Қазақстан Республикасының Заңы «Азаматтық қорғау туралы»


-бап. Мемлекеттiк резервтiң азайтылмайтын қоры



бет10/11
Дата09.06.2016
өлшемі0.82 Mb.
#124578
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11

97-бап. Мемлекеттрезервтiң азайтылмайтын қоры
Мемлекеттiк резервтiң құрамында материалдық құндылықтардың азайтылмайтын қоры (оларды сақтаудың тұрақты өзгертiлмейтiн көлемi) жасалады. Мемлекеттiк резервтiң азайтылмайтын қорында сақталуы тиiс материалдық құндылықтардың мөлшерiн Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлейдi.

98-бап. Мемлекеттiк резервке материалдық құндылықтардың жеткiзiлуіне тапсырыстар беру
1. Мемлекеттiк резервке материалдық құндылықтардың жеткізілуіне тапсырыстар беру Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiпте жеткізушілер арасында бюджет қаражаты есебiнен орналастырылады.

2. Мемлекеттiк резервке материалдық құндылықтардың жеткізілуіне тапсырыс берушi болып уәкiлеттi орган табылады.

3. Мемлекеттiк резервке жеткiзiлетін материалдық құндылықтар бүкiл сақтау мерзiмiнде техникалық реттеу туралы заңнаманың талаптарына сәйкес келуі тиiс.

4. Мемлекеттік резерв жүйесінің ведомстволық бағынысты ұйымы мемлекеттік резерв материалдық құндылықтарының сақталу нормативтерін әзірлейді.



99-бап. Мемлекеттiк резервтiң материалдық құндылықтарын орналастыру
1. Мемлекеттiк резервтiң материалдық құндылықтары мемлекеттік резерв жүйесінің ведомстволық бағынысты ұйымдарында және мемлекеттiк резервтiң материалдық құндылықтарын сақтау пункттерiнде сақталады.

2. Мемлекеттiк резервтiң материалдық құндылықтарын сақтау пункттерi және жұмылдыру рапсырыстары белгіленген ұйымдар сақтауға берiлген мемлекеттiк резервтiң материалдық құндылықтарының сапасы мен саны жағынан сақталуына, сондай-ақ оның уақытылы жаңартылуына жауапты болады.

3. Жұмылдыру резервінің материалдық құндылықтарын сақтауды жүзеге асыратын ұйымдардың тізбесін, осы құндылықтардың номенклатурасы мен сақтау көлемін жұмылдыру жоспары және есепті жылға өнім өндіру және қызметтерді көрсету жоспары белгілейді.

4. Жұмылдыру тапсырыстары белгіленген ұйымдар мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарын жұмылдыру тапсырысына сәйкес қалыптастыруды, орналастыруды, сақтауды, олардың орнын ауыстыруды, уақытылы жаңартуды, сондай-ақ оларды іске асыру кезінде шығаруды қамтамасыз етуге міндетті.

Оларды кейіннен жұмылдыру тапсырысынан алған және жұмылдыру резервінің материалдық құндылықтарын броньнан шығарған жағдайда оларды сақтау материалдық резервтен толық шығарылғанға дейін жүзеге асырылады.

5. Мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарын сақтау пункттері және жұмылдыру тапсырыстары белгіленген ұйымдар, ведомстволық бағынысты ұйымдардың филиалдары мемлекеттік резерв материалдық құндылықтарының сапалы және сандық жай-күйі туралы есептерді ұсынады.

6. Мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарын сақтау пункттері және жұмылдыру тапсырыстары белгіленген ұйымдар олардың бейіні өзгертілген, олар қайта ұйымдастырылған, жекешелендірілген немесе таратылған жағдайларда ол жөнінде екі ай бұрын уәкілетті органға хабарлайды.

16-тарау. Мемлекеттік резервті пайдалану
100-бап. Мемлекеттiк резервтен материалдық құндылықтарды шығарудың негiздерi мен тәртiбi


  1. Мемлекеттiк резервтi пайдалану:

  1. жұмылдыру мұқтаждары үшiн Қазақстан Республикасының жұмылдыру дайындығы мен жұмылдырудың тиiстi жоспарлары негiзiнде;

2) табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше ахуалдардың алдын алу және оның салдарын жою жөнiндегi бiрiншi кезектi жұмыстарды қамтамасыз ету, босқындарға көмек көрсету, гуманитарлық көмек көрсету және нарыққа реттеушiлiк ықпал жасау үшiн Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң шешiмi бойынша жүзеге асырылады.

2. Материалдық құндылықтарды мемлекеттiк резервтен шығару:

1) оларды жаңартуға байланысты;

2) қарызға беру тәртiбi бойынша;

3) броньнан шығару тәртiбi бойынша жүзеге асырылады.

3. Материалдық құндылықтарды мемлекеттік резервтен қарызға беру тәртiбiнде шығарудың міндетті шарты болып қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган айқындайтын тәртiпте екiншi деңгейдегi банктердiң кепiлдiк беруi табылады.

4. Егер материалдық құндылықтарды алушы:

1) мемлекеттiк бюджетке қарыздары болса;

2) осыдан бұрын алған мемлекеттiк резервтiң материалдық құндылықтарын қайтармаған болса;

3) банкротқа ұшырау кезеңiнде болса, мемлекеттiк резервтiң материалдық құндылықтары қарызға беру тәртiбi бойынша шығарылмайды.

5. Материалдық құндылықтарды қарызға беру тәртiбi бойынша шығарған кезде уәкiлеттi орган оны алушымен тиiстi шарт (келiсiм-шарт) жасасады.

6. Мемлекеттік резервтен материалдық құндылықтарды қарызға алу тәртібімен шығарған кезде алушы қарызға алу шартының орындалуын қамтамасыз ету мақсатында салым құны жалпы сомасының үш пайызын төлейді.

7. Мемлекеттік резервтен материалдық құндылықтарды жаңарту және броньнан шығару тәртібі бойынша алу, нарыққа реттеушілік ықпал ету, босқындарға көмек көрсету, гуманитарлық көмек көрсету, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше ахуалдардың салдарын жою, басқа мемлекеттік органдардың балансына беру жағдайларын қоспағанда, тендер түрінде Қазақстан Республикасы Үкіметі белгілеген тәртіпте жүзеге асырылады.

8. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк сатып алу туралы заңнамасына сәйкес сатып алуды жүзеге асыратын заңды тұлғалардың мемлекеттiк резервтiң тауарларын сатып алуы уәкiлеттi органда немесе оның ведомстволық бағынысты ұйымдарында жүргiзiледi.

9. Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше ахуалдардың алдын алу және олардың салдарын жою жөнiндегi бiрiншi кезектi жұмыстарды қамтамасыз ету, босқындарға көмек көрсету және гуманитарлық көмек көрсету үшін мемлекеттiк резервтiң материалдық құндылықтарын алу броньнан шығару тәртiбi бойынша жүзеге асырылады.

Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше ахуалдардың алдын алу және олардың салдарын жою жөнiндегi бiрiншi кезектi жұмыстарды қамтамасыз ету, босқындарға көмек көрсету және гуманитарлық көмек көрсету үшін шығарылған материалдық құндылықтарды мемлекеттiк резервке кейiннен салу Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiпте жүзеге асырылады.

10. Мемлекеттiк резервтен материалдық құндылықтарды иелiктен айыру олардың құны толық төленген немесе аккредитив ашылған, не осы баптың 3-тармағына сәйкес екiнші деңгейдегi банктердiң кепiлдiгi берiлген жағдайда жүргiзiледi.

11. Материалдық құндылықтарды мемлекеттiк резервтен шығарған кезде оларды сату арқылы алынған қаражат бюджет есебiне алынуы тиiс.

12. Төтенше ахуалдардың алдын алу және олардың салдарын жою, босқындарға көмек көрсету, гуманитарлық көмек көрсету кезiнде пайдаланылған мемлекеттiк резервтiң материалдық құндылықтары бюджет қаражаты есебінен өтелуге жатады.

Гуманитарлық көмекті жеткізу және оны тапсыру бойынша шығыстарды өтеу Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі негізінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен жүзеге асырылады.



101-бап. Мемлекеттiк резервтiң қорларын нарыққа реттеушiлiк ықпал жасау үшiн пайдалану
Дағдарыс құбылыстары мен ішкi нарықта сұраным мен ұсыным арасында қауiптi сәйкессiздiктер туындаған жағдайда, мемлекеттік резервтiң материалдық құндылықтары Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмдерi негiзiнде нарыққа реттеушілiк ықпал жасау үшiн пайдаланылады.

102-бап. Нарыққа реттеушiлiк ықпал жасау үшін мемлекеттiк резервтен материалдық құндылықтарды шығару тәртiбi
1. Сауда қызметiн реттеу саласындағы уәкілетті орган және агроөнеркәсiптiк кешендi дамыту саласындағы уәкілетті орган тауарларға баға мониторингiн жүргiзедi және бағаның нарыққа реттеушiлiк ықпал жасау қажет болған деңгейге жеткен кезінде уәкілетті органның келiсiлуі бойынша шығарылатын материалдық құндылықтарды алушыларды – сауда қызметiнiң субъектiлерiн, сауда үстемесiнiң көлемiн, бағасын және мөлшерiн көрсете отырып, нарыққа реттеушiлiк ықпал жасау үшін материалдық құндылықтарды шығару қажеттiгi туралы Қазақстан Республикасының Үкiметiне ұсыныс енгiзедi.

2. Уәкiлеттi орган материалдық құндылықтарды мемлекеттiк резервтен шығаруды сауда қызметiнiң субъектiлерiмен шарт жасасу арқылы Қазақстан Республикасының Үкiметi шешiмiнiң негiзiнде жүзеге асырады.

Нарыққа реттеушiлiк ықпал жасау үшін сауда қызметiнiң субъектiлерi мемлекеттiк резервтен шығарылған материалдық құндылықтарды өткiзудi бөлшек сауда арқылы жүзеге асырады.

103-бап. Мемлекеттiк резерв материалдық құндылықтарының тасымалдануын қамтамасыз ету
1. Төтенше ахуалдар туындаған немесе төтенше жағдай енгiзiлген кезде мемлекеттiк резервтiң материалдық құндылықтарын тасымалдауды бiрiншi кезекте көлiк ұйымдары жүзеге асырады.

2. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмдерi негiзiнде, оның iшiнде дүлей зiлзалалардың, авариялардың, апаттар мен басқа табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше ахуалдардың алдын алу және олардың салдарын жою бойынша мемлекеттiк резервтен шығарылатын материалдық құндылықтарды меншiк нысандарына қарамастан көлiк ұйымдары тасымалдауға ұсынылған жүктi алдын ала төлемсiз қабылдайды.



104-бап. Мемлекеттiк резервтiң материалдық құндылықтарының мөлшері мен қозғалысы туралы есептілігі
Мемлекеттiк резервтiң материалдық құндылықтарының мөлшері мен қозғалысы туралы есептілігі заңнамада белгiленген тәртiпте жүзеге асырылады. Бұл орайда мемлекеттiк резерв жүйесiнiң ұйымдарында және сақтау пункттерiнде мемлекеттiк резервтiң материалдық құндылықтарының қозғалысы бойынша есепке алу мен есептілік мемлекеттiк резервтi сақтау жөнiндегi қызметтердi және ұйым жарғысында көзделген өзге де қызметтi есепке алудан және олар бойынша есептіліктен бөлек жүзеге асырылады.

105-бап. Мемлекеттік материалдық резервті құрайтын мемлекеттік мүлікті есепке алу
Мемлекеттік материалдық резервті құрайтын мемлекеттік мүлікті есепке алуды Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіпте уәкілетті орган жүзеге асырады.
6-бөлім. Азаматтық қорғау органдары қызметкерлері мен өзге де жұмыскерлерінің және олардың отбасы мүшелерінің мәртебесі және әлеуметтік қорғалуы
17-тарау. Азаматтық қорғау органдары қызметкерлері мен өзге де жұмыскерлерінің және олардың отбасы мүшелерінің мәртебесі және әлеуметтік қорғалуы
106-бап. Азаматтық қорғау қызметкерлері мен өзге де жұмыскерлерінің мәртебесі
1. Азаматтық қорғау органдары азаматтық қорғаныс басқармалары мен бөлімдерінің әскери қызметшілерінен, мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарының қызметкерлерінен, құтқарушылардан, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өзге де жұмыскерлерінен жасақталады.

2. Азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері мен өзге де жұмыскерлері төтенше ахуалдардың алдын алу және олардың салдарын жою, азаматтық қорғауды ұйымдастыру және жүргізу, өнеркәсіптік және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы функцияны жүзеге асырады.

Азаматтық қорғаныстың басқару органдары мен әскери бөлімдеріндегі әскери лауазымдардың және оған сәйкес әскери атақтардың тізбесін Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.

3. Уәкілетті органда, оның аумақтық бөлімшелерінде және азаматтық қорғаныстың әскери бөлімдерінде әскери қызметтен өтетін тұлғалар Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мәртебесіне ие және құқықтар мен жеңілдіктерді пайдаланады.

4. Арнаулы атақтар берілген мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарында әскери қызметтен өтетін тұлғалар құқық қорғау органдарының қызметкерлері үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мәртебесіне ие және құқықтар мен жеңілдіктерді пайдаланады.

Мемлекеттік өртке қарсы қызметіне жүктелген негізгі міндеттер мен функцияларды тікелей орындайтын лауазымды адамдарға арнаулы атақтар немесе сыныптық шендер беруге құқық беретін мемлекеттік өртке қарсы қызметінің лауазымдар тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.

5. Мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдары қызметкерлерінің еңбек қатынасы Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде белгіленген тәртіпте «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген ерекшеліктері ескеріле отырып, жүзеге асырылады.

6. Азаматтық қорғау органдарының өзге жұмыскерлерінің еңбек қатынастары Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі және Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасында белгіленеді.

7. Әскери қызметшілер және мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарының қызметкерлері әскери және арнайы атақтарына сәйкес айыру белгілері бар белгіленген үлгідегі нысанды киім-кешек киеді.

8. Азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері мен өзге жұмыскерлері табиғи және техногендік сипаттағы төтенше ахуалдарды жою жөніндегі іс-шараларды өткізген кезде, оқу-жаттығуларда, жауынгерлік кезекшілікте, оқу орталықтарындағы сабақтарда, әскери техникамен сабақтарда, арнайы міндеттерді орындаған кезде уәкілетті орган белгілеген арнайы киімді киеді.

9. Азаматтық қызметшілер және мемлекеттік қызметшілер болып табылмайтын азаматтық қорғау органдары жүйесінің мемлекеттік мекемелері қызметкерлері еңбегінің реттелу ерекшеліктері Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес белгіленеді.

10. Осы Заңда белгіленген негізгі міндеттерден туындайтын азаматтық қорғау органдары қызметкерлері мен өзге де жұмыскерлерінің нақты міндеттері типтік біліктілік талаптары негізінде айқындалады және тиісті мемлекеттік органдар мен оның аумақтық бөлімшелерінің басшылары бекітетін лауазымдық нұсқаулықтарда (функционалдық міндеттерінде) көрсетіледі.



107-бап. Азаматтық қорғау органдары қызметкерлерi мен өзге де жұмыскерлеріне еңбекақы төлеу, оларды зейнеткерлік және өзге қамсыздандыру
1. Азаматтық қорғау органдары қызметкерлерi мен өзге де жұмыскерлері үшін еңбекақы төлеу, зейнеткерлік және өзге қамсыздандыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

2. Кәсіби авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарының құтқарушыларына еңбек сіңірген жылдары үшін жұмыс өтіліне қарай ай сайын лауазымдық еңбекақысына пайыз есебімен еңбек сіңірген жылдары:

үш жылдан асқанда - он бес пайыз;

бес жылдан асқанда - жиырма пайыз;

он жылдан асқанда - отыз пайыз;

он бес жылдан асқанда - қырық пайыз;

жиырма жылдан асқанда - елу пайыз мөлшерінде үстемеақы төленеді.

Кәсіби авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарының құтқарушыларына еңбек сіңірген жылдары үшін пайыздық үстемеақы төлеу үшін жұмыс өтілі Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіпте есептеледі.

3. Әскери қызметшілер, мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдары және азаматтық қорғау органдарының авариялық-құтқару қызметі мен құралымдарының қызметкерлері Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген үлгілер мен тиістілік нормаларына сәйкес нысанды киім және арнайы киім-кешекпен тегін қамтамасыз етіледі.

108-бап. Өмір мен денсаулықты қорғау. Медициналық қамтамасыз ету
1. Азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері мен өзге де жұмыскерлерінің уәкілетті органның медициналық бөлімшелері мен медициналық ұйымдарында уәкілетті органға көзделген бюджеттік қаражат есебінен медициналық тегiн қамтамасыз етiлуге құқығы бар. Азаматтық қорғау органының қызметкері қызмет ететiн (жұмыс істейтін) немесе тұратын жерiнде уәкілетті органның медициналық ұйымдары жоқ болса, не оларда тиiстi бөлiмшелер не медициналық көрсеткiштер бойынша арнаулы жабдықтар жоқ болса, ведомстволық бағыныстылығына қарамастан мемлекеттiк денсаулық сақтау ұйымдарында, жеке медициналық ұйымдарда және жеке медициналық практикамен айналысатын адамдар арқылы тегiн медициналық көмектiң кепiлдi көлемi шегiнде медициналық көмек көрсетiледi.

Азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері отбасы мүшелерінің (әйелдері, күйеулері, 18 жасқа дейінгі балалары) және өзге де жұмыскерлерінің, сондай-ақ олардың асырауындағы адамдардың уәкілетті органның медициналық ұйымдарында тегін медициналық көмекке құқығы бар.

Қызметтік міндеттерін орындау кезінде жараланған, контузия, жарақат алған, мертіккен немесе ауырған азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері мен өзге де жұмыскерлері уәкілетті органға көзделген бюджеттік қаражат есебінен және шегінде медициналық мекемелер мен оңалту орталықтары базасындағы санаторлық-курорттық емделуге және оңалтуға жіберіледі.

Осы бапта көрсетілген азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері мен өзге де жұмыскерлерінің және олардың отбасы мүшелерінің құқықтары мен жеңілдіктері жасына, денсаулығына немесе штаттардың қысқартылуына байланысты қызметтен босатылған, қызмет өткеруiнiң жалпы ұзақтығы 20 және одан да көп жыл болған азаматтық қорғау органдарының зейнеткерлерi мен олардың отбасы мүшелерiне де қолданылады.

Азаматтық қорғаныстың әскерге шақыру бойынша әскери қызметшілері, уәкілетті орган оқу орындарының курсанттары оларда медициналық көрсеткіштері болса, уәкілетті органның медициналық бөлімшелері мен медициналық ұйымдарында уәкілетті органға көзделген бюджеттік қаражат есебінен және шегінде медициналық тегiн қамтамасыз етiлуге құқылы.

Қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза тапқан азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері мен өзге де жұмыскерлерінің балаларында олар кәмелет жасқа жеткенге дейін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіпте медициналық және санаторлық-курорттық қызмет көрсетілу құқығы сақталады.

2. Азаматтық қорғау саласындағы органдарда бекітілген контингентті және қызметке (жұмысқа) түсетін адамдарды медициналық және психофизиологиялық куәландыру үшін әскери-дәрігерлік комиссиялар құрылады.

Азаматтық қорғау саласындағы органдарға қызметке (жұмысқа) қабылданатын азаматтар олардың қызметке (жұмысқа) жарамдылығын анықтау үшін міндетті түрде әскери-дәрігерлік комиссиясында медициналық куәландырудан өтеді.

Азаматтық қорғау органы қызметкерінің еңбекке уақытша жарамсыздығы, емделуде үздiксiз болу кезеңі, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жекелеген аурулар бойынша емделудiң бұдан да ұзақ мерзiмi көзделген жағдайларды қоспағанда, төрт айдан аспауға тиiс. Қызметкер емделуде үздiксiз болуының белгiленген мерзiмi өткен соң, өзiнiң одан әрi қызметке (жұмысқа) жарамдылығы туралы мәселенi шешу үшiн әскери-дәрiгерлiк комиссияның медициналық куәландырудан өтуге тиiс.

Қызметтік мiндеттерiн орындау кезiнде жарақаттануына, контузия алуына немесе мертiгуiне байланысты қызметкерлердің емделу уақытына шек қойылмайды. Аталған адамдар медициналық куәландыруға емделiп болған соң немесе ауруының нәтижесi анықталған жағдайда жiберiледi.

Жиi және ұзақ ауыратын азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері мен өзге де жұмыскерлерінің, егер еңбекке жарамсыз болған күндерiнiң саны он екі айда сол бiр ауру бойынша үзiлiссiз төрт айға дейiнгі немесе жыл iшiнде әртүрлi аурулар бойынша бес айға дейiнгi уақытты құрайтын болса, қызметтi (жұмысты) одан әрi өткеруге жарамдылығын анықтау үшiн азаматтық қорғау органдарының кадр бөлімшелері уәкілетті органның медициналық ұйымдарының ұсыныстары бойынша әскери-дәрiгерлiк комиссияға медициналық куәландыруға жiбередi.

109-бап. Құтқарушылар мен олардың отбасы мүшелерiнiң әлеуметтiк кепiлдiктерi
1. Құтқарушыларды міндетті әлеуметтік сақтандыру Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес жүзеге асырылады.

2. Құтқарушылар мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың шарттар жасасуынан түскен қаражат есебiнен де сақтандырылуы мүмкiн.

3. Құтқарушы қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде қаза тапқан (өлген) не ол қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде алған жарақаттың салдарынан бiр жыл iшiнде қайтыс болған жағдайда асырауындағы адамдарға оның соңғы атқарған қызметi бойынша бiр жылдық жалақысының кемiнде он есе мөлшерiндегі бiр жолғы жәрдемақысы төленедi.

4. Құтқарушыға қызметтiк мiндетiн атқару кезiнде алынған жарақат (зақымдану, жаралану, контузия), ауыру салдарынан мүгедектiк белгiлеу кезiнде оған:

I және II топтардағы мүгедекке – бiр жылдық жалақысының бес еселенген мөлшерiнде;

III топтағы мүгедекке – бiр жылдық жалақысының екi еселенген мөлшеріндегі бiр жолғы жәрдемақысы төленедi.

5. Құтқарушы қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде мүгедектiгі белгiленбей, еңбек қабiлетiн тұрақты жоғалтқан ауыр жарақат алған (зақымдану, жаралану, контузия), ауырған жағдайда оған бiр жылдық жалақысынан кем емес мөлшерде бiр жолғы жәрдемақы төленедi.

6. Егер құтқарушының қаза табуы (өлімi), жарақаттануы, жаралануы (жарақаттануы), ауруы қызметтiк мiндетiн атқарумен байланысты емес мән-жайларға қатысты болғандығы белгiленген тәртiпте дәлелденсе, осы Заңның 3, 4, 5-тармақтарында белгiленген бiр жолғы жәрдемақы төленбейдi.

7. Қайтыс болған немесе қаза тапқан авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарының құтқарушысын жерлеу үшін тиісті жылға арналған республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының заңында белгіленетін мөлшерде жәрдемақы беріледі.

8. Осы баптың 3, 4, 5, 7-тармақтары бойынша жәрдемақы авариялық-құтқару қызметі мен құралымдарын қамсыздандыратын ұйымдардың қаражаты есебінен төленеді және осы ұйымдардың шығындары кейіннен залал келтірушінің есебінен толық көлемде өтеледі.

9. Мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша құтқарушылардың отбасы мүшелерін әлеуметтік қамтамасыз ету мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

10. Еңбек жағдайы зиянды әрi қауiптi ұйымдарға қызмет көрсететiн кәсiби авариялық-құтқару қызметiнің құтқарушыларына Қазақстан Республикасының заңнамасында осы ұйымдар қызметкерлері үшiн белгiленген құқықтық және әлеуметтiк қорғау кепiлдiктерi мен жеңiлдiктерi қолданылады. Олардың жалақысының мөлшері олар қызмет көрсететін қауіпті өндірістік объектілерінің тиісті санаттардағы қызметкерлерінің жалақысы мөлшерінен төмен болмауы тиіс.

11. Осы бапта көзделген құқықтық және әлеуметтік кепілдіктер ерікті авариялық-құтқару құралымдарының құтқарушыларына, сондай-ақ авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге тартылған, құтқарушылар болып табылмайтын азаматтарға қолданылады.

7-бөлім. Қорытынды және өтпелі ережелер
18-тарау. Қорытынды ережелер
110-бап. Азаматтық қорғау іс-шараларын қаржыландыру
Азаматтық қорғау іс-шараларын қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіпте жүзеге асырылады.

Азаматтық қорғау іс-шараларын қаржыландыру:

1) бюджет қаражаттары;

2) ұйым қаражаттары;

3) азаматтардың, қорлардың, діни және қоғамдық бірлестіктердің ерікті жарналары;

4) Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де көздер есебінен жүзеге асырылады.



111-бап. Азаматтық қорғау саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілік
Белгіленген нормативтерді, техникалық регламенттерді және қағидаларды орындамауына немесе жауапсыз орындауына, авариялардың, зілзалалар мен апаттардың пайда болуына жағдайлар мен алғышарттар жасаған, халықты, қоршаған ортаны және объектілерді табиғи және техногендік сипаттағы төтенше ахуалдардан және азаматтық қорғаныс саласындағы құқыққа қарсы басқа іс-қимылдардан қорғау жөніндегі шараларды қабылдамаған кінәлі лауазымды тұлғалар мен азаматтар тәртіптік, әкімшілік, мүліктік және қылмыстық жауапкершілікке, ал ұйымдар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мүліктік жауапкершілікке тартылады.

2. Төтенше ахуалдардың салдарын жою бойынша жұмыстарды жүргізген кезде азаматтардың денсаулығына қасақана немесе абайсызда зиян келтіргені, қоршаған ортаға, материалдық және мәдени құндылықтарға шығын келтіргені, еңбек шартында оларға жүктелген міндеттерді орындамағаны үшін кінәлі жұмыс басшылары мен авариялық-құтқару қызметі мен құралымдарының құтқарушылары Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамаларына сәйкес жауапкершілік тартады.



112-бап. Мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарымен жүргізілетін операциялар бойынша жауапкершілік
1. Мемлекеттiк резервтiң материалдық құндылықтарымен жүргiзiлетiн операциялар бойынша мүлiктiк жауапкершiлiк Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде айқындалады.

2. Мемлекеттiк резервтiң материалдық құндылықтарымен жүргiзiлетiн операцияларға қатысушылар арасындағы шартта мүлiктiк жауапкершiлiктiң қосымша шаралары көзделуi мүмкiн.



113-бап. Азаматтық қорғау саласындағы дауларды шешу
Азаматтық қорғау саласындағы дауларды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте соттар шешеді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет