Қазақстан Республикасының ұлттық ақпараттық инфрақұрылымын қалыптастырудың
Және дамытудың мемлекеттік бағдарламасы туралы
Қазақстан Республикасы Президентінің 2001 жылғы 16
наурыздағы N 573 Жарлығы
Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабына сәйкес және "Қазақстан-2030" Стратегиясының "Инфрақұрылым" ұзақ мерзімдік басымдығын іске асыру мақсатында қаулы етемін:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының ұлттық ақпараттық инфрақұрылымын қалыптастырудың және дамытудың мемлекеттік бағдарламасы бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі бір ай мерзімде Қазақстан Республикасының Ұлттық ақпараттық инфрақұрылымын қалыптастырудың және дамытудың 2001-2003 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі Іс-шаралар жоспарын әзірлесін.
3. "Қазақстан Республикасында біртұтас ақпараттық кеңістікті қалыптастыру туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1997 жылғы 9 желтоқсандағы N 3787 Жарлығының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1997 ж., N 52, 476-құжат) күші жойылды деп танылсын.
3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап күшінен енеді.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қазақстан Республикасы
Қазақстан Республикасының Ұлттық
ақпараттық инфрақұрылымын қалыптастыру
мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы
Астана, 2001
Қазақстан Республикасы
Президентінің
2001 жылғы 16 наурыздағы
N 573 Жарлығымен
бекітілген
Қазақстан Республикасының Ұлттық ақпараттық
инфрақұрылымын қалыптастыру мен дамытудың
Мемлекеттік бағдарламасы
1. Бағдарламаның паспорты
Бағдарламаның атауы Қазақстан Республикасының ұлттық
ақпараттық инфрақұрылымын қалыптастыру
мен дамыту
Әзірлеу үшін негіз "Қазақстан Республикасының бiрыңғай
ақпараттық кеңiстiгiн қалыптастыру туралы"
Қазақстан Республикасы Президентiнiң
1997 жылғы 9 желтоқсандағы N 3787 Жарлығы
Негізгі әзірлеушілер Қазақстан Республикасының Көлiк және
коммуникациялар министрлiгi
Іске асыру мерзімі Орта мерзiмдi, 2001-2003 жылдар
Бағдарламаның Қазақстан Республикасының ұлттық
мақсаттары мен ақпараттық инфрақұрылымын қалыптастыру
міндеттері Экономикада, мемлекеттік басқаруда,
әлеуметтiк салада перспективалы
ақпараттық технологияларды, компьютерлiк
техника мен телекоммуникациялар
құралдарын пайдалануға негiзделген жаңа
технологиялық укладтарды қалыптастыру
Ақпарат және бiлiм нарығын түзу
Жеке адамның, қоғамның, мемлекеттiң
ақпараттық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету
Қоғамдық өндiрiс жүйесiнде ақпараттық
инфрақұрылымның рөлiн жоғарылату
Бағдарламаның негізгі Қазақстан Республикасының ұлттық
іс-шаралары ақпараттық инфрақұрылымының нормативтiк
құқықтық базасын құру
Ақпараттандыру саласында мемлекеттік реттеу
тетiктерiн жетiлдiру
Жаңа ақпараттық технологиялар мен
техникалық құралдарды енгізу
Ел халқының қалың жiктерiнiң Интернет желiсiне
қол жеткiзуiн қамтамасыз ету
Мемлекеттiк ақпараттық ресурстарды
басқару жүйесiн жасау
Қаржыландыру көздері Республикалық және жергілікті бюджеттерден
бөлінетiн қаражат, жекеменшiк инвестициялар
Күтілетін соңғы нәтиже Ақпараттық қызметтердiң өркениеттi нарығының
қалыптасуы мен дамуы
Ақпараттандыру саласында бiрыңғай нормативтік
құқықтық база жасау
Ақпараттандыру саласында мемлекеттiк
реттеудiң тиiмдiлiгiн арттыру
Халықаралық даму стандарттарын ескере отырып,
ақпараттық жүйелер мен желiлердiң үйлесiмдiлiгiн
қамтамасыз ету
Мемлекеттiк ақпараттық ресурстарды жасауға
және пайдалануға бөлінетін бюджет қаражатын
оңтайландыру
Отандық телекоммуникациялық техника құралдарының,
ақпараттық өнімдер мен қызметтердің бәсекеге
қабілеттілігін арттыру үшін жағдайлар туғызу
Ақпараттандыру жобалары мен бағдарламаларына
жекеменшік инвестициялар тарту
2. Кiрiспе
Қазақстан Республикасының Ұлттық ақпараттық инфрақұрылымын қалыптастырудың осы бағдарламасы "Бiрыңғай ақпараттық кеңiстiктi қалыптастыру туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1997 жылғы 9 желтоқсандағы N 3787 Жарлығына сәйкес Үкiметтiң 1998 жылғы 29 шiлдедегi N 715 қаулысымен мақұлданған Қазақстан Республикасының Бiрыңғай ақпараттық кеңiстiгi тұжырымдамасының ережелерi ескерiле отырып, әзiрлендi.
Бағдарлама Тұжырымдама әзiрленген сәттен бастап соңғы үш жылда ақпараттық технологиялардың қазiргi заманғы әлемдiк даму үрдiстерi мен осы салада болған өзгерiстердi ескередi.
Экономикалық қызметтiң барлық түрлерiн терең реформалау жүрiп жатқан қазiргi уақытта әлемдiк қоғамдастық сапалық тұрғыда жаңа даму кезеңiне өтуде. Коммуникациялар, Интернет пен информатика қызметтер мен өндiрiстiң дәстүрлi салаларына адам айтқысыз жылдамдықпен ене отырып, құн түзiлуiнiң экономикалық базасын түбегейлi өзгертуде. Тиiмдiлiктiң артуы, жоғары жылдамдық пен өндiрiстiң икемдiлiгi алдыңғы қатарлы ақпараттық технологияларды енгiзудiң кейбiр салдарлары ғана.
Өзгерiстердi түйсiну жер-жерде орнын алғанына қарамастан, елдердiң бәрi бiрдей дамудың жаңа парадигмасына iлесе қойған жоқ. Нәтижесiнде әлем қазiргi кезде екi сатыға (digital divide деп аталатын) бөлiнiп, алдыңғы қатарлы елдер жаңа салалардың қарқынды дамуы есебiнен қалғандарынан iлгерi озып кетуде. Мұндай бөлiнудiң салдары "екіншi сатыдағы" елдер үшiн апатты болып табылады. Бұл кәсiпорындардың экономикалық түсiмi деңгейiнiң төмендеуi де, әлеуметтiк дамудың кенжелеуi де, саяси ұстанымдардың әлсiреуi де болмақ.
Сонымен, Қазақстан үшiн "екiншi сатыға" түсуiн қалай болдырмау және дамудағы алшақтықты азайту жөнiндегi мәселе бой көтередi. Проблеманы шешу жолдарының бiрi - экономика мен басқарудың барлық салаларында жаңа ақпараттық технологияларды жылдам енгiзудi қамтамасыз ететiн қуатты ұлттық инфрақұрылым жасау. Бұл жолды егжей-тегжейлi нақтылау, негiзгi мақсаттарды, бағыттарды және 2001-2003 жылдарға арналған iс-шараларды айқындау - осы Бағдарламаның мiндетi.
Бағдарламада мынадай ұғымдар мен қысқартулар қолданылады:
ақпарат - табыс етiлу нысандарына қарамастан адамдар, заттар, деректер, оқиғалар, құбылыстар мен процестер туралы мәлiметтер;
құпия ақпарат - мемлекеттiк құпиялар болып табылмайтын, бiрақ оларға қол жеткiзу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шектелген мәлiметтердi қамтитын ақпарат;
қол жеткізу шектеулi ақпарат - жинаудың, өңдеудiң, тарату мен пайдаланудың арнаулы режимi белгiленген ақпарат;
бұқаралық ақпарат - адамдардың шектеусiз тобына арналған баспа, дыбыс-, дыбысбейне және өзге де хабарлар мен құжаттар;
ақпараттық жүйе - ақпараттық процестердi iске асыруға арналған, оларды қамтамасыз етудiң ақпараттық технологиялары мен құралдарының жиынтығы;
ақпараттық-телекоммуникациялық жүйе - ақпараттық жүйелерден, телекоммуникация құралдары мен желiлерiнен тұратын ақпараттық желi;
ақпараттық ресурстар - ақпараттық жүйелердегі (кiтапхана немесе мұрағат, қорлардағы, деректер банктерi мен басқа да ақпараттық жүйелердегi) ақпарат массивтерi және/немесе құжаттар жиынтығы;
ақпараттық өнiм - пайдаланушылардың қажеттiгiн қанағаттандыру үшiн даярланатын электрондық құжат және/немесе құжатталған ақпарат;
ақпараттық қызметтер - ақпараттық өнiмдердi пайдаланушыларға олардың сұрау салуы немесе шарт бойынша беру жөнiндегi қызмет;
ақпарат пайдаланушы - өзiне қажеттi ақпаратты алу үшiн ақпараттық жүйеге немесе делдалға жүгiнетiн және оны ақпараттың меншiкшiсi немесе иесi белгiлеген тәртiпке сәйкес пайдаланатын субъект;
халықаралық ақпарат алмасу - ақпараттық өнiмдердi Қазақстанның мемлекеттiк шекарасы арқылы, соның iшiнде почта байланысы мен ғаламдық ақпараттық желiлердi пайдалана отырып беру;
ҰАИ - мынадай басты құрамдас бөлiктердi қамтитын ұлттық ақпараттық инфрақұрылым:
1) тиiстi ақпарат көздерiнде белгiленген деректердi, мәлiметтер мен бiлiмдi қамтитын ақпараттық ресурстар;
2) ҰАИ-дың қызмет етуi мен дамуын, атап айтқанда ақпарат жинауды, өңдеудi, сақтауды, таратуды, iздестiру мен берудi қамтамасыз ететiн ұйымдастыру құрылымдары;
3) азаматтар мен ұйымдардың ақпараттық өзара іс-қимылы және олардың бағдарламалық-техникалық құралдар мен ұйымдық-нормативтiк құжаттарды қамтитын тиiстi ақпараттық технологиялар негiзiнде ақпараттық ресурстарға қол жеткiзу құралдары.
Қазақстан Республикасының ҰАИ құрылуы мен дамуы әлемдiк қоғамдастық ашық жүйелер тұжырымдамасы негiзiнде iске асыратын ғаламдық ақпараттық инфрақұрылымның (Global Information Infrastructure - GII) қалыптасу процесiнiң бiр бөлiгi болып табылады.
Бағдарлама - екi базалық сектордағы терең өзгерiстерге:
мемлекеттік секторда - деректердің ауқымды әрi икемдi базасының, коммуникациялар жүйесiнiң, талдау мен шешiмдер қабылдау құралдарының бiртұтас организмi ретiнде электрондық Yкiмет (е-үкiмет) түзуге;
сауда-саттық секторында - бизнестiң қауiпсiздiгi мен сенiмдiлiгiн қамтамасыз етуде iшкi және ғаламдық нарықтардың жаңа мүмкiндiктерiн барынша пайдалануға жағдай жасайтын кең ауқымды электрондық сауда-саттықты (е-сауда-саттық) енгiзуге алғашқы қадам болып табылады.
Осы Бағдарлама ҰАИ-дың дамуы негiзiнен жекеменшiк құрылымдар пайда алу мақсатында әр алуан ақпараттық өнiмдер мен технологияларды жасап шығаратын нарықтық тетiктер есебiнен қамтамасыз етiлетiндiгiне негiзделедi. Мемлекеттiк органдардың iс-қимылдары мынадай негiзгi салалардағы мәселелердi шешуге бағытталады:
ҰАИ-ды дамытуға жәрдемдесетiн ашық, әдiлеттi нормативтiк базаны жасау;
халықтың, шаруашылық жүргiзушi субъектiлердiң, қоғамдық ұйымдар мен Қазақстан Республикасының мемлекеттiк басқару органдарының ҰАИ-ға әмбебап қол жеткiзуiн қамтамасыз ету. Жалпы түрде әмбебап қол жеткiзу дегенiмiз - кез келген субъектiнiң кез келген сәтте, кез келген жерде ҰАИ-дың кез келген ақпараттық ресурстарына жүгiну мүмкiндiгi;
субъектілердiң ақпараттық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету және ҰАИ-дың ақпараттық ресурстарын қорғау;
мемлекеттiк билiк органдары қабылдаған шешiмдердiң тиiмдiлiгi мен үйлесiмдiлiгiн арттыру мақсатында мемлекеттiк органдарды ақпараттық қамсыздандыру;
электрондық оқу мекемелерi мен кiтапханаларды жасауды қолдау есебiнен халықтың бiлiм деңгейiн арттыру;
электрондық сауда-саттықты дамыту;
ауқымды бастапқы шығындарды талап ететiн немесе қысқа мерзiмде пайда түсiрмейтiн жобаларға қатысу.
Бағдарлама негiзiнен ҰАИ-ды қалыптастырудың технологиялық және ұйымдық аспектiлерiн қарастырады. Бұқаралық ақпаратты алуды, табыс етудi (жариялауды) және таратуды қоса алғанда, бұқаралық ақпарат саласына жататын мәселелер бұқаралық ақпарат құралдары туралы және мемлекеттік құпиялар туралы заңнамамен реттеледі. Зияттық меншiк мәселелерi авторлық және сабақтас құқықтар туралы заңнамамен реттеледi.
3. Қазақстан Республикасының ақпараттық
инфрақұрылымының жай-күйін талдау
Әмбебап қол жеткiзу. ҰАИ-ға қол жеткiзу үшін қажеттi Қазақстан телекоммуникациялық жүйелерінің жай-күйі негізінен орташа әлемдiк деңгейге сәйкес келедi, кең ауқымды қызметтер (Интернетке қол жеткiзу) іс жүзiнде барлық қалалар мен аудан орталықтарында көрсетiледi.
Алайда ҰАИ-ға қол жеткiзу үшiн әрбiр пайдаланушыға едәуiр қымбат тұратын дербес компьютер, модем тәрiздi техникалық құралдар қажет. Бүгiнгi таңда мемлекеттiк органдар мен заңды тұлғалар қажеттi техникалық жарақтану деңгейіне ие, ал жеке пайдаланыста әр түрлi бағалауға сәйкес барлығы 30-50 мың компьютер бар, яғни бұл орташа статистикалық отбасылардың 1-2%.
Мемлекеттiк органдарды ақпараттық қамсыздандыру. Мемлекеттiк органдардағы Қазақстан Республикасында пайдаланылатын және әзiрленетін ақпараттық-телекоммуникациялық жүйелерге талдау ҰАИ-ға интеграциялану тұрғысынан олардың бәрiнiң дерлiк елеулi кемшiлiктерi бар екенiн көрсетедi.
Әр алуан, көбiнде ескiрген бағдарламалық-аппараттық құралдар мен бiрiздендiрiлмеген шешiмдер негiзiнде жасалған ақпараттық жүйелер, негiзiнен, жекелеген құрылымдардың мүдделеріне жұмыс iстейдi және тек қана ведомстволық мiндеттердi шешедi. Әр ведомство өзiнiң ақпараттық жүйелерiн әзiрлеп, қолдап отырады. Олар басқа ведомстволардың жүйелерiмен ешқандай өзара әрекет жасамайды және де барлық мүдделi пайдаланушылардың ақпаратқа қол жеткiзуіне тіптi де мүмкiндiк бермейдi. Мұның өзi, әдетте, деректердiң қосарлануына, жүйелердi әзiрлеу мен пайдалану жөнiндегi жұмыстардың қымбаттауына алып келедi, бастапқы ақпарат жинауды және оны тиістi күйiнде ұстап тұруды қиындатады.
Мысал ретiнде заңды тұлғаларды тiркеу жөнiндегi деректер базасының жай-күйiн келтiруге болады. Заңды тұлғалар мен шаруашылық жүргiзушi субъектiлердiң деректер базасы республиканың әдiлет, статистика, салық және басқа да мемлекеттiк органдарында пайдаланылады. Осынау деректер базаларының баршасы әр қилы тұғырларда іске асырылған, толықтыру мен ұйымдастырудың, тiркеу, есепке алу идентификаторларын берудiң түрлi тетiктерiн пайдаланады. Республиканың жекелеген облыстарында жүргiзiлген талдау осы базаларда тiркелген заңды тұлғалардың 50%-нен аспайтындары бойынша ғана деректердiң сәйкесетiндiгiн көрсеттi.
Ақпараттық қауiпсiздiк. ҰАИ субъектiлерінің ақпараттық қауiпсiздiгi мен ақпараттық ресурстарын қорғау мәселелерi қазiргi таңда ақпарат қорғаудың халықаралық стандарттары мен алгоритмдерi негiзiнде шешiлуде. Қазақстан Республикасының Ақпараттық қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудiң 2000-2003 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес отандық техникалық талдамалар мен стандарттарды жасау жөнiндегi жұмыстар жүргiзiлуде.
Халыққа бiлiм беру. "Интернет - мектептерге" бағдарламасы едәуiр табысты даму үстiнде, ол жер-жерлерде мектептердi Интернет желiсiне қосуға бағытталған. Алайда "Қазақстандық Интернеттiң" ақпараттық ресурстарында электрондық оқу мекемелерi мен кiтапханалар жоққа тән. Оның үстiне, Интернеттегi мектептердiң жұмысын талдау негiзiнде "Қазақстандық Интернет" оларды iс жүзiнде қызықтырмайды деп топшылауға болады.
Электрондық сауда-саттық. Бұл саладағы ақпараттық ресурстар негiзiнен Алматыда шоғырланып отырған және оның тұрғындарына қызмет ететiн бiрнеше Интернет-магазиндермен және нақты уақыт режимiнде жұмыс iстейтiн электрондық астық биржасымен шектеледi. Сауда-саттық өнiмдерi мен қызметтерi туралы ақпаратты негiзiнен компьютерлiк технологиялар мен телекоммуникациялар саласында маманданған фирмалар ұсынады.
Сонымен, республикада ақпараттық инфрақұрылымның негiзгi құрамдас бөлiктерi тиiсiнше дамымай отыр.
4. Бағдарламаның мақсаттары мен міндеттерi
Қазақстан Республикасының Ұлттық ақпараттық инфрақұрылымын қалыптастыру мен дамытудың мемлекеттiк бағдарламасы мынадай мақсаттарға қол жеткiзуге бағытталған:
1) табиғи ресурстар, еңбек пен капитал нарықтарына қосымша өндiрiс факторлары ретiнде ақпарат және бiлiм нарығын түзу;
2) жеке адамның, қоғамның, мемлекеттiң ақпараттық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету және демократиялық дамудың аса маңызды шарты ретiнде ақпаратты алудың, тарату мен пайдаланудың еркiн және тең құқылы тиiмдi жүйесiн жасау;
3) халықаралық, ұлттық және аймақтық деңгейлерде ақпарат алмасу мүмкiндiктерiн кеңейту есебiнен халықтың бiлiм деңгейiн, қоғамның ғылыми-техникалық және мәдени даму деңгейiн көтеру және тиiсiнше, еңбек нарығының аса маңызды сипаттамалары ретiнде кәсiби бiлiктiлiк пен шығармашылық қабiлеттердiң рөлiн арттыру;
4) мемлекеттiк басқаруда, экономикада, бизнесте, мәдениет пен әлеуметтiк салада ақпараттық технологияларды, компьютерлiк техника құралдары мен телекоммуникацияларды жаппай қолдануға негiзделген жаңа технологиялық укладтарды қалыптастыру;
5) мемлекеттiк органдардың қызметiнде ақпараттық ресурстарды тиiмдi пайдалану.
Осы мақсаттарға сәйкес 2001-2003 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламаның бiрiншi кезектегi мiндеттерi мыналар болып табылады:
1) ақпараттық қоғам субъектілерінің өзара қарым-қатынастарын реттейтiн нормативтiк құқықтық актiлердi;
ҰАИ-ды қалыптастыру және дамыту саласындағы стандарттарды қамтитын қажеттi нормативтiк құқықтық базаны жасау;
2) Ақпараттық қауiпсiздiктi қамтамасыз етудiң 2000-2003 жылдарға арнап бекiтiлген мемлекеттiк бағдарламасына сәйкес мемлекеттiк ақпараттық қауiпсiздiк саласында нормативтiк, құқықтық және әдiстемелiк базаны әзiрлеу және қауiпсiздiктi қамтамасыз етудiң сертификатталған отандық құралдарын пайдалануға бiрте-бiрте көшу;
3) әлеуметтiк немесе географиялық жағдайына қарамастан, барлық тұтынушылардың қолы жететiн тиiстi сапалы телекоммуникациялар қызметтерiнiң ең аз жиынтығын қамтамасыз етудi;
нормативтiк, құқықтық, анықтамалық, кiтапханалық және басқа да ақпараттық ресурстарға кеңiнен қол жеткiзілуiн ұйымдастыруды;
Internet ғаламдық желiсінің ұлттық бөлшегiн (сегментiн) дамытуды;
бағдарламалық қамсыздандырудың отандық индустриясын дамытуды қоса алғанда, елдiң экономикасы мен әлеуметтiк саласында ақпараттық технологияларды пайдалану деңгейiн арттыруға жағдай туғызу;
4) мемлекеттiк органдарды:
ұжымдық реттелетiн қол жеткiзу деректерiнiң ведомствоаралық базаларын ақпараттық нарықтың барлық қатысушыларының ведомстволық тиесiлiлiгi, ұйымдық және меншiк нысандарын ескерусiз, толықтыруы әрi пайдалануы мүмкiндiктерiн қоса әзiрлеу, пайдалануға беру және интеграциялау;
мемлекеттiк органдардың желiлiк инфрақұрылымын жасау және оларды кешендi ақпараттандыру;
ҰАИ-дың бөлшегiн бiрнеше мемлекеттiк органдар шеңберiнде iске асыру есебiнен ақпараттық қамсыздандыру.
5. Бағдарламаның негiзгi бағыттары және iске асыру тетiктерi
Қоғамда терең өзгерiс жүргiзудегi мемлекеттiң жетекшi рөлiн және "Қазақстан-2030" Стратегиялық бағдарламасының мiндеттерiн ескере отырып, ҰАИ-ды қалыптастыру мен дамытудың мемлекеттiк бағдарламасын iске асыру процесiнде мынадай негiзгi бағыттарды ұстану қажет:
1) ҰАИ-ды ақпараттық ресурстардың тасымалдылығын, өзара байланысы мен ауқымдылығын қамтамасыз ететiн ашық жүйелер принциптерінде құру;
2) ақпараттандыру құралдары мен жүйелерiн стандарттау, бiрiздендiру және сертификаттау;
3) ақпараттың күллi тұтынушылар мен жеткiзушiлерi үшiн ҰАИ-дың ресурстарына реттелетiн әмбебап қол жеткiзудi қамтамасыз ету;
4) мемлекет тарапынан құқықтық реттеу мен мемлекеттiк органдардың ақпараттық ресурстарының қол жетiмділiгi негiзiнде ҰАИ-дың өзiн-өзi ұйымдастыруы;
5) ақпараттық технологияларда мемлекеттiк (қазақ) тілдiң пайдалану аясын кеңейту;
6) бұрын жасалған ақпараттық жүйелердi пайдалану және қолда бар бағдарламалық кешендердi, деректер базалары мен қызметкерлердi жаңа аппараттық-бағдарламалық тұғырларға көшiру;
7) ақпараттық ресурстарды есепке алу, тiркеу және олардың құрамы, орналасуы мен пайдалану шарттары туралы ақпаратқа барлық мүдделi ұйымдар мен азаматтар үшiн реттелетiн қол жеткiзудi қамтамасыз ету;
8) мемлекеттiк ақпараттық ресурстарды түзу, пайдалану және қорғауға арналған бюджет қаражатының шығындарын оңтайландыру;
9) елдiң ақпараттық қауiпсiздiгi мен тәуелсiздiгiн қамтамасыз ету.
Бағдарламаны iске асыру мынадай тетiктер арқылы жүзеге асырылатын болады:
1. Қазақстан Республикасының Ұлттық ақпараттық инфрақұрылымын қалыптастыру мен жұмыс істеуінің нормативтік құқықтық базасын жасау.
Нормативтiк құқықтық қамтамасыз ету саласында мыналар әзiрленiп, қабылдануға тиiс:
1) заң актiлерi, олар:
ҰАИ-ды құру процесiн мемлекеттiк қолдаудың, басқару мен реттеудiң құқықтық негiздерiн белгiлейдi;
мемлекеттiң, ұйымдар мен жекелеген азаматтардың ақпаратқа құқықтарын бекiтедi;
ақпараттық ресурстар түзу мен тарату процесiнде ҰАИ-дың субъектiлерiнiң қарым-қатынастарын реттейдi;
ақпараттық технологиялар, өнiмдер мен қызметтер нарығының жұмыс iстеуiнiң құқықтық режимiн белгiлейдi, мемлекеттiк, сол сияқты беймемлекеттiк секторларда ақпараттандырудың нарықтық инфрақұрылымын қалыптастыруды және оны ғаламдық ақпараттық инфрақұрылымға қосуды қамтамасыз етедi;
2) ақпараттандыру саласында бiрыңғай мемлекеттiк стандарттар жүйесiн әзiрлеудi, қабылдау мен пайдалануды реттейтiн нормативтiк актiлер;
3) республикада электрондық құжаттың, электрондық қолтаңбаның, электрондық мұрағаттың құқықтық мәртебесiн айқындайтын электрондық құжат айналымы мен басқа да қағазсыз технологияларды енгiзудiң нормативтiк базасы;
4) ақпараттандыру құралдары мен жүйелерiн сертификаттау жөнiндегi нормативтiк әдiстемелiк база.
2. Ғылыми-әдiстемелiк базаны жасау.
Ғылыми-әдiстемелiк қамтамасыз ету бөлігінде мыналар жүзеге асырылуға тиiс:
1) ақпараттандыру саласында ашық жүйелер тұжырымдамасы шеңберiнде стандарттарды таңдау және әзiрлеу;
2) мемлекеттiк және беймемлекеттiк салаларда корпоративтiк ақпараттық жүйелердi жасау мен жетiлдiру жөнiндегi, осы жүйелердiң ҰАИ-ға автоматты түрде қосылуына кепілдiк беретiн ұйымдық-әдiстемелiк ұсынымдарды әзiрлеу;
3) ақпараттық технологиялар саласында мамандар даярлау және бiлiктiлiгiн арттыру жөнiндегi шаралар.
3. Ақпараттық ресурстарды түзу және пайдалану.
Ақпараттық ресурстарды түзу және пайдалану саласында мыналар жүзеге асырылуға тиiс:
1) мемлекеттiк, беймемлекеттiк және аралас ақпараттық ресурстарды ұстаушы ұйымдар бойынша және олар тарататын ақпараттық өнiмдер мен ұсынатын ақпараттық қызметтер түрлерi бойынша мәлiметтердi қамтитын мемлекеттiк тiзiлiмдi жасау;
2) барлық санаттағы пайдаланушылардың ақпараттың ашық бөлiгiне еркiн реттелетiн қол жеткiзуi мен беймемлекеттiк құрылымдардың ақпараттық жүйелерiмен интеграциялану мүмкiндігiн қамтамасыз ететiн дербес жүйе түзушi ведомствоаралық, салалық және аймақтық деректер базаларын жасау және жүргiзу;
3) мемлекеттiк ақпараттық ресурстарды әр түрлi қатерлерден қорғау, ақпараттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету, жекеменшiк корпоративтiк ақпараттық жүйелер үшiн қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi әдiстемелiк ұсынымдарды жасау;
4) мамандандырылған орталықтар жүйесiн құрайтын мемлекеттiк ақпараттық жүйелер депозитарийлерiн құру, олар тиiстi аумақтар мен мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерiнiң эталондарын сақтауды қамтамасыз етедi.
4. Мемлекеттiк басқару органдарының ақпараттық инфрақұрылымын қалыптастыру және пайдалану.
Мемлекеттiк басқару органдарының ақпараттық инфрақұрылымын қалыптастыру және пайдалану саласында пайдаланылатын және құрылатын ақпараттық-телекоммуникациялық қызметтер базасында осы органдардың қызметiн ақпараттық-технологиялық қамтамасыз ету (электрондық құжат айналымы жүйелерi, бейне- конференциялар жүйелерi, iлеспе аударма жүйелерi, электронды дауыс беру жүйелері, ақпараттық-анықтамалық жүйелер, шешiмдер қабылдауды қолдаудың ақпараттық-талдау жүйелерi, ақпараттық қауiпсiздiк жүйелерi және басқалар) жүзеге асырылуға тиiс.
Ақпараттық қауiпсiздiк жүйелерi ақпараттық ресурстарды қорғауды және ақпараттық өзара iс-қимыл субъектiлерiнiң ақпараттық қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге тиiс.
Мемлекеттiк органдарда байланыс және ақпараттандыру құралдарын пайдалану мен қызмет көрсету жөнiндегi ведомствоаралық орталықтандырылған қызметтердi дамыту қажет.
2001-2003 жылдарда Қазақстан Республикасының ұлттық ақпараттық инфрақұрылымын қалыптастыру жөнiндегi негiзгi күш-жiгер ҰАИ-дың базалық жүйе түзушi буындарын жасауға және дамытуға бағытталуға тиiс, олардың ұйтқысы жекелеген мемлекеттiк органдардың қолданыстағы және әзiрленiп жатқан ақпараттық-есептеу жүйелерi, жалпы пайдаланыстағы деректердiң жұмыс iстеп тұрған базалары мен банктерi, телекоммуникациялық жүйелер мен желiлер болып табылады. Олардың үйлесiмдiлiгi мен өзара iс-қимылын, ақпараттық технологиялардың жаңа құралдарын ақпарат таратудың дәстүрлi құралдарымен ұштастыру, ақпарат нарығының барлық қатысушыларының ақпаратқа реттелетiн әмбебап қол жеткiзуiн қамтамасыз ету қажет.
6. Мақсатты шағын бағдарламалар
Бағдарламаны iске асыру кезең-кезеңмен, мынадай шағын бағдарламаларды орындау жолымен жүзеге асырылады:
1-КЕЗЕҢ. 2001 ж. - 2002 жылғы шiлде.
1-Шағын бағдарлама. Ақпараттық-телекоммуникациялық жүйелердің жай-күйiнiң мониторингi
Мониторингтiң негiзгi объектiсi бiрiншi кезекте мемлекеттiк органдардың ақпараттық-телекоммуникациялық жүйелерi болуға тиiс, ол кейiннен ерiктi негiзде коммерциялық құрылымдар жүйелерiне қолданылады.
Шағын бағдарлама шеңберiнде:
әзiрленуi республикалық бюджеттен қаржыландырылатын күллi бағдарламалық қамсыздандыруды, деректер базалары мен телекоммуникациялық деректер беру жүйелерiн мiндеттi түрде тiркей отырып, ақпараттық-телекоммуникациялық ресурстардың мемлекеттiк тiзiлiмiн жасау;
беймемлекеттiк құрылымдарға жататын ақпараттық-телекоммуникациялық жүйелердiң ерiктi тiркелу мүмкiндiгiн көздеу және ақпараттық өнiмдерiн тiркеу олардың беделi мен коммерциялық құндылығын арттыратындай мемлекеттiк тiзiлiмнiң жұмыс iстеу шарттарын жасау;
қаржы-экономикалық және заң мақсатындағы бағдарламалар мен деректердi сертификаттау тетiктерiн әзiрлеу;
мемлекеттiк тiзілiмдi жүргiзу ережелерiн әзiрлеу және оған қол жеткiзу тәртiбiн, оны жаңартып отыру рәсiмдерi мен кезеңдiлiгiн, сондай-ақ мемлекеттiк басқару органдары мен басқа да мүдделi тараптар үшiн талдау есептерiн дайындау және тарату регламентiн айқындау. Мемлекеттiк тiзiлiмнiң деректер базасының үзiктерi мен жалпы сипаттағы талдау материалдары Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң Web-сайтының тиiстi бөлiмдерiнде жариялануға тиiс;
аумақтар мен мемлекеттiк органдардың ақпараттық жүйелерiнiң эталондарын сақтауды қамтамасыз ететiн әрi ақпараттық рыноктың басқа да қатысушыларына ерiктi шартты негiзде тиiстi ақпараттық қызметтер көрсететiн мемлекеттiк ақпараттық жүйелердiң депозитарийiн жасау.
Шағын бағдарламаның атқарушысы - Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсiздiк комитетiмен және Мемлекеттiк құпияларды қорғау жөнiндегi агенттiгiмен келiсiм бойынша Көлiк және коммуникациялар министрлігi.
Орындалу мерзiмi - 2001 жыл.
Шағын бағдарламаны қаржыландыру көзi - республикалық бюджет.
3 жылға есептелген пайдалану шығыстарын қоса алғанда, шағын бағдарламаны қаржыландыру көлемiнiң шамасы - 160 000 000 теңге.
Шағын бағдарламаның негiзгi iс-шаралары:
мемлекеттiк тiзілiмнiң жұмыс iстеу ережелерi мен регламентiн әзiрлеу;
ақпараттық-телекоммуникациялық ресурстардың мемлекеттiк тiзілiмiн жүргiзу жүйесiн қолданбалы бағдарламалық қамсыздандыруды әзiрлеу;
есептеуiш техника мен жүйелi бағдарламалық қамсыздандыру құралдарын сатып алу және инсталляция;
ақпараттық жүйелердiң мемлекеттік тізілімі мен депозитарийлерінің тұрақты негізде жұмыс істеуін қамтамасыз ету.
Шағын бағдарламаны iске асыру:
Мемлекеттiк және жекеменшiк ақпараттық ресурстар туралы ақпаратқа тең құқылы реттеулi қол жеткiзудi;
әзiрленетiн ақпараттық жүйелердің сапасын арттыруды әрi мемлекеттiк және коммерциялық құрылымдардың ақпараттық технологияларға инвестициялайтын қаражатының тиімді пайдаланылуын;
мемлекеттiк тiзiлiм деректерiн ұдайы талдау негiзiнде ақпараттық ресурстардың қауіпсiздiгi мен қорғалуын;
ақпараттық жүйелердi бағдарламалық қамсыздандыруды етудің сақталуы мен таралуын қамтамасыз етедi.
2-Шағын бағдарлама. Деректердiң электрондық алмасу стандарттарын жасау
Шағын бағдарлама шеңберiнде стандартты:
телекоммуникациялар желiлерi бойынша деректердi беру хаттамалары;
ақпараттық жүйелер арасында берiлетiн деректердi ұсыну форматтары;
оқиғаларды хаттамалау құралдары;
электрондық алмасу процесiнде деректердi рұқсатсыз пайдалану мен бұрмалаудан қорғау тетiктерi бекiтілуге немесе әзiрленуге тиiс.
Осы шағын бағдарламаны енгiзу қолданыстағы ақпараттық жүйелердi талдау негізінде және басқа шағын бағдарламалармен байланыста кезең-кезеңмен жүргізілуге тиіс.
Шағын бағдарламаның атқарушысы - Ұлттық қауiпсiздiк комитетiмен және қоғамдық ұйымдармен (байланыс операторлары кеңесiмен, байланыс операторлары қауымдастығымен) келiсiм бойынша Көлiк және коммуникациялар министрлігі.
Шағын бағдарламаны iске асыру мерзiмi - 2001 жыл.
Шағын бағдарламаның шамамен алынған құны - 40 000 000 теңге.
Шағын бағдарламаны қаржыландыру көздерi - республикалық бюджет қаражаты.
Шағын бағдарламаны iске асыру халықтың, шаруашылық жүргiзушi субъектiлердiң, қоғамдық ұйымдар мен Қазақстан Республикасының мемлекеттiк басқару органдарының ҰАИ-ға әмбебап қол жеткiзуiн қамтамасыз етедi.
3-Шағын бағдарлама. Электрондық сауда-саттықты, аукциондар мен тендерлердi енгiзу
Бизнестi электрондық жүргiзудi, электрондық сауданы, электрондық қаржыны дамыту әлемдiк экономика дамуының ғаламдық бағыттарының бiрi болып табылады.
Шағын бағдарлама шеңберiнде:
бизнестi электрондық жүргiзу, электрондық сауда, электрондық қаржы тетiктерi мен ережелерiн әзiрлеп, енгiзу қажет, олар мәмiлелердiң ашықтығын қамтамасыз ету есебiнен елде жалпы коммерция мәдениетiн, компанияның немесе бизнестiң нақты қайда орналасқанына қарамастан, iскерлiк өмiрге араласу ықтималдығын арттыруға мүмкiндiк бередi. Шағын бағдарламаны iске асыру кезiнде электрондық сауда-саттықтың, өзектi коммерциялық ақпарат пен қызметтердi басқаша жолдармен алу қиындыққа түсетін, шағын қалалар мен ауылдық аудандарда тең құқылы таралуына ерекше назар аударылуға тиiс;
мемлекеттiк сатып алу саласында конкурстық негiзде жүзеге асырылатын электрондық аукциондар мен тендерлер тетiгiн енгiзу қажет, мұның өзi олардың транспаренттiгi мен ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндiк етеді.
Шағын бағдарламаның атқарушысы - Қазақстан Республикасының Ұлттық банкiмен, Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келiсiм министрлiгiмен келiсiм бойынша Көлiк және коммуникациялар министрлiгi.
Шағын бағдарламаның негiзгi iс-шаралары:
электрондық сауда-саттық саласында нормативтiк құжаттарды әзiрлеу;
Қазақстан Республикасында жалпы пайдаланыстағы электрондық төлем жүйелерiне қойылатын талаптарды түзу;
"Мемлекеттiк сатып алу электрондық агенттiгi" Web-сайтын әзiрлеп, iске қосу;
техникалық және жүйелi бағдарламалық қамсыздандыру құралдарын сатып алу және инсталляция.
Шағын бағдарламаны iске асыру мерзiмi - 2001 жыл.
Шағын бағдарламаның шамамен алынған құны - 70 000 000 теңге.
Қаржыландырудың негiзгi көздерi - республикалық бюджет.
4-шағын бағдарлама. Мемлекеттiк органдардың ақпараттық инфрақұрылымын жасау
Қазақстан Республикасының ҰАИ-ын қалыптастырудың қажеттi шарты мемлекеттiк органдардың ақпараттық инфрақұрылымын жасау болып табылады. Шағын бағдарлама:
1) мемлекеттiк органдардың Web-сайттарын жасауды көздейдi.
Бүгiнгi таңда көптеген мемлекеттiк органдар өз күшiмен, не халықаралық қаржы ұйымдарының көмегiмен, не келiсiм-шарт бойынша жұмыс iстейтiн кәсiби компаниялардың күшiмен Web-сайттар жасайды. Бұл әрекеттер Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының халықаралық ақпараттық қауымдастық алдындағы беделiн көтередi.
Қазiргi бар сайттардың мынадай кемшілiктерiн атап өтуге болады:
сайттардың көпшiлiгiнiң аяқсыздығы - көптеген ақпараттық бөлiмдер айлап әзiрленедi немесе жаңартылмайды, жарияланатын ескiрген ақпарат пайдаланушыларды жаңылуға ұрындырады;
мемлекеттiк ұйымдардың сайттарында мемлекеттiк тiлдегi ақпараттың жоқтығы;
ағылшын тiлiндегi ақпараттың жоқтығы ақпаратты пайдаланушылар санын күрт қысқартады әрi оның ғаламдық ақпараттық инфрақұрылымда таралуын қиындатады;
мемлекеттiк органдар пайдаланатын бағдарламалық-ақпараттық жүйелер мен телекоммуникациялық құралдардың жеткiлiксiз өнiмдiлiгi тұтынушыларға қолайсыздық туғызады;
басқа мемлекеттiк органдардың сайттарына сiлтемелердiң жоқтығы ақпарат навигациясы мен iздестiрудi қиындатады.
Шағын бағдарламаны iске асыру үшiн:
мемлекеттiк органдардың құзырындағы сайттардың техникалық сипаттамаларына, тiлдiк қолдауға, қамтылған ақпараттың өзектiлiгiне, мiндеттi сiлтеме бөлiгiне және басқаларына қойылатын типтiк талаптарды белгiленген тәртiппен әзiрлеу;
Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң Web-сайтын, оны ұластыруға, сондай-ақ өзектi дұрыс ақпаратты уақтылы беруге жауапты органдарды айқындай отырып, жасау әрi ұдайы қолдап отыру;
Қазақстан Республикасының құқықтық өкiлеттiгiндегi кез келген ұйымдар мен жеке тұлғаларға тиесiлi сайттарды безендiруде мемлекеттiк рәмiздердi пайдалануды реттеу.
Мемлекеттiк органдардың Web-сайттарын жасау мен олардың жұмыс iстеу процестерiн реттеу жөнiндегi аталмыш iс-шаралар бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңдардың ережелерiн ескеруге тиiс;
2) Электрондық мекен-жай алудың ережелерi мен тәртiбiн айқындау.
Мемлекеттiк органдар мен лауазымды тұлғалардың ресми электрондық мекен-жайлары (электрондық почта мен Web-сайттар абоненттерiн дәлме-дәл сәйкестендiрушi жария мәтiндiк коды) белгiленген тәртiппен берiлуге тиiс.
Қазақстан Республикасының ресми электрондық мекен-жайларының анықтамалығын түзiп әрi тұрақты жүргiзу қажет. Анықтамалық Қазақстан Республикасы Yкіметiнің Web-сайтында жариялануға тиiс;
3) Мемлекеттiк электрондық құжат айналымының пилоттық аймағын жасау.
Электрондық құжат айналымы жүйесi мемлекеттiк басқарудың барлық деңгейлерiнде бiрыңғай ақпарат өңдеу технологиясын, құжаттарды ұжымдық пайдалану тетiктерi көмегiмен бiрыңғай құжат айналымы идеологиясын жасауға әкелуi тиiс.
Бiріншi кезекте бiрыңғай мемлекеттiк электрондық құжат айналымының қатысушылары электрондық құжаттардың дамыған деректер базасына ие мемлекеттік органдар болуға тиiс. Мұндай деректер базасының тiзбесi мен олардың интеграциялауға және конвертациялауға даярлығының деңгейі "Ақпараттық-телекоммуникациялық жүйелердiң жай-күйiнiң мониторингi" атты шағын бағдарламаның мiндеттерiн шешуде айқындалуға тиіс.
Мемлекеттiк электрондық мұрағат тұжырымдамасы пысықталып, iске асырылуға, ол құжаттарды сақтау мен iздестiрудi қамтамасыз етуге, сондай-ақ құжаттардың түпнұсқалығын автоматты түрде растай отырып, оларды пайдалану, тарату, жiктеу және көбейтуде кең мүмкiндiктер беруге тиiс. Электрондық мұрағаттарға жаңа құжаттар ғана емес, сондай-ақ бұрыннан бар қағаз құжаттар да енгiзiлуге тиiс, ол үшін бұл құжаттарды электрондық түрге өзгерту жөнiндегi жұмысты жоспарлы түрде ұйымдастыру қажет.
Шағын бағдарлама аясында электрондық құжаттардың түпнұсқалығын растайтын тиiмдi тетiктер әзiрленуге тиiс;
4) Электрондық ақпараттық орталықтар желiсiн құру.
Электрондық ақпараттық орталықтар желiсi бiрiншi кезеңде мемлекеттiк органдар мен оларға ведомстволық қарасты ұйымдардың - оқу орындарының, мемлекеттiк кiтапханалардың, мұражайлардың, мұрағаттардың, бұқаралық ақпарат құралдарының ақпараттық ресурстары базасында құрылуға тиiс
5) Әкiмшілiк-басқару жүйелерiнiң үлгi жобалық шешiмдерiн жасау.
Әкiмшiлiк-басқару бағдарламалық өнiмдерiне заңнама бойынша ақпараттық жүйелер және экономикалық мақсаттағы ведомстволық жүйелер (қызметкерлердi басқару, есеп айырысу және еңбекақы төлеу, бухгалтерлiк есеп және басқалары) жатады.
Мемлекеттiк органдарда пайдаланылатын әкiмшiлiк-басқару бағдарламалық өнiмдерiнiң жай-күйiн талдау негiзiнде:
мемлекеттiк органдарда пайдалану үшiн жалпы мақсаттағы стандартты бағдарламаларды сертификаттау мен iрiктеу жүргiзу;
сертификатталған әкiмшiлiк-басқару жүйелерiнiң негiзiнде мемлекеттiк органдарды басқару саласын ақпараттандыру жөнiнде үлгi шешiмдер әзiрлеу;
деректердiң құқықтық базаларын әзiрлеушілердiң өзектi құқықтық ақпаратты алуының тәртiбiн айқындау және бұл базалардың белгiлi бiр тәртiпке сәйкестiгiн ескере отырып, оларды сертификаттау жүргiзу қажет.
Шағын бағдарламаны iске асыру:
мемлекеттiк органдарды сапалы ақпаратпен қамтуды;
электрондық құжат айналымына қатысушылардың барлығы үшiн ақпараттық қауiпсiздiктi;
мемлекеттiк органдар мен оларға ведомстволық қарасты бiлiм беру және мәдениет мекемелерiне тиесiлi нормативтiк, анықтамалық, библиографиялық ақпаратқа еркiн қол жеткiзу есебiнен халықтың бiлiмi мен хабардарлық деңгейiн көтерудi;
ақпараттық технологияларды әзiрлеу мен енгiзу нарығында салауатты бәсекелестiк туғызуды қамтамасыз етедi.
Шағын бағдарламаны атқарушылар - Қазақстан Республикасының Көлiк және коммуникациялар министрлiгi, Ұлттық қауiпсiздiк комитетi, Мемлекеттiк құпияларды қорғау жөнiндегi агенттiгi, Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi, Бiлiм және ғылым министрлiгi.
Шағын бағдарламаның орындалу мерзімi - 2001-2002 жылдар.
Шағын бағдарламаның шамамен алынған құны - 9 000 000 000 теңге.
Қаржыландырудың негiзгi көздерi - республикалық және жергiлiктi бюджеттер, гранттар, жекеменшiк инвестициялар.
2-КЕЗЕҢ. 2002-2003 жылдар.
5-шағын бағдарлама. Мемлекеттiк қаржының ақпараттық-телекоммуникациялық жүйелерiнiң интеграциялануы
Ұлттық банк, қазынашылық, салық және кеден қызметтерiнiң, зейнетақымен қамсыздандырудың қолданыстағы және енгiзіліп жатқан ақпараттық жүйелерiнiң негiзiнде мемлекеттiк бюджеттiң атқарылуына жауап беретiн мемлекеттiк органдардың (бұдан әрi - қаржы органдары) интеграцияланған ақпараттық-телекоммуникациялық жүйелерiн құру қажет.
Қаржы органдарының ақпараттық-телекоммуникациялық жүйелерiнiң интеграциялануының мақсаты шығындарды оңтайландыру, жүйелердi құруға деген бiрыңғай тұрғыны тұжырымдап, оларды пайдалану мен ұластыруда еңбек көлемiн қысқарту болып табылады.
Шағын бағдарлама аясында қаржы органдарының интеграцияланған жүйелерiнiң басқа ақпараттық жүйелермен өзара iс-қимыл тетiгi мен қорытылған ақпаратты пайдалану тәртiбiн әзiрлеу қажет.
Бiрiншi кезеңде негiзiне ақпаратты интеграциялау принциптерi салынған жүйелер - Қазақстан Республикасының салық төлеушiлерiнiң тiзілімi және интеграцияланған салық ақпарат жүйесi (ҚР ИСАЖ) негiзге алынуға тиiс. Бұл жүйелердi басқа да қаржы органдарының жүйелерiне интеграциялау жөнiнде басталған жұмыстарды жалғастыру қажет.
Жүйелердi жасау жөнiндегi жұмыстар кез келген мемлекеттiк органды қайта ұйымдастыру қаржы органдарының функционалдық мiндеттерiн орындауына әсерiн тигiзбеуге тиiс екендiгiн ескере отырып жүргiзiлуi қажет.
Шағын бағдарлама:
жұмыстарды орындау үшiн жоғары ақы төленетiн бiлiктi мамандарды тартуға мүмкiндiгi бар, ақпараттық-телекоммуникациялық жүйелерiн ұластыру мен пайдалану жөнiндегі уәкiлеттi органды айқындауды;
қаржы органдарының бүгiн таңда қолда бар ақпараттық жүйелерiн бiрыңғай ақпараттық ортаға бiрiктiрудi;
ведомстволық ақпараттық жүйелер берiп тұратын ақпаратты салғастыру мен толықтыру тетiктерiн жасау және оларды оқтын-оқтын жаңартуды;
барлық мүдделi тұтынушылар үшiн интеграцияланған ақпаратқа реттеулi қол жеткiзудi қамтамасыз етудi;
қолданбалы бағдарламалық қамсыздандыруды әзiрлеудi, техникалық және жүйелi бағдарламалық қамсыздандыру құралдарын сатып алуды және инсталляцияны көздейдi.
Бағдарламаны атқарушы - Қазақстан Республикасының Көлiк және коммуникациялар министрлiгi.
Жұмыстардың орындалу мерзiмi - 2002-2003 жылдар.
Шағын бағдарламаның шамамен алынған құны 1 300 000 000 теңге.
Қаржыландырудың негiзгi көзi - республикалық бюджет.
6-шағын бағдарлама. Мемлекеттiк деректер базасын құру
1. "Жеке тұлғалар" мемлекеттiк деректер базасы
Республикада тiркеу нөмiрлерiн беретiн (туу туралы куәлiктегi нөмiр, жеке басының куәлiгiндегi нөмiр, салық төлеушiнiң тiркеу нөмiрi, зейнетақымен қамсыздандыру жүйесiндегi нөмiр) және әр түрлi ведомстволарға тиесiлi бiрнеше тiркеу жүйелерi жұмыс iстейдi.
Қазақстан Республикасында жеке тұлғаларды тiркеудiң қолданылып жүрген рәсiмдерi ақпараттың қосарлануын жоққа шығармайды.
"Жеке тұлғалар" мемлекеттiк деректер базасын құрудың мақсаты жеке тұлғаларды тiркеу жүйелерiн құру мен жұмыс iстеуiн үйлестiру болып табылады.
Шағын бағдарлама аясында:
1) жеке тұлғаларды АХАТ-та, төлқұжат столдарында, әлеуметтiк сақтандыру, медициналық қамсыздандыру, зейнетақымен қамсыздандыру, салық және басқа да қызметтер салаларында тiркеудiң күллi жүйелерiн, бiрыңғай қисынмен бiрiктiру;
2) жеке тұлғаның бiрыңғай тiркеу кодын енгiзу;
3) қажеттi күллi ақпаратты алуға мүмкіндiк беретiн электрондық сәйкестендiру құжатын жасау (әлеуметтiк сәйкестендiру коды, күллi тiркеу деректерi, медициналық мағлұмат, салық төлеушi коды, зейнетақы шоты және т.б.);
4) пластикалық карточкалардың транзакцияларын өңдеудiң бiрыңғай процестiк орталығының базасында бiрыңғай тiркеу коды мен электрондық сәйкестендiру құжатын қолдауды қамтамасыз ететiн көмекшi ақпараттық инфрақұрылым жасау қажет.
2. "Заңды тұлғалар" мемлекеттiк деректер базасы
Жеке тұлғаларды тiркеу жөнiндегi ахуалды түбегейлi жақсарту үшiн айқындалған негiзгi мiндеттердi "Заңды тұлғалар" мемлекеттiк деректер базасын жасауға қатысты қою қажет.
3. "Қазақстанның ресурстары" мемлекеттiк деректер базасы
Қазақстан Республикасының ҰАИ-ын құру шеңберiнде "Қазақстанның ресурстары" мемлекеттiк деректер базасын (жер және жер қойнауы, картографиялық деректер, жылжымайтын мүлiк, жылжымалы мүлiк, тауарлар мен қызметтер, зияттық меншiк, қаржы және басқалар) жасау және жүргiзу.
Осы деректер базасын жасау мынадай мiндеттердi шешуге мүмкiндiк бередi:
1) мыналардың:
мүлiк салығын жинаудың қарапайым, бақыланатын және болжанатын рәсiмiн енгiзу;
салық ставкалары өзгерген жағдайда салық ахуалын модельдеу үшiн салық төлеудiң типтерi мен мерзiмдерi жөнiндегi болжам есептерiн автоматты түрде генерациялау;
тауарлар мен қызметтер сатқаннан кейiн кәсiпорындардан түсетiн салық төлемдерiн болжау;
салық жинау процесiн автоматты түрде бақылау есебiнен бюджетке түсiмдердiң ұлғаюына;
2) отандық кәсiпкерлердiң өндiрiлетiн тауарлар мен қызметтер туралы ақпарат алуы және мәлiметтердi орналастыруы үшiн республика ресурстарының деректер базасына қол жеткiзудi беру арқылы қолдау көрсету;
3) Қазақстанның ресурстарын басқару мен пайдаланылуын бақылауды пайдалануды жақсарту.
Шағын бағдарламаны атқарушылар - Қазақстан Республикасының Көлiк және коммуникациялар министрлiгi, Табиғи ресурстар және қоршаған ортаны қорғау министрлiгi, Энергетика және минералдық ресурстар министрлiгi, Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлігі, Қаржы министрлiгi, Статистика жөнiндегi агенттiгi, Iшкi iстер министрлiгi, Мемлекеттiк кiрiс министрлiгi
Бағдарламаның негiзгi iс-шаралары:
Қазақстан Республикасында мемлекеттiк деректер базаларын жасау, жүргiзу және пайдалану тұжырымдамасын әзiрлеу;
мемлекеттiк деректер базаларына қол жеткiзу регламентiн әзiрлеу;
мемлекеттiк деректер базаларын жүргiзудiң ақпараттық-телекоммуникациялық жүйесін әзiрлеу;
мемлекеттiк деректер базаларын пайдаланушылардың әр түрлi санаттарын оқытуды ұйымдастыру;
техникалық және жүйелi бағдарламалық қамсыздандыру құралдарын сатып алу және инсталляция, мемлекеттiк деректер базаларын қолдау орталығын құру.
Шағын бағдарламаны iске асыру мерзiмi - 2002-2003 жылдар.
Шағын бағдарламаның шамамен алынған құны - 9 000 000 000 теңге.
Қаржыландырудың негiзгi көзi - республикалық бюджет.
7-шағын бағдарлама. Дамудың әлеуметтік-экономикалық мониторингi
Дамудың әлеуметтiк-экономикалық мониторингiн жүзеге асыратын жүйелердi жасау деректердi талдау мен статистикалық өңдеу мақсатында мынадай принциптерге негiзделедi:
мониторинг экономикадағы және әлеуметтiк саладағы қолайсыз процестердi уақтылы анықтау, алдын алу және жою үшiн белгiлi бiр уақыт кезеңi iшiнде объектiлердi (немесе субъектiлердi) бақылау жүйесiн білдiредi;
мониторинг зерделенетiн объектiлер бойынша үздiксiз дүркiн-дүркiн ақпарат жинау әдiсiмен және оны негiзгi статистикалық, экономикалық, әлеуметтiк, бухгалтерлiк, салық және өзге де көрсеткiштер бойынша жiктелген орталықтандырылған деректер базасына енгiзу арқылы жүзеге асырылады;
талдаудың есептілік нысандарын мониторинг, талдау және статистикалық өңдеу жүргiзетiн мемлекеттiк органдар әзiрлейді;
статистикалық нәтижелердi талдау мен өңдеу деректердi базадан түрлi алгоритмдер бойынша, кейiннен деректердi бейнелеу, соның iшiнде графикалық та арқылы таңдап алу жолымен жүргiзiледi.
Шағын бағдарламаны енгiзуде мынадай мiндеттердi шешу қажет:
мұндай жүйелердi құрудың жалпы принциптерiн айқындау мақсатында мониторингтiң қолданылып жүрген жүйелерiн талдау;
мемлекеттiк және беймемлекеттiк құрылымдар одан әрi талдау және статистикалық өңдеу үшiн мониторинг жүйелерiн пайдалану ережелерi мен регламентiн әзiрлеу;
мониторинг жүргiзу үшiн пайдаланылатын, жасалып жатқан және қолданылып жүрген деректер базасының ақпаратына реттеулi қол жеткiзудiң үлгі тетiктерi мен интерфейстерiн әзiрлеу және енгiзу, соның iшiнде олардың негiзiнде шешiмдердi қабылдауды қолдау жүйелерiн құру;
мониторинг жүйелерiнiң деректер базасына жедел түрде енгiзу үшiн телекоммуникациялық арналар бойынша ақпаратты жинау мен берудiң қауiпсiз әмбебап тетiктерiн әзiрлеу;
техникалық және бағдарламалық қамсыздандыру құралдарын сатып алу және инсталляция, мониторингтi қолдаудың аймақтық орталықтарын құру;
мониторинг жүйелерiн геоақпараттық жүйелерге байластыру.
Шағын бағдарламаның атқарушылары - Қазақстан Республикасының Көлiк және коммуникациялар министрлiгi, Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi, Статистика жөнiндегi агенттiгi.
Шағын бағдарламаның орындалу мерзiмi - 2003 жыл.
Шағын бағдарламаның шамамен алынған құны - 190 000 000 теңге.
Қаржыландырудың негiзгi көздерi - республикалық бюджет, жекеменшiк инвестициялар.
7. Бағдарламаны қаржыландыру көздерi
Бағдарлама бойынша жүргiзiлетiн ғылыми-зерттеу жұмыстарын қаржыландырудың көзi республикалық бюджеттен ақпараттандыру саласында жұмыстар жүргiзу үшiн министрлiктер мен ведомстволарға бөлiнген қаражат болып табылады.
Бағдарлама шеңберiнде орталық және жергiлiктi мемлекеттiк органдарды ақпараттандыру жобаларын әзірлеу мен іске асыру республикалық және жергiлiктi бюджеттен жыл сайын бөлiнетiн қаражат шегiнде қаржыландырылады.
Бағдарламаны iске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi басым жобаларды айқындайтын iс-шаралар жоспарын, оларды әзiрлеу мен енгiзудiң нақты мерзiмдерiн әзiрлеп, бекiтетiн болады.
Бұған қоса, Бағдарламаны iске асыру үшiн банк кредиттерiн, халықаралық қаржы ұйымдары мен басқа да донорлардың гранттарын қоса, жекеменшiк инвестициялар тартылатын болады.
8. Бағдарламаны іске асырудан күтiлетiн нәтиже
Республиканың мемлекеттiк органдарын ақпараттандыруға жұмсалған шығындар 2000 жылы 10 565 000 000 теңгенi құрады. Қазақстан Республикасының 2001 жылға арналған республикалық бюджетiнде ақпараттандыру бағдарламасына жұмсалатын шығыстар 11 106 851 000 теңге болып белгiленген. Сонымен, осы бағдарламада көзделген шығыстар соңғы жылдардағы қаржыландыру деңгейiнен аспайды. 2002 жылдан бастап Бағдарламаны қаржыландыруды ҰАИ-ды қалыптастыру жөнiндегi мiндеттер кешенiн шешуге шоғырландырылған қаражатты қамтамасыз ететiн, ақпараттандыру жөнiндегi бюджеттiк бағдарламалардың бiртұтас әкiмшiсi ретiнде Қазақстан Республикасының Көлiк және коммуникациялар министрлiгi жүзеге асыруға тиiс.
Осы Бағдарламада белгiленген, ҰАИ-ды қалыптастыру мен дамыту жөнiндегi барлық iс-шараларды iске асыру:
1) ақпараттық қызметтердiң өркениеттi нарығын қалыптастыру мен дамытуды қамтамасыз етуге;
2) ақпараттандыру саласында бiрыңғай нормативтiк құқықтық базаны әзiрлеуге;
3) ашық жүйелердiң халықаралық стандарттарын ескере отырып, ақпараттық-телекоммуникациялық ресурстар мен желілердің үйлесiмдiлігi мен өзара іс-қимылын қамтамасыз етуге;
4) азаматтар мен қоғамдық ұйымдардың ақпаратты алу, тарату және пайдалану бостандығы құқығын қамтамасыз етуге;
5) ақпараттандыру жобалары мен бағдарламаларына отандық және шетелдiк инвесторлардың қаражатын тартуға;
6) халықтың бiлiмдiлiк және ақпараттық мәдениетi деңгейiн арттыруға;
7) отандық ақпараттық және бағдарламалық өнiмдер мен қызметтердiң бәсекелестiк қабiлеттiлiгiн арттыру үшiн жағдай жасауға;
8) мемлекеттiк органдарды кешендi түрде ақпараттандыру арқылы мемлекеттiк басқарудың пәрмендiлiгiн арттыруға;
9) мемлекеттiк ақпараттық ресурстарды түзуге және пайдалануға бөлiнетiн бюджет қаражатын неғұрлым тиiмдi жұмсауға мүмкiндiк бередi.
Достарыңызбен бөлісу: |