Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясының
МӘЛІМДЕМЕСІ
Үстіміздегі жылдың 16 желтоқсанында БАҚ-тың хабарлауы бойынша Жаңаөзен қаласының қалалық алаңында Тәуелсіздіктің 20 жылдығын мерекелеп жатқан азаматтарға шабуыл жасалғаны белгілі болды. Қалалық әкімдіктің және қалаға негіз болған кәсіпорынның ғимараты өртелген, тұрғын үйлер және коммерциялық объектілер тонаушылық пен талаушылыққа ұшыраған.
Ең қорқыныштысы: қан төгіліп, адамдар өліп, зардап шекті.
Қазақстанның «АҚ ЖОЛ» демократиялық партиясы қайтыс болған адамдардың туған-туыстарына қайғырып көңіл айтады.
Бұл акцияның тура Тәуелсіздіктің 20 жылдығын мерекелеу үстінде жасалуы, олардың әрекетінің қыр көрсету сипатын байқатады және олардың ұйымдастырушылары мен орындаушыларының Қазақстан мемлекеттілігімен бірге еместігін көрсетеді. Оның үстіне: олар өздерінің көзқарасын 20 жыл бойы өз еңбегімен тәуелсіз мемлекетті құрған миллиондаған қазақстандықтардың құндылықтарына қарсы қойып отыр.
Осыған байланысты Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясы мыналарды мәлімдейді:
1. Біз тәртіпсіздіктің бастамашыларының құқыққа қайшы іс-әрекетін үзілді-кесілді айыптаймыз.
2. Біз бірде-бір адам немесе адамдар тобы өзінің шамшылдығымен адамдардың татулығы мен тыныштығын құрбан етуге; тәуелсіз мемлекет құрып жатқан миллиондаған қазақстандықтардың еңбегін елемеуге құқылы емес екенін нық сеніммен айтамыз.
3. Біз Республикамыздың Тәуелсіздігіне, конституциялық құрылысына және демократиялық институттарына бейіл екендігімізді білдіреміз және еліміздің кез келген нүктесінде билікті күшпен басып алуға жол беруге болмайтындығын мәлімдейміз.
4. Біз мемлекеттік органдарды саяси ерік-жігер көрсетуге және Жаңаөзен қаласында заңдылықты қалпына келтіруге шақырамыз.
5. Біз құқық қорғау органдарынан заңдылықты қалпына келтіру жөніндегі іс-шаралар барысында – тікелей Жаңаөзен қаласында, сондай-ақ Қазақстанның бүкіл аумағында азаматтардың өмірі мен денсаулығын, олардың құқықтары мен бостандықтарын сақтауды қамтамасыз етуді талап етеміз.
6. Біз осы оқиғаға орай атқарушы органдардың іс-әрекетіне баға беруді қоса алғанда, оған тиісті дәрежеде құқықтық және саяси баға бере отырып, әділ әрі жан-жақты тексеру жүргізуін талап етеміз.
Қоғам болған жайлар, оның шынайы себептері және ұйымдастырушылары туралы, тіпті ұйымдастырушылар Қазақстанның шегінен тыс жерлерде жүрген болса да, толық ақпарат алуға тиіс.
7. Заңдылықты қалпына келтіруден басқа, біз адамдарды құқықтық нигилизмге итермелейтін әлеуметтік алғышарттарды тұрмыс деңгейін көтеру, жұмысқа орналастыру проблемасын шешу, қолжетімді тұрғын үй, жастар үшін өмірлік перспектива жасау жолымен еңсеру жөнінде батыл шаралар қолдануға шақырамыз. Күнкөрісі төмен отбасыларды әлеуметтік қорғауды айтарлықтай күшейту, әлеуметтік әділеттілік принциптерін іске асыру арқылы ең байлар мен ең кедейлер арасындағы табыс деңгейінің алшақтығын азайту жөнінде қадамдар жасалуы қажет.
8. Біз экстремизм мен құқықтық нигилизм проблемаларын талқылау үшін «Қазақстан-2020» Демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясының кезектен тыс отырысын шақыруды қайтадан талап етеміз.
Біз барлық саяси бірлестіктерді алауыздықты қоя тұрып, әрбір қазақстандық үшін қастерлі қоғам тыныштығы мен қауіпсіздігі мәселесін қарауға қатысуға шақырамыз.
Достарыңызбен бөлісу: |