ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
ДАРЫНДЫ БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН ЖАМБЫЛ АТЫНДАҒЫ ОБЛЫСТЫҚ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯ-ИНТЕРНАТЫ
Бағыты: “Қазақстанның тарихи ескерткіштері және болашақта
дамытылатын саяхаттық бағыттар”
Пәні: Әдебиет
Тақырыбы: ҚАСЫМ ҚАЙСЕНОВ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНДАҒЫ ЕРЛІК
ПЕН ПАТРИОТИЗМ
Орындаған: 11 сынып оқушысы
Сасанова И.
Жетекші: Ауғанбаева Б.О.
Ғылыми жетекшісі: С.Аманжолов
атындағы ШҚМУ доценті ф.ғ.д. Картаева А.М.
Өскемен, 2015
Абстракт
Тақырыптың өзектілігі. Зерттеу жұмысы Ұлы Отан соғысының батыры, Қазақстанның Халық қаһарманы, Халықаралық Фадеев атындағы сыйлықтың лауреаты, жазушы-партизан, публицист, Қасым Қайсеновтің шығармашылық мұрасына арналады.Қасым Қайсенов - қазақ әдебиеті мен журналистикасының өркендеп, дамып, қанат жаюына үлкен үлес қосқан талғамы биік суреткер, көсемсөз туындыларының өзіндік келбетімен танылған бірегей қаламгер. Қаламгер 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының басты қаһарманы ғана емес, сол өзі көрген, көкейіне түйген соғыс шындығын жеткізуші.
Осы тұрғыдан алғанда, Қ.Қайсенов туындылары жастардың бойында патриоттық сезiм мен азаматтықты қалыптастыруда патриоттық тәрбиенің басты рухани көзі болып саналады. Қ.Қайсенов шығармаларын зерттеудін зәрулігі де осында.
Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Зерттеудің негізгі мақсаты-Қасым Қайсеновтің шығармаларындағы ерлік пен патриоттық болмысты суреттеудегі жазушының көркемдік тәсілі мен қаламгерлік шеберлігін анықтау.
Зерттеудің болжамы. Егер бұл ғылыми жобаны оқушылар, оқырман қауым арасында қаолданатын болса, оқушының көркем әдебиетке соның ішінде әскери тақырыптағы прозаға деген қызығушылығын, туған еліне деген махаббатын арттыруға көмектесер еді.
Зерттеудің нысаны. Ғылыми зерттеудің нысаны ретінде Қ.Қайсеновтің " Жас партизандар" (1954), " Ажал аузында" ( 1959), " Жау тылындағы бала" ( 1961), " Жау тылында" (1973), " Партизан соқпақтары" (1978) , " Переяслав партизандары" тәрізді т.б. шығармалары алынды
Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Ғылыми зерттеуге өзек болып отырған тақырыпғылыми жоба ретінде алғаш рет арнайы қарастырылып отыр.Ғылыми жобада Қасым Қайсеновтің өмірі мен шығармашылығы, жазушылық қыры кеңінен сөз етіледі. Жазушы туындыларындағы ерлік пен патриотизмді суреттеудегі көркемдік тәсілі мен қаламгерлік шеберлігіне талдаулар жасалады.
АБСТРАКТ
Актуальность темы: Данная иследовательская работа посвящается творческой деятельности Касыма Кайсенова, который является героем ВОВ, лауреатом междунородной премии имени Фадеева, писателем, партизаном публицистом. Касым Кайсенов великий творческий художник, внесший в клад в развитие казахской истории и журналистики, удививший своими публицистическими производениями. Писатель, в первую очередь в своих произведениях рассказывает нам правду о великой Отечественной войне о том, что видел своими глазами 1941-1945 годах.
Произведения Касыма Кайсенова вселяют нам дух патриотизма и героизма, который является ценнм источником в воспитании молодого поколения. Это и есть актуальность иследования произведения касыма Кайсенова.
Цель и задачи работы: Главная цель исследовательской работы: показать и найти в произведениях Касыма Кайсенова тему патриотизма и героизма.
Объект работы (исследования): Для объекта исследовательской работы были взяты произведения К.Кайсенова «Жас партизандар» (1954), «Ажал ауызында» (1959), «Жау тылында» (1978), «Партизан соқпақтары» (1978), «Переяслев партизандары» и другие.
Новизна работы: Тема, которая выбрана для исследование научной работы, взята впервые как тема проекта. В научном проекте рассказывается о жизни творчестве К.Кайсенова и его писательской деятельности. В проекте анализируется героизм и патриотизм стиль написания, мастерство подачи произведения.
ABSTRACT
Relevance of the time: this work is devoted to the hero of second war writer partisan political writer, the hero of He Kazakhstan Kasim Kaisenov. Kasim Kaisenov made a contribution to the development of journalism and kazakh literature. We should note that the compositions of Kasim Kaisenov awakens patriotic instilling in our youth.
Aims of the reseorsh work: The main goal of this work is to show the heroism, patriotism and mastery of his compostions.
Object of the work: As the object of the work was taken the compositions of Kasim Kaisenov such as: Joung partisan (1954), Child in war (1961), Partisan of Pereyaslav (1978), Ways of partisans (1973) and etc.
Novelty of the work: This theme is seen the first time as research work. In this work we try to descript the life and creation of Kasim Kaisenov.
МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ
1. ҚАСЫМ ҚАЙСЕНОВТІҢ ӨМІРІ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ
1.1 Қаламгердің өмір жолы, партизандық шежіресі мен көркем публицистикасы
1.2 Жазушының қазақ әдебиетінде әскери прозаның қалыптасуындағы қолтаңбасы
2 ҚАСЫМ ҚАЙСЕНОВ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНДАҒЫ ЕРЛІК ПЕН ПАТРИОТИЗМ
2.1 Жазушы шығармаларындағы партизандар өмірі мен олардың қаһармандық істерін суреттеу шеберлігі
2.2 Автор туындыларында патриотизм мен Отаншылдық рухты бейнелеу үлгісі
ҚОРЫТЫНДЫ
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
КІРІСПЕ
Тақырыптың өзектілігі. Зерттеу жұмысы Ұлы Отан соғысының батыры, Қазақстанның Халық қаһарманы, Халықаралық Фадеев атындағы сыйлықтың лауреаты, жазушы-партизан, публицист, Қасым Қайсеновтің шығармашылық мұрасына арналады. Қасым Қайсенов - қазақ әдебиеті мен журналистикасының өркендеп, дамып, қанат жаюына үлкен үлес қосқан талғамы биік суреткер, көсемсөз туындыларының өзіндік келбетімен танылған бірегей қаламгер. Қаламгер 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының басты қаһарманы ғана емес, сол өзі көрген, көкейіне түйген соғыс шындығын жеткізуші. Қасым Қайсеновтің қан майданда жүргізген соғыс тактикасы жайын суреттеген шығармалары қазақ әскери әдебиетінің қалыптасуына негіз болды.
Қасым Қайсеновтің есімі көзі қарақты кез-келген қазақ оқырманына таныс. Алайда, біз оның жазушылық қырын ғылыми тұрғыда толық танып
білдік деп айта алмаймыз. Оның басты себептері: біріншіден, қаламгер шығармашылығы осы кезге дейін арнайы зерттелмегені; екіншіден, әр жылдары түрлі газет-журналдарда жарияланған ірілі-ұсақты мақалаларының
толық топтастырылып, жинақталмағаны; үшіншіден, Қ.Қайсеновтің жазушылық шеберлігін айқындайтын әскери туындыларын жан-жақты зерделеп алмай, толық пікір айтудың күрделі болғандығында. Сондықтан, Қасым Қайсенов шығармашылығын зерделей зерттеу бүгінгі күн қажеттілігінен туған тақырып. Себебі, қаламгер шығармалары қазақ әскери прозасының Ұлы Отан соғысы тақырыбындағы өзіне тән сипаттарын және каһармандық образдарды сомдаудың үлгісін ғана танытып қоймай, сонымен бірге халықтар достығы мен ынтымақтастығы, кеңес адамдарының биікке көтерілген патриотизмі мен гуманизмі сияқты үздік қасиеттерін жоғары дәрежедегі көркемдік суреттеу сатысына көтере алды деп айта аламыз.
Қасым Қайсенов туындылары – ұлттық рух, Отаншылдық, патриоттық тәрбиенің қайнар бұлағы. Бүгінгі жастарды кеудесінде намысы бар, білімді, туған елін, жерін сүйетін өнегелі ұрпақ етіп өсіруге негізделген. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан – 2030» Жолдауында былай деп атап көрсетеді: «Біздің жас мемлекетіміз өсіп- өркендеп нығаяды, онымен бірге біздің балаларымыз бен немерелеріміз де ер жетеді. Олар бүкіл әлемге әйгілі және сыйлы, бейбіт және гүлденген елінің патриоттары болады», - дейді.
Осы тұрғыдан алғанда, Қ.Қайсенов туындылары жастардың бойында патриоттық сезiм мен азаматтықты қалыптастыруда патриоттық тәрбиенің басты рухани көзі болып саналады. Қ.Қайсенов шығармаларын зерттеудін зәрулігі де осында.
Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Зерттеудің негізгі мақсаты-Қасым Қайсеновтің шығармаларындағы ерлік пен патриоттық болмысты суреттеудегі жазушының көркемдік тәсілі мен қаламгерлік шеберлігін анықтау. Осы мақсатқа сәйкес мынадай міндеттер қойылды:
- Қасым Қайсеновтің өмірі мен шығармашылығы жайлы мәліметтер жинау;
- қаламгердің өмір жолын, партизандық шежіресі мен көркем публицистикасын қарастыру;
- жазушының қазақ әдебиетінде әскери прозаның қалыптасуындағы қолтаңбасын айқындау;
- жазушы шығармаларындағы партизандар өмірі мен олардың қаһармандық істерін суреттеу шеберлігіне талдау жасау;
- автор туындыларында патриотизм мен Отаншылдық рухты бейнелеу үлгісін саралау.
Зерттеудің нысаны. Ғылыми зерттеудің нысаны ретінде Қ.Қайсеновтің " Жас партизандар" (1954), " Ажал аузында" ( 1959), " Жау тылындағы бала" ( 1961), " Жау тылында" (1973), " Партизан соқпақтары" (1978) , " Переяслав партизандары" тәрізді т.б. шығармалары алынды
Зерттеу жұмысының дереккөздері. Қ.Қайсеновтің қаламгерлік шеберлігі туралы Ғ. Сланов, М. Әлімбаев, Ә.Кекілбаев, Ә.Шәріпов, X.Ерғалиев, С.Мәуленов, F.Қайырбеков, К.Салықов, Ә.Нұршайықов, С.Жиенбаев, F.Қабышев, I.Жарылғапов, С.Ғабдуллин, Е.Нұразхан сынды калам шеберлерінің еңбектерін атауға болады.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Ғылыми зерттеуге өзек болып отырған тақырып ғылыми жоба ретінде алғаш рет арнайы қарастырылып отыр. Ғылыми жобада Қасым Қайсеновтің өмірі мен шығармашылығы, жазушылық қыры кеңінен сөз етіледі. Жазушы туындыларындағы ерлік пен патриотизмді суреттеудегі көркемдік тәсілі мен қаламгерлік шеберлігіне талдаулар жасалады.
Зерттеудің әдістері. Зерттеуде баяндау, жинақтау, саралау, әдеби-теориялық талдау әдістері басшылыққа алынды.
Зерттеудің құрылымы. Жұмыс кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан тұрады. Соңында пайдаланған әдебиеттер тізімі беріледі.
1 ҚАСЫМ ҚАЙСЕНОВТІҢ ӨМІРІ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ
1.1 Қаламгердің өмір жолы, партизандық шежіресі мен көркем публицистикасы
Ұлтымыздың ұлы келешегі, халқымыздың қайталанбас біртуар даңқты перзенті, халық қаһарманы, партизан жазушысы - Қасым Қайсенов. Қазақ халқының қайталанбас дара тұлғасы. Қазақтың қайсар ұлының өмір өткелдері сан қилы. Қасым Қайсенов 1918 жылы 23 сәуірде Шығыс Қазақстан обылысы Ұлан ауданындағы Асубұлақ ауылында дүниеге келген. Туған ауылында орталау мектепті бітірген соң, 1935 жылы Қасым Қайсенов Өскемен қаласындағы Саяси-ағарту техникумына түсіп, оны 1938 жылы бітіреді. Сөйтіп, арнайы орта білім алып, обылыстық Оқу бөлімінде инспектор болып қызмет істейді. Ал 1939 жылдың қысында Әскери мектепке түседі де, оны 1941 жылдың күзінде бітіріп шығады. 1941 жылдың қараша айында Қасым Қайсенов оңтүстік-батыс майдан штабының қарамағына жіберіледі. Сол жерден ол арнайы тапсырмамен гитлершілдер басып алған Украина жеріне, жау тылына аттанады. Жау жайлаған елге ұшақпен келіп түскен сәттен бастап, Қасым Қайсеновтың партизандық өмірі басталады. Ол Чапаев атындағы партизан құрамасының үшінші отрядын басқарады. Одан кейін 1944 жылдың аяғына дейін Молдавия, Украинаның Закарпатье, Чехословакия, Румыния жеріндегі партизан қозғалыстарына қатысады. Отряд командирі болып жүріп, жау тылында жүздеген жорықты басынан өткерді. 1944 жылы Украинаның Закарпат, Карпатты азат етуге қатысқан. Ол Киев және Полтава обылыстарындағы партизандар қозғалысын алғаш рет ұйымдатырушылардың бірі ретінде тарихта қалды. Партизандардың қалың қолын басқара жүріп, жау тылында жүздеген жорықты басынан өткеріп, фашистерді сан рет тізе бүктірді. Майдан даласында украин жауынгерлері Қасым Қайсеновты бауырларындай көріп, өз аттарымен «Вася» деп атапты.
Қасым Қайсенов бір естелігінде «Украина - менің екінші Отаным. Украиндіктер - мәңгі ұмытылмас бауырларым. Осылай ұлы украин халқын шексіз сүйіп, бауыр басып кеткен адаммын. Әлі де шығатын, жазбақ кітаптарым да сол Украина жеріндегі жойқын айқасқа арналған. Сол үшін де өзімді украин жазушыларының бірімін деп есептеймін. Өзімді украин жазушыларының осындағы елшісіндей сезінемін»,- деген екен.
Осы жөнінде жазушы Ғафу Қайырбековтың айтқан деректеріне назар аударсақ: «...Қасым Қайсеновке келсек – Қасекең батырлығы ерекше, мүлде қазақы батырлық. Олай дейтінім – әлгі партизан соғысы – тура біздің қазақша соғыс, бетпе-бет соғыс, қолма-қол айқас. Бұған жүректің жүрегі шыдайды. Қасым өзінің документтік, құжаттық деректі де көркем хикаяларын жазарында болған оқиғаның орны мен уақытын керемет дәлдікпен суреттейді ғой? Сонау Украинаның қалың ормандарының жыныс түкпірлерін көз алдынан өткізеді. Қасекең бармаған орман, тау-тас, көзі тінтпеген қуыс-құбыр, баспаған батпақ қалмаған болар, фашистерді оқпен ату өзіне басқа нәрсе, ал қол-аяғын тұсап, жатқызып қойып бауыздау – қанша сұмдық көрінгенімен партизанның негізгі әрекет сипаты еді. Өйткені партизандық көбіне жасырын соғыс, онда мылтық дауысын естіртуге болмайды. Жалпы жарылыс, бұзылыс, қирату, бүкіл соғыс жүрісін – транспорт, қару-жарақ қоймасы, қозғалу, қорғану дейсіз бе – бәрінің жоспарын біліп, құртып жіберу, адамдарды қойдай қыру – міне, партизан соғысы осындай нәрсе. Алғашқы айларда жаумен бетпе-бет келгендер – осы партизандар, жау тылында қалғандар. Олардың ішінде жергілікті халықтан басқа қазақтардың көбірек болуында да мән бар. Жау дегенде алдымен шабатын қазекең қолда, қоршауда қалып қоюы заңды. Одан кейінгі қолайлы соғыс ол үшін, әрине, партизандық соғыс, - деп партизан соғысының күрделілігін түсіндіре отырып, осының тура ішінде жүрген Қ.Қайсеновтің көзсіз ерлігін мадақтайды [1, 74 б.].
Қан майданда етігімен су кешкен Қасым Қайсеновке бейбіт өмірге бейімделу оңайға түскен жоқ. Осы ретте ағалық ақылын, қамқорлығын көрсеткен Жұмағали Саин болды. Қасым Қайсенов Сәбит Мұханов, Бауыржан Момышұлы, Рақымжан Қошқарбаев, Мұқан Иманжанов, Мәлік Ғабдулин, Әди Шәріпов, Ғабит Мүсірепов, Қасым Аманжолов сынды қазақ зиялыларымен жақсы қарым-қатынаста болған. Соның ішінде Қасым Аманжоловпен алғаш танысқандығы жөнінде өз естеліктерінде былай деп жазған,
«Соғыс аяқталған кез. Алматыда жүрмін. Майданнан оралған ақын жазушыларды Жұмакеңнің ауызынан естіп көруге асығамын. Бір күні оның үйіне барсам, бір адам домбыра шертіп отыр екен. Екеуіне сәлем бердім. Домбыра шертіп отырған кісі домбырасын қабырғаға сүйеп орнынан тұрды. Мен оларға жақындаған кезде:
- Міне, енді танысып қойыңдар, мына кісі Қасым Аманжолов деген ақын ағаң, жуырда майданнан келді,- деді Жұмағали бұрылып. Ортадан төмен бойы бар, шағын денелі, сары адам маған: «бұл кім болды екен?» дегендей қарап тұр. Екі-үш күн бойы сақал-мұртыма ұстара тимепті.
- Мынау да Қасым аттасың, бұл партизан, партизан болғанда мықтының өзі! Украинада мұны «Вася» дейді екен,- деп мені Жұмағали ол кісіге көпірте таныстырды» [2; 21 б.].
Соғыс аяқталысымен Қасым Қайсенов елге оралып, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Президиумы аппаратында жауапты қызметте істеді. Жамбыл облысының Жуалы, Свердлов аудандарында атқару комитеттері төрағаларының орынбасары ретінде соғыстан кейінгі ауыл шаруашылығын қалпына келтіру науқанына белсене араласады. 1953-1970 жылдар аралығында Қазақстан Жазушылар одағында және баспа орындарында («Жазушы», «Қайнар») көркем әдебиетті насихаттау бюросы директоры, редактор, директордың орынбасары қызметтерін атқарды.
Замандас ағалары Бауыржан Момышұлы, Мәлік Ғабдуллин, Баубек Бұлқышев сияқты Қасым Қайсенов те қос қарудың, найза мен қаламның баһадүр иегері еді. Оның қаламынан Ұлы Отан соғысының қиын-қыстау кезеңдері, жауынгерлердің жанқиярлық ерліктері жайындағы дүниелер шықты. Оқырман жүрегінен ойып тұрып орын алған шығармалары қазақ әдебиетінің әскери тақырыбын байытты. 1954 жылы Қасым ағаның орыс тілінде «Жас партизандар», атты алғашқы кітабы жарық көреді. Одан кейінгі кездерде «Илько Витряк», «Переяслав партизандары», «Ажал аузынан», «Жау тылындағы бала», «Днепрде», «Жау тылында», «Партизан соқпақтары», тағы басқа әңгіме, очерк, повесть жинақтары оқырман қолына тиді. Бұл шығармалары орыс, украин, басқа да көптеген тілдерге аударылған. Кейінгі кездері «Елімнің ертеңіне сенемін», «Естеліктер мен жазбалар», тағы да басқа кітаптары жарық көрді. Шығармашылық өмірінде отыз шақты кітап жазып қалдырды. Ол М.Муратовтың "Ломоносовтың жастық шағы", Николай Томанның "Сабылтқан сағым", Мамед Кулизаде Жәлелдің "Почта жәшігі" кітаптарын аударды. Кітаптары орыс, украин, қырғыз және вьетнам тілдеріне аударылды.
Қасым Қайсеновтің ішкі жан дүниесі, биік рухани келбеті ол кісінің замандастарының, қаламдастарының жазбаларында талай рет айшықталып белең алған. Жазушы Әбіш Кекілбайұлы: «Ол біздің қанды қасаптан оралмай қалған мыңдаған ағаларымыз бен әкелеріміздің ақырғы көзіндей еді. Оған қарап, опат тапқан сол бір ержүрек ұрпақтың келбеті мен қасиетін көргендей болушы едік. Қарағайға қарсы біткен бұтақтай қайсар мінезіне әрі сүйсінуші едік, әрі именуші едік. Сүйсінетініміз: оның бір басына ғана емес, окоп түбінде ойрандалып қалған мыңдаған замандастарының бәріне де тән сол бір қайтпас қайсарлықтың арқасында аман қалып, адыра шаңырақтарды қайтадан қатарға қосу үшін алға тырмысып, азамат болдық. Қаймығатынымыз: ортамызда тірі жүрген оны ренжітсек, опат болған қаһарман ұрпақтың бәрін ренжітетіндей көруші едік. Бірақ, Қасекең тас түйін қайсарлығын сонау Карпат ормандарында қалдырғандай, қайсымызбен де: «Айналайын, амансың ба?» - деп жайма-шуақ амандасатын. Күркірей шыққан жуан дауысы құлағымызға майдай жағушы еді... Ол дүниеден өткенше кешегі күркіреген екінші жиһангерлік соғыстың жауынгері болып қала білді. Украинада жау басып алып, тірідей шерменде болып отырған қауымға Жаратушының өзі аяқ астынан жіберген ақ қанат періштедей көрінген құтқарушылық панагөйлігін Қазақстанға қайта оралған соң қара қағаздардан еңсесі түскен қайғылы қауымның қайта тыңайып, қайта еңсе көтеруі жолындағы қалтқысыз еңбекке арнады. Қанжарын қаламға айырбастап, тым майса кезінде үсік шалып, жапырылып қала жаздаған жетім ұрпақтың жауынгер әкелері мен ағаларының ерлік дастандарын жазды. Ерлік туралы айта отырып, елдік жайында сыр шертті. Ұлттық намысты оятты. Ұрпақтық парызды ескертті. Елжандылық тағылымын көрсетті. Сол үшін де тәуелсіз қазақ мемлекеті қан түкіріп, от кешкен есіл ердің оған дейін бағаланбай келген теңдесі жоқ ерліктерін ең асыл ұлттық құндылығымыз санап, «Халық Қаһарманы» құрметті атағын берді. Бағзы бабасы Қабанбай батырдай даңқ шыңының даусыз дарабозы болып өмір сүрді. Ол өмір біз түгілі бізден кейінгі қазақ ұрпақтарына халық жолында қалтқысыз еңбек етудің қастерлі өнегесі болып қала береді» [3; 6 б,], - деп еске алады.
Ал майдан кешкен жазушы, жауынгер Әзілхан Нұршайықов тағдырлас ағасының бейнесін былайша аша түседі: «Кешегі Ұлы Отан соғысы кезінде әркім әртүрлі бөлімдерде болып, неміс-фашистеріне қарсы күресті. Біреу танкист, біреу ұшқыш, біреу артиллерист болды. Енді біреулер жаяу әскер қатарында жаумен айқасты. Қасым Қайсеновтің үлесіне партизандық тиді. Ол алғашында Чапаев атындағы 8-партизан құрамасында №3 отрядтың командирі болып, Украина жерінде жауға желке жағынан соққы берді. Соғыс кезінде қалыпты әскердегі біздерді ел қару-жарақ, азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырды. Ұрыста сиреген қатарымызды да халық толтырды. Елдегі туыстарымыздан, сүйген жар, сүйікті қыздардан үнемі хаттар алып тұрдық. Осының бәрі бізге күш-қуат берді. Ал майданның сырт жағындағы партизандарда мұндай мүмкіндіктердің бірі де болған жоқ. Олар «Ер азығы мен бөрі азығы - жолда» дегендей, ордалы жыланның ортасында, фашистердің қоршауында жүріп, шыбын жанын шүберекке түйіп, өздерін азық-түлікпен, қару-жарақпен қамтамасыз етті. Жау сыртына барып түскен 23 жасар Қасекең осындай күйде жүріп, партизан отрядын ұйымдастырды. Кейін Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың жалынды жігерінің арқасында Баукеңе Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Қазақстан тәуелсіз мемлекет болғаннан кейін Нұрекең өз Жарлығымен Рақымжан Қошқарбаевқа да, Қасым Қайсеновке де «Халық қаһарманы» атағын берді. Қасекең бұл лайықты атақты аса зор тебіреніспен қарсы алған еді.
Ол өзінің соңғы сағатына дейін тәуелсіз мемлекетінің тынысын жырлаумен өтті. Еліміздегі елеулі оқиғаларға газет арқылы үздіксіз үн қосып отырды. Жеңістерге қуанды, кемістіктерге ренжіді. Бәрін ашық айтып отырды», - дейді қаламгер [4; 44 б.]. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы жауынгерлік ерліктері үшін Қ.Қайсенов І дәрежелі Ұлы отан соғысы орденімен, «Богдан Хмельницкий» орденімен. Осыдан бірнеше жыл бұрын Украина үкіметі оны екінші және үшінші дәрежелі «Ерекше ерлігі үшін» ордендерімен марапаттады. «Отан соғысы», «Чехословакия партизандары», Кеңес одағының көптеген орден, медальдарымен марапатталған. Ол Қазақстан Жазушылар одағының Бауыржан Момышұлы атындағы әдеби сыйлығының лауреаты. Халқымыздың қайталанбас біртуар даңқты перзенті Қасым Қайсенов 2006 жылы 30 желтоқсан күні 89 жасқа қараған шағында ауыр науқастан дүние салды.
Қасым Қайсенов - адамзат тарихында бұрын-соңды болып көрмеген ең жойқын соғыста жауға етегінен шалдыртпай, жағасынан алдыртпай өткен еңіреген ер, басқыншы жаудың қатарын сейілтіп, қаралай қалтыратқан Вася партизан. Қасым Қайсенов - Тәуелсіз Қазақстанның ең алғашқы Халық қаһармандарының бірі. Ұлттың батыры, қазақ халқының қайталанбас қаламгер иесі.
1.2 Жазушының қазақ әдебиетінде әскери прозаның қалыптасуындағы қолтаңбасы.
Соғыстың ауыр зұлматын, қасіреті мен қиыншылығын көзбен көріп, оны оқырман назарына ұсыну кез келгеннің қолынан келе бермейтін іс. Қазақ әдебиетіне әскери прозаны әкелген, әскери қайраткер, ержүрек қолбасшы, жазушы, Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлы. Б.Момышұлы шығармаларын қазақ, орыс тілінде жазып, қазақ әдебиетіндегі әскери проза жанрының негізін қалады. Жазушы шығармаларының басты тақырыбы Ұлы Отан соғысы кезіндегі жауынгерлердің тұлғасын жан-жақты суреттеп сомдау болды. Осы шығармашылық мақсаттың айғағы ретінде жазушы қаламынан туған «Офицер жазбалары», «Артымызда Москва», «Ұшқан ұя» , «Қанмен жазылған кітап», т.б. туындыларын айтуға болады. «Ұшқан ұя» кітабы үшін жазушы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды.
Қазақ әдебиетінде жеке бөлім болып қарастырылатын маңызы мен мәні зор Әскери тақырыптағы туындылар қатарында өзінің қолтаңбасын қалдырып, жас буынға үлгі еткен ерліктері мен Отанға деген ыстық ықыласы аңыз болып тараған қайратты қаламгер - Қасым Қайсенов. Тарих не болғанын айтса, әдебиет қалай болғанын айтады. Қасым Қайсенов тарихтың қанға боянған кезеңінде қолына қару алып жауға қарсы шықса, бейбіт өмірге аяқ басқанда сол ызғардың әдебиет тарихында да тігісін жазды деуге болады.
Мысалы мына бір үзінді майданда жүрген жастардың өз отандастарына деген ыстық ықыласпен зор махаббатының көрінісі: «Бағалы уақытты бос жібермей, партизандар ат қораға ұмтылды, екі есіктің де тас-талқанын шығарып, оның ішінен екі жарым мыңдай арыған, жүдеп -жадаған, үсті-бастары алба-жұлба болған өз адамдарымызды тұтқыннан босатты. Олардың бәрі партизандарды нақ бір туысқандарындай құшақтап, алғыс сөздерін айтты» [5; 67 б.].
F.Мүсірепов, Т.Ахтановтың, Ә.Нұрпейісов, Ә.Шәріпов, Қ.Қайсенов сынды майдангер жазушылардың көлемді туындыларын қазақ халқы үлкен ықыласпен қабылдағаны тарихтан белгілі. Отан соғысы шындығы белгілі кезеңдегі адамзат қоғамының сипатын, мемлекеттік билеу болмысын барынша шынайы көрсеткен, көрсететін айрықша сұрапыл шындықтардың қатарына жатады. Оны көзімен көрген, басынан өткерген, қаны мен терін төккен, от пен оқтың ортасында қан кешкен ұрпақтан артық білетін жанды табу қиын. Сондықтан өзегіне соғыстың сұрапыл шындығын арқау еткен шынайы шығарма жазуға екінің бірінің тәуекелі жете бермейді. Бүгінде бұл тақырыпта үлкен эпикалық шығарма жазуды айтпағанда, шағын өлең шығарудың өзіне үлкен батылдық керек.
Отан соғысы оқиғаларының қазақ әдебиетінде үлкен эпикалық көлемде көрініс табуына, негізінде, майдангер жазушылардың сіңірген еңбегі зор. Сол саптағы қаламгерлердің басында Бауыржан Момышұлы тұрды. Бауыржан Момышұлы – Ұлы Отан соғысының басынан кіріп, аяғынан шыққан, ерлігі елдің есінен кетпейтін талантты да қаһарман қолбасы. Ол жауынгерлерімен бірге соғыста шынықты, соғыста шыңдалды, соғыста өсті. Қолбасының әқоластында қаһарман қазақ аз болған жоқ. Солардың көбі ел тәуелсіздігі үшін қанын төгіп, жанын берді. Соғыста опат болған ел ұландарының өмірі, ерлік істері хатталмай, қағаз бетіне түспей, халықтың құлағына жетпей, топырақ астында қалып бара жатқаны қолына қару ұстаған қолбасыны жауған оқ пен жанған оттың құшағындағы ең бір сұрапыл жылдардың өзінде қатты толғандырған. Отан үшін от кешіп, оққа ұшқан ерлердің, ерліктің атаусыз қалуын халық трагедиясымен бірдей көрген сардар елдегі белгілі жазушыларға арнайы хаттар жазды. Соғыстың төртінші жылы Алматыда ғылым мен білім, өнер саласындағы зиялылар үшін оқыған лекцияларында жазушылардың соғыс шындығын жазуы қажеттігіне ерекше мән берді. «Шындықты жазу – суреткердің ұлы міндеті. Ұрыста шындықты табу оңай емес, ал оны жинақтау одан да қиынырақ. Бәлкім, менің тарапымнан жазушыларға қойылып отырған талап шектен шыққан әділетсіздіктей көрінуі мүмкін, бірақ мен мұны заңды деп білемін», – деді қолбасы осы лекцияларының бірінде. Лекция барысында лектор баспахананың бояуымен жазылған кітаптар да, адам қанымен жазылған кітаптар да болатынын, ал өзінің баспахана бояуымен емес, майдан даласында шынайы қалпында, бар болмысымен қанмен жазылған соғыс кітабын оқығанын баян етті...
Б.Момышұлының лекцияларында, хаттарында, естеліктерінде, соғыс үстінде қойын дәптеріне түсірген қолжазбаларында соғыс шындығын жазу туралы міндетке аса зор мән берілді. Осы бағыттағы ойлар, майдан даласында бастан өткергендері мен көзбен көргендері соғыстан сау оралған сардардың жазбауға мүмкіндігін қалдырмады. Қолбасы өзінің кітаптарында соғыс адамының образын шын қалыпта, ол шайқасқа қалай кіріп, одан қалай шықса, тура сол қалыпта, сол күйде сомдады. Олар автордың өзі айтқандай, қанмен жазылған кітаптар еді. Олардың қатарында соғыстың қызыл жалынын жамылған «Москва үшін шайқас» трилогиясы да бар
М.Әуезов бастаған бірқатар жазушылар Б.Момышұлының сұранысына қолдау білдіріп, тікелей соғыс майданы шындықтарын суреттеген шығармалар жазды. Ә.Әбішев, Ғ.Мүсірепов үлкен ізденістерге барды. Майданнан жеңіспен оралған Ә.Шәріпов, Қ.Қайсенов, Т.Ахтанов, Ә.Нұрпейісов, Ә.Нұршайықов, С.Бақбергенов және басқа қаламгерлер еңбек етті. Ал соғыс жағдайындағы адам тағдырын үлкен эпос жанры заңдылықтарына сай суреттеген Ғ.Мүсіреповтің «Қазақ солдаты», Т.Ахтановтың «Қаһарлы күндер», Ә.Нұрпейісовтің «Курляндия», Ә.Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» секілді романдары – ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің үлкен жетістіктері. Олар әлем әдебиетінде соғыс тақырыбына жазылған шығармалардың қандайынан да кем түспейді. Лирикада С.Мәуленовтің «Соғыстан қайтқан солдаттар», «Құлын», «Түбірлер» және басқа шығармаларымен, поэмада Қ.Аманжоловтың «Ақын өлімі туралы аңызымен» тең түсетін көркем әдебиет үлгісін бүкіл әлем поэзиясынан таба алмайсыз.
2. ҚАСЫМ ҚАЙСЕНОВ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНДАҒЫ ЕРЛІК ПЕН ПАТРИОТИЗМ
2.1 Жазушы шығармаларындағы партизандар өмірі мен олардың қаһармандық істерін суреттеу шеберлігі
Ұлтымыздың тарихында асқан батырлық-ерлік істерімен, асқақ сипатты, шоқтығы биік туындыларымен, өшпестей із қалдырған заңғар тұлғалардың бірі – Қасым Қайсенов. Құдіретті талантынан туған тамаша шығармалар даланың ақ арай таңындай жайнап, қазақ халқымен қатар, көршілес халықтарды да шұғыласына бөледі. Жазушы шығармашылығы жөнінде ақиық ақын Сырбай Мәуленов былай дейді: «Қасым Қайсенов соғыс басталғанда 23 жаста еді. Жау тылында соғысты. Аса ауыр, шытырман, саны соқпақтар тартты. Оның кітаптарында сол соқпақтар сайрап жатыр. “Переяслав партизандары”, “Жау тылындағы бала”, “Өлім тырнағынан”, “Партизан соқпақтары”, “Халық кектілері” деген кітаптарының аттарының өзі де оқушыларды ойландырмай қоймайды. Сырт қарағанда бұл аттар қарапайым көрінгенімен, ішкі мағына – мазмұнымен, қаһармандық тегеуріндік қуатымен, нағыз романтикалық оқиғалармен көз тартады. Оның шығармасы – соғыс шындығы, партизан ерлігі, өлмейтін ел өмірі» [6;23б].
Қасым қарулас достарының қаһармандық істері, өз өнегесі туралы шыншыл көркем очерк, әңгімелер және повестер жазды. Ол туындылары Қасым Қайсеновтың «Переяслав партизандары», «Ажал аузынан», «Жау тылында», «Днепрде», «Жау тылындағы бала», «Илько Витряк», «Сол бір жылдарда» атты кітаптарына еніп, жазушыға зор құрмет, абырой, атақ әкелді. Жас ұрпақты патриоттық интернационалдық рухта тәрбиелеуге, әрбір совет адамының Отан алдындағы қасиетті борышын, ерлікке барар жол, гуманизм тереңдігі сияқты күрделі әлеуметтік құбылыстарды терең сезінуіне үлкен әсер етті.
Қасым соғыс жылдарында туысқан Украинада, Закарпатьеде партизандық қозғалыстың белсенді күрескерінің бірі болды дедік. Отряд командирі ретінде жауға соққы берді. Жау тылындағы адам айтқысыз сұрапыл қиыншылықты, аш-жалаңаштықты, ыстық-суықты, жаумен бетпе-бет келген арпалысты, төгілген қанды, өртеніп, орнында күлі ғана қалған деревняларды көріп, басынан өткізді. Сондықтан Қасым Қайсенов туындыларының кейіпкерлері - өзі және талай қауіпті өткелден өткен, өмір мен өлім айқасында шыңдалған жауынгер достары болып келеді. Әрине, бұл кітаптарда басы артық бояу жоқ, документалдық негіз мол. Фашист жендеттерінің басып алған жерлерде бала-шаға, кемпір-шал, еркек-әйел демей бүкіл бір деревня адамдарының өздеріне ор қаздырып, үкендерін атып, сәбилерді тірідей орға көмгендерін біз де Белоруссия мен Смоленск, Брянск обылыстарында өз көзімізбен көрген болатынбыз. Сондықтан Қасымның шығармаларын оқып отырғанда жаумен арпалыстарды жазса да, құлатылған жау эшелондарын суреттесе де, тек қана шындықты жазып отырғанын сезінесің. Автор жеке адамдардың ішкі сезімін, ой толғанысын шебер суреттейді. Басқыншылармен күрестің қиян-кескілігін көрсетумен қабат қаһармандарының ел-жұртын, туған-туысқандарын еске түсірген сәттерін ылғи бір өзекпен өрбітіп отырады.
Тағдыры қызық, оқиғалы роман кейіпкерлерінен кем түспейтін азаматтарымыз бар ғой. Қасым Қайсеновтың жеке басы сондай адам. Оған ойдан шығару, қиялдан қосу қажет емес. Көргенін, бастан кешкенін айтып, жазып беруі - сюжеті қою, тілі тартымды, көркем сырлы дүниенің тууына кепіл болды.
«... Өзім Алматыда жүргенмен, ойым - майданда, сонау жау тылында жүреді. Тіпті түсімде де партизандар қатарында соғысып жүремін. Жылдар бойы не қыста, не жазда үйді паналап көрмеген, биік төсекте жатып ұйқтамаған басым көп азап шектім. Үйге кірсем болғаны сол үйді сыртынан фашистер қоршап алған сыяқты, дереу қайта сыртқа шығуға асығамын. Төсекке жатып ұйқтап кетсем болғаны самолет есігінде парашют киіп тұрғандай сезінемін де қарғып кетемін, жерге төсектен топ етіп құлап түсемін», - деген Қасым сырында әзілмен айтса да, шындық жатыр. Бұл жолдардан соғыс стихиясының адам санасына басқан өшпес таңбасын көрумен қатар, ерлікке құлшынған батыр көңілдің көгілдір мұнар сағымын аңғару қиын емес.
Қасым Қайсенов шығармалары – өзара жалғас, бір желідегі жорық шежірелері. Ондағы кейіпкерлері ортақ, тек ерлік көріністері бөлек, оқиға сипаттары әр алуан болып келеді. Бұл туындыларда дұшпан зорлығына ашынған совет халқының қаһармандық ерлік істері, ел бақыты үшін жанын қиған халық батырларының шынайы, табиғи тұлғасы суреттеледі. Фашистерге қарсы астыртын ұйым мүшесі, дәрігер Устимовичтің жау қысымына мойымастан, ерлік өлімге басын тігіуінен, радистка Зина Крестьянинованың фашистердің қолына маңызды мәліметтерді түсірмеу ниетімен жас жан құрбандыққа шалуынан саналылықпен патриотизм рухы елес береді. Автордың «Жау тылында» деп аталатын мемуарлық еңбегінде жергілікті халықтың Отанға деген сүйіспеншілігі, жауға қаталдығы, партизан отрядтары мен жасырын ұйымға риясыз көрсеткен көмектері өте нақтылы берілген. Еңбектің әр жолында жау тылындағы коммунистердің жергілікті адамдарды фашизмге қарс күреске ұйымдастырған рөлі бірден – бір дұрыс шешімін тапқан. «Ана кегі», «Партизанның анасы» атты әңгімелерде қайсар да өжет партизандардың бейнесі нанымды сомдалған.
Бейбіт жатқан елге бүйідей тиген комендаттар мен Отанын сатқан старосталар мен полицайлардың өлімі, жау эшелондарын күйрету, тұтқында азап шеккен жауынгерлерді, Германияға жер аударылатын жасөспірімдерді құтқару, жаңа партизан отрядтарын құрып, дұшпанға аяусыз соққы беру, міне, бұл оиғалар Қасым Қайсеновтың «Ажал аузынан», «Жау тылында» сияқты кітаптарында да шынайы көркемдікпен, ұтымды суреттермен бейнеленеді. Мәселен:
Жау тылындағы бала
17 бет
|
« Анна Ивановна орнынан тұрып қараса, село жақтан көп адамдар қашып келеді екен. Көбінің қолында жас нәресте. Әйелдер, балалар, кемпір мен шалдар. Бәрі де қолдарынан келер қайраты жоқ, қорғансыз жандар. Ажал тырнағынан сытылып шыққандай, екі өкпелерін қолдарына алып, сүрініп-қабынып, жан ұшырып, бассауғалап келеді. Бәрінің іздейтіні тыныштық, бас амандық. Бірақ жау бейбіт елге ол берекені берер емес. Ойрандап, талқандап барады...»
|
Жас партизандар
67 бет
|
...Сарай ішінен айқай – шу шықты, сонсын бажылдаған үрейлі үндер, сынған ыдыстардың сылдыры естілді, солдаттар топырлаған қойдай, есікке ұмтылды.
Клубтың кең есігінен сыртқа шығуға жан ұшыра ұмтылған солдаттар сыймай да қалды, бір секундтей олар шырмалып, есік алдына топырлай түсті. Міне, нақ осы кезде оларға пулемет оғы жауып кетті. Пулемет оғы оларды баудай түсірді. Құлағандардың үстін бастырмалата тірілері сыртқа қарай ентеледі. Клуб есігінің алдында көзді ашып жұмғанша солдаттардың көбі өлді және ауыр жарақаттанады, ал қалғандары тұтқынға алынды.
|
Жас партизандар
67 бет
|
Ат қораны қоршаған жауынгерлердің жағдайы мүлде өзгеше болды. Пулемет тіл қатысымен – ақ ат қораны күзеткен солдаттар , тым - тырақай боп қашып, түн қараңғысына сүңгіп кетті. Бағалы уақытты бос жібермей, партизандар ат қораға ұмтылды, екі есіктің де тас – талқанын шығарып, оның ішінен екі жарым мыңдай арыған, жүдеп -жадаған, үсті - бастары алба- жұлба болған өз адамдарымызды тұтқыннан босатты. Олардың бәрі партизандарды нақ бір туысқандарындай құшақтап, алғыс сөздерін айтты.
|
Жас партизандар
43 бет
|
Бір кезде айғай – шу, даурығу да басталды. Балалар мысық секілді, аяқтарын ептеп басып шатырға шықты. Гранаталарды сабанға орап , екеуін екі бұрышқа қойып шатырға от қойды. Жұмыстарын тындырып, олар жерге түсті де дуалды қалқалап, Михайло Тимофеевичке қарай жөнелді, ұзап кеткеннен кейін, тыныштықты бұза кенеттен тарс еткен дауыс естілді, сонсоң бір секундтан кейін екінші бір гүрс еткен дауыс шықты. От тілі аспанға шапшыды, өрт жалыны бүкіл селоны жап – жарық қып жіберді. Ал он бес минут өткен соң патрондар қойылған комендатураның кладовойына жанған дөңбек түскенде, тағы да тарс – тарс еткен дауыс естілді.
|
Жау тылында
167 бет
|
- Тревога! Тревога! ...- деген қатал дауыс естілді. Блиндаждан жүгіре шықсақ, отызға тарта фашист сомолеттері үстімізге шүйіліп келеді.
- Блиндажға!
- Жатыңдар! – деген қысқа командалар саңқылдап естіліп жатыр...
Солдаттардың кейбіреулері шұқыр жерді, енді біреулері ағаштың түбін сағалап, жата - жата қалысты. Мен де бір ағашқа қарай жүгіріп бара жатып, артыма жалт қарасам, генерал қолында биноклі, блиндаж алдындағы жуан қарағайдың түбінде тұр екен. Сильченко екеуміз алдымыздағы 20-30 метрдей жердегі қарағайға барып жеткенше, жарылған бомбадан айналамыздағы жер сыпырылысып жатқандай болып көрінді.
|
Жау тылындағы бала
65 бет
|
Жау көздеулі жерге келген кезде Константин Иванович ракетницасын ілгері қарай созды да, жауға қарай қызыл ракета тастады. Сол-ақ екен, пулеметтер үн қосты. Бірнеше жерден станкалық пулеметтері оқ боратып жатыр. Атылған пулемет, автомат, винтовка даусына қол гранатасы көмекке келді. Осы бір төрт-бес минут ішінде орман жаңғырып, аспан астын күңірентіп жіберді. Оқ астында қалған жау кейін қарай ойысты. Сол сәтте сол жақтан Вовко аттылары шыға келіп шегінген жауға тап берді.
|
Міне осы үзінділерден соғыстың үрейлі сұсты көріністерін айқын көреміз. Немістердің біздің халқымызға істеген зұлымдығы, адамдарды аямай қырғаны шындықпен суреттелген. Олар ешкімді де аяған жоқ, қаншама жас нәрестелер мен қорғансыз қарттарды тірідей өртеп, не асып, атып жатты. Қарапайым халықты қолдарынан келгенше жойып жібергісі келді.
Аталмыш туындылардан А.В.Тканко, Е.Д. Ломако, И.К. Примак тәрізді іскер де батыр қолбасшылар мен Илько Витряк, Костя Спижевой, Гриша Алексеенко, Алексей Крячек, Николай Попов, Иван Гаман, Юзик Никольский сияқты әр ұлт өкілдерінің Қасым Қайсеновпен бірлесе отырып, көптеген әскери міндеттерді жеңіспен аяқтағанын көреміз. Ұйымдастырушылық қабілеті зор Иван Примак қатардағы партизандармен тізе қоса отырып, қиын жорықтардың алдыңғы шебінде жүріп, қысталаң шақтардағы өжет те тәуекелшіл әрекет шешімімен дараланса, А.В. Тканко жан – жақты стратегтік дарынымен, шындықты айта білетін жауынгерлерге деген кең пейілділігімен оқушы жұртшылықтың есінде қалды. Жау әскері орналасқан елді пунктерді барлауға жіберетін партизандарға тапсырма бергенде де, оларға тосыннан шабуыл жасау алдында да, ол алдымен өз ой елегінен өткізіп, әр уақытта партизандардан шығын болмауды, болса аз болуды көздейді. Жеке партизандардың көңіл күйін қандай жағдайда болмасын бақылап, ақылшысы болады.
А.В. Танконың жауына қаталдығын, өз отандастарына мейіріміділігін жазушы әр жағдайда көркемдік өрнекпен, түрлі – түрлі штрихтар арқылы суреттейді. Мәселен, жау офицерлерін қолға түсіргенде, олармен сөйлескен кезде, бетпе- бет кездескенде, гитлершіл басқыншылардың совет халқына айуандық істерін беттеріне баса айтады. Фашистерге және олардың қолшоқпары болған сатқын, кешегі кулактардың бөлтіріктері старосталар мен полицайларға мейірімсіз болғанын кітаптың өн бойынан байқау қиын емес.
Қасым Қайсеновтың қаламгерлік келбеті оның аудармашылық өнерімен де толыға түседі. Қасым аударған М.Мұратовтың
« Ломоносовтың жастық жастық шағы», Николай Томанның «Сабылтқан сағым», Мамед-Кулизаде Джалилдің «Почта жәшігі» кітаптарын құнарлы тілмен, стилистикалық дәлдігімен оқушы жұртшылығының жүрегіне жол тапты.
Жазушы еңбектері жайында Қанат Еңсенов былай деп пікір қалдырған. «Қасым Қайсеновтың әскери тақырыптағы шығармаларының негізі екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі өз басынан кешірген қиын-қыстау оқиғалары, фашистермен бітпес қатал да қанды шайқастар, өзі қатысқан және басқарған халық кегін алушылардың қарулы күресі. Ол тарихи шындықтан шықпай өзінің басыннан кешірген оқиғаларын жазды. Еңбектерінің топтамаларына жас ұрпақты патриотизмге баулыйтын, ерлікке шақыратын таңдамалы әңгімелері, повестері кірді»[7; 2 б.]. Шындығында да, Қасым Қайсеновтың өмір өткелдері, көрген-білгені, соғыс туралы шығармалары жас ұрпақ тәрбиесіне негіз болары анық. Шығармаларын оқыған сәттен бастап оқырманын баурап алады. Себебі, онда тарихи шындық та, шым-шытырық оқиғалар да кездеседі. Танысып отырып-ақ, оқиғаға қызыққаның соншалық қалай біткенін де байқамай қаласың. Тіпті жан түршіктірерлік оқиғаларды оқи отырып көзіңе еріксіз жас келеді. Қаншама жас сәбилер жетім қалды, ата-ана балаларынан айырылды. Қаншама адамдар өлім құшты, жала жабылып жазықсыз атылды, өз пайдасын ойлағандар немістерге сатылып та жатты. Әрине мұның барлығы қаламгердің еңбектерінен көрініс табады. «Жүр, жүр, мама,- деп Серік мамасының бауырынан жұлқынып ұшып тұра келді де, оның қолынан тарта бастады. Бірақ мамасы жатқан орнынан тез тұра алмады. Әзер-әзер көтерілді. Ол екі-үш ұмтылып барып қайтадан құлап түсті. Оқ тиген екен. Мамасына оқ тигенін Серік сонда ғана барып білді. Енді не істерін білмей сасқан бала, жан-жағына жалтақтап, аңырып тұрып қалды. Бар қауқары: «Ма-ма, тұр, тұр!»- деп қолынан тартқылай берді.» [8;17].
Міне мына жолдардан ана мен баланың қоштасуы, бір-бірін ажалдың арашалап бара жатқандығы көрінеді. Кішкене ғана қауқарсыз сәби өз анасына еш көмек көрсете алмауы, көз алдында анасынан айырылып бара жатқандығы көрсетіледі. Сұм тағдырдың ана мен баланы ажыратуы өте қайғылы. Тыныш жатқан ел тыныштығын бұзып, халықты аяусыз қырып жойған гитлершілдер бала дейтін баланы, қарт дейтін қартына қарамай айуандықпен қырды. Бұның бәрін өз көзімен көрген қаһарман жазушы өз еңбектеріне арқау етеді. Қасым Қайсенов шығармалары шынайы өмірді, тарихты және халақтың мұң зарын естіткендей. Соғыстың ауыр азабынан қаншама ел азаматтары мен азаматшалары жапа шекті. Қаншама әділетсіз кезеңдер болды. Дарға асуға алып келген осынау топтың ішінде Григорий Васильевич Витряк тұр. Ол бойын жинап, басын көтеріп алды да, мұңайып тұрған халыққа қарады.
- Жолдастар, шираңдар, табанды болыңдар, мұңайғанмен іс бітпейді, фашист армзаларына қарсы рақымсыз күресіңдер. Туған жерімізді, балаларымызды қорғаңдар. Қызыл Армия қуатты, ол мәңгілік өмір сүреді, ол ертең-ақ қайтып оралып, бұл сұмырайларды біздің қасиетті жерімізден қуады, қарасын өшіреді! Жасасын Коммунистік партия!-деп, оның дауысы қатты шығып, сол бір сәттен-ақ тез үзіліп кетті»[9;110 б.].- деп әділеттіз кездің ауыр да қайғылы оқиғаларын осылайша суреттейді. Ел қамы үшін жанталасып жүріп жаза тартқандар азба? Өлер шағында халқымен осылайша қоштасқан Григорий Васильевич Витряк жау қолынан қаза тапты. Жазушы бұл шығармасында өз кейіпкерінің ішкі жан дүниесін аша түскендей. Фашист басқыншыларын жауыз әрі әділетсіз етіп көрсеткен. Оларға деген ыза мен кек жазушы шығармаларынан да айқын көрініп тұр.
2.2 Автор туындыларында патриотизм мен Отаншылдық рухты бейнелеу үлгісі
Қазақтың қайсар ұлының өмір өткелдері сан қилы. Өмірінің түрлі қызықтары мен қиындықтарын оқырман қауымға ұсынды. Әр бір шығармалары мен әңгімелерінен ой түйіп, сабақ аламыз. Ұлт келешегі жастарға әсіресе тәрбие құралы десек болады. Оған дәлел Қазақстанның халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлының құнды пікірі. «Ерлік туралы айта отырып, елдік жайында сыр шертті. Ұлтық намысты оятты. Ұрпақтық парызды ескертті. Елжандылық тағылымын көрсетті. Сол үшін де Тәуелсіз қазақ мемлекеті қан түкіріп, от кешкен есіл ердің оған дейін бағаланбай келген теңдесі жоқ ерліктерін ең асыл ұлттық құндылығымыз санап, Халық Қаһарманы құрметті атағын берді. Бағзы бабасы Қабанбай батырдай даңқ шыңының даусыз дарабозы болып өмір сүрді. Ол өмір біз түгіл, бізден кейінгі қазақ ұрпақтарына халық жолында қалтқысыз еңбек етудің қастерлі өнегесі болып қала береді» [10; 4 б.].
Бүгінгі таңда Қасым Қайсенов шығармаларынан тәрбиелік тағылым алатынымыз анық. Қазіргі қазақ балалары Қасым Қайсеновты білеме? Ерен ерлігі аңыз болып айтылып жүрме - деген сұрақтар мазалайды. Шынымен де бүгінгі күнде Қасым Қайсенов шығармалары жас ұрпақ тәрбиесіне тиек болары анық. «- Балаларым, - деп бастады сөзін көтеріңкі дауыспен комиссар Емельян Демьянович Ломоко, - біздің даңқты Қызыл Армия жауды бүкіл майдан бойында кейін ығыстырып келеді. Жексұрын оккупанттардан советтік жерімізді азат етер күн алыс емес. Фашист тепкісіне түспеу үшін бар күштеріңді жұмсаңдар. Совет жастары осылай істеуге тиіс. Бойында қуаты бар,партизандық өмірдің қиындығынан қорықпайтындарың, біздің адамдардың қатарына сапқа тұрыңдар, бізбен бірге орманға жүріңдер, Қызыл Армия келгенше бірігіп, ұйымдасып күресеміз! Бес жүз жас жасөспірім жігіттер мен қыздар партизандарға қосылды» [11;146 б.]. Міне мына үзіндіден-ақ жас жігіттер мен қыздардың бастарын өлімге қиып, тәуекелге барғандығы баяндалған. Зұлым фашистерге титтей баланың жаны ашымйды. Себебі олардың істеген істері, тыныш халықты тонап, аяусыз қыруы жас сәбилердің көз алдында болды. Бұхара халықтың қанын ішкен құзғындар қандай да болсын жазаға лайық еді.
Қасым Қайсеновтың творчествосының басты өзегі - халықтар достығы. Ол «Отаным менің - Украина» деп жадағай, дәлелсіз қызыл сөз үшін айтпайды немесе жорықтас достары Қасымды отандас деп құр көңіл үшін іш тартпайды. Мұнда бір зор әлеуметтік, адамгершілік сезімдердің қызу шоғы бар. Қасым – бүкіл жан – дүниесімен, күнделікті ісімен интернационалист қайраткер. Ұлы Отан соғысында совет халықтары мызғымас достықтың нәтижесінде фашист жендеттерін жеңіп шығып, бас игізді деген ой Қасым шығармаларының әр жолынан байқалып тұрады.
ҚОРЫТЫНДЫ
Қазақ халқы... Осы ұғымның қалыптасуының түп - тамыры тіптен алыста жатыр, көз жүгіртудің өзі - қиынның қиыны. Домбыраның үні ойнаған дархан сар даламда болып өткен небір буырылдар шабысы, жауынгерлер ұраны “қазақ” деген халақтың қалыптасуына сеп тигізгені анық. Солардың бірі қазақтың қайсар ұлы,Ұлы Отан соғысының ержүрек батыры, әйгілі партизан,көрнекті жазушысы көзі тірісінде аты аңызға айналған халқымыздың қайталанбас біртуар даңқты перзенті Қасым Қайсенов. Қасым тек от ауызды сөз шебері ретінде ғана ел құрметіне бөленген жоқ, сонымен бірге, өзінің батырлығы, даналығы мен адамгершілігі арқасында да даңққа бөленді. Елге сіңген елеулі ерліктерін еш ұмытылмайтындай халық жадында сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа жетіп отырмақ. Шоқтығы биік туындыларымен, мөп мөлдір мұрасымен оқырман есінде міңгілік қалмақ. Қазақ халқы, қазақ жастары Қасым Қайсеновті мақтан тұтпақ.
Отан үшін отқа да, суға да түскен батыр ұл-қыздарын Қазақстан халқы ешқашан ұмытпайды. Сондықтан да, ерлігі ел есінде мәңгі сақталған даңқты батырымыз – Қасым Қайсеновтің шығармашылығына арналған ғылыми жоба жазушы туындыларындағы ерлік пен патриотизм мәселесін зерделеуге арналды.
Сондықтан да, бүгінгі жас ұрпақ осындай батырдың өмірі мен өр рухын өздеріне үлгі етуі керек. Ұлы Отан соғысының батыры, Қазақстанның Халық қаһарманы, Халықаралық Фадеев атындағы сыйлықтың лауреаты, жазушы-партизан Қасым Қайсеновтің қан майданда жүргізген соғыс тактикасы жайын суреттеген «Қасым» атты фильм өте сәтті шыққан. Менің ойымша, бұл жақсы әрі маңызды бастама. Ел арасында «Партизан Вася» атанып кеткен атамызды Украин халқы ерекше құрметтейді.
Даңқты батырларымыздың өшпес ерлігі, болашақ үшін жауға қарсы тұрған білектілігі өскелең ұрпақтың санасында сайрап тұруы қажет.
Заман, қоғам өзгергенмен, жүрек жұтқан жауынгерлеріміздің жеңісіне деген біздің көзқарасымыз бен түсінігіміз ешқашан өзгермейтіні анық. Биыл барша қазақстандықтар Отан қорғаушылар мен Ұлы Жеңістің 70 жылдығын мерекелеуді бастап кетті. Еліміздің барлық білім ұяларында кішкентай бүлдіршіндеріміз бен жеткіншектеріміз егемендіктің сара жолын салып кеткен аталарының ерлігін мадақтап, олардың рухына тағзым етуде. Осындайда дана халқымыз «Ер – ел үшін туады, ел үшін өледі» деп бекер айтпаса керек. Шындығында да, ұрыс алаңында қасық қаны қалғанша жауға қарсы төтеп берген батырларымыз – елі үшін туған нағыз азаматтар еді… Қасым Қайсеновтің асқан ерлікке толы жолы кейінгі ұрпаққа үлгі өнеге.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
-
Ғафу Қайырбеков «Алыс та жақын жағалау» 74б
-
Алматы « Балауса» 1992. – 21 б.
-
Әбіш Кекілбайұлы «Алаш айнасы» газеті 6б
-
Әзілхан Нұршайықов, «Ағалар туралы аңыз», 44 б.
-
Қасым Қайсенов. « Жас партизандар» 67 б
-
Cырбай Мәуленов «Саны соқпақ, ұлы жол» 23б
-
Қанат Еңсенов. «Аты аңызға айналған батыр»
-
Қасым Қайсенов. Шығармалары. «Жау тылындағы бала». Алматы: «Атамұра», 2003- 17б.
-
Қасым Қайсенов. Қ 23Жау тылындағы бала. Повестер мен әңгімелер. Алматы: «Атамұра», 2003- 110б.
-
Әбіш Кекілбайұлы «Алаш айнасы» газеті 4б
-
Қасым Қайсенов жинақтары. 3 том, Таңдамалы.
Алматы: Атамұра.2011ж 146 б
-
Қасым Қайсенов « Ағалар туралы аңыз» (естелік- әңгімелер)
-
Ш. Күмісбаев. Тұңғыштар. Алматы: «Алматыкітап», 2007.- 208 б.
-
Шығыс жұлдыздары. Энциклопедиялық анықтамалық. 2 том. Астана: Фолиант,2011.-304 б.
-
Бексұлтан Нұржекеұлы. Жүз тұңғыш. Жинақ 2-кітап, Ерте түскен бозқырау. Алматы « Жалын баспасы» ЖШС, 2005.- 269 б.
-
Уалихан Тоқпатаев «Менің замандастарым» 2005ж 295- 303б
-
Марат Мәжитов «Сұрапыл жылдардың шынайы шындығы»,
«Егемен Қазақстан» газеті, 16 сәуір
-
Дидахмет Әшімханұлы «Соғыстың соңғы сардары», Түркістан газеті 2007 жыл
-
Ғаламтор мәліметтері: www.kazakhadebieti.kz
Достарыңызбен бөлісу: |