәйкес табиғи монополия саласына жатқызылған, пошта байланысының әмбебап қызметтерін ұсыну бойынша міндеттемені алады. Бұл Ұлттық пошта операторын табиғи монополия субъектілерінің республикалық тізіліміне енгізуге, сондай-ақ оның қызметін шектеуге алып келді. «Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы» ҚР Заңының 5-бабы 1-тармағының негізінде табиғи монополия субъектісіне Пошта туралы Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген; бір күнтізбелік жылда табиғи монополия субъектісінің барлық қызметінен бес пайыздан аспайтын өзге қызметтен түскен кірістер болған жағдайдағы қызметті қоспағанда, қызметтерді көрсетуге және табиғи монополиялар аясына жатпайтын өзге қызметті жүзеге асыруға тыйым салынады. Ұлттық пошта операторы Пошта туралы заңда көзделмеген қызметтің кейбір түрлерін тиісті рұқсат алғаннан кейін ғана жүзеге асыруға мәжбүр. 2005-2006 жылдары Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігі Ұлттық пошта операторына өзге қызметті жүзеге асыруға келісім берді. Дегенмен, бір күнтізбелік жылда барлық қызметтен бес пайыздан аспайтын мөлшерде алынатын кірістердің шегін белгілейтін, өзге қызметтен түскен кірістер бойынша шектеуді ескеру қажет. Мәселен, 2012 жылы Ұлттық пошта операторының өзге қызметтен түскен жиынтық кірісі 27 083 099 мың теңгені құрады, осыған байланысты өзге қызметтен түсетін кіріс 1 354 155 мың теңгеден аспауы керек. Бұл жағдайда Ұлттық пошта операторы белгіленген кірістен тыс бұзбау және ҚР заңнамасымен белгіленген шектеулерді Ұлттық пошта операторы сақтамағаны үшін мемлекет тарапынан болатын айыппұл санкцияларын болдырмау мақсатында қызметтердің ұсынылуын реттеп отыруға мәжбүр. Белгіленген шектеуді ескерсек, Ұлттық пошта операторы өзге қызметтен түсетін кіріс мөлшерінің белгіленген шегінен жоғары кіріс алып келетін коммерциялық жобаларды іске асыра алмайды. Осыған байланысты, өзге қызметтен кіріс келетін, коммерциялық жобаларды іске асыру мақсатында Ұлттық пошта операторының қызметін кеңейту нысаналы болып табылады, өйткені «Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы» ҚР Заңы Пошта туралы заңда олар бекітіліп берілген жағдайда қызметтерді жүзеге асыруға және шектеусіз кірістерді алуға мүмкіндік береді.
Ұлттық пошта операторы халыққа, оның ішінде ауылдық елді мекендерде тұратын халыққа қызмет көрсететін өндірістік объектілердің тарамдалған желісі және пошта бағыттары бар жалғыз ұйым болып табылады. Осы факторды назарға ала отырып, мемлекет Ұлттық пошта операторының пошта желісі мен персоналын пайдалану арқылы ел халқының қалың жігі үшін көптеген мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларды өткізу және іске асыру бойынша Ұлттық пошта операторын тартады. Бұл ретте, қолданыстағы Пошта туралы заңда Ұлттық пошта операторының өзге қызметтерге қатысу жөніндегі өкілеттігі көзделмеген. Іс жүзінде Ұлттық пошта операторының пошта желісінің мүмкіндіктерін пайдаланатын, көптеген мемлекеттік органдармен және ұйымдармен, екінші деңгейлі банктермен және кәсіпкерлік субъектілерімен Ұлттық пошта операторы іс жүзінде өзара қатым-қатынас жасайды. Мұндай өзара қарым-қатынастар шарт жағдайларында құрылады. Алайда, бар шектеулер бірлескен жобаларды толық көлемде іске асыруға және Ұлттық пошта операторы бюджетінің кіріс бөлігін көтеруге мүмкіндік бермейді. Мәселен, мемлекет өткізген «Халықтық IPO» бағдарламасы бойынша екі рет негізгі оператор ретінде тартылды. Бүгінгі күні Ұлттық пошта операторы денсаулық сақтау жүйесі органдары үшін құрамында есірткі бар заттар мен дәрі-дәрмектерді шарт бойынша жалғыз тасымалдаушы болып табылады. «Қолжетімді баспана» бағдарламасы бойынша Ұлттық пошта операторы елдің ауылдағы халқын бағдарламаға тарта отырып «ТҚЖБ» АҚ агенті болып табылады. Елде сайлау өту кезеңінде Ұлттық пошта операторының арнаулы байланыс бөлімшесі ҚР ОСК құжаттарын негізгі тасымалдаушы ретінде тартылды. Үкіметтің шығыстар мен кірістерді жалпыға бірдей декларациялауға елдің өтуіне дайындау жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Ұлттық пошта операторы елдің ауылдық елді мекендері деңгейінде жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жұмыс жүргізу бөлігін алып жүреді. 2014 жылдан бастап ауылдық елді мекендерде Ұлттық пошта операторының пошта желісі арқылы мемлекеттік қызметтерді көрсету бойынша пилоттық жоба жұмыс істейді. 40 ауылдық пошта байланысы бөлімшесі арқылы халыққа мемлекеттік қызметтердің 30-ға жуық түрі ұсынылады. Мемлекеттік қызметтер бөлігінде пошта байланысы бөлімшелерінің негізгі жұмысы e_gov жүйесінен халыққа қажетті анықтамалар мен құжаттарды берумен байланысты.
Осыған байланысты, Заң жобасымен Ұлттық пошта операторының өкілеттігі мыналармен кеңейтілді: «Халық Үкіметі» мемлекеттік корпорациясы жоқ елді-мекендерде «бір терезе» қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштер қабылдау және олардың нәтижелерін көрсетілетін қызметті алушыға беру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ақпараттық жүйелерден мәліметтер алу арқылы электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету; тауарларды (жүктерді) тасымалдау, өңдеу, қоймалау және сақтау бойынша қызметтер көрсетумен байланысты логистикалық қызмет; Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тапсырма және (немесе) комиссия шартын жасасу жағдайларында агенттік қызметті жүзеге асыру; ауылдық елді мекендерге тауарларды жеткізу және сату және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, өзге де көрсетілетін қызметтер.
Қызметті толыққанды жүзеге асыру үшін Ұлттық пошта операторына мәліметтер сұрату және алу не өзіне мемлекет жүктеген міндеттемелерді іске асыру және қызметтер көрсетуге қатысу мақсатында мемлекеттік органдардың және өзге де тұлғалардың ақпараттық жүйелеріне, деректер базасына, оның ішінде «Мекенжай тізілімі» ақпараттық жүйесіне кіру рұқсатын алу құқығы берілетін болады.
Заң жобасында электрондық пошта қызметтерін және гибридтік жөнелтілімді жіберу бойынша қызметтерді көрсетуді регламенттейтін нормалар көзделгені ескеріліп, Ұлттық пошта операторына уәкілетті орган белгілеген тәртіпте электрондық абоненттік пошта жәшіктерінің бірыңғай базасын құру бойынша өкілеттік қосымша берілетін болады. Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында бірыңғай база мен электрондық абоненттік пошта жәшіктерін құру, қолдану мен дамытуды Ұлттық пошта операторы қамтамасыз ететін болады. Сондай-ақ, Ұлттық пошта операторының өкілеттіктеріне әрбір жылжымайтын мүлік объектісіне орналасқан жерінің мекен-жайы бар және «Мекен-жай тізілімі» ақпараттық жүйесіне енгізілген пошта индесін беруді жатқызу қарастырылады. Қазақстан Республикасының аумағында пошта индекстерінің бірыңғай базасын жүргізу уәкілетті орган бекітетін, Қазақстан Республикасында пошта индекстерін беру жөніндегі қағидаларға сәйкес Ұлттық пошта операторы жүзеге асыратын болады.
Ұлттық пошта операторының қызметін кеңейтуді заңнама деңгейінде бекітіп беру тұтастай алғанда ірі кәсіпкерлік субъектісінің дамуына оң әсер ететін болады.
Пошта желісін құру және дамыту
Пошта операторларының қызметті жүзеге асыру және қызметтер көрсетуі тиісті инфрақұрылымды қамтамасыз етпей мүмкін емес. Қолданыстағы Пошта туралы заң пошта байланысы инфрақұрылымын құрумен және дамытумен байланысты мәселелерді шешуді қамтамасыз етпейді. Бұл ретте, Пошта туралы заңда пошта операторларында қажеттi материалдық-техникалық база мен бiліктi кадрлар, механикаландыру, автоматтандыру және ақпараттандыру құралдары болуға тиіс деп регламенттелетін жекелеген нормалар бар, ал Ұлттық пошта операторы үшін пошта байланысының әмбебап қызметтерін көрсететін пошта желісін құру жөніндегі талаптар белгіленді. Пошта туралы заң «Ұлттық пошта желісі», «пошта желісі» және «өндірістік объектілер» деген терминдердің ұғымын ғана ашып қойды, дегенмен Пошта туралы заңда пошта желісін жоспарлау, құру және дамыту және оны қолдану бойынша қажетті жағдайлар ашып көрсетілмеді, пошта операторларының пошта желісі инфрақұрылымының элементтері, сондай-ақ көлік құралдарын пайдаланумен байланысты мәселелер анықталмады.
Заң жобасы пошта операторлары өз қызметінде өндірістік объектілер мен пошта бағыттарын қамтитын, пошта желілерін дербес жоспарлайтын және қалыптастыратын болатыны көзделген. Пошта желісіне пошта жәшіктері, абоненттік пошта жәшіктері, поштоматтар және пошта операторы анықтайтын басқа құралдар да жатқызылатын болады. Ұлттық пошта желісі инфрақұрылымы пошта байланысының стационарлы, жылжымалы бөлімшелерінің жиынтығынан және Қазақстанның бүкіл аумағында әрекет ететін пошта бағыттарынан тұратын және пошта саласындағы қызметтер пайдаланушыларға тікелей ұсынылатын болатын, Ұлттық пошта операторының пошта желісі болып табылатын болады.
Заң жобасында өндірістік объектілер пайдаланушыларға қызметтер көрсетілетін болатын пошта байланысы бөлімшелері болып табылатын болады деп қарастырылған. Пошта байланысы бөлімшелері пошта операторларының негізгі инфақұрылымын құрайтын болады. Пошта байланысы бөлімшесін ашу және күтіп ұстау бойынша міндеттілік пошта байланының әмбебап көрсетілетін қызметтерінің сапа көрсеткіштерімен белгіленетін болады. Осыған байланысты, пошта байланысы бөлімшелерінің мынадай типтері ұсынылады: орналасуы уәкілетті орган бекітетін, пошта байланысының әмбебап көрсетілетін қызметтерінің сапа көрсеткіштеріне сәйкес жүзеге асырылатын болатын, пайдаланушыларға қызмет көрсетуге арналған, стационарлық пошта байланысы бөлімшесі; көлік құралдарының базасында құрылатын, оның ішінде пайдаланушыларға қызметтер көрсету үшін, жеке және заңды тұлғалармен шарттар бойынша қүрылатын жылжымалы пошта байланысы бөлімшесі.
Сондай-ақ, пошта операторлары көлік құралдарын пайдалануын және пошта жөнелтілімдерін тасымалдауын, сондай-ақ пошта операторы қызметкерінің ілесіп жүруімен теміржол, теңіз, ішкі су, әуе және автомобиль көлігінің барлық бағыты мен желілерін пайдалануын қарастыру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес тасымалдау үшін бөтен ұйымдарға пошта жөнелтілімдерін беру құқығын жолға қою қажет деп санаймыз.
Бұл пошта желісінің дамуы мен жұмыс істеуі үшін жағдайларды заңнамалық деңгейде бекітіп беруге мүмкіндік береді.
Достарыңызбен бөлісу: |