Б.Ж. Мұстафаев
Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ
шығыстану кафедрасының аға оқытушысы
ҚАЗАҚСТАН МЕН САУД АРАБИЯСЫ АРАСЫНДАҒЫ ҚАТЫНАСТАРДЫҢ ДАМУ ЕРЕКШЕЛІГІ
Мақалада Қазақстан Республикасысының Таяу Шығыстағы елдерімен қарым-қатынасы баяндала келе, Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы байланыстардың 1992-2011 жылдар арасындағы даму барысы қарастырылады. Екі ел арасындағы ынтымақтастықтың деңгейі сөз болады.
Кілтті сөздер: Қазақстан Республикасы, Таяу Шығыс, араб елдері, Сауд Арабиясы корольдігі, дипломатиялық қатынастар
Қазақстан тәуелсіздігіне қол жеткізгеннен бері көпвекторлы бағытты ұстана отырып, сыртқы саясат саласында дүние жүзі қауымдастығы елдерімен қоғами өмірдің барлық бағыттарында тең дәрежеде қарым-қатынас орнатуға мүдделі. Еліміз шет елдермен, оның ішінде салт-дәстүрлеріміз және мәдени түбіріміз ұқсас араб елдерімен өзінің геосаясаттық орнына лайық ынтымақтастық орнатуды оңтайлы шешіп келеді.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың “Қазақстан - 2030” стратегиясында: «2030 жылы біздің ұрпақтарымыз бұдан былай әлемдік оқиғалардың қалтарысында қалып қоймайтын елде өмір сүретін болады. Олардың Қазақстаны Еуразияның орталығы бола отырып, жедел өркендеп келе жатқан үш аймақтың — Қытайдың, Ресейдің және Мұсылман әлемінің арасындағы экономика мен мәдениетті байланыстырушы буын рөлін атқаратын болады», немесе «Таяу және Орта Шығыс елдерімен де қарым-қатынастарымыз тиісті деңгейде нығая береді» деген еліміздің белсенді сыртқы саясаты жөнінде сөз қозғаған болатын [1]. Сол стратегияның жалғасы есебінде 2012 жылдың 14 желтоқсанында Елбасы «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты атты жаңа бағдарламасын халыққа жолдады. Нұрсұлтан Назарбаев осы жолдауында былай дейді: «Біздің басымдықтарымыз өзгермейді – көршілеріміз – Ресеймен, Қытаймен, Орталық Азия елдерімен, сондай-ақ АҚШ-пен, Еуроодақпен, Азия елдерімен серіктестікті дамыту мәселесі болып табылады. Қазақстан ИЫҰ-ның белсенді қатысушысы бола отырып, Таяу Шығысты реттеу процесінің бейбіт сипатына шын жүректен мүдделілік танытады. Араб-ислам әлеміндегі халықтық толқудан босаған күш-қуаттың жасампаздық арнаға бағытталып, аймақтың әлеуметтік-экономикалық проблемаларын шешуге қызмет етуі маңызды. » [2]. Демек, Қазақстан өзінің сыртқы саясатындағы басым бағыттарды әрі қарай дамыта беретін болады.
Халықаралық қоғамдастықпен жан-жақты ынтымақтастық орнатуға бет алған Қазақстан үкіметінің сыртқы саясатында мұсылман әлемі елдері лайықты орынға ие болуы табиғи шарт. Бұрынғы кеңес одағын құрап, оның көлеңкесінде тасалап келген Орталық Азия мемлекеттері тәуелсіздікке ие болуы нәтижесінде тарихи тұрғыдан ұқсас әрі жақын географиялық, діни-мәдени белдеуде орналасқан халықтар жібі үзілген дәстүрлі қатынастарын жаңғыртуға мүмкіндік алды. Үш құрлықты өзара түйістірген, зор саяси және экономикалық мүмкіншіліктерді иемденген, геостратегиялық жағына аса ыңғайлы мекенде орналасқан, бай отын-энергетика, қаржы-несие, әлемнің маңызды теңіз коммуникацияларына ие мұсылман белдеуінің елдері бүгінгі күні әлемдік саясат деңгейінде ерекше маңызға ие екені мәлім.
Орталық Азия мен Таяу шығыс аймақтарының геостратегиялық, саяси-экономикалық жағдайларының ұқсастығы, түрлі халықаралық мәселелер бойынша ұстанып отырған саяси тұғырларының жақындығы, халықтарының мәдени және рухани бауырластығы Қазақстан мен мұсылман әлемі арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға берік негіз бола алады. Аталған міндеттің табысты іске асырылуы сайып келгенде Қазақстанның халықаралық қоғамдастықта дәйекті әрі белсенді енуін қамтамасыз етіп, сол арқылы оның ұзақ мерзімді ұлттық мүдделеріне сай келмек [3, 153 б.].
Еліміздің сыртқы саясаты жүйесінде Таяу Шығыс аймағы маңызды орын алады. Бұл аймақта қомақты адами және экономикалық ресурстар, әлемдік көмірсутегі шикізат қорының үштен екі бөлігі шоғырланған. Аталған факторлар қазіргі халықаралық қатынастардағы Таяу Шығыстың рөлін әрі қарай арттыра бермек [4, 185 б.].
Байқағанымыздай, еліміздің сыртқы саясатының аса маңызды бағыттарының бірі ислам әлемімен достық қатынастарды ұстану болып табылады. Бұндай ұстаным елдің сыртқы позицияларының күшеюіне әкеліп, Қазақстанның дүниежүзілік қауымдастыққа саяси және экономикалық интеграциялануына көмектесіп, қазақстандық дипломатияның азиялық, таяушығыстық, мұсылмандық сияқты маңызды бағыттарындағы мүмкіндіктерінің кеңеюіне жол ашады.
Қазақстанның мұсылман әлемімен өзара қатынастарының негізгі ажырамас бөлігіне араб елдерімен байланыстары жатады.
Араб әлемі еліміздің тәуелсіздігін үлкен қуанышпен қарсы алып, оның барлық ішкі және сыртқы акцияларын қолдады, біздің жас мемлекетімізбен жан-жақты байланыстарды орнатуға белсенді қатысты. Қазақ және араб халықтарының рухани жақындастығы да елеулі рөлін қосып, біздің мемлекеттеріміздің бір-біріне тартылуына әкелді. Араб елдерінің Қазақстанға басқа елдермен салыстырғанда жақын географиялық орналасуы да маңызды болып отыр. Және де олардың көліктік-коммуникациялық әлеуеті, сонымен қатар қазақстандық тауарлар үшін нарығының кеңдігі еліміздің қызығушылығын туғызуда [5, 19 б.].
Осы уақытқа дейін Қазақстан Республикасы көптеген араб елдерімен қарым-қатынас орнатып, олармен саяси, экономикалық, мәдени т.б. байланыстарды дамытып келеді. Атап айтсақ төмендегідей араб елдерімен дипломатиялық қатынастар орнатылған: Бахрейн Корольдігі, Египет Араб Республикасы, Марокко Корольдігі, Ұлы Социалистік Халықтық Либия Араб Жамаһириясы Сирия Араб Республикасы, Катар Мемлекеті, Оман Сұлтандығы, Біріккен Араб Әмірліктері, Палестина Мемлекеті, Сауд Арабиясы Корольдігі Алжир Халық Демократиялық Республикасы, Ливан Республикасы, Ирак Республикасы.
Осы елдердің арасынан Сауд Арабиясы Корольдігі мен Қазақстан Республикасы арасындағы қарым-қатынасқа тоқталып өтейік.
Сауд Арабиясы корольдігі (Әл-Мамляка әл-Арабия әс-Саудия) – Арабия түбегінде орналасқан мемлекет. Жер аумағы 2,240 млн км2. Халқы 22,7 млн (2002). Астанасы - Әр-Рияд қаласы. Әкімшілік жағынан 13 округке бөлінеді. Сауд Арабиясы абсолюттік монархия. Мемлекет және үкімет басшысы, қарулы күштердің қолбасшысы – король. Король үкіметті құрады және жоғарғы лауазым иелерін тағайындап, орнынан боса алады. Сауд Арабиясы үкіметі заң жобасын дайындайды, мемлекетаралық келісімдерді бекітеді, ішкі, сыртқы саясат, экономика, қаржы мәселелері жөнінде тиісті шешім қабылдайды.
Сауд Арабиясы – дүние жүзіндегі ірі мұнай өндіруші және өңдеуші елдердің бірі. Дүние жүзіндегі мұнай қорының төрттен бірі Сауд Арабиясы жер қойнауында шоғырланған. Шикі мұнай қоры 261,7 млрд баррел немесе 35 млрд тонна, табиғи газы шамамен 6,339 трл м3. Мұнай елге экспорттан түсетін пайданың 90%-ын құрайды. Елде жеңіл өнеркәсіп және металлургия, мұнай мен газ өңдеу, химия, тыңайтқыштар, құрылыс материалдарын шығару дамыған. Мекке қаласында жылына қажылыққа 5 млн адам келе алатындай жағдай жасалған.
Сауд Арабия Корольдігі Таяу Шығыс елдерінің арасында экономикалық жағынан алғанда аса дамыған ел. Елдің ¾ бөлігі шөл дала болғанына байланысты мемлекет ауыл шаруашылық техникасын, құрал-сайман сатып алуға, ирригациялық құрылыстарға және жол салуға өте көп қаражат бөлді. Соның арқасында бұл ел бидайды және басқа ауыл шаруашылық өнімдерді экспортқа шығаруға мүмкіндік алды.
Экономикалық қиыншылықтарға қарамастан, Сауд Арабиясы дүние жүзіндегі ең бай, аса тұрақты, өмір сүру деңгейі жоғары елдер қатарына жатады [6].
Сауд Арабиясының беделінің артуы, ол жерде исламның түпқазығы болып табылатын тарихи орындар бар. Оларды корольдік көзінің қарашығындай сақтап, бүкіл жер жүзіне исламның не екенін паш етіп отыр. Сонымен қатар, Сауд Арабиясы Батыс елдермен, АҚШ-пен тығыз сауда-экономикалық байланыс жүзінде исламды уағыздау, ұлттық мүдделерін қорғауда мұсылман мемлекеттеріне көмек көрсету, бұл елдердің ішкі ісіне араласпау болып табылады.
Сауд Арабиясы Корольдігі (САК) араб және мұсылман елдерінен бірінші болып 1991 жылы 30 желтоқсанда Қазақстан тәуелсіздігін таныды.
Қазақстан – Саудия ресми қатынастары 1992 жылдан басталды деуге болады. Сол кезде Сауд Арабиясы сыртқы істер министрі Принц Сауд аль-Фейсал Қазақстанға ресми сапармен келу ынтасын білдірген болатын. Оған дейінгі қатынастар сыртқы істер министрліктері тарапынан жүргізіліп тек екі жақпен танысу сипатында болды.
1992 жылдың маусымыда Сауд арабиясы корольдігінің Сыртқы істер министрлігі Еуропа Департаментінің бастығы Ханзада Турки Қазақстанға келді. Оны Қазақстан Республикасы сыртқы істер министрі қабылдады. Ал 1993 жылы ақпан айында ҚР сыртқы істер министрлігінің аса маңызды шаруалар бойынша елшісі қысқа сапармен Эр-Риядта болған кезінде Сауд Арабиясы Корольдігінің сыртқы істер министрі Саль-Файсальдың қабылдауында болып, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Король Фахдқа жеке жолдамасын тапсырды.
Содан бастап біртіндеп Қазақстан Саудия арасындағы экономикалық байланыстар орнай бастады деуге болады. 1993 жылы желтоқсанда Қазақстан Саудияның Даму Фондының миссиясы келіп, Қазақстан министрліктерімен кездесіп, біраз жобаларды қаржыландыру мәселесін талқылады. 1993 жылдың 3-қазанынан 27-қаңтарға дейін Қазақстанда Принц Мухаммед Бек Бандар болды. Ол Қазақстан экология және биоресурстар министрлігімен Қызыл Кітапқа жазылған құстарды қорғау жайында келіссөз жүргізді. Келіссөз нәтижесінде Принц пен министрлік арасында Экологиялық фонд құру туралы келісімге қол қойылды. Ол фондтың жарғылық капиталын 2 млн доллар Принц жеке өзі салды.
Сауд Арабиясы мен Қазақстан арасындағы байланыстың нақты орнауы 1994 жылы 30-көкекте Қазақстан Сыртқы Істер Министрі Қ.Б.Саудабаевтың Эр-Риядқа сапарынан басталды. Мұнда Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасында дипломатиялық қатынас орнату жөнінде Протоколға қол қойылды. Қазақстан Министрін Король Фахл қабылдады. Келіссөз барысында Қазақстанға Сауд Арабиясының сауда-өнеркәсіпкерлерін жіберіп, қарым-қатынасты нығайту мәселесі келісілді.
Сонымен қатар, 1994 жылдың тамызында Қазақстанға Сауд Арабиясының әскери мамандары келіп, ҚР қорғаныс министрлігімен келіссөздер жүргізді [5,29 б.].
1993-1994 жылдарда Қазақстан мен Сауд Арабиясы жақсы дәрежеде дипломатиялық қатынастар жүргізіп отырды да, ҚР Президентінің Сауд Арабиясына Ресми сапары даярланды.
Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы байланыстарды және де бүкіл араб дүниесімен қатынастарды жаңа биік дәрежеге көтерген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Сауд Арабиясы Корольдігіне ресми сапары болды. Ол 1994 жылы 25-28 қыркүйекте өтті. Сапар кезінде ҚР Президенті Король Фахд Бен Абдель Азизбен кездесті. Ол екі ел арасындағы тарихи байланыстардың қайта жаңғырғанына ризашылығын білдіріп, Қазақстанның егемендік алуының мұсылмандар қоғамына да маңызы зор екенін атап өтті. Саудия мемлекеті басшысы ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Орталық Азия мен түгел ТМД елдері арасындағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға бағытталған салмақты саясатын аса жоғары бағалады. Сауд Арабиясы өздерінің компаниялары мен іскер адамдарының Қазақстанның экономикасы, мұнай өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, сауда, жеке бизнес салалары бойынша қатынастарын әрқашан қолдайтынын білдіреді. Король Фахд Қазақстанның егемендігіне, мемлекетінің күшейуіне өз көмегін аямайтынын және ішкі істеріне араласпайтынын, алдын-ала ешбір шарт қоймастан жан-жақты байланыстардың пәрменділігін арттыруға ат салысатынын айтты.
Сапар кезінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Принц Абдалла Бен Абдель Азизбен, Премьер-министрдің Екінші орынбасары, қорғаныс және авиация министрі Принц Сұлтанмен, Парсы Шығанағы араб мемлекеттерінің өзара көмек Кеңесінің Бас хатшысының орынбасары Абдалла аль-Кувейзимен кездесіп, екі жаққа қатысты мәселелер бойынша келіссөздер жүргізді.
ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Сауд Арабиясына сапары тек корольдік пен араб елдерінде ғана емес бүкіл дүние жүзінде жақсы резонанс тудырды. Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасында орнаған қарым-қатынасқа орай сапардың мақсаты мынау еді: екі ел басшылары арасында аса сенім орнату, Саудияны Орталық Азия мемлекеттері жағына тарту, жеке бизнесті Қазақстанға тарту және екі жақты байланыстар үшін шарттық құқықтық негізін қалау. Біздің ойымызша осы мақсаттардың бәрі өз нәтижесіне жетті. Олай дейтініміз сапар кезінде сауда-экономикалық, инвестиция мен мәдениет, спорт және жастар ісі жөнінде Бас келісімге қол қойылды. Сапар нәтижесі бойынша бірлескен коммюнике қабылданды [5, 31 б.] .
Осыдан бастап Қазақстан – Саудия қатынастары орнап, жаңа деңгейге көтеріле бастады деуге болады.
Екі мешіттің сақтаушысы, Алла жанын жаннаттан берсін Король Фахд бен Абдел Әзиздің тікелей шақыруымен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2004 жылы наурыз айында Сауд Арабиясына тағы бір маңызды сапармен барды. Бұл сапар екі ел басшысының арадағы қарым-қатынасына жаңа серпін беріп, оны одан әрі дамытып, нығайтуға көзделген ой-ниетінің шешімділігін тереңдетудің жарқын куәсі болып табылды.
Осынау сапар кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сауд басшыларымен маңызды кездесулер өткізді. Олардың ішінде ең маңызды кездесулер – Король Абдалла бен Абдел Әзизбен, сондай-ақ, Жоғары Мәртебелі Король бекзадасы Сұлтан бен Абдел Әзизбен (ол уақытта Премьер-министрдің екінші орынбасары) өтті.
Жүргізілген келіссөздер барысында өңірдегі оқиғалардың дамуы, сондай-ақ ислам мен халықаралық өмірдегі болып жатқан қатынасқа қатысты екі жақтың ұстанымы талқыланды. Екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамытудың келешегі, осынау өзара пайдалы ынтымақтастықты барлық салаларда одан әрі нығайту жолдары көзделді. Екі елдің министрлері екі мемлекет арасында қол қойылған құжаттарда мазмұндалған уағдаластықтарды өмірге енгізу жөнінде барлық қажетті шараларды қабылдау туралы тікелей тапсырмалар алды. Солардың ең маңыздысы –екі мемлекет пен олардың экономикалық салмағына сәйкесе алатындай, жыл сайынғы тауар айырбасы деңгейін арттыруды қарастырған сауда саласындағы қол қойылған құжат. Осы сапардың ең маңызды нәтижесі – осы елдегі мүмкіндіктерді көзбен көріп, танысу мақсатында Қазақстанға сауд бизнесмендерінің келуі. Бұл сапар елге инвестиция салудың көздерін іздестіру мен елде қаржы салуға болатын мүмкіндіктерді көзбе-көз көрумен қатар, сондай-ақ, Қазақстан үкіметі сауд инвесторларына ұсынып отырған жеңілдіктерді талқылау мақсатын көздеді. Бірлескен компаниялар мен акционерлік қоғамдарды құру идеясы пайда болды, олардың жұмыстарына екі елдің бизнесмендерін қатыстыру көзделді. Бірінші кезекте бұл маңызды экономикалық жобаларға қатысты болатын.
Екі ел арасындағы сауда және экономикалық ынтымақтастыққа қатысуға ниет білдірген компаниялар мен ұйымдар туралы жеткілікті ақпарат ұсыну мақсатында компаниялар мен көмекші ұйымдар арасында тікелей байланыс орнату қажеттілігін де дәлелдеді. Мұнай өндіру, энергетика, мұнай-химия өнеркәсібі саласындағы компаниялардың қызметін жандандыруға ерекше көңіл аударылды, өйткені екі елде де осы салаларда қызмет көрсетудің үлкен тәжірибесі жинақталған.
Екі ел арасындағы мәдени және рухани ынтымақтастыққа айрықша көңіл бөле отырып, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Сауд Арабиясының діни қайраткерлерімен, Дүниежүзілік Ислам лигасының жауапты тұлғаларымен де кездесті. Осылайша Қазақстан ұзақ жылдар осы елдегі ислам мәдениетінің дамуына залалды ықпалын тигізіп келген кеңес үстемдігінен кейін қайтадан ислам мәдениеті мен өркениетінің бір бөлігі болу тілегін паш етті.
Осыдан бастап, Қазақстан Республикасы барлық халықаралық ислам форумдарына, соның ішінде Сауд Арабиясы аумағында өтетін форумдарға жүйелі түрде қатыса бастады[ 7, 93 б.].
Бүгінге дейінгі екі ел арасындағы қарым-қатынастардың нәтижедері қандай деген сұраққа жауап іздесек, Қазақстан Республикасы Сыртқы істтер министрлігінің ресми сайтындағы деректер бойынша Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасында төмендегідей іс-шаралар жүзеге асырылған:
Қазақстан Республикасы мен Сауд Арабиясы Корольдігі (САК) арасындағы дипломатиялық қатынастар 1994 жылғы 30 сәуірде орнатылды.
Қазақстан Республикасының Эр-Риядтағы Елшілігі 1996 жылдың мамыр айында ашылды. ҚР САК-гі Елшісі Б.Тасымов. Сауд Арабиясының Қазақстандағы Елшілігі 1997 жылдың наурыз айында ашылды. САК Астанадағы Елшісі Әбділмәжид Хаким.
Екі ел арасындағы достық қатынастардың одан әрі нығаюына САК Премьер-министрінің екінші орынбасары, Қорғаныс және авиация министрі, Бас инспектор ханзада Сұлтан бен Әбділ Әзіздің (2005 ж. 1 тамыздан бастап Тақ мұрагері) 2000 жылғы Қазақстанға сапары және ҚР Президентінің 2004 жылдың наурызда өткен екінші ресми сапары өз септігін тигізді.
Өткен мерзімде екі ел арасында түрлі деңгейде бірқатар өзара сапарлар ұйымдастырылды.
Сауд Арабиясына ҚР Сыртқы істер министрі Қ. Саудабаев (1994 ж.), білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрі Қ. Көшербаев (1997 ж.), Парламенті Сенатының төрағасы Ө. Байгелді мен Н. Әбіқаев (1997 және 2006 жж.), Жоғары сот төрағалары М. Нәрікбаев, Қ. Мами және М. Әлімбеков (1998, 2001 және 2010 жж.), Экология және табиғи ресурстар министрі С. Дәукеев (1998 ж.), Қорғаныс министрі С. Тоқпақбаев (2002 ж.), Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрі М. Құл-Мұхаммед (2002 ж.), Әділет министрі О. Жұмабеков (2004 ж.), Сыртқы істер министрінің орынбасарлары А. Шәкіров және Н. Ермекбаев (2005 және 2008 жж.), Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Т. Мұсабаев (2009 ж.), Индустрия және сауда министрі Ә. Исекешев (2010 ж.), Ішкі істер министрі С. Баймағанбетов (2010 ж.), Конституциялық кеңестің төрағасы И. Рогов, Жоғарғы сот кеңесінің төрағасы О. Жұмабековтің (2010 ж.) сапарлары болды.
Қазақстанға Сауд Арабиясы Консультативтік кеңесінің төрағалары Ибрагим бен Джубейр, Салех бен Хумейд және Абдалла Әл аш-Шейх (1998, 2006 және 2009 жж.) Әділет министрі Абдалла Әл аш-Шейх (2002 және 2008 жж.), Сауда және индустрия министрі Хашим әл-Ямани (2006 ж.), Дін, уақф және үндеу министрі шейх Салех Әл аш-Шейх (2007 ж.), Сыртқы істер жөніндегі мемлекеттік министрі Низар Мадани (2008 ж.), Экономика және жоспарлау министрі Халед әл-Кусейби (2009 ж.), Туризм жөніндегі жоғарғы комиссиясының төрағасы ханзада Сұлтан бен Салман (2009 ж.), Денсаулық сақтау министрі Абдалла ар-Рабия (2010 ж.) сапар жасады.
2011 сәуірінде ҚР Сыртқы істер министрі Е.Қазыханов ресми сапармен Риядта болып қайтты.
Сауд Арабиясы еліміздің инфрақұрылымын дамытуға белсенді қатысты. ҚР Парламенті Сенаты ғимараты (15 млн. долл. астам), Астана қаласындағы кардиоорталық (12 млн. долл.), Осакаровка-Вишневка көлік жолы (12 млн. долл.), Петропавл қаласындағы мешіт (2 млн. долл.) және т.б. жобаларды жүзеге асыруға гранттар бөлді.
Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-сауд үкіметаралық комиссиясының үш отырысы өтті – 1999 және 2009 жж. Астана қаласында, 2004 ж. Рияд қаласында.
Жыл сайын 4 мыңға жуық қазақстандықтар қажылық және умра жасау мақсатында Мекке және Медина қалаларына сапар шегеді.
ҚР мен САК арасындағы тауар айналымының көлемі 2011 жылы 14 млн. долл. құрады.
Қазақстан-сауд қатынастарының шарт-құқықтық базасы 14 құжатқа негізделген [8].
Сауд Арабиясы Корольдігі аймақтың қуатты қаржылық және экономикалық әлеуеті бар аса дамыған елдерінің қатарына жатады. Корольдіктің әлемдегі ірі мұнай ресурстарын иеленуші және сыртқа шығарушы ретіндегі мәртебесі әлемге аян.
Сауд Арабиясының жағдайына оның аумағында мұсылмандардың ең басты қасиетті орындары Мекке мен Мединаның болуы айрықша сипат береді. Осы маңызды жағдай Сауд сыртқы саясатының негізгі қағидаттарын айқындауда, ол бүкіл әлемде исламды қолдауға және мұсылман мемлекеттеріне көмек көрсетіп, демеуге бағытталған.
Елдің сыртқы саясатында ислам құндылықтарын насихаттауға және қорғауға Араб және Ислам мемлекеттерінің ынтымақтастығын нығайтуға басымдық беріледі. Діни және этникалық қағидаттарға негізделген аймақтағы ықпалды саяси және қаржы мекемелері: Ислам конференциясы ұйымы, Ислам Даму Банкі, Парсы шығанағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесі және басқаларды құруда нақ Корольдік шешуші рөл атқарғанын атап ету керек.
Екі жақты қатынастарда жинақталған оң тәжірибелерге қарамастан Қазақстан – Сауд ынтымақтастығының әлеуеті толық іске асырыла қойған жоқ. Бұл үдерісті тежеп отырған себептердің арасында кейінгі уақытта екі елдің сыртқы экономикалық белсенділігінің жалпы төмендеуін бөліп айтуға болар еді, бұл екі мемлекетті жалғастырып жатқан тікелей көлік дәліздерінің болмауы сияқты ішкі сипаттағы себептерге байланысты.
Дегенмен, екі ел арасындағы саяси, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынастар болашақта жоғары деңгейге жетеді деп сенеміз.
Әдебиеттер
1 http://www.akorda.kz/kz/category/gos_programmi_razvitiya
2 Назарбаев Н. «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа
саяси бағыты // Егемен Қазақстан 15 желтоқсан 2012 жыл.
3 Тайжан Болатхан. Аталы сөздер: Елші күнделігінен. 1-кітап.- Алматы,
2007. – 300 б.
4 Токаев К. Дипломатия Республики Казахстан. Астана: Елорда, 2001. –
552 с.
5 Амреев Б. Казахстан и Саудовская Аравия. - Астана: Елорда, 2003. – 280с.
6 http://www.krugosvet.ru/enc/strany_mira/SAUDOVSKAYA_ARAVIYA
7 Маджед бен Абдель Азиз Ат-турки. Свет власти в Казахстане Президент
Нурсултан Назарбаев. Эр-Рияд, 2007. – 108 с.
8 http://mfa.gov.kz/kz/#!/kazakstannyin_syirtkyi_sayasatyi/kazakstannyin_
yintyimaktastyigyi/ aziya_jәne_afrika_memleketteгmen_katyinastar
Резюме
В данной статье рассматривается развитие отношения Казахстана со странами Ближнего Востока, особенно с Королевством Саудовской Аравии 1992-2011 годы. А также обсуждается уровень развития сотрудничества двух стран в различных сферах.
Ключевые слова: Республика Казахстан, Ближний Восток, Королевство Саудовской Аравии, дипломатические отношения.
Abstract
In this article development of relation of Kazakhstan is examined with countries Middle East, especially with The Kingdom Of Saudi Arabia 1992-2010. And also the level of development of collaboration of two countries comes into question in different spheres.
Keywords: Republic of Kazakhstan, Middle East, The Kingdom Of Saudi Arabia, diplomatic relations
Достарыңызбен бөлісу: |