Қазақстан Республикасынормативтік құқықтық актілерініңақпараттық-құқықтық жүйесі



бет7/18
Дата23.02.2016
өлшемі381.36 Kb.
#11011
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   18
      509. Темiржол цистерналарын iрiктеудi және тiркеуден ағытуды төгу-құю эстакадасы шегiнен тыс жүзеге асыру керек. Бу қысу температурасы 61oC кем мұнай өнiмдерiн төгу-құю операциялары кезiнде эстакадада маневрлiк жұмыстарды жүргiзуге және бос жолға келесi маршрутты жiберуге жол берiлмейдi. Герметикаланған құю құрылғысы арқылы жүргiзiлетiн құю операциялары кезiнде мұнай өнiмдерi бар темiржол цистерналарын бос эстакадаларға жiберуге жол берiледi. 
      510. Төгуге және құюға темiржол цистерналары баяу, соқпай, жұлқымай жiберiледi және шығарылады. Төгу-құю құрылғыларының аумағында темiржол цистерналарын металл табандықтарымен тоқтатуға және бекiтуге рұқсат берiлмейдi. Бұл мақсаттарға ұшқын шығаруды болдырмайтын ағаш төсемдер мен металлдан жасалған табандықтар қолданылады. 
      511. Тез тұтанатын сұйықтықтарды төккенде немесе құйғанда, цистерналар люктерiнiң қақпақтарын жапқанда, темiржол цистерналарына шлангілерді және басқа да құралдарды қосқанда соққылауға жол берiлмейдi. Төгу және құю операциялары кезеңiнде қолданылатын құрал соққанда ұшқын шығармайтын материалдан жасалады. Құйғанда шлангiнiң бастиегi цистернаның түбiне түсiрiледi; шашырауды болдырмау үшiн құю сұйықтық деңгейiмен жүзеге асырылады. Цистерналар люктерiнің қақпалары резеңкеден жасалған төсемдермен жабдықталады. 
      512. Атмосфералық электр разрядтарында мұнай өнiмдерiн төгуге және құюға жол берiлмейдi; темiр жол цистерналарының люктерi жабылады. 
      513. Төгу, құю операциялары кезеңiнде жергiлiктi жарық беру үшiн жарылыс қаупi жоқ аккумуляторлы шамдар қолданылады. 
      514. Темiржол төгу-құю эстакадасында тез тұтанатын мұнай өнiмдерi үшiн өткел көпірлер жасырын бұрандамасы бар ағаш тіректермен жабдықталады. 
      515. Орнынан қозғалту және темiржол цистерналарын төгу-құю орындарына жылжыту үшiн иiнтiректер ретiнде құрыштан жасалған сүймендердi немесе басқа да құрыштан жасалған заттарды қолдануға жол берiлмейдi. Темiржол цистерналарын тек жүкшығырлар арқылы ғана жылжытуға болады. 
       516. Техникалық тексерiп-қарау белгiсi жоқ, сондай-ақ тамшылап ағып кету белгiсi анық немесе мұнай өнiмдерiн құюға кедергi жасайтын басқа да ақаулықтары бар темiржол цистерналарын құюға, қабылдауға жол берiлмейдi. 
      517. Мұнай өнiмдерiн төгу немесе құю алдында барлық айырып-қосқыш вентильдер, ысырмалардың дұрыс ашылған, төгу-құю құрылғыларының дұрыстығы, шлангілері мен телескоп құбырларының қосылу тығыздығы тексерiледi. 
      518. Темiржол цистернасының люгiн ашқанда және шлангілерді толтырғанда осы операцияларды орындайтын тұлғалар люктiң жел жағына орналастырылады. 
      519. Құю процесінде темiржол цистернасында тамшылап ағып кету байқалғанда, ол цистернаға құю ақау жойылғанша дереу тоқтатылады. Егер ақауды жою мүмкiндiгi болмаса, цистернаны iшiне құйылған мұнай өнiмiнен босатып, жөнелткен станциясына қайтару керек. 
      520. Темiржол цистерналарының төменгi жақтағы ақаулы төгу құралдарын олардың конструкциясында қарастырылмаған, ұшқын шығаруы мүмкiн құралдардың көмегімен ашуға жол берiлмейдi. Цистернаның төменгi төгу құралын төгу-құю коллекторына тек цистернаның доңғалақтарының астына табандықтарды (тiреуiштердi) орнатқаннан кейiн және осы жолдан локомотивтi шығарғаннан кейiн ғана қосуға болады. 
      521. Темiржол цистерналарына мұнай өнiмдерiн құюды аяқтағаннан кейiн құю эстакадаларының жоғарғы жағында орналасқан шлангілер, тiреуiштер және коллекторлар мұнай өнiмдерiнен босатылуы, ал темiржол цистерналарының люктерiнiң қақпақтары герметикалық түрде жабылуы тиіс. 
      522. Темiржол цистерналарының төгу-құю құрылғыларында қатып қалған мұнай өнiмдерiн тек бумен, сондай-ақ осы мақсаттарда пайдалануға жол берiлген арнайы жылытқыштармен ғана жылытуға рұқсат берiледi. Ашық отты қолдануға жол берiлмейдi. 
      523. Темiржол цистерналарында жабысқақ мұнай өнiмдерiн булы шиыршық түтiктерi арқылы жылытқанда соңғыларды мұнай өнiмдерiне кемінде 0,5 метр тереңдiкке толық батырғаннан кейiн ғана iске қосуға болады. Жылыту кезiнде оның температурасы көтерiлiп, мұнай өнiмi көтерілгенде цистернадан атып шығып кетпеуі қадағаланады. Цистерналардағы сұйықтықты жылыту температурасы осы сұйықтық буының шығу температурасынан 15оC төмен болмауы тиiс. 
      Электр жылытқыштармен жылыту кезiнде вагон-цистерналардан мұнай өнiмдерiн ағызуға рұқсат етiлмейдi.
      524. Тез тұтанатын мұнай өнiмдерiн герметикаланған ағызу құралдары арқылы ғана төменгi жағынан ағызуға жол берiледi. 
      525. Электрлендірілген темiржолдарда орналасқан төгу-құю эстакадаларының темiржолдарында екi оқшаулау жiгiн орнату қажет: бiрiншiсi – ағызу фронтының шегiнен тыс, екiншiсi – тұйық көрсеткiшiнiң жанында. 
      526. Температуралары төмен жағдайларда жүзеге асырылатын темiржол жүйелерiне құю осы цистерналарды ауа температурасы аса жоғары аудандарға тасымалдағанда мұнай өнiмi көлемiнiң көтерілуі ескеріле отырып жүзеге асырылады. 
      527. Темiржолдар, эстакадалар, құбыржолдар, телескоптық құбырлар және шлангілердің ұштықтары жерге тұйықталады. Жерге тұйықтау құрылғыларының қарсылығы кәсiпорынның бас инженерi бекiткен кесте бойынша жылына кемінде бiр рет тексерiледi. 
      528. Темiржол эстакадаларындағы жұмыс және эвакуациялау сатылары жарамды жағдайда ұсталады. 
      529. Эстакадалардың темiржол тұйықтарының соңында орнатылған жүкшығырлары жарамды жағдайда ұсталады. Мұнай өнiмдерiн төгу-құю операцияларын жүргiзгенде шығырдың арқаны тарқатылып тұрады.

Төгу-құю айлақтары мен жағалаудағы құрылыстарды ұстау тәртiбi



      530. Төгу-құю айлақтары мен пирстер жанбайтын материалдардан жасалады. Өрт сөндiру автомобильдерiне арналған өту жолдары мен өткел көпiрлер жарамды күйде және әртүрлi заттар үймеленбей ұсталады. 
      531. Мұнай өнiмдерiн төгуге-құюға арналған жағалаудағы құбыржолдар айлақтан 30 метр қашықтықта орнатылатын авариялық тиектермен жабдықталады. Құбыржолдар арқылы өту орындарында жанбайтын материалдардан жасалған шағын көпiрлер көзделеді. 
      532. Жылжымалы төгу-құю құбыржолдардың фланецтерi мен жылжымалы түтіктердiң жалғау муфталары палубаға соғылғанда ұшқынның пайда болуына жол бермейтін металлдан жасалады. 
      533. Тез тұтанатын мұнай өнiмдерi бар кемелердi шынжырлап байлап қою және оларды айлаққа бекiтiп қою металл емес арқандармен жүргiзiледi. Ерекше жағдайларда металл арқанды пайдалануға болады, мұндай жағдайда палубаның жұмыс орындары мен арқандап байлап бекiту кнехтерiнiң битенгтерi ұшқынның пайда болуына жол бермейтін төсенiшпен немесе оқшаулау материалдарымен жабылады. 
      534. Мұнай құю кемелерi құбыржолдардың мұнай өнiмдерiн айдап қотаруға арналған түтіктерi жалғанған орынға дейiн жерге тұйықталады. Жерге тұйықтау қондырғылары тек төгу-құю операциялары аяқталғаннан кейiн және құбыржолдардың кеме жанындағы айлақтың түтіктерiнен ажыратылғаннан кейiн ғана алынады. 
      535. Кеме құбыржолдарын жағалаудағы төгу-құю қондырғыларына жалғайтын түтіктерi кеме айлақта еркiн қозғала алатындай ұзындыққа сәйкес болуға тиіс. Түтіктер жұмсақ арқандар немесе ағаш тiреулер арқылы ұсталады. Кеме түтіктерiнiң асқышы мен бекiтпесi олардың құлауына, үзiлуiне және қажалуына жол бермейтiндей бекiтiледi. 
      536. Мұнай базасының айлақтарында орнатылған жүк көтергiш құралдарын пайдалану кезінде жүк көтергiштер жүйелi түрде майланып тұруады, ал шынжыр мен палубаның түйiсетін тұстары матпен немесе ағаш қалқандарымен жабылады. 
      537. Кеменi жағалаудағы құрылғылармен жалғайтын қосқыш құбыржолдар мен түтіктердi құрастырғанда және бұзғанда соғылудан ұшқынның пайда болуына жол бермейтiн құрал пайдаланылады. 
      538. Төгу-құю жұмыстары кемiнде екi адамның қатысуымен жүргiзіледі. 
      539. Айлақ пен кемедегi қызмет көрсетуші персонал төгу-құю жұмыстарын және жабдықтардың жағдайын үнемі қадағалауды жүргiзуге мiндеттi. Мұнай өнiмдерiнiң тамшылап ағуы дереу жойылады; ал ол мүмкiн болмаған жағдайда, мұнай өнiмдерiн төгу-құю жөнiндегi операциялар жабдық толық жөнделгенше тоқтатылады. 
      540. Найзағай жарқылдағанда мұнай өнiмдерiн төгуге және құюға жол берiлмейдi. 
      541. Төгу-құю операцияларын жүргiзген кезде су айлақтарында, кемелерде, айдап қотару станцияларында және оларға 20 метрден жақын жерлерде: 
      1) отпен жүргізілетін жұмыстарды орындауға, темекi шегуге және ашық отты пайдалануға;
      2) бұзылған электр жарық беру құралдарын пайдалануға;
      3) жарық беру үшiн жылжымалы және басқа (жарылу қаупi жоқ аккумуляторлы шамдардан басқа) шамдарды қолдануға;
      4) мұнай өнiмдерiн төгу-құю жөнiндегi операцияларға қатысы жоқ адамдардың болуына;
      5) + 45оC жоғары температураға дейін қыздырылған мұнай өнiмдерiн кемеге қабылдауға және құюға жол берiлмейдi.

Автоқұю эстакадаларын, құйылатын және өлшеп бөлiнетiн мұнай


өнiмдерiн ұстау тәртiбi

      542. Құю құрылғылары орналасқан жедел алаңқайлардың үстi қатты жабынмен және түрлi сұйықтықтардың гидравликалық ысырма арқылы өндiрiстiк-нөсерлiк кәрізге немесе арнайы жинақтауышқа кедергiсiз құйылуымен қамтамасыз етiледi. Төгiлiп қалған сұйықтықтар сумен жуылады. 


      543. Жедел алаңқайдағы автомашиналардың рұқсат берiлген санын кәсiпорынның әкiмшiлiгi белгiлейдi. 
      544. Бұзылған автомобильдерге аумаққа және жедел алаңқайларға кiруге, сондай-ақ кәсiпорынның аумағында оларды жөндеуге жол берiлмейдi. 
      545. Мұнай өнiмдерiн тасымалдауға арналған автоцистерналар құю эстакадасының жерге тұйықтау контурына қосуға арналған жерге тұйықтау қондырғыларымен жабдықталады; автоцистерналардың сөндiргiштерi ұшқын сөндiргіштермен жабдықталады және қозғалтқыш немесе радиатор астынан алға қарай шығарылады. Автоцистерналардың жерге ұзына бойы 100-200 мм тиетiн отырғызу шынжыры болуы керек, екi өрт сөндiргiшпен, киiзбен, құрғақ құммен және күрекпен жабдықталады. 
      546. Кәсiпорынның өткiзу орны мен мұнай өнiмдерiн құю алаңқайында кәсiпорынның персоналы сыртынан қарау арқылы автоцистернаның дұрыстығын және оның өрт сөндiру құралдарымен қамтамасыз етiлуiн тексередi. 
      547. Кәсiпорынның қызмет көрсетуші персоналы (операторы немесе басқа адам) автоцистерналарға құю процесін бақылауды жүзеге асырады. 
      548. Мұнай өнiмдерi автоцистернаға қозғалтқыш жұмыс iстемей тұрған кезде құйылады. Бұл ретте жүргiзушi құю процесін бақылайды. Автоматты түрде құю жүйесiнде жүргiзушi осы жүйеге арналған нұсқаулықта қарастырылған әрекеттерді орындайды. Қозғалтқышты iске қосу қиынға түсетін, тек температура төмен болған жағдайларда ғана қозғалтқыш жұмыс iстеп тұрған кезде құюға рұқсат етiледi. 
      549. Автоқұю эстакадасы өрт шыққан жағдайда, автоцистерналарды сүйреп әкетуге арналған арқанмен немесе штангамен қамтамасыз етiледi. 
      550. Құю аяқталғаннан кейiн құюға арналған шлангілерді (ұштықтарды) автоцистернаның қылтасынан олардан мұнай өнiмдерiн толық ағызып алынғаннан соң шығару керек. Автоцистерна қылтасының қақпағын жабу баяу, соғылуға жол бермей жүргізіледі. 
      551. Автоцистернаның жүргiзушiлерi мұнай өнiмдерiн тасымалдағанда өрт қауiпсiздiгiн сақтау шаралары туралы (автокәсiпорындарда куәлiктер беріледі) нұсқаулықтан өтедi. 
      552. Мұнай өнiмiнiң төгiлiп қалуына (асырып құйылуына) жол берiлген жағдайларда, толтырылып жатқан автоцистернаның қозғалтқышын iске қосуға рұқсат берiлмейдi. 
      553. Бөліп құю үй-жайында бос және мұнай өнiмдерi толтырылмаған ыдысты, сондай-ақ бөгде заттар мен жабдықтарды ұстауға жол берiлмейдi. Бөліп құю үй-жайында енi кемінде 2 метр болатын орталық өтпе қарастырылады. Өтпеге заттарды үйіп қоюға болмайды. 
      554. Мұнай өнiмдерiн бөшке ыдыстарына кәсiпорынның қызмет көрсетуші персонал ғана түсiредi. Мұнай өнiмдерiн түсiрер алдында қызмет көрсетуші персонал құюға арналған ыдысты мiндеттi түрде тексерiп қарап шығады. Мұнай өнiмдерiн жарамсыз ыдысқа құюға рұқсат берiлмейдi.

Пайдаланылған мұнай өнiмдерiн жинау, өткізу және тазарту


пункттерін ұстау тәртiбi

      555. Пайдаланылған мұнай өнiмдерiн жинау және тиеу пункттерi, сондай-ақ регенерациялық қондырғылар мұнай өнiмдерiн бөлшектеп босату аймағына орналастырылады. Мұнай өнiмдерiн қабылдауды және босатуды (тиеп жiберудi) кәсiпорынның персоналы немесе олардың қатысуымен жүзеге асырылады. 


      556. Мұнай өнiмдерiнiң пайдаланылған қоспаларын сақтағанда резервуарлардағы, тез тұтанатын сұйықтықтарды сақтауға арналған резервуарлардағыдай тыныстау және сақтандыру арматурасы, ал пайдаланылған индустриялық және мотор майларын сақтағанда – майларды сақтауға арналған резервуарлардағыдай болады. 
      557. Пайдаланылған мұнай өнiмдерiн қыздыру температурасы олардың құрамына кіретін булардың ең төмен тұтану температурасы бар компонент буларының тұтану температурасынан 15оC төмен болады. 
      558. Тұтану температурасы 120оC және одан төмен болатын пайдаланылған мұнай өнiмдерiне арналған төгу-құю қондырғылары жабық болады.
      559. Регенерациялық қондырғылардың айыру бөлiмшесiнiң шығыс бактарында тәулiктiк қажеттiктен аспайтын отынның болуына рұқсат етіледi. Бұл бактар үй-жай шегiнен тыс жерлерде орнатылады. 
      560. Құбырлы пеш пен текше қондырғысының түтiн шығатын мұржалары қара күйе жиналып қалмас үшiн тәулiгiне кемiнде бiр рет су буымен үрленедi. 
      561. Регенерациялық қондырғылардың сүзгі-нығыздауыштары металл рамаларға және жанбайтын iргетасқа орнатылады. Сүзгi-нығыздауыштардың астына төгiлiп қалған майды жинау үшiн металдан жасалған арнайы жайпақ қаңылтыр таба орнатылады. 
      562. Регенерациялық қондырғы жұмыс iстеп тұрған кезде керосин жинағыштарды асыра толтыруға болмайды; толуына қарай және ауысымның аяғында оларды мұнай өнiмдерiнен босату керек. 
      563. Пайдалануға жiберер алдында жылжымалы регенерациялық қондырғылардың айыратын текшелерi мен бу қазандары гидравликалық қысымға тексерiледi. Бу қазандары мен айыратын текшелерде сақтандырушы қақпашалар мен манометрлер орнатылады. Жылжымалы регенерациялық қондырғылар жұмыс iстеп тұрғанда қызмет етушi персонал бақылау-өлшеу құралдарының көрсеткiштерiн үнемi бақылайды.

Алаң iшiндегi технологиялық құбыржолдар мен құбыржол


арматурасын ұстау тәртiбi

      564. Мұнай базаларының, құю және айдап қотару станцияларының құбыржолдарына технологиялық сызбалар құрылады, оларда құбыржолдардың әрқайсысында айқын белгiленеді, ал тиек арматурасы нөмiрленеді. Қызмет көрсетушi персонал авариялар мен өрттер болған жағдайларда ысырмаларды ауыстырып қосуды үйрену үшiн құбыржолдардың технологиялық сызбасымен танысады. 


      565. Технологиялық құбыржолдар оларға орнатылған барлық арматураларымен бiрге пайдалануға тапсыру алдында бiрiктiру мықтылығы мен тығыздығы тұрғысынан гидравликалық сынақтан өтедi. 
      566. Жер үстiндегi құбыржолдардың бекiтпелерi мен тiреуiштерiнiң қауiп төндіріп салбырап тұруын болдырмау үшін олардың жай-күйі үнемі бақыланып тұрады. Құбыржолдардың, асқыштар мен тiреуiштердiң ақаулары дереу жойылады. 
      567. Құбыржолдарың iшiнде пайда болған шөгiндiлердi болаттан жасалған шыбықтар немесе басқа құралдар арқылы тазартуға болмайды, құбырдың қабырғасына үйкелуден немесе соғылудан ұшқын пайда болуы мүмкiн. 
      568. Құбыржолдар мен тиектердің тораптарын ашық отпен жылытуға болмайды. Осы мақсатта тек бу, ыстық су немесе қызған құм қолданылады, сондай-ақ зауытта шығарылған электрлі қыздырғыштар пайдаланылады. 
      569. Құбыржолдар мен тиек қондырғыларына кәсiпорынның бас инженері бекiткен кестеге сәйкес профилактикалық қызмет көрсетіледі. 
      570. Құбыржолдарда тұйық учаскелер болмауға тиiс. Ал мұндай жерлердiң болуы қажет болған жағдайларда, оларды тұрақты бақылау жүзеге асырылады. 
      571. Мұнай өнiмдерi толып тұрған құбыржолдарда жөндеу жұмыстарын жүргiзуге жол берiлмейдi.

5. Мұнай-газ өндiрушi өнеркәсiп объектiлерiн ұстау тәртiбi

Жалпы ережелер

      572. Бұрғылауға, сынақ жүргiзуге, ұңғымаларды күрделi жөндеуге арналған жер үстiндегi жабдық, шығарындыларға қарсы қондырғылардың бұрғыштары, бақылау станциялары, өндiрiстiк және тұрғын үй-жайлар, қойма орындары, кiреберiс жолдар, тікұшақ алаңдары нақты әр ауданға арналған желдiң басым бағыты ескеріле отырып орналастырылады. 


      573. Қондырғыға бөлiнген аумақ жер үстiндегi және жер астындағы құбыржолдардан, кәбілдерден босатылады, ағаштан, бұтадан, шөптерден тазартылады. 
      Жер үстiндегi құрылыстардың айналасында көлiктiң және өрт техникасының қозғалуы үшiн енi 10-12 метр алаңқай көзделеді.
      Аумақтарды жоспарлау кезінде сұйықтықтарды сағасынан және жер үстiндегi құрылыстардан арнайы қоймаларға (торға) бұрып ағызу көзделеді.
      574. Құрылыстардың жабындары жанбайтын материалдардан орындалады. Басқа жағдайларда конструкция оттан қорғайтын құраммен өңделедi. 
      575. Отын құятын ыдыстар мен қондырғылар жер үстi үй-жайлардан, жабдықтардан, құбыржолдардан 20 метр алшақ орнатылады. Отын қондырғылары сорғылармен, ыдыстар сақтандыру және тыйым салу жазулары (белгiлерi) бар деңгей өлшеуiштермен жабдықталады. Орнатылу орындарында кiреберiс жолы жабдықталады және жанар-жағармай материалдарының сақталу мөлшерi есебiнен топырақ үйiп бекiтiледi. 
      576. Арматуралар орнатылатын немесе аппараттар қосылатын жерлерден басқа, жарылыс-өрт қауiптi технологиялық жүйелердiң құбыржолдарында фланецтi және алмалы-салмалы қосылыстарға жол берiлмейдi. Жарылыс қауiптi технологиялық жүйелерде иiлмелi шлангiлердi қолдануға жол берiлмейдi. 
      577. Жанармай өнiмдерiн айдап қотаратын сорғылар мен компрессорлардың соратын және айдайтын жолдарында тиек, кесу және сақтандыру қондырғыларын орнату көзделеді. 
      578. Жанар-жағармай материалдарының, мұнай өнiмдерiнiң тамшылап ағуы, герметикалы болмауы, ағып кетуi байқалғанда ақау дереу жойылып, төгiлген жер мұқият тазартылады. 
      579. Жанар-жағармай және тез тұтанатын материалдарды өрт-жарылыс қауiптi құрылыстардың iшiнде сақтауға жол берiлмейдi. 
      580. Өрт сөндiру құралдары (қуат және сорғы блогы, отын қондырғылары, электр станциясы, ұңғыманың аузы) өрт қауiптi жерлерге жақын орналастырылады. 
      581. Iштен жану қозғалтқыштарының пайдаланылған газды шығаратын желілері ұңғыманың аузынан кемiнде 15 метр, таса (ірге) қабырғасынан 5 метр және шатырдың (қалқаның) жоғарғы жағынан 1,5 метр қашыққа шығарылады. Қозғалтқыштардың, негiздердiң, еден төсенiшiнiң астына пайдаланылған газ шығатын құбырларды төсеуге жол берiлмейдi. 
      Қабырғалар, шатырлар (қалқалар) арқылы пайдаланылған газ шығатын желiлер өтетiн жерлерде құбырдың үш диаметрiнен кем емес тесiк қалдырылады. Бұл жерде жылу оқшаулау төсемi мен өртенбейтiн өңдеме орнатылады.
      Пайдаланылған газ шығатын желiлер ұшқын сөндіргіштермен жабдықталады.
      582. Температура төмен болған жағдайда, қатып қалуға бейім жабдықтар мен құбыржолдар жылытылып, ашық отты пайдалануды жоққа шығаратын жылытумен қамтамасыз етiледi. 
      583. Өрт қауiптi және жарылыс қауiптi үй-жайларда, негiздердiң астында, газ қауiптi жерлерде, жанар-жағармай материалдарын, мұнай өнiмдерiн, жанғыш заттар мен реагенттердi сақтауға арналған ыдыстардың жанында ашық отты пайдалануға және темекi шегуге болмайды. 
      Темекi шегу үшiн өртке қауiпсiз аймақта арнайы жабдықталған орындар бөлінеді және жазулармен белгiленедi.
      584. Газдану, жанар-жағармай материалдарымен, мұнай өнiмдерiмен ластану кезінде газ қауiптi, отпен жүргізілетін және дәнекерлеу жұмыстарын жүргiзуге жол берiлмейдi. 
      585. Қуат, бұрғылау және мұнай кәсiпшілігінің жабдығы, жабындар, объектінiң басы мен аумағы үнемі өрт қауiпсiз жағдайда ұсталады, күйеден, жанар-жағармай материалдарының, мұнай өнiмдерiнiң төгiлуiнен ұдайы тазартылады.

Ұңғымаларды бұрғылау жұмыстарын жүргiзу тәртiбi

      586. Ұңғымаларды бұрғылау, бекiту, сынау техникасы мен технологиясы өнiмдi жиектерден бақыланбайтын қабат флюидтiң түсуiн барынша жоғары дәрежеде болдырмауы тиiс. 
      Мұнай-газ дақтары пайда болған және авариялық жұмыстар жүргiзілген жағдайда, жер үстiндегi жабдық және орап байлау арқылы толық герметикалық, флюидтi ұңғымалардан қауiпсiз қашықтыққа бұру және мұнай-газ дақтарын, аварияларды жою жөніндегі технологиялық процестерді орындау кезінде жарылыс-өрт қауiпсiздiгi қамтамасыз етiледi.
      587. Бұрғыны пайдалануға беру кезінде кәсiпорынның комиссиясы жабдықтың жарылыс-өрт қауiпсiздiгiн, өртке қарсы жабдық пен құрал-сайман жинағының сәйкестiгiн, авариялық жарықтандырудың, жауынгерлік өрт сөндіру есептобының бар-жоғын тексереді, ол туралы бұрғыны қабылдау актісіне жазады. 
      588. Көмiрсутектi негiздегi бұрғы қоспаларын пайдаланғанда жарылыс, өрт қауiпсiздiгi бойынша, арнайы нұсқаулық пен жұмыс жоспарларында көрсетiлетiн әуе ортасының газдылығы бойынша қосымша шаралар қолданылады. Көмiрсутектi негiздегi ерітіндінің өздiгiнен тұтану температурасы сағасындағы және қоспаны дайындау мен өңдеу процесіндегі күтілетін ең жоғарғы температурадан 50оС артық болады. 
      589. Жұмыс аймағының ауасында зиянды заттардың шектi жол берiлетiн концентрациялары мен шектi жол берiлетiн жарылыс қауiпсiз концентрациялары табылған жағдайларда: 
      1) технологиялық процесті тоқтата тұру;
      2) объектiнiң, ауысымның басшысына дереу хабарлау;
      3) газдану себебi мен аймағын анықтау;
      4) жеке қорғану құралдарын пайдалану;
      5) өрт сөндiру құрал-жабдығының әзірлігін тексеру;
      6) Аварияларды жою жоспарына және нақты жағдайға сәйкес шаралар (әрекеттер) қолдану қажет.
      590. Бұрғылау, сынау, газ, мұнай, су дақтарын, ашық бұрқақтар мен аварияларды жою жөнiндегi жұмыстар аяқталғаннан кейiн мұнаралар, бұрғылау жабдығы, аумақ қара майдан, артық жабдықтар мен материалдардан тазартылады. Бұрғыға баратын жолдар мен кiреберiстер бос болады. 
      591. Цементтеу, мұнай және қышқыл ванналарын орнату, зерттеу және авариялық жұмыстар кезiнде қолданылатын арнайы техника пайдаланылған газ шығатын құбырлардың ұшқын сөндіргіштері болған кезде ғана қолданылады.

Мұнай және газ ұңғымаларын пайдалану тәртiбi

Ұңғымаларды игеру тәртiбi

      592. Мұнай және газ ұңғымаларын игеру, сынау жұмыстары ұңғыманы салу жобасына сәйкес жүргiзiледi, онда арнайы бөлiмдерде технология әзiрленуi тиiс, сынау жұмыстарын орындауға арналған техникалық құралдар мен өрт, жарылыс қауiпсiздiгiнің шаралары белгiленеді. 


      593. Жұмыстарды бастамас бұрын дайындық, негiзгi және қорытынды жұмыстардың жоспар-кестесi, сондай-ақ болуы ықтимал аварияларды жою жоспары қоса берiледi. 
      594. Жоспар-кестеге ұңғымаларды игеру үшiн қолданылатын жабдықты орналастыру және орап байлау кестесi қоса берiледi. 
      595. Ұңғымаларды игеру жөнiндегi жұмыстар басталмас бұрын жауапты адам бригада мүшелерiне өрт қауiпсiздiгi жөнiнде нұсқау бередi және «Жұмыс орнындағы қауiпсiздiк техникасы жөнiндегi нұсқау берудi тiркеу» журналына тиiстi жазу жазады. 
      596. Бригаданың барлық мүшелерi ұңғымаларды игеру жөнiндегi жұмысқа арнайы киiммен және арнайы аяқ киiммен қатысады. 
      597. Игеру объектiлерi өртке қарсы қондырғылармен жабдықталады және осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес өртке қарсы құрал-жабдықпен қамтамасыз етiледi. 
      598. Ұңғымалардағы ату-жару жұмыстары жұмыстардың жауапты басшысының рұқсатымен және мұнай-газ өндiру немесе бұрғылау кәсiпорны геологының қатысуымен жүргiзiледi. 
      599. Ату-жару жұмыстарының алдында шығарындыларға қарсы құрал-жабдық жұмыс жоспарында көрсетiлген қысымға мұқият тексерiлiп, қысып нығыздалады. 
      600. Көтерiп-түсiру операциялары кезiнде колонналық фланецке ұшқын қауiпсiз материалдан жасалған шұқыр орнатылады. 
      601. Ұңғыманы игергенде жылжымалы компрессор ұңғыманың жел жағынан кемінде 25 метр қашықтыққа орналастырылады. 
      602. Ұңғыманы мұнаймен жуып-шайғанда агрегат ұңғыма аузынан кемiнде 10 метр қашықтыққа орнатылады. 
      603. Газ және газ конденсатты ұңғымаларды сұңғылау арқылы игеруге, ал бұрқақты ұңғымаларды науалармен қауғалауға жол берiлмейдi. 
      604. Ұңғыманы сұңғылау мұнай шығарындысын болдырмайтын герметикалаушы қондырғысын буферлi тиекке бұрқақ арматура орнатылған кезде жүргiзiледi. 
      605. Бұрқақты ұңғыманы сұңғылаумен игергенде: 
      1) жұмыс iстеп тұрған агрегатты басқару пультін қорғау үшiн қалқаның жанатын құрылғылары оттан қорғау құрамымен өңделедi;


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   18




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет