Құлан (лат. Equus hemionus) – тақтұяқтылар отрядына жататын жабайы жылқы. Сыртынан қарағанда құланның есекке де (басы үлкен, құлағы ұзын, құйрығы қысқа, кекілі жоқ, жалы тік), жылқыға да (жүріс-тұрысы ширақ, дене бітімі сымбатты, сирақтары ұзын) ұқсайтын ерекшелігі бар. Дене тұрқы 210 – 240 см, шоқтығының биіктігі 112 – 126 см, салмағы 190 – 260 кг аралығында. Түсі сарғыштау, жотасында қара қошқыл жолағы болады, құйрығының ұшы қара, бауыры мен сирақтары ақшыл келеді. Жыныстық жағынан 2 – 3 жасында жетіледі. Маусым – шілде айларында күйлеп, 11,0 – 11,5 айдай буаз болып, мамыр – маусым айларында құлындайды. 20 ғасырдың алғашқы жартысына дейін құлан Қазақстанның жазық даласында үйір-үйірімен топтанып жүрген. Қазір Қазақстанда 2,0 мыңдай құлан бар (2004). құланның саны дүниежүзінде жылдан-жылға азаюына байланысты қорғауға алынып, Халықаралық табиғат қорғау одағының және Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген.
Достарыңызбен бөлісу: |