Қазақстанның ғылымы және ғылыми мекемелері



Дата23.02.2016
өлшемі161.13 Kb.
#2485
Қазақстанның ғылымы және ғылыми мекемелері
Ғылым және ғылыми мекемелерi. Қазақстанда ғылыми ой-пiкiрдiң тууы ежелгi замандардан бастау алады. Археол. зерттеулер мен жазба деректер бiзге Жетiсуда, Орт. және Шығ. Қазақстанда 6 — 8, 9 — 11 ғ-ларда-ақ болған ежелгi қалалар мен қоныстар мәдениетi туралы деректер бередi. Бұл мәдениеттiң иелерi өз көркемөнерiн, қолөнерiн және жазуын жасаған жергiлiктi түркi тайпалары: оғыздар, қарлұқтар, қимақтар, қыпшақтар едi. Орта Азия мен Қазақстанның 8 — 11 ғ-ларда араб халифатына кiруiне байланысты өлкеде ислам дiнi таралып, мәдени өмiрде араб мәдениетiнiң ықпалы күшейе түстi. Бат. Еуропадағы латын тiлi сияқты араб тiлi халифат аумағында халықар. әмбебап тiлге айналды. Алайда жергiлiктi мәдениет пен тiл сақталып қалды.
Араб мәдениетiн жасауға және дамытуға халифаттың бiр кездегi арабтар жаулап алған елдерiнен шыққан көптеген талантты ғалымдары барынша белсене қатысты. Орта ғасырлардағы қалалар өздерiнiң базарларымен және қолөнершiлерiмен ғана емес, сонымен бiрге ақындарымен, ғалымдарымен, суретшiлерiмен, бай кiтапханаларымен, оқу орындарымен де дүние жүзiне мәлiм болды. Қалалардың арасында Үндiстан мен Қытайдан Еуропаға қатынайтын “Жiбек жолы” деп аталатын сауда керуен жолының геогр. және экон. жағынан аса маңызды торабында, Орта Азия мен Қазақстанның отырықшылық-егiншiлiк аудандарының түйiскен жерiнде орналасқан Отырар (Фараб) қ. ерекше көзге түстi. Отырар кiтапханасы қолжазба кiтап қорының байлығы жағынан Египеттегi Александрия кiтапханасынан кейiнгi аса iрi кiтап қоймасы болды. Отырарда ұлы ғалым Әбу Наср әл-Фараби дүниеге келдi. Ол аса зор ғыл. мұра — жүзден астам iрi еңбектер қалдырды. Орта Азия мен Қазақстан қалаларынан Әбу Райхан әл-Бируни, Әбу Абдаллаһ әл-Хорезми, Әбу Әли ибн Сина, Әбу Жафар ат-Туси, Рудаки (860 — 941) және басқа көптеген ғалымдар шықты. Хорезмимен бiрге әйгiлi астрон. кестелердi жасауға қатысқан астроном әрi математик — Ғаббас әл-Жәуһари (9 ғ-дың 1 жартысы), сондай-ақ, оның замандастары — Ысқақ әл-Фараби және 40 мың сөзден тұратын араб тiлiнiң түсiндiрме сөздiгiн жасаушы Исмаил әл-Жауһари әл-Фараби танымал болды.
Ертiс жағалауында қимақтар арасынан географ әрi тарихшы Жанах ибн Хақан Қимақи (т.-ө. ж. белгiсiз) шықты. 10 — 11 ғ-ларда қазiргi Қазақстан аумағында өмiр сүрген Қарахан әулетi мемлекетiнде тамаша ақын әрi ойшыл Жүсiп Баласағұни өз шығармаларын жазды, оның 1069 ж. жазылған “Құтадғу бiлiк” кiтабы дүние жүзiнiң көптеген елдерiне тарады және оны ғалымдар бүгiнге дейiн зейiн қоя зерттеуде. Ортағасырлық өркениеттiң дамуында Ежелгi Грекия мәдениетiнiң елеулi ықпалы болғаны сөзсiз. Шығыстың озық ойшылдарының ғылым мен мәдениетке қосқан баға жетпес үлесiн сол кездiң өзiнде-ақ Еуропа ғалымдары да мойындаған болатын, мұны 10 — 12 ғ-ларда Шығыс ғалымдары мен ақындары кiтаптарының Францияда, Италияда, Испанияда және Еуропаның басқа да елдерiнде аударылып кеңiнен таралғандығы да дәлелдейдi. Олар: Ибн Синаның (Авиценна) “Медицина каноны”, әл-Хорезмидiң “Алгебрасы мен теңдеуi”, Ибн Рушдтiң (1126 — 98), т.б. еңбектерi. Орта Азия мен Қазақстандағы ғылым мен мәдениеттiң 9 — 11 ғ-лардағы дамуы туралы айта келiп, орыс шығыстанушысы Н.И. Конрад ғыл. тәжiрибеге “Шығыстың дәуiрлеуi” деген терминдi енгiздi. Қазiргi Қазақстан аум-нда ғылым мен мәдениет қарама-қайшы және шектеулi түрде дамыды. Бұл өлкенiң Жоңғар және басқа сұрапыл шапқыншылықтарға ұшырауы оның жағдайын мүлде қиындата түстi. 16 ғ-дағы ғалым Мұхаммед Хайдар Дулаттың “Тарих-и Рашиди” деген еңбегi нағыз шыншыл да айқын шығарма болды, оның мәнi күнi бүгiнге дейiн жойылған жоқ. 17 ғ-дағы автор — Қыдырғали Жалайыридiң “Жамиғ ат-Тауарих” деген шежiрелер жинағы да назар аударарлық бiрегей еңбек, бұл жинақ 13 — 15 ғ-лардағы қазақ халқының тарихы мен этнографиясының аса қызғылықты деректемесi болып табылады және ол қазiргi қазақ тiлiне өте жақын тiлде жазылған.
17 ғасырдың соңы — 18 ғасырдың басынан бастап Ресейдiң және Батыс Еуропаның бiрқатар елдерiнiң ғалымдары Қазақстан аумағы мен халқын, оның тарихын, мәдениетiн, тұрмысы мен салтын зерттей бастады. Осы өлкенi алғашқы зерттеушiлердiң бiрi орыс картографы С.У. Ремезов болды, ол “Сiбiр халықтары және олардың шекаралары туралы сипаттама” деген еңбек жазып қалдырды. 18 ғ-дың алғашқы ширегiнде Қазақстанда И.Д. Бухгольцтың (т.-ө. ж. б.), С.Лихаревтың, И.Унковскийдiң (т.-ө. ж. белгiсiз) және басқа ғалымдардың экспедициясы зерттеу жұмыстарын жүргiздi. Олар Ертiс өз-нiң алабын Зайсан к-не дейiн, Тарбағатай тауының және Жетiсу Алатауының сiлемдерiн зерттедi. А.Бекович-Черкасскийдiң ғыл. экспедициясы Арал т-н және Каспий т-нiң аумағын картаға түсiрдi, сондай-ақ қазақ халқы туралы кейбiр этногр. мәлiметтер жинады. Қазақстан Ресейге қосылғаннан кейiн (1731) оны ғыл. тұрғыда зерттеу iсi неғұрлым кең түрде және жедел қарқынмен қолға алынды. 1725 ж. құрылған Ресей ҒА Қазақстан өлкесiн геогр., геол. және этногр. тұрғыда зерттеу үшiн 1733 жылдың өзiнде-ақ экспедиция ұйымдастырды. 1733 жылдан 1771 жылға дейiн Бат. Қазақстанға академияның көптеген экспедициясы келiп қайтты, бұл экспедицияларды С.П. Крашенинников (1711 — 1755), И.Г. Гмелин (1709 — 1755), И.И. Лепехин, П.С. Паллас, И.П. Фальк, П.И. Рычков, т.б. басқарды. Орынбор тұрақты экспедициясы құрылды, оған И.К. Кирилов, П.И. Рычков, В.Н. Татищев (1686 — 1750) сияқты белгiлi орыс ғалымдары жетекшiлiк жасады. “Ерте заманнан бергi Ресей тарихы”, т.б. еңбектерiнде В.Н. Татищев қазақтардың тарихына зор көңiл бөлдi, олардың этногр. тегi, тұрмысы, мәдениетi мен әдет-ғұрпы жөнiндегi мәселелердi тұңғыш рет ғыл. әдебиетте баяндауға талпынды. Рычков, Паллас, И.И. Георги, Фальк, И.Г. Андреев, Г.И. Спасский, Н.Я. Бичурин, С.Б. Броневский, В.И. Даль (1801 — 1872), А.И. Левшин өздерiнiң еңбектерiнде қазақтардың тарихын, материалдық және рухани өмiрiн егжей-тегжейлi баяндады. Өлке тарихына декабристер, сондай-ақ орыстың ұлы ақыны А.С. Пушкин де зор көңiл бөлдi. Қазақтардың тарихы жөнiнде “Қырғыз-қазақ немесе қырғыз-қайсақ ордалары мен далаларының сипаттамасы” деген (1832) үш бөлiмнен тұратын тұңғыш iргелi еңбек жазған А.И. Левшиндi Ш.Ш. Уәлиханов қазақ халқының Геродоты деп атады, ал оның монографиясын ғылым үшiн қымбат қазына деп бағалады.
Белгiлi орыс ғалымдары П.П. Семенов-Тян-Шанский, Н.М. Пржевальский, Г.Н. Потанин өлкенi зерттеуге ғана емес, сонымен бiрге Қазақстанда 19 ғ-дың 2-жартысы мен 20 ғ-дың басында демокр. ғыл. ойдың қалыптасуына да зор үлес қосты. Осы аса iрi ғалымдар, сондай-ақ В.В. Григорьев, Н.Ф. Костылецкий, Е.П. Михаэлис, П.Е. Маковецкий, А.А. Блек қазақтың ағартушы-демократтары — Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, Абай Құнанбаевтардың рухани өсiп-толысуына тiкелей ықпал еттi. Ресей Федерациясының шалғайдағы отары — Қазақстан 20 ғ-дың басында бiрте-бiрте капиталистiк қатынастар аясына тартыла бастады. Алайда патриархаттық-феод. қатынастардың үстемдiгi, патша өкiметiнiң езiлген халықтарды әдейi мешеулiк пен қараңғылықта ұстаған отаршылдық саясаты, шын мәнiнде, қазақтарды әлеум. және ұлттық прогреске жеткiзетiн жолды жауып тастады. 20 ғ-дың басында қазақ балаларының басым көпшiлiгi әрi дегенде тек ауыл медресесiнде ғана оқи алды, мұндағы оқу балаларға дiни аяттарды жаттатумен ғана шектелдi. Қазақ жерiнде 1916 ж. қарсаңында небары бiрнеше орыс және орыс-қазақ мектебi ғана болды. Оларда 19370 қазақ баласы оқыды. Ресей ҒА-ның, басқа ведомстволардың ғалымдары Бат. Қазақстанға ара-тұра келiп қайтқанына қарамастан Қазақстан тұтас алғанда 1917 ж. Қазан төңкерiсiне дейiн ғыл. тұрғыдан терең зерттелмей жатты, ал оның қойнауы табиғи шикiзат қорларына бай болатын.
1920 ж. акад. И.М. Губкиннiң басшылығымен әрi тiкелей қатысуымен Жайық-Ембi мұнайлы ауданын зерттеу iсi ұйымдастырылды. 1920 ж., сондай-ақ, Қарағанды көмiр алабын, Екiбастұз көмiр алабын зерттеу, этногр. және археол. экспедициялардың барлау жұмыстары басталды. Түбiрiнен қайта жабдықтау көзделген негiзгi 8 экон. ауданның қатарында Түркiстан да болды. 1919 ж. Қырғыз (Қазақ) ревкомы штабының жанынан тарихи-статист. бөлiм құрылып, ол 1920 ж. ғыл. комиссия (кейiн ҚазАКСР Халық ағарту комиссариатының Академиялық орт. болып қайта құрылды) ретiнде Қырғыз (Қазақ) ревкомының ағарту бөлiмi құрамына ендi. 1920 ж. Ресей ҒА-ның Табиғи өндiргiш күштердi зерттеу жөнiндегi тұрақты комиссиясы жанынан Қазақстанның жер қойнауын, өсiмдiктерi мен жануарларын, жалпы табиғатын, сондай-ақ, мәдениетiн, тұрмысын, тiлiн, этн. процестердi кешендi түрде зерттеу үшiн бiрқатар тұрақты және маусымдық экспедициялық отрядтар құрды.
Қазақстандағы алғашқы мемл. ғыл. мекемелер, негiзiнен, а. ш-мен байланысты болды. Олар: Өлкелiк өсiмдiк қорғау ст. (1924), Тыңайтқыш және агроном.-топырақтану ғыл.-зерт. ин-ты (1926), 1925 ж. Санитариялық-бактериол. ин-т ашылды. Алматы Бас геол. к-тiнiң және Түстi металдар ин-тының бөлiмшелерi жұмыс iстей бастады. Одақтас және автон. республикалардың табиғи қорларын зерттеу жөнiнде құрылған ерекше к-т 1920 жылдың басында-ақ Қазақстанды кешендi зерттеу жөнiнде шаралар белгiледi. 1927 ж. республиканың табиғи ресурстарын кешендi түрде зерттеу жөнiнде КСРО ҒА-ның қазақстандық экспедициясы құрылып, оны акад. А.Е. Ферсман басқарды. 1932 жылдың КСРО ҒА-ның қазақстандық экспедициясы отрядтарының негiзiнде дербес 8 экспедиция ұйымдастырылды. 1932 ж. қарсаңында республикада 10-нан астам ғыл.-зерт. ин-ты мен тәжiрибе ст., жүздеген тiрек пунктерi, лаб-лар мен ауа райын зерттеу ст-лары, бiрсыпыра геол. барлау ұйымдары болды. ҚазАКСР Мемл. жоспарлау комиссиясы жанындағы экон. зерт. ин-ты, а. ш-н қайта құру, қой ш., сойыстық мал ш., топырақтану, құрылыс ин-ттары сол кездегi iрi ғыл. мекемелердiң қатарына жатады. Сол жылдары геологтар А.А. Гапеев пен Д.Н. Бурцев Қарағанды алабында жаңа көмiр кен орындарын ашты. М.П. Русаков, Қ.И. Сәтбаев, Р.А. Борукаев Қоңыратта, Жезқазғанда және Бозшакөлде мыс кен орындарын барлады. Республика ғылымын дамытуда қол жеткен табыстардың нәтижесiнде және ғыл.-зерт. жұмыстарын ұйымдастыруды жақсарту және оларды үйлестiру мақсатында Кеңес үкiметiнiң және КСРО ҒА төралқасының шешiмi бойынша 1932 ж. 8 наурызда КСРО ҒА-ның Қазақстандық базасы құрылды. Онда небары зоология және ботаника секторлары жұмыс iстедi. 1935 ж. құрамында қазақ тiлi мен әдебиетi, халық шығармашылығы секторлары бар Қазақ ұлттық мәдениетi ғыл.-зерт. ин-ты база қарамағына берiлдi, сол жылдары Алматыда Ботаника бағының негiзi қаланды.
Медицина ғылымы дамыды. 1933 ж. Мал ш. ин-ты, 1935 ж. Егiншiлiк ин-ты, Мал дәрiгерлiк және а. ш. экономикасы ин-ттары құрылды. А. ш. тәжiрибе ст-ларының тұтас жүйесi пайда болды. Мамандандырылған ин-ттар — а. ш-н механикаландыру және электрлендiру, су ш., орман ш., өсiмдiк қорғау, жемiс-жүзiм ш., астық ш. ин-ттары ұйымдастырылды. 1940 ж. Бүкiлодақтық а. ш. ғылымдары академиясының (ВАСХНИЛ) Қазақ бөлiмшесi құрылып, оған республиканың а. ш. саласындағы ғыл.-зерт. мекемелерiне басшылық ету және олардың жұмысын үйлестiру мiндетi жүктелдi. Совет 1938 ж. КСРО ҒА-ның Қазақстандық базасы Қазақ бөлiмшесi болып қайта құрылды. Бөлiмше президиумын акад. А.Д. Архангельский басқарды. Бөлiмше ұйымдастырылғаннан кейiн ғыл.-зерт. ин-ттарының жүйесi жедел қарқынмен дами бастады. 1939 ж. бөлiмше жанынан топырақтану және география секторлары құрылды. Қарағандыда Ботаника бағының негiзi қаланды. 1941 ж. Тiл, әдебиет және тарих ин-тының лингвистика бөлiмi, 1940 ж. Геологиялық ғылымдар институты ұйымдастырылды. КСРО ҒА-ның Қазақ бөлiмшесiнде 2-дүниежүз. соғыс басталар алдында 100-ге жуық ғыл. қызметкер, олардың iшiнде 3 ғыл. докт., 14 ғыл. канд. жұмыс iстедi. Соғыс жылдары республикаға елiмiздiң көптеген ғыл. мекемелерi мен жоғары оқу орындары көшiп келдi. Есiмi бүкiл әлемге әйгiлi ғалымдар — И.П. Бардин, Л.С. Берг, В.И. Вернадский, Н.Ф. Гамалея (1859 — 1949), И.И. Мещанинов, Н.Д. Зелинский, Л.И. Мандельштам (1879 — 1944), Н.В. Цицин (1898 — 1980), С.Г. Струмилин (1877 — 1974), А.М. Панкратова, А.Е. Фаворский (1860 — 1945), С.Е. Малов, В.Г. Фесенков (1889 — 1972), Г.А. Тихов (1875 — 1960), Б.А. Воронцов-Вельяминов (1904 ж.т.), т.б. осында қызмет еттi. Оралдың, Бат. Сiбiрдiң және Қазақстанның ресурстарын Отан қорғау iсiне жұмылдыру жөнiндегi КСРО ҒА-ның комиссиясы iске кiрiстi, оны акад. В.Л. Комаров (1869 — 1945) басқарды. Ғалымдар қорғаныстық және халық ш. маңызы бар ұсыныстар жасап, оларды өндiрiске енгiздi, қара металдар, молибден, вольфрам, марганец кентастарының, т.б. шикiзат ресурстарының мол қорын ашты. Адамдарға қан құю қызметi ұйымдастырылды, жұқпалы жараларды жедел емдеу әдiстерi кеңiнен қолданылды.
1942 ж. Астрономия және физика, Химия-металлургия ин-ттары құрылды. 1943 ж. топырақтану-ботаника, зоология және тропиктiк аурулар ин-ттары құрылды. 1942 — 45 ж. КСРО ҒА Қазақ бөлiмшесiнiң ғыл. мекемелерi негiзiнде мамандандырылған химия, металлургия және кен байыту, отқа төзiмдi материалдар мен құрылыс материалдары, зоология ин-ттары ұйымдастырылды. 1945 ж. Тарих, археология және этнография, Кен iсi, Топырақтану ин-ттары, Математика және механика секторы жұмыс iстей бастады (қ. Қазақстан Ұлттық ғылым академиясы). Қазақстан Республикасы мемл. тәуелсiздiгiн алғаннан кейiнгi жылдар iшiнде (1991 — 2003) ғыл.-тех. саланы ұйымдастыруды реформалау жобалары бойынша үлкен жұмыстар атқарылды, ғылым мен техника және елдiң мемл. ғыл.-тех. саясатын мемл. басқарудың негiзi қаланды. 1991 жыл елiмiздiң ұлттық жетiстiгi есебiндегi отандық ғылым дамуының жаңа кезеңi басталғандығымен ерекшелендi. Қазақстанның құқықтық меншiгiне 100-ден астам жалпы одақтық мемл. ғыл.-тех. мекемелер өткендiктен ғылымды мемл. қолдаудың маңыздылығы күрт өстi. Жаңа жағдайларға байланысты қысқа мерзiм iшiнде мемл. ғыл.-тех. саясатты айқындау қажеттiлiгi туындады, елдiң ғыл.-тех. күш-қуатын сақтап қалу мен одан әрi дамыту үшiн ғыл.-тех. саланы мемл. басқарудың тиiмдi құрылымын қалыптастыру мәселесi туындады. Қазақстан Республикасы Жоғ. Кеңесiнiң 1992 жылғы 15 қаңтардағы қаулысымен “Қазақстан Республикасының ғылым және ғылыми-техника саясаты туралы” Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Осы жылы ҚР Президентiнiң “Экономикалық реформалар жағдайында Қазақстан Республикасы мемл. басқару органдарының iс-қимылдары мен ұйымдастыруын жетiлдiру” туралы Жарлығымен Қазақстан Республикасының Ғылым және жаңа технология мин. құрылды. Министрлiкке мынадай мiндеттер жүктелiндi: республиканың ғыл.-тех. саласының дамуы жолында мемл. саясат жүргiзу; ғыл. және ғыл.-пед. кадрлар даярлау жұмыстарын үйлестiру; ғыл.-технол. салада халықар. ынтымақтастықты ұйымдастыру.
2000 ж. қайта құрылған ҚР Бiлiм және ғылым мин. — ғылым мен ғыл.-тех. саладағы iс-әрекеттердi жүзеге асыратын, респ. бюджет есебiнен қаржыландырылатын ғыл.-зерттеу бағдарламаларына үйлестiретiн бiрыңғай мемл. өкiлеттi орган болып табылады. Министрлiкке бiлiм және ғылым мен техника саласында бiрыңғай мемл. саясатты қалыптастыру мен жүзеге асыру, кепiлдiк етiлген көлемде ақысыз бiлiм алуды мемл. оқу орындарында қажеттi жағдайлармен қамтамасыз ету, ғылым мен техниканы дамытудың басым бағыттарына қорларды шоғырландыру, сондай-ақ, ғыл. және пед. кадрларды аттестациялау мен даярлау мiндетi жүктелген. Министрлiк қарамағында әр түрлi бағыттағы 130 ғыл. мекеме бар. Ғыл. зерттеулердi ҚР Президентi ұсынған “Қазақстанның тәуелсiз мемлекет ретiндегi қалыптасуы мен дамуы стратегиясы” аясында халықтың рухани мәдениетiн түлетуге, сондай-ақ республикадағы өзге де әлеум.-экон., экол. және ғыл.-тех. мәселелерге байланысты өзектi мәселелердi шешуге бағыттауға ерекше назар аударылды. Ғылымды ұйымдастыруды жетiлдiру мен ғыл.-тех. потенциалды дамыту, ғыл.-тех. саланы мемл. басқарудың бiрыңғай жүйесiн жасау Қазақстан Республикасының егемендiк жолындағы стратегиялық қадамдары болды. Осы мақсатта мемлекет көлемiнде ұлттық ғыл. орталықтар құру, академиялық ғылымдарды реформалау, жоғары оқу орындарының ғыл. потенциалын арттыру, республика аймақтарында ғыл. зерттеулердi дамыту, ғылымды ұйымдастырудың жаңа формаларын мемл. қолдау, халықар. ынтымақтастықты дамыту мәселелерiне байланысты жұмыстар жүргiзiлдi.
Қазақстан Республикасы Мин. Каб-нiң 1993 жылғы 22 қаңтардағы “Қазақстан Республикасында ғылым мен ғылыми-техникалық бағдарламаларды қаржыландыру және жоспарлауды жетiлдiру шаралары туралы” Қаулысы бойынша ғыл.-тех. және тәжiрибелiк-конструкторлық жұмыстар (ҒТТКЖ) мен ғыл.-тех. бағдарламаларды респ. бюджеттен қаржыландыру тәртiбi айқындалды. Ғылым және жаңа технология мин. жанынан Ғылым қоры ұйымдастырылды. 1993 жылдан бастап мемл. бюджеттен қаржыландырылатын ғыл.-тех. бағдарламалар мен жобаларды мемл. ғыл.-тех. сараптау енгiзiлдi. Республикада өткiзiлетiн ашық тәжiрибелiк-конструкторлық және жобалық-технол. жұмыстар мен олар бойынша есеп беру құжаттарын мемл. тiркеудiң бiрыңғай тәртiбi бекiтiлдi. Осылай, ҒТТКЖ-дi қаржыландыруды бағдарламалық-мақсатты әдiске көшiрудiң нормативтiк-құқықтық негiзi жасалды.
Республика ғыл.-тех. саласы жүргiзген жұмыстардың қорытындылары 1998 ж. ақпанда Астана қ-ндағы көрмеде көрсетiлдi. Елде машина жасау, атом өнеркәсiбi мен энергетиканы дамыту жөнiнде мемл. бағдарламалардың жобалары жасалды. Республика тау-кен металлургиясы кешенiн дамытудың тұжырымдамасы жасалды. Түрлi мақсаттағы жоғары тиiмдi катализаторлар, қоңыр және тас көмiр, тақта тасты сұйылтып қайта өңдеу кезiнде алынатын синтет. мұнай мен оны өңдейтiн шағын з-ттар жобалары жасалды. Астық пен күрiштiң жаңа сорттары шығарылды. Түрлi пайдалы қазбаларды iздеу мен өндiрудiң және ұтымды пайдаланудың тиiмдiлiгi жоғары әдiстерi мен тәсiлдерi анықталды. Әр түрлi үлгiдегi аспаптар — жылу және электр есептегiштер, жылу энергиясын, ыстық және суық суды есептеу аспаптары мен қызметкерлердi жедел мед. куәландыру, т.б. аппараттары өндiрiске енгiзiлдi. Алғаш рет отандық компьютерлер мен бiрқатар өндiрiстiк және тұрмыстық мақсаттағы электрондық құрылғылар шығарылды. 1998 жылдың соңына дейiн 30 шағын кәсiпорын мен өндiрiстер ұйымдастырылды. Республика ғалымдары мемл. басқару процестерiн қамтамасыз етуге белсендi үлес қосты: көне дәуiрлерден бастап бүгiнгi күнге дейiнгi қазақ философиясының тарихы, шығыс пен батыс мәдениетi ықпалдасуы контексiнде жаңа философия мен ғылым методологиясы, Қазақстан Республикасындағы конституциялық процестiң дамуы, еуроазиялық интеграция, геосаясат, демогр. даму болжамы жасалды. Каспий т-нiң құқықтық мәртебесi, аймақтардың өндiрiстiк күштер құрылымын оңтайландыру мен халықты тiршiлiктiк қамтамасыз ету жүйесi, М.Әуезов шығармаларының 50 томдық академиялық толық жинағын дайындау мақсатында көптеген ғыл.-зерттеу жұмыстары атқарылды.
ҚР Үкiметi жанынан iргелi және қолданбалы ғылым мен техниканы дамытудың мемл. басымдылықтарына және болжам жасауға жауапты консультативтi-кеңес органы болып саналатын Жоғары ғыл.-тех. комиссия (ЖҒТК) құрылды. ҚР Үкiметiнiң 1998 жылғы 14 сәуiрдегi “Академик Қ.И. Сәтбаевты мәңгi есте қалдыру туралы” Қаулысына сәйкес 1999 ж. бiрқатар мерейтойлық шаралар өткiзiлдi. Қ.И. Сәтбаевтың туғанына 100 жыл толу мерекесi ЮНЕСКО қолдауымен өткiзiлетiн мерейтойлар санатына қосылды. 1999 ж. 15 — 23 сәуiр аралығында Париждегi ЮНЕСКО бас пәтерiнде аса көрнектi ғалым, акад. Қ.И. Сәтбаевтың 100 жылдығына арналған халықар. ғыл. симпозиум өттi. Симпозиумда “Қазақстан ғылымы өткен шақтан болашаққа” деген атпен көрме ашылып, “Қазақстандағы ғылыми ой-пiкiрлер тарихы”; “Қ.И. Сәтбаев — көрнектi ғылым ұйымдастырушысы”; “Қазақстанның геологиялық ресурстары”, “Минералдық шикiзаттарды өңдеу” және “Ауыл шаруашылық ғылымдарының жетiстiктерi” деп аталатын бөлiмдер жұмыс iстедi. Сондай-ақ “Қазақстан және ғарыш”, “Ядролық физика”, “Қазiргi заманғы байланыс құралдары”, “Өмiр сапасы”, “Қазақстан республикасындағы жоғары бiлiм”, “Перспективтi ғылыми жобалар” деп аталатын тақырыптарда материалдар қойылды. 1999 ж. 26 маусым мен 1 шiлде аралығында Будапештте ЮНЕСКО және Халықар. ғыл. қауымдастықтың бастамасымен “21 ғасырдағы ғылым. Жаңа мiндеттер” тақырыбына дүниежүз. конференция өттi. 2000 ж. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулысымен ғыл.-тех. саланың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге және ғыл.-тех. потенциалдың қалыптасуына бағытталған, экономика мен оның қорларының қазiргi заманғы инновациялық талаптарына жауап беретiн ҚР-ның ғылым және ғыл.-тех. саясатының тұжырымдамасы мақұлданды.
Қазақстан Республикасы Президентi мен Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қолдауымен, сондай-ақ ЮНЕСКО-ның бiрлесуi арқылы Астана мен Алматы қ-нда 2000 ж. 11 — 14 мамыр аралығында “Үшiншi мыңжылдық ғылымы” атты халықар. конференция өткiзiлдi. Түркiстан қ-ның 1500 жылдығын тойлау шеңберiнде 20 — 21 қазанда “Қазақстан мен Түркi әлемiнiң рухани тарихындағы Түркiстан және Қожа Ахмет Иасауи” халықар. ғыл.-практик. конференциясы өткiзiлiп, оның жұмысына Қазақстан мен таяу және алыс шет елдерден келген 200-ден астам ғалымдар мен мамандар қатысты. ЮНЕСКО шеңберiнде атап өтiлген бұл шараның соңы Париждегi ЮНЕСКО бас пәтерiнде Қазақстан делегациясының қатысуы арқылы өткiзiлген “Түркiстанға 1500 жыл” деп аталатын дөңгелек столмен аяқталды. 2001 ж. 2 ақпанда Алматы қ-нда бiлiм және ғылым қызметкерлерiнiң съезi өтiп, онда Қазақстан Республикасының Президентi Н.Ә. Назарбаев баяндама жасады. Президент өз баяндамасында Қазақстан үшiн елдiң әлеум.-экон., рухани дамуы факторында отандық ғылымды қайта құрудың өмiрлiк маңызы бар екендiгiн атап көрсеттi. ҚР-ның 2001 ж. 12 шiлдеде қабылданған “Ғылым туралы” Заңы ғылымды басқаруды одан әрi жетiлдiрудiң, инновация мен зерттеу процестерiн ұйымдастырудың, кадрлар даярлаудың, отандық ғылымды әлемдiк ғыл. қауымдастыққа интеграциялаудың негiзiн қалаушы құжат болды. Бұл заң ғылым және ғыл.-тех. iс-әрекеттер саласындағы қоғамдық қатынастарды үйлестiруге бағыттала отырып, мемл. ғыл.-тех. саясаттың принциптерi мен негiзгi мақсаттарын, оны жүзеге асыратын мемл. өкiлеттi органдарды айқындайды және нарықтық қатынас жағдайындағы ғылымның жаңа ұйымдық формасының дамуын, ғылым саласындағы субъектiлердiң мiндеттерi мен құқықтарын белгiлейдi. Ғыл.-зерттеу ин-ттарының материалдық-тех. базасын нығайту мақсатында, ғыл. зерттеулер үшiн бiрегей құрал-жабдықтар сатып алуға, ғыл. мекемелердi қазiргi заманғы компьютерлiк техникамен жарақтандыруға бағытталған “Ғылыми мекемелерге құрал-жабдықтар сатып алуды республикалық деңгейде қаржыландыру” туралы жаңа бюджеттiк бағдарламаға сәйкес алғаш рет қаржы бөлiндi.
Соңғы жылдардағы ғалымдар жүргiзген ғыл. зерттеулер отандық ғылым мен технологияның бәсекелестiк мүмкiндiктерiн жоғары көтеретiн жаңа iргелi бiлiмге бағытталынып келедi. Ғылыммен тығыз байланысты өндiрiстердiң қалыптасуы үшiн ғыл. базалардың құрылуы табиғи және минералды ресурстарды ұтымды пайдалану, жаңа материалдар мен препараттар жасау, техногендiк қалдықтарды қайта өңдеуге тарту, тау-кен металлургиясы кешенiнiң тұрақты жұмыс iстеуi мен тиiмдiлiгiн көтеру, молекулалық және клеткалық биология нәтижелерiн биотехнологияда, медицинада, а. ш-нда қолдану, денсаулық және тамақтану сапасы, телекоммуникация мен байланыстың қазiргi заманғы жүйесiн құру, атом энергетикасын дамыту сияқты қажеттi шаралардан тұрады. Қазiргi уақытта 36 ғылыммен тығыз байланысты өндiрiстерге арналған конструкторлық-жобалық және тех.-құжаттық жұмыстар дайын. Отандық технологияны пайдалану негiзiнде жылына 15 млрд. доллардан астам өнiм беретiн деңгейге жетуге мүмкiндiгi бар елдегi химия және мұнай химиясы өнiдiрiстерi мен мұнай, газ және көмiр өңдеу бойынша бәсекеге қабiлеттi және тиiмдi құрылыстарды кеңейту мен жаңарту көзделiнуде. Тәуелсiздiк жылдарындағы кезең ғылымды ұйымдастыру мен ғыл. шығармашылық процестi басқарудың жаңа тәсiлдерiн енгiзу, ғалымдар iс-әрекетiне қолайлы жағдай туғызу, ғыл. кадрлардың жаңа буынын даярлау, бiлiм мен ғылымды интеграциялаудың барынша оңтайлы жүйесiн iздестiрумен сипатталады. Қазақстанның аграрлық ғылымын басқару түрлерi бiрнеше рет өзгерiске ұшырады. 1941 ж. В.И. Ленин атынд. Бүкiлодақтық а. ш. ғылымдары академиясының (ВАСХНИЛ) Қазақ бөлiмшесi құрылды, ол 1957 — 62 жылға дейiн Қазақ а. ш. ғылымдар академиясы деп аталды. Кейiн агр. саладағы ғыл.-зерттеу ин-ттары А. ш. мин-нiң (1962 — 71) және ВАСХНИЛ-дiң Шығыс бөлiмшесiнiң (1971 — 90) құзырында болды. Қазақстан Президентiнiң 1990 жылғы 14 желтоқсандағы жарлығына сәйкес ВАСХНИЛ-дың Шығыс бөлiмшесi мен респ. және одақтық бағыныстағы ғыл.-зерттеу мекемелерi негiзiнде қайтадан Қазақ а. ш. ғылымдар академиясы құрылды. 1996 ж. Қазақ а. ш. ғылымдар академиясының базасы негiзiнде Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық агр. зерттеулер орт. (ҚР ҰААЗО) құрылып, оған елдiң агроөндiрiстiк кешенiн ғыл. зерттеулермен қамтамасыз ету мiндетi жүктелдi. Жалпы алғанда ҚР агр. ғылым жүйесiнде 3372 инж.-тех. және ғыл. кадрлар қызмет етедi, 1383 ғыл. қызметкердiң iшiнде 130 ғылым докт., 540 ғылым канд. бар (2002). Агроөндiрiстiк кешендi ғыл. зерттеулермен қамтамасыз ету мәселелерiмен 29 ин-т, олардың екi филиалы, 18 а. ш., орман және малдәрiгерлiк ст-лар, 38 тәжiрибелiк-эксперименттiк кәсiпорындар, респ. а. ш. ғыл. кiтапханасы, “Бастау” ғыл. басылым редакциясы, сондай-ақ, елдiң бiрқатар жоғары оқу орындары айналысады.
Агр. ғылымдар орталықтарының негiзгi мiндеттерi: агроөнеркәсiп кешенi саласында ғыл.-тех. прогрестi жеделдетуге бағытталған iргелi және қолданбалы зерттеулердi жүргiзу; агроөнеркәсiп кешенiндегi экон. реформалардың ғыл. негiздерiн жасау; жоғары өнiм беретiн өсiмдiктердiң сорттары мен гибридтерiн, жануарлар тұқымдарын алу; а. ш. жануарларының, өсiмдiктерi мен микроорганизмдерiнiң құнды гендiк қорын сақтау, дамыту және қолдану; а. ш. өнiмдерiн өндiру, өңдеу және сақтау үшiн ресурс үнемдейтiн жаңа технологиялар, машиналар мен құрал-жабдықтар жасау; ауыл, орман, су және балық ш-н кешендi механикаландыру, электрлендiру мен автоматтандыру үшiн машиналар жүйесiн қалыптастыру, техника мен қалпына келтiрiлетiн энергия көздерiн тиiмдi пайдалану әдiстерiн жасау; а. ш-нда табиғи ресурстарды тиiмдi пайдаланудың ғыл. негiздерiн жасау; агроөнеркәсiп кешенiнiң барлық салалары бойынша жоғары бiлiктi ғыл. кадрлар даярлауды ұйымдастыру; тәжiрибелiк-эксперименттiк кәсiпорындарда а. ш. дақылдарының жаңа сорттары мен гибридтерiн (будандарын), жаңа технологияларды, машиналар мен құрал-саймандарды өндiрiстiк сынақтан өткiзу; а. ш. дақылдарынының жоғары өнiмдi тұқымдарын, жануарлар тұқымдары мен тұқымдық топтарын көбейту және өткiзу; ғыл. жетiстiктер мен бiлiмдердi насихаттау және тарату. Жоғарыда аталған бағдарламаларды жүзеге асыру шеңберiнде соңғы жылдары а. ш. ғыл. мекемелерi өндiрiске төмендегiдей негiзгi ұсыныстар енгiздi: агроөнеркәсiп кешенiн экон. дағдарыстан шығару iс-шаралары ұсынылған; шаруа қожалықтарының аймақтық үлгiлерi жасалып, оларды дамытуды мемл. қолдау шаралары ұсынылды; а. ш. дақылдарының 193 сорты мен гибридi жасалып, мемл. сынақтан өттi, 277-сi мемл. сынақтан өтуде; қазақстандық сұрыптаудың жоғары сапалы сұрыптамалары пайдаланылып, ел аймақтары бойынша тұқым өсiрудi ұйымдастыру құрылымы жасалды; жыл сайын дәндi дақылдардың 25 мың т, майлы өсiмдiктердiң 800 — 900 т, көп жылдық өсiмдiктердiң 450 — 500 т, картоптың 4,5 — 5,0 мың т сапалы тұқымдары өндiрiлiп, сатылады; а. ш. жануарларының 14 жаңа типi, түрлерi мен тұқымдары өсiрiлiп сынақтан өткiзiлдi; ауылда болып жатқан өзгерiстердi ескере отырып, жануарларды тұқымдық аудандастырудың жаңа жоспары құрылды; мал ш. салаларында малдәрiгерлiк жағдайды жақсарту мақсатында 10 вакцина, 9 диагностикум және 3 емдiк препарат жасалды; ин-ттардың тәжiрибелiк-эксперименттiк кәсiпорындарында елде бар а. ш. өсiмдiктерi, жануарлары мен микроорганизмдерiнiң гендiк қоры сақталған; 35 жаңа машиналар мен қондырғы, тракторлар мен комбайндардың агрегаттары мен бөлшектерiн қалпына келтiру бойынша 14 технол. процесс, технол.-жөндеу құралдарының 15 үлгiсi, жиналған астықты өңдеуге арналған 14 технол. жабдық жасалып, сынақтан өткiзiлiп, өндiрiске ұсынылды; өсiмдiк ш-н кешендi механикаландыруға арналған машиналар жүйесi ұсынылды; машина-технол. ст-ларды (МТС) ұйымдастыру бойынша ұсыныстар берiлдi; жергiлiктi шикiзат негiзiнде емдiк-сауықтыру қасиеттерi бар 5 жаңа тағам өнiмi, сыра мен шараптың 3 жаңа түрiн өндiру технологиясы жасалды; халықар. талаптарға сәйкес тамақ өнiмдерi мен шикiзаттың негiзгi түрлерiне Қазақстанның 42 стандарты жасалып бекiтiлдi; зерттеу нәтижелерiне Қазақстан Республикасының 173 патентi және 58 авторлық куәлiгi берiлген. 2002 ж. желтоқсан айында Қазақстан Үкiметiнiң қаулысымен ҚР Ұлттық академиялық агр. зерттеулер орт. таратылып, оның қарамағындағы ғыл.-зерттеу ин-ттары шаруашылық жүргiзу құқығындағы ғыл.-өндiрiстiк орталықтар мен ғыл.-зерттеу ин-ттары болып қайта ұйымдастырылды.
Қаз.энциклоп. 5 том

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет