Қазақстандағы корей диаспорасының діни ұстанымдары. Қазақстандағы корей ұлтына тиесілі дәстүрден тыс жаңа діни ағымдар, олардың ерекшелігі



бет1/2
Дата20.01.2022
өлшемі87.83 Kb.
#454698
  1   2

2 ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ КОРЕЙ ДИАСПОРАСЫНЫҢ ДІНИ ҰСТАНЫМДАРЫ.
2.1 Қазақстандағы корей ұлтына тиесілі дәстүрден тыс жаңа діни ағымдар, олардың ерекшелігі
Қазақстан Республикасы 130-дан астам ұлт пен ұлыс тату-тәтті өмір сүріп, өздерінің мәдениеті мен дәстүрінің дамуына барлық жағдай жасап отырған бірегей мемлекет. Түрлі ұлттарды бір идеологияға топтастырып, қоғамдық қарым-қатынастар өзара сыйластық пен ізгілікке негіздей алған Қазақстанның тәжірибесіне күллі әлем таңданысын жасыра алмай отырғаны да шындық. Мұндағы басты жетістіктің кілті адамдар арасындағы алауыздыққа негіз болатын дін саласындағы өзекті мәселелерді дұрыс шеш алуында деп түсінуге болады. Өйткені америкалық зерттеуші-ғалым С. Хантингтон «Столкновение цивилизации» деп аталатын еңбегінде болашақта өркениетті қоғам дін негізінде орын алатын қақатығыстармен бетпе-бет келетіндігін айтқан болатын [Балаева А.Г. Социологические модели изучения этнической и религиозной идентификации молодежи в условиях социальной реальности Казахстана // Вестник АГУ при Президенте РК №2. 2010. с. 39 ]. Бүгінгі күні елімізде 17 әртүрлі дінді ұстанған 140 ұлт өкілдері бар екен. Мысалы 2009 жылғы жалпыұлттық санақ қорытындысы бойынша еліміздегі халықтың 70.2 % өздерін мұсылмандар қатарына қосып, ислам дінін ұстанатындықтары белгілі болған. Ал 26 % христиандар болса, 0,03 иудеилер, 0,1 % буддист, 0,2 % басқа конфессия өкілдері бар. Ал дінге қатысы жоқ азаматтардың үлес салмағы 2,8 % құраса, дін ұстануға қатысты ойын айтудан бас тартқандардың үлесі 0,5 % құраған. [A.R. Massalimova, G. Chungulova. Formation of a culture of tolerance in multiethnic and polyconfessional societies. Wulfania journal. Vol. 20, №11; nov, 2013 p. 370]

Болашақты болжамай-ақ қазіргі күні бірқатар елдерде дін негізіндегі азаматтық соғыстарды орын алып отырғаның куәсі болып жүрміз. Сондықтан діни алауыздықты болдырмау қоғам тыныштығы мен мемлекеттік тұтастық тұрғысынан келгенде аса маңызды мәселе екендігіне тағы бір мәрте көз жеткіздік. Әлемде болып жатқан мұндай құбылыстар біздің елімізді де сырт айналып өтіп кетуі мүмкін емес. Халықпен халық, адамдар мен адамдар, әлеуметтік топтардың өзара аралас-құралас қатты дамып кеткен интернет дәуірінде мұндай қауіпті идеялардың елдің ішкі өміріне кіріп етуіінің мүмкіндігі аса жоғары. Сол себепті бүгінгі діни жағдайды дұрыс бағамдай алып, дұрыс шешім қабылдаудың маңыздылығы жоғары.

Сөзсіз бүгінгі Қазақстан Республикасындағы діни саясат пен конфессиялар мен мемлекет арасындағы өзара байланыстар қазіргі жаһандық дамудың ерекшеліктері мен негізгі бағыттарын терең ескеріп, халықаралық қауымдастық пен озық елдердің тәжірибесімен санасу арқылы қалыптасып отыр. Осының нәтижесінде 1991 жылдан басталған тәуелсіз Қазақстан қоғамында жасампаздық пен ұлтаралық келісімнідегі әрі ішкі тұрақтылығы бекем бірегей қоғам қалыптасты. Бұл қоғамды қазіргі таңдағы көпшілік ұлттар мен түрлі діндердің өзара қарым-қатынасының тұрақты моделі деп те атайды. Ол турасында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «біздер ұлтаралық және дінаралық келісімнің үлгісі – ол әртүрлі конфессиялардың өзара қарым-қатынасы бүкіл әлемдік үдерісіне Қазақстан Республикасының қосқан үлесі» деген болатын [Қазақстандағы дінаралық келісім үлігісі // http://ult.kz/post/kazakstandagy-dinaralyk-kelisim-ulgisi].

Қазақстан Республикасының егемендік алып, халықаралық саяси аренада өзіндік орнын анықтау мақсатындағы атқарылған іс-шаралар қоғамдағы діни серпіліспен қатар жүрді. Ел егемендігінің алғашқы жылдарындағы дін саласын реттеуші заңның олқылығы салдарынан Қазақстандағы діни ахуал күрделене түсті. Ол шиеленіс діни бірлестіктердің ұстанымдары­ның күшеюімен сипатталып, қоғамға бұрын бейтаныс болған жаңа және саясиланған «дәс­түрлі емес» деструктивті діни ағымдардың қызметінің белсенді енуімен байланысты болды.

Бүгінгі күні ислам секталары әлемнің назарын өзіне аударып отырған жайы бар. Сонымен қатар, пресветериандық пен методизм, протестанттық конфессиялар құрамындағы да секталар, «Агапе», «Жаңа аспан» сынды христиандық шіркеулердің теріс қызметі байқалған «Бахаи», «Сайтан шіркеуі», «Саен­тология шіркеуі» сынды діни ұйымдар еліміздегі діни ахуалды тым күрделіндіріп жіберді. Міне осы деструктивті теріс ағымдардың көпшілігінде корей ұлтынан шыққан көшбасшылары бар және дені корейліктер құрап отырған діни ағымдар бар.

Қазақстандағы діни ахуал турасында өздерінің ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізген Н. Байтенова және Б. Бейсеновтардың еңбектерінде жалпы еліміздегі тіркелген діни ұйымдар туралы және жалпы діни ахуал туралы бірқатар мәліметтер сақталған. Мысалы зерттеушілердің мәліметіне сүйенсек еліміздегі бүгінгі діни ахуал күрделі әрі шешімін күтіп отырған мәселе болып табылады. Атап айтқанда, бір ғана мысал 1989 жылдың 1 қаңтарындаға мәліметке сай елімізде 30 конфессияға тиесілі 700-ге жуық діни бірлес­тік тіркелген екен. Ал 2003 жылдың 1 қаңтарындағы мәліметке сай бұл көрсеткіш 3206 діни бірлестікке ұлғайған. Қазіргі таңда бұл көрсеткіштің басым көпшілігі 1652 исламдық бірлестіктер болса, олардың 1642 суниттерге тиесілі, 2 шииттік ағымдағы бірлестіктер, 2 сопылық бағыттағы бірлестіктер, 4 ахмадия жамағатының ағымдары болған. Сонымен қатар Қазақстан аумағындағы православтық шіркеуге жататын 241 діни бірлестік тіркелген. Олардың 230-ы орыс православтық шіркеуі болса, 7 старообрядтық шір­кеу, рим-католиктерінің шіркеуіне қарасты 77 бірлестік тіркелген. Оған қоса еліміздің аумағында протестант­тық бірлестіктер де жұмыс істейтіні белгілі. Әрине бұл көрсеткіштер дәстүрлі емес діни ағымдардың көптігімен қауіпті болып отыр. Мысалы қазіргі күні еліміздегі дәстүрлі емес діни қауымдар қатарында 5 буддистік қауым мен 24 ин­дуис­тік, 12 кришнаиттік және 23 ба­хаи, 2 трансценденталдық меди­та­ция қауымы бар. Сонымен қатар ұлы ақ бауыр­лас­тықтың 2 қауымы мен адам үшін қауіпті деп есептелетін 6 саентология шіркеуі жұмыс жасайды. Мұндай статистикалық мәліметтер бізге еліміздегі діни ахуал бір қарағанда тұрақты болып көрінгенімен, бүгінгі қоғамда жастардың санасын заңсыз улайтын теріс ағымдардың көптеп кездесетіндігін көрсетіп отыр [Байтенова, Н., Бейсенов, Бағдад. Қазақстандағы қазіргі діни жағдай: Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің ІІ съезі қарсаңында // Егемен Қазақстан.-  2006.- 23 тамыз., 3 б.]. Н. Байтенова және Б. Бейсеновтың зерттеу жұмысындағы еліміздегі діни ахуалға баға беруінде атап өткен діни ағымдардың бірқатарында негізінен корей ұлтына тиесілі жаңа діни ағымдар бар. Олардың қатарынада «Грэйс-Бла­годать» пен «Бірінші пресветериан шіркеуі» және «Алматы аймақтық прес­ветериан шіркеуі» бірлес­тіктері деген атпен танымал болған бірлестіктер бар.

Алдымен корейліктерге тиесілі «Грейс Благодать» діни ағым, бірлестігінің қызметіне тоқталсақ. «Грейс-Благодать» діни бірлестігінің штаб-пәтері Лос-Анджелес қаласында орналасқан және «Мун Сан Мен» діни бірлестігі ретінде де танымал.

«Мун Сан Мен» діни бірлестігі елімізде 1997 жылдан бері қызмет етіп келеді. Олар өздерінің діни насихаттарын көбіне бірнеше халықаралық білім қорлары және басқа да ұйымдардың атын жамылу арқылы жүргізеді. Ол қорлардың қатарында:



  • Қағидаларды зерттейтін халықаралық студенттер қауымдастығы;

  • Халықаралық білім қоры;

  • Халықаралық діни қор;

  • Халықаралық әйелдер қауымдастығы;

  • Әлем ғылымын біріктірудегі халықаралық конференция;

  • БАҚ өкілдерінің халық-араралық қауымдастығы;

  • Халықаралық мәдени қор.

Көптеген өркениетті елдер бұл сектаның қауіптілігін сезініп, елдерінен аластатуға барын салуда. Ұлыбритания мен Германия Сан Мун Менге нон-грат жариялап, мемлекет аумағына кіруге қатаң тыйым салды. Қит етсе адам құқықтарын желеу ететін Еуропарламенттің өзі Мунның әрекеттерін қатты сынға алып, айыптады. «Демократияшыл» АҚШ оларға салықты өсірді.

Аталмыш сектаның негізін қалаушы Сун Мюнг Мен 1920 жылы қазіргі Солтүстік Кореяда дүниеге келген. Ол жастайынан-ақ христиан дінінің бір тармағы болып есептелетін «Елушілердің» шіркеуіне барып тұрып, сол уақыттан бастап оның дінге деген қызығушылығы арта түскен. Өзінің және секта мүшелерінің санасына сіңген оқиғалардың бірі – 1936 жылы орын алған. Пасха мерекесі кезінде Иса пайғамбар өзі оған арнайы «келіп»: «Сен, адамдарды құтқарып қалуың керек. Менің миссиямды сен аяқтайсың!» деген жалған сөздері секта мүшелерінің санасына құйылып, оның ғажайып тылсым күшке ие екендігі насихатталады. Осыдан кейін ол өз идеясын насихаттауға құлшына кіріскен. Алайда 1948 жылы заңсыз діни уағыз жүргізгені үшін Солтүстік Корея коммунистері оны тұтқындап, 5 жылға түрмеге жапқанымен 1950 жылы қос Кореяның арасындағы соғыс оның бостандыққа шығуына мүмкіндік жасады. 1954 жылы «әлем христиандарын біріктіремін» деген мақсатпен «Қасиетті рух қауымдастығы» атты діни бірлестік құрып, бүгінде ол «Біріккен шіркеу» деген атпен танымал болып отыр. Бірақ, діни бірлестік құрғанымен өзін «пайғамбар», әрі «Құдаймын» деп жариялауы заңға да діни танымға қарсы келетін әрекеттерге барып отыр. Мұндай қылмыстық әрекеті көптеген елдердің идеологиясы мойындай бермейді. Ал Сун Мюнг Мен нақты қылмыстық құрамы байқалған теріс әрекеттері де бар. Мысалы ол елінде жүріп-ақ екі әйел алып, өзін пір тұтатын жас қыздарды зорлағаны үшін түрмеде отырып шыққан. Отанында қудалауға ұшырай бергендіктен, өз идеясын одан әрі насихаттау мақсатында АҚШ-қа қоныс аударады. Бұл жерде салықтан жалтарғаны және алаяқтық жасағаны үшін бірнеше рет жауапқа тартылған [Құттиев К. Мун Сан Мен – тоталитарлық секта: өзін «Нағыз әке» атаған Мун Сан Мен-кім? // Ислам және өркениет газеті. – №36. 21-31желтоқсан . – Алматы, 2008. – 16 б.]. Сондай-ақ, әлемдік діни секталарды зерттейтін ғалымдар бұл ұйым тікелей АҚШ және Оңтүстік Корея мемлекеттерінің барлаушыларымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтінін айтады. Бір сөзбен айтқанда, секта мүшелерін тыңшылар деп тапқан. Бұрын Кеңес Одағының аумағындағы мемлекеттерде қарулы көтерілістердің орын алуына тікелей атсалысқан деген мәлімет те бар бұл жерде қылмысқа белшесінен батқан жан барша адамзатты қалай құтқарып қалмақ деген заңды сұрақ туындайды.

Мунның ілімін жақтайтындар «муниттер» деп аталады. Олардың түсінігі бойынша, қазіргі біздің әке-шешеміз нағыз ата-анамыз емес. Олар – бар болғаны, биологиялық жағынан ғана ата-ана. Нағыз әке ол – Мун Сан Мен деген идея үстемдікке ие. Сектаның жұмыс тәртібі де қызық. Мысалы секта мүшелігіне қабылданған адам отбасы құру керек. Қыз бен жігітті бірі-біріне сырттай үйлендіріп, 2 жыл бойы әлемнің әр түкпіріне діндерін уағыздауға жібереді. Межелі уақыты өткенде ерлі-зайыптылар кездесіп, бірін-бірі қамшымен сабап, «күнәдан арылады». Содан кейін Мун Сан Меннің «қаны қосылған» шарапты ішіп, ұйымға адалдықтарын білдіреді. «Негізі, бұл миссия Адам ата мен Хауа анаға тапсырылған болатын. Алайда, Хауа анамыз шайтанның сөзіне еріп, күнә жасады. Олар Ібілістің айтқанына еріп, жалған отбасы құрды. Осы уақытқа дейін одан тараған адамзат та жалған өмір сүруде. Сондықтан, олар үлкен күнәларға барды. Бірін-бірі өлтірді. Басқа да қылмыстар жасады. Осының барлығынан айығу үшін жаңа өмір бастау керек Ал, жаңа өмірді бізге тек Мун Сан Мен ғана сыйлай алады. Ол Христостың ісін жалғастырушы. Ол – біздің нағыз әкеміз. Христиандықтың соңын Мун аяқтайды» деп Сун Мюнг Меннің ерекше «қасиеттілігіне» және осы қоғамдық қатынастарды терістейтін идеялары секта мүшелері арасында кеңінен танымал.

Алайда, өздерін «христиан дінін жалғастырушымыз» дегенімен дәстүрлі дін өкілдері айтатын Иса пайғамбардың қайта тірілетініне, оның көктен түсетініне сенбейді. Сонымен қатар дәстүрлі христиан дінінің өкілдері айтатындай Иса пайғамбардың анасы Мәриямды, қасиетті үштікті мойындамайды. «Иса пайғамбар өз миссиясын соңына дейін апара алмай, масқара болды» деп есептейді. Осылайша Сун Мюнг Меннің миссиясын заңдастырып, оған адал болу Иса пайғамбардың ізін жалғастыру деп түсінеді. Демек мұндай ойлардың өзі олардың христиандыққа қатысы шамалы екендіктерін дәлелдейді.

1992 жылы Мун өзін жаңа адамзаттың «нағыз әкесімін» деп жариялаған Сун Мюнг Меннің отбасылық жағдайы да үлгі аларлық емес. Мысалы үлкен ұлы Хье Джин Мун жастайынан есірткіге және араққа қатты әуестенген және үнемі әйелін ұрып соққандықтан ұлы Ионджин Мун «Харрах» қонақүйінің 17-қабатынан секіріп кеткен деген мәліметтер бар. Екінші ұлы автокөлікті мас күйінде жүргізіп, жол апатынан қаза тапқан. Екі қызы да еш себепсіз күйеулері мен балаларын тастап кеткен. Демек жауапкершілік деген түсініктен мүлдем жұрдай десек те болады. Оның дәлелі Мун отбасында ұзақ жылдар жұмыс істеген қызметші әйел былай дейді: «Мунның балалары үлде мен бүлдеге оранып жүрді. Олар ақшаны судай шашты. Бұған ешкім тыйым салған жоқ. Қызметшілерге орынсыз тиісетін еді. Ойларына келгендерін істегенімен, ешқашан жауапкершілікті сезінбейтін» деген секта мүшелерінен жасырылған [Құттиев К. Мун Сан Мен – тоталитарлық секта: өзін «Нағыз әке» атаған Мун Сан Мен-кім? // Ислам және өркениет газеті. – №36. 21-31желтоқсан . – Алматы, 2008. – 16 б.]..

«Грейс Благодать» діни ағымы немесе еліміздегі «Мун Сан Мен» діни бірлестігі өз қызметтерінде өзге де деструктивті діни ағымдармен тығыз байланысты жұмыс жасап келеді. Солардың бірі сайентология болып табылады. Демек сайентология адамдардың мүлкін өзіне аударып, қаражат табуды кәсіп етуді мақсат етеді. Демек «Грейс Благодать», «Мун Сан Мен» діни бірлестігінің де көздегені адамдарды арбау арқылы мол қаржыға ие болу екендігін белгілі болып отыр.



Сондықтан болар сайентологтарға жіберген бір хатында Мун: «Сіздердің мақсаттарыңыз дәл біздікіндей екен. Біз сіздерге доспыз» деген болатын. Мысалы муниттер өз шіркеулеріне қаржы түсіру үшін алаяқтықтың қандайына болса да барудан тартынбайды. Сондай-ақ Мунның иелігіндегі ондаған өндірістік компаниялар бар. Солардың бірі Оңтүстік Кореяда орналасқан кәсіпорын әлемдегі ең таңдаулы қарулардың бірі болып есептелетін М-16 автоматикалық винтовка шығарумен шұғылданады. Онда жұмыс істейтін қарапайым адамдар мен секта мүшелерінің жағдайы сын көтермейтінін жергілікті басылымдар бірнеше рет жазған. Олардың тұрып жатқан жерлері де санитарлық талаптарға мүлдем жауап бермейді.

Сонымен қатар «Вашингтон таймс» газеті де Мунның меншігіндегі басылым құралы. Каратэнің вонхво-до атты түрі де мунистер ойлап тапқан. Әлемнің ондаған елінде осы каратэнің түрін де үйірмелер арқылы насихаттауда. Бұл да өз идеясын насихаттауға таптырмас құралы болы табылады. Осылардың барлығы орталықтанған, діни бірлестік тарапынан басқарылады немесе тікелей «Біріккен шіркеуге» бағынады. Осыдан келіп шығатын қорытында Мунның мақсаты – әлемді билеу болып табылады деп айта аламыз. Дінтанушылар ол турасында «оның негізгі ойы – әлемді билеп төстеу. Осы тұрғыдан алып қарайтын болсақ, оның Гитлерге жақындығын байқаймыз» дейді. Ал секта мүшелері болса «Бүкіл әлемге шайтандар билік жүргізіп отыр. Тек Мунның артынан ергендер ғана тура жолға түсіп, құтылады» деген бір қарағанда ақылға қонымсыз болғанымен секта мүшелері арасында заңға айналған қағиданы айтады. «Егер өзің бізге мүше болып, ата-анаң бізге қосылмаса, онда олармен қарым-қатынасты доғар! Себебі, олар шайтанға ерушілер» деген сөздері де адамды оқшау өмір сүруге шақырады. Сонымен қатар көздеген тағы бір мақсаттары корей тілі әлемдік тілге айналу керек деген пікірді жүзеге асыру жолында белсенді әрекет етіп отыр [Құттиев К. Мун Сан Мен – тоталитарлық секта: өзін «Нағыз әке» атаған Мун Сан Мен-кім? // Ислам және өркениет газеті. – №36. 21-31желтоқсан . – Алматы, 2008. – 16 б.].

Сан Мен Мунның Біріккен шіркеу елімізде заңды түрде қызмет етті. Біріккен шіркеу христиандық терминдерді пайдаланушы шамандық, оккульттік, синкреттік, спириттік секта. Секта сенушілерінің өмірінің әр саласын, орталықтан қатал қадағалаушы әрі басшыға толық бағындырушы тоталитарлық конфессия. Ерушілері муниттер, Мунның мақсаты – барлық адамзатты өз дініне кіргізу, ол үшін барлық билеушілерге өз билігін мойындату. «Біріккен шіркеу» «психотеррор және зомбирование элементтері бар оккультті-мистикалық секта» деп отандық дінтанушылар тұжырымдайды [Байтенова Н, Абжалов С, Бейсенова Б, Борбасова Қ, Затов Қ, Құрманалиева А, Мейірбаев Б, Рысбекова Ш. Қазіргі Қазақстандағы жаңа діни ұйымдар, -Алматы, 2010. -320 б. 166 б].

«Бірігу шіркеуі» Қазақстанда заңды әрекет етіп жатқан ұйымдардың бірі. «Бірігу шіркеуі» тыйым салынған ұйымдар катарына жатпайды. Шіркеудің кызметкерлері заңға кайшы әрекеттер жасамайды деп саналса
да, дәріс материалдарынан туыстық және тайпалык дау тудыратын белгілер табылған. Бұл күдік жүргізілген екі сараптамадан кейін дәлелденді. Ол туралы Е.Б. Бурова «азаматтардың туыстық және тайпалық белгілері бойынша толыққанды еместігін насихаттау» және «қоғам, отбасы, жеке тұлғаға және мемлекеттің моральді тірегіне деструктивті әсер ететін
белгілер» кездеседі деген болатын.

Н.Ж. Бәйтенованың «Қазіргі дәстүрден тыс діни қозғалыстар мен культтер» атты еңбегінде «Бірігу шіркеуінің» Қазақстандағы қауымдастық шіркеудің жетекшісі Л.В. Ни деген азамат екендігі айтылады. Сонымен қатар автор өзінің еңбегінде Бірігу шіркеуінде жаңа адептерді тартудың жақсы дайындалған түрі бар деген болатын. Олар өте сирек мінезді адамдардың арасынан кадр таңдайды. Олардың таңдайтын адамдардың көбісі өзіне сенімсіз, тұйық ұлдар мен қыздар деп айтады. Олар осы адамдарды абйсалдылығымен және ертеңгі күнге деген сенімділігімен сендіріп, өзіне байрайды. Түрлі әңгімелер жүргізу арқылы, өздерінің айтқанына өздері толық сенетін, сенім тудыратындай тартуды мақсат етеді. Олар адамның ішкі дүниесінен бет әлпетін оқи алатынпсихолог болуды міндет санайды. Олар адамдарды бірден өздерінің қатарына тартудың ашық түрін жүзеге асырмайды. Олар адамның дәрменсіз қалған жағдайда өзіне тартады. Жаңадан дінге келген адамдарды «балалар» деп атауды тәжірибеге енгізген. «Балаларды» 7, 21, 40, 120 күнге созылатын сатылы оқыту жүйесі арқылы саналарына бақылау орнатады. Балаларды бір сәтке де жалғыз қалдырмай, әрдайым жұмыс жасап, дәріс тыңдатып, күніне 14-16 сағатқа дейін әнұрандарын айтқызады. Жастарға ата-аналарымен байланыс жасауға тыйым салынады. Мун шіркеуін мойындамайтындар шайтанды қолдаушылар, ал таза жанұя мүшелері үшін былғанған адамдармен араласуға жол жоқ деп сендіреді. Кәріс ұлтына тиесілі Біріккен шіркеу немесе муниттер діни бірлестігінің саны 1993-1994 жылдары 1 бірлестік, 1995-1998 жылдары 2 және 1999-2003 жылдары 3 діни бірлестіктер тіркелген. Н.Ж. Бәйтенова «Қазіргі дәстүрден тыс діни қозғалыстар мен культтер» атты еңбегінде олар тіркеуден өтпейтіндіктен олардың қазір нақты санын дәл басып айту қиын екендігін алға тартады [Бәйтенова Н.Ж. Қазіргі дәстүрден тыс діни қозғалыстар мен культтер. – Алматы, 2009. – 275 б., 130-132 бб.]. 2016 жылы сәуірдегі ақпаратқа сай Қазақстан Республикасында кәріс ұлтына тиесілі 1 мун, Бірлестік шіркеуі тіркелген.



«Благодать» пресвитериан шіркеуі – кәріс ұлтының көптеп шоғырланған Қазақстан аумағында жұмыс істейтін протестант ұйымдарының бірі.
Шіркеу халықаралық «Грейс» миссиясының құрамына кіреді. «Грейс» миссиясы Қазақстанға 1991 жылы келген.

Басқа христиан шіркеулері сияқты мұнда да негізгі құлшылық жексенбіде, таңертең және кешке - орыс тілінде, күндіз қазақ тілінде өтеді.

Аптаның басқа күндері «Благодать» шіркеуінде жастарға, ерлі-зайыптыларға арналған «бағдарламалар», отбасы жарасымын сақтау, өмірде табысқа жету жолдарын үйрететін курстар жұмыс істейді. Шіркеу өкілдері «олардың көбі - діни уағыз емес, ағартушылық сипатында өтетін шаралар» дейді.

​Қауым мүшелері құлшылық етуге екінші қабаттағы үлкен залға жиналады. Діни ғұрыптар кезінде «Благодать» шіркеуіне кез-келген адам кіре алады да, басқа уақытта келген адамды шіркеу қызметкерлері қақпа алдында тоқтатып, кімге, қандай мақсатпен келгенін сұрайды. Шіркеу өкілдері «бұл сұрақтар қауіпсіздік мақсатында қойылады» дейді. Осы себеппен құлшылық аяқталған соң шіркеу ғимаратындағы есіктер де құлыпталады.

Мұндағы құлшылық протестант шіркеулеріне тән тәртіппен өтеді. Дұға оқу мен құдайға жалбарыну кезінде музыка қосылып, діни ән айтылады. 

Пастор шіркеуге бірінші рет келгендерге арнап құлшылық кезінде сөз сөйлейді. Ол қауым мүшелерінен жаңа келген адамдармен амандасып, жылы шырай танытуларын сұрайды. Жаңа келген адамдарға арнап «Құдай әр пендесін сүйеді» деген мағынада дұға оқиды.

Құлшылық аяқталған соң «десятина» деп аталатын жарна жиналады. Бұл - шіркеудің қажеті мен оны дамытуға арналған қауым мүшелерінің садақасы. Қайыр-садақаның бұл түрі көп дінде бар дәстүр болғанымен, жергілікті баспасөз «Благодать» шіркеуін «қайыр-садақа жинайды» деп айыптады. 

«Грейс» миссиясы Қазақстанда жұмыс істегелі бері шіркеуге қарсы қылмыстық және әкімшілік істер қозғалды. «Благодать» шіркеуі қызметкерлерінің айтуынша, «миссия Қазақстанда жұмыс істеген жылдары билік тарапынан қысымға ұшыраған сегіз пастор өзінің және отбасы мүшелерінің қауіпсіздігі үшін шетелге кетіп қалған». «Благодать» шіркеуін қолдаған бірнеше адам Қазақстаннан шығарылған.

«Бірігу Шіркеуінің» «Бүкіл дүние жүзінің христиандарын біріктіретін Қасиетті Рух Ассоциациясы» деген ресми атауы адамдарды адастыруы әбден мүмкін. Мун жолындағылар христиандардың терминін иеленіп, оны өз іліміне бейімдеп алды. Алайда мундықтар христиандарды біріктіруге ұмтылғанымен олардың өздері дәстүрлі канондық түсініктегі христиандар емес. Мунның артынан ерушілер Қасиетті Үштікті уағыздамайды, Христостың құдайлығына, оның қайта тірілетініне сенбейді. Оның ағашқа керіліп өлуін – оның миссиясының күйреуі, орындалмағаны деп санайды. Құдай ананың күнасыздығына шек келтіреді. Мун Сан Мен тұлғасының «Бірігу Шіркеуінің» діни ілімінде басты орынды иеленуі, оған осы діннің негізін салушы ретінде аян берілуі, осы жағдайға қарап Мун ілімін мунизм, ал Мунның ізін қуушыларды мундықтар деп атауға болады. Мун еңбектерінің көпшілігі корей тілінен Еуропа тілдеріне аударылмаған, сондықтан оның көзқарасын зерттеу қиындық туғызады. Мун ілімінің негіздері екі кітапта ішінара баяндалған. Қосымша мәліметтер оның сансыз сөйлеген сөздері мен уағыздарында бар. ӘХБ – ҚРА мүшелері үшін Мун Мессия, осымен-ақ әрбір мундықтың өмірі мен қызметі, жалпы оның қозғалысының мәні анықталады. Адамзат тарихы Мун ілімі бойынша үш кезеңге бөлінеді: Ибраһим дәуірі – адамзаттың қалыптасуы, Ғайса дәуірі – адамзаттың дамуы, ақырында Мунның дәуірі – ол жердегі қасиетті миссияны аяқтау және адамдарды ібілістен азат ету кезеңі саналады [Кривельская Н.В. Секты: угроза и поиск защиты. – М, Благовест, 1999].

Мундықтар Құдайдың тірі тұлғасына сенеді әрі оны ішкі және сыртқы әлем, сонымен бір уақытта ер мен әйел бастауы сияқты екі қасиетке ие деп санайды. Мундықтардың ілімі бойынша, Құдайдың жалғыз әрі толық құқылы елшісі – жердегі Мун. Құдай өзінің махаббатын адамдарға тікелей көрсете алмайды, сондықтан оған жету үшін Мунмен қандас болып, қарым-қатынас орнату қажет.

Мун сенімі бойынша, индивидуалды (дара) негіз құру қажет, бұл өзінің және адамзаттың күнәсін ішінара жуу үшін белгілі бір әрекеттерді орындаушы және әлемді

құтқарушы ретінде Мунға шексіз сенуді талап етеді. Бұл мундықтарды күнәларды жуу әрекеттерін үздіксіз орындап отыруға мәжбүрлейді. Мундық бата алу шарты «Бірігу Шіркеуі» мүшелерінің қаржы жинау және «Қасиетті қағидалар» жайлы куәлік айту сияқты белсенді қызметінің міндетті шарты болып табылады. Бұларға үш жарым жыл жұмсалады [Галицкая И.А. Новые религиозные культы и школа: пособие для руководителей руководства образования и учителей. – М, Сентябрь, 2001.].

«Бірігу Шіркеуінің» жас мүшелері лазерлік картиналар, ашықхаттар, гүл, шырақ, женьшень және т.б. заттарды жоғары бағамен сату немесе қайырымдылық жасауға шақыру арқылы қаржы жинайды. Олардың көпшілігі көп жағдайда Мунның жолын қуушы екенін жасырып айтпайды, белгісіз бір ұйымның атын жамылып, соның атынан (Бірігу қозғалысындағы аса танымал емес) «қайырымдылық мақсатқа», студенттер мен мектеп оқушыларын «рухани дамыту мен ізгілікке тәрбиелеу» жөніндегі семинарлар өткізуге немесе экологиялық мәселелерді шешуге көмек деп ақша сұрайды. Бұл жиналған қаржы «Киелі Мунның қасиетті қағидалары» бойынша семинарлар өткізуге, мундық орталықтарда тұру үшін ақы төлеуге немесе жаңа орталықтар үшін пәтерлер сатып алуға жұмсалады. «Бірігу Шіркеуінің» көптеген мүшесі көшпелі командада қаржы жинайды. Әдетте оншақты адам кіретін мұндай команда өте қатаң тәртіппен ерекшеленеді – өте ерте тұру, ұзақ жұмыс күні, ауыр физикалық және психикалық ауыртпалыққа шыдау, кітап оқуға, музыка тыңдауға, туыстарымен телефон арқылы сөйлесуге қатаң тыйым салынады. Олар «Капитанды» ғана тыңдап, әрдайым Қағидаларды жаттаумен айналысуы тиіс.

Мун ілімінде «идеалды отбасы культі» басты орын иеленеді. Мун бойынша идеал дегеніміз адамның жеке басын дамытуға қол жеткізуі болып табылады, содан кейін идеалды отбасын құру, ақыр соңында қалған жаратылыс иелеріне билік етуге кірісу. Осының бәрін Адам ата мен Хауа ана орындауы тиіс еді, олар сонда идеалды мейірімділік әлемінде өмір сүретін адамзаттың «нағыз ата- анасын» айналар еді. Ал бүкіл адамзат ақыр соңында біртұтас идеалды отбасы болып қалыптасар еді. Бірақ олар күнәға батты. Хауа Ана жылан кейпіне енген сайтанның тіліне еріп, (тура мағынасында) Адамды да күнәһарлыққа итермеледі. Осылайша адамзат ұрпағын мезгілінен тым ерте әрі ұзаққа созылатын қиыншылыққа душар етті.

Мун ілімі бойынша, Адам ата мен Хауа ана ібілістің жалған махаббатын қабылдады, жалған отбасын құрды, мейірімділіктің орнына зұлымдық таратып, кейінгі ұрпақтарына жалған өмір мен жалған ататек қалдырды. Тарих дами келе жалған халықтар, жалған ұлттар әлемге тарады. Адамзатты құтқару үшін жаңа адамзатты тәрбиелеу керек, ол үшін «шынайы ата-аналардың» күнәһарлық жолын ұстану нәтижесінде жоғалтқандарын қайта қалпына келтіру қажет. Осыдан келіп Мунизмді мессия ретінде дәл биологиялық мағынасында жаңа адамдардың рубасы ретінде түсініп, мойындау қажет. Ғайса («екінші Адам»), біздің арғы ата-бабамыз – Адам ата мен Хауа Ана сияқты күнәдан пәк болып туылған, бірақ өз миссиясын орындап үлгермеді, яғни жер бетіндегі идеалды әйелмен некелесуге және өмір сүруге талпынып, күнәдан таза, толық жетілген балаларды өмірге әкелуі тиіс еді. Екі мың жыл өткен соң Христос Мунға келіп, оның адамзатты құтқаруды аяқтауын өтінген, Мун бұл миссияны табысты түрде жүзеге асыруға қабілетті [Булгаков С. Секты нового времени // История. Приложение к газете «Первое сентября», 1993, №13-14.].

Мун күнәдан пәк болғандықтан өзінің әйелімен бірге олар «шынайы отбасын» құрайды. Оның отбасына қосылу арқылы адамдар құтқарылуға мүмкіндік алады. Мунның өзі «кемел» ұрпақты жасауға тікелей қатыспаса да, ол жастардың өзара (жыныстық) сәйкес келетінін анықтап, бұқаралық неке қию рәсімін өткізеді, кейбір жаңадан некесі қиылғандар тіпті тойға екі- үш күн қалғанда ғана танысып жатады. Ал кейбір өзге ұлттар аудармашы арқылы (интернационалды неке кеңінен тараған) тілдеседі. «Нағыз отбасына» қабылдануға шақыру жас жігіттер мен қыздарды ғана емес, жалғызбасты кәрі адамдарды да қызықтырады. «Бірігу Шіркеуіне» кірген адамға мунизмді ұнатпайтындармен қарым-қатынасты шектеуге, соның ішінде ата-анасымен, бұрынғы достарымен араласуға тыйым салынады. Дегенмен, Батыс Еуропада орын алған ірі қақтығыстардан тәжірибе жинақтаған мундықтар бұл мәселеге аса сақтықпен қарай бастады, ал негізгі идея өзгеріссіз қалды.

Діни тәжірибе бойынша мунизмде маңызды орынды «бата алу» дәстүрі иемденеді. Оған «қасиетті шарап ішу салтанатты рәсімі» және «қасиетті неке қию» кіреді, бұл алғашқы күнәдан тазару арқылы жаңадан өмірге келу және сонымен бірге «бата алу» арқылы некеге тұру деп түсіндіріледі. «Бата алу» рәсімі көптеген жұпқа бір уақытта жүргізілетін болғандықтан бұқаралық көрініске айналған. Некеге тұрудың алдында атастыру дәстүрі орындалады. Ереже бойынша мундықтар өзінің болашақ жарын таңдауда Мунға сенеді, дегенмен оны көбінесе «Бірігу Шіркеуінің» тәжірибелі мүшелері және аймақтық көсемдер атқарады.

«Бата беру» үйлену тойы деп саналатынына қарамастан, «қасиетті неке қиюдың» алдында өтетін «қасиетті шарап ішу» салтанатты рәсімінің немесе «ататекті өзгерту ғұрпының» маңызы неғұрлым жоғарылау. Оған қатысушы жас жұбайлар арнайы дайындалған сусыннан дәм тату арқылы Мунмен және оның отбасымен қандық байланыс орнатады. Яғни, шарап рәсімінің мәні шайтанның ықпалындағы «бұзылған қаннан» тазарып, Мун жолын қуушыға айналуына ықпал етуге негізделеді. Шарап «жиырма бір түрлі зат тегінен және Әке мен Ананың қанынан құралған». Бұл шарапты қабылдаған адам іштей өз ата-бабасынан бас тартып, олармен туыстығын жоққа шығарады да олардың орнына Мунды таңдайды. «Бата беру» ғұрпынан өткен соң ғана Мун жолын қуушылар осы отбасының және Бірігу Шіркеуінің нағыз мүшелеріне айналады. Ал Мун Сан Меннің батасы – мундықтар үшін баға жетпес сыйлық, «Шынайы әкенің» оған әрдайым лайық емес «балаларына» көрсеткен қайырымдылығы. 1990 жылдардың аяғынан бастап мундықтар көптеген елдерде «бата беру» ғұрпын жасырын түрде өткізе бастады. «Қасиетті шарапты» жеміс шырынына ауыстырып, оған конфет, тәтті тоқаштар қосты, шоколадқа шприцпен енгізіп, оны көшедегі жүргіншілерге, офистегі қызметкерлерге және қоғамдық шаралар кезінде таратты.

«Бірігу Шіркеуі» ресми түрде ешқандай дінге қарсы емес, олардың әрқайсысын «Шынайы ата-аналарына» қосылуға дайындық үстінде деп есептейді. Алайда бұл түсініктің астарында анағұрлым тереңде жасырынып жатқан басқа діндерді жоққа шығару, олардан бас тарту бар. Мун жолындағылар кез-келген сенімдегі өз идеологиясымен мүлде сәйкес келмейтін тұсын алып тастауға тырысады, сол арқылы оның жалған бейнесін жасайды. Мундықтар шыдамдылық, төзімділік көрсету туралы қанша айтқанымен де өздері ең төзімсіз діни топ болып табылады. Басқа сенімдерді «Қасиетті Қағидаларды» қабылдауға дайындық қадамын жасауда деп сипаттап мойындайды, «Бірігу Шіркеуі» олармен тек осы жағынан ғана қарым-қатынас орнатады. Олардың пікірі бойынша, Христиандықты Мунизмге ауыстыру бүкіл адамзаттың, әсіресе христиандардың қасиетті мақсаты болып табылады. Мундықтар өздеріне белгіленген тағдырды өте жоғары бағалайды, өздерін Құдайдың өзінен де артық киелі сезінеді. Шіркеу басшылары ресми сөз сөйлегенде басқа сенімге төзушілік, конфессияаралық диалог қажеттігін және түрлі діндер өкілдерінің арасында түсінушілік болуы керек екендігі жайлы көп айтады. Мундықтардың діндер арасындағы қайшылықтарды шешуге арналған өз ұсыныстары бар. Яғни, «Дәстүрлі діндердің шектеуін алып тастау үшін барлық діндерді бірігуге әкелетін дін туу керек. Бұл – «Бірігу шіркеуі» [Галицкая И.А. Новые религиозные культы и школа: пособие для руководителей руководства образования и учителей. – М, Сентябрь, 2001.].

Бірігу қозғалысы – бұл түрлі діндердің, қоғамдық-саяси және мәдени ұйымдардың, одақтардың (Мун Сан Мен негізін қалаған) бірлестігі, олар оның идеясын таратуы тиіс. Бірігу қозғалысының ядросы – Әлемдік христиандардың бірлескен Киелі Рух ассоциациясы немесе Бірігу Шіркеуі деген атпен белгілі. Қозғалыстың қалған төменгі құрылымдары «Бірігу Шіркеуі» арқасында ғана өмір сүреді – ӘХБ-КРА олардың жобасын қаржыландырады, қызметін ұйымдастырады. Мунның бірігу қозғалысына көптеген ұйымдар мен мекемелер кіреді. Мысалы: принциптерді оқып үйренудегі Студенттік Ассоциация,

«Менің әлемім және мен» атты оқу құралдарын шығаратын Білім берудің халықаралық қоры; Халықаралық діни қор; Профессорлардың Бүкіл әлемдегі бейбітшілік үшін Ассоциациясы; Бүкіләлемдегі бейбітшілік дінаралық федерациясы; Халықаралық әйелдер Ассоциациясы, Халықаралық мәдени қор; Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің бүкіләлемдік Ассоциациясы;

«Ғылымның бірігуі үшін» халықаралық конференциясы. Бұл аты аталғандардан басқа сандаған түрлі жанама қорлар, федерация мен ассоциациялар бар, соның ішінде спорттық (вонхво до – каратэнің мундық нұсқасы) арнайы құрылымдармен де байланысы бар (алайда бұл байланыс құпия).

Мунның сендіруі бойынша 80-жылдардың басында оның шіркеуінің қатарына АҚШ-тың 40 мың және жүздеген басқа да елдердің 3 млн. азаматы кірген. «Бірігу Шіркеуіне» тән ерекшелік – нақты иерархиялық құрылым, Мунға толықтай бағыну. «Бірігу Шіркеуінің» қандай да бір қызметін басқаратын «орталық тұлғаларға» одан «кішілер» сөзсіз бағынып, «сүйіспеншілікпен қызмет ету» талап етіледі. Осылайша біртұтастық, сенімділік қамтамасыз етіледі.

Мундықтар қоғамдағы белгілі тұлғалардан, «күрескерлерден» маман іздемейді. Олардың орнына тәртіпті, тұйық, өздеріне сенімсіз жас жігіттер мен қыздарды таңдайды. «Бірігу Шіркеуінің» көптеген жас мүшелері «ібіліс» әлемінен аулақтану мақсатымен арнайы жатақхана орталықтарында тұрады. Олар өздерін «шынайы атан-анасына» толығымен қызмет етуге арнайды. Қозғалыс адамның тұлға ретінде мүлдем өзгеруіне әсер етеді және орталықта тұратын мундықтар ешқашан өзімен-өзі, жалғыз болмайды, олардың өтіп жатқан оқиғаларға сын көзбен қарап, ойлануға мүмкіндіктері жоқ. Жастар «Бірігу шіркеуіне» келген соң өздерін батыл түрде өзгертеді, бұрынғы әдеттерінен және үйренген қылық-дағдыларының бәрінен бас тартады [Булгаков С. Секты нового времени // История. Приложение к газете «Первое сентября», 1993, №13-14.].

Шіркеу ұйымдарымен қатар түрлі елдерде тәуелсіз халықаралық басшылыққа бағынатын

«майдангер» ұйымдардың филиалдары мен шаруашылық кәсіпорындары бар. Санақ бойынша бүгінгі таңда Мун қозғалысының бүкіл әлемдегі қозғалмайтын мүлігі мен инвестициясы кем дегенде бес миллиард доллар салуға жететін мүмкіндігі бар деп бағаланды, дегенмен қозғалыстың жылдық табысы бұл қаржыдан әлдеқайда жоғары екені түсінікті.

Мун мен оның қозғалысына станок құрылысы, кеме жасау, балық өңдеуші және басқа да көптеген кәсіпорындар, соның ішінде әскери техника бөлшектерін, қару-жарақ шығаратын, екі университет, газет және журналдар, соның ішінде «Вашингтон таймс» басылымы, «Кішкентай періштелер» атты өнер мектебі және т.б. тиесілі.

Мунизмді сынаушы оппоненттер оның басты қаупі – саяси билікті және экономика тетіктерін басып алып, Кореяда және басқа шет елдерде басқару билігін қолға алу деп көрсетеді.

Мун қозғалысы бастапқы кезден-ақ АҚШ-та саяси қызметпен де айналысты. Кез-келген шағын бір акцияның ұйымдастырылуынан-ақ оған оңтүстіккорейлік құпия қызметтің қаржы төлегені көрініп тұрды. Бұл уақытта басқа да «мәдени» және «бейбіт» ұйымдар мен қорлар пайда болды. Бастапқыда олардың барлығы Оңтүстік Кореяның және Пак Чжон Хи диктатурасының мүддесін қорғады. Сонымен қатар бұл акциялар Оңтүстік Кореяның өзінде Мун қозғалысының рөлін бекітуге бағытталды.

Міне, сонымен қазақстан Республикасының кәріс азаматтары тек өздеріне ғана емес, пайда болу жағынан Оңтүстік Кореяға тиесілі емес те бірқатар ұйымдардың мүшесі болып табылады. Олардың қатарында «Иегова куәлары» бірлестігінің миссио­нерлік қызметінде кәріс ұлтының қосылуы ерекше қарқын алу­да. «Иегово куәлары» Қазақ­стан­дағы саны жағынан өсіп келе жатқан конфессия болып отыр. Оның діни орталығы Есік қала­сында орналасқан, 70-тен астам діни бірлестіктері әділет орган­дарында ресми тіркелген және 30-дан аса жергілікті қауымдары бар, оны ұстанатын адамдар 20 мыңға жуық» деген құнды мәліметтер келтіреді [Байтенова, Н., Бейсенов, Бағдад. Қазақстандағы қазіргі діни жағдай: Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің ІІ съезі қарсаңында // Егемен Қазақстан.-  2006.- 23 тамыз., 3 б.]. Рас Қазақстандағы азаматтық қоғам қалыптастыру жолында діннің атқаратын қызметі жоғары деп айта аламыз. Сондықтан азаматтардың санасын улайтын мұндай миссионерлік және теріс ағымдардың кең етек жаюы, сөз жоқ тек азаматтық қоғам ғана емес, түптеп келген ар-ождан бостандығына кері әсер ететінді деп нақты айты, тұжырым жасай аламыз.

Еліміздің егемендік алған алғашқы жылдарынан-ақ басталған мұндай теріс ағымдардың қызметі тек 1999 жылдан бастап бақылауға алына бастаған болатын. Дәл осы жылы діни бірлестіктер­дің құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін Қазақстандағы діни бірлестіктердің қауымдастығы құрылған болатын. Оның құрамына 200-ге жуық діни бірлестіктерді бірік­тірілген болатынды.

Еліміздегі діни ахауалды күрделендіріп отырған діни ағымдар санатында про­тес­танттық ағымның жаңа апостолдық шіркеуі, сонымен қатар елушілер және методизммен қатар меннонизм, пресветерианство сынды ағым­дар да кеңінен таралу үстінде.

Елушілер ХХ ғасырдың басында АҚШ-та құрылған болатын. Ағымның ең ірі бірлестіктері Қарағанды мен Алматы қалаларында белсенді қызмет етеді. Сонымен қатар апостолдар рухындағы евангелишілдік христиан тармақтары да өз жұмысын елімізде жүргізіп келеді. Бүгінгі күні 3 мыңға жуық адамды біріктіріп отырған 40 шақты қауымдастықтар бар екені белгілі болып отыр. Пресвете­риандық ағым өкілдері де белсенді қызмет етуде. Елімізде амери­калық, корейлік уағыздаушы­лардың көмегімен осы ағымның миссионерлік қызметі кеңінен таралып, ол өз кезегінде тиімді нәтижесін беріп те отыр. Миссионерлер шет елдегі діни орталықтардан көмек алып, елімізде 20-дан астам өздерінің пресветериан бірлестіктерін құрып, азаматтарымыздың қатарына белсенді қосу үстінде.

Кәріс ұлты өкілдері белсенді қатысып жатқан христиан дінінің теріс ағымдары қатарында жетінші күн адвентистері қа­уы­мы да бар. Олардың Астана қаласында орналасқан. Ол орталық республикалық орта­лық болып саналып, жетінші күн христиан-адвентистерінің Солтүстік Қазақ­стан конференциясы деп те аталады. Әрине оңтүстік астанамыз Алматы қаласында да аталмыш ұйымның бірлестігі жұмыс жасайды. Ол Алматы қаласында орналасқан жетінші күн адвентистері орталығының Оңтүстік одағына жатады.

Кәріс ұлтының белсенді атсалысып отырған евангелишіл бағыт болып табылады. Мысалы республика аумағында құрамы жағынан неміс ұлтының ара­сында кеңінен таралған евангелишіл бағыттың да ұстанушылары көптеп табылады. Лютеран­дық сенімдегі 70 шамасында діни қауымдастық елімізде өз уағыздарын жалғастырып келеді. Евангелишілдік христиан-баптис­тер қауымы да елімізде 10 мыңнан аса сенушілердің басын қосып отыр. Бір қызығы баптистер қатарында еліміздің мемлекет құраушы ұлтының өкілдері көптеп кезігеді. Еван­гелишіл христиан дінінің баптистері Қазақ­стандық евангелишілдік христиандардың-бап­тистерінің шіркеуінің одағын құрып отыр. Бірлестік орталығы Қа­ра­ғанды облысының Саран қала­сында орналасқан. Елімізде күні бүгін евангелишіл-христиан бап­тистердің 250-дей діни қауымдастықтары мен діни топтары бар. Евангелист-баптистер бірнеше жылдардан кейін Қазақстан мен Орталық Азия елдерін түгелдей евангелшіл­ден­­діріп, баптистер қатарына қосу жоспарын басшылыққа ала отырып қызмет етуде [Байтенова, Н., Бейсенов, Бағдад. Қазақстандағы қазіргі діни жағдай: Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің ІІ съезі қарсаңында // Егемен Қазақстан.-  2006.- 23 тамыз., 3 б.].

Кәріс ұлтының өкілдері белсенді мүшесі болып жатқан діни бірлестіктер қатарында «Агапе», «Жаңа өмір», «Жаңа аспан», «Бла­гая весть» сынды өзге де діни секталардың жұмысы азаматтар арасында кеңінен таралған. Лафайет Рон Хаббард негізін қалалған саентология ілімі негізінен «Динае­тика: ақылды ойдың саулығы туралы бүгінгі заманғы ілім» атты еңбегіне сүйене отырып, қызметтерін жүргізеді. Саентология шіркеуінің қызметі бүгінде Алматы, Қарағанды, Семей қалала­рында ресми тіркелген. Сонымен қатар шіркеулердің қызметі Ресей, АҚШ, Ан­глия, Австралия елдерде де көптеп кездеседі және олар өзара ұйымдармен тығыз байланысты ұстап тұр.

Сонымен қазақстанда кәріс ұлты белсенді қатысып отырған діни бірлестіктер бірқатар. Олардың көпшілігі деструктивті ағымдар санатында. Ол несімен қауіпті? Әлемдік және дәстүрлі діндердің заман ағымына сай даму барысы өз ішінде дәстүрлі емес деструктивті ағымдардың пайда болуымен де ұштасып жатқандығы да шындық. Сондықтан диссертация жұмысы барысында біз алдымен дәстүрлі діннің қоғамдағы орнын төмендетіп, оның дамуын тежейтін әрі дін атын жамылғанымен түп мақсаты діннен алыс жатқан деструктивті ағымдар, секта және культ түсініктерін ашуды дұрыс деп таптық. Өйткені осы дін негізінде жұмыс жасайтын кері факторлар мәселені толық ашуға өз септігін тигізеді. Диссертация жұмысының алғашқы тарауында алдымен деструктивті ағым түсінігін ашып алу міндеті тұр.

Деструктивтік ағымдар деп қоғамның дамуын тежеп, мемлекеттің тұрақты дамуына кедергісін келтіретін факторды атаймыз. З.Е. Александрованың «Словарь синонимов русского языка» атты еңбегінде деструктивті сөзінің баламасын «разрушительный» немесе қиратушы деп түсіндірген [З.Е. Александрова. Словарь синонимов русского языка. – Москва, 2001. – 568 стр, с. 187]. Сөзсіз осы мәселе төңірегінде өзінің ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізген ғалымдардың барлығы да деструктивтік ағымдардың қоғам өмірінің дамуына пайдасынан қарағанда зиянын баса атап өтеді. Мысалы Ю.В. Ахремеева өзінің «Социокультурные основы религиозного экстремизма» атты зерттеу жұмысында «деструктивтік сенім тек қана ерекше әлеуметтік топ қана емес, ол жалпы мәдениетке қарсы тұратын қосалқы мәдениет (субкультура)» деген пікір білдіреді [Ю.В. Ахремеева. Социокультурные основы религиозного экстремизма. – Диссертация на соискание ученой степени кандидата философских наук. – Воронеж, 2009. – 178 стр., с. 55]. Рас ғалымның пікірімен толыққанды келісуге болады. Өйткені көп жағдайда деструктивтік ағымдар өзіндік өмір сүру талаптарына сай келмейтін дәстүр мен мәдениеттің қалыптасқан қағидаттарын мойындамастан жоққа шығаруға тырысады. Сонымен қатар деструктивтік ағымдар белгілі қоғам мүшелері үшін ғасырлар бойына қалыптасып, санасына берік орнаған құндылықтар жүйесін екінші орынға ығыстыруға тырысушылықтары байқалады. Ең бастысы діни дәстүр және ресми діни ұйымдар тарапынан қойылатын шарттар мен талаптардың анық қарсыластарына айналып отырады. Осылайша деструктивті ағымдар дәстүрлі дін мен мемлекет заңнамаларын өздерінің ішкі тәртіптерінен төмен қояды. Нәтижесінде деструктивтік ағым өкілдері өздерінің теріс түсініктерін қоғамда орнаған діни дәстүрден жоғары екендігі саналарына берік орнатып, оны көпшілікке насихаттау үшін барлық мүмкіндіктерді пайдаланады және өзін мойындатудың гуманисттік көзқарастар теріске балайтын әдістерді де қолданудан бас тартпайды. Мұндай ағым мүшелері қоғам үшін жат түсінік болып табылатын экстремизм, тіпті терроризмге бейім келеді. Сол себепті де деструктивті діни ағымдар кез-келген қоғам үшін аса қауіпті әрі діни лаңкестіктің бастауы деп біз нақты тұжырым жасай аламыз.

Зерттеуші Р.Р. Абдулганеев діни ағымдардың сыртқы және ішкі сипаты бойынша деструктивтілік мәнін ашуға тырысады. Мысалы зерттеуші ағымдардың сыртқы белгісі бойынша деструктивтілік сипатын төмендегідей әлеуметтік-теологиялық аспектілерде қарастырады:



  • Жалпы қабылданған әлеуметтік құндылықтарды теріске шығарып, оны ұстанушыларды адасқандар немесе күнәһарлар деп қарастырушылық;

  • Қоғамда орнаған тәртіпті сақтауға қарсы шыға отырып, деструктивті діни ұйымының идеологиясына шектен тыс бағынушылық;

  • Дәстүрлі діни конфессиялар мен оның өкілдеріне деген өшпенділік;

  • Мемлекет бекіткен заңнамалық негіздерді мойындамау және сақтамау;

  • Өздерінің идеологиясын мойындамайтындарға қарсы үздіксіз күрес жүргізу деп айшықтай келе, ағымдардың ішкі сипаты бойынша деструктивтілік белгілерін төмендегідей жіктейді:

  • Тұлғаның өн бойындағы қасиеттерін тұншықтырып, өз идеологияларына мойынсұндыру;

  • Қоғамдағы этикалық және рухани кедергілерді жеңу;

  • Жақындар мен әлеуметтік ортасынан ажыратып, өзіндік сыни ойлау қасиетінен айыру;

Әлеуметтен тыс өмір сүру қағидаттарының үстемдік құру деп зерттеуші жіктейді [Абдулганеев Р.Р. Деструктивные культы и тоталитарные секты как источник распространения религиозного экстремизма // журнал Грамота. – №10(24). – Тамбов, 2012. – 184 стр., с. 15-16].

Ал америкалық психолог Р. Лифтон деструктивті ағым өкілдеріне тән қасиеттердің бірі ретінде мынандай белгілерді жіктейді:



  • Әлемді «таза» және «лас», «жақсы» және «жаман» деп бөлу. Өз ағымдарының мүшелерін «таза» әрі «жақсылар» қатарына жатқызса, қалғандары «лас» әрі «жамандар» қатарына жатады;

  • Ағым идеологиясын абсолютті, толыққанды және ақиқат деп қабылдап, қарама-қайшы пікірдің барлығын өтірік деп санау;

  • Ағым мүшелерінің өмір сүру құқығы мойындалып, өзгелердің құқығын шектеу;

  • Қоршаған ортаны толық бақылай отырып, ағым мүшелерінің қарым-қатынасы мен ақпараттарды сұрыптау;

Діни докринаның тұлғаның қажеттілігінен жоғары тұруы деп деструктивті ағым өкілдеріне тән қасиеттерді жіктейді [Lifton R.J. Thought Reform and the Psychology of Totalism: a Study of Brainwashing in China. – Carolina, 1989. – 528 p., р. 265]. Отандық дінтанушы Г.А. Базарбаеваның пікірінше «дәстүрлі емес діни ағымдардың көздеген мақсаты – халықты айтқанға көнетін ойсыз топқа айналдырып, оларды жанды қуыршақ сияқты басқару, санасына әмір жүргізу болып табылады. Кез-келген адамды халықтың, не болмаса қандай да ұйымның құрамдас бөлігі ретінде қарастырсақ, тұлға ұйымның ортасына түскен кезде сол ұйымның ықпалына бейімделгіш келетіні белгілі. Тұлға ұйымның арасына қалған сәттен бастап бұрынғы табиғи қалпынан өзгеріп, мүлдем басқаша ойлай бастайды, сол ұйымға тән іс-әрекеттер жасайтын болады» деп ой қорытады [Базарбаева Г.А. Жат діндердің құрсауындағы жастар көп // Дін және қазіргі заман. – Екінші басылым. – Астана, 2014. – 140 б., 119 б.]. Ал дінтанушы А.Қ. Омаров өзінің «Теріс діни ағымдардың ортақ белгілері» атты мақаласынада деструктивті ағымдарға тән негізгі үш белгіні атап көрсетеді. Олардың қатарында «адам жүрегіне төзімділік пен сүйіспеншіліктің емес, өзімшілдік пен қатігездіктің дәнін себу», «дәстүрлі дінді қабылдамай, оның жергілікті ерекшеліктеріне өре түрегеліп, қарсы тұру», «әр халыққа отбасылық және ұлттық құндылықтар тән. Егер қай дін, қай ағым болмасын жергілікті әдет-ғұрыпты сыйламаса, оларды сыртқа тебетін болса, бұл оның шатақ дін екенінің айғағы» деп ой қорытады [Омаров А.Қ. Теріс діни ағымдардың ортақ белгілері // Дін және қазіргі заман. – Екінші басылым. – Астана, 2014. – 140 б., 131 б.]. Отандық дінтанушы Қ.М. Борбасова өзінің «Дінтанудағы сектатану» атты зерттеу жұмысында осындай деструктивті ағымдардың бірін секта деп атап, оны термин ретінде түсіндіре келе, оның ерекшеліктеріне тоқталған америкалық ғалым Брайн Уилсон өзінің еңбегінде сектаның ерекшеліктерін былайша бағамдаған:

  • Сектаға мүше болу ерікті болады

  • мүшелікке өту жай ғана кіре салу емес, арнайы сынақ пен тексерістен кейін ғана мүмкін болуы;

  • өзі мүше болған сектаның өзгелерден ерекше екендігіне сену;

  • секта мүшелерінің Құдай тарапынан таңдаулылар ретінде бағалау;

  • секта идеясы шеңберінде өзін-өзі жетілдіру;

  • секта мүшелері қоғамның өзге мүшелерінен артық;

  • өмірге деген ерекше көзқарас пен бейімделудің жоғары болуы;

  • қоршаған орта мен адамдарға деген жеккөрушілік сезім;

  • жеке басқа табыну [Борбасова Қ.М. Дінтанудағы сектатану // ҚазҰУ хабаршысы. Дінтану сериясы. - №1 (1). Алматы, 2015, 19 б]

Демек отандық және шетелдік дінтанушылардың барлығы бірдей қоғам үшін қауіпті деп тапқан ағымдардың неліктен деструктивті деген сипатқа ие болған? Деструктивті ұғымының астары неде? Жалпы деструктивтілік сөзі латын тілінен аударғанда шығатын тура мағынасы «құлату» немесе «қалыптасқан жүйені бұзу» деген мағынаны білдіреді екен. Қазақтықтың жалпақ тілімен айтқанда теріс пиғылды деп атауға толық негіз бар. Әрине санасы уланбаған қоғам мүшелері деструктивті ағымды толыққанды әрі адамгершілікке негізделген қарым-қатынастарды насихаттайтынына сенбейді. Алайда сол бағытта әрі сол ағымның жетегінде кеткендер үшін олардың бағыты дұрыс әрі ол дәлелдеуді қажет етпейді деген сенім саналарына берік орныққан. Сыртқы идеологияның салдарынан қоғам мүшелерін түрлі жікке бөлушілік аса қауіпті құбылыс. Ұлттық құндылықтарға емес, діни алауыздыққа берілу мемлекеттің баянды болашағы үшін де қауіпті саналады. Өйткені деструктивті ағым қоғамдағы азаматтарымыздың құқықтарын бұзатын бірден-бір фактор болып табылады. Деструктивті ағым өкілдері өздерінің үгіт-насихат жұмыстарында түрлі психологиялық әдіс-тәсілдерді кеңінен қолданады. Деструктивті ағым өкілдері және идеясы адамдарды діннің асыл қасиеттерін насихаттау емес, керісінше өздерінің мүшелерін жақындары мен тіпті қоршаған ортадан оқшаулау болып табылады. Мұндағы мақсат ағымның талаптары мен мақсаттарын талдайтын емес, ешқандай сұрақсыз бағыну тәртібін жүзеге асыру болып табылады. Деструктивті ағымдар өздерінің болашақ құрбандарын терең зерттеу жұмыстарының нысанына айналдырады. Мұндай асты ескерілетін жайт болашақ мүше болатын адамдардың әлеуметтік жағдайы, қоғамдағы орны, отбасылық жағдайы, жеке меншігі және тағы да басқа пайда әкелер артықшылықтары басты назарға алынады. Қарапайым жұртшылықтан қарағанда қоғамда орны бар әрі қаржылық әлеуеті жоғары азаматтарды қатарына тарту басты артықшылық болары анық. Ал деструктивті ағымдардың жетегіне неліктен адамдар ереді деген мәселеде аса маңызды. Мұндай себептер қатарына алдымен интернет және түрлі әлеуметтік желілердегі ақпараттардың көптігі және оларды сараптаудың адамдағы білімнің жетіспеуі, сонымен қатар ақпараттарды сараптап, оған қатысты шешім шығара алмау, өмірдегі сәтсіздіктер, адам басындағы уайым мен қайғының көп болуы, азаматтардың өз өміріне салғырт қарауы және тағы да басқа факторларды атап өтуге болар еді. Сондықтан да деструктивті ағым өкілдері алдымен адам басындағы осы мәселелерді шешіп берудің жолдарын ұсынады. Бұл деструктивті ағым өкілдерінің басты әдісіне жатады. Сізді қоғамның толыққанды мүшесі мекендігіңізге сенім білдіріп, шешім шығара алатын қабілетіңіздің бар екендігіне және соған қауқарыңыздың толық жететіндігіне көз жеткізу арқылы адамға сенім беріп, өз қатарына қосады. осылайша адамның үш қажеттілігін қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жүргізеді.

Әрине қазіргі тағда қоғамда табысқа жетуді және өз өмірін өзгертуді қалайтындар өте көп. Сонымен қатар жалғыздыққа душар болған жандар үшін де адамдармен араласу қажеттілігі басым. Сондай-ақ адамдар арасындағы аралас-құраластың азаюы да деструктивті ағымдардың күшеюіне ықпал етуші факторлар болып табылады. Адамдардың өзге адамдармен танысып, олармен етене жақындасу арқылы қоғам мүшесі ретінде сезінгісі келуі деструктивті ағымдардың жетегіне түсуіне ықпал етеді. Ал деструктивті ағымдар сондай ішкі күйзеліске тап болған азаматтарды «ыстық махаббат» пен «ізге ниетпен» өздеріне баурап алады. Нәтижесінде өз орнын таба алмаған жан бірден идеялас әрі өзін «тыңдайтын», «сыйлайтын» адамдар ортасына тап болып, шындық осы деген сезімге бөленеді. Күйзелісті жан үшін мұндай жылылық бірден ұнап, соның салдарынан деструктивті ағымға тап болған жан отбасы мен жақындарынан, достарынан бірден бас тартып, «шындықтың» жолына түседі. Осылайша өзінің заңы мен тәртібі бар ортаға тап болу арқылы бірнеше отбасы күйреп, қоғамда толық отбасылар саны азаяды. Бұл әлеуметтік тұрғыдан алғанда отбасы институтының күйреуі қоғам үшін де мемлекет үшін де тек жағымсыз жайттарды тудыруы әбден мүмкін.

Деструктивті ағымдардың қауіптілігінің бір қыры ол адамдарды өз жеке мүлкінен бас тартқызуы. Бұл ағымның пайда табу мен байлыққа кенелуді көздеу ниетінен туындайды. Тұлғаның дұрыс жолда екендігін үнемі санасына құю арқылы басқару тетігі бар тірі ағзаға айналдырады. Ал қоғамда өз орнын тауып, азаматтық қоғам құруға атсалысып жүргендер бір сәтте «кәпір», «шайтанның қызметкері», «адасқандар» болып шыға келеді. Нәтижесінде деструктивті ағымдар жетегіне ерген тұлға санасы толық бақылаудағы адамға айналады.

Сол себепті біз диплом жұмысы барысында еліміздің және шетелдік кәріс халқы ұйытқы болып, немесе белсенді мүшесі болып табылатын деструктивті діни бірлестіктердің қызметі азаматтың ар-ождан мен дін таңдаудағы бостандығы құқығын шектеместен терең бақылауға алынуы тиіс деп санаймыз.




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет