Қазыналы қарашаңырақ



Дата07.07.2016
өлшемі36.34 Kb.
#183309
Арқада туды жас қала

Қазыналы қарашаңырақ


Бұл 1934 жылдың ақпаны болатын. Кешегі жұмысшы поселкесі Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитетінің қаулысымен қала мәртебесіне ие болды. Ақпанның 10-ы күні қол қойылған қаулыда «Қарағанды облысының Тельман ауданындағы таскөмір бассейнін пайдалану жөніндегі мемлекеттік трест құрылысының аумағында пайда болған елді мекенге «Қарағанды» атауы беріліп, қала болып өзгертілсін» делінген. Осылайша әркімнің аузында әртүрлі аталып, бір кездегі «Қарағандыбасы» деген сөз ұмытылып, оның орнына жеке-жеке орналасқан поселкелер Үлкен Михайловка, Ескі Тихоновка, Зеленая Балка, Копай город болып жалғасып кете баратын атаулар ортақ қала құрамына еніп, ендігі жерде солардың бәрінің басы қосылып Қарағанды деп аталатын болды. Бұл қаулы Арқа төсіндегі елді мекенге қала мәртебесін беруімен құнды, әрі ол «Қарағанды» атауын ресми түрде нақтылап бекітіп берді.

Егер осыдан сәл бұрын орталығы Үлкен Михайловка болып, 1931 жылы жұмысшы поселкесі құрылса, енді міне, араға небары үш жылды салып ол қала мәртебесіне ие болды. Бұл сол кездің өлшемі үшін зор жетістік болатын. Егер бүгінгі күннің биігінен сол үш жылдың ішінде атқарылғандарға шолу жасасақ, ауыз толтыра айтар ғаламат істердің жүзеге асқанын аңғарар едік.

Өткенде айтып кеткеніміздей, темір жол торабының келуі өңірдің шапшаң дамуына мүмкіндік берді. Темір жол Қарағандының бойына қан жүгіртті, барлық сала жедел ілгеріледі. Қадау-қадау істер шоғырының ең бастылары ретінде мыналарды тізуге болады. Айталық, 1931 жылы қуаты 260 квт. Қарағанды электр станциясы іске қосылып, су құбырының құрылысы басталады. Ендігі жерде мамандарды тек сырттан күтпей-ақ жергілікті жерде даярлауға да көңіл бөлінеді. Көмір өндірісі са-ласының мамандарын даярлайтын тау-кен техникумы ашылады.

Түрғындардың сауатын ашу, оларды саяси жағынан шыңдау бағытында да кең көлемді істер қолға алынып, жүзеге асырыла бастады. Сол 1931 жылы Қарағанды аймағында тұңғыш баспа өнімдері, жергілікті басылымдар өмірге келеді. Мәселен, Қарағанды аудандық партия комитетінің, поселкелік кеңестің және аудандық кәсіподақ кеңесінің органы болып табылған «Большевистская кочегарка» газеті 11 қыркүйекте жарық көрсе, араға айға толар толмас уақыт ішінде, атап айтқанда 4 қазанда қазақ тіліндегі «Қарағанды пролетариаты» газеті шығады. Бұл басылымдар кейін облыстық газеттерге айналған қазіргі «Орталық Қазақстан» және «Индустриальная Караганда» газеттерінің негізі болды. Сондай-ақ осы 1931 жылдың 7 қарашасынан эфирге тұңғыш рет Қарағанды радиосы шықты. Ол қазақ даласына Мәскеу мен Алматы үнін жеткізді.

Міне, Қарағанды қала мәртебесін алу қарсаңында осылармен бірге құрылыс, көмір өндірісі саласында да қыруар істер қолға алынып, жүзеге асырылып жатты. Қазақстан Үкіметі жұмысшы поселкесіне қала мәртебесін беру мәселесін ерте, сол 1931 жылы ақ көтеріп, Орталыққа ұсыныс жасаған. Соның бір мысалы ретінде ҮІІІ шақырылған ҚазОАК секретариатының 1931 жылдың 27 желтоқсанда өткен мәжілістің шешімін айтуға болады. Осы мәжілісте Арқа төсіндегі өндіріс ошағына айналып қалған елді мекенге қала мәртебесін беруге әбден болады деген тұжырым жасалған. Атап айтсақ, мәжіліс шешімінде «Қарағандыдағы қазіргі поселкелік кеңестің орнына ҚазОАК-не бағынатын дербес қалалық кеңес ұйымдастырылсын» деген жолдар бар. Осы қаулыны Мәскеу тек 1934 жылдың ақпанында ғана бекіткен.

Солай болғанымен Қарағанды сол 1934 жылға дейін де Қазақстан Үкіметінің шешімі негізінде қала ретіндегі дербес қызметін атқара берді. Оған дәлел ретінде 1932 жылдың шілдесінде өткен Қарағанды қалалық кеңесінің бірінші мәжілісін айтуға болады. Онда «Ағымдағы жағдай және қалалық кеңестің Кеңестер Одағының үшінші көмір базасының құрылысындағы міндеттер туралы» мәселе қаралған. БК/б/П Қазақ өлкелік комитетінің 1932 жылғы 13 қаңтардағы кеңейтілген пленумында «Қарағандыны бүкіл Қазақстан, барша Кеңес Одағы болып саламыз!» деген ұран көтерілді. Осының алдында, 1931 жылғы 26 желтоқсанда компартияның орталық органы «Правда» газетінде «Қарағанды Қазақстанда орналасқан» деген баспасөзге шолу материалы жарияланып, қаланың әлеуметтік-тұрмыс мәселесі қатты сыналған болатын. Соған орай пленумда Қарағандыдағы тұрғын ұй құрылысындағы қалыптасқан күрделі жағдай жан-жақты сөз етіліп, оны шешудің нақты жолдары қарастырылды. Осы негізде КСРО ХКК Ауыр өнеркәсіп Халық Комисариатына Қарағанды аумағының құрылысын осы комиссариаттың ерекше назарында болатын құрылыстар тізіміне енгізу туралы ұсыныс жасады. Сол негізде осы комисариат Қарағандыдағы тұрғын үй-коммуналдық құрылысқа 8 миллион сом бөлді.

Қарағандының қалыптасу кезеңінде еш қиындық кездеспеді, бәрі ойдағыдай өтіп еді десек, оны-мыз шындыққа жанаспас еді. Қаланың негізі қаланған жылдары тұрғындардың жағдайы өте қиын болды. Кәсіп іздеп босқан елді қабылдауға қаланың мүмкіндігі болмады. Ауыз су қат еді. Тазалықтың сақталмауынан түрлі жұқпалы аурулар өршіді. Сол кезден жеткен деректер цингамен ауырғандар саны 8 мыңға, асқазан-ішек ауруларына шалдыққандар саны 3,5 мыңға жеткенін мәлімдейді.

Бастапқыда жұмысшыларды жабдықтау мүлдем қанағаттанғысыз жағдайда болған. Мәселен, 1932 жылдың 25 мамырынан 1 маусымына дейінгі аралықта жұмысшыларға нан мен ұнның орнына тек жарма ғана берілген. Бір сөзбен айтқанда, сол кездегі елді жайлаған ашаршылық Қарағандыға да соқпай өтпеді. Солай десек те, кәсіп істеп жүргендердің өлместің күнін көруіне мүмкіндігі бар еді.



Міне, сол бір ауыр кезеңде Қарағанды қала мәртебесін алып, өз болашағына сеніммен қарады. Құрыш қолды еңбек адамдарының қажыр-қайратымен иен далада қала орнады. Оның даңқты күндері алда еді...
Аман ЖАНҒОЖИН,

Ермағамбет ЛҰҚПАН.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет