Б. З. Бюжеева Дүниежүзілік сауда ұйымының маңыздылығы мен мәні



Дата07.07.2016
өлшемі62.5 Kb.
#183017
Әл-Фараби ат. ҚазҰУ

Аймақтану және әлемдік экономика

кафедрасының доценті,

т.ғ.к., Б.З.Бюжеева


Дүниежүзілік сауда ұйымының маңыздылығы мен мәні
ХХ ғасырдың аяғынан халықаралық қатынастар жүйесіне белсенді араласа бастаған Қазақстан Республикасының өзекті мәселелерінің бірі Дүниежүзілік сауда ұйымының (ДСҰ, World Trade Organization – WTO) мүшесі болу. Қазақстан бұл ұйымға 1996 жылы қаңтар айында мүше болу жөніндегі өтінішін білдіргеннен кейін бақылаушы мәртебесіне ие болды. ДСҰ-ға толыққанды мүше болу үрдісі бірқатар құжаттарды дайындауды, яғни, елдің сыртқы сауда тәртібін айқындайтын, сондай-ақ осы тәртіпті және ДСҰ-ға мүше болар кездегі елдердің міндеттемелері жөніндегі екі жақты келіссөздер желісін талқылау мақсатында ДСҰ-ға мүше болу бойынша құрылған Жұмысшы тобының мәжілістерін өткізуді қажет етеді. ДСҰ бүгінгі таңда тәуелсіз Қазақстанның әрі қарай дамуы үшін өте қажетті ұйым болып табылады.

Дүниежүзілік сауда ұйымы (ДСҰ)– либерализм қағидасына сай халықаралық сауда ережелерін реттейтін халықаралық экономикалық ұйым. ДСҰ 1995 жылдың 1 қаңтарынан өз қызметін бастады, ДСҰ-ны құру жөніндегі шешім Тауар саудасы жөніндегі бас келісімнің (ТСБК – ГАТТ) Уругвайлық кездесуі шеңберіндегі 1993 жылдың желтоқсанында аяқталған көпжылдық келіссөздердің соңында қабылданған болатын. Ресми түрде ДСҰ 1994 жылдың сәуірінде өткен Марракеш мәслихатында құрылады, сол себепті де ДСҰ-ны құру жөніндегі Келісімді сондай-ақ Марракештік келісім деп те атайды. Егер, ТСБК тек қана сауда тауарларын реттеумен ғана айналысса, ДСҰ-ның қызметтік саласы әлдеқайда ауқымды: сауда тауарларымен қатар ол қызмет көрсету саудасын және зияткерлік меншік құқықтарының саудагерлік қырларын да реттейді. ДСҰ Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесінің арнайы мекемесі деген заңды мәртебесіне ие.

ДСҰ-ның алғашқы кезінде 77 мемлекет мүше болса, 2003 жылдың ортасында 146 мемлекет – дамыған, дамушы және бұрынғы социалистік елдер де мүшесі болды. ДСҰ-ның мүше-мемлекеттерінің «ала-құла» құрамы бұл ұйымның өзіндік таңбасында да айқындалған. ДСҰ-ның құрамына кейбір бұрынғы кеңестік елдер де кірді: Литва, Латвия, Эстония, Армения, Грузия, Молдово, Қырғызстан.

2001 жылғы ДСҰ-ға әлемдік саудадағы келешегі мол қатысушыларының бірі Қытайдың мүшелікке кіруі маңызды оқиға болды. ДСҰ-ға мүше елдердің әлемдік сауда айналымындағы үлесі шамамен 95 пайызды құрайды [1]. Бірқатар елдер қазіргі таңда ДСҰ-ға мүше болуға ынта білдіруде. Олар бақылаушы-мемлекеттер мәртебесіне ие. 2003 жылы мұндай елдердің саны 29 болатын, олардың арасында Қазақстан, Өзбекстан, Азербайджан, Беларуссия, Украина және Ресей бар.

ДСҰ-ның басты міндеттері – кедергісіз халықаралық саудаға қолдау көрсету. ДСҰ-ның құрылуына қолдау көрсеткен дамыған елдердің пікірі бойынша халықаралық саудадағы экономикалық еркіндік халықтың экономикалық әл-ауқатының ұлғаюына және экономикалық дамуына жағдай жасайды. Қазіргі кезеңде әлемдік сауда жүйесі төмендегі бес қағидаға сәйкес келуі керек :

1). Саудада жікшілдіктің болмауы.

Бірде-бір мемлекет басқа елді тауар шығаруын және тауар әкелуін шектеп аластауға тиіс емес. Шын мәнінде, кез-келген елдің ішкі нарығында шетелдік және ұлттық өнім арасында сату жағдайына қарай ешқандай аластаушылық болмауы керек.

2). Сауда бөгеттерін (протекционистік) азайту. Сауда бөгеттері деп шетелдік тауардың қандай да бір елдің ішкі нарығына кіру мүмкіндігін төмендетуді айтады. Оларға, ең алдымен кедендік баж салығы мен ішке кіргізу мөлшерін шектеу жатады. Халықаралық саудаға сондай-ақ әкімшілдік кедергілер мен валюта айырбастау бағамдарын айқындау саясаты ықпал етеді.

3). Сауда жағдайының тұрақтылығы мен болжамдылығы. Шетелдік компаниялар, қаржы салушылар (инвесторлар) мен үкіметтер сауда жағдайының (тарифтік және тарифтік емес тосқауылдар) кенеттен және өз бетінше өзгерісге түспейтіндігіне сенімді болуға тиіс.

4). Халықаралық саудада бәсекелестікке ынталандыру. Әр түрлі елдер фирмаларының тең құқылы бәсекелестігі үшін «әділетсіз» бәсекелестік күрестің алдын алу, яғни, сыртқа өнім шығарушы фирмаларға мемлекеттің көмегін (экспорттық субсидия), өнім өткізудің жаңа нарығын басып алу үшін бағаны қасақана төмендетуді (демпинг) пайдалануға жол бермеу.

5). Дамуы төменірек мемлекеттер үшін халықаралық саудадағы жеңілдіктер [2]. Бұл қағида алдыңғыларына қайшы келеді, тек ол әлемдік шаруашылыққа шеттегі әлсіз дамыған елдерді тарту үшін қажет. Өйткені олар бастапқы кезде дамыған елдермен тең жағдайда бәсекеге түсе алмайды. Сондықтан әлсіз дамыған елдерге ерекше жағдай туғызу «әділ» деп есептелінеді. Жалпы ДСҰ еркін сауда (фридерлік) ілімін насихаттай отырып, протекционистік кедергілерді жоюмен күреседі.

ДСҰ жұмысының тәжірибелік қағидасына тоқталатын болсақ, ДСҰ қызметінің негізінде әлемдік шаруашылық қатынастарына белсенді қатысатын көпшілік мемлекет қол қойған үш халықаралық келісімдер бар: 1994 ж. мәтініндегі Тауар саудасы жөніндегі бас келісім (ТСБК-ГАТТ), Қызмет көрсету саудасы жөніндегі бас келісім (ҚСБК –GATS-General Agreement on Trade in Services) және Зияткерлік меншік құқы саудасының астарлары жөніндегі келісім (ЗМҚСК –TRIPS –Trade-related Aspects of Intellectual Property Rights). Бұл келісімдердің негізгі мақсаты – шетке тауар шығару және ішке әкелу әрекеттерімен айналысатын барлық елдің фирмаларына көмек көрсету. ДСҰ келісімдерін жүзеге асыру, негізінен тек қана ұзақ мерзімді табыс әкеліп қоймай, сонымен бірге сол сәттегі қиыншылықтарға да толы. Мысалға, протекционистік кеден тарифтерін төмендету сатып алушыларға шетелдік әлдеқайда арзан тауарлар сатып алуын жеңілдетеді, бұл тек отандық өнім шығарушылардың күйреуіне әкелуі мүмкін, егер олардың шығаратын тауарының өздік құны жоғары болса. Сол себепті ДСҰ ережелеріне сай мүше-мемлекеттердің қарастырған өзгерістерін бірден емес, сатылап, «өрлеуші либерализация» қағидасы бойынша жүргізуіне мүмкіндік берген. Бұл тұста көбінде дамушы мемлекеттерге өз міндеттерін толық жүзеге асыру үшін ұзақ мерзім беріледі.

ДСҰ-ның барлық мүшелері қабылдаған, еркін сауда ережелерін сақтау жөніндегі міндеттер, «көпжақты сауда» жүйесін құрайды. Әлемнің көптеген мемлекеттері негізгі барлық ішке тасушы және шығарушы мемлекеттерді де қосқанда осы жүйенің мүшесі болып табылады. Дегенмен, бірқатар елдер оған кірмейді, сол себепті де жүйені «дүниежүзілік» емес «көпжақты» деп атайды. Болашақта, ДСҰ мүшелерінің кеңеюіне байланысты «көпжақты сауда» жүйесі шын мәнінде «дүниежүзілік сауда» жүйесіне айналары сөзсіз.

ДСҰ-ның негізгі қызметтері: ДСҰ-ның негізгі келісім талаптарының орындалуын бақылау; сыртқыэкономикалық қатынастар бойынша ДСҰ қатысушы-елдер арасындағы келіссөздерге жағдай жасау; сыртқы экономикалық сауда саясаты мәселесі бойынша мемлекеттер арасындағы дау-дамайларды реттеу; ДСҰ мүше-мемлекеттерінің халықаралық сауда саласындағы саясатын бақылау; дамушы елдерге көмек көрсету; басқа халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық.

Сыртқы сауда қатынастарына қатысушы көптеген елдер тарапынан келісімдер мәтінінің жасалуы мен қол қойылуына қарай, бұл жиі-жиі пікір таластар туғызады. Келіссөздерге қатысушы тараптар көп жағдайда әр қилы мақсаттар көздейді. Сонымен бірге, келісімдер мен шарттарды (тіпті ДСҰ-ның делдалдылығы негізінде ұзақ келіссөздердің нәтижесінде жасалынған келісімдерді де қосқанда) қайта талқылау жиі қажет етеді. Сондықтан, ДСҰ-ның негізгі міндеттерінің бірі сауда келіссөздерінде өзіндік делдалдық қызмет атқарып дау-дамайларды реттеуге қолдау көрсету болып табылады. Халықаралық экономикалық қақтығыстар тәжірибесі көрсеткендей, даулы мәселелерді өзара келісілген заңды негізге және тараптардың тең құқысы мен мүмкіндіктерін қамтамасыз етуге негізделген ДСҰ бекіткен тәртіп негізінде шешкен дұрыс. Сол мақсатта ДСҰ шеңберінде қол қойылған келісім мәтіндері міндетті түрде дауларды реттеу ережелерінің тармағын қамтыйды. Дауларды реттеу ережелері мен әрекеттері бойынша келісім мәтіні «ДСҰ шеңберінде дауларды реттеу жүйесі әлемдік сауда жүйесінің қауіпсіздігі мен кездейсоқтығын қамтамасыз етудің негізгі құрамдас бөлігі болып табылады» деп көрсеткен. ДСҰ мүшелері сауда ережелеріне қарсы келетін біржақты әрекеттер қабылдамау жөнінде міндеттеме алады. Соған қоса, олар даулы мәселелерді көпжақты жүйе шеңберінде реттеуге және оның ережелері мен шешіміне бағынатындықтарына да міндеттеме алады. Даулы мәселелер бойынша шешім көп жағдайда барлық қатысушы-мемлекеттер тарапынан консенсус тәсілі бойынша қабылдануы ДСҰ қатарындағы келісушілдікті нығайтуда қосымша ынталандыру болып табылады.

Ал, ДСҰ-ның ұйымдастырушылық құрылымы өте жүйелі десе болады. ДСҰ-ның басқару жүйесі үш деңгейден тұрады: Біріншісі – Министрлік мәслихат, екіншісі – Бас кеңес, үшіншісі - Тауар саудасы бойынша кеңес, Қызмет көрсету саудасы бойынша кеңес және Зияткерлік меншік құқы саудасының астарлары жөніндегі кеңес, бұл кеңестердің әрқайсысында өз хатшылығы жұмыс істейді. ДСҰ жоғарғы деңгейіндегі стратегиялық шешімдерді екі жылда жоқ дегенде бір рет жиналатын Министрлік мәслихат қабылдайды. Министрлік мәслихатқа күнделікті жұмыстың орындалуына жауапты және Женевадағы бас штаб пәтерде жылына бірнеше рет жиналатын ДСҰ мүше-елдерінің өкілдерінен құралған Бас кеңес бағынады. Бас кеңестің құзіретіне сауда саясатын сараптау жөніндегі және дауларды шешу бойынша екі арнайы мекеме қарайды. Сонымен қатар, Бас кеңеске арнайы комитеттер бағынышты: сауда және даму бойынша; сауда балансна байланысты шектеуліктер бойынша; бюджет, қаржы және әкімшілік мәселелер жөніндегі. ДСҰ-ның Бас кеңесі негізгі келісімдерді жүзеге асыруға байланысты туындайтын қақтығыстарды реттеу үшін дауларды шешу мекемесі ретінде әрекект етеді. Нақтылы дауларды қарастыру үшін төрелік топтар құру өкілеттілігіне ие, осындай топтар ұсынатын баяндамаларды бекітуге, сонымен бірге шешімдер мен ұсыныстардың орындалуын қадағалау және ұсыныстарды орындамаған жағдайда жауапты шараларды қолдану үшін аппеляциялық мекеме ретінде бола алды.

Бас кеңес өз қызметінің бір бөлігін өзінен кейінгі үш кеңеске - Тауар саудасы бойынша кеңеске, Қызмет көрсету саудасы бойынша кеңеске және Зияткерлік меншік құқы саудасының астарлары жөніндегі кеңеске бөледі. Тауар саудасы бойынша кеңес өз кезегінде ДСҰ қағидаларын қадағалайтын және тауар саудасы саласындағы ТСБК-1994 келісімдерінің жүзеге асуына бақылау жасайтын арнайы комитеттердің қызметіне басшылық етеді. Қызмет көрсету саудасы бойынша кеңес Қызмет көрсету саудасы жөніндегі бас келісімнің жүзеге асуына бақылау жасайды. Оның құрамын Қаржылық қызмет көрсету саудасы бойынша Комитет және Кәсіптік қызмет көрсету жөніндегі жұмысшы тобы кіреді. Зияткерлік меншік құқы саудасының астарлары жөніндегі кеңес ЗМҚСК келісімдерінің орындалуын қадағалаумен қатар, сондай-ақ халықаралық жасанды тауарлар саудасына байланысты мәселелермен айналысады. Женевада орналасқан ДСҰ хатшылығында 500-ге таяу штаттағы қызметкерлер бар, оған ДСҰ-ның Бас директоры басшылық етеді. ДСҰ хатшылығы осыған ұқсас басқада халықаралық ұйымдардан өзгешелігі өз бетінше шешім қабылдамайтындығы, өйткені мұндай әрекет мүше-елдердің өздеріне жүктелген. Хатшылықтың негізгі міндеттері – ДСҰ-ның әртүрлі кеңестері мен комитеттерін, сонымен бірге Министрлік мәслихатты қолдау ретінде техникалық жағынан қамтамасыз ету, дамушы елдерге техникалық қолдау көрсету, әлемдік саудаға сараптама жасау, ДСҰ-ның ережелерін қоғамға және бұқаралық ақпарат құралдарына жеткізу. Хатшылық сонымен бірге дауларды шешу үрдісінде кейбір құқықтық көмек түрлерімен қамтамасыз етеді және, ДСҰ-ға мүше болуға өтініш білдірген елдердің үкіметтеріне кеңес береді.

Дегенмен, ДСҰ-ға мүше-елдер арасында бірқатар қайшылықтар да кездеседі. ДСҰ жарғысы барлық қатысушы-елдердің теңдігін мәлімдегенімен, бұл ұйымның ішінде дамыған және дамушы елдер арасында күшті объективті қайшылықтар бар. Дамушы елдер арзан, тек тым білікті емес жұмысшы күшіне ие. Сондықтан «үшінші әлем» мемлекеттері негізінен дәстүрлі тауарларды – ең алдымен киім-кешек және маталар, ауыл шаруашылық өнімдерін ішке енгізе алады. Дамыған елдер, өзінің тоқыма өнеркәсібі мен агробизнесін қорғай отырып, ішке әкелетін тауарларға жоғары кедендік баж салығын салу барысында дамушы елдерден өнім кіргізуді шектейді. Өзінің протекционистік шараларын олар дамушы елдер демпинг саясатын қолдануда деп негіздейді. Өз кезегінде, дамыған елдер жоғары технологиялық тауарлар нарығында алда, және қазір дамушы елдер де оларға қарсы протекционистік қорғаныс шараларын қолдануда. Осыған орай, протекционистік қорғанысқа қандай да сәтте барлық елдер жүгінеді. Сондықтан, протекционистік кедергілерді өзара төмендету өте қиын үрдіс болып табылады.

Әлемдік сауданы либералицазиялаудың қиындығы, дамыған және дамушы елдердің экономикалық қуатының біргелкі болмауы. Сол ретте, дамушы елдерге қарағанда дамыған елдерге тиімді әлемдік шаруашылық қатынастардың осындай жүйесін оларға жүктемекші деп «кедей Оңтүстік» елдері қашанда «бай Солтүстік» елдеріне сенімсіздік білдіреді. Өз кезегінде, дамыған елдер көптеген мемлекеттердің өзінің әлсіздігін алға тартып экономикалық жаңғыртуды жүзеге асырғанның орнына халықаралық сауда қатынастарында жеңілдік сұрап ашық түрде саудаласатындығын айтып әділ кінәләйді.

Дамыған және дамушы елдердің асимметриялық қарым-қатынастары зияткерлік меншік құқын қорғау жөніндегі мәселеде өте айқын байқалады. Мәселе ең алдымен жасандылықпен күрес жөнінде – негізінен «үшінші әлем» елдерінде – дамыған елдердің белгілі фирмаларының сауда белгісіне қатысты. Бұл күресте «бай Солтүстік» елдері «кедей Оңтүстік» мемлекеттеріне қарағанда әлде қайда мүдделі.

Әлемдік сауданы либерализациялау дамыған елдерге де дамушы елдерге де негізінен тиімді деп есептелінеді. Дамушы елдердің ДСҰ-ға мүше болуы ол елдерге шетелдік инвестицияның келу ағынын тез жоғарылататындығы белгілі. Сол себепті ДСҰ-ға мүше-елдер күрделі мәселелердің жан-жақты ұтымды шешімін іздейді және табады.

ДСҰ-ның даму стратегиясы өзіне жаңа-жаңа елдерді біртіндеп тарта түсу, тек елдердің экономикасы тым төмен болған сайын, оған еркін сауда қағидаларын толық жүзеге асыруға да ұзақ мерзім беріледі. Жаңа қатысушы-елдерге берілетін жеңілдіктер өте айқын, ең алдымен, ішке тасу тауарларына қатысты тариф деңгейінде байқалады. Егер де ДСҰ-ға мүше-елдер тарифінің орташа деңгейін ДСҰ-ға қосылған кейбір елдерге қойылған шарттармен салыстыратын болсақ жаңа мүшелеріне жасалынған жеңілдіктер өте айқын. Оларға ДСҰ-ның орташа тарифіне қарағанда әлдеқайда жоғары импорттық тарифтер пайдалануға жиі рұқсат беріледі, және бұл тарифтер көпжылғы өтпелі кезеңнен кейін енгізіледі. Соның негізінде ДСҰ-ның жаңа қатысушылары өз тауарларын шетелге шығаруда экспортқа деген баж салығын төмендетуден қолма-қол пайда табады, ал протекционистік қорғауға қатысты қиыншылықтар әлсірейді.

Дамушы елдер, «үшінші әлемнен» дамыған елдерге тасылатын импорттарға қатысты шектеуліктерге қарсы күресуде, ДСҰ төрелігіне жүгініп «демпингке қарсы» шараларды жоюға қол жеткізуде. Осылай 21 ғасырдың алғашқы жылдарында Үндістан АҚШ пен Еуропалық Одаққа қарсылық білдіріп ДСҰ-ға өтініш жасады, өйткені бұл елдер Үндістанда жасалған маталар мен киім-кешектердің кіруіне шектеуліктер енгізген болатын, ДСҰ-ның ұзақ қарауынан кейін жауаптылардың протекционистік шараларды тоқтатуын міндеттеді. Жалпы, мұндай қақтығыстар тек дамыған және дамушы елдер арасында ғана шығып қоймай сонымен бірге дамушы елдердің арасында да жиі болып тұрады.

Қорытындылай келгенде, Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болуға ұмтылуы Қазақстанның әлемдік экономикамен үйлесу жолындағы маңызды қадамдарының бірі болып табылады. Бұл бағыт тұрақты экономикалық дамуды қамтамасыз ететін және жоғары екпінге ықпал жасайтын қозғаушы факторлардың бірі болуы мүмкін. Қазақстан ДСҰ-ға мүше болу сәтін жақындату үшін сыртқы экономикалық қызметті либерализациялау саясатын жүйелі жүзеге асыруға талпынуда [3]. Өйткені, либерализациялау саясаты әлемдік сауданың негізі болғандықтан дамыған елдерге де дамушы елдерге де тиімді екендігі белгілі. Сонымен бірге, Қазақстан ДСҰ-ға мүше болған жағдайда елдің экономикалық қуатын нығайта түсетін шетелдік инвестицияның келу ағыны да жоғары болары айқын.


----------------------

  1. ДСҰ сайты бойынша: http://www.wto.ru/documents.asp?f=stats1&t=16

  2. Сонда.

3. Вступление Казахстана в ВТО: последствия для устойчивого развития. –Алматы, 2002.-С.79.

******


Статья посвящена проблеме вступление Казахстана во Всемирную торговую организацию. В статье рассматриваются главная задача ВТО, основные функции, практические принципы работы ВТО, обязательства по соблюдению правил свободной торговли принятые на себя всеми членами ВТО, организационная структура ВТО, а также некоторые противоречия между странами-членами ВТО.


Article focused on Kazakhstan entry into the World Trade Organization. The article examines the main task of the WTO, the basic functions of the principles of the WTO, the obligations to comply with the rules of free trade adopted by all WTO members, the organizational structure of the WTO, as well as some contradictions between the member countries of WTO.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет