Қазіргі кезеңдегі қазақ-түрік ынтымақтастығы: өзекті мәселелері мен басым бағыттары



Дата14.07.2016
өлшемі105.56 Kb.
#198099
ӘОЖ УДК: 327 (574:56)

А.Р.Әліпбаев, Р.О.Керимкулова

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қазақстан, Алматы қ.

Е-mail: rimma_ok.kz@mail.ru


Қазіргі кезеңдегі қазақ-түрік ынтымақтастығы: өзекті мәселелері мен басым бағыттары

Бұл мақалада негізінен Қазақстан мен Түркия арасындағы серіктестік мәселесі қаралып, осы орайда қазіргі таңдағы екі мемлекет арасындағы басым бағыттар мен өзекті мәселелер сипатталған. Қазақстанмен тарихи байланысы тереңде жатқан Түркия бүгінде еліміздің Еу­разия құрлығындағы маңызды әрі сенім­ді әріптесі болып табылатындығы дәйектеледі. Осы себептен де мақалада негізінен қазақ-түрік қатынасындағы қарқынды дамып келе жатқан салалардағы ынтымақтастықтың даму деңгейі мен болашағына жан-жақты сараптама жасалынған. Сонымен қатар мақалада екіжақты инвестиция салу мәселесін жетілдіру қажеттілігі де қарастырылады. Мақаланың соңында түрік-қазақ қарым-қатынасының келешегіне деген болжау жасалынып, Қазақстан және Түркия арасындағы тарихи тамырластық, ортақ мәдени және рухани құндылықтар екі ел қатынастарының негізі болып қала бермек деген ой тұжырымдалған.



Түйін сөздер: экономика, саясат, әріптес, инвестиция, стратегия.


  1. Alipbayev, R.Kerimkulova

Kazakh-Turkish partnership in our time: key trends and main challenges

This article mainly deals partnership between Kazakhstan and Turkey, describes the important directions of development and its main objectives that exist in our time between the two countries. Turkey today is an essential and trusted partner of Kazakhstan in the Eurasian continent. In this regard, the article mainly analyzes the degree of development of these relations and the prospect of rapidly developing sectors of the Kazakh-Turkish relations. And also focuses on the development of bilateral investment.

At the end of the article predicted the future of the Kazakh-Turkish partnership and noted that historical, common cultural and spiritual values ​​of these relationships will remain the basis for development of partnership between the two countries.

Key words: economic, policy, рartner, investment, strategy.
А.Р.Алипбаев, Р.О.Керимкулова

Современное казахско-турецкое сотрудничество: актуальные проблемы и основные приоритеты
В этой статье в основном рассматривается партнерские отношения между Казахстаном и Турцией, описываются важные направления развития и ее основные задачи которые существуют в наше время между двумя странами. Турция сегодня является важнейшим и доверенным партнером Казахстана в Евразийском континенте. В связи с этим в статье в основном анализируется степень развития этих отношений и перспектива стремительно развивающихся отраслей казахско-турецких связей. А также уделяется внимание на развитие двусторонних инвестирований.

В конце статьи прогнозируется будущее казахско-турецкого партнерства, а также отмечается что исторические, общие культурные и духовные ценности этих взаимоотношений останутся основой развития партнерства между двумя странами.



Ключевые слова: экономика, политика, партнер, инвестиция, стратегия.

Қазақстанның көптармақты сыртқы саясатында түркі тілдес елдермен, әсіресе Түркиямен жақындасуының маңызы аса зор. Кезінде Қазақ елінің тәуелсіздігін ең алғашқылардың бірі болып мойындаған Түркия еліміздегі жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге айтарлықтай қолдау көрсетіп келеді. Еліміздің Түркиямен қарым-қатынастарды жан-жақты нығайту басымдық маңызға ие. Қазақстан Республикасы Анкарамен екiжақты да, халықаралық ұйымдар шеңберiнде де саяси, экономикалық, әскери және мәдени-гуманитарлық салалардағы қатынастардың әлеуетін барынша iске қосуы бүгінгі өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Еліміз үшін Түркия Республикасының аумағы арқылы мұнайды тасымалдау жобаларын жүзеге асыру, балама көлік байланыстар арнасын және әлемдiк нарыққа шығу жолын қамтамасыз ету үлкен мүмкiндіктерді туғызары айқын. Сондай-ақ Жапония, Қытай, Оңтүстік Корея сияқты елдерден Түркия мен Еуропа бағытында жүк тасымалын жетілдіруде Қазақстан аумағы өте қолайлы болып табылады. Мысалы, бүгінгі күні Қытайдан Түркияға теңіз жолымен жүк бір ай көлемінде жеткізілетін болса, Қазақстан аумағы арқылы бұл мерзімді екі есеге азайтуға болады. Сонымен бірге Түркия бағытында теміржолды пайдалану мүмкіндігі де өте өзекті. Ал 2012 жылдан бері Қазақстан өз астығын Ақтаудан теңіз жолымен Бакуге (Әзербайжан), одан Грузия арқылы Түркияға жеткізу бағытын дамытуда. Түркияның еуропалық тығыз байланыстары, маңызды халықаралық және аймақтық ұйымдарға мүше болуы, Қазақстанның да еуропалық құрылыммен ықпалдасуына өзіндік септігін тигізері сөзсіз.

Екі елдің әртүрлі саладағы ынтымақтастығы қазіргі кезеңде өзінің тұрақтылығы мен екі ел басшыларының дәстүрлі түрде саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлы байланыстарды нығайтуымен ерекшеленеді. Аталған үдерістерге екі ел халықтарының бір-бірімен тарихи, мәдени және этно-діни жақындықтары да өзіндік жағымды әсерін қалдыруда.

Қазақ елі мен Түркияның стратегиялық серіктестер екендігі 2003 жылы мамыр айында Қазақ елі басшылығының Түркияға жасаған ресми сапары барысында мәлімделінген болатын. 2004 жылғы маусымдағы Ыстамбұл қаласында өткен НАТО саммиті барысында, сондай-ақ 2005 жылғы 25 мамырда «Баку-Тбилиси-Джейхан» мұнай құбырының әзірбайжандық бөлігінің іске қосылу салтанаты кезіндегі екіжақты кездесулер барысында серіктестік жаңа серпінге ие болды.

Ал бүгінгі күні екі ел арасындағы сауда-экономикалық қатынастар жедел қарқынмен даму үстінде. Түркия Республикасы Үкіметі жанындағы Сыртқы сауда жөніндегі агенттік мамандарының сараптамасына жүгінетін болсақ Қазақстан экономикасының даму қарқыны түркиялық іскер ортаның біздің елге деген қызығушылығын арттыра түсуде. Түріктік өндірушілердің экспорттық тауарлар атауларының ұлғаюы елге қажетті шикізат көздерін шет елдерден әкелуге мәжбүрлеуде. Бұл Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда айналым көлемінің қатынастарының өзгеруіне ықпал етуде.

Егер 2001 жылы Түркияның Қазақстанға деген экспорты бізден Түркияға кететін тауарларымыздан басым болса, 2002 жылдан бастап бұл қатынас біздің пайдамызға қарай ауыса бастады. Қазақстан Республикасының статистика жөніндегі агенттігінің мәліметі бойынша екіжақты сауда айналым 2004 жылы – 489,5 млн долл құраса (экспорт – 147,1 млн, импорт – 342,4 млн), 2005 жылы – 556,9 млн долл. (экспорт -157 млн, импорт – 399,9 млн) ал 2006 жылдың қаңтар-тамыз айларындағы екі ел арасындағы сауда айналым 478,8 млн долл. (экспорт – 136,6 млн, импорт – 342,2 млн) болған еді [1]. Түріктік өнімдердің Қазақстанға әкелу көлемі 2011 жылы 2009 жылмен салыстырғанда 30 пайызға өскен болатын [2]. Әрине экспорт-импорттық іс-әрекеттер қазақстандық тарап пайдасына жағымды болғанымен, біздің Түркияға жіберілетін экспорттың басым бөлігі шикізаттық сипатта (астық, мұнай, газ, көмір, металл және т.б.). Ал Қазақстанға жіберілетін түріктік экспорт өнеркәсіптік тауарлардан тұрады (металл және пластик өнімдері, жиһаз, тоқыма, тұрмыстық химия және т.б.). Бұл да Қазақстан үшін өзекті мәселелер қатарында десе болады. Өйткені Қазақстан өзі өндіретін шикізат көзін енді өнімге айналдырып соны шетке шығаратын болса, бұл өз халқын жұмыс көзімен де қамтамасыз етеді, өз өнімі өзіне әлдеқайда арзанға түседі, сонымен бірге шетке шығарудан түсетін пайда көзі де елеулі болар еді. Сондықтан да Қазақстан Түркия сияқты серіктес елдердің қолдауымен елде шикізат көздерін өнімге айналдыратын зауыттар салуға ерекше көңіл бөлгені дұрыс.

Түркия мұнай өндіру, қуат көздерін, мұнай, газ және т.б. тасымалдау саласындағы жобаларға ерекше көңіл бөлуде. Сол бағыттағы Баку-Тбилиси-Жейхан құбыры жобасының белсенді қатысушысы болып табылады. Бұл жобаға 2006 жылдың мамырында Қазақстан жағы да қосылған болатын. Қазақстан мен Түркия Қара теңіз жағалауында мұнай өңдеу зауыттары құрылысы жөнінде келісімшартқа отырды. Яғни осы мұнай өңдеу зауыттары қазақстандық мұнаймен қамтамасыз етілуге тиіс. Бұл шикі мұнайды Новороссийскіден Түркияға тасымалдап сол жерде өңделген өнімді сатуға мүмкіндік береді. Қазақстандықтардың пікірі бойынша мұнайды өңдеу зауыттарының құрылысы Босфор бұғазының өткізу қабілеттілігінің жеткіліксіздігіне байланысты мәселені шешуге мүмкіндік туғызады.

Осындай негізде қалыптасқан қазақ-түрік ынтымақтастығын екі ел басшылығы соңғы кезде одан да берік нығайта түсуге бағыт ұстады. Оған екі ел арасындағы қатынастар деңгейі куә. Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынастың өн бойына «аға-інілік» емес, тепе-тең әріптестік арқау болуда. Бұған Елбасының 2009 жылғы Түркияға сапары кезінде екі елдің Стратегиялық әріптестік туралы келісімге келуі айғақ [3].

Түркияның Қазақстанға байланысты бағдарламасы бойынша экспорт толығымен өндірістік аймақтарға, импорт болса Қазақстан экономикасын көтеруге бағытталған. Екіжақты қарым-қатынастар алғашқы сәтінен бастап тек ұлғая түсуге бет алған еді. Тіпті түрiк фирмалары өздерiнiң инвесторларының әр түрлi мәселелерге ұшырауына қарамастан жұмыс ресурстарын Қазақстанға тартқан болатын. Бұл Түркия тарапынан Қазақстанға деген қызығушылығының арта түскендігінің айғағы. Түркияның кәсiпкерлер қоғамының мәлiметтерiне қарағанда 90-жылдардың аяғында-ақ Қазақстанда екіжаққа ортақ 300-ге жуық мекеме, 100 пайыздық түркиялық қоры бар 2000 компания жұмыс iстеген [4]. Ал 2012 жылдың аяғында Қазақстанның экономикалық дамуына 400-ден астам түріктік компания өз үлестерін қосты. Екі елдің экономикалық қарым-қатынастарының дамуында инвестиция мәселесі де алдыңғы қатарлы мәселелер тобында. Өйткені жоғарыда аталынған өзекті мәселелелрдің жүзеге асуы үшін ең алдымен тиімді жасалынған инвестиция қажет.

Жалпы түрiктік биліктің экономикалық саясатының маңызды қағидаларының бiрi – шетел қорларын тарту және шетелдiк инвесторлардың әрекетiне жан-жақты қолдау көрсету. Сонымен қатар елдiң экономикалық дамуының стратегиясына сай келетiн инвестицияларға үміттендіру және қолдау көрсету шаралары кеңінен пайдаланылады. Негiзiнен, түрiктермен бiрге шетел инвесторларының үлестiк қатысуына шек қойылмайды. Фирманың сатылуы немесе жойылуы жағдайында шетелге табыстың аударылуына және репатриациясына кепiлдiк берiледi. Инвестицияға қолдау көрсету шараларына өндiрiстiң дамуының айқын бiр сатысында салықтан және кеден алым салықтарынан толығымен немесе жартылай босату, жеңiлдетiлген несие беру және инвестициялық тауарларды импорттау жағдайында қосымша құн салығын төлеудi кейiнге қалдыру сияқты шаралар жатады. Сол себепті де әлемдік деңгейдегі осындай қағидалардың орындалуы елімізге келетін инвестициялар қатарының өсе түсуіне жағымды әсер етері сөзсіз.

Осы мәселеге қатысты Түркия премьер-министрі Ердоғанның айтуынша, Түркия Қазақстанға азық-тү­лік, құрылыс, денсаулық сақтау және басқа көптеген салаларда 7 млрд доллар көлемінде инвестиция салған. Ердоғанның ойынша, қос тарапты инвестициялардың құйы­луы екі елді мықты бір эконо­ми­калық деңгейге көтереді [5]. Сондықтан да екі­жақты инвестиция салуды түр­лендіру өте маңызды. Бұл ретте Қазақстанның Ресей, Беларусь арасындағы Кедендік одағы да түріктік бизнесмендер үшін жаңа нарық көзін аша түсуде. Кедендік тосқауылдардың алынуы тауар айналымының кеңістігін кеңейте түскен болатын. Яғни бүгінгі күнгі қалыптасып жатқан бірыңғай нарық 170 миллион адамды қамтиды деп айтуға болады. Елдегі саяси тұрақтылық та инвестиция үшін қолайлы жағдай туғызары хақ.

2012 жылғы күздегі кездесуде Ердоған түрік кәсіпкерлерінен Қазақстандағы логистика, көпір салу, бөгеттер, теміржолдарға қатты назар аударып, кемежайлар мен кемелер құрылысы саласына да көңіл аударуды сұраған еді. Өз кезегінде қазақстандық бизнес түріктік саяхат саласына инвестиция салуда. Бұл да екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған. 2013 жылы Қазақстан Президенті Түркияның сауда палатасы мен тауарлар биржасы одағының президентімен кездесуінде де екі елдің сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастығын тереңдету мен дамыту мәселесіне баса көңіл бөлді.


Түркия елі Қазақ елін өзіне қашан да жақын тартып, екі елдің ынтымақтастығын жетілдіре түсуге дайын екендіктерін жоғары деңгейлер де дәлелдеп келеді. Қазақ елі жайлы Түркия президенті Абдолла Гүл: «Қазақстан - тек қана Азияның жүрегі емес, ол сондай-ақ осы аймақтың маңдайындағы жарқыраған жұлдызы! Мұны тек Қазақстан ғана мақтан тұтпайды, мұны біз - Түркия да мақтан тұтамыз!» деген еді [6].  Осы ынтымақтастықты нығайта түсу мақсатында Қазақстан Президенті 2012 жылы 13 қазандағы Түркия Республикасына жасаған ресми сапары барысында қазақ-түріктік бизнес форумында қазіргі заманғы талаптарға және жаһандық экономикалық қатерлерге сәйкес екі мемлекеттің ынтымақтастығын тереңдету және экономикасын одан әрі дамыту қажеттілігін сезіне отырып, экономикалық ынтымақтастықта сауданың, инвестицияның және іскерлік байланыстардың қозғалыс күшін мойындай отырып, 2015 жылға дейін екі ел арасында тауар айналымын 10 миллиард долларға және инвестицияның жылдық көлемін 500 миллион долларға дейін жеткізу мақсатын негізге ала отырып, екі мемлекеттің үкіметтері іске асыратын Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркия Республикасының Президенті Абдолла Гүлдің қамқорлығымен әзірленген «Жаңа синергия» бірлескен экономикалық бағдарламасын іске асырудың басталғаны туралы мәлімдейді [7].  Бұл Бағдарлама шеңберінде нақтылы міндеттер айқындалған еді. Олар: сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастықты кеңейтуді; ынтымақтастықтың қазіргі және жаңа салаларын дамытуды; тараптардың мемлекеттік және жеке секторлары арасындағы өзара іс-қимылын нығайтуды; басым салаларда инвестициялық жобаларды іске асыруды көздейді. Түрік үкімет басшысы Реджеп Тайып Эрдоған Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда айналымының көлемі 4 млрд доллар көлемінде болуы екі елдің өзара қатынасындағы әлеуетін толық қамти алмауда, сондықтан да бұл көлемді 2015 жылға дейін 10 млрд доллар көлеміне дейін өсіру бүгінгі күннің қажеттілігі деп мәлімдеген еді [8].  Сонымен бірге Қазақстан мен Түркия арасында құрылыс, дәрі-дәрмек жасау, ауыл-шаруашылығы, тау-кен істерінде ынтымақтастықты кеңейту мәселелері де мемлекет басшыларының талқысына түскен болатын.

Қазақстан мен Түркия осы кездесу кезінде 1 млрд доллардан (АҚШ) астам көлемдегі келісімдерге қол қойған болатын. Осы сапар кезінде екіжақты қатынастардағы басым бағыттар ретінде «энергокөздерін үнемдеу», «жасыл экономика», улы заттардың таралуын шектеу, нанотехнология және т.б. мәселелерді зерделеу аталынған еді.


Түркі халықтарының рухани, мәдени және тілдік туыстығы болашақта да тиімді де сенімді экономикалық тығыз ынтымақтастыққа алып келері айқын. Ең бастысы, екі елді жақындастыратын біртұтас мәдени және ақпараттық кеңістік қалыптастыру қажет болып тұр. Қазақстан және Түркия арасындағы тарихи тамырластық, ортақ мәдени және рухани құндылықтар екі ел қатынастарының негізі болып қала бермек.
Әдебиеттер
1. Сотрудничество Республики Казахстан с Турецкой Республикой //http://mfa.gov.kz/ru/#!/foreign-policy/sotrudnichestvo_kazahstana/Sotrudnichestvo_so_ stranami_ Evropy_Ameriki/sotrudnichestvo_respubliki_kazahstan_s_turetskoy_respublikoy/

2. Курятов B. Казахстан-Турция: «Шелковый путь» для бизнеса//http://i-news.kz/news/2012/10/13/6668727- kazahstan turciya shelkovyi put dlya biznesa.html


3. Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы
арасындағы Стратегиялық әріптестік туралы
шарт
// http://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z1100000471


4. Токаев К. Дипломатия Республики Казахстан. Астана: "Елорда", 2001. - С. 41.

5. Эрдоган Р. Центральная Азия является стратегической осью турецкой внешней политики // http://www.azan.kz/article/show/id/216.html



6.Сенбай Е., Шәріп А. Қазақстан – Азияның жүрегі, аймақтың жарқыраған жұлдызы! //Http://thenews.kz

7. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркия Республикасының Президенті Абдолла Гүлдің қамқорлығындағы "Жаңа синергия" бірлескен экономикалық бағдарламасына қол қою туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 22 мамырдағы № 659 Қаулысы //http://adilet.zan.kz/kaz/docs/P1200000659


8.Казахстан и Турция увеличат товарооборот до 10 млрд долларов http://kzinform.com/ru/news/20120523/12677.html

References
1. Sotrudnishestvo Respubliki Kazahstan s Turetskoi Respublikoi //http://mfa.gov.kz/ru/#!/foreign-policy/sotrudnichestvo_kazahstana/Sotrudnichestvo_so_stranami_Evropy_Ameriki/sotrudnichestvo_respubliki_kazahstan_s_turetskoy_respublikoy/

2. Kuryatov V. Kazahstan-Turciya: «Shelkovyi put» dlya biznesa//http://i-news.kz/news/2012/10/13/6668727- kazahstan turciya shelkovyi put dlya biznesa.html

3. Kazahstan Respublikasy men Turkya Respublikasy
arasyndagy Strategiyalyq ariptestik turaly shart//http://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z1100000471

4. Tокаyеv К. Diplomatya Дипломатия Respubliki Kazahstan. Astana: "Еlorda", 2001. - S. 41.

5. Erdogan R. Tsentralnaya Azya yavlyaetsyz strategisheskoy osyu turetskoy vneshney politiki // http://www.azan.kz/article/show/id/216.html

6. Senbay E., Sharip А. Kazahstan – Аzyanyn zhuregi, aymaqtyn zharqyragan zhuldyzy! //Http://thenews.kz

7. Kazahstan Respublikasynyn Prezidenti Nursultan Nazarbaev pen Turkya Respublikasynyn Prezidenti Abdolla Guldin qamqorlygyndagy "ZHana sinergiya" birlesken ekonomikalyq bagdarlamasyna qol qoyu turaly Kazahstan Respublikasy Ukimetinin 2012 zhylgy 22 mamyrdagy № 659 Qaulysy //http://adilet.zan.kz/kaz/docs/P1200000659



8. Kazahstan i Turciya uvelishat tovarooborot do 10 mlrd dollarov//http://kzinform.com/ru/news/20120523/12677.html

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет