Алғашқы жеңіс
Орыс пен монғол арқа сүйеген бандит Шың Сысайдың тұмсығы тасқа тиді. Жеті мыңнан артық армиясынан айрылды. Қару күшімен бізді ала алмаған Шың Сысай енді айырплан мен жер-жерге қағаз тастап келісім жасауды талап ете бастады.
Біздің 47 реткі соғысымыз бізге тісін қайраған қаһарлы жауларды, күшті менен тістіні, бандит Шың Сысайды жеті қабат жердің астына түсіріп жібергендей болды.
Жан қалтасынан саясат шығарып орыс пен монғолға арқасын сүйеп, дәуірлеп, айқұлақтанып жердің миын шығарғысы келіп тұрған бандит Шың Сысай енді сұлу әйел бейнесіне кіре қалды.
1940 жылдың басында ауыр зиян тарттық. Ал оның күзінде зор табысқа қол жеткіздік. Көктемде 4.500 үйден астам семья ауып Бұлғын жазығына бардық. Осында 25 мыңға таяу адам едік. Осыдан 11.000 адам бомбалауменен өртке және үш мемлекет армиясының зеңбірегінің жеміне кетті. 2.400-ден астам бала бесігімен өртке кетті. (48) 1940 жылы 6 ақпан күні Жұ Ұянжаң мен Көктоғай шәнін мылтық береміз деп алдап, көк қасқа тай сойып, 40-тай адамды бауыздап тастадық. Сол күннен бастап бүгінгі ең соңғы шайқас Ышқынтыдағы қанды қырғын 47 реткі шайқасымыз болып жау адамдарынан 7.000-нан астам адамын жойдық.
Осы билікке қол жеткізу үшін елге қайтып келгеннен кейін алдымен ел ішінде мұғалім болып тыңшылық істеген залымдардан 12 адамды атып тастадық. Бұл тәсіл елдің басын қосудың ең тамаша шарты болды. Осылайша ел бірлігін сақтау арқылы ең соңғы күнде үлкен нәтижелерге қол жеткіздік.
Бізден өлген құрбан аз болмады. Осы жолғы шайқаста Сүлеймен әскерінің әр үш адамнан екеуі шәйіт болды. Олардың атын атап отырмадым. Соғыстарда Ырысханның саяси басшылығы, Сүлеймен, Оспан қатарлы жан аямаған жүздеген мергендер мен батырлар шешуші рөл ойнады.
Тыңшыларды тазалау үшін ең алдымен Ырысханның бұйрығымен Оспан Сарсүмбе мен Көктоғай арасын кесіп тастауға кеткен еді. Көктоғай мен Сарсүмбе арасында Қытайдың почта орны болып онда қазақта болып жатқан уақиғаларды қытай бандиттеріне жеткізіп тұрған Саржас дейтін бес үйлік монғол көп рөл ойнап отырған. Оспан ең алдымен осы бес үйді біртұтас қылмысын мойнына артып атып тастады. Өйткені, олар қытайдың сол жердегі қарауылына мәлімдеп бес үйлік ителіні қырғындатқан-ды. Оған қарата осы жауап істелген еді.
Бұлардың сыртында Сартоғай шайқасы, Күмістегі шайқас, Ағашобадағы шайқас (49), Моншықтағы шайқас, Жарынтыдағы шайқас, Бұлғын жалпағындағы шайқас, Өкбедегі шайқас, Көк Адырдағы шайқас, Қаптықтағы шайқас, Бәйтік тауларындағы шайқастар, Дабысындағы шайқас, Бұтамойындағы шайқас, Үш Арғылтайдағы шайқастар болып жау әскерлерінен 1.984 адам өлтірілді. Сонымен бүкіл бандит Шың Сысай армияларынан 8.984 адам жоғалтылды. Бұның ішінде Монғолияның Мұса өлген жерде 47 адамдық бір қарауылын біртұтас қырып тастадық. [Бос]25 айырплан атып түсірдік. Дөңті шайқасында орыстың бір батальон әскерін жойдық. Атақты Сары атты Зубатов полковникті ұрып өлтірдік. Генерал Банке он адамымен оңашада атып тасталды. Соңғы Ышқынты шайқасында Генерал Разборов өлтірілді.
Соңғы бітімде орыстар генералдарының басын сұрады. Генерал Банкенің сүйегін бердік. Разборовтың сүйегін бермедік. Өйткені ол соғыс қылмыстысы еді. Көктоғайдағы орыс елшілеріне Ырысхан:
- Сендер 1937 жылы Мәскеуге апарып өлтірген Бөкейханның, Ахмет Байтұрсынның басын әкеліп беріңдер, - деді. Бұл сөз сонымен тынышталып қалған еді.26
Соғыста бізден шығын көп болды. Бастапқы кезде біз қызыл қолмен қарсы шықтық. Құрал жүре – жүре қолымызға түсті. Түскен оқ, құрал-саймандар руларға таратып жастардың машықтануына беріп отырдық. Сөйтіп алдыңғы адам өлсе, артқы адам орнын басып отырды.
Соғысты соғыстан үйрендік. Жамандықты жамандықтан үйрендік. Уды умен қайтардық. Құтты Сұлубай27 айтқандайын:
Аспанда айырплан бытырлаған,
Қайласы бұл қытайдың артылмаған.
Біз қазақ малды баққан момын едік,
Соғысты бұрын көріп жатылмаған. (50)
Соғыс өнерін соғыстан үйреніп алдық. Мал бауыздаудан қорқатын момын қазақтар жауды тырнағымен бауыздауды үйреніп алдық. Бір кезде залым Мадарин Ырысханға:
“Жауға біткен көзің бар, дауға біткен сөзің бар.” дегендей Ырысхан осы жолы жауға біткен көзінің де, дауға біткен сөзінің де пайдасын көрсетті. Орыстар генералдарының басын сұрағанда оған да Ырысхан ғылыми жауап таба білді. Қазақтың ең соңғы бастығы Бөкейханның басын сұрады. Бұл неткен табылған жауап. Дұшпанды он мың баттам шоқпар мен бір салып ұрып жықты. Бірақ біздің жауымыз ұяттан екі мың үш жүз жыл бұрын туғандықтан, қазіргі заманда ондай жауды ұялту мүмкін емес. “Бізге тыныштық болса екен” деген жазуларды айырпланның астына жазып алып қызылды жасыл жалау тағып аспаннан енді қағаз жаудырды. Сол қағаздарда:
“Мылтық комиссарларының, шәндердің өлтірілуі солардың өз қылмысы. Үкімет барлық қылмыстарды өз мойнына алады. Үкімет пен халық болып әкелі балалы адамның қатынасындай тамаша қатынасымыздан айрылып қалдық. Соғысты тоқтаталық. Не тілектерің бар? Елші жіберейік” деп Шың Сысай атты айдаһардың аузынан бал тама бастады.
Оларда одан әрі: “Үкіметіміздің жүргізген саяси іс-шаралары құралды шайқастарға апарып соқтырды. Екі жағымызда орны толмайтын ауыр зияндарға кіріптар болдық. Қандай пікір талаптар болса да шешемін”, деп жазыпты.
Ырысхан барлық бастықтары мен әскер бастықтарын жинап бұл жағдайды оқып берді. Ырысхан:
- Қыс болса таяп келеді. Соғысты жалғасты жүргізіп бүтін Алтайды тартып аламыз ба, жоқ соғысты тоқтатамыз ба? (51) деп сұрады.
Шың Сысаймен тоқтам
Барлық адамдар ақылдаса келіп соғысты тоқтатуға мақұл болды. Шың Сысай таяу жылдар ішінде қойып келген талаптарымызды орындаса делінді. Ол талаптардың бастылары мыналар болатын:
-
Алтайдың барлық үкімет билігі қазақтардың қолында болсын.
-
Қару-жарақ өз қолымызда тұрады.
-
Бурылтоғай, Көктоғай, Шіңгіл үш ауданда қытай тұрмайды.
-
Жердің жаратылыс байлығы жергілікті ұлттың өзінде болады.
-
Қолға алып кеткен ел адамдарының тірісінің өзін, өлгенінің сүйегі берілсін.
-
Бажы, салықтарды Абақ Керей дәуірінің Шанлұң тұсынан асырмаймыз.
-
Ұлттық ішкі билік өзімізде болып, экономикалық қимылдарды өзіміз басқарамыз.
Бұл қаулы атақты “Табынбелшір қаулысы” деп аталды. Осы талаптар жазылғанда мен Ырысханның жанында едім.
Ырысхан әскери басшылардан Есімхан, Сүлеймен, Кәдірбай, Оспан төртеуін шақырып алды да:
- Маған 400 әскер шығарып беріңдер. Шіңгіл елін әкелейін. Сонсоң тоқтам жасалық. Барлық ел біздің қолымызда болсын. Сонда біз күштірек боламыз. Мен келгенше елді төртеуіңіз басқарып тұрыңыздар. Қарауылды мықты ұстау керек. Бейғамдық болмасын. Жау тәсілін жақсы түсіну керек. Тоқтам деп бейғамданып қалып жау қапыда қиратып кетіп жүрмесін, - деді.
Ертеңінде Ырысханның басшылығында 400 адам алып жолға шықтық. Ол әскердің бастығы мен болдым. Тұрғынның Ертіске құйған жеріне барып бекіндік. Ол жерден шығып Жалаңаш бұлақтың басына барғанымызда бір айырплан көрінді. Бұл күндері айырпландар таяп ұшатын жағдайдан қалып қойған болатын. Түнделетіп жүріп бір жүз адамды Ушаның маңын шалып келуге жібердік. Ушадан 300 ат айдап келе жатқан 30 әскерді қолға түсірдік. Сол әскердің ішінде келе жатқан бір қытай генералы бар екен. Біз енді жүргелі жатқанымызда арттағы елден Шақабай Жирен (52) ұлы Баттал хабар алып келді:
- Сіздер жүріп кеткеннен кейін, айырплан тағы да келіп қағаз тастады. Ол қағазды Жанымхан жазып: “Мен Көктоғай қаласына барамын. Сол жерге ел бастықтары келсін. Болмаса ат жіберіңдер, мен сіздер тұрған жерге барайын”, депті. Қайтеміз? - деп Сүлеймен батыр мені сіздерге жіберді, - деді.
Ырысхан:
- Ел бастықтарына Ырысханды таба алмадым деп бар. Және ел бастықтарына ақырын көп сәлем айт. Әзірше жауап бермесін. Біз Шіңгіл елін қолға түсіріп алған соң комиссиямен сөйлесеміз, - деп жауап беріп Батталды қайтарып жіберді.
Жаудан қолға түскен аттарды Сұптыға 30 адаммен айдатып жіберді. Сол түні жүріп Қозіке сайының аузынан өрлеп шығып таң ата Табын Сала, Көкбұқаға барып бекіндік. Кешінде Шіңгіл қаласына қарай жүрдік. Түнделетіп үлкен Қобдадан түсіп көпірдің аяқ жағынан өтіп аудандық үкіметті қоршауға алдық. Шәндік үкімет ертеден қорғаныс алғандықтан атыс берді. 100 әскермен жауды қоршап тұрып Шіңгіл еліне айдап қараңғы тоғайға апарып сол жерге елдің бас-аяғын жинадық. Елдің аяғына күзетші қойдық.
Ертеңінде тағы да бір айырплан келіп дорбамен қағаз тастады. Ол қағазда “Мен Жанымхан, келдім. Ел бастықтары Шіңгілдің аудандық үкімет мекемесіне келсін. Немесе маған ат алып келіңіздер”, депті. Біз ат апармай қойдық. Екі сағат өткеннен кейін қытайлар атқа мінгізіп Жанымханды алып келді. Жанымхан түсетін үй тігіп қойған едік. Жанымханмен аман-сәлем қылдық.
Жанымханның қорытынды пікірі мынау болды:
- Ырысхан сенің тілегіңді қабыл етті болып үкімет мені жіберді. Қытай үкіметі болған Шың Сысай маған ант беріп сендірді. Ал мен де Шың Сысайға сенімділік білдіру үшін ант бердім. Қозғалысты ең бірінші болып Есімхан бастаған. Бұл қозғалысты жүргізген Ырысхан сенің бауырың екен. Сен оларды сендір деп мені жіберді, - деді.
Біз жиын ашып әуелдегі ортаға қойылған талаптардың ішінен жеті ірі (53) үлкен пікірді, жиырма неше ұсақ тармақтар етіп ортаға қойдық. Олар мазмұн жағынан алғанда “Алтайдың ерікті үкіметі болуы, онда қазақтардың билік жүргізуі, қазақ тілінде оқу-ағарту болуы, қолға алған адамдардың тірісін, өлісінің сүйегін қайтару, жер байлығын орыстардың қазбауы, оның яғни жердін де, байлықтың да иелік құқығы қазақ қолында болуы, шаруашылық қимылдарды қытай райондарында қытайлардың өзі басқару, ұлттық райондарда қазақтардың өзі жүргізуі, мал бажыларының қысқартылуы, құрал-жарақтардың қазақтың өз қолында тұруы, қытай әкімшілік күштерінің өз білермендігімен ұлт райондарына суық тұмсықтарын тыға беруіне жол берілмеуі, демократиялық отандастықты жолға қою, бейбіт даму, бұқаралық тіршіліктердің үкімет пен халық арасында дұрыс сақталуы, адамдық қасиеттерге құрмет көрсетілуі” сынды пікірлерді барлық ел бастықтары тұс-тұстан келген өкілдерге айтып жатты.
Осы шарттарға Жанымхан қажы Шың Сысайдың қасам ішіп берген уәдесіне қарата қолына құран ұстап мойнына Дәлелхайрат салып ант берді. Сонымен Ырысхан қатарлы басшылардан бірнешеуін Көктоғайға алып жүрді.
Ырысхан кетер кезде әскери құқықты маған берді. Және маған орынбасар етіп Жақсыбай Сағынбайұлы (Шақабай), Әліпби Балғынбайұлын (Құлтайболат) етіп белгіледі. Жанымхан:
- Құралды бермесеңдер, үкімет сенбейтін жағдай туар ма екен? Құрал жоқ заманда да жан баққан едіңдер, құрал түсіру сендерге тым қиын іс емес екен. Құралды берсеңдер, - дегенді айтып жатты.
Ол одан әрі:
- Егер құрал беру мүмкіндігі болса, онда мен белгі беремін. Сол белгі бойынша құралды аяқтап тапсырып мүмкіндік алып қаласыңдар. Өйткені бұл қытай тарих бойғы сөз тұрмайтын арамза жіңішке саясатын қолданып жүруі мүмкін. Неше мың жылдап Қытайдың арамза саясаты қытай халқының қолын жеткізбесе де, ғылым мен өнерге сүйенбей, ұсақ қулыққа сүйеніп жан бағып келе жатқан дүниедегі ақылсыз халықтардың бірі еді, - деді. (54)
Жанымхан Ырысхандарды бірнеше адам лаулап Көктоғайға алып кетті. Сондағы жұртымыз Шіңгілдің Қараңғы Тоғай деген жерінде едік. Өткен жылғы соғыста бандит Шың Сысай үкіметі Ырысханның әйелі Жәукенді, баласы Битанды ұстап Сарсүмбеге алып кеткен болатын. Ырысханды Көктоғайға барған соң қаланың сыртындағы көк жасаңға тігіп қойған бір кигіз үйге түсіріпті. Онда әйелі мен баласы отырыпты. Ырысханнан хабар келген соң Сүлеймен, Есімхан, Кәдірбай, Оспан қатарлы әскери бастықтар да сол жерге келіпті. Көтерілісшілердің бастықтары да жиналды. Ал Үрімжіден Шың Сысайдың қайын атасы Чу Силиң, Бұқат Бейсі, Қалел тәйжі баласымен, Қалман Қазы, Шәри зәңгі, Нәзір тәйжі, Сақсайбай, Жақсыбай қатарлы адамдарды алып жетіп келді. Чу Силиң:
- Шың Сысай сіздердің тілектеріңізді қабыл етті. Алтайды өздеріңіз сұрайсыздар. Алтайды әкім ретінде Есімхан мен Ырысхан екеуің сұраңдар, - деді.
Сонда Есімхан, Ырысхандар:
- Біз екеуміз ондай үлкен үкіметті алып жүре алмаймыз. Алтайға уәлилік міндетін Бұқат пен Жанымхан жүргізсің. Шіңгіл ауданына Нәзір, Көктоғай ауданына Рахат, Бурылтоғай ауданына Нұрмұқамет, Алтай ауданына Қажынәби, Буыршын ауданына Әбілмәжін, Қаба ауданына Көкенай, Жеменей ауданына Мұқаш шән болсын, - деп пікір біллдірді.
Осының арасында Мәнкей, Ақыт, Баянбай, Дөнен, Өнерхан, Байқадам қатарлы адамдардың сүйегін алып келді.
Чу Силиңмен сегіз үлкен шартқа қол қойылды.28 Жүрерде Чу Силиң тұрып:
- Шың Сысайға не сәлемдеме бересіңдер? – деп сұрады. Біз де
- Сенім күшейе берсін. Шың Сысай дұрысырақ ойласын. Сәлемге мылтық берелік, - деп айттық. Бізден құрал алуға Бұқат, Дәлелхан келді. Ырысхан белгісін жіберіпті. Біз ол кезде Шанқанға келіп жамырай ақ жазыққа қонып ақбоз үйлерді тіккен шат көңілді тұрған едік. Бұқатқа үй тігіп қойғанбыз. Бұқатты күтіп алып (55) көк қасқа тай сойып қонақ қып 200 мырыш бесатар беріп оны Көктоғайға жеткізіп бердік. Ырысхан Чу Силиңге:
- Дубанға көп сәлем айтыңыз. Шың әпенді қорыққанда мылтық, оқ, қара дәріден қатты қорқушы еді. Бұл мылтықты біз жасай алмаймыз. Бірақ біз үшін бүкіл дүние жасап жатыр. Қажетті болған кезде ел қолынан мылтықты түсіріп ала білеміз. Алтайдың орманы түгелдей бізге құрал жабдық. Біз тұңғыш рет қайың шоқпармен жауды ұрып өлтіріп осы мылтықты түсіріп алған едік. Мына құралды Шың Дубанға апарып беріңіз. Біздің сізге берген жолдығымыз осы, - деді.
Ел адамдары да Чу Силиңге мынаны айтты:
- Шың Дубан жеріміздің топырағын иелеп алды. Оған үндемедік. Ел бастықтарын қолға алды. Оған да үндемедік. Алман салықтарды тарихта болмаған дәрежеде ауырлатып жүз қойдан төрт қой санап алды. Оған да шыдап тұрдық. Ең ақырда дінімізге шабуыл жасады. Бізді қытайландыруды көздеп діни кітаптарды жинап өртеді. Дәл осы жерге келгенде біз шыдап тұра алмадық. Таудағы бұғы мүйізі сырқырап еді, ойдағы бөкен мүйізі де ауырмай тұра алмады. Біз бұзылдық.
Ырысхан да:
- Елді бұзған Есімхан екеуміз. Егер соңғы тарихтарға күнәлі болатын адам қажет болса, онда оған тек Есімхан екеуміз ғана жауаптымыз, - деді.
Чу Силиң қайтып кетті. Ел іші көңілді. Елдің апшысын қуырып тұрған жол хат түзімі де жоғалды. Чу Силиң қарулы соғыстардың барлық зияндарын саламат деп жариялады.
Достарыңызбен бөлісу: |