Байланыс қызметтерін көрсету қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 30 желтоқсандағы №1718 қаулысы


Телефон байланысы қызметтері үшін есеп айырысу



бет3/5
Дата12.06.2016
өлшемі0.85 Mb.
#130724
1   2   3   4   5
9. Телефон байланысы қызметтері үшін есеп айырысу
73. Телефон байланысы қызметтері үшін төлеу нысаны мен тәртібі Шартта көрсетіледі. Қызметтер құны бір санаттағы абоненттер үшін бірдей белгіленеді. Есеп айырысу тарифтеу бірліктерінде жүргізіледі.

Телефон байланысы қызметтері үшін абонентпен есеп айырысуды оларды ұсынған байланыс операторы немесе Шарт негізінде оған уәкілетті тұлға жүргізеді.

74. Телефон байланысы қызметтері үшін төлемдер Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

75. Жергілікті телефон қосылулар құнын уақыт бойынша есепке алу кезінде абонентке есеп айырысу шоты тегін ұсынылады, ол мыналардан тұрады:

1) байланыс операторының деректемелері;

2) абоненттің деректемелері;

3) абоненттің жеке шотының нөмірі;

4) есептік кезең;

5) көрсетілетін телефон байланыс қызметтер тұрғысынан төленуге ұсынылған сома;

6) төленетін қорытынды сома;

7) шоттың берілген күні және шотты төлеу мерзімі;

8) анықтама телефоны.

76. Таксофондарды пайдаланып көрсетілген телефон байланыс қызметтері үшін есептесу байланыс операторларынан сатып алынатын жетондар, телефондық пластикалық карточкалар немесе басқа да төлем құралдарының көмегімен жүзеге асырылады.



77. Байланыс оператордың кінәсінен орын алған байланыстың кідірісі кезінде абоненттік төлемді қайта есептесу байланыстың нақты кідіру сәтінен бастап терминал жұмысын толық қалпына келтірген сәтіне дейін жүргізіледі.


Қазақстан Республикасы

Үкіметінің

2011 жылғы «30» желтоқсандағы

1718 қаулысымен

бекітілген
Ұялы байланыс қызметтерін көрсету қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Ұялы байланыс қызметтерін көрсету қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы 1999 жылғы 1 шілдедегі Азаматтық кодексіне, «Байланыс туралы» Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 5 шілдедегі Заңына (бұдан әрі – «Байланыс туралы» Заң) сәйкес әзірленген және ұялы байланыс қызметтерін көрсету тәртібін анықтайды.

2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі түсініктер пайдаланылады:

1) абонент – ұялы байланыс қызметін көрсету мақсатында абоненттік нөмір және (немесе) сәйкестендіру коды бөліне отырып, осындай қызметті көрсету үшін шарт жасасқан жеке және заңды тұлға;

2) абоненттер туралы қызметтік ақпарат – абоненттер туралы мәліметтер (жеке тұлғалар үшін телефон нөмірлері, сәйкестендіру кодтары, пошталық мекенжайы, жеке сәйкестендіру нөмірі және заңды тұлғалар үшін деректемелер (бизнес-сәйкестендіру нөмірі, қосылған құн салығы бойынша есепке қойылғандығы туралы куәліктің деректері), биллингтік мәліметтер және абоненттерге көрсетілетін қызметтер туралы мәліметтер;

3) абонентті сәйкестендіру картасы – абонентті сәйкестендіретін және абонентке ұялы байланыс операторы қызметтеріне (SIМ/R-UIМ – карта және басқалары) қолжетімділігін қамтамасыз ететін абоненттік құрылғының бөлігі болып табылатын, микропроцессорлық модульді білдіретін жеке қолжетімділік карточкасы;

4) абоненттік нөмір – абонентке ұялы байланыс қызметтерін көрсету кезінде абонентке берілетін және басқа абоненттік құрылғылармен косу кезінде абоненттік құрылғыны қосылған ұялы байланыс операторы желісімен сәйкестендіретін телефон нөмірі;

5) абоненттік құрылғы – ұялы байланыс операторы желісіне қосылатын және абонентпен берілген ақпаратты беруге немесе қабылдауға арналған электр байланыс сигналдарын қалыптастыратын, жеке пайдалану байланыс құралы;

6) алдын-ала төленген топтама – белгілі бір тарифтік жоспарға бағдарланған бастапқы теңгерімімен абоненттік нөмір;

7) байланыс саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін, байланыс саласында мемлекеттік саясатты іске асыруды, байланыс саласында қызметтерді ұсынатын немесе оларды пайдаланатын тұлғалардың қызметін мемлекеттік бақылау, үйлестіру және реттеуді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

8) байланыс қызметтерін пайдаланушы (бұдан әрі – пайдаланушы) – байланыс қызметтерін қолданушы заңды және жеке тұлғалар;

9) бастапқы сома – роуминг қызметтерін қосу үшін қажетті, абоненттің жеке шотына есептелетін және келесіде абоненттің ұялы байланыс қызметтерін, сонымен қатар роумингте ұялы байланыс қызметтерін төлеуге арналған сома;

10) биллинг – абоненттерге ұсынылатын қызметтерді есептеу, сондай-ақ оларды тарификациялау және төлемі үшін шоттарды ұсыну және абоненттер туралы қызметтік ақпаратты сақтау операцияларын автоматты түрде орындауға арналған бағдарламалық-аппараттық кешен;

11) есеп айырысу кезеңі – абонент көрсетілген ұялы байланыс қызметтеріне төлейтін есептік кезең аяқталғаннан кейінгі күнтізбелік отыз күн;

12) есептік кезең – ұялы байланыс қызметтері және өзге де қызметтер көрсетілген және есептелген күнтізбелік ай;

13) жеке шот төлемдердің түсуі және абоненттің ұялы байланыс қызметтерін пайдалануы бойынша операциялары есебінде көрсетуге арналған байланыс операторының сараптамалық есебінің құжаты;

14) қысқа мәтіндік хабарлама – белгілі бір тізбекте терілген, әріптер мен символдардан тұратын, хабарларды қабылдау және тарату бойынша ұялы байланыс желісі арқылы ұялы байланыс операторы ұсынатын қызмет;

15) қысқа мультимедиялық хабарлама – хабарларды (суреттер, әуендер, бейне) қабылдау және тарату бойынша ұялы байланыс желісі арқылы ұялы байланыс операторы ұсынатын қызмет;



16) ортақ пайдаланымдағы телекоммуникация желісі (бұдан әрі – ОПТЖ) – жеке және заңды тұлғалардың пайдалануы үшін қолжетімді телекоммуникация желісі;

17) роуминг – ұялы байланыс операторларының арасындағы роумингтік келісім негізінде, бір ұялы байланыс операторының абонентіне екінші ұялы байланыс операторының желісінде ұялы байланыс қызметтерін көрсету. Роумингті іске асыру үшін абоненттік станцияның (абоненттің ұялы телефонының) және екінші ұялы байланыс оператор желісінің техникалық үйлесімділігі қажет;

18) сәйкестендіру коды – дайындаушы-зауыт тағайындайтын, оған осы құрылғыны қосу кезінде байланыс операторының желісіне берілетін абоненттік құрылғы немесе абоненттік станция коды;

19) тариф – ұялы байланыс қызметтерін тарифтеу бірліктерінің көлемі құнының ақшалай көрінісі;

20) тарифтеу бірлігі – байланыс операторлары және Қазақстан Республикасының бірыңғай телекоммуникациялар желісіне кіретін барлық санатты желілер иелері және байланыс операторлары үшін міндетті болып табылатын, тиісті байланыс қызметтері түріне төлем алынатын уақытты, ақпарат саны немесе көлемін өлшеу бірлігі;

21) тарифтік жоспар – ұялы байланыс операторы абоненттерге немесе абоненттердің белгілі бір тобына немесе белгілі бір шектеулі аумақта белгілейтін тарифтік ұсыныстар жүйесі;

22) ұялы байланыс – қызмет көрсетілетін аумақты абоненттің бір ұяшықтан келесі ұяшыққа ауысуы кезінде байланыстың үзіліссіз болу мүмкіндігін қамтамасыз етуші бірқатар ұяшықтарға бөлуді пайдаланатын және радиотолқындар арқылы берілетін сөйлесу түрінде басымдылықты екіжақты (көпжақты) ақпаратпен алмасу үшін тағайындалған электр байланысы түрі;

23) ұялы байланыс желісі – радиосигналдарды қабылдап алу-тарату жабдықтары мен коммутация құралдарының көмегімен абоненттік құрылғылардың қосылысын орнатуға жағдай жасайтын, техникалық құрылғылар мен жабдықтар кешенінен тұратын Қазақстан Республикасы телекоммуникацияларының бірыңғай желі санаты;

24) ұялы байланыс операторы – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ұялы байланыс қызметтерін ұсынатын байланыс операторы;

25) ұялы байланыс операторының хабардар етуі – абонентке ұялы байланыс қызметтерін көрсету бойынша жолданатын байланыс операторының жазбаша, дыбыстық немесе мәтіндік (байланыс операторы құралдарын және (немесе) бұқаралық ақпарат құралдары пайдаланумен) хабарламасы;

26) ұялы байланыс операторының қызмет көрсету аймағы – ұялы байланыс операторының лицензияға және өзінің желісінің техникалық мүмкіндіктеріне сәйкес ұялы байланыс қызметтерін көрсететін аумағы;

27) шотты бөлшектеу – абонентпен ұялы байланыс операторы желісінде алынған ұялы байланыс қызметтері туралы, басқа желілердің абоненттерімен қосылулары, олардың пайдаланған уақыттары туралы ақпарат.
2. Ұялы байланыс операторы және абонент арасындағы өзара қарым-қатынастар
3. Ұялы байланыс қызметтерін көрсету кезінде туындайтын ұялы байланыс операторының абоненттермен өзара қарым-қатынасы мемлекеттік және/немесе орыс тілдерінде жүргізіледі.

4. Табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған кезде ұялы байланыс операторы төтенше жағдайлар саласындағы құзыретті органдардың сұрауы бойынша қысқа мәтіндік хабарламаларды жаппай тарату арқылы абоненттерді хабардар етеді.

5. Байланыс операторлары ұялы байланыс желілері бойынша берілетін хат жазысу, телефондық сөйлесулер және өзге де хабарламаларды, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайда және тәртіпте осы құқықтарды шектеу жағдайларынан басқа жағдайда, құпиялылығын қамтамасыз етеді.

6. Байланыс операторынан абоненттер туралы қызметтік ақпарат алу тек абоненттің келісімімен және «Байланыс туралы» Заңының 15-бабында көзделген жағдайларда ғана рұқсат етіледі.



7. Алдын-ала төленген топтаманы сату кезінде, ұялы байланыс операторы немесе оның өкілі (шарт немесе сенімхат бойынша) осы Қағидаларға сәйкес ұялы байланыс қызметтерін көрсетуге абоненттермен шарт жасасады.

8. Абонент ақпаратты тарату үшін қолданыстағы стандарттармен, техникалық нормалармен рұқсат етілетін тәсілдермен шығыс немесе кіріс қосылуды пайдалана алады.

Ұялы байланысты пайдалану, анықтамалық-ақпараттық және өзге де қызметтерді алу үшін ұялы байланыс желілеріне абоненттік станциялардың қосылу мүмкіндігі бар, олар арқылы деректерді таратудың және телематикалық қызметтердің (факсимильді аппарат, модем және басқалары) ақырғы абоненттік құрылғылары, автоматты жауапбергіштер, сигналдау құрылғылары қосылады.

9. Абонентке ұялы байланыс қызметтері, осы Қағидаларда белгіленген тәртіпте, ұялы байланыс қызметтерін көрсету туралы шартты жасасқаннан соң ғана көрсетіледі. Ұялы байланыс қызметтерін көрсету туралы шартты жасасқан абоненттер, егер оның абонент туралы қызметтік ақпаратқа сәйкес келмегені жағдайында, ұялы байланыс операторына алдында ұсынылған қызметтік ақпараттағы өзгерістер туралы ақпаратты жазбаша нысанда ұсынуы қажет.

10. Абоненттермен тікелей өзара қарым-қатынас жасайтын ұялы байланыс операторының филиалдарының, офистерінің және өзге ақпараттық орталықтарының, құрылымдық бөлімшелерінің жұмыс режимі ұялы байланыс операторымен белгіленеді және абоненттердің назарына ақпаратты ұялы байланыс операторының сайтында орналастыру және (немесе) бұқаралық ақпарат құралдарында және (немесе) абоненттерге қызмет көрсету орындарында ақпаратты орналастыру арқылы операторға қолжетімді барлық тәсілдермен жеткізіледі.

11. Сол немесе өзге де тарифтік жоспарда көзделген ұялы байланыс қызметтері ұялы байланыс операторымен осы тарифтік жоспарға қосылуға ниет білдірген, оператормен белгіленген тәртіпте, барлық абоненттерге тең жағдайларда қолма-қол және (немесе) қолма-қол ақшасыз есеп айырысуға көрсетіледі.

12. Ұялы байланыс операторларымен абоненттерге көрсетілетін ұялы байланыс қызметтері тізбесі уәкілетті орган берген лицензиямен және оның ұялы байланыс желісінің техникалық мүмкіндіктерімен анықталады.

13. Ұялы байланыс қызметтері төмендегідей бөлінеді:

1) мүлтіксіз барлық абоненттерге көрсетілетін негізгі ұялы байланыс қызметтері;

2) абоненттің өтініші бойынша ұсынылатын қосымша ұялы байланыс қызметтері.

14. Негізгі ұялы байланыс қызметтеріне төмендегілер жатқызылады:

1) жедел шақыруды қоса алғанда дауыстық байланыс қызметтері;

2) қысқа мәтіндік хабарламаларды тарату.

15. Қосымша қызметтер тізбесі ұялы байланыс желісінің техникалық мүмкіндіктеріне байланысты ұялы байланысы операторымен анықталады. Бұл ретте, жасырын нөмірлерді тану қызметі және роуминг қызметі абоненттің өтініші немесе жедел-іздестіру қызметтерін жүзеге асыратын органдардың сұрауы бойынша іске асырылады.

16. Ұялы байланыс операторы абоненттерге Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 3 қыркүйектегі № 929 қаулысымен бекітілген байланыс қызметтерін пайдаланушылар үшін қосылуы тегін болып табылатын шұғыл медициналық, құқық қорғау, өрт, авария, анықтама және басқа да қызметтердің тізбесіне сәйкес шұғыл медициналық, құқық қорғау, өрт, апат, анықтамалық және өзге де қызметтермен тегін қосылысты ұсынуды қатамасыз етеді.

Ұялы байланыс операторы ұялы байланыс қызметтерін көрсетумен байланысты ақпаратты абоненттерге ұсыну мақсатында, ақпараттық-анықтамалық қызмет көрсету жүйесін құруы қажет.

17. Ақпараттық-анықтамалық қызмет көрсету жүйесінде тегін және ақылы ақпараттық-анықтамалық қызметтер көрсетіледі.

18. Ұялы байланыс операторы тәулік бойы мынадай ақпараттық-анықтамалық қызметтерді тегін көрсетеді:

1) қызметтерге тарифтер туралы, ұялы байланыс желісінің қызмет көрсету аумағы туралы ақпарат береді;

2) абонентке оның жеке шотының жай-күйі және ұялы байланыс қызметтеріне төлемі бойынша берешегі туралы ақпарат береді;

3) абоненттен ұялы байланыс қызметтерін пайдалануға кедергі келтіретін техникалық бұзушылықтары туралы ақпаратты қабылдауды жүзеге асырады.

Жеке шотының жай-күйі туралы ақпарат абонентке қысқа мәтіндік хабарлама арқылы ұсынылады.

19. Ұялы байланыс операторы ақылы көрсетілетін анықтамалық-ақпараттық қызметтер тізімін жеке анықтайды.

20. Ұялы байланыс операторы абонентпен алынған қызметтер туралы ақпараттың автоматты биллинг арқылы автоматты есептеуді жүзеге асырады: қосылыс уақыты, ұзақтығы, ұялы байланыс операторы желісінде шақырылатын абоненттердің және ОПТЖ абоненттері телефон нөмірлері.
3. Ұялы байланыс қызметтерін көрсету туралы шартты жасасу ерекшеліктері
21. Ұялы байланыс қызметтерін көрсету туралы шарт жазбаша нысанда 2 данада, әрбір тарап үшін бір данадан, Қазақстан Республикасы азаматтық заңнамасында анықталған тәртіпте жасалады және оған мынадай деректемелер енуі қажет:

1) шартты жасасу күні және орны;

2) ұялы байланыс операторының атауы;

3) ұялы байланыс операторының есеп айырысу шотының деректемелері;

4) ұялы байланыс операторына берілген лицензияның деректемелері;

5) шарттың қолданылу мерзімі;

6) абонент туралы мәліметтер – (заңды тұлғалар үшін – мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің, статистикалық картаның, қосымша құн салығына есепке қою туралы куәліктің деректері, шоттарды жеткізу үшін мекенжайы; жеке тұлғалар үшін – абоненттің фамилиясы, аты-жөні, нөмірі, тұрғылықты жері, жеке басын растайтын құжаттың нөмірі және берілген күні, СТН, сәйкестендіру коды, электрондық почта мекенжайы, почталық мекенжайы);

7) абонентті сәйкестендіру картасының нөмірі;

8) абонентке тағайындалған абонент нөмірі;

9) көрсетілетін ұялы байланыс қызметтері;

10) есеп айырысу тәртібі;

11) ұялы байланыс қызметтерін төлеу жүйесі;

12) шотты немесе шотты бөлшектеуді жеткізу тәсілі;

13) тараптардың құқықтары, міндеттері және жауапкершілігі;

14) тарифтік жоспар;

15) кредиттік есеп айырысу тәртібінде шығыс ұялы байланысқа лимит;

16) басқа адамға табыстаған жағдайда, абоненттік нөмірді жаңа иесінің атына міндетті қайта тіркеу қажеттілігі туралы талаптар;

17) ұялы байланыс операторымен олармен түрлі стандартты ұялы желілерді пайдалану кезінде белгіленетін қосымша талаптар.

22. Ұялы байланыс операторының абонентке ұялы байланыс қызметтерін көрсетуде техникалық мүмкіндігі бола тұра, ұялы байланыс қызметтерін көрсету туралы шарт жасасудан бас тартуға жол берілмейді.

23. Ұялы байланыс қызметтерін көрсету туралы шарт мынадай жағдайларда өз әрекетін тоқтатады және тағайындалған абоненттік нөмір алынады:

1) егер абонент, оған ұялы байланыс қызметтері көрсетілген тарифтік жоспардың жойылуы немесе өзгеруі туралы ескерткен сәтінен бастап, абонентті сол немесе өзге қолданыстағы тарифтік жоспардың жойылғандығы немесе өзгергендігі туралы ескерткен жағдайда, күнтізбелік отыз күннің ішінде басқа тарифтік жоспар бойынша қызмет көрсетуге өтпесе;

2) егер абонентке, көрсетілген ұялы байланыс қызметтерінің төлемі бойынша өз міндеттемелерін орындаумен байланысты, кредиттік есеп айырысу тәртібі бойынша ұялы байланыс қызметтері күнтізбелік отыз күн ішінде тоқтатылса;

3) жеке шотында ақша болуы және абоненттің соңғы 24 айда бірде-бір тарифтелетін қоңырау соқпауы.

Бұл ретте, қалған ақша абонентке оның жазбаша өтініші бойынша қайтарылады.

24. Ұялы байланыс қызметтерін көрсету туралы шарт абоненттің біржақты шарттан бас тартқан жағдайда бұзылды деп саналады. Ұялы байланыс қызметтерін көрсету туралы шарттан бас тарту туралы өтінішті абонент ұялы байланыс операторына жазбаша нысанда ұсынуы қажет. Бұл жағдайда ұялы байланыс қызметтерін көрсетуді нақты тоқтату ұялы байланыс операторымен абоненттің өтінішінде көрсетілген күнінен бастап жүргізуі қажет.

Абонентке ұялы байланыс қызметтерін көрсету туралы шартын бұзу, абонентке ұялы байланыс қызметтерін ұсынуды тоқтату оны берешектерін төлеу бойынша міндеттемелерінен босатпайды.
4. Ұялы байланыс қызметтерін көрсету шарттары
25. Ұялы байланыс қызметтерін көрсету кезінде ұялы байланыс операторы:

1) абоненттермен ұялы байланыс қызметтерін көрсету туралы шарттарды жасасады;

2) өкілдермен шарт жасасқан кезде өкілдердің сатылған абоненттік нөмірлер туралы ақпаратты ұсыну жауапкершілігін көздейді;

3) олардың желісінде жұмыс істейтін абоненттік құрылғылардың сәйкестендіру кодының тізілімін жүргізеді;

4) өз желісінде абоненттік құрылғы иесінің өтінішімен сәйкестендіру коды бойынша абоненттік құрылғы жұмысын, тоқтата тұрады немесе қалпына келтіреді. Құжаттары аталған абоненттік құрылғыға меншік құқығын растайтын тұлға меншік иесі болып танылады;

5) абоненттерге көрсетілетін байланыс қызметтері туралы егжей-тегжейлі ақпаратты ұсынады;

6) байланыс желілерінде жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын органдарға барлық байланыс желілерінде жедел-іздестіру іс-шараларын өткізудің ұйымдастырушылық және техникалық мүмкіндіктерін, абоненттер туралы қызметтік ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз етеді, сондай-ақ аталған іс-шараларды өткізудің нысандары мен әдістерін ашуға жол бермеу бойынша шараларды қабылдайды.

Абоненттер туралы қызметтік ақпаратты байланыс желісінде жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын органдарға ұялы байланыс операторы немесе аймақтық бөлімшелер ұсынады;

7) ұялы байланыс операторының желісінде абонент алған ұялы байланыс қызметтерін, оларды пайдалану уақыты, ұқсас стандартты басқа желі абоненттерінің телефон нөмірлерімен қосылыстары туралы ақпараттарды автоматты түрдегі есепті іске асырады.

Сонымен қатар абоненттің ортақ пайдаланылатын тіркелген телекоммуникация желісінің абоненттік құрылғыларымен қосылыстары, оған қоса қалааралық және халықаралық телефон байланысы қызметтері, халықаралық роуминг, сондай-ақ абоненттің тарифтелмейтін қосылыстары тіркеледі;

8) байланыс операторлары байланыс желілерінде қажетті техникалық құралдарды орнатады, өзінің жабдықтарының белгіленген талаптарға сәйкестігін қамтамасыз етеді, сондай-ақ абоненттер туралы қызметтік ақпаратты екі жыл ішінде жинақталуын және сақталуын іске асырады;

9) құқық қорғау органдарының ұсынысы бойынша, оның ішінде абоненттің сәйкестендіру коды бойынша ұялы байланыс қызметтерін ұсынуды (шарттың қолданылуын тоқтатпай) күнтізбелік отыз күнге дейінгі мерзімде уақытша тоқтата тұрады. Абонент бұл жағдайда, егер мұндай ұялы байланыс қызметтерін уақытша тоқтата тұруға сәйкес келетін уақыт кезеңіне тарифтік жоспармен көзделген болса, абоненттік төлемді және басқа да ай сайынғы төлемдерді енгізуден босатылады. Қызметтерді көрсету уақытша тоқтатылғандығы және оның себептері туралы абонентті ұялы байланыс операторы жазбаша түрде хабарландырады;

10) желіде бірдей сәйкестендіру кодымен бірнеше абоненттік құрылғыларды айқындаған жағдайда, ұялы байланыс операторы бұл туралы Қазақстан Республикасы Үкіметімен 2009 жылғы 26 маусымдағы № 984 қаулысымен бекітілген, Ұялы байланыс операторларының өз желісінде бірдей сәйкестендіру кодтары бар бірнеше абоненттік құрылғыларды байқаған жағдайда, жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын тиісті органдарды хабардар ету ережесіне сәйкес жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын тиісті органдарға хабарлайды;

11) лицензияға және техникалық нормативтерге сәйкес өз желісінің жұмысын қамтамасыз етеді;

12) абоненттерге, ұялы байланыс қызметтерін пайдаланушыларға қалааралық немесе халықаралық байланыс операторының техникалық мүмкіндікті еркін таңдауын қамтамасыз етеді;

13) ұялы байланыс қызметтерін көрсету туралы шарттың талаптарына және абонентпен таңдап алынған тарифтік жоспарға сәйкес, ұялы байланыс қызметтерін көрсетеді, абоненттердің назарына қажетті ақпаратты, оның ішінде қысқа мәтіндік хабарламаларды жаппай тарату арқылы, бұған абоненттерден төлем алмай, тарифтік жоспарларды енгізу немесе өзгерту туралы ақпаратты жеткізеді;

14) абоненттен өзінің абоненттік құрылғысы және (немесе) абоненттің сәйкестендіру картасының бұзылғандығы (жойылғандығы) немесе жоғалғандығы (ұрланғандығы) туралы жазбаша немесе ауызша өтініш (ауызша өтініш білдірген сәтінен бастап 12 сағаттан кешіктірмей, жазбаша өтініш бере отырып) келіп түскен жағдайда ұялы байланыс қызметін көрсетуді уақытша тоқтатады;

15) ұялы байланыс операторының кінәсінен байланыстың болмау жағдайында, абоненттің жазбаша өтінімі негізінде абоненттік төлемді қайта есептеуді жүргізеді;

16) ұялы байланыс операторы желісін пайдалану бойынша нормативтік-техникалық құжаттарға сәйкес ұялы байланыс қызметтерін көрсету барысында айқындалған ұялы байланыс қызметтерін көрсетудегі кемшіліктерді жояды;

17) абоненттерді бұқаралық ақпарат құралдары және/немесе жаппай қысқа мәтіндік хабарламаларды тарату арқылы желі жұмысын тоқтатуға әкеп соққан ұялы байланыс операторы желісіндегі ірі апаттар туралы және осындай апатты болжанған жою мерзімдері туралы хабарландырады;

18) абоненттерді байланыс құралдарын жартылай немесе толық ағытуға байланысты алдын-алу қызметтері туралы және осы жұмыстарды аталған жұмыстар басталғанға дейін күнтізбелік 10 күн бұрын осы жұмыстарды өткізу мерзімдері туралы хабарлайды;

19) қолданысқа енгізілгенге дейін күнтізбелік он бес күннен кешіктірмей абоненттерге ұялы байланыс қызметтеріне тарифтердің ұлғайғандығы туралы, жекелеген ақылы байланыс қызметтерін тоқтатуы туралы хабарлайды;

20) абоненттің жазбаша өтінішіне, оны алған сәтінен бастап отыз күнтізбелік күнінен кешіктірмей, жазбаша жауап жолдайды;

21) егер қызмет көрсетуге шотты жеткізу қызметі абонентпен таңдап алынған есеп айырысу тәртібінде көзделсе, ай сайын (келесі есеп-айырысу кезеңінен бастап) ақысыз негізде абонентке шартта көрсетілген пошталық жеткізу мекенжайы немесе электронды пошта бойынша көрсетілген қызметтеріне шотты бөлшектеуді ұсынады;

22) абонентке көрсетілген ұялы байланыс қызметтеріне артық төленген ақша қаражатын қайтарады немесе оларды ұялы байланыс қызметтеріне аванстау ретінде есептейді;

23) абоненттердің өтініші бойынша Шарттың мәтініне қосымша төлем алмай, өзгерістер енгізеді:

жеке тұлға үшін – тегін, аты-жөнін, тұрғылықты орнын өзгертумен;

заңды тұлға үшін – ұйымның атауы, мемлекеттік тіркеу туралы куәлігінің деректемелері, орналасқан орны мен пошталық мекенжайының өзгеруімен;

Қазақстан Республикасы заңнамасымен көзделген өзге жағдайларда;

24) ұялы байланыс қызметтерін көрсету туралы жасасқан шарттардың есебін жүргізеді;

25) өз желісінің абоненттерінен/не басқа ұялы байланыс операторларының абоненттеріне/нен түрлі хабарламаларды табыстау мүмкіндігін қамтамасыз етеді, бұл ретте ұялы байланыс операторлары арасында жолданатын хабарламалар түрлері өздерінің техникалық мүмкіндіктері шегінде ұялы байланыс операторларының өздері анықтайды;

26) күні-түні режимінде ағымдағы есеп шотындағы ақшаның балансын тексеруді қамтамасыз етеді;

27) ұялы байланыс операторына берілген лицензияның талаптарына сәйкес ұялы байланыс желісін пайдаланады;

28) ұялы байланысы операторы абоненттен төлем растауын алған сәтінен бастап немесе ұялы байланыс қызметтеріне төлем бойынша берешекті жойғандығын растайтын (ұялы байланыс қызметтерін көрсетуді (тоқтата тұрған жағдайда) құжаттарды ұсынғаннан кейін 24 сағаттың ішінде абонентке ұялы байланыс қызметтерін көрсетуді қалпына келтіреді;

29) өз желісінде абоненттер арасында ақпараттық, қысқа мәтіндік хабарламаларды мемлекеттік және орыс тілдерінде жолданылуын қамтамасыз етеді;

30) әлеуметтік-мемлекеттік тапсырыс болған жағдайда, сондай-ақ құқық қорғау органдарына қылмыстарды ескертуге жәрдем көрсету мақсатында, абоненттерге заңды тұлғалардың, оның ішінде мемлекеттік органдардың оларға қажетті жағдайларда қысқа нөмірлерді резервтеумен, ақпараттық хабарламаларын жаппай таратуды қамтамасыз етеді;

31) зияткерлік қызметтерге қол жеткізуді ұсыну кезінде (лотерея, дауыс беру, телевикторина, викторина, анықтамалық ақпараттық қызметтер, танысу қызметтері) тарифтелетін қосылудың басталуына дейін ұялы байланыс операторы абонентке осы қосылыстың құны туралы хабарлауға міндетті.

Абонент телефон қосылысына келіскен жағдайда (яғни абонент бұндай қосылуды үзбеген жағдайда) осы қосылуға төлем тарифке көбейтілген толық тарифтеу бірліктерінің саны бойынша телефон қосылысының ұзақтығына қарай анықталады.

Егер абонент мұндай қосылысқа келіспесе (яғни тиісті хабарлауды алған соң осы қосылуды үзген жағдайда), онда қосылысты орнатуды ұйымдастыруға төлем алынбайды.

Егер байланыс операторы тарифтелетін қосылудың басталуына дейін абонентке осындай қосылыстың құны туралы хабарламаған жағдайда, онда зияткерлік қызметтерге (лотерея, дауыс беру, телевикторина, викторина, анықтамалық ақпараттық қызметтер, танысу қызметтері) қол жеткізуді ұсынғаны үшін төлем алынбайды;

32) қысқа мәтіндік және/немесе мультимедиялық хабарламалар жіберу арқылы зияткерлік қызметтерге қол жеткізуді ұсыну кезінде (лотерея, дауыс беру, телевикторина, викторина, анықтамалық ақпараттық қызметтер, танысу қызметтері) ұялы байланыс операторы қысқа мәтіндік хабарлама арқылы абонентке осы қызметтің құны туралы хабарлайды. Осы қызметке төлем абонент осы хабарламаны жіберуді растаған жағдайда алынады, бұл ретте абоненттен растағаны үшін төлем алынбайды.

Егер ұялы байланыс операторы зияткерлік қызметтерге қол жеткізуді ұсыну бойынша (лотерея, дауыс беру, телевикторина, викторина, анықтамалық ақпараттық қызметтер, танысу қызметтері) қысқа мәтіндік және/немесе мультимедиялық хабарламаның құны туралы хабарламаған жағдайда, онда осы қызмет үшін төлем алынбайды;

33) абоненттерге түнгі уақытта (сағат 23:00 ден 08:00 дейін) бұрын абонент сұратпаған, қысқа мәтіндік хабарламаларды және/немесе мультимедиялық хабарламалар арқылы ақпараттарды (жарнамалық сипаттағы таратуларды) жіберу бойынша лимит белгілейді.

26. Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес ұялы байланыс операторлары жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын органдармен пайдалану үшін көрсетілген қызметтер туралы ақпаратты және жедел-іздестіру қызметінің міндеттерін шешу үшін мағынасы бар абоненттер туралы қызметтік ақпаратты өтеусіз ұсынады.

27. Абоненттер үшін ұялы байланыс операторлары туралы және ұялы байланыс операторларымен көрсетілетін ұялы байланыс қызметтері туралы ақпарат мыналардан тұрады:

1) ұялы байланыс операторының атауы, оның пошталық мекенжайы, байланыс қызметтерін пайдаланушылар мен абоненттермен өзара әрекет ететін оның құрылымдық бөлімшелердің атауы, олардың орналасқан орны, жұмыс режимі және байланыс телефондары;

2) уәкілетті орган ұялы байланыс операторына берген лицензияның нөмірі және қолданылу мерзімі;

3) ұялы байланыс қызметтерін көрсету шарттары және тәртібі;

4) ұялы байланыс қызметтерін көрсетудегі шектеулер;

5) белгілі бір тарифтік жоспар шеңберінде ұялы байланыс қызметтерін ұсыну кезіндегі жеңілдіктер және ұялы байланыс қызметтеріне тарифтік жоспарлар;

6) тегін ұялы байланыс қызметтерінің тізбесі;

7) ұялы байланыс қызметтерін төлеу мерзімдері және нысандары;

8) абоненттердің өтініштерін қарау тәртібі;

9) абоненттің шағымдарын қарау тәртібі;

10) анықтамалық және жөндеу қызметтерінің (мұндай қызметтер болған жағдайда) телефон нөмірлері;

11) ұялы байланыс операторының шешімі бойынша абоненттер үшін қажетті басқа да ақпарат.

Аталған ақпарат көрнекі және қолжетімді нысанда мемлекеттік және орыс тілдерінде ұялы байланыс операторының қызметтері арқылы абоненттердің назарына жеткізіледі.

28. Ұялы байланыс операторы абоненттің өтінішінсіз, ақылы көрсетілетін ұялы байланыс қызметтерін көрсетпейді. Бір тарифтік жоспар шеңберінде, қысқаша хабарлама жолдау арқылы активтену немесе қандай да бір қосымша қызметтерден бас тарту, тарифтік жоспарды өзгерту, сондай-ақ, тарифтердің өзгеру мүмкіндігін қарастыратын, тарифтік жоспар бойынша ұялы байланыс қызметтеріне тарифтерді өзгертуге рұқсат беріледі.

Абоненттің ұялы байланыс операторына қысқаша хабарлама жолдау арқылы өтініш білдіру мұндай жағдайда абоненттің жазбаша өтінішіне теңестіріледі.

29. Ұялы байланыс операторы бір қызметті көрсетуді, алдын-ала төленген топтама бойынша қызметтерден басқа, өзге де қызметті міндетті түрде көрсету шарт деп есептемейді.

30. Ұялы байланыс қызметтерін абонентке ұялы байланыс операторы осы Қағидаларға сәйкес онымен шарт жасасқан сәтінен бастап жиырма төрт сағаттан кешіктірмей ұсынады. Тарифтік жоспар бойынша олардың алды-ала төлемін қарастыратын ұялы байланыс қызметтерін көрсету ұялы байланыс қызметтерін көрсету туралы шартпен белгіленген тәртіпте және талаптарда төлемді жасағаннан кейін, ұялы байланыс қызметтері көрсетіледі.

31. Ұялы байланыс операторы абоненттерге ұсынатын тарифтік жоспарларды қалыптастырады. Тарифтік жоспарлар тізімі, оларды пайдалану ережелері, оларға енгізілген ұялы байланыс қызметтерін және оларға тарифтерді ұялы байланыс операторы анықтайды және ұялы байланыс операторына қолжетімді барлық тәсілдер арқылы абоненттердің назарына жеткізеді.

32. Ұялы байланыс операторы тарифтік жоспарларда:

1) ұялы байланыс қызметтеріне тарифтерді;

2) көрсетілетін ұялы байланыс қызметтерінің тізімін;

3) абоненттің белгілі бір тарифтік жоспарға енгізілген ұялы байланыс қызметтерінің белгілі бір ара қатынасын таңдау мүмкіндігін;

4) абонентке белгілі тарифтік жоспарды пайдалануға мүмкіндік беретін белгілі бір ұялы байланыс қызметтерін алуға бағдарланған абоненттік нөмірлердің шағын мөлшерін;

5) тиісті тарифтік жоспар бойынша ұялы байланыс қызметтерін ұсынудың өзге де талаптарын көрсетеді.

33. Абоненттік нөмірлерді байланыс желісі нумерациясы жоспарының өзгеруіне байланысты ауыстыру абоненттерді осындай ауыстыру себебі туралы абоненттерге алдын-ала хабарлаумен, ұялы байланыс операторымен қосымша төлемді алмай жүргізіледі. Байланыс желісінің нөмірленуі ресурсының жаппай өзгеруі кезінде ұялы байланыс операторы отыз күн бұрын абоненттерге бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабарлайды.

34. Қажеттілігіне қарай абонент:

1) ұялы байланыс операторынан:

ұялы байланыс қызметтерін көрсету ерекшеліктері мен ұстауы;

ұялы байланыс қызметтерін көрсету туралы шарт жасасу тәртібі;

тапсырыс берілген және алынған ұялы байланыс қызметтеріне төлем тәртібі, көрсетілген ұялы байланыс қызметтеріне есеп айырысу ерекшеліктері;

өтініштер, шағымдар беру және оларды қарау тәртібі, ұялы байланыс операторы қызметтерінің жұмысы режимдері туралы ақпаратты алады;

2) егер тарифтік жоспарды ауыстыру ұялы байланыс операторымен бөлінген абоненттік нөмірді ауыстырумен байланысты болмаса, ұялы байланыс операторына ағымдағы айдың 25-іне дейін тиісті жазбаша өтініш беріп, бір тарифтік жоспарды келесі жоспарға ауыстыруды тегін жүзеге асырады. Абонентпен қолданыстағының орнына тапсырыс берген тарифтік жоспар бойынша ұялы байланыс қызметтері келесі күнтізбелік айдың алғашқы күнінен бастап көрсетіледі;

3) қосымша төлемге, егер тарифтік жоспарды ауыстыру абоненттік нөмірді ауыстыруға байланысты болса, ұялы байланыс операторына тиісті өтінішті бере отырып, бір тарифтік жоспардан келесі жоспарға ауыстыруды (егер бұл ұялы байланыс қызметтерін көрсету туралы шартпен көзделсе) жүзеге асырады. Абонентпен қолданыстағының орнына тапсырыс берген тарифтік жоспар бойынша ұялы байланыс қызметтері тиісті өтініш бергеннен кейін келесі күні көрсетіледі;

4) ұялы қызметтер көрсету туралы шартпен көзделген талаптарға сәйкес, ұялы байланыс операторының желісінде абоненттік нөмірді ауыстыруды жүзеге асырады;

5) ұялы байланыс қызметтерін пайдаланғанына төлемді қайта есептеуді немесе есептеуде қателік болған абоненттің өтінішінсіз ақылы ұялы байланыс қызметтерін көрсеткен жағдайда, бұл қызметтерді пайдаланғанына төленген соманы қайтаруды талап етеді;

6) көрсетілген ұялы байланыс қызметтерінің сапасына, ұялы байланыс операторы қызметі мен персоналы жұмысындағы кемшіліктерге, есеп-айырысу кезіндегі қателіктерге шағым түсіреді;

7) қосымша ұялы байланыс қызметтерін көрсету туралы жазбаша өтініш немесе қысқаша хабарлама жолдау арқылы береді.

35. Абонент:

1) белгілі бір аумақта (әуежай, ұшақ және тағы басқалары) қолданылатын талаптарды, сондай-ақ, мүмкін болатын кедергілер немесе қауіпті жағдаяттар (медициналық мекемелер, отынды сақтау және тиеу аумағы, автомобильдерде, жарылыс жұмыстарын жүргізу орындарында және т.б.) туындағанда шектеулерді сақтауы;

2) шұғыл түрде, жазбаша немесе ауызша (алдағы уақытта ауызша өтініш білдірген сәтінен бастап 12 сағаттан кешіктірмей, жазбаша өтініш бере отырып), оны пайдалануды бұғаттау мақсатында ұялы байланыс операторына абоненттік құрылғының немесе абоненттің сәйкестендіру кодының бүлінгендігі (жойылғандығы), жоғалғандығы (ұрланғандығы) туралы хабарлауы қажет. Күдікті жағдайда, ұялы байланыс операторы абоненттің сәйкестендіру картасының мәліметтеріне абоненттің құқықтарын растайтын қосымша мәліметтер сұрастырады. Ұялы байланыс операторымен абоненттің жоғалған сәйкестендіру кодына байланысты бұғаттау сәтіне дейін, сондай-ақ белгіленген мерзімде жазбаша өтінішті ұсынбағаны үшін, абонент ұялы байланыс қызметтеріне төлеу бойынша барлық міндеттемелерді өткереді.

Абоненттің ұялы байланыс операторына ауызша өтініш білдірген жағдайда, абонент өзінің абоненттік нөмірін және ұялы байланыс қызметтерін көрсету туралы шарттың деректемелерін хабарлауы;

3) ұялы байланыс қызметтерін алу үшін, сертификаттау саласында Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген талаптарға сәйкес келетін абоненттік құрылғыларды ғана пайдалануы қажет.

36. Қысқаша хабарламалар жолдау арқылы абонентпен іске қосылған қосымша ұялы байланыс қызметтері оны іске қосу сәтінен бастап көрсетіледі.

Ұялы байланыс желілерінде жарнамалық сипаттағы ақпараттық хабарламаларды тарату абоненттің келісімі болған жағдайда ғана рұқсат етіледі.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет