Қазақстанның алдыңғы қатарлы оқу орны



Дата28.07.2023
өлшемі15.07 Kb.
#475857
Мақала имдж


Қазақстанның алдыңғы қатарлы оқу орны

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – өзіндік салт-дәстүрімен бай, көпжылдық білім саласындағы және ғылыми жұмыстарда тәжірибесі мол бірден-бір жоғары оқу орны.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – бірінші болып мемлекеттік аттестациядан өткен және барлық мамандықтар мен дәрежелер бойынша білім кызметін жасайтын, Қазақстан Республикасындағы жоғары оқу орындар жүйесінің көшбасшысы болып табылады.
Quacquarelli Symonds (QS) беделді халықаралық рейтингтік агенттігі жүргізген тәуелсіз бағалау қорытындысы бойынша әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жоғары баға алып, «QS Stars Rating System» халықаралық рейтингісінде «Бес жұлдыз» жоғары марапатына ие болды. ҚазҰУ – «Бес жұлдыз» марапатына ие болған Орталық Азия аймағындағы алғашқы және жалғыз жоғары оқу орны.
QS «Бес жұлдыз» белгісін иелену әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ғылыми-білім беру саласындағы халықаралық қауымдастықтарда беделі бар екендігін және жаһандық ғылыми-білім беру кеңістігінде көшбасшылық позицияларды көрсетіп отырғанын білдіреді. Басымдылық жұлдыздары университеттің мықты тұстары мен артықшылықтарына назар аудартып, оның серіктестеріне, білім беру саласындағы халықаралық сарапшыларға, шетелдік, сондай-ақ отандық талапкерлерге оқуға түсу үшін ЖОО таңдау кезінде бағдар береді.
QS Stars жүйесі егжей-тегжейлі талдау жүргізу және ауқымы кең деректерді ұсыну арқылы, терең бағалауды қамтамасыз етеді. QS «Бес жұлдыз» марапатын алған ҚазҰУ өзінің білім беру бағдарламалары мен зерттеулерін ілгерілетудің, бәсекеге қабілеттілікті арттырудың тағы бір құралына қол жеткізді.
Айта кету керек, Орталық Азия елдері мен Қазақстанда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дан басқа QS Stars-тің бес жұлдызын бірде-бір университет алмаған. QS Stars «Бес жұлдыз» марапаты бүкіл әлем бойынша тек 62 ЖОО ғана берілген, олардың ішінде QS WUR халықаралық жаһандық рейтингінің әлемдік үздік топ-5, топ-10 және топ-20 қатарына кіретін Гарвард, Оксфорд, Кембридж, Чикаго, Принстон, Колумбия университеттері бар.
Әлемнің 1200-ден астам университеттерін бес пәндік бағыт бойынша сараптаған «QS World University Ranking by Subject 2021» пәндік рейтингінің нәтижелері бойынша әл-Фараби атындағы ҚазҰУ өзінің көрсеткіштерін жақсартып, позициясын нығайтты. ҚазҰУ өткен жылмен салыстырғанда «Өнер және гуманитарлық ғылымдар» пәні бойынша өз көрсеткіштерін 277-ден 156-шы орынға, «Әлеуметтік ғылымдар және менеджмент» пәні бойынша 351-ден 257-ші орынға көтеріп, оң нәтижеге қол жеткізді.
ҚазҰУ «Қазіргі тіл білімі» мамандығы бойынша да үздіктер қатарынан табылып, әлемнің үздік ЖОО арасында 52-ші орынға ие болды. Университет келесі мамандықтар бойынша: «Ағылшын тілі мен әдебиетінен» – 101-150, «Лингвистика» және «Құқықтанудан» – 151-200 үздік топтарына, «Экономика және эконометрикадан» – 251-300, «Математикадан» – 301-350 және «Физика және астрономиядан» – 501-550 алдыңғы топтарына енді.
Бұл рейтингке бірқатар мамандықтар алғашқы рет қатысып, бірден үздік атанды. Мәселен, «Тарих» мамандығы 151-200, «Бизнес және менеджмент» – 401-450, «Компьютерлік ғылымдар және ақпараттық жүйелері» – 501-550, «Химия» мамандығы – 551-600 алдыңғы топтарына кірді.
QS World University Ranking by Subject рейтингінің әдістемесі төрт негізгі көрсеткішке негізделген: академиялық бедел, жұмыс берушілер арасындағы бедел, ғылыми мақалаларға сілтеме және Хирш индексі. Пәндік рейтинг 95 мыңнан астам академиялық сарапшылардың, 45 мыңдай жұмыс беруші сарапшылардың пікірлерін ескере отырып, сондай-ақ «Scopus» мәліметтер базасынан алынған ақпараттар негізінде жасалды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ұлттық пәндік рейтингтерде де жоғарыда көрсетілген оқу бағдарламалары бойынша қазақстандық университеттер арасында жетекші орын алады. ҚазҰУ халықаралық деңгейдегі ғылыми-зерттеу университетіне айнала отырып, әлемдік университеттердің институционалдық рейтингінде де және пәндік рейтингте де табысқа жетіп, үнемі алға жылжып келеді. Сонымен, 2020 жылы QS World University Ranking әлемдік рейтингінің нәтижелері бойынша жетекші қазақстандық университет (ҚазҰУ) әлемдегі ең үздік университеттер тізімінде 165 орынға ие болды. Бұл топта ТМД елдерінен тек Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғана бар.
Бүгінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – жаңа білім, озық идеялар мен технологиялар жинақталатын ірі ғылыми-білім беру және инновациялық орталық. Университет үшін басты бағдар әлемнің үздік жоғары оқу орындарының рейтингісіне кіру, инновациялық қызметті жүзеге асыру және ғылыми зерттеулердің нәтижелерін өндіріске енгізу. Әлемдік деңгейдегі заманауи университет Орта Азия аймағындағы жоғары білім беру жүйесін дамытудың жетекші ғылыми-әдістемелік, зерттеу орталығы болып табылады.


Қ.Т. Акимбаева
әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің
«Қаржы және есеп» кафедрасының аға оқытушысы

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет