64.1991 жылы 1 желтоқсандағы Қазақ КСР Презиндентіне сайлау өткізу және оның қорытындылары
Бұл күн - қазақ халқының алғаш рет еркін білдіріп, өз билігін өзі таңдап, дербестігін демократиялық сайлау арқылы мақұлдаған күн. Расында да дәл осы күні Қазақстан тарихында алғаш рет нағыз демократияға сәйкесетін бүкілхалықтық сайлау өтті, халық өзінің болашағын, мемлекеттің болашағын Президентке сеніп тапсыра алатынын алғаш рет сезінді. Осылайша, 1991 жылдың 1 желтоқсанында Қазақстанның мемлекеттік тарихында жаңа қоғамдық-саяси кезеңге қадам жасалды. Сайлау нәтижесі де Қазақстанның Тәуелсіздікті жариялауын күн тәртібінің кезекті маңызды мәселесі ретінде шығарды. Яғни, Тәуелсіздік тарихындағы ең шешуші қадамның бірі - Тұңғыш Президент сайлауы еді.
1991 жылдың 16 қазанында Жоғарғы Кеңес «Қазақ ССР Президентін сайлау туралы» заңды қабылдады. Осы заңмен бірге 1991 жылдың 1 желтоқсанын Қазақ ССР Президентін сайлау күні ретіндей белгілеген қаулы да шықты. Осылайша Қазақстан тарихында тұңғыш рет Республика басшысын жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы таңдауға жағдай жасалды. Айта кетерлігі, Президент лауазымына үміткер ретінде сайлауға 3 кандидат ниет білдірген болатын. Олар: Нұрсұлтан Назарбаев, Олжас Сүлейменов және Хасен Қожа-Ахмет. Кейіннен сайлау күніне аз қалғанда ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов Нұрсұлтан Назарбаевты қолдайтынын мәлімдеп, сайлаудан өз кандидатурасын алып тастады. Ал Хасен Қожа-Ахмет өзін қолдайтын сайлаушылардың ең төменгі шегін жинай алмай, Орталық сайлау комиссиясы оны тіркеуден бас тартты. Осылайша, Нұрсұлтан Назарбаев іс жүзінде бірден-бір кандидат болып шықты.
Сайлауға кіріскеннен бастап Нұрсұлтан Назарбаевтың сайлауалды бағдарламасы жария етілді. Онда халық осынау күрделі кезеңдегі қордаланған мәселелер бойынша негізгі әрі көптеген сұрақтарға жауап алған болатын. Президенттің сайлауалды бағдарламасындағы тезистер мыналарды қамтыды: 1. Біздің өркениетті қоғамға қадамымыздың басты тетігі - мемлекеттік егемендікті жүзеге асыру, бәсекелестік пен әртүрлі меншік формасына негізделген әлеуметтік нарықтық экономиканы қалыптастыру, сонымен қатар, терең реформалар және өміріміздің басқа да қырларын демократияландыру. Қазақстанның мемлекеттік егемендігін нақты мазмұнмен толықтыру - прогрессивті қайта құру мен бүкіл республика халқының әл ауқатын жақсарту. 2. Қазақстанның егемен тәуелсіз мемлекеттермен достастықта болуы көпұлтты халқымыздың мүддесіне жауап береді. Дәл сондықтан да келешек саяси одақтың негізін қалыптастыруға көп күш жұмылып отыр. 3. Өткен кезеңнің оқшаулану жағдайынан шығып, әлемдік қауымдастыққа жақындап, етене араласу - республиканы дамытудың және бір маңызды шарты. Қазақстанның сыртқы саясаттағы негізгі бағыттарының бірі барлық көршілермен және шет мемлекеттермен достық қарым-қатынасты нығайту, бірыңғай еуразиялық экономикалық, интеллектуалдық және мәдени кеңістік құруға белсене қатысу, мемлекеттік және аумақтық тұтастықты қамтамасыз ету, республика территориясы мен экономикасын демилитаризациялау болып табылады. 4. Нарықтық қатынастарға көшу - біздің стратегиямыз бен экономикалық дамуымыздың негізгі бөлігі. Бұл ретте жеке кәсіпкерлікті қолдау, нарықтық тетіктерді шапшаң құрып, енгізу маңызды, адамдар әлеуметтік масылдықтан арылып, өзінің жағдайына жауапкершілік сезімі оянуы, кәсіпкерлікке белсене араласып, іскерлікті жандандыру үшін ауылдағы жер және өндірістік қатынастарды реформалау үдерісін шапшаңдату керек. Мемлекеттің тікелей қорғауында негізінен еңбекке жарамсыз және қоғамның аз қамтылған мүшелері, ең бірінші кезекте соғыс және еңбек ардагерлері, жастар мен балалар, мүгедектер қалады. 5. Қазақстанда айрықша алаңдатарлық экологиялық ахуал қалыптасып отыр. Президент жарлығымен қазақ жерінде ядролық қаруды сынақтан өткізу тоқтатылды. Арал мен Семей өңірінің, өнеркәсіптік орталықтардың проблемаларын кешенді түрде шешу, табиғи байлықтарды, әуе және су бассейндерін қорғау үшін мемлекеттік органдардың, ғылыми және медициналық мекемелердің күштері жұмылдырылады. Экологиялық жұтты жоюға халықаралық ұйымдарды, ғалымдар мен іскерлік ортаны тарту үшін қолдан келгеннің барлығы жасалады. 6. Саяси жүйе мен мемлекеттік құрылымдарда тиісті реформалар жүргізілмей тұрып, салмақты экономикалық қайта құруларға қадам жасау мүмкін емес. Осыны түсіне отырып және парламентпен, тұрақтылық пен азаматтық және ұлтаралық келісімді қолдайтын барлық қоғамдық қозғалыстармен, партиялармен бірлесе отырып, мен Қазақстанды нағыз демократиялық құқықты мемлекет ретінде бекіту үшін күресемін, онда күшті әрі тиімді атқарушы билік заң шығару және сот билігі тармақтарымен бірлесе үйлесімді жұмыс істеп, ал адам құқықтарына сенімді түрде кепілдіктер берілетін болады. 7. Мен үшін тату-тәтті ұлтаралық қатынастарды, халықтар арасындағы сенім мен достықты сақтаудан артық маңызды міндет болған емес болмайды да! Онсыз біз ештеңеге қол жеткізе алмаймыз. Ұлттық мемлекеттілікті нығайту үшін, қазақ халқының тағдыры үшін өзімнің жауапкершілігімді сезіне отырып, мен әрқашан халқымның мәдениеті, тілі мен тарихын өркендетуге қызмет ететін боламын. Сонымен бірге, Қазақстанның Мемлекеттік егемендігі туралы декларацияға сәйкес, республикамызда оның барлық азаматтарына теңдей жағдай жасалуына, мәдениеттердің, тілдер мен дәстүрлердің еркін дамуына барлық күш-жігерімді жұмсаймын. 8. Қайта құруларды тереңдете жүргізу тұтастай қоғам, жекелеген әрбір азаматтар тарапынан түсіністікті, сондай-ақ қажырлы еңбекті, қатал тәртіп пен жоғары ұйымдастырушылықты талап етеді. Мен өз қызметімде көпұлтты Қазақстан халқына, халық билігі арқылы сайланған органдарға, аға ұрпақтың тәжірибесі мен жастардың қуатына, алуан түрлі ойлайтын адамдарға арқа сүйеп, батыл да құзыретті шешімдер қабылдайтын боламын. Айта кетерлігі, ҚазТАГ 26 қарашада «Қоғамдық пікірді зерттеу» республикалық орталығы жүргізген сайлаушылардың көңіл күйіне әлеуметтік зерттеулер нәтижесін жария етті. «Бүгін жария етілген мәліметтер бойынша сұралғандардың 89 пайызы Қазақстанның бірінші лауазымды тұлғасы дәрежесінде Нұрсұлтан Назарбаевты көргісі келеді. Республиканың басқа танымал тұлғалары арасында ақын Олжас Сүлейменов те үлкен қолдауға ие. Оны респонденттердің 2,5% қолдады. Зерттеуге қатысқан сайлаушылардың 3,6% Қазақстанда Президент лауазымына лайықты тұлға жоқ деп мәлімдеген. Осының өзі сайлауға бір апта қалғандағы республикадағы күштердің шынайы бөлінісін нақты көрсетсе керек». 2 желтоқсан күні Алматыдағы Достық үйінде баспасөз мәслихаты болып, оған Н. Назарбаев пен Е. Асанбаев, сондай-ақ, ҚазССР Жоғарғы Кеңесі төрағасының міндетін атқарушы С. Әбділдин мен ҚазССР Жоғарғы Кеңесі төрағасының орынбасары З. Федотова қатысты. Бірінші болып сөйлеген ОСК төрағасы К.Бөкенов өткен сайлаудың алдын ала жедел нәтижелерін жариялады. Оның айтуынша, дауыс беруге енгізілген тізімдегі 9 млн. 960 мың азаматтың 88,24% сайлау учаскелеріне келген. «Еркін білдіруге толық мүмкіндік берілген бүгінгі жағдайда және қазіргі әлеуметтік-экономикалық күрделі ахуалды ескерсек, бұл өте үлкен көрсеткіш, осының өзі қазақстандықтардың басым көпшілігінің нақты саяси позициясы толық қалыптасқанын білдіреді», - деді ол. Президентке кандидатқа сайлау бюллетеньдерін алғандардың 98,76% дауыс берген. Қарсы дауыс берген 1,24% - бұл 109 мыңнан сәл ғана асатын адам. 186 бюллетень жарамсыз деп танылды. Осылайша, Нұрсұлтан Назарбаев барша халық сайлаған Қазақстанның Президенті мандатын тұңғыш рет иеленді. Қазақ ССР-ның Вице-президенті болып Н.Назарбаевпен бірге сайлауға түскен Е. Асанбаев сайланды, оның кандидатурасын Мемлекет басшысының өзі қолдаған болатын. Айтпақшы, 2 желтоқсан күнгі Достық үйінде өткен баспасөз мәслихатында халық тарапынан көптеген сұрақтар қойылған екен. Елбасының сол кездегі жұртшылықпен шынайы, нық сеніммен пікірлесуі де көпшіліктің есінде жақсы сақталды. Тіпті Тұңғыш Президенттің қалың жұртшылықпен әңгімедегі ақжарқын әзілі де Көшбасшының тұлғалық қасиетін аша түсетіндей еді. Мәселен, Достық үйіндегі мәслихатта залдан: «Сіздің айналаңызда неге әйел адамдар жоқ?» деген сұрақ қойылыпты. Бұған Нұрсұлтан Әбішұлы бірден: «Мен біздің өзіміздің Маргарет Тэтчер болғанын қалаймын. Ұсыныс енгізіңіз...» деп жауап қатқан екен. Сайлау нәтижесінен соң Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Президент болып сайлануына байланысты құттықтаулар келе бастады. БАҚ Мемлекет басшысының атына жолданған құттықтаулар мен ізгі тілектердің ағынын жариялады. 5-желтоқсан күні Орталық сайлау комиссиясы сайлаудың соңғы қорытындысын жария етті. Ол бойынша республикадағы 21 сайлау округіндегі сайлаушылар тізіміне 9 961 242 азамат енгізілген. Олардың ішінде сайлауға 8 788 726 адам немесе 88,23% дауыс беруге қатысты. Сайлау нәтижесі бойынша Н.Назарбаевты қолдап сайлаушылардың 8 681 276-і дауыс берген, бұл дауыс беруге қатысушылардың 98,78% пайызын құрады. Тұңғыш Президенттің қызметіне ресми кірісуі мен Елбасының ант беру рәсімі 1991 жылдың сейсенбісінде, 10 желтоқсанда өтті.
Достарыңызбен бөлісу: |