Қазақстанның жер ресурстары/ Земельные ресурсы Казахстана. – 2012. №5. – Б. 17-19 Күрішбаев А



Дата13.06.2016
өлшемі62.49 Kb.
#132858
Қазақстанның жер ресурстары/ Земельные ресурсы Казахстана. – 2012. - №5. – Б. 17-19

Күрішбаев А. С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникальқ университетінің ректоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, Ресей ауыл шаруашылығы ғылымы академиясының академигі.
Аграрлық-инновациялық кешен кешеуілдемеуі қажет
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз Жолдауында мемлекет алдындағы айқын міндеттердің бірі - ел экономикасын инновациялық тұрғыдан дамытуды тездетіп қолға алуды тапсырды. Қоғам үшін аса маңызды осы міндет орындалғанда ғана экономикамыздың дамуы жаңа тарихи, серпінді деңгейге көтерілмек. Әлемдік жаһандану жағдайында өндірісте тек озық технологиялар мен инновацияларды енгізген мемлекеттер ғана бәсекеге қабілетті болып, дамудың жаңа деңгейі саналатын «ақылды» экономиканы қалыптастыруға көшеді. Ал, осындай маңызды міндеттерді жүзеге асыру үшін ғылымның дамуына баса көңіл бөлу қажет.

Бүгінгі таңда еліміздің ғылымды жаңа қарқынмен дамыту жолындағы бастамалары жеміссіз емес. «Ғылым туралы Заң» қабылданып, тиісті нормативтік актілер бекітілді, ғылыми жобаларды бюджеттік қаржыландыру көлемі едәуір ұлғайды. Жаңадан құрылып жатқан өндіріс орындарында инновация мен заманауи технологияға деген сұраныс күннен-күнге артып отыр. Алайда, бұл жерде көптеген ғылыми ұсыныстарды шетелге шығару мүмкіндігінің шектеулігіне байланысты мәселелер бар.

Мәселен, аграрлық ғылым өнімі, ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің сорттары, жануарлардың тұқымы, агротехнологиялар белгілі бір топырақтық-климаттық жағдайлар мен табиғи аймақтарға бейімделіп жасалады. Ал, әр елдің топырақтық-климаттық жағдайы әртүрлі екендігі белгілі. Олай болса, шетелден әкелінетін ғылыми әзірлемелерді еліміздің топырақтық-климаттық жағдайына бейімдеу - басты шарт болғандықтан да оны орындау үлкен ғылыми еңбекті қажет етеді. Аграрлық ғылымның даму көрсеткіші осы өсімдік сорттарымен, жануарлар тұқымдарымен бағаланса, бұл бағыттағы жұмысты бір жолға қоймай, ауыл шаруашылығын тиімді дамыту мүмкін емес, ондай сала бәсекеге қабілетсіз.

Мәселен, Канадада өндірісте қолданылатын ауылшаруашылық өнімдердің сорттары екі-үш жыл сайын жаңартылып отырады. Нәтижесінде, өнім шығымы мен сапасының өсуінен, жоғары сорттар пайда болады. Осылайша канадалық бидайдың бәсекеге қабілеттілігі ғылымның даму деңгейімен алдын ала реттеледі. Ал бізде көптеген сорттар өндірісте 10-20 жыл бойы қолданылады және де олардың көпшілігі биотехнологиядағы заманауи технологияларды қолданбай, классикалық тәсілмен шығарылады. Сол себептен, бізде соңғы жылдары майлы, бұршақты дәнді дақылдар мен жем-шөп өнімдерінің құрғақшылыққа төзімді сорттарының жетіспеушілігі байқалуда. Бұл жағдай егіс алқаптарының құрылымын диверсификациялау секілді өзекті мәселені жүйелі шешуге кедергі келтіруде.

Дәл осындай мәселе мал шаруашылығында да орын алған.

Қазірде республикамызға аса қымбат, асылтұқымды малды шетелден әкелуге мәжбүр болып отырғанымыз жасырын емес. Егерде осы түліктер келешекте селекция үдерісінде пайдаланылмаса, көрші елдердегі жағдай бізде де қайталанады, яғни біз бұл генофонды жойып аламыз.

Сонымен бірге, өтпелі кезеңде ғылымға бөлінетін қаржының қысқартылуы да оның даму көрсеткішіне кері әсерін тигізді, нәтижесінде еліміз бүгінде ғылымның көп бағыты бойынша өз бәсекелестерінен анағұрлым артта қалып келеді. Осындай қиын жағдайдан шығар жол, агроөнеркәсіптік кешенді (АШК) ғылыммен қамтамасыз ету бағытында түбегейлі шешімдер қабылдау болып табылады. Бұл шешімдер ғылыми-зерттеу институттарын қаржыландыруға ғана емес, аграрлық ғылымды басқару және ұйымдастыру құрылымын жетілдіру жолындағы шараларға да қатысты болуы шарт.

Сонымен қоса, аграрлық жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының арасында тиісті дәрежедегі байланыстың жоқтығы да бұл саладағы жұмысты ақсатып отыр. Ғылыми-зерттеу мекемелерінің ғалымдары, негізінен, тек зерттеу жұмыстарымен шұғылданады, ал жоғары оқу орындарының ғалымдары көбіне оқытушылықпен ғана айналысады. Олардың осылайша кеңес дәуірінен қалыптасқан бір-бірінен оқшау қызмет ету жағдайын өзгертіп, білім мен ғылымды ұштастыра байланыстыра білсек, көптеген мәселелер шешімін табар еді. Ол үшін дамыған елдердің тәжірибесіне көңіл аударып, соған сүйену керектігі - уақыт талабы.

Дамыған елдердің тәжірибесінде, білім беру мен ғылым - біртұтас жүйеде, бір-бірінен ажыратылмай қарастырылады. Ағылшын немесе америкалық университеттердің ректорлары «сіздің оқытушыларыңыз ғылыммен шұғылдана ма?» деген сауалға түсінбестікпен қарайды. Өйткені, бұл елдерде жоғарғы оқу орыны оқытушысының ғылыми зерттеу ісімен айналыспауы мүмкін емес. Сөйтіп, ғылыми-зерттеу арқылы алынған білім сабақ барысында студенттерге беріледі, яғни білім мен ғылым үйлесімді да-миды. Бұл университет студенттері бастапқы курстарда теориялық білім алып, кейінгі курстарда ғылыми зертханалар мен тәжірибелі ғылыми-зерттеу институттарының базасында білімін шыңдайды. Әрі әрбір студенттің ғылыми жетекшісінің болуы міндетті саналады. Көріп тұрғанымыздай, батыстың білім беру жүйесі заманауи теориялық және тәжірибелік білімді меңгеруге ғана емес, әрбір білім алушының жеке мұмкіндігін жүзеге асырып, оның генетикалық әлеуетін ашуға бағытталады. Сонымен қоса, мұндай жүйе, жалпы, ғылыми кадрларды даярлауда және ғылыми зерттеуді ұйымдастыруда аса тиімді тәсіл болып табылады. Ал біздің студенттеріміз қажетті теориялық, тәжірибелік дағдыны толық меңгермегендіктен және жаңа ғылыми білімнен шеткері қалғандықтан, олардың білімі көбіне тар шеңберден аспайды.

Ғылым саласында мұндай мақсатты жұмыстар қолға алынып жатқан кезеңде «қазіргі аграрлық ғылым мен білімнің шынайы көрінісі қандай?» де-ген сұрақтың тууы заңдылық. Аграрлық ҒЗИ-да 77 ғылым докторы және 495 ғылым кандидаты еңбек етеді, ал үш аграрлық оқу орны - Ұлттық аграрлық университет, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде 202 ғылым докторы және 673 ғылым кандидаты бар. Аграрлық ҒЗИ-дағы ғылым докторларының орташа жасы - 61, ал университеттердегі ғылым докторларының орташа жасы 54 -ті құрайды. Осыдан-ақ, біздің қолда бар ғылыми әлеуетті тиісінше пайдаланбайтындығымыз байқалады. Аграрлық ҒЗИ-ға ғылыми кадрлар жетіспеушілігі бар. ЖОО-ның ғылыми әлеуеті бұл жұмыстардан сырт қалып келеді.


Аграрлық ғылым мен білім мекемелерін басқарудың

ортақ жүйесі кажет
Аграрлық ғылым мен білімнің шынайы байланысын қалыптастыру үшін бізге тар ауқымда ғана ойланбау керек. Аграрлық ҒЗИ және ЖОО басшылары меншік түріне қарамастан, мемлекеттік міндет - жоғары білікті кадр даярлау мен ғылыми қызметті дамыту жолында жүйелі жұмыс жасау керек. Ол үшін бұл мекемелерді басқарудың ортақ үйлесімді жүйесінің болуы қажет. Бұл ретте, ерекше атап өтерлік жайт, мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев Астанада білім, ғылым және инновацияны ортақ кластерге біріктіретін Назарбаев университетін құрып, елдің ғылыми жүйесін қалай қалыптастыру керектігін іс жүзінде көрсете білді.
Шетелдік ғалымдарды тартудан қашпайық
Еліміздің аграрлық ғылымын әлемдік деңгейге көтеру үшін шетелдік ғалымдар тәжірибесіне сүйену керектігін мойындауға тиістіміз. Өз кезегінде басқа елдер де бір кездері осындай жағдайды бастан кешірген. Оның айқын мысалы - өткен ғасырдың 40-50-жылдарындағы Мексиканың жағдайы. Бұл ел азық-түлікті толықтай сырттан алғандықтан, аграрлық ғылымы мүлдем тұралап қалған болатын. Мәселенің шешімі, ел ғалымдарын ынталандырып, шетелден ғалымдарды тарту мақсатына қомақты қаржы бөлуден басталды. Мексикада әлемге әйгілі ғалым, кейіннен Нобель сыйлығын иеленген Н. Барлаугтің жетекшілігімен ғылым-білім орталығы құрылып, онда шетелден шақырылған ғалымдардың табысты еңбек етуіне жағдай жасалды. Нәтижесінде, ғылым жоғары деңгейге көтеріліп, өндіріске керекті ғылыми әзірлемелер пайда болып, отандық ғылыми мектеп қалыптасты. Сөйтіп, әлемдегі азық-түлік өндірісі екі есеге артып, шамамен миллиард адамның өміріне араша болды. Бұл тәжірибені бізде де отандық аграрлық ғылымды жаңа белеске шығару үшін пайдалануға болады. Екіншіден, бүгінде Ресейде «Сколково» инновациялық орталығы құрылуда. Бұл - жаңа технологияларды әзірлеу және коммерцияландыру бойынша заманауи ғылыми-технологиялық кешен болмақ. Мұнда Ресей экономикасын модернизациялаудың басым салаларында жұмыс істейтін компаниялар үшін ерекше экономикалық жағдай жасау жоспарлануда. Қазақстанның аграрлық саласы үшін бұл тәжірибені де қолданып, өз «Сколковомызды» құруға толық мүмкіндік бар.
Елбасы тапсырмасы аяқсыз қалмаса екен
Осыдан үш жыл бұрын Елбасы Шортанды елді мекенінде халықаралық ғылым-білім орталығын ұйымдастыруды тапсырған болатын. Жоба бойынша онда отандық ғалымдармен бірге жұмыс істеуге шетелден ғалымдар шақырылуы жоспарланған еді. Бұл - қызметкерлер үшін лайықты баспанасы бар, заманауи ғылыми және эксперименталды базасы, өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы, ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу бойынша зертханалары дамыған, заман талабына сай ғылыми-инновациялық орталық болатыны анық. Ғылым магистрлері, PhD докторлары, жоғары курс студенттері де осында білім алатын еді. Алайда, бұл орталықтың жобалық-сметалық құжаттары екі жыл бұрын әзірленсе де, өкінішке қарай, мәселе әлі күнге дейін тек жоспар күйінде қалып отыр. Ал, бұл аграрлық ғылымның даму қарқынына кері әсер етуде. Бір мезгілде осындай білім, ғылым және инновация орталығын республикамыздың оңтүстігінде -Алматы қаласының жанындағы Қарасай ауданында да салу жоспарланған еді. Сондықтан да құзырлы органдар еліміздің ірі аймақтарында қоғам игілігі үшін жұмыс істейтін мұндай кешендер салу ісін жеделдетсе, аграрлық ғылымның дамуы жаңа серпін алып, еліміздің агроөнеркәсіптік кешенінің қуаты артар еді.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет