Автореферат диссертации
Қазіргі Қазақстандағы аграрлық қатынастар және ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуы (1985-2006 жж.)
ӘОЖ 94(574).084.91.
Қолжазба құқығында
ИСИБАЕВА ЕЛИЗАВЕТА ИМАНҒАЛИҚЫЗЫ
Қазіргі Қазақстандағы аграрлық қатынастар және ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуы (1985-2006 жж.)
07.00.02 – Отан тарихы
(Қазақстан Республикасының тарихы)
Тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін
алу үшін дайындалған диссертацияның
АВТОРЕФЕРАТЫ
Қазақстан Республикасы
Алматы, 2007
Жұмыс Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Қазіргі заман тарихы және ғылыми ақпарат бөлімінде орындалды.
Ғылыми жетекшісі: саяси ғылымдарының докторы, профессор Бурханов К.Н.
Ресми оппоненттер: тарих ғылымдарының докторы Байтілен С.А.
тарих ғылымдарының кандидаты,
доцент Берлібаев Е.Т.
Жетекші ұйым: М. Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік Университетінің Қазақстан тарихы кафедрасы
Диссертация 2007 жылы 22 қараша, 2007 ж. сағат 14.00
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының тарих ғылымдарының докторы (кандидаты) ғылыми дәрежесін беру жөніндегі ОД 53.33.01 Диссертациялық кеңес мәжілісінде қорғалады (050010, Алматы қаласы, Құрманғазы көшесі, 29).
Диссертациямен Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының қолжазбалар қорында танысуға болады.
Автореферат 2007 жылы «____» _______________ таратылды
Диссертациялық кеңестің
ғылыми хатшысы, тарих
ғылымдарының кандидаты Қ.С. Алдажұманов
КІРІСПЕ
Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Зерттеу жұмысында қазіргі Қазақстандағы аграрлық қатынастар мәселесі, ауыл шаруашылығы саласының нарықтық қатынастарға көшуге байланысты оның жаңа мазмұны мен құрылымы, ауылдың әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі қарастырылған. Аталмыш мәселе тарихи тұрғыда зерттеліп, оның жетістіктері мен кемшіліктері жан-жақты қарастырылды.
Зерттеудің өзектілігі. Қазақстан Республикасы ХХІ ғасырға күрделі өзгерістермен аяқ басты. Он жылдан астам уақытта еліміздің тәуелсіздігі мен қатар жүргізіліп келе жатқан саяси және экономикалық реформалардың маңыздылығы мен қолданбалылығына тоқталар көз жетті. Бұл мәселенің өзектілігі әлемдік қауымдастықта еліміздің нарықтық бағытта дамушы ел деп тануымен арта түсті. Себебі, Елбасы Н.Ә. Назарбаев атап көрсеткеніндей, «мемлекетіміз әлем таныған, алдыңғы қатарлы елдер қатарына қосылуы тиіс».
Қазақстанның халық шаруашылығының ең негізгі маңызды саласы – ауыл шаруашылығы болып табылады. Оның маңыздылығы – ең алдымен халықты азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету, ал өңдеуші өнеркәсіпті қажетті ауыл шаруашылық шикізатымен. Ауыл шаруашылығының еліміздің экономикалық, әлеуметтік өмірінде айрықша орын алатын баршымызға белгілі. Ауыл шаруашылығы дамуының деңгейі көбінесе елдің экономикалық қауіпсіздігін анықтайды. Қазақстанның ауыл шаруашылығына қолайлы жерлері көп болғандықтан, әлем нарығында бәсекелестікке қабілетті агроөнеркәсіп секторын дамытуға барлық мүмкіндіктері бар. Оған қоса, ел халқының жартысына жуығының әлеуметтік жағдайы ауыл аймақтарымен тығыз байланыста. Ауыл республика экономикасы дамуындағы маңызды фактор болса, ауыл халқы еліміздіқ қоғамдық – саяси тұрақтылығының да шешуші факторы болып есептеледі. Республика халқының 44 пайызы бүгінде ауылдық жерлерде тұрады. 2003-2005 жылдары Елбасының шешімімен Ауыл жылдары деп жарияланған еді. Осыған сәйкес, агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдаудың үш жылдық бағдарламасы қабылданғаны белгілі. Ауыл шаруашылығы ұлттық экономикамыздың негізін құрайды. Ауылдың әлеуметтік жағдайын, тұрғындардың тұрмысын түзеу үшін қатарынан үш жылды ауылға арнау елімізге үлкен өзгерістер әкелді. Ауылдық жерді дамыту ұғымы тек қана, ауыл шаруашылығын дамытудан әлдеқайда үлкен нәрсені көздейді. Бұл ауылдық қауымдастықты қамтитын бүкіл қатынастар кешенінің дамуы болып табылады. Демек, бүгінгі таңда ауылды жандандыру ауылдағы саяси, әлеуметтік әрі әкономикалық байланыстарды қалпына келтірудің біртұтас құрамдас бөлігі ретінде қарастыруымызға болады. Ауыл дегеніміз – сайып келгенде, халықтың тұрмыс салты, мәдениетіміздің, дәстүріміздің, әдет ғұрпымыз бен рухани тіршілігіміздің қайнары [1]. Осынау саяси-моральдык және әлеуметтік факторлардың өзі-ақ бізден ауылға барынша байсалды қарауымызды талап етеді. Тәуелсіз Қазақстан тұсындағы жаңа концептуальдық-ғылыми көзқараспен талдап, алғаш рет тарих ғылымына бұл мәселеге жаңа ғылыми тұжырым жасау міндетін туғызды. Бірақ осыған қарамастан, бұл мәселе бойынша қазақстандық зерттеушілер арасында тарихшы ғалымдар да біраз жұмыстар тыңдырды. Олардың арасында М.К. Қозыбаев, Б.А. Төлепбаев, Г.Ф. Дахшлейгер, К. Нұрпейіс, және т.б. бар [2].
Кеңес өкіметі кезеңіндегі жүргізілген ауылдағы реформалар күткен нәтижесін бермеді, аграрлық сектордағы әлеуметтік-экономикалық жағдай нашарлап, өндіріс көлемі қысқарып, ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейі төмендеп, әлеуметтік жағдай жылдан-жылға шиеленісті. Осы тұрғыдан қарағанда, Кеңес үкіметінің Қазақстанда жүргізілген волюнтаристік саясаты халыққа жасалған қиянаты, дүниенені өзгертудің зорлыққа негізделген концепциясының жарқын бір көрінісі іспетті. Сондықтан да тоталитарлық жүйе кезінде біржақты, кейде субъективті және коммунистік идеология рухында зерттелген аграрлық мәселелерді қәзіргі заманның талабына сай, өткен тарихқа сын көзбен қарап, оларды жаңаша зерделеп, сараптау міндеті туындайды.
Бүгінде Қазақстан өз алдына тәуелсіз мемлекет жағдайына қол жеткізгенде тарихымыздағы осы олқылықтың орнын толтыруға жағдай жасалуда. Қоғамтану ғылымдары, соның ішінде ең алдымен тарих ғылымы үшін тарих шыңдығын қалпына келтіру – жауапты міндет, бірақ бұл өткенді зерттеумен ғана орындала қоймайды, ол бүгінгі болмысты да зерттеуді, ертеңгі ұстанар бағытты да айқындауды қажет етеді. Осыған байланысты, ауыл шаруашылығы тарихымен белсенді айналысып жүрген тарихшы-ғалым Т. Омарбековтың мына пікірін айтпай кетуге болмайды: «Шындық толыққанды мағынада айтыла бастады. Егер осыған дейін бұйрықшыл әміршіл-әкімшіл социализм бюрократтық жүйе жағдайында біздің өмір сүріп, еңбек еткенімізді, яғни шындықты жартыкеш, екіұшты ғана айта алғанымызды ескерсек, тарихымыздағы «ақтаңдақтарға» деген халқымыздың қазіргі ерен ынтасын түсінуге болады» [3, 3-б.]. Өтпелі кезеңнің зардабы ауыл шаруашылығына және бүкіл аграрлық секторға қолайсыз болды. Аграрлық дағдарыстың табиғаты, негізгі себептері және одан шығу жолдары ғылыми және көпшілік әдебиетте аз жазылған жоқ. Осы өзекті көкейтесті мәселе, республика Президентінің еңбектерінде, түрлі Заң және атқарушы органдардың күнделікті іс-тәжірибелерінен күн тәртібінен түспегені белгілі. Бірақ та ел экономикасының маңызды және өмірлік қажет саласының әлеуметтік проблемаларын, әкімшілік басқару жүйесінен нарықтық жүйеге көшуге байланысты, аграрлық саланың тұрақты және тиімді даму бағыттарын анықтау қажеттігі туындап отыр. Бүгінгі таңдағы ауыл шаруашылығындағы алға басулар нарықтық қатынастарға көшу ауыл шаруашылығын реформалауды да талап етеді. Аграрлық салада тың өзгерістер жасау үшін, өткен тарихи кезеңнің келеңді, келеңсіз тәжірибелерінен үйрене отырып алға басқанымыз жөн – деп түсінеміз. Сондықтан да, социализм тұсындағы аграрлық қатынастардың қалыптасуы мен дамуы кезеңі, нарыққа өтпелі кезеңдегі аграрлық қатынастардың, олардың ішкі құрылымының ерекшеліктерін, аграрлық қатынастардың негізі болып табылатын жер қатынастарының қалыптасу заңдылықтарын, аграрлық өндірістегі дағдарыс себептерін қарастыра отырып, азық-түлік қауіпсіздігі, ғылыми-техникалық прогресс және оның ауыл шаруашылығындағы ерекшеліктерін, кооперация мен жекешелендіру процесінің нәтижелерін, орталықсыздандыру саясатының ауылдық аймақтарға жасаған ықпалы және ауылдың әлеуметтік жағдайын көтеру мәселелері зерттеу тақырыптың өзектілігін анықтайды. Соңғы жылдары осы сала бойынша, қол жеткізген ең үлкен жетістік ретінде агроөнеркәсіптік кешеннің дамуының тұрақты арнаға түскендігін айтуға болады. Осы өткен жылдар ішінде осы салаға қатысты Жер, Орман, Су кодекстері, астық, ветеринария, егіншіліктегі міндетті сақтандыру туралы заңда, көптеген заң аясындағы актілер, сондай-ақ жоғарыдағы сөз болып отырған үш жылдық бағдарламадан тыс Ауылдық аумақтарды дамытудың 2010 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Міне, осы құжаттар негізінде, еліміздің ауыл шаруашылығы саласының алдағы жүрер жолы да айқындалды. Саяси, экономикалық, идеологиялық қатынастармен көп қырлы болып келетін ауыл шаруашылығы экономикасының даму заңдылықтарын қарастырғанда, аграрлық сектордың оның ерекшеліктеріне байланысты, табиғи-биологиялық заңдарға тәуелділігі бұл сала үшін ерекше аграрлық қатынастардың тән екендігін көрсетеді. Қазақстан экономикасы әміршіл-әкімшіл экономикадан нарықтық, одан әрі аралас экономикаға өту жолында. Өйткені, нарық экономикалық жүйеден гөрі шаруашылық жүйеге барынша жақын болып табылады. Ауыл шаруашылығында бұрын қалыптасқан қоғамдық психологияны, еңбек қатынастарын күйретіп, дағдыларын күйретіп, жаңаны қалыптастыруды көздейді. Міне, сондықтанда нарықтық қатынастарға өту жағдайында, аграрлық саладағы шаруашылық жүргізудің және меншіктің көптүрлі формалары – аграрлық нарық қалыптасуының жалпы экономикалық алғы шарты деуге болады. Қоғамымызда түбірімен өзгеріп жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістер, ауыл шаруашылығы саласындағы реформалар қажеттігі күн талабы болып отыр. Бұл процессте ауыл шаруашылығында қалыптасқан ерекшеліктерді ескеруге үйретеді және бүгінгі таңда ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттарын нақтылап, белгілей түседі. Біздің зерттеу жұмысымыз, міне осыны көздейтіндіктен де өзекті. Бүгінгі таңда іске асырылып келген аграрлық реформаның нәтижелерін талдау төмендегідей қорытынды жасауға мүмкіндік береді. Қазақстандағы аграрлық дағдарыс себептерін зерттеудің жүйелі тәсілі оның сонау қайта құру кезеңіне дейінгі уақыттан бастау алғанын көрсетеді. Әлі күнге дейін елімізде азық-түлік мәселесі шешілмегендігі шындық. Демек, ауылдағы аграрлық қатынастардың дамуы, ауылды жандандыру, ауылдағы саяси, әлеуметтік, әрі экономикалық байланыстарды қалпына келтірудің біртұтас құрамдас бөлігі. Міне, осының бәрі де біздің зерттеуіміздің өзектілігін және ғылыми жұмысымызды терең талдауды талап етеді.
Зерттеудің зерттелу деңгейі. Бүгінде еліміз ауыл бағдарламасында көрсетілгендей, дамыған елдердің аграрлық салада қол жеткізген тәжірбиелерінің саяси-экономикалық әдіс-тәсілдерін ұтымды пайдалана отырып, агроөнеркәсіптік кешенді тұрақты дамытудың 2006-2010 жылдарға арналған тұжырымдарына сәйкес, ауыл шаруашылығын тұрақты дамытудың ең басты іс-шараларын нақтылау міндетін қойып отыр. Қазақстанның ауыл шаруашылығының тарихына көптеген жұмыстарда үкіметтің жекелеген аграрлық саясатындағы мәселелер қарастырылған. Мәселен, республиканың аграрлық саласындағы қайта құрулар мен колхоз құрылысының даму тарихына арналған Б. Төлепбаевтың, М. Кенжебаевтың, Г Халидуллин, Р. Исатаевтың ғылыми-зерттеу жұмыстары бар. Онда ауыл шаруашылық өндірісінің даму мәселелері тек 1980 жылдардың аяғына дейінгі кезеңді қамтыған. Зерттеу тақырыбының толық тарихнамасын игеру үшін, жалпы республикадағы ауыл шаруашылығындағы аграрлық қатынастар мен ауылдың әлеуметтік – экономикалық жағдайына көңіл аударғанды жөн көрдік. Қазақстанның аграрлық дамуын талдауға жасалынған қадамдардың бірі – деп К.А. Берденова, С.И. Иманбердиеваның “Аграрная политика тоталитарного государства как фактор кризисного состояния сельского хозяйства Казахстана” деген бірлескен зерттеуін атап өтуге болады. Бұл еңбекте 60-80-жылдар аралығындағы Қазақстандағы ауыл шаруашылығындағы дамуы тарихта сыңайы қөзқараспен талдау жасалынған [4]. Бұл жұмыс жаңа тарихи принципі тұрғысында жазылып, 60-80-жылдардағы бүкіл Кеңес Одағындағы аграрлық саласында етек алған тоқыраудың себептері айқындалған. Оның негізгі себептерін авторлар ауыл шаруашылығы саласындағы социалистік меншіктің орын алуының аграрлық теория мен практиканың алшақтығы салдарлары ретінде түсіндіреді. Ауыл шаруашылығын басқарудағы әміршіл - әкімшіл әдіспен ұйымдастырылып, мемлекеттік ресми органдардың толық біржақты үстемдігіне негізделгенін, ол жағдайда аграрлық салада ешқандай да нарықтық механизм қажет еместігін айқындап берді. Әйтседе авторлардың зерттеуінде тотолитарлық жүйе кезеңіндегі аграрлық өндірістегі келеңсіз мәселелерге және олардың себептерін толық ашу жеткіліксіз деуге болады. Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуын, Кеңес өкіметінің ауыл шаруашылығын басқаруда жүргізген саясатын арнайы зерттеп ортаға салған еңбек. Осы тақырыпты ғылыми түрде зерттеуге үлес қосқан тарихшылар С.А. Байтілен, К. Рыспаев, Қ.Қ. Байсаринаның, еңбектері үлкен қызығушылық тудырады. Зерттеуші С.А. Байтілен «Кеңес мемлекетінің Қазақстандағы аграрлық саясаты; ауыл шаруашылығындағы экстенсивті бағдар және дағдарыс (1965-1990 жылдар)» деген тақырыпта жазылған докторлық диссертациясында кеңес қоғамының аграрлық салада ғана емес, қоғамның барлық саласында дағдарыстық құбылыстар орын алғандығын атап көрсетеді [5]. Осыған байланысты, тарих ғылымдарының докторы, Қ.Қ. Байсаринаның «Қазақстанда ауыл шаруашылығының дамуы; тарихы және сабақтары (1946-1965 ж.ж) деген тақырыпта жазылған докторлық зерттеу жұмысында соғыстан кейінгі жылдарда ауыл шаруашылық өндірісін дамытудың басты бағыттары, оның қайшылықты тағдыры, өмірге енгізілу әдісі, түрі мен тәжірбиелері сол секілді аграрлық саясаттың ащы сабақтары, қиыншылықтары мен зардаптары зерттелген [6,8-б]. Кеңес үкіметі тұсындағы ауыл шаруашылығында жүргізілген реформалар, өндірісті ұйымдастыру мен ұйымдық шарауашылық мәселелері, соның ішінде колхоз құрылысының тарихы жөніндегі мәселеге объективті баға берген зерттеулер назардан тыс қалған жоқ. Осы тақырыптарға ғылыми түрде үлкен үлес қосып жүрген тарихшы ғалымдар: Т. Медеуов [7], О. Мұқатова [8], Е.Т. Берлібаев [9]. Аграрлық сектордағы меншік және шаруашылық нысандардың қалыптасып дамуы, олардың тиімділігін арттыру мәселесі сонау ХХ ғасырдың басынан-ақ Н.К. Кондратьев, А.В. Чаянов және тағы басқа әлемге белгілі ғалымдардың еңбектерінде көп мән берілген. Соңғы жылдары осы тақырыпта Қазақстанның бірқатар экономист ғалымдарының, оның ішінде Б. Баймұқанов, Ж. Шарақымбаев, Қ. Шалғымбаева, З. Байтеков [10], А. Қошанов [11] еңбектерінде агробизнесті қалыптастырумен қатар, аграрлық сектордың экономикасын дамыту мәселелері зерттелген. Ауыл шаруашылығы саласындағы жекешелендіру процесі және оның нәтижелерін көрсету барысында экономистер М.Т. Оспанов, Р.Р. Аутов, Х.Е. Ертазин [12] және М.К. Сүлейменов [13] еңбектерін атап өтпеске болмас. Кең көлемдегі материалдар арқылы мемлекеттік ауыл шаруашылық кәсіпорындарын реформалау және нарықтық мәндегі жаңа шаруашылық құрылымдарын құру жолдары, олардың қызметін мемлекеттік реттеу тегеуріші көрсетіліп, аграрлық азық-түлік нарығы, агробизнестің маркетингтік сфера мәселелері талданған. Дегенмен, республика өңіріндегі аймақтардың табиғи, әлеуметтік-экономикалық ерекшеліктеріне байланысты аграрлық қатынастарды қалыптастыру, дамыту, олардың тиімділік мәселелері әлі де толық зерттелмеген. Ауыл шаруашылығына тікелей қатысты шешімін таппаған мәселелердің барын жоққа шығара алмаймыз.
Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасында аграрлық саясаттың негізіндегі жаңа ережесі – жерге меншіктік құқықтың болуы аса маңызды болып табылады. Сондықтан, жер кодексінің мәні, сол заң арқылы ауылдың әлеуметтік экономикалық жағдайына әсерін айқындайды. Қазіргі кездегі Қазақстаның аумағындағы жер қатынастарының даму тарихы – бұл өте күрделі әрі қызықты да тақырып. Реформалау процесінде қалыптасқан жерде меншік пен шаруашылық жүргізу түрлерін талдау мен жер қатынастарын жетілдіру мәселелерінің маңыздылығы сөзсіз. Аталған мәселе бойынша іс жүзінде әлі де толығымен зерттелмеген деуге болады, алайда, бұл тақырып, көптеген ғалымдарды, саясаткерлердің ғылыми қызығушылығын тудырады. Бұған дәлел ретінде, бірақтар жазбаша қайнар көздерді, археология мен тарихи мәліметтерді айтуға болады. Қазақстанда феодалдық жер қатынастарын дамуын көптеген қазақстандық және шетелдік ғалымдары зерттеген. Жер қатынастарында мемлекеттік бақылау жерді пайдалану мен қорғау саласындағы жер заңдарының орындалуын қамтамасыз ететін нормативті құжат бұл «Жер кодексі» заңы. Жерді құқықтық қорғау мен сақтау саласындағы жер құқық қатынастары қиын да әрі өзекті мәселелер қатарына жатады. Бұл мәселелер жөнінде пікір білдірген ғалымдар: Ә.С. Бектұрғанов, Ө.С. Стамқұлов, Г.Ә. Стамқұлов, Е. Әбдікәрім жерге мемлекет меншігін және жер пайдаланушылардың құқығын қорғау, жерді табиғат объектісі ретінде қорғау жолдарын әр түрлі бағыттаған. Ауыл, село еңбеккерлерінің өндіріс саласындағы еңбектерін зерттеумен қатар, олардың әлеуметтік, моделі саласын зерттеу мәселесі назардан тыс қалмады. Айталық, Х. Әбжанов, Ж.Б. Әбілхожин, А.Н. Алексеенко, А.Б. Галиев зерттеулері аграрлық сектордағы село тұрғындарының әлеуметтік, мәдени, демографиялық зерттеулерінде көрсетілген. Қазақстанның ХХ-ғасырдың 80-90 жылдардағы әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуынан әлі де зерттелмеген немесе тарихи тағылымда жеткілікті көрініс таппаған нақты-тарихи проблемалардың үлкен көлемін алға тартқан зерттеу жұмыстың бірі бұл – С.З. Баймағамбетовтың «Қазақстан Республикасының әлеуметтік-мәдени құрылысы (1980-2000 жж.) – Тарихи талдау» деген тақырыпта жазылған докторлық диссертациясы. Онда халықты әлеуметтік қорғаудың, әлеуметтік қорғаудың, денсаулық сақтаудың , мәдениет пен білім беруді нақты жай-күйі мен перспективалары талданған [14].
Қазіргі таңда Қазақстанның ауыл шаруашылығын нарықтық қатынастарға қалыптастыру және нарықтық қатынастарды орнықтыру мәселелері оның барысындағы қиыншылықтар өзекті проблемалардың бірі болып саналады. Әйтсе де зерттеулердің басым көпшілігі экономика – ғылыми мәселелері бойынша жарық көрді өйткені, ауыл дағдарысының себептері мен мәнін экономикалық негізінде түсіндірілетіні белгілі. Осыған байланысты, 90 жылдардың басында және қазіргі кезде, “Ауыл шаруашылығының әлеуметтік экономикалық мәселелері жөнінде, экономист зерттеушілер, әлеумет-танушылар көп еңбектер жазып, өздерінің пікірлерін, ұсыныстарын, сынды қөзқарастарын жазды. Зерттеу жұмысындағы “Қазақстандағы ауылдың дамуы” мәселелер мен келешек мүмкіндіктері деп аталатын есеп – республиканың ауыл аймақтарының 1991 жылғы дамуын тек ауыл шаруашылығының дамуы тұрғысынан емес, ауылдағы адам қатынастарының бүкіл кешені тұрғысынан қарастырған. Мемлекеттік статистика мәліметтері бойынша, ел халқының жартысына жуығы (44 пайыз) ауылдық жерлерде тұрып жатыр. Ауыл дамуының негізгі экономикалық көрсеткіштерінің талдауы экономикалық даму қарқындары мен адам дамуы деңгейі арасындағы тығыз өзара байланыс есеп қортындылары тезисті статистикалық көрсеткіштер көрнекі дәлелдейді.
Сонымен қатар зерттеу жұмысында Елбасы Н.А. Назарбаев, академик М. Қозыбаев, ғалым-экономистер М. Расулов, Ғ. Калиев, мемлекет қайраткері: Д.А. Қонаевтың ой толғау еңбектері, естеліктері, талдаулары, ғылыми еңбектері ерекше назар аудартады. Олар өз еңбектерінде Қазақстанда ауыл шаруашылығы саласында болған саяси әлеуметтік экономикалық өзгерістер, кездескен қиындықтар мен қателіктер, қазіргі таңдағы қиындықтардың басты себептері, проблемалары жан-жақты талданған. Қазақстан ауыл шаруашылығында нарықты экономиканы қалыптастыру және орнықтыру мәселелері әр уақыттарда Премьер-Министр, ауыл шаруашылығы министрі қызметтерін атқарған А. Есімов, Б.Тұрсынбаев, Ж. Кәрібжанов, С. Терещенко тәрізді азаматтардың сөйлеген сөздерінде, олармен журналистер қауымының арнайы сұхбаттары кезінде айтылды. Нарыққа өтпелі кезеңдегі ауыл проблемасын шешу үшін жергілікті табиғи-географиялық, әлеуметтік, демографиялық, экономикалық ерекшеліктерді басты назарға ала отырып, аграрлық саладағы дағдарыс себептерін аталған азаматтар әрине толық ашпаса да, олар негізінен дағдарыстан шығу жолдарын көрсетуге баса назар аудартады. Аграрлық қатынастар, нарықтың даму барысындағы жіберліген қателіктер, оны түзету жолдары, отандық тауар өндірушілерге мемлекет тарапынан көңіл бөлу, кәсіпорындардың еңбекті ұйымдастырудың тиімді формаларын іздестіру жолдары, ауыл шаруашылығында нарықтық қатынастар жағдайындағы шаруашылықты жүргізудің көптеген формаларын дамытудың мәселелері т.б. қосымша тарихи зерттеуді талап етеді. Жалпы алғанда, ауыл шаруашылығындағы аграрлық қатынасы, ауылдың әлеуметтік-экономикалық даму мәселеріне арналған еңбектердің маңызы өте зор.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері: Зерттеу жұмысының алдына қойған мақсаты – Қазақстан Республикасында аграрлық қатынастардың нарыққа бейімделуін қамтамасыз ететін оның даму мәселелерін, осы ауыл шаруашылығы саласындағы терең өзгерістерді тарихи ғылыми талдау жасау болып табылады. Осыған байланысты, зерттеу жұмысының міндеттері төмендегі мәселелерді қамтиды.
- 1985 - 1990 жылдар аралығындағы республика ауыл шаруашылығының алдына тұрған проблемалар және оларды шешу жолдарын көрсету;
-Республикада осы жылдар аралығында жүргізілген Кеңес мемлекетінің аграрлық саясатының шынайы бағыт-бағдарын, мәні мен сипатын және қайшылықтары мен зардаптарын айқындай түсу;
- Кеңес өкіметінің аграрлық салада жүргізген саясатының мәнін ашып, тәжірбиесін ой-елегінен өткізе отырып, ауыл шаруашылығының жағдайын сапалық жағынан жоғарғы деңгейге жеткізе алмауының себептерін ашып көрсету;
-Аграрлық қатынастардың даму кезеңдері мен жаңа әлеуметтік экономикалық мазмұнын айқындау.
- Орталықсыздандыру саясаты мен ауылдың аймақтарға жасаған ықпалын көрсету;
- 1985-2006 жылдар аралығындағы ауыл шаруашылығындағы аграрлық қатынастар мен ауылдың әлеуметтік экономикалық дамуы көрсеткіштері нақты статистикалық мәліметтер негізінде зерттеу;
- Ауыл шаруашылығы саласындағы жекешелендіру процесі және оның нәтижелерін көрсету;
- Ауыл шаруашылығының қазіргі жағдайына сипаттама жасай отырып, аграрлық қатынастардың жаңа әлеуметтік-экономикалық мазмұнын айқындау;
- Нарыққа өтпелі кезеңдегі аграрлық қатынастарды жетілдіру бағыттарын қарастыру;
- Қазақстанда «Ауыл жылдары» кезінде жүргізілген аграрлық реформаның проблемаларына талдау жасау;
- Өтпелі кезеңге сәйкес келетін жер қатынастарының даму процессінің ерекшелігін қарастыру;
- Ауылдың жағдайын, ондағы әлеуметтік-экономикалық мәселелерді қарастыру.
Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы:
- Қазақстандағы аграрлық қатынастардың даму кезеңдері мен жаңа әлеуметтік мазмұнын айқындалды, аграрлық өндірісіндегі дағдарыс себептерін қарастыра отырып, аграрлық саясат бағыттарына талдау жасалған;
- Өтпелі кезеңге сәйкес келетін жер қатынастарының даму процессінің ерекшелігі қарастырылған;
- Проблеманы зерттеу барысында соңғы кезге дейін ғылыми айналымға енбеген мұрағат қорларының деректері негізінде ауыл шаруашылық жағдайының мәні мен принциптері жан-жақты зерттелген;
- Ауылдың жағдайы, ондағы әлеуметтік мәселелері қарастырылған. Агроөнеркәсіп мемлекет иелігіне «алу» мен «жекешелендіру» колхоздар өміріндегі алғы шарттары мен қиыншылықтары, колхоз өндірісін басқарудағы орталықсыздандыру саясаты мен оның мазмұнының біртіндеп өзгеруі көрсетілген;
- Аграрлық саладағы дағдарыс себептері қарастырылып, нарықтық қатынастардың қалыптасу жағдайында ауыл шаруашылығының проблемаларын одан әрі теориялық негізі талданған;
- Нарықтық қатынастарға өтумен байланысты, ауыл шаруашылығы саласында жүзеге асырылған реформалардың кемшілігін, өтпелі кезеңннің объективті заңдылықтарын, ең алдымен оның тарихи сипаты жан-жақты сипатталған;
- Аграрлық қатынастарға кешенді, жан-жақты анықтама беру арқылы кейбір теориялық және методологиялық тұжырымдама жасалған;
Қорыта келгенде, зерттеуде Қазақстандағы қазіргі кездегі аграрлық қатынастардың жағдайы мен ерекшеліктері негізінде, осы саланың нарыққа өтпелі кезеңдегі қалыптасуы мен дамуы, ауылдың әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі бүгінгі тарихи көзқараспен зерделеніп, дәйекті түрде терең талданды.
Зерттеудің қорғауға ұсынылатын тұжырымдары. 1985-2006 жылдар аралығындағы қазіргі Қазақстандағы аграрлық қатынастары, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуы және оның зерттелу мәселелері жөнінде мынандай тұжырымдар жасалды:
- Кеңес өкіметінің аграрлық салада жүргізген саясатының мәнін ашып, тәжірбиесін ой-елегінен өткізе отырып, ауыл шаруашылығының жағдайын сапалық жағынан жоғарғы деңгейге жеткізе алмауының себептерін ашып көрсетілді;
- Аграрлық қатынастарға кешенді, жан-жақты анықтама беру арқылы кейбір теориялық және методологиялық тұжырымдама жасау арқылы, өзіндік баға берілді;
- Аграрлық қатынастардың мәні ретінде, жердің оның ауыл шаруашылығы саласын дамытудағы әлеуметтік-экономикалық жағдайын ашып көрсетуде, заңдық-құқықтық актілерді орынды пайдаланған;
- Агроөнеркәсіп кешенін мемлекет иелегінен алуда және жекешелендіру саясатын жүргізуде болған жағымсыз жақтары баспасөз материалдарын сараптау арқылы дәлелденді;
- Жер қатынастарының өтпелі кезеңдегі ерекшеліктерін талдау нәтижесінде қазіргі нарықтық қатынастар негізінде жаңа өзіндік тұжырым жасалды;
- Ауылдағы экономикалық және әлеуметтік жағдайдың сауығуына байланысты орталықсыздандыру саясаты және оның ауылдық аймақтарды басқаруға жасаған ықпалы көрсетілді.
Зерттеудің нысаны. Қазіргі Қазақстандағы аграрлық қатынастар даму кезеңдерін мен жаңа әлеуметтік-экономикалық мазмұнын көрсететін ғылыми еңбектерге талдау жасау. Кеңес мемлекеті мен тәуелсіздік қарсаңындағы Қазақстанның ауыл шаруашылығы мен қазіргі кездегі республиканың ауыл шаруашылығының даму деңгейін салыстыру. Сонымен қатар, ауылдың әлеуметтік-экономикалық даму деңгейін анықтау.
Зерттеудің хронологиялық шеңбері. Зерттеу жұмысы: ХХ ғасырдың 1985 жылдан, яғни Кеңес Одағының ыдырауы қарсаңындағы кезеңнен бастап, 2006 жылға дейінгі аралықты қамтиды. Қазақстандағы аграрлық қатынастар және ауылдың әлеуметтік–экономикалық дамуы көрсетілген. Зерттеу жұмысы Кеңес мемлекеті мен тәуелсіздік қарсаңындағы Қазақстанның, яғни 1985 жылдан – 1991 жылға дейін ауыл шаруашылығы саласының тоқыраудан шығару жолындағы саяси әлеуметтік экономикалық шараларымен, дағдарыстардың болу себебін, оның егіншілік және мал шаруашылығындағы жүргізілген шараларды нәтижесіздіктерін объективті түрде көрсетілген. Осы жылдар аралығында Қазақстандық ауылдардың алдында тұрған проблемалардың елдің қалаларымен салыстырғанда асқан өзектілігін көрсетеді.
Диссертацияда Қазақстандағы аграрлық қатынастар және ауылдық әлеуметтік экономикалық даму мәселелерін:
-1991 – 1995 жылдар аралығында ауыл шаруашылығы саласында нарықтық құрылымның дамуын жеделдету мақсатында мемлекет меншігінен алу және жекешелендіру саясаты жүргізілген кезеңдер.
- 1995 – 1997 жылдар республикадағы экономиканы реформалау процесінде халықты еңбекпен қамту саласындағы проблемалар одан әрі шиеленіскен кезең.
- 1998 – 2000 жылдар аралығы ауыл жағдайы бұрынғыдан да ауырлап, жергілікті ауыл халқы ауылдан қалаға көшу жиілеп, елді мекендер қаңырап бос қалды.
- 2001 – 2003 жылдар аралығы Қазақстанның салауатты экономикалық өрлеу стратегиясы нарықты экономикаға, мемлекеттің белсенді рөліне және аграрлық салаға шетел инвестицияларын тартуға негізделген кезең.
- 2003 – 2005 жылдар аралығы «Ауыл жылдары» бағдарламасының орындалу кезеңі.
- 2006 жыл – Қазақстан өте қарқынды дамыған 50 мемлекеттің қатарына еуропалық стандартқа сай келетін, мінсіз де нақты дамыған ауыл шаруашылығы жүйесімен кіруі үшін ең өзекті мәселесі – бұл Агроөнеркәсіптік кешенді тұрақты дамыту дамытудың 2006-2010 жылға арналған мемлекеттік бағдарламасының қабылдау кезеңі.
Диссертацияның дерек көздері. Зерттеу жұмысында әртүрлі деректер пайдаланылды, олардың бастылары: мұрағат құжаттары мен мәліметтері, жарияланған статистикалық жинақтар, баспасөз мәліметтері, Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының әлеуметтік-экономикалық мәселелер жөніндегі құжаттары, Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтары мен еңбектері, Қазақстан Республикасы орталық мемлекеттік мұрағатының (ҚРОМА), Қазақстан Республикасы Президент мұрағатының (ҚРПМ), Алматы, Ақтөбе қалаларының мұрағат қорларының құжаттары құрайды. Олар зерттеу жұмысында кеңінен пайдаланылды. Негізгі пайдаланылған мұрағаттар – Қазақстан Республикасының Президенттік архиві (708, 709 қорлары), Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұрағаты (1890, 2199, 2270 қорлар), Алматы облыстық мемлекеттік мұрағаты (725 қор), Ақтөбе облыстық мемлекеттік мұрағаты (72, 85, 510, 579, 725, 1359 қорлар). Зерттеу жұмысында, Ақтөбе облысының ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметтері, жылдық қорытындылары, бағдарламалары берілген. Зерттеу жұмысында Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы, облыстардың әлеуметтік-экономикалық даму есептеулері, кеңес үкіметі кезеңіндегі ауыл шаруашылық басқармаларының есептеулері, мемлекеттік органдарының құжаттары, мұрағат құжаттары пайдаланылған. Сондай-ақ мерзімді басылымдар деректері, статистикалық органдар құжаттары және ғылыми журналдар мен жинақтар материалдары диссертацияны жазуға қолданылды. Алайда, бір ескерер нәрсе, соңғы 2004-2006 жылдар аралығындағы ауыл шаруашылығы саласындағы әлеуметтік-экономикалық дамуына байланысты мұрағат құжаттары жоқтың қасы. Қолданыс тапқан дерек көздерін мұқият талдауға, ғылыми құндылығын ашуға ерекше мән берілген. Деректерді сұрыптау барысында салыстырмалы әдіс кеңінен қолданылған. «Ауыл жылы» бағдарламасы бойынша көптеген құжаттар, ғылыми мақалалар күнделікті баспасөз беттерінен пайдаланылды. Сонымен қатар, зерттеу жұмысының құқықтық бағытын көрсету мақсатында Қазақстан Республикасының Ата Заңы, «Қазақстан – 2030.Қазақстандықтардың өркендеуі, қауіпсіздігі және игілігі» Стратегиясы, Қазақстан Республикасының 2010 жылға дейінгі даму жоспары, Қазақстан республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы, Заңдар: Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы , «Жер кодексі», «Астық туралы Заң» «Бидай туралы» «Қазақстан Республикасының жергілікті мемлекеттік басқару туралы» Заңы, Мемлекеттік бағдарламалар: 2003-2005 жылдарға арналған «Ауыл мектебі» Мемлекеттік бағдарламасы, БҰҰДБ «Қазақстандағы кедейшілік: себептері мен жою жолдары тәрізді жинақтар басшылыққа алынды.
Зерттеу пәні. Қазіргі Қазақстандағы аграрлық қатынастар мен ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуы (1985-2006).
Зерттеу жұмысының методологиясы. Зерттеу жұмысында қойылған мәселелерді ғылыми тұрғыдан ашып көрсету үшін, тарихи зерттеудің логикалық тәсілімен тығыз байланыстылығы тарихилық, объективтілік, сабақтастылық, ғылыми таным принциптері басты назарда болды. Нәтижесінде қарастырылып отырған кезеңдегі Қазақстандағы аграрлық реформаның үрдістерін жан-жақты зерттеу негізінде оның тиімді және тиімсіз жақтары анықталды. Ғылыми танымның нақты тарихи-сараптамалық принципін қолдану арқылы ауыл шаруашылығының қазіргі жағдайына талдау жасай отырып, аграрлық қатынастардың жаңа әлеуметтік-экономикалық мазмұнын айқындауға ұмтылыс жасалды. Аграрлық мәселе жөніндегі Ресей және отандық ғалымдардың еңбектері, заңды нормативті құжаттар: Қазақстан Республикасының Президентінің Жарлықтары, Қазақстан Республикасы Парламенті қабылдаған Заңдар, сондай-ақ Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы бойынша статистика жөніндегі Агенттіктің статистикалық көрсеткіштері және интернет жүйесі бойынша алынған ақпараттар мен мерзімді баспасөз, ғылыми басылым деректері зерттеудің теориялық және методологиялық негізін құрады. Зерттеу процесінде негізінен ауыл шаруашылығы саласының тоқыраудан шығару жолындағы саяси әлеуметтік экономикалық шараларымен, дағдарыстардың болу себебі, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуы баяндалған. Зерттеу барысында тарихи салыстырмалық, диалектикалық, статистикалық, демографиялық талдау және басқа әдістемелер қолданылды.
Зерттеудің қолданбалық маңыздылығы. Зерттеу жұмысында отандық тарих ғылымы тұрғыдан зерттелуіне келетін болсақ, 1985-2006 жылдар аралығындағы Қазақстанның аграрлық қатынастар және ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуы баяндалды. Диссертацияда келтірілген мәліметтерді, айтылған сын пікірлер мен көзқарастар және жасалған тұжырымдамалар жоғары оқу орындарында Қазақстан тарихы курсы бойынша, Жер құқығы, әлеумет-тану курстары бойынша оқылатын дәрістер мен өткізілетін семинар сабақтарына кеңінен пайдалануға болады. Аталған зерттеу жұмысының теориялық қағидалары шаруашылық өндірістерінде пайдалануға өз әсерін беретіні анық. Сонымен бірге, диссертация материалдарын жас жеткіншіктер арасында, отаншылдық рухта өткізілетін сұхбаттарда, диспуттарда, қолданудың маңызы зор. Зерттеу жұмысымыздың аграрлық қатынас саласындағы қызметкерлерге әдістемелік көмекші құрал, ал студенттерге оқу құралы ретінде қажеттілігі бар деп тұжырымдаймыз.
Зерттеу жұмысының сыннан өтуі. Диссертациялық жұмыс ҚР БҒМ Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының «Қазіргі заман тарихы және ғылыми ақпарат» бөлімінде талқыланып, қорғауға ұсынылды. Ғылыми зерттеу жұмысына өзек болған мәселелер ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы қадағалау және аттестаттау комитеті бекіткен тізімдегі басылымдарда, ғылыми конференциялар материалдарында жарияланды.
Диссертацияның құрылымы. Ғылыми жұмыс кіріспеден, негізгі мәселені қарастыратын 3 тараудан, қорытынды бөлімнен, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
Достарыңызбен бөлісу: |