Бала асырап алу жөнiндегi агенттiктердi аккредиттеу қағидалары Жалпы ережелер Осы Бала асырап алу жөнiндегi агенттiкттердi аккредиттеу қағидалары «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы»



Дата13.06.2016
өлшемі130.5 Kb.
#132557


ЖОБА

Қазақстан Республикасы

Үкіметінің

2012 жылғы « »

№ қаулысымен

бекітілген



Бала асырап алу жөнiндегi агенттiктердi
аккредиттеу қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Бала асырап алу жөнiндегi агенттiкттердi аккредиттеу қағидалары «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 26 желтоқсандағы Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 111-бабының 4-тармағына сәйкес әзірленген және өз филиалдарын және (немесе) өкілдіктерін құру жолымен Қазақстан Республикасының аумағында бала асырап алу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын шетелдік агенттіктерді аккредиттеу тәртібін анықтайды.

2. Осы Қағидаларда мынадай түсініктер пайдаланылады:

Аккредиттеу – Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органының (бұдан әрі – уәкілетті орган) бала асырап алу жөніндегі агенттіктердің өз қызметін жүзеге асыру құқығын ресми тануы .

Бала асырап алу жөнiндегi агенттiктер – өз мемлекетінің аумағында бала асырап алу жөнiндегi қызметті жүзеге асыратын және «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде белгіленген тәртіппен мұндай қызметті Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыру үшін аккредиттелген коммерциялық емес шетелдік ұйымдар.

3. Аккредиттеу туралы өтініш берген кезде өз мемлекетінің аумағында аталған салада филиалдар және (немесе) өкілдіктер құру жолымен өз қызметін кемінде он жыл жүзеге асыратын бала асырап алу жөніндегі агенттіктер (бұдан әрі – агенттіктер) аккредиттеуге жатады.

4. Қазақстан Республикасының аумағында аккредиттелген агенттіктердің саны бір мемлекеттен бастен көп емес агенттiкті құрайды.

5. Аккредиттеу агенттіктің филиалы және (немесе) өкілдігі есептік тіркелгенге дейін жүргізіледі. Агенттік өз филиалдарын және (немесе) өкілдіктерін Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық бөлінісінің бірінде құрады.

6. Филиалдарды және (немесе) өкілдіктерді есептік тіркеу Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

7. Уәкілетті органның, жергілікті атқарушы органдардың, жетім балалар, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар ұйымдардың қызметкерлері, олардың жұбайларын және жақын туыстарын қоса алғанда, агенттік филиалының және (немесе) өкілдігінің қызметкерлері бола алмайды.
2. Бала асырап алу жөнiндегi агенттiктердi
аккредиттеу тәртiбi

8. Агенттіктерді аккредиттеу, соның ішінде аккредиттеуден бас тарту туралы мәселені уәкілетті орган қарайды.

9. Агенттіктің сенім білдірген адамы Қазақстан Республикасының аумағында балаларды асырап алу жөніндегі жұмысты жүзеге асыру үшін мынадай құжаттарды:

1) құрылтай құжаттарының нотариатта куәландырылған көшірмелерін;

2) оның тиісті салада қызметті жүзеге асыруға өкілеттігін растайтын, агенттік орналасқан мемлекеттің құзыретті органы берген құжаттың көшірмесін;

3) агенттіктің өкілеттігін растайтын құжатты берген немесе агенттіктің Қазақстан Республикасының аумағында тиісті қызметті жүзеге асыру мүмкіндігі туралы қызметіне бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттің құзыретті органының ұсыным хатын;

4) бала асырап алуға үміткерлерге агенттік ұсынатын, көрсетілетін қызметтердің тізбесін;

5) асырап алынған балалардың тұрмыс жағдайлары мен тәрбиесіне бақылауды жүзеге асыру және белгіленген тәртіппен тиісті есептер және ақпарат беру жөніндегі міндеттемені;

6) бала асырап алушылардың өздері тұратын мемлекетке келген соң асырап алынған баланың Қазақстан Республикасының консулдық мекемесінде есепке қойылуын бақылауды жүзеге асыру жөніндегі міндеттемесін;

7) агенттіктің сенім білдірген адамға берген нотариатта куәландырылған сенімхатты қоса тіркей отырып, өтініш беруге міндетті.

Осы тармақтың 1) – 4) тармақшаларында санамаланған құжаттар олар берілген күннен бастап алты ай бойы жарамды болады.

10. Барлық ұсынылған құжаттар Қазақстан Республикасының заңнамасында және Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарда көзделген тәртіппен заңдастырылуға тиіс.

Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерде берілген құжаттар тиісті шетел мемлекетінің мемлекеттік тілінде ұсынылады, сондай-ақ қазақ және орыс тілдеріне аударылуға жатады.

11. Сенім білдірілген адамның аккредиттеу туралы өтінішін уәкілетті орган осы Қағидалардың 9-тармағында көрсетілген құжаттарды ұсынған сәттен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде қарайды.

12. Агенттікті аккредиттеу туралы шешімді уәкілетті орган өз құзыреті шегінде аккредиттеу мүмкіндігі туралы тиісті қорытындылар беретін Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігімен, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігімен, денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органмен, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігімен және халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті органмен (бұдан әрі – мемлекеттік органдар) келісе отырып қабылдайды.

Уәкілетті орган жеті жұмыс күні ішінде осы Қағидалардың 8-тармағында көрсетілген құжаттарды мемлекеттiк органдарға келісу үшін жолдайды, олар агенттіктің Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыру мүмкіндігі туралы қорытындыны уәкілетті органнан құжаттар мен сұраным түскен күннен бастап күнтізбелік он бес жұмыс күні ішінде ұсынады.

13. Агенттікті аккредиттеу немесе аккредиттеуден бас тарту туралы шешімді уәкілетті орган бас тартылған жағдайда оны қабылдған күннен бастап он жұмыс күні ішінде негіздемемен береді.

14. Агенттікті аккредиттеу туралы шешім жоғалған кезде, өкіл тиісті өтініш берілген күннен бастап он жұмыс күні ішінде уәкілетті органда оның телнұсқасын алуы мүмкін.

Бұл ретте, агенттікті аккредиттеу туралы шешімнің түпнұсқасы күші жойылды деп танылады.

15. Агенттік бір жыл мерзімге аккредиттеледі. Аккредиттеу туралы шешім иеліктен шығарылмайды және басқа адамдарға беруге жатпайды.

16. Агенттікті аккредиттеуден, оның қызмет мерзімін ұзартудан және (немесе) оның қызметін мерзімінен бұрын тоқтатудан бас тарту негіздері:

1) ұсынылған құжаттардың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес болмауы;

2) өз қызметі туралы дәйексіз мәліметтер ұсынуы;

3) агенттіктің немесе оның филиалдарының және (немесе) өкілдіктерінің қызметі туралы шет мемлекеттің құзыретті органдарынан, сондай-ақ осы Қағидалардың 12-тармағында көрсетілген Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарынан келіп түскен келеңсіз ақпараттың болуы;

4) агенттіктің орналасқан жері, қолайсыз әлеуметтік-экономикалық, саяси, экологиялық ахуал, мемлекетте әскери іс-қимылдардың жүзеге асырылуы;

5) агенттіктің филиалы және (немесе) өкілдігі қызметкерлерінің Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзуы;

6) агенттіктің асырап алынған балалардың тұрмыс жағдайлары мен тәрбиесін бақылау және белгіленген тәртіппен тиісті есептер және ақпарат беру жөніндегі өз міндеттемелерін бұзуы;

7) агенттіктің асырап алынған баланың белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының консулдық мекемесінде есепке қойылуын бақылауды жүзеге асыру жөніндегі өз міндеттемелерін бұзуы;

8) агенттіктің өз мемлекеті аумағында қызметінің тоқтатылуы болып табылады.

17. Өз қызметін аккредиттеуден бас тарту туралы шешімді алған агенттік алты ай өткен соң уәкілетті органға қайтадан жүгінуге құқылы.
3. Агенттіктер филиалдарының және (немесе) өкілдіктерінің

қызметін ұзарту, тоқтата тұру және (немесе) тоқтату
18. Агенттіктің аккредиттеу мерзімін ұзарту үшін ол аккредиттеу мерзімі өткенге дейін күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей уәкілетті органға мерзімді ұзарту туралы өтініш береді.

Агенттіктің аккредиттеу мерзімін ұзарту туралы өтінішті уәкілетті орган өтініш түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде қарайды. Агенттіктің аккредиттеу мерзімін ұзарту не ұзартудан бас тарту туралы дәлелді шешімді уәкілетті орган қабылдайды және шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде агенттіктің филиалына және (немесе) өкілдігіне жібереді.

19. Егер олар агенттікті алғашқы аккредиттеуден кейін бір жыл ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген барлық талаптарды сақтаған болса, осы Қағидалардың 15-тармағында көзделген мерзім өткен соң аккредиттеу мерзімі өздігінен ұзартылады.

20. Уәкілетті орган:

1) осы Кодекстің және Қағидалардың нормалары сақталмаған;

2) уәкілетті органға және (немесе) өзге де мемлекеттік органдарға агенттік филиалының және (немесе) өкілдігінің қызметіне негізделіп шағымдар жасалған жағдайда, агенттікті аккредиттеу туралы шешімнің қолданылуын тоқтата тұрады.

21. Агенттікті аккредиттеу туралы шешімнің қолданылуын тоқтата тұруға әкеп соққан бұзушылықтар бір ай ішінде жойылған кезде уәкілетті орган оны қайтадан қолданысқа енгізеді.

Егер агенттік қызметін тоқтата тұруға әкеп соққан бұзушылықтар (жағдаяттар) белгіленген мерзімде жойылмаса, уәкілетті орган агенттік қызметін тоқтату туралы шешім қабылдайды.

22. Негізделіп қабылданған күннен бастап он жұмыс күні ішінде уәкілетті орган агенттік филиалының және (немесе) өкілдігінің қызметін тоқтату, оның қызметін ұзарту туралы шешім шығарады.

23. Агенттіктің филиалдары және (немесе) өкілдіктері мынадай жағдайларда:

1) агенттіктің құрылтай құжаттарына сәйкес балаларды асырап алу жөніндегі қызметін жүзеге асырмаса;

2) агенттікті аккредиттеу туралы шешімнің қолданылуын тоқтата тұруға әкеп соққан бұзушылықтарды бір ай ішінде жоймаса;

3) агенттіктің филиалы және (немесе) өкілдігі қызметін тоқтату туралы өтініш берсе;

4) агенттікті аккредиттеу туралы шешімнің қолданылу мерзімі өтсе және аккредиттеу мерзімін жаңа мерзімге ұзарту мүмкін болмаса өз қызметін тоқтатады.

24. Агенттік филиалдарының және (немесе) өкілдіктерінің қызметін тоқтату мәселелерін уәкілетті орган осы Қағидалардың 23-тармағында көрсетiлген жағдаяттар анықталған (пайда болған) күннен бастап он жұмыс күні ішінде қарайды.

25. Уәкілетті орган қызметті тоқтата тұру немесе тоқтату туралы дәлелді шешім қабылданғаннан кейін бес жұмыс күні ішінде агенттіктің филиалын және (немесе) өкілдігін хабардар етеді.

26. Агенттік филиалының және (немесе) өкілдігінің қызметін тоқтата тұру немесе тоқтату туралы шешім оны бұқаралық ақпарат құралдарында орналастыру арқылы тиісті әкімшілік-аумақтық бөліністің аумағында таратылады.

27. Агенттік басшысының тегі, аты, әкесінің аты және (немесе) атауы, заңды тұлғаның ұйымдастырушылық-құқықтық нысаны өзгерген жағдайда аккредиттелген агенттiктер аккредиттеу туралы рұқсатты қайта ресімдеу туралы өтінішті уәкілетті органға осы Қағидалардың 9-тармағында көрсетілген мәліметтерді және құжаттарды растайтын құжаттарды қоса отырып өтініш береді.

28. Уәкілетті орган тиісті жазбаша өтініш түскен күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде агенттiктерді аккредиттеу туралы шешімді қайта ресімдейді.

Бұл ретте, агенттiктерді аккредиттеу туралы бұдан бұрын берілген шешім күші жойылды деп танылады және уәкілетті органға аккредиттелген агенттiктердің деректер банкісіне тиісті ақпаратты енгізумен қайтарылады.



_________________________



Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет